Оқулықнама Аңдатпа



жүктеу 4.93 Mb.
бет12/19
Дата09.06.2016
өлшемі4.93 Mb.
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   19

Міне, екі пессимистің кредосы. Ал біздердің арман-мақсатымыз бұларға қарама-қарсы келеді. Біз өз ғылыми-фантастикалық және қоғамдық-әлеуметтік идеалымызды оқушы сарабына салу үшін космосты таңдап аламыз. Былайша айтсақ, “ғарыш – біздің ғылыми да, рухани да тәжірибе алаңымыз”.

Бұл саладағы идеологиялық қақтығысқа қазақ әдебиетінің алыбы М. Әуезов те араласты. Жазушының фантастикалық пьеса-дилогиясының екінші пьесасын соның куәсі деп білеміз. Шартты түрде “Елу жылдан соң” деп аталып жүрген пьесаның жасалған кең жоспарының өзі талай-талай қызықты ойларды, тамаша-тамаша ғарыштық ғылыми-фантастикалық салмақты идеяларды аңғартады.

Пьесаның негізгі кейіпкерлері – Делдал, Гүлжан, Биби ғарышты үрейлі қара түнек, тірлік дүние деп білмейді. Керісінше, оны өздерінің ғылыми-эксперимент жасайтын творчестволық лабораториясы деп ұғады. Олар өздерінің Жерде, “зор қала, өнер, білім, байлық ордасы – Ұланбелде” жасаған аппарттарын космоста сынаудан тайынбайды. “Елу жыл бұрын спутниктер болған. Қатынас ретінде Ұланбелде түйе, жылқы көлік еді. Бүгін сол Ұланбел қызы ракетамен Айды айналып ұшып қайтты”.

Еңбегіміздің осының алдындағы тарауында М. Әуезовтің аталмыш пьеса-дилогиясының әлеуметтік қиял қорына қосылғанына тоқталғандықтан, бұл тұста қозғап отырған проблемамыздың басқа аспектісіне қатысты қайта оралып отырмыз. Ол – пьесаның космосқа қатысты ғылыми-фантастикалық жағы. М. Әуезов космосты тек қана ғылым аренасы деп білумен шектеліп қалмайды. Сонымен қатар ол адамгершілік, кісінің бір-бірін сыйлау, бірін бірі сүю аренасы бола алады деп біледі. Аспан төсін айқыш-ұйқыш тіліп ұша жүріп, Гүлжан “мен сүйемін” деп, Делдалға шифрограмма жібереді.

Бұның астарында не жатыр? Адам космосқа шығады. Сонда жүріп өзінің сезімін білдіріп, Жерге хабар береді. Демек, адам сезімі ғарыш үшін де жат болмағаны. Демек, адам ол ортада да сүйе алады, адам онда да өзінің кісілік қатынасын жоймайды. Демек, адам космоста да өзінің бекзаттық адами қасиетін сақтап қала алады. Сақтап қалмақ түгіл, ол сезімін айқындай, өткірлей түседі. Міне, осы – М. Әуезовтің кредосы. Кейбір пессимистерге соққы беретін кредо.

Тағы бір мысал – қиялгер-жазушы марқұм Т. Шахановтың “Төртінші планета” деген новелласы. Жерден барған Кеңес ғарышкерлері Төртінші планетаның трагедиясына куә болады. Мұнда да адамдар қиялға құлаш ұрып қуаныпты, күйініпті. Өзінің Жерұйығын іздеп, Желмаяға мініп, дамыл көрмепті. Ақыры өркениеттің шыңына шығып, атом бомбасын жасаған. Ол жаңалық өздеріне жау боп шығады. Себебі, олар еңбек етуден бас тартып тоқмейілсіп, өздері кибернетикалық Ми аппаратын жасап, бас биліктерін солардың еріктеріне беріп қояды. Соның ақырында соғыс өрті тұтанып, Төртінші планетаның иелері жеңіліс табады. Тірі қалғандарын роботтар тұтқынға алады. Ми солармен бірге Кеңес автоматтарын да тұтқындайды. Жер планетасы өкілдері арқасында көтеріліс жасалып, Төртінші планета иелері өз үстемдіктерін қайтадан орнатады.

Мұндағы автордың айтпағы не? Ол – адамның асқақ та қайырымды кісілік қасиетін паш ету. Оның қай уақытта да өз қолынан туған машинадан биік боп тұратынын тағы да ескерту. Өйткені, соңғы кезде кейбір қиялгерлердің адамнан машинаны жоғары қою тенденциясы жиірек көрінуде. Мысалы, француз журналисі Пьеретта Сартен былай дейді: “Машина құлдан гөрі қожаға айналып барады, оның адамға қызмет жасағанынан да, адамның оған көрсеткен қызметі көп. Қазір ол (машина. – А.-Х.М.) тек жұмыста емес, үйде де билік жүргізеді”.

Әр жерден бой көрсетіп қалып жүрген осындай пікірлер турасында “Адамдар мен мүліктер” әлеуметтанушы, философия ғылымының докторы Г. Волков: “Осы заманғы “индустриялы өркениет” хақындағы социологиялық трактаттарды оқып отырғанда, өз иелеріне қарсы шыққан мүліктер жөніндегі ескінің деген еңбегінде аңыздары шындыққа айналған сияқты болып көрініп кетеді. Оларда ғылым мен техниканың бақылаусыз, жүгенсіз кеткені суреттеледі” /Литературная газета. –1969. – 6 наурыз/, – деп жазады. Т. Шахановтың “Төртінші планета” новелласы сол идеяға соққы береді. Бұл мысал – ғарыш тақырыбына әлеуметтік фантастика көзімен қараудың үлгісі.

Қазақ әдебиетінде ғарышты ғылыми гипотезалар, батыл да қызықты болжалдар жасауға пайдаланатын творчестволық зертхана тұрғысынан қараушылар да бар. Олар тіпті космос фантастикасы саласында жазылған шығармалардың басым көпшілік бөлімін құрайды. Олардың ішінде ең көрнектілері де, қызықтылары да – Т. Сұлтанбековтың туындылары. Оқырман ойламаған жерде автор кенет бір бұрылыс жасап, нағыз фантастикалық идеялар айтуға шебер. Адамның іші жылитын жері – сол бір қараған көзге жаранаға жуыспайтын, ақылға қонбайтын фантастикалық идеяларды түсіндіріп бергенде, “ия, дүниеде сондай құбылыс болуы мүмкін екен-ау” дегендей ойға әркім-ақ келеді.

Мысалы: “Хат” әңгімесі. Шығармада дүйсенбі күні кешкісін әңгіменің бас кейіпкері – Шыңғай кезекті геологиялық барлаудан қайтып келе жатады. Кенет ені он бес-жиырма метрдей келетін, өзі беттескен қос табақ тәрізді нәрсе шайдай ашық аспаннан оған тіке шүйіліп келеді. “Табақтың” шетіндегі сұрғылт нәрсе ұйытқып, құйындап ішкі табаққа үйіріле қайта теуіп тұрған ауа ағыны сияқты. Ол дене белгісіз бір күш арқылы Шыңғайдың сезімін баурап алады. Оның көз алдына Галактиканың, оның жұлдыздарының кескіндемесін әкеледі. Бас кейіпкер Жетіқарақшы, Ақбозат, Темірқазықты көреді. Енді Шыңғайдың өзіне сөз берейік: “Кенет сол планеталар арасынан мен манадан көріп тұрған табақша бұлт пайда бола қалды. Ызғып қозғалып барады. Бұлттан қара-қызғылт от шығып, оны ілгері итеріп бара жатқандай. “Бұлт” біздің Күннен екінші тұрған планетаға келді. Мен ішімнен Шолпан планетасы деп тұрмын. Сол сәтте Шолпан үлкейе бастады. Біздің Жерге керемет ұқсас. Бірақ үсті толқындалған мұхит. Кейбір жерден ғана сорайған жақпар тастар бар арал көрінеді. Табақ су астына сүңгіп жөнелді. Мен оның ізімен келе жатырмын”. Осындай әдіспен шығарма қаһарманы Күн системасындағы планеталарды аралап шығады. Көрген-білгенін “М-43” экспедициясының партия бастығы Мәкейге айтады. Сонда Мәкей тұжырым жасайды. Оның ойынша, әлгі табақша – хат. Ғарыштан келген хат. Шыңғайдың көрген елесі, ойша сонда сапар шегуі – әлгі хатта жазылған ойлар.

Автор Жерге табақша түріндегі хатты қондыруымен және Шыңғайға саяхат жасаттыру арқылы бірқатар фантастикалық идеялар айтады. Жазушының ойынша, біздің Күн жүйемізде бұрын Фаэтон планетасы болған, қазірде Трансплутон планетасы бар. Табақша күйіндегі хат радиотолқындарды жұтып алады, кері шағылыстырмайды. Олар аннигиляция процесін де игеріп алған. Антипротон. антинейтронды қолдан жасаулары да мүмкін...

Міне, көлемі шағын әңгімеде осындай қызықты-қызықты болжал ойлар айтылады. Ұшан теңіз Галактиканың бір түпкіріндегі саналы тіршілік иелері табақша түрінде хат жолдауымен оқушыға қазір космогония (немесе И. Шкловский айтқандай – “космософия”) ғылымында шешілуге тиісті жауабын күтіп тұрған бірсыпыра мәселелерден мәлімет береді. Оқырманды соны шешуге итермелейді.

Т. Сұлтанбеков басқа планетадан Жерге ғарышкерлер келуі мүмкін деген идеяны “Көшпелі алтын” жинағындағы “Жүлдызат” әңгімесінде де пайдаланады. Автордың жазуы: “Аспан денесінің түр формасы біртүрлі ғажап. Ол сай табанына жақындағанша сан рет құбылады. Біресе сүйірленіп, біресе көлбеп, сынапша толқиды. Ентігіп дем алғандай сусып созылып, бірден жіңішкеріп кетеді. Бірте-бірте ол қанатын жайып барып Жерге қонады. Оның өзінде де тиянақ таба алмағандай лықсып, толықсып, тіпті орғып тұр... Мүның аспан әлемінің бір түпкірінен келген ракета кеме екендігі ешбір күмәнсіз болды”. Осы уақиғамен әңгімеде Дәурен деген баланың күнделігінен танысамыз. Бала ғарыштан келген қонақтардың қолы жеткен табыстарының куәсі болады: қонақтар кәдімгі сәуледен түрлі аспаптар жасай алады екен.

Жылқы бағып жүрген баланың қасына ғарыш кемесін қондырып, оның іс-қимылын көрсеткенде жазушы не мақсат ойлаған? Сонда аспанның бір түпкіріндегі бір планетада ғылымы мен техникасы бізден озық саналы тіршілік иелері бар дегенді айтқысы келді ме екен? Жоқ. Біздің ойымызша, ондай болмаса керек. Бұл жерде жазушы әлі ғылымымызда жоқ жаңалыққа Аспан арқылы, космостың көмегімен түрткі салғысы келіп отыр. “Бөтен жұлдыздарда осындай да болар” деген өзінің ой-қиялын біздің алдымызға тартып отыр. Бұл жерде біз жазушылардың ғарышты ғылыми-фантастикалық идеялар туғызу үшін пайдалануға болатынына куәгерміз.

Аспан әлемінің басқа планеталдарындағы саналы тіршілік иелері Жерге сапар шегуі мүмкін дегенді “Көгілдір мұнаралар” жинағындағы Т. Шахановтың “Олар екеу еді...” әңгімесі де қолдайды. Бірақ, мұнда шынында да Жерде болған уақиға негізге алынады. Ол – Тұңғыз метеориті. 1908 жылы Сібірге түскен бұл метеорит турасында талай жазушылар қалам тартты. “Мысалы: аталмыш метеориттің проблемасына кереметтей қызығушылық, соның төңірегінде туған қызу айтыс, гипотеза, ақырында ғылыми экспедициялардың шығарылуы фантастикалық жорамалдарға байланысты емес пе екен? Тек қиялгердің болжалдарынан кейін ғана әлі күнге дейін бір тоқтамай келе жатқан Тұңғыз ғаламатын зерттеу қайта басталғаны тегіннен тегін емес”, – дейді қиял әдебиетінің тарихын зерттеуге мол еңбек сіңірген Борис Ляпунов “Тағы да Тұңғызы метеориты жөнінде” аталатын мақаласында.

Ғылымда осындай келелі пікір туғызушы шығармалардың ішінде көлемдісі де қызғылықтысы – поляк қиялгері Ст.Лемнің “Астронавтар” романы. Ол Тұңғыз метеоритін зымыран деп санайды. Кеңес әдебиетінде Марстан келген ғарыш кемесі деген болжамды алғаш айтқан қазіргі орыс фантастикасының бір ақсақалы, бұдан 90 жылдай бұрын кіндігі Ақмолада кесілген, негізгі мамандығы – инженер Александр Казанцев еді. “Соңғы мәліметтерге қарағанда, Кеңес Одағының өзінде сол метеориттің шығу тегін сан саққа жүгіртетін 5-сыныптың оқушысынан бастап, профессорға дейін әртүрлі адамдардың ұсынған 100-ге таяу идеясы бар көрінеді” /Юный техник. – 24 б./, – деп жазғаны бар.

Қазірде қазақ фантастикасында да Тұңғыз метеориті Жерден тыс ғарыш денесіндегі саналы тіршілік иелерінің қолынан туған нәрсе дейтін, бірақ оған әртүрлі түсінік беретін, сан алуан ғылыми-фантастикалық идеялар ұсынатын ірілі-ұсақты шығармалар ондап саналады. Т. Шаханов та бұл тақырыпқа өзінше келеді. Ана дүниеден (автор “Антимир” дейді) екі адам Жерге келеді. Жер адамымен сөйлесу үстінде Сібір метеоритін өздері жібергенін айтады. Кеменің бортындағы аға ұшқыштың соңғы мәлімдемесін тыңдатады. “Сөйлеп тұрған Гур! Сөйлеп тұрған Гур! – Сатыр-сұтыр еткен ауа толқынының ар жағынан шыққан дауыс біртүрлі қатаң естіледі. – Кеш қимылдап қалдық. Енді бізді ешкім де апаттан сақтай алмайды. Күн системасы қауіпке толы, әсіресе біздер үшін. Қорғау торабы қысымға шыдамай күйіп кетті. Жерде өмір бар сияқты. Пәленің бәрі атмосферадағы зарядтарда. Олар не болсын құртып жібереді. Олардан сақтана алмайсың...”, – дейді ол. Сонда ана дүниедегі саналы тіршілік иелерінің Жерге кемені жібергендегі басты себебі – өз еліндегі тап күресін қалай жүргізудің жолын білу. Оны біле алмай ғарыш кемесі жанып кетсе, кейінгі келген екі жолаушы – “ана дүние” революционерлерінің өкілдері – оны көздерімен көрді, білді. Жерден кері ұшарында олар: “Шамалы уақыт ішінде Жердің бірталайын араладық. Күрес жолында жіберген қателерімізді түсіндік. Жер тамаша екен. Бақыт та, қуаныш та осында. Біз халыққа бостандық әперетін жолды енді жақсы білеміз”, – дейді “Олар екеу еді...” тақырыпты әңгімесінде.

Бұл әңгімедегі автордың идеясы белгілі. Тұңғыз метеоритін әділетсіздікке қарсы, теңдік, бостандық үшін бас көтерген ана дүниедегі қаһарман таптың жолаушылап жіберген кемесі деп санау. Әсіресе бұл ғылыми-фантастикалық идеяның әлеуметтік көзқарасқа ұштасып жатқан жері – өте құптарлық.

Космос – біздің асқақ арманымызды, тәтті қиялмызды ғана паш ететін әдебиет әлемі емес. Ол – адамзаттың осыған дейін қолы жеткен табыстарын онан әрі де жетілдіре түсуге итермелеуші майдан алаңы ғана емес. Сонымен бірге ол – әр түрлі мүмкін-ау деген өмір формасы жөнінде қиял жүгіртетін ұшан-теңіз шалқар кеңістік.

Мәскеудегі “Мир” баспасы тек қана ғарыш тақырыбына жазылған шетел қиялгерлерінің туындыларының бір томдығын шығарғанда, оған берілген алғы сөзді “Қиял қоныс тепкізген” деп атаған-ды. Рас, жұлдызды көк – жалғыз қиялдың арқасында жасалған белгілі бір елдері, планеталары, саналы тіршілік иелері бар әлем. Күні кешегі Америка Қүрама Штаттарының “Апполон” сериялы ғарыш кемелерінің Айға қонуын әлі де қиялға қуып жеттік деп есептеуге болмайды. Себебі: қазіргі ғылыми фантастика ол түгіл, Күн жүйесіндегі планеталардың да “тыңын игеріп”, оларды да түрлі-түрлі тіршілік иелерімен, роботтармен және де басқа автоматтармен қоныстандырған. Қазірде қиял оқырманын Галактиканың бөтен Күн әлемдеріне жетелеуде. Бұл салада жазушылардың қиял диапазоны кеңіп, ғылыми-фантастиалық ойлары түрлене түседі.

Оның бір мысалы Т. Сұлтанбековтың “Ғажайып планета” новелласы. “Байқоңыр – 12” зымыраны бір экспедициядан қайтып келе жатқанда, оталғыш жүйесінен кілтипан шығады. Сондықтан орбитасы Қосжұлдыздың ортасынан өтетін алып сарғыш планетаға амалсыз қонуға мәжбүр болады. Ол планета тұрған бойымен өте ерекше көрінеді.

“Оның бетіне метеорит болып балықтар түседі. Планета атмосферасы жөңкіліп жүрген сүлік тәріздес “құстарға” толы. Кәдімгі бір мұхит сияқты дөңбекшіп шалқып, толқын атып жатқандай. Әредік, әредік жарқылдап от шығады... Атмосферада белок пен көміртегі орасан көп мөлшерде шоғырланған. Бұған қарағанда, планетадағы тіршілік мөлшерлі шамасынан мүлде асып кеткен тәрізді. Кеме аспаптары планета үстінде оттегін бөліп шығаратын қуатты көздер бар екенін тіркеді... Планетадағы фотосинтез процесі атмосфераның жоғарғы қабаттарында жүреді екен. Яғни біздің Жер бетінде өсімдік топырақта өсіп-өніп, олар алуан түрлі формада табиғаттың, ауа райының ыңғайына қарай икемделсе, мұнда тіпті де олай емес. Өсімдік атаулы ауада жүзіп жүретін көрінеді. Шайтан білсін, олардың қандай формада екенін?! Ұсақ полимерлер тізбегі болуы ғажап емес. Жай көзге көрінбейді. Мөп-мөлдір... Анау көрінген жасыл жолақтар солардың күнге шағылысқан нұры... Атмосфера биотоктың аса қуатты разрядына бөгіп тұр. Мұнда бәрі өзгеше. Табан астындағы қара жерге бұрғы салып жіберсең, топырақ орнына қоймалжың көкшіл сұйық ағады. “Үп” деген жел болмаса да, ағаш бұтақтары ысқырып, бірін-бірі соққылап жатады. Аспанда кеспелтек-кеспелтек бөренелер ұшып жүреді. Әлгі ағаштың бұтақтары ол бөренелерді қағып алып, ауыз тәріздес бір қуысқа тығып жатады. Бұлардың өздерінің де жаны бар сияқты. Планета бетінде анда-санда пайда болатын ыстық леп адамды ұйықтата алады...”.

“Байқоңыр – 12” зымыранындағы биолог Туранов жан-жақты зерттеуден кейін “планетаның жаны бар” деген тұжырымға келеді. “Космостық табиғаттың адам сияқты тірі организмді дүниеге тудыруы тіпті ғажап емес пе! “Бұл да сондай құбылыс, – дейді биолог. – Жер бетіндегі тіршілік ауа райына байланысты мың құбылған формада өсіп-өнді. Ал бұл планетаға ондай форманың қажеті жоқ. Олар ортақ биогравитациялық заңға бағынған”.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Раушанбек Бектібаевтың “Сәтсіз сапар” әңгімесін қарайықшы. “Жергілікті уақытпен бір сағаттай планетаны айнала ұшып, олардың тіршілігін, мәдениетін (?) зерттеген болдым. Бізге ұқсас тіршілік иесін көргенімде, таңданысымызда шек болмады (?). Күдігімнен үмітім күшейе түсті (?). Байланысқа шықтым. Радиотолқын, лазерлік жиілік олар хабарлайтын ешбір толқын ұзындығына сәйкес келмеді... Зерттеу кезінде байқағаным: біздің уақытпен есептегенде, алпыс сағат сайын жыл мезгілі өзгеріп отырады да, он минут сайын түні мен күні кезектеседі. Планета өз кіндігінен жылдам айналады екен. Біздің өмірдің бәрі жәй қимыл мен мезгілге бейімделген басым бұлардың зымыраған уақытын түсінбедім... Планетаға қонуға жақындағанымда ұлы суларда жүзіп жүрген машиналарды көрдім... Менің фотоноходымды қоршаған нейтротолқын жиілігі бұлардың қандай болмасын байланыс толқын жиіліктерін өз ырқына көндіріп алады екен...”.

Байқап отырсыздар. Меніңше, автор өзі суреттеуге талпынып отырған планетасының келбетін өзі де айқын ажырата алмайтын секілді. Сондықтан да біздің тарапымыздан бірсыпыра сұрақтар тууы заңды болмақ. Біріншіден: “Жергілікті уақытпен бір сағаттай айнала ұшып, олардың... мәдениетін зерттеген болдым” дейді. Қалайша? Сондай қалықтап жүріп, мәдениет зерттеле ме екен?.. Екіншіден: әңгіме кейіпкері ол планетадан өзі тәріздес гомоноид көргенде “таңданысымда шек болмады” және “күдігімнен үмітім күшейе түсті” дейді. Неге? Түсініксіз... Үшіншіден: “он минут сайын түні мен күні кезектеседі”. Мұндай шапшаңдықпен өз осінен айналатын аспан денесінің үстінде ешқандай саналы тіршілік, тұрмыс болмауға тиіс. Біздің классикалық физиканың заңдылығы бойынша да. Космостық гравитацияның тәртібі бойынша да... Демек, Галактика бауырындағы біздерге беймәлім кезбе денелерді ерекшелентіп бейнелеуде осылар тәріздес сәйкессіздіктерге ұрынбас үшін қиялгер жазушылар тарапынан үлкен сақтық жасау талап етілсе керек.

Өз творчествосында кейіпкерлеріне ұшырасатын әлгіндей басқа планеталарды Төлеш Сүлейменов те фантастика өрісіне енетін басқа объектілермен қатар суреттеуге тырысатын-ды. Мысалы: оның он бір уақиғадан тұратын “Алианна – жұмбақ нысан” атты повесінен де бөтен аспан денесінің, ондағы тіршілік иелерінің бейнелерімен танысамыз.

Марстың мөлдір жандарын автор былайша кескіндейді. “Иә, көрінбейді. Біз бен олардың арасын бөліп тұратын миррон (гипотезалық бөлшек. Ағылшын тілінде бұл сөз “айна” немесе “мөлдір” деген мағына білдіреді) атты мөлдір бөлшек заттар бар екен. Сондықтан да біз өмір сүріп отырған дүние мөлдір әлеммен гравитациялық тартылыс күші арқылы ғана әрекетте боламыз. Оларға басқа ешқандай әсер ықпал етпейді. Тіпті электромагнитті өріс те орын алмаған (?). Міне, осындай қасиеттердің негізінде мөлдір заттар миррон арқылы кейде біздің дүние ауысқанымен, адамзат әлемінің бөлшектерімен тым әлсіз әрекеттеседі (?). Осыған орай мөлдір заттарды көре алмаймыз...

Ауаның ыдырауы мөлдір адамдардың (?) бізге қарай өтуіне мүмкіндік туғызады екен. Марста бұл құбылыстың жиі аңғарылатыны – ауасының сұйықтығына (?) байланысты деп шешті жуырда бір ғалым”.

Тұстарына сұрақ белгісі қойылған орашолақ сөйлемдерден басқа да повесть кейіпкері кәсіпқой ғарышкер Сәдімнің осы айтқанына қалайша иланарсыз? Бұл Марстағы тіршілік иелері болуы мүмкін деген фантастикалық идеяның бір нұсқасы шығар дейік. Мейлі ғой. Осы тұста автордың жағасына жармаспай-ақ қояйық. Дегенмен де екі ескертпе жасаудың ұтыры келіп отыр. Біріншісі – “мөлдір жандарды” бүгінде едәуір дәрежеде зерттеліп, бірсыпыра табиғат сыры ашылған “мына тұрған” Марстан “табу” керек пе еді? Екіншісі – осы “мөлдір жандар” көлемі едәуір бар повестің қалған өне бойында көлбеңдеп жүріп, шешуші шаруалар тындырған емес. Демек, күллі денедегі зияны тимесе, пайдасы жоқ соқырішек секілді...

Туындының тағы бір қиялына келейік. “Марс жандары от пышағын – от ағзанның клеткаларын қолма-қол тежеп, қимылдатпай тастайтын затты ойлап тауып (?) тіршілік атаулыны әп-сәтте жоятын құралды жасаған еді. Соның нәтижесінде мұның тау-тасы көкке бұршақтай атылып, май құйғандай топырағы жанып, мына жатқан өркеш-өркеш құм төбелері пайда болған”, – деген жолдар да бар повесте.

Бұл не дегені? Мұнысымен автор не айтпақ болғаны? Түсіне алмадық. Туындыгер айтқандай, “тіршілік атаулыны әп-сәтте жоятын құралды жасаған еді”. Сол “от-пышақтың” “қолынан келгені” осы болғаны ма? Мұнысы қисыны ешқандай жаранаға жуыспай тұрғанын кез келген оқырман бірден тап басып табатынына күмән бола қоймас...

Жалпы, қиялдағы фантастикалық қаһарман жасау проблемасына келсек, автор оны екінші кезекке, іргеге ысырып тастай береді екен. Ғарышкер-академик Сәдім Әшімов те, астрофизик Қамбар Халықов та шығарманың өн бойында ғылым құпияларын баяндай беруші лектор дәрежесінен аса алмаған...

Тағы бір автор С. Ғаббасов фантастикалық “Кәусәр” романында өз жанынан шығарып, космостағы өз қаһармандары ұшырасқан бір планетаның ерекше кескін-келбетін өз қиялымен жасауға тырысады. Оны мына сөйлемдерден көреміз:

“Нұр планетасының диаметрі Жердің диаметрінен – 3,7 есе, көлемі 440 еседей үлкен. Былайша айтқанда, Юпитер көлемінің үштен біріндей. Оны айналып жүрген он түрлі серіктерінің әрқайсысының көлемі Ай көлемінен әлдеқайда үлкен. Осы өзіміз мекендеп отырған серігінің өзі Жердің көлемінен сәл ғана кішілеу екендігі анықталып отыр. Нұр планетасының үстіндегі табиғи жағдай мынау өзіміз үстінде отырған серігінің табиғатынан әлдеқайда құнарлығымен ерекшеленеді. Тіпті басқа серіктерінің де құнарлылығы анағұрлым артық екендігімен таңырқатып отыр (?). Турасын айтсақ, мұның өзі адамзат келешегінің таңғажайып өріске шығатынын аңғартса керек (?). Біздің жан-жақты зерттеп алып отырған деректеріміз бойынша, осынау Нұр планетасының жүйесіне енетін он түрлі аспан денелеріндегі тіршіліктің негізі қалдықсыз қорекпен ауа арқылы алмасатындығы, тірі организмдегі зат алмасуының, Жердегімен салыстырғанда, мүлде басқаша екендігін өзіміз көріп отырған жоқпыз ба?!”.

Көлемі біршама едәуір бар роман есебінде ұсынып отырған “Кәусар” атты нәрсесінде осыған дейін бірталай кітаптың иесі болған, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Советхан Ғаббасов бөтен планетаның моделін жасау жолында осынысымен не айтпақ? Фантастикалық идеяларын былай қойғанда, өзін “бағалай білетінң жазушы оқырманға айтарын ұғынықты жеткізіп бермес пе екен?!. Медик-ғалым, Жазушылар одағының белді мүшесі фантастикаға осылай қарар ма екен?!. Мұнымен танысқанда, оқырманның сөзсіз қарны ашады!..

Шет планетаның бірінің тұрмыс келбетін қиялгер-жазушы С. Исақов та бейнелеуге талпынады. Оның “Таңғажайып сапар” әңгімесіндегі “Бақыт” планетасының сипаты мынау: “Кәмелетке жеткен соң бар бітіретін жұмыстары – демалыс қалаларын аралап жүргені. Бұл планетада әр адам (?) өмірінің соңына дейін планетаның керемет жақсы бөліктерін аралап көреді екен. Егер ауырып қалса, кез келген емханада тегін емделіп (?), әрмен қарай өз семьясымен (?) өмірлік саяхат (?) сапарында жүреді екен. Халықтың мәдениеті, рухани байлығы алдыңғы қатарда екен (?). “Соғыс” деген сөзді олар түсіне алмай, үлкен әбігерге түсті. Соғысты түсінбеді де, білмеді де. Жер планетасында да осындай болса екен”, – деген қиял бесігіндегі ой Сапарды шырмап алды”.

Осындай өмір турасындағы концепциясы талас тудырмай қоймайды. Мысалы, әлгіндей “әр адам өмірінің соңына дейін планетаның керемет жақсы бөліктерін аралаумен” күн кешкен тірлікті туған планетамыздың басына, жазушы армандағандай, ешқашан тілемес едім. Автор мақтағандай, жаңағыдай тентіреген жағдайда олардың мәдениетін кім көгертеді? Рухани байлығын кім жасайды?.. Өткен ғасырдағы 37-ші жыл болса, осындай “арманымен” автор Карлагтан бір-ақ шықса, таңданбас едім...

Ғарыш әлемін әңгімелегенде, тағы бір қалам иесінің творчествосына соқпай кете алмаймыз. Ол – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нарбинь Кенжеғұлова. Біздің бір байқағанымыз – аталмыш автордың шығармашылық өрісі көбіне-көп ғарыштан табылатын көрінеді. Оның ақиқат мысалы – оның тек қана Жерден тыс саналы даму дәрежесі төмен тіршілік иелерімен қарым-қатынасқа құрылған “Қиын шешім” жинағы.

Мысалға, “Аордағы алғашқы елшілік” новелласын алайық. Шығармашының айтуынша, өз тұрғындары осынау планетаны Аор, ал оның жарық жұлдызы – Веганы – Сейна деп атайды екен. Осыдан бастап автор өзінің оқырманын әлгі планетаға әуелі жөнелтілген – Жігер, кейін оған қосылған Викториямен бірге қиял еліне енгізіп жібереді...

Планета тұрғындарының генетикалық қоры адамдарға мүлде ұқсамайды. Жалғыз ғана Зомай архипелагының бір аралында Жер тұрғындарына коды сәйкес келетін биологиялық түр бар екенін біледі. Аорталықтардың айтуынша, ол “өте ежелгі жануарлардың тегінен болса керек...”; “Орманның ағаштары планетадағы өзге көріп жүргендеріне ұқсамайды екен. Ең ғажабы – түрлі-түсті, кейбіреуі мөп-мөлдір, аумаған хрусталь ағаш! Мүмкін, бұл табиғи орман емес, аорлықтар қолымен жасалған шығар?..”; “Жігер аяқ астындағы шөптердің де ерекше қасиетін байқады. Ай нұрын бойына жиған мөлдір сабақтары лезде өсіп, белуарға дейін жетеді, түрлі түсті жапырақтары жайқалып шыға келеді. Енді бір сәтте шоқтай қызыл гүлдері көз арбап, ғажайып жұпар иіс тарайды маңайға...”; “Жер өкілінің бүгінгі ашқан ең үлкен жаңалығы – планетада кішкене жәндіктер дүниесінің, шөптің – бәрінің санасы бар сияқты...”; “Әрбір аорлықты оқымысты дерсің. Әсіресе, олардың бойына қызғаншақтық, атаққұмарлық сияқты адамзат баласына тән кеселдердің болмауы қайран қалдырады. Мұндай әдеттерден бұлар “Киелі орманда” айығып шығады екен. Онда әр аорлықтың өз ағашы болады-мыс...” Міне, автор осы тәріздес көптеген оқырман үшін бейтаныс боп табылатын басқа бір дүниемен “таныстырады”.

Ал, ғылым докторы, физика маманы, бірнеше қиял-ғажайып кітаптардың туындыгері Рысбек Баймаханов ғарыш бауырындағы сан қилы аспан денелерін әр түрлі пішінде “көреді”. Мысалға, “Қара қақпан” ғылыми-фантастикалық повесінде осыған дейін басқа қаламгердің “есіне келмей” жүрген баламасын ұсынады. Жазушының екі кейіпкері – алматылық Мұхтар мен иоганнесбургтік Джорджи – “Жер–4” орбиталық станциясынан фотондық зымыранмен әуелі Күнді орағытып, Юпитерге бет алады. Біраздасын ол планетаның Ио табиғи серігінен қапталдап өтеді.

1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   19


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет