Оқулықнама Аңдатпа


ҚАЗАҚ ҚИЯЛЫНЫҢ БІР НОЯНЫ ЕДІ



бет19/19
Дата09.06.2016
өлшемі1.7 Mb.
#124847
түріОқулық
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19

ҚАЗАҚ ҚИЯЛЫНЫҢ БІР НОЯНЫ ЕДІ...
«Нейтроит» деп басталып, оған «Иносферадағы алаң» деп жалғасып, ақыр-соңында «Қайта оралған Қорқыт атамен» аяқталған қазақ фантастикалық әдебиетінде жеке бір «творчестволық планета» қалыптасқан-ды. Оны «сомдаған» Раушанбек Бектібаев. Күллі қиял Галактикасының сол «планетаның» шығармашылық космосында өзіндік «орбитасы» бар. Және де аталмыш «нысанның» әр алуан «идея-серіктері», «идея-кометалары», «идея-болидтері» де өз өрістерін тапқан.

Мысалға автордың «тұла бойы тұңғышы» – «Нейтроит» повесі. Профессор Джексон «Нейтроит» планетасының физиологиялық факторлары – адам миына қалай әсер ететінін ашады. Литий элементінің атмосферада азаюы оған ықпал жасай бастаған. Ауыз суда кальций, магний, темір тұздары кеміген. Қандағы эротрациттің калиймен қоректенуі шектелген. Міне, соларды қалпына келтіру үшін профессор микроэлементке бай витаминнің жаңа түрін тапқан. Осы идея шығарма өзігіне айналады.

Космостық ерен құбылыстары шебер пайдалана білген гангстерлер жаратылысқа төніп келе жатқан катаклизм-апаттан сақтану бір әдісі – «нейтроит» дәрісін таратуды қолға алды. Ол, түп мәнінде, бүгінгі ел арасында кең өріс алып бара жатқан есірткілер болатын. Повесть осы тақырып төңірегіндегі қаншама айлашарғы, ситуацияларға құрылған. Бүгінгі әлемдік детективтік-фантастикалық сүйекті сюжеттерге айналған «есірткінама» шырғалаң-шырмауына автор осы повесімен қырық жылдай бұрын қазақ қиялгерлерінің арасында тұңғыш қалам тартқан еді...

Қиялгер «қаламының ұшымен жасалған» енді бір «орбиталық серігі» – «Ионосферадағы алаң» повесі. Мұның ғылыми-гипотезалық тұғыры – соңғы жарты ғасырдың бір жаңалығы – голографияның келешек өмірде қолданыс табатын өрісі турасындағы қиялдау. Ол үшін Жандос басқаратын лаборатория ғалымдары «Ғ» қоспасын жасайды. Қоспа «фотоаппарат пленкасының қызметін атқарады», «Белгіленген ауданды суретке түсірген кезде негатив күйінде сол көріністі бойына сақтайды». «Ионосфера қабатында жұқа мөлдір мұзша қатып, табиғи оптикалық пластинаның, магнитосфераның әсерімен әлгі көріністің голографиялық түрлі-түсті кескіні әуеде қалқып шыға келеді».

Аталмыш өнертабысты нендей ниетке бағыштаған жөн? Мәселенің осы тұсында тірелгенге жанрдың жанрдың бір ерекшелігін айтпай кетуге болмас. Әдетте, «фантастикалық шығармалар тек келешекке, оның оқырмандарына арналуы тиіс» деген көптеген жұрт айтады. Алайда олай бола бермейді. Менің басты байламым, негізгі ниетім – сол қиялдың әлеуметтік те, ғылыми да гипотезалармен бүгінгі күн оқырманының діттеген жерін дөп басу. Р. Бектібаев «Күтпеген көмек» повесінде космосқа қатысты проблемаларды жердегі бекзаттық, кісілік, мархабаттылық принциптері тұрғысынан шешуге тырысады.

... Андромеда тұмандығынан ең шеткері ауданындағы көлемі шағын ғана «Бәйшешек» планетасы. Оның тіршілік иелері өздеріне тақау шоқ жұлдыздарын балаушы кемелерімен жолаушылап тұруды әдетке айналдырған. Ондағы басты мақсаттары – өмір сүруге өздеріндегіден де қолайлы аспан нысандарын қарастыру. Сондай бір сапарда көліктері жол-жөнекей метеоритке соғысу қауіпі төнгендіктен, оны атқылап, ұсақтағанмен оның тебу күшінің кесірінен өз көліктеріндегі дүние-мүлік, құрал-саймандар ерсілі-қарсылы құлайды. Бір аспап космобиолог Шердің беломыртқасын майып қылып, екі бүйрегін жаншып кетеді. Оны өлім аузынан биоробот алып қалады. Беломыртқасына операция жасап, келеге келмейтін бүйректерін алып тастайды. Өзін биоритмдегі анабиоз ішіне жатқызады. Сол күйінде елі жеткізу керек.

Алайда, бірталай космотехникалық мүмкіндігі жетіспеген кеме өздеріне ең жақын нысан – Ай орбитасына түсуге мәжбүр болады. Келімсектер биотолқынды альфа сәулесімен жарақтанған «құйын» трубасы арқылы Айдағы Бейбітовты кемеге сорып салады. Оған мән-жайды мәлімдейді. Бейбітов «Айдың оттегінсіз, ылғалсыз, ыстық-суығы тез өзгеретін күйіне, улы топырағына қарамай, өзінен оттегін барынша мол бөлетін» өсімдік түрін будандастырып шығарушы ғалым – «Бәйшешек» планетасының өкіліне бір бүйрегін беруге келіседі. Повесть: «Барлаушы» кемесі Кұн көзінен қажетінше отын қорын жинап алды. Кемедегі ақауларын жөндеп бітті. Операция ойдағыдай аяқталды... Күн энергиясымен жарақтанған кеме кеңістікті тіліп бара жатты. Ішінде Жер адамымен бүйректес Шер де бар еді...» – деп аяқталады.

Бұл фантастикалық идеядан нендей қорытынды түюге болады? Мұндағы автордың ең басты ұстанымы – космогуманизм, ғарышқа қайырымдылық. Керек десеңіз, әзірше біздің ұғымымызға сыя бермейтін рахымдық – бұрындары қазақтың «етінен ет кесіп беру» жомарттығын байқаймыз. Былайша айтқанда, көзге оғаш көрінетін, «бүйрегіне дейін бөлісу». Осы тұста қиялгердің ұтыс тапқан сәті бар. Осыған дейінгі біздің көптеген фантастикалық туындыларымызды космостық сапарға ғарышкерлер қатерге ұшыраса, бәрінен бұрын басқа қаймана планета иелерінен көмек дәмететін. Солардың арқасында Жер планетасына қатысты проблемаларды сәтті шешіп жататын. Ал, мына Р. Бектібаевтың фантастикалық кейіпкері, керісінше, келімсектерге «күтпеген көмек» береді. Мұны біздің қазақ фантастикасындағы жаңалық деуге болады...

Ол қазақ шығармашылық қиялы қойнауындағы Қорқыт ата тәріздес күрделі де ересен тақырыпты қолға алған. Өмірдегі де, аңыздағы да керемет осы Тұлға турасында академик Қ. Жұмалиев ілгеріректе былай дегенді: «Қорқыт аңызының мәні терең. Мұнда өлімнінң сөзсіз нәрсе екенін, адам үйде болсын, түзде болсын, қай күні болсын өлуі хақ нәрсе екендігін, тек шындығын ашып қана қоймайды, соған қарсы шара іздейді. Адам баласы өзінің даму жолында да өлімге қарсы шаралар қарастырып, одан құтылу әрекетін жасаса, өлім қашырса, адамға ажал кәрі жоламайтын болса деген тілекті аңсаудан келіп, «Қорқыт» деген аңыз туды... Су бетіне кілем жайып, Қорқыттың бірнеше уақыттар ажалды жолатпауы жай айтыла салған нәрсе емес, күндердің күнінде өлімді кідіртетін шараның болатынына сенушілік, соны аңсаушылық...»

Халықтың осы арманы жүзеге асыру жолында қазірде ғылым – оның ішінде кісі өмірін ұзарту проблемаларымен шұғылданатын геронтология – жан-жақты жемісті жұмыстарын жүргізуде. Осы мәселеде: «Адам ұзақ өмір сүруі мүмкін бе?» – деген сауал қояды. Беларусь Ғылым академиясының толық мүшесі В. Кудревич оқымыстының өзі осылай деп жатқанда, шамасы, Қорқыттың «көтерген мәселесінің» «жаны бар» болғаны, пәлендей негізсіз болмағаны шығар...

Автор дана бабаның дүниеге келгеннен бастап, өмір сүріп, тіршілік кешу барысындағы іс-әрекеттеріне жаңаша, өзінше версиялар ұсынады. Әсіресе, ғұламаның жеке басы жөнінде ғайыптан пайда болған «таныс үн»: «Жер тәрбиесін көрген, сонда өсіп-өнген Қорқыт өз кіндігінің ғарыштағы кеме ішінде кесілгенін сезетін еді... Қорқыттың шешесі баласын өлі туды. Біз білдірмей нәрестесін ауыстырдық. Сол кезде командир Нұх басқарған кемеде босанған ғарышкер әйел егіз ұл табады. Соның бір сыңарын жерге әкелген. Қорқыттың анасы оны бауырына басты, емізді, өсірді...» – дейді.

Жалғыз бұл емес, Қорқыттың әрбір ерен істерін автор космоспен байланыстыра беруге құмар. Мысалы: «Мына өзенге кілемін жайып, қобызын тартқан Қорқыт бабамыз қырық жыл елінен қашты. Қобыз үні арқылы басқа планетамен байланысты. Күндіз-түні күй шығарып, елдің тіршілігін, мұң-мұқтажын «Көктегілерге» жеткізіп отырды. Олардан ақыл сұрады. Адамның жасын ұзартқысы келді. Өлімге қарсы күш іздеді», – дегенді оқиміз кітаптан. Немесе: «Қорқыт – бүкіл Галактика бойынша ұлы композитор. Ұлы қиялгер. «Көріпкелі» бар киелі кісі болған... Қорқыт музыкасы бүкіл планета тіршілігін түсінуге бізге көп көмегін тигізді», – дейді кемелерін Марсқа тастап, осында «ұшатын табақшамен» жеткен бір келемсек. Ал, дәде Қорқыт өзі: «Бүкіл тіршілікке нәр беріп, нұрын төккен Ай мен Күн ішінде ұлы күштің барын сендім. Менің «Қорқыт» деген есімім де соған сәйкес келмей ме? «Қорқыт от» дегеніміз «Қырық жұлдыз» деген мағынаны береді. «Қырық күн шілде» кезі – сол қырық жұлдыздың Күн сәулесінен көрінбейтін шағы. «Қорқыт» деген – «Қырық» дегеннің баламасы. Менің шыққан тегім де – сол «Қырық жұлдыз» мекені», – деп «мойындайды». Тағы бірде аспаннан келіп қонған «дөңгелек қараша үйден» шыққан «баяғы аққу мойынды әдемі қыз» шарайнадан Жетіқарақшы, Ақлақ, Темірқазық жұлдыздарын көрсетеді. Олардың әріректе қырық жұлдыз шығып, оның біріне садақ оғы қадалады. «Менің туған жерім, – дейді оны Қорқытқа мегзеген қыз. Жаңа көрген қырық жұлдызың – қырық планета. Көрдің бе, біз де – сендердің сыңарларыңбыз. Ұқсастығымыз көп. Сендер біздің мыңдаған жылдар бұрын өтіп кеткен өмірімізді тура қайталап келесіңдер. Тіпті, сенен түр-түсі, істеген қылығы, бар өмірі айна-қатесіз ұқсайтын өз Қорқытымыз да болған. Сен, негізі, біздің ұрпағымыз болғаныңмен, қазір жерліксің...»

Повесть осы тәрізді қызықты ғылыми-фантастикалық идеяларды сол тұстардағы тарихи оқиғалармен «қатықтап» береді. Бұл әдеби әдісі, сөзсіз, оқырман көкейінен шығады. Алайды, аталмыш фантастикалық баянның соңғы жағынан да сол Қорқыт туып-өскен өңірдің қазіргі экологиялық мүшкіл халін» қыстырып жіберуі» көңілге қона бермейді. Дегенмен, өзі қиялға айналған Тұлғаны қиялмен сомдай алуы – марқұм туындыгердің соңғы творчестволық ұтысы. Өзінің көлемді туыдыларында ғылыми қиялдың кең диапозонын көрсете білген Р. Бектібаев әңгіме жанрында да татымды еңбек еткен еді.

«Кеше түнгі он екіден он бес минут өткенде, эпицентрі қаладан қырық шақырым жерде, бау арасында жер сілкінді. Күші – төрт балл. Бір ғажабы – сол ауданда радиоактивтік құбылыс байқалған». Мен білерде, Р. Бектібаевтың тұңғыш «Ол жарыққа айналып кетті» деген қиял-ғажайып әңгімесі осы сөйлемдермен басталған-ды.

Кейінірек белгілі қиялгер-жазушы боп қалыптасқан авторлық аталмыш тырнақалды дүниесінің өз елгезек оқырманды елендетіп тастаған-ды. Есімі – Жер. Фамилиясы – Квазаров. Тұрағы – ЭС-400. Қызмет орны – КК-45. дүниеге 1210 жылы келген. Мамандығы – космотехник. «Альфа» білім ордасын бітіріп, «Альфа ғұламасы» құрметті атағын иеленген ол біздің танысып-білісу ниетімен ұшып келеді. Алайда, сонау қайдағы-жайдағы бір түкпірдегі Квазардан жеткен келімсек түгіл, өз жерлестерін, ағайын-туған, жекжаттарын бауырына тартатын жылы ұшырау былай тұрсын, саналы тіршілік иелері есебінде бірін екіншісі мойындаудан әлдеқашан қалған адам-пенделер оны түсінсін бе? Келімсекті апарып, жындыханаға «атып ұрады». Жоғары дәрежелі өркениет ауылынан осында жолы түскен озық ойлылар үшін біздің түрменің қара құлпы бұйым болсын ба? «Ол есікке келді де, бар зейінімен есіктегі құлыпқа тесіле қарады. Сол-ақ екен, құлып «сырт етті де, есік дыбыссыз айқара ашыла берді».

Достық ақжарқын көңілмен келген Жер Квазаров біздің планетадан көңілі қалып: «Сіздерге тіршілік болғандықтан жүздесіп, сұхбаттасып, пікір алысып қайту үшін мені жіберіп еді. Бірақ, мен сіздермен түсінудің ретін таба алмадым. «Ақылынан адасқан» деп тауып, жындыханаға тықтыңыздар. Сіздер қаншалықты парасат иесі болсаңыздар да, әлем кеңістігіне басқа жүйеден қонақ қабылдау дәрежесіне жеткен жоқ екенсіңдер», – деп хат жазып тастап, өзі жарыққа айналып кетеді...

Міне, әңгіме өзінің осындай тосын идеялармен елең еткізе ала ма? Иә. Адам көзі көрмек түгіл, радиотелескоп «көзі» жетпейтін Галактиканың «ана жағындағы» бір планета өкілінің көзімен қарағандағы біздің мінез-құлқымыз (мейлі, жалғыз олар ғана емес, өзімізге де ұнамағанымен) өзімізді алаңдата ма? Иә...

«Жұмбақ жігіт» әңгімесі ше? Мұнда да автор Жердің қамын ғарыштан жейді. Уранның тіршілік атаулыға тигізетін кеселді қасиетін жоюға басқа планетадан Мегагалактика ғылыми орталығынан өкіл жөнелтіледі. «Бүкіл денесін ең майда нейрон бөлшегіне жіктеп, жарық сәулесімен бірге белгіленген бейнесіне енеді де, одан айнаға шағылысқан жарықтай қайта қайтады», – дейді қиялгер «өз жолаушысының» сонау космостың бір нысанынан келіп-кету әдісін...

Қазақ туындыгерлері қиял күшімен көбіне-көп адамның о баста табиғат-жаратылыс берген мүшелерін жетілдіруге үнемі тырысатынына оқырман ретінде куәгер болып жүрген жайымыз бар. Мүшелердің ішінде де ең күрделі, ең нәзік орган – ми төңірегінде қиял тербегендер жиі ұшырасады. Мұндай ұмтылыс, мүмкін, мидың құпиясға толы болғандығынан білем.

Міне, осы сұрақты Р. Бектібаев та өзіне қойған. Ол «Ыстықкөлдегі қар адамы» фантастикалық новелласында аталмыш мәселеге үйреншікті емес, күтпеген тұстан келген. Ол «ми проблемасын» баспасөзде «анда көріпті, мында көріпті» деген қауесеттен басқа, күні бүгінге дейін «жыға танып», қолға түсіре алмай жүрген «қар адамы» төңірегінде шешуге оқталған...

Зерттеудің бірі оның қабылдаған биотогының видеомагнодағы нейтроин бөлшегінің толқын фазасымен сәйкестігін көрсеткен... «Қар адамы» көрші Галактика тұйығынан жіберілген нейтрино бөлшегін қабылдайтыны анықталады... Жердегі оқымыстыларға ең керегі – келімсектің толқынды қабылдау механизмін қарастырып, соған ұқсас ерекше қабылдағыш түрін жасау. Осы күнге дейін қыруар ақша жұмсап, дүниеде қаншама сынақтар өткізілсе де, нейтрионның басты сиқырлы әлі күнге түсініксіз болып келген... Ғалымдар алдына көрші Галактикамен байланыс түрін, соған жеткізетін нейтриноның қайтадан сол планетаға жіберу жағын табу мәселесі тұрды... Қолға түскен беймәлім объекті қабылдаған хабарламаларды адамның миы неге ұстауға дәрменсіз?

Ыстықкөлге жиналған ғалымдар: «Адам миының мүмкіншілігі өте мол, әлі талай батыл тәжірибелер жасалып, жаңалықтар ашылып, оны іске асыратынымыз анық» деген шешіммен тарасты», – деп аяқталады новелла.

Несі бар? Қай қырынан қарасаң да, тек қана қым-қиғаш құпиядан тұратын осы бір қос жұдырық қарамындай сарғыш массадан үнемі қиял нысанасы «көз жазбайтын» әбестік емес. Автор Р. Бектібаевтың осы объектіге қалам тартқанына тек қуансақ керек. Оның үстіне, тіпті, миды микроәлемдегі ең ұсақ бөлшектердің нағыз «қолға тұрмайтын», «елгезек», «су жұқпасы» – нейтриномен сабақтастырып қарастырғанын құптаған жөн...

Автор бұлардан басқа «Икс» қоспасы», «Жанкүйерлер», «Ғарыштан келген ұйқы», «Сәуле жанай өтті», «Космонит», «Сәтсіз сапар» тағы басқа бір топ хикаяттарында, Рэй Бредбери, Ст. Лем тәрізді әлемдік әйгілі суреткерлердің шығармашылық принципін ұстанған.



Жалпы, жарық көрген немесе аяқталмай қалған дүниелерінің фрагменттері «қиялгер-жазушы» Раушанбек Бектібеавтың «қазақ қиялының бір нояны» деген атақты ақтап кеткенін дәлелдесе керек.

2005 жыл






Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет