Оқулықнама Аңдатпа



бет9/19
Дата09.06.2016
өлшемі1.7 Mb.
#124847
түріОқулық
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   19

"Жай қиял дейтін бір ауру бар. …Барлық ғылымның өзі қиялдан, ойлаудан туған. …Адамның бұл дүниеде, бұл табиғатта жоқ нәрсені ойлаудың өзі мүмкін емес, болуға мүмкін істі ойлай алады, бір. Екінші, сол қиял болмайтын нәрсе деп отырғанымыз, ұлғайтылып, өзгертіліп, ауыстырылып айтылған болашақ болуы мүмкін. Неге десеңіз, бұрын фантазия, қиял деп жүрген ойлар бүгін мүмкін дағдылы іс екенін танып, құтыла аламыз ба?” /Шығармалары. – 540 б./.

Көрдіңіздер ме? Өзі әуелі нақтылы ғылымның (М. Әуезов “дәлшіл ғылым” атайтын) кейбір жетістіктерінен “жыр жасап жүрген” ақын енді тиіп-қашып ғылыми фантастиканың болмыс-бітімі, табиғаты турасында ой түрткілейді, “түрткілейді” емес-ау, ол ғылым құпияларын ашуға творчестволық ұйтқы-катализатор болуға ұмтылыңқырайтындай.

Мысалы: Герберт Уэллстің “Бұғауы ағытылған дүние” атты фантастикалық романының кейіпкері Холстенге атом ядросын ыдырату сәті түседі. Бұл жаңалықтың ақыр-түбі неге апарып соғарын ол көмескі болса да сезетін сияқты. Сондықтан жаңалық иесі өз күнделігіне: “Басы басталды. Мұның неге апарып тірейтінін мен білмеймін, оның қамын жеу менің міндетім де емес. Мен тұтас нәрсенің өзі емеспін, тек бөлшекпін; мен – Қүбылыс құрамының кішкентай азбыраймын. Егер мен мына есеп-қисабымды өртеп жіберсем, бәрі бір араға он жыл салмай-ақ менің жаңалығымды басқа біреу жаңғыртады” /Собр. соч. В 15-ти томах. Т. 14. – 11 б./, – деп жазады. Бүл – оқымысты өзінің қауіпті жаңалығын ашқаны үшін ақталғансуы, жауапкершіліктен қашқансуы. Бірақ бұл сылтау емес. Атом ядросын ыдыратудың аяғы неге әкеп соғып отырғанын қазір көзіміз көруде ғой.

Қиялгер-жазушылар да “қу” ғой. Осы жұмысымыздың бас жағында қарастырғандай, Роджер Бэкон, Томас Мор, Фрэнсис Бэкон тұсында “тұтынушы” – оқырманға Утопия секілді фантастикалық арал-мемлекет керек еді, діттегендерге жоғарыда аттары аталған ойшылдар соны “жасап берді”. Бертін келе су астына немесе зеңбірекпен Жерден тыс дүниеге сапар шегуді қажет көргендерге Жюль Верн, Герберт Уэллстер өздерінің фантастикалық баға жетпес көліктерін “сыйлады”.

Қазақ ғылыми фантастикасының “әлемдік үлгіге” сайма-сай келуге ұмтылысы басталған уақыт – өткен ғасырдың 50-60-жылдарындағы басты тақырыбы – бүкіл республика болып “қоян-қолтық” араласып жүрген мәселе – атом және термоядролық сынақтар екені белгілі. Осы объекті ел-жұртқа бәрінен бұрын тек қана үрей тудыратыны бәрімізге де аян. Алайда сол атом ыдырауынан пайда болған “радий активтілік мүлде жаңа құбылыс емес. Радий активтілік те, оның ізін ала пайда болатын иондалған сәулелену Жерде өмір сұрыпталғанға дейін қыруар бұрын болған. Және космоста Жердің өзі қалыптасқанға дейін бар еді. Иондалған сәулелену, қазір біз болжалдап отырғандай, осыдан 20 миллиард жылдар бұрын “тіршілік ете бастаған” Әлемімізді “дүниеге әкелген”. Содан бері радиация космос өңірін жайлап алған. Радий активті материалдар Жердің құрамына о бастан енген-ді. Тіпті кез келген адам сәл-пәл радий активті. Себебі: әр тірі ұлпа-тканьда радий активті заттардың жұқанасы бар” /Радиация. Дозы, эффекты, риск. – М.: Мир, 1998. – 9 б./. Демек, радий активтілікпен жұрттың зәре-құтын алу онша орынды болмаса керек. Алайда, сол проблеманы басқа, арам ниетте қолдану жөнінде – сөз басқа.

Қазіргі қазақ ғылыми фантастикасының жол бастар тақырыбы – міне, осы атом және термоядролық бомбаларға қатысты келешек турасындағы мәселелер төңірегіне шоғырланған-ды. Осы мәселені бірінші қарастырып отырғанымызда мәніс бар. Соңғы кездегі дүние жүзілік фантастикада “атом бомбасы және келешек қоғам” дегендей проблеманы қозғайтын шығармалар көптеп тууда. Қазақ әдебиеті де олардан тыс қалған жоқ. Қайта, алғашқылардың бірі болып қозғаған. Атом бомбасы хақында қалам тартқан біздің туындылардың елеулілерінің бірі – Сейілбек Қышқашевтің “Джонның өлімі” деген повесі. Негізгі мамандығы – өнертапқыш, инженер туындыгердің басты қаһарманы – ғалым Молдақасым Бақытұлының атом бомбасын жарғызбайтын назарий сұйығын Американың дарынды физигі өз зертханасында жасап шығарады.

Шығармадағы бас кейіпкер – ғалым Молдақасым өнертабысының сипаттамасы: “Ашық жердегі арнаулы ұяға құрамында ерекше қоспасы бар сұйық назарий құйылады. Назарий бұл жерде түсіп келе жатқан бомбаға (мейлі самолет, мейлі басқа болсын) қарсы атылады. Бірақ бомба әлемаралық кеме емес, кез келген жерге түсуі ықтимал. Сондықтан мұнда назарийді біз атпаймыз, оның, назарийдің өзі атылады. Оның қалыпты температурада сұйық болуы және өзінен өзі атылуы, әлгі айтылған құрамындағы ерекше қоспаға байланысты. Сонымен, корпусына назарий жағылған бомба жерге түскенмен жарылмайды. (Айта кеткен жөн: бомбаның күш-қуатына қарай, назарийдің қалыңдығы да өзгеріп отырады). Сөйтіп, бір кезде “атом” деген атын естігенде, адам баласының зәре-құтын алған бомба енді көрінген жерде қойтастарша дөңкиіп жата беретін болады…”.

Қиялгер-жазушы Сарманбай Исақовтың “Қызыл сәуле” повесінде де осы тақырыбымызға қатысты біршама қызығарлықтай фантастикалық идеялар бар. Ғылыми-фантастикалық әдебиет құмарларға аяны – планетамызда термоядролық пәлекетті ойлап тауып, одан мемлекет-мемлекет болып, жеке өз беттерінше жапа-тармағай жойқын қарулар жасадық. Міне, кейбір есті елдердің басшылары енді олардан қалай құтыларын білмей, әуре-сарсаңға түсуде. Ал, ондайға барғысы келмейтін, “қасарыспа” әскербасылары билеген мемлекеттер ше?

Мына автордың ондайларға фантастикалық ұсынысы бар. Оның қиялындағы “элементтердің тағы бір басты ерекшеліктері мынадай: біріншіден, элемент сәулесі түссіз; екіншіден, тіршілік атаулыға ешқандай зияны жоқ; үшіншіден, ешқандай қопарылыс туғызбайды; төртіншіден, қандай бекем заттардан да із қалдырмай өте береді; бесіншіден, элементтің сәулесі жарық жылдамдығынан кемінде елу есе шапшаң (?) таралады”. Осы қасиеттердің соңғысы, яғни бізге белгілі ең шапшаң деген жарықтан да елу есе өседі деуі – сөлекет. Алайда, қалған төрт қасиетінің өзі де автордың көкейіндегі мақсаттан шығып жатса да –қанағат...

Әлгі ғылыми болжамын автор болса, онан сайын жетілдіре түсуге талпынады. Сондықтан да аталмыш “Қызыл сәулені” жасауға “мұрындық болған” профессор Лучкиннің аузына мынадай сөздер салады: “...Элементтердің жеке қасиетін зерттеп аштық: біріншіден, ешқандай ортаға зияны жоқ. Екіншіден, элемент жер асты қоймаларындағы бетон, темір және басқа тосқауылдардан із-түссіз өтіп, мыңдаған метр жерде сақтаулы тұрған атом, сутегі, нейтрон бомбаларын зарядсыздайды. Үшіншіден, элемент өз межесіне жеткенде, онда қопарылыс туғызбайды...”.

Повестің бір тұсында француз физигі Остар Ларктың: “Элемент алынғаннан кейін арнаулы сәуле атқылағыш ғарыш кемесі көмегімен Жердегі барлық белгілі атом нүктелеріне сәуле атқылаймыз. Сонда Жердегі соғыс үшін сақтаулы элементтер түгел зарядсыздалады”, – дегені көрегендік боп шығады. Шығарма соңында “Жұлдызды соғыс” комплексті аппараты істен шыққасын, оның иесі – генерал атылып өледі...

Атом және термоядролық қару хақындағы тақырыпқа қазақ ғылыми фантастикасындағы елеулі қалам тартқандардың бірі – қиялгер-жазушылардың алғы шебіне жататын Медеу Сәрсекеев. Оның “Жетінші толқын” повесінде аталмыш проблемаға автор басқа тұсынан келеді. Шығарманың бас кейіпкері – Шынтас Досжанов – қарапайым қазақ ауылынан шыққанмен, бойына біткен дарынымен тамаша жаңалық жасаған тұлға.

Соғыстың алдыңғы жылдарында ауылда ұсақ-түйек ұсташылықпен әуестеніп жүреді дағы, Шынтас политехника институтына оқуға түседі. Оның ойына сымсыз ток алу – энерготолқын алу – идеясы сонда келеді. Тәжірибе жасамақ болып, көшедегі бағаналар үстімен токты лабораторияға тартады. Ток зертхананы өртеп жібереді. Студент Шынтас бір жыл өндіріске ауыстырылып, одан майданға сұранып кетеді. Бірақ, ойында сол, баяғы жетінші толқынмен ток тарату идеясы.

Соғыста тұтқынға алынады. Әлгі қастерлі ойын жүзеге асыру сәті сонда түседі. Жасырын заводта тұтқын есебінде жұмыс істеп жүріп, бір топ адаммен өзі жасаған аспаптың арқасында қапастан құтылып шығады. Еркіндікке ие болысымен-ақ: “Естеріңізде болсын. Еліме жетер, ел құлағына жетер деп айтамын мұны, – дейді Шынтас. – Сіздер жұмыс істеген жер асты жай ғана завод емес-ті. Атом ядросын ыдыратып, күшін пайдалану жайлы естіген боларсыз. Иә, бұл туралы соғысқа дейінгі техникалық әдебиеттерде жазылған еді ғой. Міне, соны фашистер іс жүзінде дәлелдеуге бет алған болатын, дәп осынау жер астында соның тәжірибе жұмыстары жүргізілген-ді, атап айтқанда дейтерий әзірлеген-ді. Тап қазір бас сауғалап қашып кету – бүкіл адамзатты өлімге ұстап берумен бірдей ғой. Бұлай етуге қақым бар ма менің? Жоқ. Ендеше, мен осында қалуға тиіспін. Жер астында өзім қалдырған аппаратқа бұйрық жеткізіп, қауіпті заводтың өмірін өшіруге тиіспін”.

Міне, сөйтіп, қазақтың қарапайым өнертапқышы өзінің техникалық жаңалығын жалпы адамгершілік дегенге шәлкем-шалыс келетін фашизмге қарсы жұмсайды. Бұл жерде ғалым жетістігі әлеуметтік дұрыс шешімін тауып кеткен. Екінші жағынан осы факт шындыққа ұштасып жатыр: соғыс кезінде гитлерлік фашистерден қауіптенген Роберт Оппенгеймер, Альберт Эйнштейн бастаған аты әлемге әйгілі бір топ оқымысты АҚШ президентінен атом бомбасын жасауға кірісуін сұрап хат жазған-ды... Демек, ғылымның нендей де қымбат жаңалығынан адамзат гуманизмін, моральдық-этикалық қағидаларын биік қою сәттері фантастикалық шығармаларда да бой көрсетіп отырған екен. Сонда гуманизм принципіне берік, ғылыми-фантастикалық идеяның авторы – Шынтас Досжановтың бейнесі біздің әдебиетімізге келді деп, ауыз толтырып айта алсақ керек.

Ендігі бір қазақ фантастикасындағы үлкен тармақ – инженерлік фантастика тақырыбы. Зердесіндегі қиялмен аң жілігіне тас байлағанда, балға болатынын сезе білген алғашқы адам – тұңғыш инженер-техник. Адамзат содан бері талай инженердің алғыр миы мен шебер қолын қадір тұтып келеді.

Алыстан ойлайтын кейбір мемлекеттің есті басшылары талай жаугершілікте алтын жиһаздарға қызықпаған, сол жиһазды жасай білген алтын қолдарға қызыққан. Оған тарих куә. Финикиядан кеме жасаушы ұсталарды алдыртқан Соломон патша атақты флотын жасақтады. Мысыр перғауындары күймелі арба жасаушыларының арқасында күшті әскер құрады. Әдетте басып алған елінің қатын-баласына дейін қыра берген қатыгез Шыңғысхан шебер қолды тұтқындарына қылыш көтермей, өз еліне әкетіп отырған. Ақсақ Темір де осы әдісті тиімді деп білген. Кейінірек Сен-Симон өзінің Франциясы “ең мықты 50 физик, 50 ақын, 50 жазушы, 50 механик, 50 инженер, 50 дәрігерден айырылса, елін бойында жаны жоқ, қуыс кеуде санар едім”, деп жазады.

Бұл ненің белгісі? Есі бар мемлекет басшыларының ұстаған саясатының дұрыстығының белгісі. Жеке өнертабыс иелерінің қолынан шыққан дүние ұлттық мәдени байлық боп саналатындығын былай қойғанда, көбіне стратегиялық байлық ретінде соғыс тағдырын шешіп отырады. Ал соғыстағы жеңіс бір мемлекетке екінші біреуінің үстемдігін орнатады. Гитлершіл фашистік Германияның Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіліс табуының басты себебінің бірін осыдан іздеу керек. Гитлер Германиядағы қолынан іс келетін, тілінен сөз келетін оқымыстыларды қудалады. Соның ақырында мемлекет Альберт Эйнштейн, Отто Фриш, Нильс Бор, Вернер фон Браун, профессор Гернсберг тәріздес ғылым корифейлерінен айырылып қалды. Олар Америкаға барып, басқа елдердің бәрінен бұрын атом бомбасын шығарды. Атом бомбасын жасаушы теоретик-физиктердің бәрі дерлік не Еуропадан келген ғалымдар не эмигранттардың балалары екенін “Нью-Сайентист” журналы мойындайды.

Біздің бұл айтып отырғанымыз – ғылымның бір саласында ғана оқымыстылардың жасаған істерінің мысалы. Ал бұл ғылым (атом физикасы) жоғары, озық техника болмаса, сол теория жүзінде қалған болар еді. Ал атом қаруы болмаса, ондай мемлекет күшті державалардың санатына қосыла алмас еді. Міне, техника жетістіктері неге әкеп тірейді.

Техниканың империалистер қолына тигенде не боларын үстіміздегі ғасырдың елең-алаңында, 1918 жылы-ақ С. Торайғыров көре білген сияқты. “Бұрын мен қанша қанға шөлдеген зұлым болып, адам өлтіргім келсе де, бетпе-бет келмей, өлтіре алмаушы едім. Енді мен неше шақырым жерлерден пулеметіммен, снарядыммен неше жүз кісіні бір жолата қиратамын. Жау жұрттың қаласына ұшып барып көшедегі қатын-балаларды да бомба тастап қирата аламын. Поезым, телеграфым, телефоным, пароходым тағы-тағы сондай өнерлерім бәрі адам өлтіру жұмысының тез болуына, өнімді болуына жұмсалады. Жау жағы да менің жағыма осыны қылады. Ал, осы екі жақтың дене күші емес, өнер күшімен соғысқанынан не нәрсе келіп шықты? Дене күшімен соғысқандығы опаттан адам баласының көбірек өлуі, көбірек қуырдақ болуы, көбірек азап тартуы, көбірек көз жастың төгілуі шықты” /Екі томдық шығармалар жинағы. – 202 б./, – дейді.

Техникаға күдіктенуден, оның келешегінен түңілгендіктен туған ой емес бұл. Демократ жазушы, гуманист адам сол озық техникаға ие болушыларды көзсіздіктен сақтандырып бағады. Алайда С. Торайғыровтың осы “Социализм” деп аталатын философиялық эссесі, амал не, аяқталмай қалған. Мүмкін қарымы кең осы шығарманың кейінгі жағында бекзаттық ғылым мен техникаға әнұран айтылар ма еді. Біздің субъективті пікіріміз дәл солай болуға тиісті деп есептейді. Оған бірден-бір себеп: С. Торайғыров тәріздес үлкен интелект иесі, ұшқыр қиял, алғыр ойдың иесі жарқын келешекке сенуге тиіс, өзін қоршаған ортадан әдемі болашақтың негізін қалайтын құбылыстарды көре білуі тиіс.

Айталық, сондай-ақ, Мұхтар Әуезовтың “Елу жылдан соң” пьесасы. Шығарманың бас қаһармандарының бірі – Делдал адам миындағы биотокты екінші біреуге жеткізе алатын аппарат пен космостан қайтар сапарында өздігінен басқарылатын аспап жасайды. Сол кездің жетік техникасы арқасында “жаңбыр, жел, күншуақ беріп жатады бар құм-шөлге”. ІХ суреттің жоспарында драматург былай дейді: “Жаңбыр жіберуді бір мол учаскеге Қызылқұм сұрайды. Соған жаңбыр жібертеді. Үш күндік, екі күндік жаңбырды Мойынқұмға жібертеді”. Одан басқа да бір жерден екінші жерге адамдар геликоптермен қатынап отырады.

Міне, бір қараған көзге пьесаға фантастикалық техниканы сахнаға енгізудің өзі қаншалықты оғаштау тәрізді көрінетін жағдай болғанымен, ұлы жазушы оны міндетті түрде пайдалануды ойлаған. Келешектің тұрмысы техникасыз мүмкін емес екеніне көзі жеткен. Сондықтан да оны басқа шығармаларына емес, драмалық туындыларына көптеп сіңіруді дұрыс деп білген.

Кейбір мамандардың есептеуінше, техника адамға 80 есе артық күш беретінге ұқсайды. Болса – болар. Себебі: қазірде біздің тұрмысымыздағы техниканың көптігі сонша, кейде алғашқы қауым адамдарының қалайша өмір сүріп, тұқым таратқанына, өсіп-өрбігеніне таң қаласың. Ал келешектің техникасы бұдан да әлдеқайда асып түсетініне ешкім таласпайтын болса керек. Иә, көп болады, алуан түрлі болады. Дегенмен де, нақтылап айтқанда, қандай кейіпте? Біздің ғылыми фантастика осы сұрақ төңірегінде тұрақты да көбірек ойланады.

Румын Ғылым академиясы Философия институтының директоры кезінде “Бекзаттық және прогресс” аталатын мақаласында Константин Й. Гулианның мынандай дегені бар-ды: “Француз социологы Ж. Бардэ өзінің “Ертең – 2000 жыл” деген кітабында бізді қазіргі техникалық прогресті феодалдық деревнямен ауыстыруға шақырады. Ол бізді сол кезде машиналардың жұтып қоюынан адам жан сақтап қалады деп сендіргісі келеді… Ағылшын философы А.Д. Ритчи өзінің “Ғылым және саясат” тақырыпты шығармасында: “Техникалық прогресс – алдамшы ұғым, ал, іс жүзінде табиғатты бағындыратын адам емес, керісінше, шын мәнінде ол машинаның күшіне құлдық ұрады”, дейді… Ал, Бэкон болса: "Техникалық прогресс – табиғатты билейтін ғылым мен философия, танымның негізі. Оның жалғыз ғана мақсаты – адам тұрмысын жақсарту” /Какое будущее ожидает человечество? – Прага: Мир и социализм, 1964. – 89 б./, – деген.

Тілге тиек етіліп отырған осы техникалық прогрестің ішінде өз творчестволарында қазақ қиялгерлері келешек көліктің түрлерін көбірек сөз қылатыны байқалады. Ол да біз үшін түсінікті болар. Себебі: қиялдағы кейіпкерге жүріп-тұруға аяқ артатын көлік керек. Және де ол көлік бүгінгіге қарағанда жетілген болуы қажет екені де – заңды. Осыдан барып қазақ оқырманының көз алдынан алуан-алуан түрлі көлік өтіп жатады. Қиял көліктері.

Бұл жерде бәрінен бұрын, әрине, автомобиль ауызға алынса керек. Керегі – керек-ау, бірақ бір таңданарлық нәрсе – осы көлік турасында бауыры жазылып қимылдап кетушілер өте сирек кездеседі. Ал ертеңгі күннің автомобилін сөз қылған азын-аулақ шығармалардың өзінде де қиял ұшқыр емес, бай емес. Көбіне-көп авторлар фантазия тайыздығын аңғартып ала береді.

Автомобильдің келешекте дүниеге келетін жаңа түрі төңірегінде қиялданғандардың бірі – Медеу Сәрсекеев. “Ғажайып сәуле” атты көлемді ғылыми-фантастикалық повесінде келешек автомобилінің бейнесін мынандай деп береді: “Тұмсығы жұп-жұмыр оқтаудай (?) болып біткен, көкшіл сырлы бұл автомобиль біртүрлі өзгеше сықылды. Артқы жағы да әдеттегі машиналар жонындай болып келгенімен, көлденең ұсталған металл шыбықтың екі жақ ұшына әлдебір зор көз орнатылыпты…”.

Ал, Ш. Әбдірамановтың “Уақыт ұтқандар” повесіндегі автомобиль де осы сарындас. Автор: “Осылайша тұра берер ме едік, егер машина тәрізді ерекше зат қасымызға келіп тоқтай қалмағанда. Шынында да мынаны бұрын көрген жеңіл машиналардың біріне ұқсата қою қиын еді… Біз таяп келгенде, “машина” есігі баяу жылжып ашыла беріп еді. Төртеуміз жайғасып болған кезде, “машина” да дыбыссыз орнынан қозғалды. “Машинаға” кіре бере-ақ ерекше бір хош иіс кеңсірігімді қытықтап өткендей болып еді. Шынында бұл алдамшы түйсік емес екен: сәлден соң мен “машинаның” ішінде емес, шілікті бұлақтың саясында отырғандай сезіндім өзімді. Қазір біз мінген “машина” да қия тастарға жантая орнатылған тіреу басындағы қомақты шеңберлердің ішімен ағып келеді. "Машина басқа жаққа бұрылар емес, тек осы шеңберді қуып келе жатқандай, бірінен өткен соң келесісіне беттеді… Айтты-айтпады, мынау электр әрекеті ғой. Егер шеңбер тәрізді етіп иілген өткізгіштен ток жіберіп, темір жаңқасына таянған кезде, дәл осыған ұқсас құбылыс болатыны есіме түсті”, – деп өте шығады.

М. Сәрсекеевтің де, Ш. Әбдірахмановтың да автомашина төңірегіндегі қиялы осымен шектеліп қалады. Келешек көліктерін жүргізуге мүмкін нейтрино, плазма, кварк тәріздес энергия көздерін қолдануды неге қиялдамасқа? Антигравитациялық көліктің түрін неге таппасқа? Осы жерге келгенде, қазақ қиялгерлері әріге бармай, кібіртіктеп қала береді. Қазір олар емес, қарапайым оқырмандардың көзіне үйреншікті боп қалған атом, сутегі қуаттарын да біздің авторлар қорқақсоқтап пайдаланатын сияқты. Мысалы, осыған дейін жарық көрген шығармалардан атом қуатымен жүретін көлікті екі-ақ жерден кездестірдік. Бірі – Т. Сұлтанбековтің “Тірі планета” әңгімесінде. Онда жұмсақ дөңгелекті амфибия-автомобиль бар. Екіншісі – Т. Шахановтың “Төртінші планетадағы” атомоходы. Байқайсыздар ма, осы атом қуатымен жүретін көліктердің өзін де Жерде емес, басқа планеталарда пайдаланады.

Табаны жерге тиіп жүретін көлік төңірегінде қиялдаған шығармалар ішінде Ш. Әбдірамановтың бір фантастикалық идеясы ұтымды шешім тауып кеткенге ұқсайды. Автор ХХІІІ ғасырдың бір өнертапқышы туралы суреттеме түрінде жазған "Торға түскен күш" атты туындысында инерцияны жұтып алатын аспапты көлікке пайдаланады. Инерция материядағы қай қозғалыста да кездеседі. Оның біз үшін пайдасы да, зияны да бар. “Ол зияндардың бірі көліктерде болады: қатты қарқынмен келе жатқан көліктерді, кілт тоқтатуға көп күш жұмсалады. Сондықтан да жылдамдық амалсыз жиі тежеліп отырады. Демек, инерция белгілі дәрежеде қажетті шапшаңдықпен жүріп, уақыттан ұтуға бөгет жасайды. Осы екпінді жойып, көліктің шапшаңдығын өсіру жолын қарастыру үстінде, қиялгер инерциялық күшті жұтқыш аспап жасалса, соның арқасында кәдімгі автомашина сағатына 500 километрге дейін шапшаң жүре алады”, – дейді.

Міне, жер үсті көліктерінің жазушылар қиялынан туған осындай түрлері бар. Біздің туындыгерлер негізінде төрт дөңгелекті көлік түрінен әрі асып қиялдай қоймаған. Ал қазіргі техникалық прогресс сан салалы бағытта, яғни төрт дөңгелекті көлік түрлерімен қатар, үш және екі дөңгелекті, тіпті “ауа кеңістігімен” жүретін көліктерді жетілдіру үстінде. Неге осы салаларға да қиял құсын салып көрмеске? Әйтпесе, әлгі айтып отырғанымыз бүгінгі күнгі пәлендей ауыз толтырып сөйлейтіндей болжалдар емес. Алайда қазақ топырағында инженерлік фантастиканың туғанына оншама көп уақыт болмағанын есепке алсақ, келешекте жүзеге шығар дүниелерден көп үміт күтуімізге болатын сияқты.

Ертеректе “Комсомольская правда” газеті тақырыбын “ХХІ ғасыр машинасы Сібірде жасалды” деп, айқайлатып мақала жариялады. Омбыда принципі тым өзгеше көлік құрастырылған. Ол – автомобиль-ұшақ-қайық. Ресей федеральды өндірістік жекеменшік институты аталмыш тиімді модельді – түрлі-түрлі құбылмалы қызмет атқаратын әмбебап көлікті – жасаушы бір топ Омбы мамандарына патент берген көрінеді. АҚШ пен Еуропаның көптеген көлік жасаушы шеберлері ондаған жылдар бойы тынымсыз айналысып жүрген шаруаны мұндағы үш-ақ адам ойдағыдай шешкен деп мойындалады.

“Омбылықтардың нұсқасы – ертегіге бергісіз. Ол суда жүзіп, жерде жүріп, әуеге ұша алады. Суға қонып, одан ұша береді… Ал, осыған дейін ешкімнің қолы жетпеген оның басты артықшылығы – автомобиль, авиация және кеме модульдерінің басы бір механизмге біріктірілген”, – дейді газет. Міне, жобасы жасалып беткен, патентпен расталған, енді-енді тұрмысқа енуі тиіс автомобиль-ұшақ-қайықты біздің қиялгерлер ертед-ақ "оймен", "қаламмен" жасап шыққан.

Қазақ қиялгерлері Жер планетасының өзінде аяқ артып жүретін көліктердің автомобильдерден басқа түріне назар аудармағанын осы жерде үлкен кемшілік деп білеміз. Қазақстан территориясында Каспий, Арал теңіздері, Балқаш тәріздес көлдер бар. Солардың бетінде, су астында балықша жүзетін кемелер жасауға болмай ма? Біздіңше, әбден болады.

Атыраудан Алтайға дейінгі көсіліп жатқан еліміздің картасын қараңызшы. Оның бетін сан мыңдаған километр темір жол торабы шимайлап жатыр. Республиканың батысынан шығыс шекарасына жету үшін поезбен тәуліктеп жүру керек. Темір жол жолаушысының қаншама алтын уақыты зая кетіп жатады. Сол алтын уақытты үнемдеудің жолын ғылыми қиялгердің қарастыруына болады ғой. Бұл – керек десеңіз, уақыт үшін күрес. Ал адамзат қай кезде де уақытпен “арпалысуда” екенін білеміз. Екелесіп келгенде, прогресс дегеніміздің өзі – сол уақыт үшін белдесу.

Жолаушы тасушы көліктердің басқа түрлері кереметтей қаулап өскенмен, су не темір жол көліктеріне назар аударылмаса, шын мәніндегі ғылыми-техникалық прогресс жасалды деп есептеуге болмайды. Әуе не ауа көлігінің қарқындай өсуі арқасында жолаушылардың басым көпшілігі авиацияның қызметін пайдаланар. Алайда жүк тасушы көлік ретінде темір жол да, су жолы да әлі талай уақыттарға дейін өзінің маңызын жоймақ емес. Оның үстіне су көліктері халық шаруашылығының кәсіпшілігіне жұмсала бермек.

Атап айтқанда, көптеген социологтардың жорамалдауынша, келешекте планета тұрғындарының негізгі тағамдары теңізден өндірілетін болады. Ал, өзен, көл, теңіз, мұхиттардан балық аулау үшін техниканың, соның ішінде су асты, су үсті кемелерінің сан алуан түрлері жасалуы керек.

Енді бірінші себепке, яғни ол көліктердің жаңа түрлерін қиялдауға келсек, бұл да баса назар салуға тұрарлық. Алайда, қандай да болмасын ғылыми-фантастикалық болжал оңайдан қиыстырыла салмаса керек. Оқырман жұртшылықты таңдай қақтырып таңдандыратын ұрымтал ой екі күннің бірінде еске түсе бермейді. Ол үшін тарихи-әлеуметтік қолайлы жағдай, ғылымның буырқанған серпілісі керек. Сондықтан әлгіндей фантастикалық көліктердің барлық ортада қатынай алатын түрлерін әдебиетте бейнелеуді талап етуіміз – заңды.

Жоғарыда айтқан екі пікірімізге қарап, “қазақ қиялгерлері фантастикалық көліктерді болжалдауға мүлде жоқ екен” деген қате ой тумасын. Біздің авторларымыздың арасында тіпті Жерді қатпар-қатпар тіліп жүре беретін көліктерді жазғандары да бар. Мысалы, Ш. Әбдірамановтың “Саяхат” әңгімесі. Шығармадағы кейіпкерлердің алдына қойған басты міндетті – Жер кіндігіне саяхат жасауды сол жер астымен жүретін кеме атқарып шығады. Бұл тараудағы біздің мәселеміз ғылыми-техникалық ұсыныстар болғандықтан, жұрттың назарын автордың фантастикалық кемесінің сипатына, техникалық болмысына аударғымыз келеді.

“Мені қатты таңдандырған нәрсе корабльдің сыртқы тұсы болды. Оның болаттан жасалмағанын бірден сездім. Алғашында маған корабль ішінде жүгері дәніндей текше толтырған, әйнектен жасалған астау сықылданды. Енді аңғардым: корабль макетінің өн бойы алабұғаның арқа қанатындай жұқа затпен және ескекке ұқсас балықтың қабыршағы тәріздес қалақтармен көмкеріліпті”, – деп, саяхатқа ғалымдармен бірге жүруге бел байлаған тілші жерасты кемесін әуелі сырттай таныстырады. Сосын: – “Корабль төмен сүңгу үшін Жер қабатының кедергісі мен қысым күшін қоса жойып отыру керек қой. Мұны атқаратын радийдің тізбекті реакциясы. Яғни, радий атомдары тараған кезде пайда болатын қызу корабльдің ана апандай тұмсығы арқылы төмен бағытталады. Сонда бес мың градустай қызуға қандай тау жынысы болса да шыдай алмай, тозаңға айналады. Осы қызудан қатты қысымдағы Жер қабаты қорғасынша балқып кетеді. Ал осынау балқыған сұйықтың ішінен корабльді сүңгуір қайықша сүйрейтін күш мынау, – деп, профессор қысқа ескек тәрізді нәрсені нұсқады. – Алайда Жер қысымы қызуы артқан сайын көбеймесе, азаймайды. Бұл қысым корабль ескегінің қимылдауына мұрша бермейді. Ендеше қысым атаулыны жою керек, – деп, Ерболов алабұғаның қанатынша тікірейіп тұрған жұқа заттарды көрсетті. – Оны атқаратын мынау. Бұл корабль маңындағы жердің өз қызуын да “сорып” алады. Сонда корабльдің айналасы бір сәт суып, оған түсетін қысым лезде төмендеп кетеді. Ал әлгі жылу ескекті есуге жұмсалады…”.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   19




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет