Оқулықнама Аңдатпа



бет13/19
Дата09.06.2016
өлшемі1.7 Mb.
#124847
түріОқулық
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   19

“Ио – адамдардың Жерден әзірше ең алыс мекені. Бұл планетада инженер, техник, ғалымдардың шағын тобы семьяларымен тұрып жатыр. Ғылыми-зерттеу станциялары мен астрофизикалық институт бар. Шолпан мен Марс, Юпитердің өзге серіктеріне қарағанда, Ио ғалымдар назарын өзіне көбірек аударып келеді. Күнге ең жақын Марстың өзі мұз құрсанып жатса, оның қызуы тіпті аз жететін Ионың бетіндегі таулы аймақтар Жер бетіне өте ұқсас. Вулкандық және ішкі жылу алмасу құбылыстары әсерінен беткі топырақ қабатына мол жылу ұрып жатады”.

Жазушының, өз әріптестері жолға шыққанда, алғаш қасынан ұшып кеткен аспан денесін өз қиялымен суреттеуі. Ол повесть қаһармандарының алдынан басқа да ғажайып планеталардың кездесуінің бірінші кепілі болатын. Өйткені: жолаушылар жоспары – сонау Центавр шоғыры еді... Жол-жөнекей фотон зымыранындағылар “Көлемі Айдан екі жарым еседей кіші”, “көрініс бойынша да алтын мен платинадан тұратын “шын планетаны” (?) өзі, оның тартылыс өрісі бар” (?) “Центавр шоғырының алғашқы планетасы...”

Сол ғарышкелер аралаған планетаны жазушы былай баяндайды: “төңірек алыстағы Проксиманың жарығымен Ай сәулесінен де төмен күңгірттеніп көрінеді. Өзі қонған жерінің көпшілігі платина екен. Жақын маңайда биіктіктері жиырма-отыз метрден алпыс метрге дейін баратын алтын шоқылар. Кейбірі омырылып құлап, шашылып жатыр. Әлгінде қонғалы келе жатып байқаған болатын. Планетаның формасы шарға ұқсас болғанымен, әр жерден бір жұлма-жұлмасы шыққан. Ұзыны мен көлденеңі бес-оннан, кейде жиырма-отыз шақырымнан тұтасымен опырылып алынған...”

Осы тәріздес кескін-келбет көз алдарынан өткеннен кейін повесть кейіпкерлері әр алуан жорамал ойларға түседі. “Қызық. Таза алтын мен платинадан тұрады. Өзге элементтердің қоспасы мүлде аз. Бұл – табиғатта кездесу ықтималдығы мүлдем жоқ құбылыс. Алтын – қашаннан да қылмыскер элемент қой...” (Мұны Мұхтар айтқан).

“Оның рас, адамзат тарихы бұл үшін болған қанды оқиғаның сан алуан түріне бай. Ал, мынау планета, меніше, Центавр шоғырыныкі емес. Қисықтық радиусы өте шексіздікте (?). Демек, планета әлемінің қайдағы бір алыс түпкірінен қаңғып келе жатыр”. (Бұл – Джорджидің болжамы).

“Табиғи күйінде тұтас алтын мен платинадан планета пайда болуы мүмкін бе?.. Маған бұл планета қолдан жасалған сияқты (?). Кім де болса, біздерден бір саты жоғары тұрған цивилизациялар. Жол-жөнекей гравитациялық дауылдар жұлма-жұлмасын шығарыпты “байғұстың!..” (Мұхтардың пікірі).

Осы жерде жол-жөнекей бір қарсылық білдірер пікірімізді “қыстыра кетудің” ұтыры келіп отырғандай. Автордың айтуынша, “гравитациялық дауылдар жұлма-жұлмасын шығарыпты” алтын мен платинадан тұратын планета!.. Ал, біздің ғылымға айғақ нәрсе – алтынның бір грамын он километрге дейін көзге көрінбестей, жіптен де жіңішке етіп созуға әбден болады. Соның өзінде де аталмыш асыл металды түзейтін молекула, атомдар бірінен-бірі ажырамайды. Яғни, “алтын жіп” үзіліп кетпейді. Мұндай қасиет тек осы металға тән. Ал, платинаның беріктігі одан да бетер...

Сонда “Центавр шоғырының алғашқы планетасы” тұтастай платина мен алтыннан “соғылған болса”, қалайша гравитациялық дауылға бола “омырылып құлап, шашылып” жатады?.. Автор осы тұста да классикалық ғылыми негіздерден тайып кеткені айдан анық көрініп тұр. Әр металдың физикалық-химиялық қасиеттеріне оншама назар салып, мән бере қоймаған...

Жазушы кейіпкерлері өздерінше болжалдай берсін. Енді біздің, ізденушінің, өз бетінше келтірер қисындары, түйіндер бір-жар тоқтамдары болуы керек-ау дейміз. Әңгіменің осы жағына келгенде, зерттеуші қиялгердің осы фантастикалық оғаш идеясына ризашылығын білдіреді. Себебі: осыған дейін біздің фантастикада аспан төсіндегі қаншама денелерді суреттегенде, оларды көп-аса өздерінің “көздеріне үйреншікті” туған Жеріне ұқсастырып бағады... Ал, мынада туындыгер басқа, тосын жолмен тартқан. Біз баяғыда өз қиялымен Томас Мор алтыннан балаларды тосатын горшок “жасағанын” білеміз. Қазір енді қазақ оқырманы “алтынмен апталып, платинамен күптелген” тұтас бір планетаны “көріп отыр”!.. Галактикамыздың басқа планеталары жөніндегі “қиял жарысында” аталмыш “Қара қақпан” повесін Рысбек Баймахановтың творчестволық табысы деп қабылдаймыз.

Болса да, болмаса да қонақжайлы халық екенімізді елдің бәрі біледі ғой. Сол ғұрпымыз фантастикамыздың творчествосына да әсерін тигізіпті. (Бұл оншама жаман нәрсе болмаса керек). Әр автор өзін толғандыратын идеяның бірсыпырасын оқшаудан келгендердің іс-қимылымен байланыстырып беруге талпынады. Солардың бір дәлелін осы Рысбек Баймахановтың “Сүмбіледен келген бала” повесінен байқай алсақ керек.

...Сүмбіле жұлдызының Керан мен Нира атты екі планетасы бар. Біріншісінде өмір сүретін озық ойлы адамдардың қолынан жасалған роботтар екіншісіне – Нира планетасына көшіп, сонда мемлекет құрады. Керандағылар ғарыштан тіршілік иелері мекендейтін Жер планетасын табады. Солармен қарым-қатынас жасамақ ойда болады. Ол үшін байланысқа, жергілікті оқымыстылардың ұйғарымдарымен, балалар Алма, Нұра, Серттер шығады. Олар сәуле арқылы бейнелерін Жерге түсіріп, төртінші сынып оқушылары Мұрат, Сәуле, Болаттармен танысады. Таяу арада ұшып келуге техникалық мүмкіндіктері жетіп қалатынын айтады. Алайда Нирадағы керандықтарға айғақ бір құпия – ой толқынының сырын ашуын талап етеді.

“...Біз Күн планетасына жетпекпіз. Бізге негізгі қорек – адам миы, оның басындағы ақыл-ойы екендігін жақсы білесіздер... Нирада тұтқында жатқан сан мың керандықтарды өздеріне қайтарамыз”, – деп алдаусыратады. Тұтқындардың баяғыда қырылып қалғандарын білген құдыретті күші бар құпияда ұсталатын ой толқынын таратудың тәсілдерін үйретіп, Жер планетасын қимағандар – керандықтар – келісімге келмейді. Ұзамай Керанның тартылыс күші белгісіз себептермен өзгеріп, онда өмір сүруге болмайтынына көздері жетіп, ғарыштағы бір мекенге көше бастағандары жөнінде олар Жерге хабарлайды. "Ғарыштағы мекен елу-алпыс жылға төтеп бере алады. Сендердің уақыттарың бойынша елу жылдай, сендер келіп құтқарасыңдар…", – деген болды олардың соңғы сөздері. Бұл – Жерге үміт артқандары…

Мұрат Сыздықовтың ғылыми-фантастикалық “Күміс тозаң” әңгімесінде Гродберг бастаған бір топ ғарышкерлердің Вероника бұрымы шоғырына сапары әңгімеленеді. Командир жас ғарышкерлерге мәлімдемей, сол шоғырдың бір планетасына робот жіберіп, кемеге алдырған затын Еркінге ағынан жарылып айтады. “Ашығын айтсам, ана әумесерлерге жұмысшы роботтардың планетадан жарты тонна кристалл әкелгенін айтушы болма… Біздің алып келе жатқан кристалымыз алтыннан да қымбат. Бұл кристалдарда атомнан да, нейтроннан да асқан ғаламат күш бар. Тек күн қараңғыланғанда жарық шашатын тас сәулесі төңірегіне өлім уын себеді”.

Өз еліне нендей қауіпті жүк әкеле жатқанына көзі кеш жеткен Еркін енді командирін соққыға жығып, басқару пультін иеленіп, қалған сапарластарын құтқару кемесіне жөнелтеді. Өзі қатерлі кристалл тиелген кемені кері бұрады. “Сәлден соң бейтаныс планетаның бетінде күшті қопарылыс болды. Сол күні астрономдар Вероника бұрымының шоғырынан буалдырлана қалықтаған күміс тозаң байқады”. Өйстіп, Жер планетасының тағы бір өкілі ел-жұртын қырып-жоюға бағытталған бір айла үшін өзін құрбандыққа шалды. Кісілік үшін, гуманизм үшін жанын пида етті.

Космос қонақтары жөнінде жазуға үйірсектердің бірі – Раушанбек Бектібаев. Оның бір кейіпкері – Жер Квазаров ЭС–400 квазарынан ұшып осында келеді. Алайда біздермен тіл табыса алмай, кері қайтып кетеді. Кетер алдында академик Есеновке жазған хатында: “Біз – уақыттан озған жандармыз. Мүмкін, бір замандарда қайта айналып соғармыз”, - дейді. Мұнысымен автор не айтпақ екенін түсіне алмадық…

Соңғы кездерде фантастика саласында белсенділік білдіріп жүрген осы автордың галареясында Космонит планетасынан келген (“Космонит” повесі), бойына ешбір радиоактивті сәуле дарымайтын, ауасыз кеңістікте де тіршілік ете алатын өкілді қастандықтан аман алып қалатын капитан Айбеков бар; бұдан ондаған миллион жыл бұрын Әлемдегі екі галактиканың жанасуынан пайда болған зиянды сәулені Жер планетасына жеткізбей, күшті лазер шоғымен ыдырататын академик Алматов (“Ғарыштан келген ұйқы” повесі) бар…

Тағы бір қиялгер – Жүніс Сахиев те Әлемдегі планеталардың бірінің “өзіндік моделін” ұсынады. Оны жазушының “Борыш” повесінен оқи аламыз. Сол мекеннің бір қызы: “Біздің планетаның төңірегінде алты шеңбер бар. Оның біріншісінде біздің еліміз орналасқан. Қалған бес шеңберде бес түрлі ел тұрады. Қазіргі сәтте бәріміз қиын жағдайдамыз. Күнде болып тұратын әрбір жарқыл планетаның өз осінен айналуын қас-қағым сәтке тоқтатып отыратынын о бастан білетінбіз. Оған атқылаулар мен сілкіністерден, түрлі көліктер қозғалысы мен тау-кен кәсіпорындарының қопарылыстарынан және, ең бастысы, бүгіндегі алтыншы шеңбердегілер жасаған аса қуатты түрлі жарылыстардан туған тежеулер қосылды. Сөйтіп, планетамыздың өз осінен айналуы бірте-бірте баяулап, Күн түспейтін жағындағы сулары мұзға айналды. Ауа райы тіршілікке қолайсыз жағдайға көшті. Планета өз осінен айналуын тоқтатты…”

Міне, қараңыздаршы. Қазақстан Жазушылар одағының тағы бір мүшесі – Ж. Сахиев – “өзі таңдаған” бір планетаны сипаттап отырғаны. Мұндай аспан денесінің болу мүмкіндігін жоққа шығара алмасақ керек. Оның үстіне автор оқырмандар зердесінде бір маңызды эффект туғызады. Ол – космостық гуманизм. Біз, повесть кейіпкерлерімен қоса, сол қасыретке "басы тігілген" планетаға жанашырлық білдіреміз. Демек, жазушының ғылыми-фантастикалық ерекше ой сұрыптауға сәтін түсіргені – бір басқа. Сонымен қатар әдебиетке ең басты керекті нәрсе – өз оқырманын айтып отырған хикаясына еліктіріп алып кету мақсатына жеткені…

Осы туындыгер келесі бір “Жерде шешілген жұмбақ” новелласында тағы бір ерекше планетаның көрінісін береді. “Ғарыштан планетаның мұхитына құлаған алапат ыстық денеден ығысқан ыстық су аспанға шапшып, жан-жаққа шапшыды (?). Планетаның мен бақылап келе жатқан тұсы астан-кестен. Ыстық тасқын үлкен бір қалаға жылжып ағып бара жатыр… Қала үйлерінің орындарынан бұрқырай көтерілген қалың бу мен жалаңдаған от көрінеді! Аймақ қазандай қайнап жатыр! Күркіреген дыбыс естіледі! Барлық тұрғындар ыстық суға күйіп, тұншығып… – Батыр соңғы сөзін аяқтай алмай, үнсіз қалды…“ (Бұл – “Жасыл” аталатын планетадағы бір апатты көрген ғарышкердің әңгімесі).

“Мен бақылап келе жатқан аймақта дауыл көтерілді. Жолындағы ағаштарды түп-тамырымен жұлып, үйлерді іргетасымен қоса аспанға көтеріп кетіп жатыр. Жан шошырлық гуіл естіледі. Жолындағының бәрін күйдіріп, тұншықтырып келе жатқан ыстық тасқын…” (Бұл – сол планетаның басқа тұсынан бақылаған Хамзаның көзі көргендері)…

“Мен жақта атқылаулар болып жатыр!.. Аспаннан күл жауа бастады… Каналға ұқсас жыралар пайда болуда! Ыстық лава сол жыралармен ағып отырып, жанындағылардың бәрін балқытып, тып-типыл етіп жатыр. Адамдары жанұшыра айқайлап, лава ағысынан басқа жаққа қашып еді, қарсы алдарынан келіп қалған ыстық тасқын оларға лап қойды…” (Бұл – өзінің жеке-дара барлаушы зымыранынан ғарышкер Сараның байқағаны)…

Тұрсын болса, бас кемедегі Кемелге былай дейді: “Менің тұсымдағы құрлық отқа оранған! Орман, өсімдік пен жеміс ағаштары түп-тамырымен күйіп, өртеніп жатыр. Жасыл дала көз алдымда жоғалып, құмды шөлейтке айналуда!..”

Қыз ғарышкер Лалагүлдің айтқаны: “Ыстық тасқын мен өрттен кейінгі даланы көріп келемін. Иесіз аймақты суық жайлай бастаған. Дауыл көтерілген. Жан шошырлық құбылысты біржолата жасырғысы келгендей, қиыршық құм планета бетін баса бастады”.

Әр зерттеуші-ғарышкер осында өз тұрғысынан мәлімдеген, апатқа ұшыраған планетаның құпиясы, әңгімеге қойылған "Жердегі шешілген жұмбақ" деген тақырыпқа сәйкес ашылған. Кино-фото ақпараттарға қарағанда, “Жасыл” планетасында да бір кездері Жердегі сияқты өмір-тіршілік болған көрінеді. Бертін келе ондағы “саналы ақыл иелері” термоядролық синтезді игерген. Қолдан Күн жасаған. Сол жасаған Күні, сорларына қарай, белгісіз себептермен өз орбитасынан планета мұхитына құлап түскен. Міне, әлгі құбылыс, қырғын – соның салдары…

Бұл әңгіме идеясынан не ұғуға болады? Әрине, бұл – ғылым жаңалығының шектен тыс, соңыра тигізер залалымен есептеспей, бүгінгі күннің мұң-мұқтажын ғана күйттеудің ақыры неге соғуы мүмкін екенін ескерту. Бұл – батыс қиялгерлері шығармашылықтарында кеңінен тарап жүрген ағым – батыс фантастикасында, әсіресе Америка, Ұлыбритания, Польша, Италия қиялгерлерінен жиі көрініп жататын сақтандыру-қиял. Біз аталмыш туындыны осы жағынан құптап, бағалағымыз келеді…

Осы тұста химия ғылымының кандидаты, бұрынғы Кеңес кеңістігіндегі фантастикақұмар жұртшылыққа кеңінен таныс қиялгер-қаламгер Е. Парновтың: “Қазірде ғылымның моральдық проблемалары кереметтей өткір қойылуда… Өйсітіп, ғылыми фантастика оқымыстылардың моральдық проблемаларының сынақ полигонына айналды. Оның үстіне жүздеген миллион, көбісінің ауылы ғылымнан мүлде оқшау-алыс адамдар көре алатын ашық полигон”, – деп жазғаны ойға оралады.

Ж. Сахиевтің енді бір дүниесі – “Тіршілік ұясында” новелласында уақиға журналистің баяндауымен беріледі. Жердің бір топ өкілдері Үркер шоғырындағы Шұғыла планетасына қонады. Оның тіршілік иелерімен танысады. Олар Жер шары картасынан Пасхи аралын, Мысыр пирамидаларын, Сахараның Тассили шатқалын т.б. объектілерді көрсетеді. Олардың айтуларына қарағанда, бұлар шұғылалықтардың қолынан шыққанға ұқсайды. Демек, өздері жерліктер екен. “Біздің арғы аталарымыз, – дейді олардың бірі, – Жер планетасында туып өскен. Сөйтіп, дами келе, жетіле келе, ғарышқа ұшуды үйренген. Тіршілік етуге болатын планеталар іздеген. Ақыр-соңы өзіміз өмір сүріп отырған планетаны тауып, Жерден біржола көшкен… тарихи деректерге қарағанда, олар Жерде мұз дәуірінің болатынын алдын-ала сезіп, көшкен…”

Шұғылаға келген экипаж, міне, осыны біледі. Біледі де, кері қайтады. Келсе бұрынғы елінің орыны жоқ. Оның есесіне бір топ адам кемені қоршап алады. Олар да өздері тәріздес жерліктер екен. Планетаны мұз қаптағанда, Кит шоғырына үдере көшкендер көрінеді. Біздің кейіпкерлер де соған бет алмақшы. Міне, осы.

Әңгіме бірқыдыру дұрыс шыққан. Алайда авторға жауап беруі екіталай сұрақтар қойсақ деген ойдамыз. Біріншіден: Жер өкілдері Шұғыла планетасына не үшін барып жүр? Барды, көрді. Бітірген түгі жоқ. Қайтты. Екіншісі: оралғанда өздері біліп жарытпайтын төбешікке қона салады. Қаншама жұлдыздарды аралап, дін аман қайтқан экипаж өзінің Жерін ажырата алмағаны ма? Автордың өз еркі, бірақ, оқырман мүндай уәжге сенбейді ғой. Үшіншісі: кемедегілер Жерге қонғаны сол, онда кездескендерге: “Ұрпақтарымыз Кит шоғырына көшіп кетіпті. Біз енді соларды іздеуге ұшамыз. Ал, жақсы! Сау болып тұрыңдар!” – деп қолдарын бұлғайды. Жүніс осындай, ұсақ-түйек көрінетін (бірақ, олай емес) детальдарды көзден таса қылып, жіберіп алмаса…

Әңгімелеп отырған автордың “От-тас” жинағындағы екінші дүниесі – “Шолпан таңы атқанша”. Мұнда Жерден адамдар барып, Шолпанға орын тебеді. Онда тұрмысқа керектінің бәрін қолдан жасайды. Бірақ ол аз екен. “Бәрібір бізге бір нәрсе жетпейді, – деп мәлімдейді теледидар хабарын жүргізуші журналистердің бірі. – Ол – Мына Шолпан таңы атқанша тастай қараңғы болып тұратын түнді жарық етіп, жастар махаббатының көркі, аққу-қаздар сайран салатын көл бетіне әп-әдемі ғана көгілдір сәуле төгетін табиғи Айдың жоқтығы!… Атомы бар, электрі бар, жасанды серігі бар – бәрін қосқанда бір табиғи Айдың орнын толтыра алмайды!..”

Көпшіліктің осы талап-тілегін ескерген ғалымдар таяу арада Шолпанның орбитасын кесіп өтетін “Шырақ” астероидын осы планетаға жақындатып, оның табиғи серігіне айналдыруды ойлайды. Бұл пікір жүзеге асып, Шолпан серікті болады. Осы жерде автор қызықты идея тастайды: планетаны мәңгі айналып жүруі үшін астероидтың Күн жақ бетіне – антигравитациялық, Шолпанға қарайтын жағына гравитациялық қалашықтар орнатады. Солар жасанды Айдың траекториясын тұрақты қылуды қамтамасыз етеді. Автор осы тұста тапқырлық жасады деп білеміз... Осындай етек-жеңі жинақы дүниеде баспасөз конференциясы жөніндегі сюжет сәтсіз шыққан. Себебі: атағы зор журналистер оқымыстыларға балалардың сұрағын береді. Оған ғалымдар да (автор желкелеп отырғасын амал қанша!) сол дәрежеде жауап қайырады. Қазіргі оқырманды өзінен кем біледі деу, әрине, – әбестік.

“Кеңістіктегі керуен” әңгімесінде Ж. Сахиев бұрынырақта Күн жүйесінде он бір планета болған дегендей болжам ұсынады. Космостық апат турасында жазылған осы әңгіме әлгіде алғашқы екеуіне қарағанда, онша сәтті шыққан деп айта алмаймыз. Идеяға дау айтпай-ақ қояйық. Көтерген проблемасын да теріске шығармақ емеспіз. Бірақ шығарманың архитектоникасы көңілге қона бермейді. Кейіпкерлердің әрбір қимылын мықты логикамен дәлелдеп, оқырманды оған алдын-ала дайындауда да асығыстық байқалады.

…Ендігі әңгіме балалар әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы қалған жазушы М. Гумеровтың “Жұмбақ сәуле” фантастикалық повесі жөнінде. Кез-келген реалист жазушының дүниесінде фантастика элементтері ұшыраса беретініне ешкім таласа қоймас. Алайда, жұлын-жотасы фантастикадан тұратын жеке шығармаларда тұрмыс тақырыбының қабысып жатуы сирек кездеседі. Орыс әдебиетінде оның әдемі үлгісін салып берген Алексей Толстой (“Аэлита”, “Инженер Гариннің гиперболоиды”), Л. Леонов (“Мұхитқа жол”, “Мистер Мак-Кинлидің безуі”) т.б. ауызға алар едік. Ондайдан қазақ әдебиеті де мақрұм дей алмаймыз. Алдымызда С. Ерубаевтың “Келесі соғыс туралы”, М. Әуезовтың “Дос – Бедел-дос” тәріздес туындылары бар. Дегенмен де, қазіргі фантастикаға “тәбеті тәуір” оқырмандар үшін кітап сөрелерімізде бар дүниелер әлі де олқылық етіп отыр. Әрбір жылт еткен жаңа фантастикалық туындыларға елеңдей қалатынымыз да – сондықтан. Балаларға өзінің - тұшымды шығармаларымен жылы ұшырап жүрген қазақ әдебиетінің белгілі жазушысы – Машқар Гумеровтың “Жұмбақ сәуле” повесіне көз тігуіміздің себебін де содан іздеу керек.

“Жұмбақ сәуле” повесі, негізінен – фантастикалық памфлет. Жазушының бұл ұмтылысы – он шақты фантастикалық повестің авторы, ақын Вадим Шефнердің: “Кейде фантастика элементі әлеуметтік сатираның мүддесіне қызмет етеді”, деген пікірін жандандырады.

…Автордың айтуынша, оқиға ойдан шығарылған Аран планетасында болады және осы планета аттас мемлекеттегі хикаяны суреттейді. Автор 3000-шы жылдардағы Аран мемлекетінің жай-күйіне қиял жүгіртеді. Ондағы басты мақсаты – ғылым мен техниканың ойға қонбайтын кереметтей жаңалықтарын сипаттау емес. Жоқ, М. Гумеровтың көкейіндегі нәрсе: “Өз қолынан жасалған ғажайып дүниелер ортасында саналы тіршілік иесі өзін қалай ұстайды? Жан-жағынан қоршаған тұқымдастарымен ара қатынастары қандай?” – деген сұрақтарға жауап іздеу.

Дегенмен, “Жұмбақ сәуледе” көлеңкелі тұстар да кездеседі. Бірінші әңгіме – жансыздар жөнінде. Шығарманың әу басында Аран мемлекетінен турист болып Беланға келген биофизиктің көзін жойып, соңғысы оның орнына биоинженер Земарды өз жансызы ретінде оларға жұмсайды. Содан бастап шығарма біткенге дейін, яғни Кар Биллер жынданып кеткенге дейін, қойнындағы Тира келіншегі де жансыз болып шығады. Мик мырза, Ром, дәрігер Ромул, Земардың сүйген қызы – Салла мен әйелі Ая – жансыздар. Авторға салсаң, Аран мемлекетінде жансыздар қарақұрым өріп жүр.

Екінші: кейіпкер бетпе-бет келгенде емес, техникалық аспаптар арқылы тілдескенде, бір айтқанын екі-үш рет қайталайды. Бұл әдіс – жазушы әңгімелеп отырғандай 3000-шы жылы түгіл, қазіргі байланыс құралдарында да қолданыла қоймайтын әдіс.

Үшінші: Белан елінен келген жансыз Салланы еркінен тыс генералға қосу, генералдың немере қарындасы Тирді тәңірі-жебеушіге беруден автор не ұтты? Иә, сол елдің уыздай жас қыздарын күш-билігі мол, қаусаған шалдарға беретін салты бар делік-ақ. Автор соларды, жансыздарды, үкімет билігі қолдарындағы кісілерге қосқанда, оқырман жансыздан кесек қимыл күтуге праволы болса керек. Өкінішке орай, ол жоқ.

Дегенмен, повестің басты мақсаты орындалған. Ол – қандай бір мемлекет болсын, қандай бір ғылыми-техникалық прогрестің жоғарғы сатысында да елді ел қалпында, бейбітшілік үшін күресте әдебиетіміздің де бес қаруын түгелдей пайдалана білген жөн. М. Гумеров соның бірі – фантастикалық памфлетті қолданған. Орынды пайдалана алған секілді.

Н. Кенжеғұлованың “Ізгілік аспаны астындағы үш күн” әңгімесіндегі беймәлім түпкірдің қонағы Арен Көгілдір планетаға түседі. Бұған дейінгі оның өмірлік девизі – “Сен берген сертіңе адал болуың керек. Бар мақсатың – сол үшін жаңа жерлер, тың байлық көздерін табу. Оған жеткізетін жалғыз сенімді досың – қаны қарайған қастық, қырып-жою. Ал жалғыз дұшпаның – аяушылық… Бүкіл әлемде бізден күшті, айлалы әрі қатыгез ешкім жоқ. Біз – Әлем әміршісіміз!”

Осындай сеніммен Көгілдір планетаның топырағын басқан Арен мұнда Жер өкілдерінің игілікті істер жасап жатқанының куәгері болады. Осыған дейін аяушылық, ізгілік атаулыны хас жауы тұтатын қонақ өз еліне әдемілік атаулының қандай екенін ұғындыру, саналы тіршілік иелеріне тек жақсылық қана ойлау керек деген ниетті жеткізуге асығады. Міне, сөйтіп гуманизмнің тағы бір хабаршысы ғарыш көгіне аттанады…

Осыған дейін әдемі сезімдерді өлеңдерімен, зерделі сыни зерттеулерімен, тарихи романдарымен оқырман назарына жиі ілініп жүрген Тұрсын Жұртбаев фантастикаға басқа бүйірінен келіпті. Әзірше біздер үшін бейтаныстау прозамен фантастикалық поэма жазған: “Көгілдір әлем”. Мұнда да кіндікті ой – гуманизм. Автордың басты кредосы бір кейіпкерінің мынандай сөздерінен табылады: “Адамның ұлылығы жеткен жерге залымдығы да бойлайды екен-ау. Сүт иісі аңқыған балғын тәннен қанның шып-шып шығарын ойлаған пенде бар ма? Пәк жанды қыршындар қандай қасиет жолында қырқысып, талан-таражға салынуда, қандай… – деді түтігіп”. Поэмада Көгілдір әлемге жолаушылап кеткен жеті жастың бірі (үнділік бала) американдық таным белгісі бар ғайыптан келген кемеге мініп, атом өрісін таратып, өз жолдастарына қастандық жасайды. Соның кесірінен Сұңқар туған Жеріне қайта алмай қалады. Ал аман-сау оралғандары – үнділік Капур мен американдық Ричард – өз еліндегі әділетсіздікке жаны қас болып кетеді.

Міне, өстіп, Әлемнің бір түпкірінде болуы мүмкін иттіктен Т. Жұртбаевтың ақын жаны жылап сақтандырса, тағы бір ақын Байбота Серікбаев оны қостап: “Қара Жер көп ұлынан қатер ұқты, //Көп ұлы Жерге БАҚЫТ әперіпті! //Дариға-ай, //Қандай бақыт адам үшін //ЕКІНШІ ҚАЙТАЛАМАУ ҚАТЕЛІКТІ!..” – деп толықтыра түседі. Ақынның осы үзінді келтіріп отырған “Жер шақырады” атты фантастикалық поэмасында да сол баяғы гуманизм жырланады. “Мен қазір жұлдыздарда жүрсем дағы, мақтан қылып айта аламын сол халықты!” деген жолдары тұтас шығармасының леймотиві іспетті.

…Асыл Абайдың бір әйгілі өлең жолының өңін өзгертіп айтсақ: “Қиялға әркімнің-ақ бар таласы”, – деуге болар. Нақ біздің қазіргі жағдайымызға оның міндетін жасөспірімдер атқаруға бел байлаған. Көзі қанық оқырман бір қарағанда-ақ, олардың творчествосында негізінен үш түрлі сюжет барын аңғарады. Оның бірі – ғарыштан келгендермен байланыс түрлері, екіншісі – аулақ Әлемге сапар жасау, үшіншісі – топырағымыздағы құпияларды ашудағы қиял-ғажайып уақиғалар. Олардың құлақ қақпас дәлелін “Қарауыл үңгірінің құпиясы” атты повесть-буримеден аңғара аламыз. “Біз Жыланбөктерген шоқжұлдызындағы Нұр атты жұлдыз жүйесінен келдік… Бұдан сексен миллион жылдай бұрын Жер бетінде мекендеген динозаврлардың кенеттен қырылып, жойылып кетуінен хабарыңыз бар шығар? Ғарыштан келіп түскен микроб түрлерінен бүкіл Жер бетін қаулап өскен улы өсімдіктер басып кетті. Динозаврлар сол шөптерді жеп қырылды. Біздің ғарышкерлер Жер бетіне келіп қонып, әлгі улы шөптерді түгел жойды. Бірақ белгісіз себептермен біздің бір ғарышкеріміз Жерден қайтпай қалды… Біз соны құтқаруға келдік… Осы үңгірдегі көл суы жер асты қуыстары арқылы Балқаш көлімен жалғасып жатыр. Ғарышкер дәл осы маңайда…” – дейді ғарыштан келген робот. Соны іздеу үстінде мектеп оқушылары талай-талай шытырман, фантастикалық уақиғаларға душар болады. Газет оқырмандары – балалардың өздері сюжетін онан әрі бірінен соң бірі жалғастырып жазған бурмие-повеске республикалық “Қазақстан пионері” газеті 1981 жылдың тамызы мен 1982 жылдың шілдесі аралығындағы жеті санында орын берген. Онысын тек құптау қажет. Бұл жасөспірімдердің қиялын қамшылауға сөзсіз септігін тигізеді. Ал ұжымдық шығарманың идеясына келетін болсақ, оқырманға, әсіресе, жылы ұшырайтын тұсы – кейіпкерлерін “өздері көріп-білмеген жер түбіне жібермей, осыдан сексен миллион жыл бұрын көзі жойылған динозаврды мына тұрған Балқаш төңірегінен іздестіріп көрген артық болмас” дегендей ой тастауы. Бұл – оқушыларды өз топырағында туған, бірақ күні бүгінге дейін елге мәлім емес құбылыстарды зерттеуге итермелейтіні хақ.

Оған осы жағдай ұлы қиялгер-жазушы И.А. Ефремовтың “Андромеда тұмандығы” романына барар жолда” атты мақаласынан: “Уақиға болатын жер мен уақыттан ауытқу, әсіресе, қиялгерге жайсыз тиеді”, – дегенін қайтадан есімізге алдық. Кеңес фантастикасының негізін салушы мұнымен не айтпақ еді? Оның көкейіндегісі – автор қаншама қиялдана берсін, бірақ оның туған планетамызға, адамзатқа қатысы болмаса – құны шамалы.

Жасөспірімдер творчествосындағы фантастиканы шартты түрде бөлген үш саламыздың бірі – басқа планетадан келгендермен арадағы байланыс. С. Ынтымақованың “Тосын қонақтар” әңгімесінде жас автор өз қиялын қазіргі халықаралық жағдайға орайластыра алған. Жерге қонған жат жұрттық Аспан денесі біздің Серік деген балаға былай дейді: “Қазір Жерде жинақталып отырған аса қауіпті ядролық соғыс қаруларының шамадан тыс көп өндіріле бастауы қатер төндіріп отыр”. Келімсек планетамызды құтқару үшін “бізде бар адам өмірін ажал тырнағынан арашалап қалатын және оның өмірін мәңгілікке тұрақтандыратын шөп тамырларын” алуға келгенін айтады. Сонымен, болашақта адамзатты апаттан арашалап қалатынын білдіреді.

Түрі басқа, тілі басқа болса да, біріне-бірі игілікті іс жасауға дайын саналы тіршілік иелері турасындағы жаңағыдай фантастикалық идеяларды Ә. Қыдырбековтың “Жердегі кездесулер”, С. Құсайынованың “Көмекке келген адам”, осы автордың “Аспан планетасындағы қыз” т.б. әңгімелерінен байқаймыз.

Ендігі бір тақырып – сырт Әлемге сапарға шығу, барлау. Жастарымызды бұл да кем толқытпайтын тәрізді. Мұны Қарлығаш Мыңжасарова “Цингара планетасының макеті” әңгімесінде өзінше ерекше тауыпты. Геолог әкесінің қобдишасындағы жасыл тас әлгі беймәлім (Цингара) планетаның макеті көрінеді. Ол жөнінде келімсек қыз Алифорта: “Сендер қобдишаны ашқан кезде, жасыл тас біздің қолымыздағы екінші жасыл тасты өзіне тартқанда космолеттің еркі қолымыздан шығып кетті”, деп түсіндіреді. Цингарадағы роботтар баскөтеруінен қашқан Алифортаның туыстары басқа планетаға сапар шегеді. Жас автордың өз туындысын былай аяқтауына қосымша ештеңе айта алмаймыз: “Оның көздері жасаурап кетті. Цингара планетасын, Алифортаны екеуміз де аяп келе жатыр екенбіз ғой…” Әдемі!

“…Ғаламдағы планеталардың барлығы да қос-қостан жаратылған. Олардың бірі дүниенің бір түпкірінде де, екіншісі Сатурнда кішігірім күйінде сақталынады. Ол құпияны біріншілері білмейді, әрине… Планеталар музейін бөгде жандар көріп қоймау үшін Сатурнның сыртына ақ тұманнан сақина салып қойғанң. (Бұл идея әлі күнге дейін ересек қиялгерлердің де ойына келіп көрмеген-ді). Міне, Анаргүл Қашағанованың “Қиялшыл баланың ақ боз аты, күміс күймесі” әңгімесіндегі басты айтпағы – осы. Мұнда да бас кейіпкер келімсектермен ілесіп Сатурнға кетеді. Шығармадағы біршама сәттерді балаларға тән қиял есебінде қабылдауға тиістіміз. Мысалы: космостан күміс күймені сүйреткен ақ боз аттың келуі, жұлдыз жолымен барып Сатурннан бір-ақ шықпақ ниеттері т.б. Әрине, аталмыш планета біздің Күн жүйемізде болғандықтан, әлгіндей бұрылыс траекторияға түсудің қисыны келмейтіні бесенеден белгілі. Алайда, автордың бөтен планеталардан келгендерге жат көзбен қарамай, бауыр баспақ ниеті ұнайды.

…Екі бала Жартасты деген биік шыңға өрмелейді. Кенет, жолда адам ұсқынындағы бір топ жан иелері тік жартастың құлама бетін үңгіп жатқанын көреді. Бір сары құтыдағы дүниелерін әлгі үңгірге тыққыштаумен жүрген олар да көлденең көзді байқайды. Олар қаладан келген Арман мен осы ауылдың жергілікті баласынан секем алады. Дегенмен, аудармашы аппарат көмегімен Арман келімсектердің пікірлерін аударады. Өздері Галактиканың арғы түпкіріндегі Ақ және Қара деген қос планета тұрғындары екенін; ол мекендерінде кейбіреулердің шығарған соғыс жанжалы салдарынан космос тасқыны басталып, өздері бас сауғалап, тұс-тұсқа қашқандарын; таудағы үңгірге тасып жатқаны - өздеріне қажетті “өмір шырыны” екенін айтады. Осы “Қос планетадан келген сары құты” әңгімесіндегі Жер тұрғыны, басты кейіпкер – Арман қауіп төнген қос планеталарға көмекке солардың өкілдерімен ұшып кетеді. Ғалия Құлжанованың 8-сыныпта оқып жүргенде-ақ қаламынан туған әңгімесінен жалпы тіршілік иелеріне деген уыз махаббатын, шынайы гуманизмін сеземіз.

Үйге берілген тапсырма сабақтарын орындай салысымен, жалма-жан қолына қалам алып, фантастикада өз бақыттарын сынамақ болған осы балғын жастардың тұңғыш туындыларында жалпылама ұқсастықтар байқалып қалатынын жасыра алмаймыз. Олар, әсіресе, Жер планетасына түскен қонақтармен жерлестеріміздің кездесуі тәріздес ситуацияларда белгілі дәрежеде қайталаулардан көрінеді. Дей тұрғанмен, әр әңгіменің аяқталуы бөлекше болып келетіндері балалардан алда ауыз тұшырлық дүниелер күтуге сенім тудырады.

Көлемі шағын осы бір шығармаларды оқып шыққанда, адам қызықты бір қиял дүниесіне еніп кетеді. Өзіне бұрыннан таныс константтардың шекарасы кеңи түседі. Адамның қиялы ұштала, үшкірлене түседі. Ал біздің ғылыми-фантастикалық әдебиетіміздің бір мақсаты – оқырманның дүние танымын кеңейтіп, ұғымын байыту және қиялына қанат бітіру болса керек.

Сонау галактиканың түпкір-түпкірінен қиялгерлер тек қана ғарыш зымырандарын “келтірумен” тынып отырған жоқ. Мына аспаннан бізге беймәлім заттар түсуі мүмкін-ау деген ой да жазушыларымызда жоқ емес. Соның бір мысалын алайық.

…Жалпы әдебиет атаулы жеке-дара адамның “басыбайлы” тірлігі болса керек. Алайда біреу-міреудің “қамшылауымен” және топ-топ авторлардың арқасында туған әдеби-көркем дүниелерді де тарих біледі. Соның қазақ фантастикасындағы тұңғышы – “От-тас” фантастикалық повесть-буриме. Жеті қаламгер “ортақтасқан” аталмыш повесть-бурименің өн бойынан жалғыз-ақ объект көктей өтіп жатады. Ол – кәдімгі «қарапайымң бір тас. Алайда, Нұрлытөбеге ертеректе бұлтсыз, ашық аспаннан тапа-тал түсте жауған, Қосай-ата айтпақшы “үлкендігі асықтай” от-тас сол қуаң жерге үнемі нұр жауғызады. Келесіде “жұдырықтай аппақ тас” теңіз түбіне түссе, су асты әлемінің у-шу дыбысын басатын қабылетін байқататын көрінеді. Үшінші сәтте “түйенің топайындай ғана осы жылтырауық тас” он тоннадай минералдық тыңайтқышқа тати алатынына көз жеткізді. Повесть-бурименің одан кейінгі тарауында осы идея мүлде басқаша фантастикалық түрге айналып кетеді. Сөзді сол тараудың авторы М. Тоқбергеновке берейік: … “От-тас” деп жүргеніміз – әзірге ғылымға беймәлім системадағы планеталардың бірінен келген бөлшектер… Біздің Сатурн планетамыздағы сияқты белгісіз планетаның сақина серігі болғанға ұқсайды. Әлдеқандай төтенше күштің әсерінен сақина-серік кенет бағытын өзгерткен. Жүздеген, әлде мыңдаған жылдар бойы бейтарап ағындап жүріп, ақыры Нұрлытөбеге келіп құйылған. Жерге қуатты күшпен келген ағын планетамыздың терең қабатына барып тұнған. Суынып тасқа айналған. Міне, осы тас бірнеше жылдар бойы жатып, ғарыштан ағындап келіп жататын нейтрино сәулесімен құнарланған… Әбден қаныққан тас өзінің ежелгі қасиетіне ие болған. Яғни, Күн ядросындағы орасан күшті қызуды өз бойына жинаған. Содан келіп Жер астында космостық плазма табылды”.

Міне, байқадыңыздар ма? Бір кезде жауын-шашын кейпінде Нұрлытөбеге жауған, оның “туыстасы” теңіз түбінің шуылын жойған кәдімгі тас енді мүлде басқа, ойда жоқ идеяларға итермелеген. Фантастикалық шығармалардың басты миссиясы да осындай болуы тиіс. Күнделікті көріп, үйреншікті, заңды нәрсе боп, “адам еті үйреніп” кеткен дүниелерден оқшау бірдеңелер қарастыру осындай қызғылықты қиялдар тудыра алатыны үшін ғана фантастиканы пір тұтып, құрметтесек керек!..

Осы ғарыштық фантастикалық тірлігіміздің “жүріс-тұрыс алаңы” қылғанымызды жоғарыдағы талдаулардан байқауға болады. Осы жерде бір нәрсенің басы ашық: қазақ қиялгерлерінің бір де біреуі космос фантастикасына соқпай өтпеген көрінеді! Демек, ғарыш – қиялдың “қара шаңырағы”!.. Бірақ та соңғы кездері тағы бір тенденция байқалатын секілді. Ол – біздің қиялгерлеріміз қазірде сол алғашқы онжылдықтардай емес, енді Жер планетасына қарағыштай беретін түрлері бар. Өздерінің кіндік қаны тамған Жердің қам-қаракетіне араласуды бара-бара үдетіп келе жатқан секілді… Осындай бетбұрысты қазіргі орыс фантастикасында алғы сапқа шығып үлгірген қиялгер Кир Булычев те (шын аты-жөні – Игорь Владимирович Можайко, тарих ғылымының докторы, Ресей ғылым академиясы жанындағы Батыстану институтының ғылыми қызметкері) байқап қалған көрінеді.

“Космосқа қызығушылық – енді бұрынғы саты. Ол 70-ші жылдары өткен-ді. Ол кездері әлі де кенет Марстан немесе Шолпаннан тіршілік нышаны табылатын шығар, әлде ұзамай Күн жүйесінен шығып кете алармыз деген алдымызда үміт бар еді… Сексенінші жылдары ғарыш тақырыбына деген ұмтылыс саябырсығанын естеріңізге түсіріңіздерші. Мұндай жағдай қиялгер-жазушылардың шығармаларынан айқын көрінеді: ғарыш екінші қатарға ығыстырылып қалып, оның орнын генетика мен биология жайлауда. Ғарышқа деген қызығушылық тек ерекше бір жаңалық не уақиға болған жағдайда ғана қайтадан жанданар. Әзірше біз әлі космоспен “істеспіз”. Ал, ол мұндай күйінде кісіні қызықтырмайды” /Московский комсомолец. – 1991. – 18 ақпан/, – деген ол “Лондон жылқы қиына қалайша көмілмей қалған” аталатын полемикалық мақаласында.

Былайша қарағанда, Жерден алшақ жатқан “ғарыштық қиял” жөніндегі ой-пікіріміздің қорытындысында талай елге танымал ақын Қайсын Құлиевтың бір ұтырлы айтқаны. “Жұрт не ойлап таппасын, нендей жаңалық ашпасын, қайсыбір планетаға барып түспесін, бәрі бір Жер біз үшін адамның бесігі боп қала береді. Онсыз астронавт та, ғарышкер де жоқ… Жер – біздің ортақ шаңырағымыз. Оған деген махаббатта шек болуы мүмкін емес. Оны қаншама рет жырға қосқанмен, ол художник үшін мәңгі-бақи шабыттың түгесілмес бұлағы болып тұра береді. Нағыз художник әр кезде де Жермен, яғни өмірмен тілдеседі. Асқақ ойдың бәрі соған деген махаббаттан туады” /Литературная газета. – 1969. – 13 желтоқсан/.

Қазақ қиялында бәрінен бұрын ғарыш зымырандарының “жолы болғанға” ұқсайды. Иә, оның да жөні бар. Өзі болжал болғасын, оның үстіне қазіргі аспан әлеміне қадам басқан сайын қарапайым адамды көзіміз көріп отырғанда, планета аралық “жүрдек кемелер” турасында ғылыми-фантастикалық идеялардың көптеп айтылуы таңқаларлық ерекше уақиға болмаса керек. Бұл - қазірде қиялмен аяқ артар көлік жасау оп-оңай болып, бағасы арзандап кетті деген сөз емес. Бұл – космогония саласындағы бүгінгі жетістіктеріміз жазушылар қиялын байыта түсті деген сөз.

Космос авиациясы, космос навигациясы қиялдан күнделікті өмірімізге көшкен қазіргі заманымызда біздің конструкторларымыз нақтылы істер жасауда. Олардың ішінде қазақ әдебиетінде космос кемелері, орбитамен ұшатын немесе планета аралық автоматтандырылған және ішінде басқарушысы бар станциялар көбірек және жан-жақты көрініс тапқан. Мысалға космос көліктерін алайық. Қазақ қаламгерлерінің қиялы ол кемелерді әр шығармада әр түрлі ғып сипаттайды.

“Қарасам, отыз метрдей жартасты дөңеске бір үлкен доп-домалақ қара бұлт қонақтап жатыр екен. “Бұлт” дейтін себебім, оны басқа ешнәрсеге жорый алмадым. Ені он бес-жиырма метрдей өзара түйіскен екі табақ сияқты… Қатты дене дейін десем, ол толықсып, біресе көлбеп, ешбір дыбыссыз қалықтап тұр. “Табақтың” орта шені қою бояулы да, шет-шеті күңгірт тұмандау. Қою бояудың формасы да кіші-гірім табақ сияқты. Үңіле көз алмай қарап тұрып, ғажап бұлттың ортасында қатты деуге тұрарлық дене бар-ау деген жорамалға келдім. Өйткені: табақтың шет-шетіндегі сұрғылт нәрсе ұйытқып, құйындап ішкі табаққа үйіріле қайта теуіп тұрған ауа ағыны сияқты”.

Бұл – Т. Сұлтанбековтың хат түріндегі космос кемесі. Жазушының қиялынан туған ерекше “конструкторлық шешім”. Ештеңеге ұқсамайтын осындай кеменің сұлба-кескінін бергеніне біз қуана отырып, бір нәрсеге тіксіне қарауға мәжбүр боламыз. Онысы – автор осы ұтымды табылған бір болжамын басқа шығармасында тағы қайталайды. “Аспан денесінің түр-формасы бір түрлі ғажап. Ол сай табанына жақындағанша сан рет құбылады. Біресе сүйірленіп, біресе көлбеп, сынапша толқиды. Ентігіп дем алғандай сусып созылып, бірде жіңішкеріп кетеді. Бірте-бірте ол қанатын жайып барып жерге қонды. Оның өзінде де тиянақ таба алмағандай лықсып толқып, тіпті орғып тұр. Мұның аспан әлемінің бір түпкірінен келген кеме екендігі шүбәсіз болды”.

Рас, келешекте кемелердің осындай “маркалары” қазіргі автомобиль жасағандай стандартты болар. Кеңістік әлемінің түпкір-түпкірінен бізге деформацияланған кемелер де келуі мүмкін. Біз ондай идеяларға қарсы емеспіз. Бірақ та “Хат” новелласында сәтті тапқан идеясын, екінші “Жұлдызат” туындысына сүйрелеп тыққыштағанын онша құптамаймыз. Оның есесіне “анау айтқан” әдемі болмаса да, тек басқа күйдегі ғарыш кемесін ұсынса, оқушы қауымның қиял көліктері жөнінде алған ақпараттары байи түсер еді.

Жазушы Т. Шаханов Водолей шоғырындағы Алиамма планетасынан Жерге сапар шеккізілген. Ол көз өз бойынан нейтрино таратады. Жердегі зертханада отырған кісіге өз планетасын көрсетеді. “Тірі көз” тәріздес болжал ой айтуға біз қарсы емеспіз. Алайда ол не? Планета тұрғындары жасаған ұшу аспабы ма? Өз планетасында отырып алып, хабар бере берсе, оның несі ғарыш кемесі? Ал корей қызы сұрағандай, галлюцинация (дұрысырағы – телепатия болса керек) процесін бастан кешірсек, “тірі көздің” өз денесінен нейтрино тарататыны қалай? Оқырман үшін осы түсініксіз. Автор “тірі көз” идеясының өзара бөлек-бөлек екі шешімін қосарлап бір жерге тоғытпай, біреуіне тоқталғаны орынды еді. Яғни, “тірі көз” телепатия әдісінің жемісі болса, оның өзінің ерекшілігі айтылса. Немесе ғарыш кемесі екен дейік. Сонда оның басқа толып жатқан зымырандардан бөтен-бастақ нендей артықшылық, кемшілігі бар? Міне, осындай нәрселер суреттелсе, біздің ғылыми ғарыштық фантастикаға тағы бір ұрымтал идея қосылып, оқырман халық ұтыс табар еді.

Қазақ әдебиетіндегі адамзат қолынан жасалған, Жер планетасында туған ғарыш кемелері молынан кездеседі. Оның көп болуы да заңды. Себебі: бір алуан шығармаларының қаһармандары Жердің озық өркениетті, осында салтанат құрған асқақ идеяларын тарату үшін немесе Әлемнің “ақтаңдақтарын”, ғылымға бұрын-соңды белгісіз жұлдыздар жүйелерін ашу үшін тағы да басқа ізгі ниеттермен Аспан әлемінің түпкір-түпкірлеріне сапар шегеді. Екінші біреулері Жерден безіп немесе қарақан қу басына пайда іздеп кіндік кескен планетасынан қол үзіп кетеді. Осылардың бәріне де қажетті ғарыштық жылдамдық ала алатын космокөліктер керек. Олар қандай болуы тиіс? Міне, осы жалғыз сұрақ әр автордың қиялына сан алуан міндет артады.

Т. Сұлтанбеков үшін “Тұңғиық” жұлдыз жүйесіне сапар шегіп қайтатын ”Байқоңыр-12” ғарыш кемесінде міндетті түрде автоғарышкер тартылыс күшін өлшейтін гравитомашина, жанды денені қабатын биомагнит, электронды телескоп, электрондық ми, атом зеңбірегі, сәуле семсері бар. Ғарыш кемесінің бұл атрибуттары басқа жұлдыз жүйесіне достық ниетпен барған оқымыстылардың опат болмауына көмегін тигізеді.

Ғ. Жұмабаевтың “Өлмес өмір жұлдызы” атты ғылыми-фантастикалық әңгімесінде де адамның өзі жасаған кеме өзіне қызмет етеді. Рас, кемені “қатты, сұйық денені, дыбысты, сәулені өзіне тартып алып, еріксіз бір планетаға қондырады. Айырықша сезімтал шыны, уран, германий, радий, плутоний және ошаний элементтерінен тұратын жұлдыз планетасына Кеңес ғарышкерлері өз кемелерімен жету үшін “екі жүйе” аралығындағы корпускул тұманының қалың қабатын жарып өтетін инфракрасрентгено-ультрадыбыс қоспасын қаптайды. Сөйтіп, Оптика жұлдызының планетасынан бүкіл адамзаттың мәңгі өмір сүруіне жететін елу миллион өлшемді ошаний элементін алып қайтады”.

Біз осында тырнақшаға алып отырған автор сөзіндегі онша көңілге қона қоймайтын келеңсіз тізбектерді екінші дәрежелі-ақ нәрсе деп есептесек, алдыңғы қатарға кеме, адамның ақыл-ойы жасаған кеме шыға келеді. Байқайсыз ба, Жер ғарышкерлері ғарышта қаншама соқтығыстарға ұшыраса да, қайтар жолда елге жетер-жетпесі екі талай екенін білсе де, өз көліктерін басқа планетада қалдырып кетуге көздері қимайды. Өздері тәжірибе жүзінде тексеріп, беріктігін анықтамаса да, Оптика елі тұрғындарының қоспасын кемесінің сыртына жалатып, ауылға тартып тұрады. Бұл – адамзаттың өз қолынан шыққан мүлкін қастерлей білетін қасиетін айғақтайтын момент.

Біздіңше, орбитамен ұшатын немесе планета аралық автоматтандырылған және ішінде басқарушысы бар станциялардың жұмыс процесі үш сатыдан тұрса керек. Бірінші саты – Жердің тартылыс күшін жеңіп шығып, тиісті объектісіне жету; екіншісі – сол объектіден кері қайту; үшіншісі – Жерге қону. Бір қызығы қазақ қиялгерлері соның үш сатысы турасында да өз идеяларын ұсынған.

Ақын А. Сопыбековтың “Айға сапар” атты фантастикалық поэмасында Жерден көтерілген кеме былай суреттеледі: "Бұрқырады ақ жалын, //Кнопкасын басқанда. //Көрмей қалдым ар жағын, //Тік атылдық аспанға. //Аппақ жалын бұрқырап //Қалып кетіп барады. //Ал корабль зырқырап //Алып кетіп барады".

Мұнда поэманың кейіпкері тек иллюминатордан ғана қарап, сонан көргенін жырлап отыр. Шынында да Жерден “өкшесі көтеріліп” ұшып шыққан зымыранның соңында ішіндегі жолаушы үшін солай болып көрінуі әбден мүмкін. Бұл – автордың кемені бүге-шігесіне дейін сипаттауға барғысы келмегендегі қолданып отырған әдісі. Сондықтан болар, осы поэмадан ертерек жарық көрген М. Рашевтің “фантастикалық” поэманың үзіндісінде де: «Космонавт кемеге енді өзі бастап. //Пилоттар жалт қарады назар тастап. //Снарядтай сүйір кеме көкке атылды //Қалдырып жүректерге сезім асқақ” деп өте шығады.

Бір өкінерлік жәй – ғарыш кемесінің Жерден ұшқаны жөнінде дәйекті жазылған эпизод прозада да жарытымсыз. Тіпті есте қаларлығы жоқ деуге болады. Бұл – бір жағынан кемістік. Екінші жағынан бұл кемістікті ақтап алуға да мүмкіндік бар сияқты. Оның басты себебі – өзіміздің озық заманымыз.

Жұрт үшін 1957 жылға дейін Жердің тартылыс күшін жеңуге ұмтылудың өзі қиял еді. Кенет конструкторлар мен инженер-техниктер 86 килограмдық шарды Жер төңірегіндегі орбитаға шығарғасын, қиялгерлер үшін планетаның тартылыс күшін жеңу арман болмай қалды. Қай кезде де уақиғаның, құбылыстың алдында жүріп үйренген сол қиялгер қауым ғарыш стартын “қолдағы нәрсе” деп ойлап еді, енді ұзақ сапардан оралғанда, қалай аман-есен қону жағын қарастыруда. Ғарыш кемесінің Жерге қонуы. Бұл мәселе тұрғысында қазақ авторлары көптеген ойлар ұсынды. Солардың арасында біреуі басқаларынан бөлекше шешім тапқан.

…Көптеген жылдарға созылған планета аралық сапардан “Арман” кемесі оралады. Бірақ Жерге тақалғанда, қона алмай, айналып ұшып жүре береді. Оны өзіне тартатын планетаның күші жоқ. Не істеу керек? Осылай бола берсе, кеме Жердің мәңгілік серігіне айналуы мүмкін. “Кенет корабль не қозғалу бағытын өзгерткендей, не болмаса құлау шапшаңдығы бәсеңдегендей болып, онсыз да қабырғаға қабыстырып тастаған ерекше салмақ бір сәт ауырлап барып, ізінше ғайып болды: аяқ-қолымыз ербеңдеп төртеуіміз де қалықтай жөнелдік. Салмақсыздық! Талай рет кездескен ескі таныс қой – бұл. Бірақ қазір, дәл қазір… Ештеңенің байыбына барып ойлайтындай болғанымыз жоқ, төртеуміз де құлап түстік…”.

Ш. Әбдірамановтың “Уақыт ұтқандар” әңгімесіндегі бір зымыраны осылай қонады. Мұның басты себебі – гравитация. Ғылым мен техниканың жетістігі арқасында, автордың қиялымен ХХІІІ ғасырда адамзат Жердің тартылыс күшінің билігін өз қолына алады. Сол тартылысты уыстан шығармай кісендегендіктен алғашында “Арман” қона алмайды. Сосын Жердегілер кемеге қарай гравитациялық өрісті бағыштайды. Сонда космос кемесі қона кетеді.

Қашық планеталардан келген кемелердің Жер төңірегіндегі бекеттерге қону немесе көп сатылы тежегіш зымырандардың көмегімен ғарыш алаңға қону тәріздес ұсыныстар қазірде қиялдың монополиясынан шығып, конструкторлар бюросында есептелуде. Ал, гравитациялық өрісті нақтылы есепке әзірше ешкім алған емес. Сондықтан да жазушының идеясын құптауымыз тиіс.

“Космос тақырыбы – ғылыми фантастикада” тақырыбын тиянақтай келгенде, академик В.Г. Фесенковтың “К.Э. Циолковскийдің ғылыми-фантастикалық шығармалар жинағы хақында” атты мақаласында: “К.Э. Циолковскийдің ғылыми-фантастикалық еңбектері жинағының мазмұны, түйіндеп айтқанда, кереметтей қызықты және тіпті тартымды… Космосты игеру көптеген ондаған жыл бұрын ғажап көрегендікпен Циолковский мегзеген бағыттармен жүргізіліп келеді. Сондықтан, қазіргі заманда оның айтқандарының басым бөлігі мақұлдануы мүмкін болмағанмен, өзінің армандарында, ғылыми-фантастикалық туындыларында космоса тіршілік құра бастады” /Путь к звездам. – 6 б.], – дегенін қазіргі қазақ қиялгерлерінің бірталай шығармаларына да телуге болар деп есептейміз.

Тарауды қорытындылай келгенде, қарастырған жанрымыздың осы уақыт арасында “маңдайына жазған” елеулі өзіндік сипат алғаны байқалады. Сондықтан да осы тұстарда біздің дүркіндік баспасөзде немесе түрлі-түрлі жинақ, жеке авторлардың кітаптары күйінде жарық көрген ғылыми-фантастикалық дүниелер “өзіндік ерекше тұрпатты” теориялық тұрғыдан пайымдауға мүмкіндік береді. Біздің зерттеу объектіміздегі осы саланың бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан кезеңіне ой тастасақ, жанр дамуы әр түрлі өзгеріс-құбылысқа түсіпті. Ол құбылыстар, бәрінен бұрын, әр жылдарда белең алған тақырыптарға байланысты болып келеді. Ал, “тақырып қозғау” проблемасы, өз кезегінде, фантастикаға “бой ұрған” авторлардың мамандықтарына, біліктілігіне де қатысты екені белгілі. Атап айтсақ, ХІХ ғасырдың екінші жартысында ҒФ басталған кезеңде геолог, инженер, физик, химик тағы да басқа нақтылы ғылым мамандарының келуі әдебиетіміз үшін оригинал шығармалар туғызды. Бәрінен бұрын тұңғыш “ғылыми-фантастикалық” деген грифпен кітабы шыққан ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор А. Машанов өз оқырмандарын геология, минерология әлеміне алып кететін (атынан-ақ белгілі) “Жер астына саяхат” жасаттырды. Тағы бір автор – негізгі мамандығы – геолог, “әп” дегенде қиялгер-жазушы есебінде көлемді “Ғажайып сәуле” әңгімесімен көрінген М. Сәрсекеев те өзіне етжақын жоғарыдағы объект – жер астынан кен өндіру тақырыбына қызықты, шытырман уақиғасы мол “Көрінбестің көлеңкесі” повесін жазды. Сосын, арасына аса-көп уақыт салмай, электр қуатын ауа арқылы қалаған жеріне жеткізе алатын аппарат идеясын болжалдаған, көлемді “Жетінші толқын” повесін дүниеге әкелді. ҒФ-ның “әлемдік стандартына” алғаш қадамдар жасай бастаған, өткен ғасырдың 50-60-шы жылдарындағы Қазақ политехникалық институтының түлегі. Ш. Әбдіраманов (мұның да мамандығы – геолог) та негізгі желісін өзіне жақсы таныс ғылым саласында қалам тартумен творчестволық жолын байқатқан-ды. Оның сол тұстары шыққан “Көрінбес қорған” жинағы, кейінірек “Әл-Фараби көпірі“ және “Әл-Мисақ” кітаптарының негізгі желілері геология мен техника проблемаларын “фантастика призмасына” салады. Сол романтикалық геология мамандығының бір иесі – С. Қышқашевтың “Таң арайлап келеді” жинағын жүзеге шығарған тұсы осы кездері еді. Келтіріп отырған авторларға қарап, “қазақ фантастикасы өзінің кемелдену кезеңінің алғашқы жылдарында тек қана геология тақырыбымен “күнелткен” екен, оның тірегі геологтар болған көрінеді” дегендей әнтек пікір тумаса керек.

Қазақ ҒФ-сының өрлеуіне басқа да “нақтылы” ғылымдар өкілдері де атсалысты. Мәселен, мамандығы – физик, қазірде физика-математика ғылымдарының докторы, Р. Баймаханов “Шайтанқұмда жоғалған бала” және “Қаратауға қонған жұмбақ кеме” жинақтарын шығарды. Инженер Р. Бектібаев өзінің “Нейтроит”, “Ионосферадағы алаң”, “Происшествие в день отдыха” және “Қайта оралған Қорқыт ата” кітаптарымен ғылымның физика, химия, астрономия т.б. салаларында озық ойлы болжам идеяларын детективті көркем мәнермен беруге ұмтылды. Ол талпыныстары көптеген тұстарда ойдағыдай боп шығып жатқанын да айта кеткен абзал. Алғашқы онжылдықтарда медициналық қиял да “құралақан” қалған жоқ. Оған медицина ғылымының кандидаты С. Ғаббасов “Кәусар” атты ғылыми-фантастикалық романымен өз үлесін қосты. Аталмыш көлемді шығармада адамзаттың өмірі мен тұрмысын биологиялық тәсілмен түбірімен жақсарту мәселесі көтеріледі. Өз мамандығы астроном болғанмен, биология проблемасына С. Исақов та көбіне-көп “алаңдаушылық білдіреді”. Мұндай пікір айтуымызға автордың “Белгісіз аралда болған оқиға”, “Қызыл сәуле” және “Ақталған үміт” атты ғылыми-фантастикалық повестері түрткі болып отыр. Бұл туындыларында қиялгер алда күтіп тұрған қыруар да адам ойына келе бермейтін тосын жаңалықтарын ҒФ әлеміне әкеледі...

Сүйтіп, аталмыш “толқын” жанрда ҒФ-ның алғаш бет-бағдарын белгіледі деуге болар. Олар творчестволарының басым бөлігі Жер планетасындағы болашақтың ғылым идеяларын өз шығармаларында негізгі проблема, басты желі етіп алған-ды. Алайда, сол тұстағы авторлардың ғылым мен техниканың келешегін болжалдаған шығармаларынан, әсіресе орыс әдебиетінде осы тақырыпты көтерген кейбір дарынсыздау қиялгерлерінің солғын туындыларына еліктеген сәттері де ұшырасады. Ондай сәттерге зерттеудің өн бойында пікір айтылды.

Дегенмен де, А. Машановтан басталған сол ҒФ-ның басым көпшілігі өздерінің басқалардан ерекшеліктерімен көз тартады. Яғни ол дүниелер, бәрінен бұрын, фантастикалық ғылыми идеялар қазақ халқының мінез-құлығымен, бұрынғы өткен тарихи жолының ғылым саласында алдағы уақыттарда творчестволық заңи жалғасы есепті оқырман тарапынан түсіністікпен қабылданатыны күмән келтірмес деп түйіндейміз.

Бұл, жоғарыда аттары, шығармалары, қозғаған тақырыптары, ұсынған идеялары сөз болған авторларға қарап, “қазақ фантастикалық әдебиетінің қазіргі кемелдену кезеңінің негізін тек ғана нақтылы ғылым мамандары салған көрінеді” дегендей түйіндеу жасалмағаны жөн. Өйткені, тап сол тұстары әлгі геолог, механик, физик, химик, медик т.б. мамандармен бірге-қатар әдебиетшілер де, журналистер де атсалысқаны – ақиқат.

Солардың алдыңғыларының бірі – әдебиетші Т. Сұлтанбеков. Оның “Көшпелі алтын“ және “Лұхман Хакім” ғылыми-фантастикалық кітаптары, сөзсіз, біздің фантастика шаруашылығымызда өзіндік елеулі орнын алуы тиіс. Автор не астроном, не физик, не медик тағы басқа да мамандық иесі болмағанмен, сол салаларда кенеттен, оқшау ой айта білетін. Оның алғашқы “Көшпелі алтын” кітабының аннотациясында: “Әңгімелерінің негізгі тақырыбы – табиғаттың құпия сырын ашу, оны адам санасына бағындырып, адам баласының игілігі үшін қызмет еттіру. Адам организміндегі физиологиялық процестердің жұмбақ сырын ашу”, – десе, келесі “Лұхман Хакім” туындысының аннотациясында: “Бұл кітабындағы әңгімелерін де Талап әртүрлі тақырыптағы ғылыми фантастикаға құрған”, – деп бағалайды. Ізденуші осы пікірлерге қосылады.

Қазақ фантастика жанрының активіне енген қиялгер-жазушы Ш. Әлімбаев творчествосының барлығынан дерлік өз ұлтының характері бірден көзге ұрса керек. Оның көлемі жағынан әр түрлі болғанымен, “Данышпандық субстанциясы”, “Данышпандық альфасы” және “Данышпандық формуласы” атты толыққанды трилогиясы да қиялға құрылған ғылым идеяларын пәш етеді. Өмірден ерте кеткен қиялгер-жазушы Т. Шахановтың “Көгілдір мұнаралар” және “Жоғалған жәуһар” кітаптары да кісілікті, мейірімділікті, мархабаттылықты ту ғып көтереді. Бұл дүниелердің біріншісінде адам қолынан туған роботтар алғашында өктемшілік қылғанмен, ақыр-соңында өздерін дүниеге әкелген саналы тіршілік иелерін мойындап жатады. Екіншілерінде космостың бір түкпірінде планетаға төнген ажал қаупінен Жер планетасының азаматтары құтқарып алып жатады... Аталмыш автордың бұлардан да басқа туындыларына жасалған талдауды осы тараудың өн бойынан ұшырастыруға болады...

Мамандығы – журналист Ж. Сахиевтің екінші “Борыш” ғылыми-фантастикалық кітабына “Қайырлы қадам” деп тақырып қойып, жазған алғысөзінде ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі А. Машанов: “...Жүністі қазақ халқының адамдық рухани қасиеті мен озық ойын халықаралық аренада таныта алатын жазушы деп білемін”, – деген-ді. Өзі де қазақтың тұңғыш қиялгер-жазушысы саналатын, шынайы оқымысты А. Машанов тегін айтпаған болса керек. Осы пікірдің ақиқатқа тақаулығын аталмыш автордың “тұңғышы” – “Тіршілік ұясы”, одан кейінгілері – “Шеңбердің түйісуі”, “Борыш” және “Көктен келген көшпенділер” кітаптарындағы әңгіме, повесть, романдардың қай-қайсысының да ғылыми-фантастикалық идеялары көптеген жағайларда оқырман көкейінен шығып жатады.

Қазақ балалар әдебиетінде аты мәлім М. Гумеров те осы тілге тиек етіліп отырған жанр саласында өзінің творчестволық потенциалын байқап көрген. Ол тырнақалдысы сәтсіз де емес секілді. “Жұмбақ сәуле” аталатын көлемді повесіне автор “памфлет” деп айдар таққан. Онда космостың бір түкпіріндегі Аран планетасындағы қым-қиғаш уақиғалар баяндалады. Арандықтар шарықтап өскен ғылым мен техникасының арқасында өздеріне көмекші болып, қолғабыс тигізер деген ниетпен әр түрлі жарым-жартылай биологиялық, жарым-жартылай әр алуан материалдан жасап шығарған киберлерімен арасында бітіспес наразылық туады. Оның басты себебі – саналы тірлік иелері мен жасанды конструкциялардың планета билігіне таласы. Міне, мұндай мәнерде жазылған туынды да, әрине, ғылыми фантастика “ауылының” активіне енсе керек.

Осы тараудың теориялық тұғырын айқындау хақында бір атақты тұлғаның түйіндемелерін келтірудің иіні бар деп білеміз. Америка физигі, химия профессоры, қоғамдық ғылымдардың докторы, Нобель сыйлығының лауреаты Г.Т. Сиборг “Ғылым бізді қайда апара жатыр?” деген мақаласын: “Ғылым мен техника көптеген ғасырлар бойы сағым болып келе жатқан адамзат арманын жүзеге асыруға көмектесетініне сенемін. Соңғы онжылдықтардағы жетістіктер біздің ұғымымызды едәуір ұлғайтты. Ол бізге мол білім мен қыруар жаңа да тамаша өндіріс құралдарын берді. Ол, егер біз қазіргі жетістіктерге сүйеніп алға жылжи берсек, шындыққа айналатын ғажайып жаңа әлемнің елесін көрсетеді” /Будущее науки. Международный ежедневник. Выпуск третий. – М.: Знание, 1970. – 80-81 бб./, – деп аяқтаған-ды. Сол елесті шындыққа айналдырып, нақты дүниеге енгізіп, кәдеге асыру бірінші кезекте, ҒФ-ның мойнында. Бір жақсы жері – мойнындағы міндетті қиялгерлер, оның ішінде қазақ жазушылары да біледі. Біледі де, сол бағытта еңбек етуде.

Сонда, ҒФ-мыздың үлкен әдебиет табалдырығын аттағанына бас-аяғы жарты ғасырдың шамасында келелі дүниелер беріп тастағанына қазірде куәгер болып отырмыз. Мұндай тарихи қысқа мерзім ішінде осыншама табысқа қол жеткізуге, негізінен, үш фактор жетекші роль атқарды деп білеміз. Біріншіден, С. Мұқанов, С. Сейфуллин, М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов т.с.с. сөз өнерінің саңылақтарының әдеби-творчестволық шеберханасынан жас талапкер-қиялгерлердің дұрыс дәріс ала білгендігі. Екіншіден, іргелі ғылым негіздерін сол кездерде меңгеруге бет алған жоғары білікті мамандардың жазу шаруашылығына батыл барғандары. Үшіншіден, өткен ғасырдың орта шенінде әлемдік фантастиканың Ренессанс дәуірінде оған дейін де, одан кейін де қолы жеткен тамаша үлгілерімен ізденімпаз өспірімдеріміз жете танысып, сол интеллектілік қырларын өз шығармашылық тәжірибелерінде ұтырлы, ұтымды қолдана білгендері. Міне, осы үштағанның арқасында ҒФ оқырман талабына сай әдебиет орбитасына көтеріле алды деп есептейміз.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   19




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет