Оқулықнама Аңдатпа


ФАНТАСТИКАҒА ДА «ҚАРА ЖҰМЫС» КЕРЕК ҚОЙ, СІРӘ



бет16/19
Дата09.06.2016
өлшемі1.7 Mb.
#124847
түріОқулық
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19

5. ФАНТАСТИКАҒА ДА «ҚАРА ЖҰМЫС» КЕРЕК ҚОЙ, СІРӘ
Кей жолдастар «қазақта фантастар жоқ» деп жеңіл-желпі айта салады. Ондай ойды таратқанмен біз ештеңені ұтып жатпағанымыз белгілі. Бізде фантастар бар. Олар – өңшең жастар. Олардың көзімізге түсе қоймайтын – ешқайсысы Жазушылар одағына мүше емес. Сондықтан біздің творчестволық штабымызға – Жазушылар одағына – келуге именді. Егер Одақ жанынан фантастика және ғылыми-көркем әдебиеттің Советін ашса, соны өздері үшін творчестволық микроштаб деп есептеп, жазуды қауымға батылырақ араласар еді.

Екінші: «Білім және еңбек» журналында мынандай деген мәлімдеме бар: «Қазақстан Жазушылар одағы мен «Білім және еңбек» журналы бірлесіп ғылыми-техникалық және көркем творчествосымен айналысатын жастарды көптеп тарту мақсатымен ТОД (творчестволық ойды дамыту) клубын ашу ұйғарды». Ниет әдемі, көптен бері талайлардың көкейінде жүрген, бірақ жүзеге асыра алмай жүрген нәрсе. Алайда осында бір ойланатын жер бар. Жазушылар одағы көлемінде өткізілетін шараларға балалар журналының көгендесуі оншама лайықты емес секілді. Фантастикаға «Жалын» альманағы», «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері» газеттері де оң көзімен қарайды. Соңғы кездері «Пионер» журналы осы салада өзіндік қызық форма тауып, фантастика туындыларын өндіріп беріп жатқанына куәгерміз. Демек, осыған қатысты шараларға Жазушылар одағы ЛКСМ Орталық Комитетінің тікелей тізе қосысып өткізгені салихалы, байсалды болар еді. Оның үстіне ТОД дегені несі? «Республика ШКИД, «РВС» дегендей балалар фильмдерінің аты еріксіз еске оралады. Балалардың ойын клубы секілденіп кетеді. Оның үстіне творчестволық ұйымға мұндай ат тағу жеңіл жасауы сөзсіз.

Қысқасы, бүгінгі өмірдің өз талап етіп отырған жанрға жаңашылық керек екенін айтқымыз келеді.

1986 жыл.

ЕЛ-ЕЛДЕ ҚИЯЛ БАСҚА
1. АМЕРИКА
«Модерн электрик» атты ғылыми-көпшілік журналды шығарушы жас жігіт келешекте өмірге енетін ғылым мен техника хақында әңгіме қозғайтын жазбаларын 1911 жылы өзінің журналына номер сайын жариялай бастады. «Ральф 124С41+» деп аталатын 2660 жылдағы өмір туралы романы оқушы жұртшылық арасына кең тарап кетті. Ал романның авторы Хьюго Гренсбек «американ фантастикасының атасы» деп саналды.

Бірақ та Америка континентінде фантастика одан көш бұрын туған болатын. Олардың ішінен «әп» деп ауызға Эдгар По түссе керек. По – ғылым мен техниканың келешегі жөнінде ұтымды-ұтымды пікір айтқан жазушы «Ганс Пфалль деген біреудің өте таңғажайып уақиғалары» повесінің авторын Жюль Верн «адам құбылыстарының дана ақыны» атаған.

Хьюго Гернсбектен көп бұрын қазірде ұмытылып бара жатқан американ жазушысы Эдвар Хейл де қалам тартқан. Оның 1869 жылы жүзеге шыққан «Кірпіштен қаланған Ай» деген әңгімесінде өте қуатты катапультаның көмегімен орбитаға шығарылған Жердің жасанды серігі суреттеледі. Одан кейінірек, 1894 жылы Фламмарион әсерімен Джон Джекоб Эстор «Басқа әлемдерге саяхат» деген роман жазып шықты. Мұндағы бір қызық нәрсе – Герберт Уэллстың «Айдағы алғашқы адамдар» романындағы ғылыми-фантастикалық идеядан көп бұрын антигравитацияның күшін әңгімелеген. Эстордың планета аралық энергетикалық кемесінің қозғалысы планеталардан тебіліп ұшуға негізделген. Юпитер мен Сатурнда роман қаһармандарының бастарынан кешкен таңғажайып уақиғаларын айтумен қатар, автор 2000-жылғы Жердің суретін береді. Инженерлер Жердің осін зор гидротехникалық аспаптармен «түзеткенге» ұқсайды.

Бұл кітаптан алты жылдай бұрын жарық көрген Эдвард Белламидің «Кейінге көз тастау» (екінші аты «Жүз жылдан кейін») романы да ел арасында кең тараған болатын. Өзінің қаһарманы Джулиан Уэстті летаргиялық ұйқыдан автор 2000-жылы оятып алып, Бостан қаласына апарады. Мемлекеттік бақылаудың қоластына іліккен монополиялық трестер социалистік негізде ұйымдасқан «бір ірі іскер корпорацияға» айналған. Мұнда барлық азаматтар еңбек етуі тиісті. Жұмысшы күші өнеркәсіп қажетіне қарай бөлінген. Мамандығы мен машықтығына қарамастан барлық жұмысшыларға жалақы бірдей төленеді... Белламидің утопиясы мұндай социализмге жұмысшылардың қолын оп-оңай жеткізе салады.

1890 жылы Игнатиус Донелли деген лақап атпен «Цезарь колоннасы» атты фантастикалық роман жазған Эдмунд Буагильбер де Беллами тәріздес пролетариаттың революциялық күресін жоққа шығаруға тырысты. Бұл ғұрыптас фантастикалық шығармаларды біздер «антиутопия» тобына жатқызамыз.

Америка фантастикалық әдебиетінің санатына Марк Твеннің «Король Артурдың сарайындағы янкиін» және Джек Лондонның әлеуметтік-фантастикалық романы «Темір өкше», сондай-ақ «Адам-атаға дейін», «Алқызыл індет» повестерін де шығарып тастаған зор қате болар еді.

ХХ ғасырға дейінгі американдық ғылыми фантастикада қалам тартқандардың саны осылармен шектеліп қалмаса керек. Біз тек қана ең басты-басты, ауыз толтырып айтуға тұрады-ау дегендерін атап өттік. Ал американ фантастикасы кейінгі жарты ғасырда мейлінше шарықтап өсті.

Дүние жүзінің едәуір жеріне аты жайылған ХХ ғасырдағы американдық тұңғыш фантаст Эдгар Райс Берроуз боп саналады. Оның алпысқа тарта романы бар. Олардың жиырма үшін елге әйгілі Тарзанның басынан кешкендеріне арналған, оны – Марс, төртеуі Шолпан планеталарындағы уақиғаларды әңгімелесе, қалғандары Жер асты, Ай жөнінде сөз қозғайды. Ну орманның иесі Тарзан тәрізді Джон Картер-Марста, Корсон Непир Шолпанда сайран салады. Тарзанның жасағандарына ұқсас олардың қылықтары планетааралық кемелер, түрлі автоматты аспаптар, сәулемен ататын пистолет, Марста атмосфера өндіретін ауа фабрикасы ғұрыптас ғылым мен техника элеметтерімен «безендірген».

Американ фантастикасын әңгімелегенде, «космос операсы» мектебін атай өтпеген жөн болмас еді. «Космос операсы» 20–30 жылдары өзінің гүлдеп өсу шегіне жетті. Осы кездегі оның белді өкілдерінің бірі – Эдвард Эльмар Смит. «Ленсмендер» және «Скайлар» деген екі сериялы космостық таңғажайып романдардың авторы өзінің мамандығы химик әрі философия докторы болғандықтан, оның қиялдары ғылыми жаңалықтарында, Берроузға қарағанда, анағұрлым нанымды дүниелер бар еді. Қаһармандары көршілес Галактикаларға да қол созатын Смиттің негізгі идеясы – Әлемнің саналы тіршілік иелерінің арасындағы жақсылық пен жамандықтың арпалысы. Кибернетика дүниеге келместен бұрын алғашқылардың бірі боп Э. Э. Смит бүкіл Галактикада тәртіп орнатуға тиісті алып машина-робот жөнінде идея айтты.

Фантастика саласында осы тәріздес ковбойлық, детективтік характері басым шығармалардан құрылып, «космостық опера» деп аталған ағымның өріс алуына Берроуздың романдары тікелей септік жасап, негізін салды десе де болғандай.

«Космос операсы» мектебінің тағы бір өкілі – Кларк Аштон. Оның «Ән салғыш жалынның қаласы», «Андромеда тұтқындары», «Гүл-әйелдер» тағы басқа осы тәріздес романдарының атының өзі-ақ бірталай нәрселерді аңғартса керек.

Жүздеген роман, повесть, әңгімелердің авторы Эдмонд Гамильтон осы айтылмыш ағымда едәуір еңбек етті. Онан кейін әдебиет әлеміне енген «Джон Тейн» деген лақап атпен жазған математика профессоры Эрик Темпл Белл «космос операсына» жаңа бағыт береді. Алайда замана жағдайына байланысты «космос операсы» мектебі 40-жылдарды бірінші қатардан кейінге ысырылып қалды.

Екінші дүние жүзілік соғыс фантастиканың өсуін тежеп тастады. Соғыстың аяғын ала бере ғылымның бір жаңалығы Хиросиманы сорлатты. Тарихтың осы бір қара беті фантастикада да әсер қалдырмай қойған жоқ. Көптеген фантастар өмірдің келешегіне ғылымның келешегіне күдіктене, түңіле қарайды. Енді жазушылар «космос операсына» тән жеңіл-желпі, көңіл көтерерлік нәрселерді жазуды сирете бастады. Әрбір есі бар жазушы Жер планетасының алдында тұрған байсалды мәселелерді байыпты ойлануға көшті. Бұдан бір себеп – фантастикаға белді-белді ғалымдардың келуінен болса керек: бұдан бірнеше жыл бұрын АҚШ-та оқушылардың пікірін білуге арналып өткізілген зерттеу нәтижесінде фантастикалық әдебиетпен ғылым мен техника адамдарының 35 процентке жуығы айналысатыны анықталған.

Соғыстан кейінгі дәуірдегі американ фантастикасында алғы сапқа Рэй Бредбери мен Айзек Азимов бастаған бір топ тәуір жазушыларды қоюға болады. Олардың ішінде Пол Андерсон, Роберт Хайнлайн, Теодор Старджон, Джеймс Блиш, Роберт Шекли, Клиффорд Саймак, Мюрей Лейнстер, Альфред Ван Фогт, Сирил Корнблат, Фредерик Пол, Сирег де Камп, Артур Порджес, Мак Рейнольдс, Эрик Франк Рассел, Генри Каттнер, Филипп Жозе Фармер, Фредерик Браун, Фринц Лейбер, Джек Уильямсон бар. Бұлардың кейбіреулеріне өздеріне тұрақты қимыл сферасын тапқан сияқты. Мысалы: Лейнстер космостық приключениеге құрылған сюжеттерді көбірек қалайтын болса, Дейбер уақыт заңының бұзылуынан туатын фантастикалық туатын уақиғаны жазуды ұнатады. Каттнер сыртқы эффектіге көбірек назар аударып, қызықты фабулалар табуға машақтанып алған. Ал Фредерик Пол оқушылардың назарын өз қаһармандарының ішкі жан дүниесіне енгізуге талпынады. Сондай-ақ... Сол американ фантастарының әрқайсысының қай саланы қалайтынын тізіп айта берсе, ол өте ұзақ мақалаға айналып кетуі сөзсіз. Біз болсақ, журнал оқушыларының сұрағына орай, Америка Құрама Штаттарының топырағына туып жатқан фантастикалық шығармаларымен жалпылай таныстыру ойдамыз.

Атақты американ сыншысы Альфред Бестер фантастиканың барлық талап-тілектеріне ойдағыдай жауап беруі үшін фантаст-жазушының бойында «Хайнлайнның драмалық ерлігі, Старджонның гуманизмі, Шеклидің әсемдігі, Блицтің әділдігі, Азимовтың энциклопедиялық энтузиазмы, Фармердің батылдығы және Бредберидің асқақ стилі» болғанын қалайды.

Американ фантастикасының қазіргі халін шолып шығу үшін сыншы А. Бестердің таңдап алған фантастарының бірнешеуінен мәлімет бергеніміз дұрыс шығар. Өйткені сыншы американ фантастарының нағыз қаймақтарын атап өткен.

Теодор Старджонның шын аты – Эдуард Хамильтон Уолдо. Оның тұңғыш романы – «Адамнан да көп» – 1954 жылы жарық көрді. Кейінірек «Мүлгіген асыл тастар» деген новеллалар сериясының негізінде 1957 жылы «Синтетикалық адам» романын жазды. Оқушы жұртшылыққа олардан да басқа «Үйге апарар жол» новеллалар жинағы кеңінен таныс.

Ал Айзек Азимов жөнінде оқушылар молырақ білетін болса керек. Биохимия профессоры, жұрт жақсы көретін бірнеше оқулықтар мен ғылыми-көпшілік кітаптардың авторы. Поль Френч деген лақап атпен балалар жөнінде де қалам артып қояды. Оны оқушы қауымға көбірек ұнағаны – «Мен, робот» деген новелллар сериясы. Сонымен қатар «Болат үңгілер», «Жалаңаш күн», «Кеңістік ағысы», «Аспандағы ұсақ тас», «Шаң тәріздес жұлдыздар», «Жаңғыру» романдарын да жұрт сүйсініп оқиды.

Біздің оқушылар білетін бір американ фантасы – Роберт Шекли. Ол әсіресе әзіл, сықақ жанрын көбірек пайдаланады. «Мәңгілік корпорациясы», «Шексіздік арқылы саяхат» романдары – сәтті шыққан дүниелер. Бізде аударылған ондаған әңгімелерінің өзі жұрьшылықты өзіне баурап тартып алып үлгерді.

Американ фантастарының алғашқы бестігіне кіретіндерінің бірі – Клиффорд Саймак. Висконсин университетінде журналистік мамандық алған. Сайман фантастика жанрында көптеген дүниелер беріп тастады. «Күнді құрсаулайтын сақина», «Уақыт – қарапайым ғана нәрсе», «Бекетші станция» романдары мен «Кең-шалқар аула» повесі таңдаулы фантастикалық шығармалардың санатына енді.

Біздің баспасөзде американ фантастарының ішінен ең кең танымалы болғаны – Рей Бредбери. Ол, сөз жоқ, дүние жүзіндегі маңдайалды фантастарының бірі. Оның он бестен астам кітаптары, жүзден аса әңгімелері бар. Бұл тек фантастика саласында жазғандары – «Марс хроникалары» атты новеллалар циклі. «Фарангейт» бойынша 451 романы. «Сүйкімсіз қонақ» повесі, «Бақыт машинасы» жинағы.

Американ фантастикасының осыншама өсіп, өркен жаюына бір себеп – оларды ғылыми-фантастикалық шығармаларда ғана жариялап отыратан жеке журналдар шығып тұрады. Осы шолуды бастарда алғаш атаған фантаст – Хьюго Гернсбектің өзі – 1926 жылы Америка тұңғыш «Қызықты уақиғалар» атты фантастикалық журнал ашқан-ды. Ол қазірге дейін бар. 1938 жылы фантастикалық журналдар саны – бесеу, 1939 жылы – он үш, ал бір жылдан кейін жиырмаға жетті. Осыншама мүмкіншілігі бар жерде сан салалы фантастика тумасын ба!

Міне, біз сіздермен бірге Америка фантастикасын қысқаша шолу жасап шықты.

2. АНГЛИЯ
Біздің «фантастика глобусымыздың» территориясында ең алдымен ұялмай көрсете алатын тағы бір мемлекетіміз бар. Ол – байырғы ұлттық дәстүрін берік ұстағыш Англия.

Алғашқы капиталистік мемлекет, екінші жағынан тұңғыш классикалық утопияның да отаны боп саналады. Ағылшынның атақты философтары, социологтары және публицистері – Томас Мордан бастап Уильям Морриске дейін – тіпті Англиядан асып дүние жүзіндегі қоғамдық озық ой-пікірге әдемі әсерін тигізетін утопиялық шығармалар да берді. Әлі күнге дейін кейбіреулері «фантастика» орнына, оның баламасы есебіндегі қолданып жүрген «утопия» сөзін дүниеге Томас Мордың «Қаншалықты пайдалы болса, соншалықты қызығылықты да, мемлекеттің тиімді құрылымы және жаңа Утопия аралы турасындағы алтын кітап» әкелген-ді.

Содан бергі уақыт арасында Англия фантастикасы талай-талай өткелектен өтті. Әр заман өз дәрежесіне сай келетін фантастиканы талап етті. Өнеркәсіптік төңкерістен кейін жалғыз Ұлы Британия ғана емес, бүкіл жер жүзі адам мен машинаның ара қатынасын айқындайтын фантастиканы көкседі. Техниканың, қала берді барлық ғылымның қолына зор іс келетінін сезген ағылшын жазушысы Мэри Шелли «Франкенштейн, немесе қазіргі Прометей» атты романын жазды. Онда жас ғалым материяны тірілту проблемасымен айналысып, ақырында жасанды адам шығарды. Ол өзін жасап шығарған ғалымға қастандық ойлайды... Осы бір идея осы күнгі капиталистік мемлекетт топырағынан туындап жүрген фантастикалық роман, повестерден жиі кездесіп қалып жүргенін аңғармайсыздар ма? Осыдан бір жарым ғасыр бұрын жарық көрген романның болжалдағаны қазіргі көп елдерінің басына түсіп отырған жоқ па?

Ғылымға деген, оның ішінде машинаға деген үрейден еліп Виктория дәуірінің сықақшысы Самюэл Батлер «Эреуон» атты утопиялық роман жазып шықты. Онда қандайда бір машина біткеннен бас тартатын патриархалды-демократиялық мемлекетті суреттейді. Ойдан шығарылған елде болған азамат соғысының ақырында машинаны жек көрушілер жағы жеңіп, оны пайдалануға үзілді-кесілді тиім салатын декрет қабылдайды. Автордың ойынша, күн сайын жетілдіру үстіндегі машина ақыр-соңында адамдық киіп алып, өзінің иесіне хауіп төндіруі сөзсіз. Бұл шығарманы ағылшынның атақты-тарихшысы А. Л. Мортан «ескі қалыпты утопияның соңғыларының бірі» деп атады.

Имперализм дәуірінің қайшылықтары келешек өмірдің турасында басқаша ой-пікір, жаңа формалы әлеуметтік-фантастикалық роман әкелді. Атақты Герберт Джордж Уэллс дүниеге осы кезде келді. Уэллс утопия, сықақ және ғылымның басын бір жерге біріктірді. Ағылшын топырағындағы әлеуметтік фантастикаға тұңғыш тас төсеген сол болды. Оның ең мықты романдары Энштейннің салыстырмалық теориясынан бұрын туғанмен, солардың өзінде-ақ фантаст дүниеге құрылымы жөніндегі өзіне дейінгі ұғымға қарсы келіп отырады. Уэллс творчествосының әуелі көзге ұрып тұратын ерекшелік – әлеуметтік және психологиялық фантастика. Оның романдары жеке-дара бір өнертабыс немесе ғылыми жаңалықтары сөз қылып отырғанмен, оның астарында бүкіл ғылым тағдыры, ол ғылымның адамзатқа тигізер пайда-зиян жатыр: Уэллс ХХ ғасырдағы фантастиканың жаңа бағытын жасады. Герберт Уэллстің қаламынан туған шығармалар тек қана ағылшын халқының мақтанышы боп тар шеңбердің аясында қала алмайды. Олар Жер атты планетада осыған дейін дүниеге келген фантастикалық туындылардың көшін бастап тұрса керек.

Герберт Уэллс сияқты зор фантастқа елдің көзі үйреніп қалғандықтан ба, қайдам, әйтеуір одан кейін ауыз толтырып айтарлықтай ешкім шықпаған сияқты.

Рас ағылшын әдебиетінде Джон Коупер Поуис болды. Алғашында Кельт легендаларының негізінде мистикалық шығармалар жазып жүріп, екі дүние жүзілік соғыс арасында бірнеше фантастикалық романдар беріп тастады.

Фантастиканы өзінің негізгі тіршілігі деп қарамай, оған тиіп-қашып бірлі-жарылы дүниелер беріп жүргендердің ішінде Эдуард Комптон да бар. «Эдуард Макензи» деген лақап атпен жазатын ол ағылшын оқырманына оншақты тұрмыстық романдарымен әйгіленіп алғаннан кейін, екінші дүние жүзілік соғыс біткеннен кейін қартайған шағында «жеңіл дүние» ретінде фантастикалық шығармалар жазуды қолға алады. Тіпті оның «Вискидің массасы» деген фантастикалық әңгімесі экранға да қойылды.

Әрі суретші, әрі жазушы өмірі қысқа болған «вортицизм» атты әдеби ағымның негізін салумен аты шыққан Уиндем Льюис те фантастикада қалам тартты. Өлгеннен кейін «о дүниені» суреттейтін «Бөбектер тойы» деген шығармасынан кейін (1928) ширек ғасыр өткесін ғана сол тақырыбына оралды. «Бөбектер тойының» жалғасы ретінде 1955 жылы «Көңілді құбыжық» және «Ашулы мереке» кітаптарын жазды. Осы циклдің соңы боп есептелетін «Адам соты» аяқталмай қалды. Бұл шығармаларда авторладың не келешекті аңсауы жоқ, не болшақтағы жағымсыз нәрсені сынауы жоқ. Автордың ойынша, бүгінгі өмір – сұрқия бір фарс.

Осы тәріздес скептикалық көзқараста болған тағы бір жазушы – Олдос Хаксли. Адамға, өмірге, тіпті табиғатқа деген жек көрінішті көзқарасынан туған оның тұрмыстық та, фантастикалық шығармалары бар. Хакслидің киносценарий түрінде жазған «Маймыл және негіз» (1995 жыл) атты туындысы атом соғысынан туатын нәтижелерден сақтандырады. Ондағы уақиға келешекке көшірілген. Радиоактивты сәуле адамзаттың басым бөлігін құртып жіберген. Калифорнияда қалған ат төбеліндей адамдардың өзінің дене бітімдері кеміс боп, ақыл-ойы хайуандардың дәрежесіне дейін төмен түскен. Олар атом апатынан кейін дүние жүзіне билік жүргізетін шайтанға бас иеді. Міне осындай көріністер Хакслидің бүкіл адамға деген өшпенділігімен суреттеледі.

«Арал» – Хаксилидің көп жылдар бойы жазған шығармасы. Автор содан көп үміт күтетінін әр жерде айтып та жүрген. Оңтүстіктегі теңіздердің бірінде ойдан шығарылған арал болады. Жазушының ойынша, ол жұмақтың баламасы. Мұнда тұратын адамдар бақытты: себебі олар қайырымды. Цивилизация келіп, адамдарды біріне-бірін қарсы қойып үлгермеген. Оларда ешқандай мороль жоқ, мороль оларда мәңгі-бақи болмақ емес. Аралдағы жалғыз-ақ бұйрық «Абай болыңдар!» дегенді тоты құстар тынымсыз қайталаумен болады. Бұл «Өзінің өмір сүріп жүргеніңді сезін! Сен өмір сүріп жүрсің!» деген мағынаны береді. Өйсітін бақытты тұрмыс құрып жүргенде, аралдан мұнай табылады. Сырт басқыншылары бұған назар аударады. Осыдан былай қарай арал өз басының бостаншылығынан айрылды: Аралға цивилизация енеді. Жаңа қоғамға қарсылық білдіруші тоты құстардан басқа ешкім қалмайды... Цивилизацияға деген көзқарасын Хаксли осылайша көрсетеді.

Англияның фантастика шаруашылығында космостық зерттеулерге де назар салғандар болды. Бриджит Брофи «Хакенфеллердің маймылы» атты фантастикалық романында Жердегі тіршіліктің бір өкілін аман сақтап қалу үшін профессордың өз басын өлімге байлайтыны суреттеледі.

Сонау Герберт Уэллстен кейін ел алдына ұялмай көрсете алатын бірілі-жарлы жазушы-фантастарының арасында Англияда алғашқы орында Артур Чарлз Кларк тұр. Математика мен физикадан жоғары дәрежелі мамандақ алған Кларк радарлық байқау жүйесінде бірталай қызмет істейді. Жердің жасанды серіктерін радио және телевизиялық передатчиктер есебінде пайдалану керек деген пікірді алғаш Кларк айтады. Оның қазіргі тұрағы – Цейлон. Цейлон астраномия қоғамының президенті. 1947 жылдан бергі жиырма жылдан аса уақыт ішінде Артур Кларк оннан аса ғылыми-фантастикалық роман, повестер, көптеген әңгімелер жазып тастады. Оның «Ай шаңы», «Марс топырағы», «Космос прелюдиясы», «Су асты фермасы», «Тапробан рифтері» атты фантастикалық туындыларымен оқушы қауым жақсы таныс болса керек. Артур Кларк ғылымды көпшілік арасында таратуда да едәуір еңбек етіп жүр. 1961 жылы ғылымды көпшілік арасында насихаттағаны үшін халықаралық Калинга атындағы сыйлық берілді.

Артур Кларктан соң ауыз толтырып айтуға тұрарлық бір жазушы – «Джон Уиндем» деген лақап атпен жазатын Джон Бейнон Гаррис. Ол қырықыншы жылдардың аяғына дейін басқа салада қалам тартып келіп, 1951 жылы ғылыми-фантастикалық «Триффидтер күні» романымен көрінді. Сонан бері фантастиканы қызыға оқушы жұртшылық оның «Кракен оянды» (1953), «Хризалидалар» (1955), «Мидвичтің көкегі» (1957) тағы да басқа шығармалармен танысты, Джон Уиндем біздің оқырмандар үшін де қызығылықты жазушыға айналып бара жатқан жайы бар.

Міне, бір кезде тек қана өз елі емес, бүкіл дүние жүзіндегі фантастиканың беделін көтеріп жіберген ұлы данышпан Герберт Уэллстің отанындағы фантастиканың келешегісі мен бүгінгісі осындай.

3.ФРАНЦИЯ
«Фантастика» деген сөзді тіл ұшына алғанда көптеген адамдардың ойына Жюль Верн де қоса-қабат орала түседі. Бұл бір жағынан дұрыс та болар. Себебі: фантастика сияқты етек-жеңі кең жатқан шалқар дүниедей жанрды Жюль Верннің жалғыз өзі талай жерге дейін жетелеп апарып тастаған жоқ па. 1862 жылы 24 декабрьде «Ревю де де Монд» журналының айтуынша «Сенсация жасап, нәтінде классика болуға жаратылған кітап», «Ауа шарындағы бес апта» романынан басталып, «Барсак энциклопедиясының таңғажайып уақиғлары» романымен аяқталады. 42 жыл бойына оның қаламынан туған дүниелердің алуан-алуандылығы және көптігі соншалық, Жюль Верн төңірегінде талайлаған аңызлдар жүрді. Олардың бірі «Ерекше саяхаттар» романдар циклының авторын жалықпай дүние жүзін аралаушы «капитан Немо» десе, екіншілері ол кабинеттен табан серпіп тысқа шықпаған дейтін. Ал тағы біреулер тіпті «Жюль Верн» деген ат– тұтас бір коллективтің лақап аты, бұл романдарды бір географиялық қоғам жазатын көрінеді деген тәріздес аңыз таратқан.

Фантастиканың бүкіл бір топ адам көтеретін жүгін жалғыз өзі арқалап адам турасындағы осыншама аңыз-әңгімелердің тууы да таңғалатын нәрсе болмаса керек.

«Маған жынысы тіпті бөлек роман жасауды сәті түсті» дейді Жюль Верн әкесіне жазған хаттарының бірінде. Шынында да фантастың бұл сөзін мойындау керек. Себебі: рас, келешек турасында оның отандастары Рабле, Вольтер, Сирано де Бержерак, Лесаж тағы басқалар да қалам тартқан-ды. Дегенмен олардың ешқайсысы да әдебиеттің өз міндетіне алған саласын ғылыми фантастикалық жанр дәрежесінде көтере алмады. Ал Жюль Верн әдебиетке келген кезде тарихи қолайлы жағдай туған болатын. Ғылым мен техника саласында кереметтей жаңалықтар ашылып жатқан кез. Фарадей электр индукциясын ашты. Дүниені инженер Яблочковтың «орыс шамы» жарықтандырды. Майер, Джоуль, Гельгольц бүкіл әлемдік энергияның сақталуы заңын анықтады. Менделеев барлық химиялық элементтердің бірлігін білді. Дарвин даму теориясын жасады. Географиялық жаңалықтардың өзі бір төбе. Леверье жазу столынан ұзап кетпей отырып-ақ қаламының ұшымен жаңа Нептун планетасын ашты...

Осылардың барлығы болса да өзінің қаламының желі бар, қиялының қанаты бар жазушының тамаша-тамаша туындылары беруіне мүмкіндік туғызды. Өзінің «Наутилусымен» су астын ерсілі-қарсылы кезіп жүрген капитан Немоны кім ұмытты дейсің. Жерден зеңбірекпен Айға ұшу ше? Айды айналып жүргендегі фантастикалық картиналар ше? Алғашқы фантастикалық туындысындағы доктор Фергюссонды кім есіне сақтамас?

Жюль Верн өзінің фантастикалық романдары мен повестерімен әдебиетке ғылым адамдарын әкелді. Оларға детективті ұнататын оқушылар ғана емес, салихалы адамдар да ден қойды. Мысалы, К. Э. Циолковский былай деген: «Космос саяхатына мені атақты қиялшы Жюль Верн итермелеген еді. Ол менің миымның жұмысын осы бағытқа бұрып салды. Сонымен үміт туды. Үміт ой жұмысына ұмтылдырды. Әрине, құр ұмтылыс, егер ғылым тарапынан қолдау көрмегенде, ешқандай нәтиже бермеген болар еді». Ұлы химик Менделев француз жазушысын «ғылыми дана» атаған. Орыс баспасөзінде Жюль Верннің «Ауа шарындағы бес аптасына» алғаш рет лебіз білдіріп рецензия жазған М. Е. Салтыков-Щедрин болды. «Жюль Верннің романдары тамаша,– деген Лев Толстой. – Мен оларды есейіп кеткесін оқысам да, әлі есімде, олар мені қайран қалдырған... Ол жөнінде Тургеневтің қалайша тамсана мақтағанын көрсеніз етті! Оны Жюль Верннен басқа тағы кім жөнінде осылай пікірде болғанын білген емеспін».

Осы тәріздес пікірлер білім саласындағы да, әдебиет саласындағы да майталмандардың сөздерінің арасынан жиі кездесіп отырады. Ал шынтуайтына келгенде Жюль Верн өз тұсында ғылым мен әдебиеттің «құймасынан», жаңа бір тарау – ғылыми фантастиканы жасады. Бұл салада ол кезтүгіл қазірдің өзінде Жюль Верннен асып түсу емес, үзеңгі қатысулардың өзі үлкен күш. Сондықтанда бүгінгі таңда фантастика шаруашылығында әңгіме қозғасақ, сол баяғы бір меже – Жюль Верннің көтеріп тастаған межесі біздің алдымызда шамшырақ болып тұрса керек.

Франция әдебиетіндегі фантастикаға шолу жасап шыққанда біздің оқушыларға өз фантастикалық шығармалармен белгілі болып қалған жазушылар М. Емцев пен Е. Парновтың пікірлері еріксіз еске оралады. Американың фантасы Эдгар По «өзінің Америкасының бұрын Европа әдебиетіне, оның ішінде француз әдебиетіне көбірек ықпал тигізді, – дейді олар. – Жюль Верн басқа елдерде өзіне еліктеушілер тапқанмен, ғылыми фантастиканың франциялық мектебін құра алмай кетті». Осы айтылғандар жаранаға жуысатын сияқты. Себебі: қазіргі француз фантасикасында Жюль Верндей көзге ұрып тұратын кереметтей зор фигура жоқ.

Рас, Франция фантастикасын алға апарсам, басқа елдердегідей жоғары дәрежеге жеткізсем дегендей ұмтылстар Пьер Буль, Марсель Эме, Шарль Демют, Андре Дотель тағы басқалар тарапынан білініп қалып отырады.

Осылардың ішінен біздің оқушылар қауымға тәуірірек байқалып жүргендердің бірі – Пьер Буль. Парижде Жоғары электротехникалық мектепті бітірген жазушы тағдырдың айдауымен талай-талай елді, жұртты көріп, соғысқа қатысып, ақырында тұтқындалады. Тұтқыннан 1945 жылы қашып шығады. Алғашында тұрмыстық шығармалар жазумен аты шығады. Оның «Квай өзеніндегі көпір» романы 1952 жылы Сент-Бев сыйлығын алады. «Абсурд еркектер» жинағы Эвиан сыйлығына ие болады. Қазірде фантастика саласында жемісті еңбек етіп жүр. Оның ауыз толырып айтуға болатын дүниесі – «Маймылдар планетасы» атты романы. Романды ерлі-зайыпты екі жас некелесу тойынан кейін саяхатқа шығады. Космос қайығымен аспан әлемінде келе жатып ішіне қолжазба тығылған бөтелке тауып алады. Ол қолжазбаның айтуынша, белгісіз бір планетада жоғары сана иелері орнына маймылдар болып шығады. Оған себеп цивилизация болса керек. Өндірісті автоматтандыру нәтижесінде адам ой жұмысы мен дене жұмысынан қалады. Жатып ішер тоғышарға айналады. Мұны байқаған маймылдар көтеріліс жасап, адамдарды орманға қуып жібереді дағы, өздері олардың орнына билік құрып қалады. Мұны білген қолжазба иесі цивилизацияның осындай келешегінен сақтандыру үшін Жерге жетуге асығып, маймылдар планетасынан қашып шығады. Жерге келсе, мұны космодромда горилла қарсы алады... Жерден де баз кешіп қашып шыққан адам осы уақиғаларды баяндап, бөтелкеге қолжазба салып жіберген екен... Осы заманға цивилизацияның келешегінен күдіктенген жазушының фантастикасы осындай парадокске келіп тіреледі.

Фантастикамен айналысып жүрген тағы бір жазушы – Марсель Эме. Ол көбінесе әңгімелермен көрінеді. Оның туындыларында саяси сатира жатыр. «Өмір сүру үшін берілетін талон», «Табиғи нан» тағы осы тәріздес шығармалармен жазушы қазіргі өмірдегі сұрықсыз жәйттерді фантастика тілімен береді.

Сол тәріздез Шарль Демют те («Аққудан шығысқа қарай», «Жаздың адамы» повестері), Андре Дотель де («Темір құстар аралы») бүгігі ғылымның ертең тудыратын жаңалықтардан үрейленеді. Сондай үрейден кейін қай жазушының қаламынан жарқын, көңілді шығармалар туады дейсің?

Жалпы, дүние жүзіндегі барлық елдердің фантастиксында болып жатқан жаңалықтардан азды-көпті хабары бар адамның өзі Жюль Верндей алыптың отанында ауыз толтырып айтарлық ізбасары жоқ екенін аңғара қойса керек. Ол жетімсіздік, мүмкін әлгіндей фантастардың келешекке сенімсіз қарағандығынан да болуы ғажап емес...




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет