Оқулықнама Аңдатпа



жүктеу 4.93 Mb.
бет10/19
Дата09.06.2016
өлшемі4.93 Mb.
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   19

Іш пыстырарлықтай, шұбалаңқылау болса да осы үзіндіні келтіріп отырмыз. Ондағы мақсат – жерасты кемесінің қиялдағы бейнесін тағы да бір рет көз алдымыздан елестетіп өткізу. Автор өзінше техникалық есептер жасайды. Сол есептердің арқасында өзінің қиял көлігін дүниеге әкеледі. Алайда, бұл дәлелдемелері, шынтуайттап келгенде, байсалды ғылыми есепке қайшы келіп жатыр. Мәселе онда емес, гәп осы жерасты қиял-кемесінің әңгіме идеясымен астасып жатуында. Шығарманы тұтас алып қарағанда, жерасты кемесінің идеясы одан шашау шығып тұрған жоқ. Демек, ол – арман үшін шындық. Ол – қазақ ғылыми-техникалық фантастикасы үшін оның активіне енген тағы бір ұпай.

Қазақ ғылыми қиялында бәрінен бұрын авиацияның, соның ішінде ғарыш зымырандарының жолы болғанға ұқсайды. Иә, оның да жөні бар. Өзі болжал болғасын, оның үстіне қазіргі аспан әлеміне қадам басқан сайын қарапайым адамды көзіміз көріп отырғанда, планета аралық жүрдек кемелер турасында ғылыми-фантастикалық идеялардың көптеп айтылуы таңқаларлық ерекше уақиға болмаса керек. Бұл – қазірде қиялмен аяқ артар көлік жасау оп-оңай болып, бағасы арзандап кетті деген сөз емес. Бұл – космогония саласындағы бүгінгі жетістіктеріміз жазушылар қиялын байыта түсті деген сөз.

Авиация саласындағы қазақ болжалы атмосферада ұшатын көліктерден басталады. Ол көліктер М. Әуезовтың “Елу жылдан соң” пьесасында геликоптер күйінде жүр. (Онда, Гүлжан Айды айналып, Қызылқұмға келіп түскенде, солай қарай Биби, Делдал, Мұстафалар геликоптер мініп, ұшып жөнеледі). Рас, мұнда жазушы оның қандай екенін суреттемейді. Оған екі себеп болуы мүмкін. Бірі – әдебиеттің драматургия саласында техника тілімен соншама бажайлап сипаттап беру қажет те емес. Оның үстіне, екіншіден, автор техникалық сипаттама қажеттілік қылады деп тапқанның өзінде, шығармасын түгелімен жазып үлгіре алмай кеткенін де ескерген абзал. Сондықтан да “геликоптер” терминінің өзін қазақ фантастикасына тұңғыш енгізген М. Әуезов деп санай аламыз.

Ауада ұшатын болашақ көліктердің тағы бірін М. Сәрсекеев “Ғажайып сәуле” әңгімесінде ұсынады. Ол – аэротакси. Аэротаксиде қазіргі ұшақтарға қарағанда, принципті өзгешелік болуы шарт. Инженерлік фантастикаға құмартушыларға әңгіменің осы жағы көбірек қажет болар еді. Алайда жазушы оған көп-аса тоқтала бермейді. "Сырт пішіні әдеттегі самолеттердей, тек ұзындау сықылды. Шынында, Талап оның қаншалықты өзгешеліктері бар екенін айырып та үлгірмеді”, – деп өте шығады.

Оның есесіне мына бір оғаш “өнертабысқа” адамның іші жылиды. Оның сипаттамасын түгел беруді жөн көріп отырмыз. “Қазір кездейсоқ кен тауып, жердің терең қабатын “тіміскілеп” ұшып жүрген барлаушы вертолет-автоматқа “Жарқанат” деген ат кездейсоқ тағылмаған-ды. Себебі, ол кәдімгі жарқанаттың қызметін толық атқармағанымен, оның жұмыс принципі соның табиғатына негізделіп жасалған… Сезгіштігі жөнінен “Жарқанат” жанды жарқанаттан кем түспейді. Бірақ бұның көретін “көзі” дыбыс толқыны емес, радио толқыны… Осыған орай, вертолет-автоматта өте қысқа радиотолқын шығаратын генератор мен оны төмен қарай бағыттап тұратын арнаулы аспап бар. Осы толқынның біразы жер қыртыстарына еркін өтіп, оның қойнындағы кен және басқа да қабаттарына жеткенде, шағылысып, “Жарқанатқа” оралады… Мұнымен қатар “Жарқанатта” күні ілгері берілген программа бойынша вертолетті басқарып отыратын электронды аспаптар бар”.

Бұл – Ш. Әбдірамановтың “Жарқанат” әңгімесіндегі кен көзін табуға арналған тікұшақ. Автор қиялында туған тікұшақтың жұмыс істеу принципі оқырманды біршама иландыратын сияқты. Оның үстіне біз үшін нағыз керек нәрсе – “неге осындай тікұшақ жасамасқа?” дегендей ой туғызады. Ғылыми-фантастикалық әдебиеттің халық арасында кең тарауының бір құпиясының көзі осы “неге жасамасқа?” деген сұрақ тудыра білетінінде жатыр деп есептейміз.

Біз ауада ғана ұша алатын көліктер түрінің бірлі-жарысын ғана атап өттік. Бұлардан басқа түрлері турасында қалам тартқан туындыгерлерді әлі көре алмай келеміз. Алайда, бұған қарап, “авиациялық фантастика” саласында қазақ жазушылары қиялға жұтаң екен деген қате ұғым тумасын. Біздің қаламгерлер басқа салада, космос авиациясы саласында, мығым жатыр. Жұлдыз, планета аралық зымырандардың алуан-алуан бейнесін суреттегенде, адамның ұшқыр қиялының шегі жоқтығына көзіміз жетеді. “Планета аралық сапарлар хақындағы қиял-ғажайып әңгімелер бұқараға жаңа ой салады. Онымен айналысқандар – жұртты қызықтырып, миды қиялдауға итермелейді, болашақ ұлы істер істеушілер мен оларға ниеттестер тартып, пайдалы жұмыс атқарады” /Путь к звездам. – М.: Издательство АН СССР, 1960. – 350 б./, – деген-ді бірде "космонавтика атасы" К.Э. Циолковский.

Космос авиациясы, космос навигациясы қиялдан күнделікті өмірімізге көшкен қазіргі заманымызда біздің конструкторларымыз нақтылы істер жасауда. “Космонавтика” аталатын шағын энциклопедияда ғарышта ұшу аппараттарын мынандай түрлерге бөледі: “Ракета-жеткізгіш, ғарыш зымыраны, космос кемесі, орбитамен ұшатын немесе планета аралық автоматтандырылған және ішінде басқарушысы бар станциялар, аспан денелерінің жасанды серіктері, ауа-ғарыш ұшағы” /Космонавтика. Маленькая энциклопедия. – М.: Наука, 1968. – 185 б.]/. Осылардың ішінде қазақ ғылыми-фантастикалық әдебиетінде космос кемелері, орбитамен ұшатын немесе планета аралық автоматтандырылған және ішінде басқарушысы бар станциялар көбірек және жан-жақты көрініс тапқан.

Космос көліктерін мысалға алайық. Қазақ қаламгерлерінің қиялы ол кемелерді әр шығармада сан-саққа жүгіртіп сипаттайды. “Қарасам, отыз метрдей жартасты дөңеске бір үлкен доп-домалақ қара бұлт қонақтап жатыр екен. Бұлт дейтін себебім, оны басқа ешнәрсеге жори алмадым. Ені он бес-жиырма метрдей өзара түйіскен екі табақ сияқты… Қатты дене дейін десем, ол толықсып, біресе көлбеп, ешбір дыбыссыз қалықтап тұр. “Табақтың” орта шені қою бояулы да, шет-шеті күңгірт тұмандау. Қою бояудың формасы да кіші-гірім табақ сияқты. Үңіле көз алмай қарап тұрып, ғажап бұлттың ортасында қатты деуге тұрарлық дене бар-ау деген жорамалға келдім. Өйткені: табақтың шет-шетіндегі сұрғылт нәрсе ұйытқып, құйындап ішкі табаққа үйіріле қайта теуіп тұрған ауа ағыны сияқты”.

Бұл – Т. Сұлтанбековтың хат түріндегі космос кемесі. Жазушының қиялынан туған ерекше “конструкторлық шешім”. Ештеңеге ұқсамайтын осындай кеменің сұлба-кескінін бергеніне біз қуана отырып, бір нәрсеге тіксіне қарауға мәжбүр боламыз. Онысы – автор осы ұтымды табылған бір болжамын келесі “Жұлдызат” әңгімесінде тағы қайталайды. “Аспан денесінің түр-формасы бір түрлі ғажап. Ол сай табанына жақындағанша сан рет құбылады. Біресе сүйірленіп, біресе көлбеп, сынапша толқиды. Ентігіп дем алғандай сусып созылып, бірде жіңішкеріп кетеді. Бірте-бірте ол қанатын жайып барып жерге қонды. Оның өзінде де тиянақ таба алмағандай лықсып толқып, тіпті орғып тұр. Мұның аспан әлемінің бір түпкірінен келген кеме екендігі шүбәсіз болды”.

Мүмкін, келешекте кемелердің осындай түрлері қазіргі автомобиль жасағандай қалыпта болар. Кеңістік әлемінің түпкір-түпкірінен бізге деформацияланған кемелер де келуі мүмкін. Біз ондай идеяларға қарсы емеспіз. Бірақ та бір шығармада сәтті тапқан идеясын, екінші туындысына сүйрелеп тыққыштағанын онша құптамаймыз. Оның есесіне аса әдемі болмаса да, тек басқа күйдегі ғарыш кемесін ұсынса, оқушы қауымның қиял көліктері жөнінде алған мағлұматтары байи түсер еді.

“Тірі көз” новелласында жазушы Т. Шаханов Водолей шоғырындағы Алиамма планетасынан Жерге “тірі көзді” сапар шеккізеді. Ол көз өз бойынан нейтрино таратады. Жердегі зертхана орындығында отырған кісіге өз планетасын көрсетеді. “Тірі көз” тәріздес болжал ой айтуға біз қарсы емеспіз. Алайда ол не? Планета тұрғындары жасаған ұшу аспабы ма? Өз планетасында отырып алып, хабар бере берсе, оның несі ғарыш кемесі? Ал корей қызы сұрағандай, галлюцинация (дұрысырағы телепатия болса керек) процесін бастан кешірсек, “тірі көздің” өз денесінен нейтрино тарататыны қалай? Оқырман үшін осы түсініксіз. Автор “тірі көз” идеясының өзара бөлек-бөлек екі шешімін қосарлап бір жерге тоғытпай, біреуіне тоқталғаны орынды еді. Яғни, “тірі көз” телепатия әдісінің жемісі болса, оның өзінің ерекшелігі айтылса. Немесе ғарыш кемесі екен дейік. Сонда оның басқа толып жатқан зымырандардан бөтен-бастақ нендей артықшылық, кемшілігі бар? Міне, осындай нәрселер суреттелсе, біздің ғылыми фантастикаға тағы бір ұрымтал идея қосылып, оқырман халық ұтыс табар еді.

Адамзат қолынан жасалған, Жер планетасында туған ғарыш кемелері “Космонавтика” шағын энциклопедиясындағы анықтамамен сөйлегенде, “орбитамен ұшатын немесе планета аралық автоматтандырылған және ішінде басқарушы бар станциялар” қазақ әдебиетінде молынан кездеседі. Оның көп болуы да заңды. Себебі: бір алуан шығармаларының қаһармандары Жердің озық өркениетті, осында салтанат құрған асқақ идеяларын тарату үшін немесе Әлемнің “ақтаңдақтарын”, ғылымға бұрын-соңды белгісіз жұлдыздар жүйелерін ашу үшін тағы да басқа ізгі ниеттермен Аспан әлемінің түпкір-түпкірлеріне сапар шегеді, екінші біреулері Жерден безіп немесе қарақан қу басына пайда іздеп кіндік кескен планетасынан қол үзіп кетеді. Осылардың бәріне де қажетті ғарыштық жылдамдық алуға қабілетті көліктер керек. Олар қандай болуы тиіс? Міне, осы жалғыз сұрақ әр автордың қиялына сан алуан міндет артады.

Т. Сұлтанбеков үшін “Тұңғиық” жұлдыз жүйесіне сапар шегіп қайтатын “Байқоңыр-12” ғарыш кемесінде міндетті түрде автоғарышкер тартылыс күшін өлшейтін гравитомашина, жанды денені қабатын биомагнит, электронды телескоп, электрондық ми, атом зеңбірегі, сәуле семсері бар. Ғарыш кемесінің бұл атрибуттары басқа жұлдыз жүйесіне достық ниетпен барған оқымыстылардың опат болмауына көмегін тигізеді.

“Өлмес өмір жұлдызы” атты Ғ. Жұмабаевтың ғылыми-фантастикалық әңгімесінде де адамның өзі жасаған кеме өзіне қызмет етеді. Рас, кемені “қатты, сұйық денені, дыбысты, сәулені өзіне тартып алып, еріксіз бір планетаға қондырады. Айырықша сезімтал шыны, уран, германий, радий, плутоний және ошаний элементтерінен тұратын жұлдыз планетасына Кеңес ғарышкерлері өз кемелерімен жету үшін “екі жүйе” аралығындағы корпускул тұманының қалың қабатын жарып өтетін инфракрасрентгено-ультрадыбыс қоспасын қаптайды. Сөйтіп, Оптика жұлдызының планетасынан бүкіл адамзаттың мәңгі өмір сүруіне жететін елу миллион өлшемді ошаний элементін алып қайтады”.

Біз осында тырнақшаға алып отырған автор сөзіндегі онша көңілге қона қоймайтын келеңсіз сөз тізбектерін екінші дәрежелі-ақ нәрсе деп есептесек, алдыңғы қатарға кеме, адамның ақыл-ойы жасаған кеме шыға келеді. Байқайсыз ба, Жер ғарышкерлері ғарышта қаншама соқтығыстарға ұшыраса да, қайтар жолда елге жетер-жетпесі екі талай екенін білсе де, өз көліктерін басқа планетада қалдырып кетуге көздері қимайды. Өздері тәжірибе жүзінде тексеріп, беріктігін анықтамаса да, Оптика елі тұрғындарының қоспасын кемесінің сыртына жалатып, ауылға тартып тұрады. Бұл – адамзаттың өз қолынан жасалған мүлкін қастерлей білетін қасиетін айғақтайтын момент.

Біздіңше, орбитамен ұшатын немесе планета аралық автоматтандырылған және ішінде басқарушысы бар станциялардың жұмыс процесі үш сатыдан тұрса керек. Бірінші саты – Жердің тартылыс күшін жеңіп шығып, тиісті объектісіне жету; екіншісі – сол объектіден кері қайту; үшіншісі – Жерге қону. Бір қызығы қазақ қиялгерлері соның үш сатысы турасында да өз идеяларын ұсынған.

“Айға сапар” атты ақын А. Сопыбековтың фантастикалық поэмасында Жерден көтерілген кеме былай суреттеледі: "Бұрқырады ақ жалын, //Кнопкасын басқанда. //Көрмей қалдым ар жағын, //Тік атылдық аспанға. //Аппақ жалын бұрқырап //Қалып кетіп барады. //Ал корабль зырқырап //Алып кетіп барады".

Мұнда поэманың кейіпкері тек иллюминатордан ғана қарап, сонан көргенін жырлап отыр. Шынында да Жерден “өкшесі көтеріліп” ұшып шыққан зымыранның соңында ішіндегі жолаушы үшін солай болып көрінуі әбден мүмкін. Бұл – автордың кемені бүге-шігесіне дейін сипаттауға барғысы келмегендегі қолданып отырған әдісі. Сондықтан болар, осы поэмадан ертерек жарық көрген М. Рашевтің “фантастикалық” поэмасының үзіндісінде де: “Космонавт кемеге енді өзі бастап. //Пилоттар жалт қарады назар тастап. //Снарядтай сүйір кеме көкке атылды, //Қалдырып жүректерге сезім асқақ” деп өте шығады.

Бір өкінерлік жәй – ғарыш кемесінің Жерден ұшқаны жөнінде дәйекті жазылған эпизод прозада да жарытымсыз. Тіпті есте қаларлығы жоқ деуге болады. Бұл – бір жағынан кемістік. Екінші жағынан бұл кемістікті ақтап алуға да мүмкіндік бар сияқты. Оның басты себебі – өзіміздің озық заманымыз.

Жұрт үшін 1957 жылға дейін Жердің тартылыс күшін жеңуге ұмтылудың өзі қиял еді. Кенет конструкторлар мен инженер-техниктер 86 килограмдық шарды Жер төңірегіндегі орбитаға шығарғасын, қиялгерлер үшін планетаның тартылыс күшін жеңу арман болмай қалды. Қай кезде де уақиғаның, құбылыстың алдында жүріп үйренген сол қауым ғарыш стартын қолдағы нәрсе деп ойлап еді, енді ұзақ сапардан оралғанда, қалай аман-есен қону жағын қарастыруда.

Ғарыш кемесінің Жерге қонуы. Бұл мәселе тұрғысында қазақ авторлары көптеген ойлар ұсынды. Солардың арасында Ш. Әбдірамановтың “Уақыттан ұтқандар” новелласында басқаларынан бөлекше шешім тапқан.

…Көптеген жылдарға созылған планета аралық сапардан “Арман” кемесі оралады. Бірақ Жерге тақалғанда, қона алмай, айналып ұшып жүре береді. Оны өзіне тартатын планетаның күші жоқ. Не істеу керек? Осылай бола берсе, кеме Жердің мәңгілік серігіне айналуы мүмкін. “Кенет корабль не қозғалу бағытын өзгерткендей, не болмаса құлау шапшаңдығы бәсеңдегендей болып, онсыз да қабырғаға қабыстырып тастаған ерекше салмақ бір сәт ауырлап барып, ізінше ғайып болды: аяқ-қолымыз ербеңдеп төртеуіміз де қалықтай жөнелдік. Салмақсыздық! Талай рет кездескен ескі таныс қой – бұл. Бірақ қазір, дәл қазір… Ештеңенің байыбына барып ойлайтындай болғанымыз жоқ, төртеуміз де құлап түстік…”.

Ш. Әбдірамановтың бір зымыраны осылай қонады. Мұның басты себебі – гравитация. Ғылым мен техниканың жетістігі арқасында, автордың қиялымен ХХІІІ ғасырда адамзат Жердің тартылыс күшінің билігін өз қолына алады. Сол тартылысты уыстан шығармай кісендегендіктен алғашында “Арман” қона алмайды. Сосын Жердегілер кемеге қарай гравитациялық өрісті бағыштайды. Сонда космос кемесі қона кетеді.

Қашық планеталардан келген кемелердің Жер төңірегіндегі бекеттерге қону немесе көп сатылы тежегіш зымырандардың көмегімен ғарыш алаңға қону тәріздес ұсыныстар қазірде қиялдың монополиясынан шығып, конструкторлар бюросында есептелуде. Ал, гравитациялық өрісті нақтылы есепке әзірше ешкім алған емес. Сондықтан да жазушының идеясын құптауымыз тиіс.

“Космонавтика атасының” “Жұлдыздарға жол” кітабына жазған алғысөзінде әйгілі академик В.Г. Фесенковтың: “Жалпы айтқанда, К.Э. Циолковскийдің ғылыми-фантастикалық еңбектері жинағының мазмұны өте қызықты, жүдә маңызды. Бұл еңбектер өзіне баурап алады, ғарыш кеңістігінде саяхаттаудың көптеген өте нақтылы міндеттері жөнінде ойлауға мәжбүр етеді, ғылым мен техниканың осы саласына құмарлардың санын өсіруге себепші болады” /Путь к звездам. – 3 б./, – деген сөзін біздің жазушыларымыздың кейбір сәтті туындыларына да бағыштауға болатын сияқты.

Қиял көліктері… Олардың ішінде автомобиль мен ғарыш зымырандары көбірек сипатталған. Қайсысы сәтті шыққан, қай жерінде қиялгердің мүлт кеткенін еңбегіміздің әр тұсында айтып өттік. Ал қазақ ғылыми-инженерлік фантастикасында жалпы көлікті армандау дәрежесі едәуір жоғары сатыда тұр деп айта алмаймыз. Алайда олар келешекте туатынына сөзсіз сенеміз.

Күн тәртібінен мәңгі бақилық түспейтін, адамзат алдына қойып отырған бір мәселе – өзінің күнделікті жұмысын жеңілдетіп, тұрмыс жағдайын жақсарта беру. Ол үшін адамзаттың ақыл-ойы техниканы шығарды. Планетада қазір нақтылы істер тындырып жатқан саны миллиондаған инженер-техниктер бар. Бүгінгі таңдағы қол жеткен теориялық озық ілімдермен қаруланған олар тұрмысымызды өзінше әшекейлеп, әр беруде.

Осы салада нағыз бастаушы роль атқармаса да, елеулі әсер жасаушы, түрткі салушы бір күш бар. Ол - ғылыми-фантастикалық әдебиет. “Рас, кейде әдебиет келешекке ғылымнан бұрын құлаш сермейді, – дейді тарих ғылымының докторы И.В. Бестужев-Лада. – Кибернетикамен жабдықталған қоғамдық өндіріс қандай болмақ? Бұған не социология, не экономика ғылымы жауап бере алмайды. Жауапты жазушылар беруге тырысады” /Литературная газета. –1969. – 31 қаңтар/. Оқымысты өз пікірін қиялгердің осыған дейінгі қаламынан туған шығармаларға сүйеніп айтып отырғанында сөз жоқ.

Қазақ әдебиетінде адамға қолғабыс беруші инженерлік арман-қиял тақырыбына тұңғыш қалам тартушылардың бірі – Медеу Сәрсекеев. Елеулі дәрежеде аңғырттау болғанымен жазушының “Ғажайып сәуле” атты повесінің осы жағын бағалау керек болар. Шығармада бүгінгі тұрмысқа қажетті көптеген бұйымдар бар. Ең жақсы қабылдайтын, яғни телефон тәріздес сөйлесумен бірге бейнені де көріп отыратын бейнедидар; босағадағы тиекті бұраса, қуысқа кіріп кететін есік; киім-кешекті өзі әперетін гардероб; өздігінен аяқ киім тазалайтын щетка; металл тор орнатылған түтігіне жарық түссе – ашылатын қақпа; газ радиаторы; ішінде жиілігі күшті ток шығаратын трансформатор орнатылған шәйнек; уран тапқыш аспап...

Қысқасы, күнделікті тұрмысқа жұмсалатын ірілі-ұсақты бұйымдар оқушының көз алдынан тізіліп өте береді. Бұлардың кейбіреулері қазірде бірен-сараңдап тұрмысқа еніп жүр. Кейбіреулері ертеңгі күннің кезегінде тұр. Яғни, қиялгер бұл шығармасын жазарда алдындағы таяу келешекте дүниеге келетін өнертабыстар турасында әңгіме қозғауды мақсат еткенге ұқсайды.

Алайда өзі “ғылыми-фантастикалық әңгіме” деп аталғанмен, көлемі едәуір шығармадағы сөз болатын фантастикалық өнертабысты түгелдей дерлік жалғыз адам Сәулебек ағай жасаған болып шығады. Бұл логикаға сиыңқырамайтын сияқты. Бүгінде бір кездегі әмбебап ісмер, бәрін білгіш энциклопедиялық ой иесінің заманы өткен. Қазірде жеке бір ғылым саласына бойлап ену тенденциясы бар. Анорганикалық химияны зерттеуші ғалым қазірде катализдің бүге-шігесін біле бермеуі мүмкін. Физика да сондай: молекулалық физиканы басқа саладағы физиктердің қолға ұстатқандай білуі екіталай. Демек, әлгі әңгімеде айтылғандай, қыруар өнертабысты үйіп-төгіп бір адамның басына телу көңілге қонбайды.

Т. Хайдаровтың “Бақытты күн” әңгімесіндегі Айдар да Сәулебек тәрізді. Жоғарғы техникалық училище босағасында оқып жүріп-ақ ол қыруар өнертабыс жасайды. Шығармадан бір үзінді келтірейік:

“Алтайдың ғажайыптары оның үйінің табалдырығынан басталады. Ол есік алдына келісімен, еңкейе беріп:

– Ашыла ғой, есігім, – деді.

Есік айқара ашылып кетті. Ауыздағы үйдің шамы жарқ етті. Алтайдың өз дауысынан титтей айырмашылығы жоқ дауыс:

– Төргі үйге кіріңіз. Қарсыңызда. Байқаңыз, есік автоматтандырылған, – деп ескертті.

Мен сәл таңырқап тұрып қалып едім, есік мені артымнан ақырын итеріп жіберді. Есімді жиып үлгірместен әлдеқандай бір ілгешек менің бас киімімді ілезде шешіп алды”.

Міне, сөйтіп, бізге бұрыннан таныс идеяларды қайталап айта келіп, бірақ әңгіменің аяқ шенінде автор пікірін нақтылап, жинақыландырады. “Әрбір әріптің, әрбір дыбыстың тек өзіне ғана тән бедері болады екен. Осындай дыбыс бедерлерін реттерімен бір-біріне жалғап, қандай адамның болса да дауысын айнытпай салып алуға болатын аспап” жасайды Алтай. Біздіңше, жұрт көзіне үйреншікті ойларды көлемі шағын дүниелерге тықпалай бергенше, осы тәріздес біреуінің төңірегінде етек-жеңі жинақы әңгіме жазса, автор да, әдебиет те ұтқан болар еді.

Ш. Әбдірамановтың “Торға түскен күш” әңгімесі де соның аяғын құшқан. “ХХІІІ ғасырдың бір өнертапқышы туралы суреттемедегі” басты кейіпкер Тоқтас Әбіловтің қолынан келмейтіні кем де кем. Қан қысымымен ауырған адамның кеудесіне салатын механикалық жүрек жасайды. Бұл – медицинаның ортопедия және травматология немесе кардеология тарауына қарасты объект дейік.

Тағы да: “Жердің тарту күшін жоятын өріс шығаратын гравигенератор” істейді. Яғни, бұл аппарат өзі әсер ететін радиусы төңірегіндегі заттарды (адамдарды қоса) түгелдей салмақсыздандырады. Демек, енді Әбілов аунап физикаға түсті.Оның өзінде қазір дүние жүзі оқымыстыларының үлкен бір тобы тынымсыз айналысып жүрген сүбелі проблеманы қас пен көздің арасында “қағып” тастайды.

Үшінші рет: инерция жұтатын “қалам” жасайды. Әңгімедегі өнертапқыштың ойынша заттың қатты дене, сұйық, газ және плазма күйінен де басқа төрт күйі бар; бесінші – заттың нейтрондық күйі, алтыншы – заттың эпиплазма күйі, жетінші – бос кеңістік, яғни, “физикалық вакуум”, ал, сегізінші – инерция. Бұл жерде біз автордың тағы да материалдық төрт күйі бар деген фантастикалық идеясының қаншалықты қисынды-қисынсыз екендігіне таласпай-ақ қояйық. Бұл жазушының жол-жөнекей айта кеткен пікірі дейік. Біздің сөз қылмағымыз - әлгі инерцияны жойғыш аспапты тек Тоқастың табуы. Жалғыз осы аспаппен шектеліп қалмай “сегіз қырлы” өнертапқыш инерциялық күшпен ұшатын “И-1-А” кемесінің конструкциясын жасайды. Инерция - қыруар ғалымдар шұқшия айналысқанмен, жуық арада шешілуі неғайбыл мәселе. Соны да Тоқтастың қарақан қу басы шеше салады…

Гравитация, механикалық жүрек, инерция. Бұл үшеуі де - әртүрлі ғылымның білдей салалары. Осыларды жинап әкеліп, бір өнертапқышқа зорлап жасату – шындыққа (қиялдың "шындығына" да) жуыспайтын нәрсе. Жазушы ХХІІІ ғасырда өмір сүретін өнертапқыштың жағымды келбетін жасағысы келген болар. Алайда мұндай адал ниеті үшін таңдап алған әдісі тиімді емес деп білеміз.

Осы айтқанымыздай қыруар қиял өнертабыстарын тықпалау бір шағын шығармаға тағы бір сипатты аңғартады. Оны “инженерлік ғылыми фантастиканың балалық ауыруы” деп атауымызға да болатын шығар. Оны тіпті адамның өсу сатыларына ұқсатуға болады. Себебі, бала нәресте кезінде бәрін білуге құмартады. Белгілі бір нәрсе оның өмір жолында керек пе, жоқ па – онымен жұмысы болмайды. “Бәрін білсем, бәрін көрсем” дейді де тұрады. Өсе келе, байсалдана келе таңдайды, талғайды. Сондай-ақ, инженерлік арман, қиял саласындағы алғашқы туындылар болғандықтан қазақ әдебиетінде айтылмады-ау деген нәрселерді толайым қамтуға тырысқан. Әрине, автордың ойы толып жатқан объектілерге пышырап бөлініп кете бергесін, етек-жеңі жинақы, айналасы теп-тегіс, жұмыр келетін шығарма жасау қиынға түседі. Біз, міне, соның куәсі болып отырмыз. Сонымен қатар, инженерлік фантастика алғаш қандай өткелектен өткенінің куәсі болып отырмыз.

Иіні келгенде еске түсетіні: ғылыми-танымдық “Техника – молодежи” журналының шолушысы Борис Панкратовтың бір мақаласы ойға оралады. Ол “Үшінші мыңжылдықта не істейміз, немесе Ақырғы технократиялық утопия” деп аталады. “Окно в будущее” деген айдармен берілген. Онда автордың негізгі, біздің көкейімізге қонатын дәйектемесі: “Біздің біліктілігіміз бен шеберлігіміз баи түскеніне қарай, ғылыми-техникалық бағыттар бұдан былайғы прогресс бізге материяның ”көлбей жайылып” емес, “тереңге бойлай ену” қажеттілігін өздері меңзеуде. Сонда, даму жолында энергия мен минералды пайдалану көлемі ұлғаймай, керісінше, азая түспек. Бұл – күллі машиналар мен техникалық жүйелердің көлемін барынша кішірейтіп, ықшамдауға және шикізаттың тұтас кесектерінен емес, төтелей ұсақ атомдары мен молекулаларынан құрастыруға ұмтылыс”.

Өздеріңіз танысқан үзіндіні, автор, мүмкін, бүгінгі күнгі өнертапқыш техник-мамандарға бағыштап отырмын деп ойлайтын шығар. Ал, бірақ та, бұл – айтылған жәйт, біле білсек, бәрінен бұрын біздің қиялгерлеріміз құлағдар болуға тиісті пікір деп есептейміз…

Соңғы кездері біздің әдебиетімізге қосылған ғылыми-фантастикалық шығармаларда робот жиі кездесуде. Тіпті “роботехника” қиялдың жекеменшігіне айналды. Бір жағынан оған олай деуге хақымыз да бар. Себебі: нақтылы ғылымның зерттелуі үшін робот идеясын ұсынған да, “робот” деген терминді енгізген де – қиялгер.

Чехтың атақты қаламгері Карел Чапектің ойына “РУР” фантастикалық драмасының идеясы келгенде, сурет салып отырған інісі Йозефке жетіп барады:

– “Мен жасанды жұмысшыларды қалай атауды білмей тұрмын. “Лаборж” деп атайын десем, жатық емес, кітаптың тіліндей сіресіп қалатын түрі бар, - дейді.

– Онда “роботтар” деп атай сал, – деп күбірлейді суретші аузындағы қылқаламын алмай, бояуын езгілей тұрып”.

Міне, алғаш “РУР” пьесасында “робот” аталған “механикалық адамдар” қазіргі фантастикада елеулі орын алады. Дүние жүзі қиялгерлерінің ең болмаса бір шығармасында робот кездеспеуі мүмкін емес деп батыл айтуға болады. Робот - қазақ қаламгерлерінің де бас кейіпкерлерінің бірі. Тіпті, оны айтасыз, бір колхоздың толайым құрылысын роботтар салады. Ол Т. Сұлтанбековтың “Темір еліне саяхат” атты әңгімесінде бар. “Екі шекесіне шам орнатқан қауғабас” робот – колхоз жетекшісі, “Маңдайларында айна тәріздес көздері бар” басқарма мүшелері. “Талдырмаш темір кеуде” робот – қыз Ғалия. “Өз аяғынан жүріп, өз тұсынан топырақ қауып алатын” кран. "Екі көзінің тұсы, аузы қып-қызыл от" робот-ит. “Түр формасы қара доңыз іспеттес домалақ”, өздері жер жыртып, егін салып, топыраққа тыңайтқыш сіңіретін, егіс суаратын темір “жануарлар”. Жер қыртысына оп-оңай сүңгіп кетіп, су құбырын өткізетін балық тәріздес роботтар…

Фантастикалық пьесадағы ғалымдар “темір малдар” жасаудан да кетәрі емес: олар (“темір малдар”) даланың шөбін “жеп”, сол шөпті сан алуан қышқылдар, сөлдер, виамині мол экстраттарға айналдыруы мүмкін. Ал осы ойдан шығарылған өнертабыстардың бәрі де бір мақсатқа бағышталған. “Біздің түсінігіміз бойынша өмір сүру дегеніміз тек қана еңбек ету, – деп “Теміртек” елінің тұрғындарының кредосын қыз-робот Ғалия айтады. – Жалт еткен игі істің нәтижесін көрсету. Бізді тудырған, дүниеге келтірген нағыз адам баласын қуанышқа бөлейтін істер жасау”.

Авторға базыналық білдіріп, мін тағатын нәрсе бар. Ол – шығарманың әдеби орындалуы. Мұндағы уақиға журналистің көрген-білгенін баяндаумен беріліп отырады. Жазушы сол журналистпен қатар бізді таңғажайып темір еліне енгізіп жібереді. Бұл – жақсы. Алайда оқушыға белгісіз бір себептермен (ол, түсіндірмеуіне қарағанда, автордың өзіне де беймәлім болар) тілші басқа, бүгінгі заманымыздан бір-ақ шығады. Бір қасқабас оның Кибернетика ғылыми-зерттеу институтында жүргенін айтады. “Робот боп сөйлеген және сізді ертіп жүрген біз едік, – дейді ол кісі. – Жүрген жолыңызды телевизормен көріп отырдық. Роботтың қимылын радиомен басқардық. Сіздің естіген дауыстарыңыз да – сол роботқа орнатылған радио”. Бұл жері, біріншіден, жалпы шығарманың құрылымымен қиыспайды. Себебі, не әңгіменің басында, не ортасында журналист Кибернетика институтына барған емес. Қалайша ол уақиға соңында институттан бір-ақ шығады? Екіншіден, тайлы-таяғына дейін темірден тұратын әлгі тілшімен бірге тамашалап жүрген оқушыға, “жоқ бұл көргендеріңнің бәрі – болмаған нәрсе, нанба” дегендей, Институтты автор орынсыз қыстырып жібергенде, кісінің көңілі құлазып қала береді.

Осы әңгімедегі тәріздес топтаған роботтар Т. Шахановтың “Төртінші планетасында” жүр. Төртінші планетаның саналы тұрғындары роботтар ойлап табады. Алғашында оларға қол жұмысын артып қояды. Келе-келе планета иелерінде “еңбек ету, іздену, күресу сияқты жақсы қасиеттер нәрін жоғалтып, арамтамақтық, жатып ішерлік көбейді”. “Ақыры адамдар тебіреніп толқудан, арман қанатына отырып ой ойлаудан қалды. Өмірге селсоқ қарауды шығарды. Ерінетін болды…” Барлық тірлігін өз қолдарынан жасаған аппараттың билігіне береді.Соның ақыры роботтардың бас көтеруіне әкеліп соқтырады. Олар Төртінші планетаны басып алып, роботтар мемлекетін құрмақ болады.

Бұл “кейіпкер”, робот, Ш. Әбдірамановтың “Әл-Фараби көпірі” новелласында “негізгі қозғаушы күш” есебінде көрінеді. Автор атынан айтылып отырған уақиғада Нүркен қойшының қара қойы бірде қотаннан оқшауланып шығып кетеді. Оны көргендер: “Қой кеткен тұстан әлдене жарқ еткендей болды. Көгілдір сәуле. Одан әріректе, тау баурайынан тағы да жарқыл көрінеді. Сөйткенше болған жоқ, Бақатастың арғы тұсы – тау арасынан үйдей қара домалақ шар (?) жайлап көтеріле берді. Ол зат биіктеп, ноқаттай болып көрінбей кеткенше бәріміз де аспанға үрпиісіп қарап қалыппыз”, – деседі.

Аталмыш құбылысты зерттеуге орталықтан мамандар келеді. Ал, әңгімені баяндаушы болса, оның өзінің бұл мәселе хақында пікірі бөлек. Аталмыш объект турасында автордың мынандай деген ұйғарымы бар: “Ал, ғарыштан келген кімдер? (Оларды жоғары сана-сезім иесі деуге ауызым бармайды). Робот… Иә, робот қой олар. “Ұрланған” қой, оның қашаған көшірмесі, төніп келген қауіп-қатер болмаса да, кемеге міне салып, зыта жөнелуі нағыз ақыл иелерінің шешімінен гөрі, белгілі программаға бағындырылған робот ісін еске салғандай… Олардың негізгі мақсаттары Жер планетасындағы тіршілікті зерттеу екені шүбәсіз. Робот-елшілердің зерттеуді ең момақан түлік - қойдан бастауында да оғаштық жоқ.Қашаған қара қойдың және оның әрекетінен болған жарылыстар роботтарды тұйыққа тіресе керек. Ойланып жатпай, “авария” тетікті бір-ақ басып, алды-артына қарамай, олардың зыта жөнелуін мен осыған жорыдым”.

Т. Сұлтанбековтың “Темір еліне саяхатында” роботтар адамға қолғабыс жасап жүрсе, Т. Шахановтың “Төртінші планетасында” олар өздерін дүниеге келтірген саналы тіршілік иелерінің жағасынан алады, өздеріне құл қылғылары келеді. Жұмыс істеу принципі бірдей екі кибернетикалық механизм. Алайда олардың бірі қолынан келгенше жақсылық, игілікті нәрселер істеуге үйір, екіншілерінің әрекеттері, керісінше оған қарама-қарсы. Осылардың қылығы адам характеріне ұқсамай ма? Әрине, ұқсайды. Демек, роботты пайдалана отырып, қиял сол арқылы әдебиетті түрлі-түрлі характермен байыта түседі екен.

Қазақ фантастикасының басқа туындылары да бұл пікірді растай түседі. Олардың барлығындағы роботтар да екі лагерьге бөлінген. (“Лагерьлер” деп отырғанымыз – әдебиетте осыған дейін қарадүрсіндеу жіктеліп келген “жағымды” және “жағымсыз” кейіпкерлер.) Бұлардың арасында адамның дегенін істейтін, айтқанына мойын ұсынатын тіл алғыш “жағымды” роботтар көбірек бой көрсетіп жүргені байқалады. Жазушылардың қиялынан туған олар сан алуан болып келеді.

Атасақ, Т. Сұлтанбековте адамға бергісіз жасанды – физикалық-механикалық кибер мен автокосмонавт, Т. Шахановта люциферин мен люциферазалық клеткалардан тұратын жасанды ми жүйесіне биоток зарядтарының әсер етуінен жұмыс істейтін Люциос, Т. Сүлейменовте су астындағы қазынаны су бетіне тез шығаратын машина жасаушы өнертапқышты жаман пиғылды кісіден құтқарушы робот Том мен лоторея ойнайтын нейроробот Марк т.б. бар.

Қиялгерлер бұл роботтардың техникалық-инженерлік сипаттамасын көп жерде шұқшия суреттеп жаза бермей, тек “робот” деп атын айтып өте шығады. Ал олардың неден жасалғанын, жұмыс істеу принциптері қалай дегенге келгенде, орынсыз сараңдық жасайтын сияқты. Мәселен, Т. Шахановтың “Люциос” новелласындағы шығарманың аты берілген бас кейірпкерді алайық. “Бек (робот жасаушы. – А.-Х. М.) Люциосты басынан аяғына дейін бір шолып өтті де, ойлы көздерін жерде тұрған қобдишаға аударды. Олар бірқалыпта тық-тық еткен сағат тіліндей жайымен соғып тұр. Көрсеткіш шкаласының кішкене қызыл тілі дір-дір етеді. Іргедегі экран бойымен жіңішке сызықшалар ерсілі-қарсылы өтіп жатыр. Кейде олар экранның ортасына дейін тұп-тура созылады да, кенет жоғары шапшып, биіктегі қара жолаққа жетісімен төмен құлдырайды. Қобдишалардан тартылған бір топ сары, ақшыл, қызғылт түсті қылдырықтай сым тізбектері Люциостың кеудесімен байланысқан… Қазір жіңішке сымдар бойымен заулаған биоток зарядтары оның ми жүйесін ой сезімімен толықтырып жатыр. Люциос бүгіннен бастап адамша еңбек етпек”.

Әйтпесе, Т. Сүлейменовтің “Робот және лотерея” әңгімесіндегі нейроробот Маркының техникалық-инженерлік параметрлерін оқиық. “Роботтың ми жүйесін люциферин мен люциферазалық клеткалардан жасағаным жөн болар ма? Әлде… Жо-жоқ, бұл екеуі табысып реакцияға түсу нүктесі табылса керемет-ау, сана-сезімі ерен нейророботтың да иесі біз ғана боламыз. Басқа мемлекеттерге сатсақ, әрқайсысы жүз мың доллар! – деп Клейтон Логнер бурыл тартқан самайын сипалап сәл отырды да, роботтың ми жүйесін неше сектордан құрастыру керектігін есептеді. – Он алты сектор. Күніне екі сектор дайындаймын. Сонда робот жарты айда жасалып бітеді”.

Бар болғаны, міне – осы. Бұдан нақтылы ғылыми қиялды көру қиын. Біздің фантастикамыздан ғылыми көрегендікті көбірек іздеген оқырманның осы жерге келгенде көңілі қоңылтақсып қалатыны хақ. Ал, біз болсақ, бұл кемістікті авторларымыздың техникалық білімінің оншама терең еместігінен көреміз. Оның үстіне жазушылар жасаған роботтардың әрқайсысында өзіндік характерлері барын ескеріп, техникалық-инженерлік жетіспеушіліктеріне, мүлт кеткен моменттеріне кешірім жасай аламыз. Бұған басты себебіміз - әдебиетіміздегі негізгі мақсат – характер жасау. Ал сол характер темір роботтың да бойынан көрініп жатса, еңбектің ақталғаны емес пе?

Жұлын тұтасы темір-терсектен тұратын механизм болғанымен, робот дәйекті бағдарлама берсе, қиын жұмыстарды да атқарып тастайтын күрделі аппарат. Кейде өзінің электронды миына салып, қажет жерде өздігінен шешім қабылдайтын қабылеті болуы да мүмкін. Осы қасиеті роботты кейде жартылай саналы тіршілік иесіне жақындатады. Сондықтан біз ғылыми-техникалық фантастиканы сөз қылғанда, әңгімемізде роботқа көбірек тоқталдық. Осыған қарап, әдебиетімізде фантастикалық өнертабыстың басқа түрлері жұтаң екен немесе тіпті жоқ көрінеді деп ойлауға болмайды.

Шығармашылар осындай қиялымен, арманымен бізге қадірлі. Мейлі, олардың көзі үйреншікті емес, ерекше ұсыныстары бойынша инженерлер тұп-тура ештеңе жасамай-ақ қойсын дейік. Немесе ол идеялар ғылыми-техникалық тұрғыдан қарағанда өте дәл болмай-ақ қойсын. Соның өзінде де сол қияли құрылымдар бір істі тындырып жатады. Яғни бұрын дүниеде бар инженерлік-техникалық аппараттарға сын көзбен қарауға итермелейді, сол бұйымдардың басқа да шешімдерін іздестіруге итермелейді. Химиялық элементтердің реттік жүйесін жасаған, әлі де талай ғасырлар үшін ұлы оқымысты болып қала беретін Д.И. Менделеевтің өзі Жюль Вернді “дана ғалым” деп мойындауы, ғылыммен айналысуға осы жазушының қамшы болғанын айта-айта жүруі – ұлы қиялгердің идеяларынан нәр алғандығының белгісі.

Қазақ әдебиетінің бүгінгі таңдағы фантастикасында, рас, Жюль Верннің дәрежесінде тұрған жазушы жоқ. Дегенмен, жастардың істеп жатқан дүниелері – көз жұмып, елемей өтіп кетуге болмайтын нәрсе. Солардың бірі – инженер-геолог С. Қышқашевтің идеясы. Автор “Қыземшек бауырында” атты ғылыми-фантастикалық повесінде Жер астындағы руданы алудың өмірде жоқ жаңа әдісін ұсынады. “Рудалы скважинаны” (саңлаудың) біріне мына приборды түсіреміз (ол ақ қағазға сызылған ұп-ұзын қарындаш сияқты бұйымды көрсетті). Бұл таяқшаның ішінде атом қазаншасы бар. Қазанша жұмыс істеген кезде, аса үлкен температура пайда болады да, әлгі скважинаны қиып өткен руданы еріте бастайды. Ал, мына цилиндрдің ішінде (ол екінші жуандау таяқшаны көрсетті) қуатты насос (сіміргіш) бар. Ол еріген руданы сіміріп алады да, тіке заводқа жеткізеді”.

Әлім өзінің аспабын міне, осылай суреттейді, бұл идеяның қаншалықты және қашан жүзеге асатыны бізге мәлімсіз, оны келешек көрсетер. Ал, бірақ, бізге мәлім бір нәрсе – “Қыземшек бауырында” барлаушы-геологтар қазып кеткен 896 скважинаның орнына, әлгіндей аппарат дүниеге келсе, 5-6-ақ скважинаны пайдаланып, руданы жерден қазбай-жармай алуға болады. Демек, автордың ойы, “мен сызып бердім, тез ватманға түсіріп алып, аппаратты жасай беріңдер” деген емес. “Осы тәріздес кен өндіргіш жаңа аспап шықса”, деген арман, қиял С. Қышқашевтің фантастикаға жүгінуіне түрткі болған.

Екінші бір “Вертотер” ғылыми-фантастикалық әңгіменің авторы – С. Тұрдалиев қазіргі ауыл шаруашылығындағы көп жұмысты тілейтін сала – мақта жинауды жеңілдетуді аңсайды. Бұл аппаратты солай деп атайды. Негізінде тікұшаққа ұқсайды. Айырмасы – бауырында пілдің тұмсығындай буын-буын резина ішек, екі қапталынан жылжып төмен түсетін жирафтың мойнындай ұзын екі қобдиша, олардың фотоаппарат дүрбісіне ұқсаған көздері және саусақтары бар. Көздерге орнатылған фотоэлемент мақта тәріздес ақ затты көрсе-ақ болды – саусақтарын жүгіртіп, іліп алып кетеді. Жұмыс істеу әдісі: “Темір саусақтар әппақ мақтаны шанақтан ептеп алады да, резина-кеңірдекке әпереді. Ол мақтаны ышқынта сорып, бункерден бір-ақ шығарады”. Вертотердің теру көрсеткіші – күніне 50 тонна мақта. Бұл көрсеткіш мақта терушілер үшін – арманның арманы. Осы шаруашылықтың қиындығына көзі жеткен автор өз қиялын тербеп, вертотер идеясын ұсынады. Кім білген, қағылез конструкторларымыз бен инженерлерімізге бұл ой салатын да болар.

…Африканың Конго жағалауында аштық. Соған көмек ретінде Ақсу өзені жағасындағы егіншілер қырманға төгілген астығын бермекші болады. Кенет астықты аласұрған қара құйын келіп, үйіріп, аспанға көтеріп алып кетеді. Астық сол бойында бидай жауын болып әлгі ашаршылықтағы кедей ауылдың төбесіне жауады. Мұның құпиясын бізге Т. Сұлтанбеков ашып береді. Қара құйын тегін емес. Адам қолынан, адам еркімен жасалған құйын. Аштықтан өлім аузында жатқан Африка халқына астықты жеткізу үшін көп көлік, ұзақ уақыт керек. Сондықтан да біршама оқымыстылар жүкті жеткізудің ерекше, тиімді жолын тапқан. Атмосферада ауа ағысының қозғалу заңдылығын ашқан. Сол ағыс күшін меңгеріп, пайдалануға мүмкіндік туған. Ақырында ғылым құстың қауырсынын ғана көтере алатын өзімізге үйреншікті құйынға қара нардың жүгін артады.

Осы “Қара құйын” әңгімесімен Т. Сұлтанбеков бізге тағы бір, ерекше өнертабыс ұсынады. Автор бұл идеясын жалғыз астық тасумен шектеп қалдырмайды. Ауа ағысын күшті игерсек, “өмірге дөңгелексіз машиналар, поездар қаптайды, шөлейт далаларға біз суды канал қазып, машақаттанып үлкен әуре-сарсаңмен апармаймыз, құйынның күшімен, ауа ағысымен апарамыз!”

Міне, мәселе қайда жатыр! Идея әдемі! Ерекше. Кісіні бірден қызықтырады. Алайда бір “әттеген-айы” бар. Автор сол құйынды қалай бас үйреткені жөнінде жұмған аузын ашпайды. Шіркін, осы тұста қиялгер өзінше бір ой тастаса ғой!.. Көп нәрсе ұтар еді! Бірақ мұны талап етіп отырған себебіміз: алдымыздағы ғылыми-фантастика ғой. Сондықтан да ғылыми фантастикалық мәліметтердің болғанын ішіміз қалайды.

Ш. Әбдіраманов осы талабымыздан шыққан сияқты. Композициясы олақтау, уақиғасы сұйықтау, көркемдік дәрежесі жұтаңдау болғанымен, автор “Көрінбес қорған” әңгімесіндегі фантастикалық идеясымен едәуір ғылыми мәлімет бергісі келеді. Уақиға қой бағуды қиялдау төңірегінде болады. Қой бағуда біз атам заманғы бабалардың әдісінен әлі әрі аспай келе жатқанымыз белгілі. Автор соған жаңа амал-айла қарастырады. Шығарманың бір кейіпкері далада жайылып жүрген қойға тақалғанда, астындағы аты беттемей қояды. Сонда қойшы “қамшысын жоғары көтерген күйі ерінің басындағы үш түрлі ноқаттың бірін – көк ноқатты басты”. Сол кезде біреу жетелегендей, бағанадан ойқастап жоламай тұрған шабдар қой арасына еніп кетеді. Енді қойшы ерінің басындағы қызыл ноқатты басып, әлгінде ат өте алмаған жаққа тас лақтырады. Сонда тас жерге түскенше күл-талқаны шығады. “Бастарына радиолокатордың антеннасы сияқты табақтай-табақтай нәрсе орнатылған, арасы жарты шақырымдай жерден қойылған қаз-қатар бағаналар бел асып кетіп жатыр, - деп ойлайды ол. – Мана мені өткізген көрінбес қорған да, әлгінде тастың быт-шытын шығарған керемет күш те осы бағана басындағы “антеннаға” қатысы бар екеніне енді күмәнім қалмады”.

Сонда бұл не? Әлде құлаққа естілмейтін өте жоғары тербелістегі ультра дыбыстың күшті толқыны болды ма екен? Егер жорамалым шындыққа шықса, ана “антенна” дыбыс шығарып – қабылдайтын генератор-қабылдағыш болды ғой. Біздің мұндай генераторларды жүргізу үшін электр энергиясы қажет емес пе екен? Мен көрмей жүрген жайлау ма бұл, қойшылар электр станциясын не қылсын!.. Мүмкін ана генераторлар Күн батареяларынан қуат алып тұрған шығар?.. Әрине, солай!” Сонда, автор, біріншіден, көрінбес қорғанды Күннен қуат алатын генератор ток па, жоқ басқа бізге белгісіз бірдеңе арқылы ма, әйтеуір отарға ешкімді жолатпайтын шекара деп біледі.

Екіншіден, автор былай дейді: “Біз түн жарымына дейін отырып әңгіме-дүкен құрдық. Дегенмен, қой мүлде иесіз қалған жоқ: қотанды айналып жүріп біреу әлсін-әлсін айтақ салып қояды. Жоқ, ол біреу емес, бірнешеу: Дәукең, көбінесе келіні Шәйім мен баласы Рақым кезектесіп айқайлайды. Аракідік Мойнақ та үреді. Егер біреу айтса сенбес едім бұған, өздері менімен әңгімелесіп отыр, ал дауыстары сырттан шығады… Мүмкін, бұл магнитофон лентасына жазылған дауыстар шығар? Онда мына айқайлап тұрған репродуктор болды ғой… Дәл солай!”. Демек, түнде қойға қасқыр шаппас үшін репродуктор мен магнитофонды пайдаланған.

Бұл да тұра тұрсын. Енді үшінші идеяны қарайық. “Мана босағада тұрған аузы буулы қапты көрген болатынмын. Енді сол қап үлкен экранға орнатылған, сан түрлі шкалалы ерекше бір қондырғыға айналып кетіпті… Әлгі қондырғының өн бойында қызылды-жасылды шамдар самсап тұр. Экран беті күңгірт болса да, одан жер бауырлап жылжып келе жатқан жаттың кескінін бірден байқауға болатындай еді”. Қысқасы, ол қасқыр екен. Экранның ортасында қилысқан екі сызықтың нүктесіне келгенде, үй маңындағы прожекторлар жанып, аңның көзін аштырмай тастайды. Яғни, бұл құйтырқылар – қорадағы қойға қасқыр шаппау үшін керек нәрселер.

Енді осы үш идеяны жинақтайық. Бірі - қой ортасына сырттан дене өткізбейтін көрінбес қорған. Екіншісі – түнде әр қилы дауыс беріп тұратын репродукторлар. Үшіншісі – түнде қойға қасқыр шапқанда ұстайтын прожектор. Біз нағыз керекті деген моменттерін іріктеп алып, үзінді келтірдік. Әйтпесе, әңгімеде әрқайсысы жеке-жеке бақайшағына дейін шағылып баяндалған. Барлығының да, түптеп келгенде, атқаратыны жалғыз-ақ міндет – қойды шашау шығармай бағу. Сонда осылар бірін-бірі қайталап тұрған жоқ па? Әрине, солай. Егер осылардың алғашқысы дүниеде болса, қалғандарының керегі қанша? Ал түнде қотанда дамылсыз дауыс беріліп тұрса, қасқыр бәрібір жоламайды. Ендеше прожекторы несі?..

Т. Сүлейменовтің “Телергон-1” әңгімесі де “Көрінбес қорғанға” ұқсайды. Мұнда да сол қасқыр аулау әдісі бар. Автор ол үшін кәдімгі мылтықтың өзін алады. Оны ғажайып зат – телергон толқындарымен оқтауға болады. “Табиғи телергон жануарлар мен жәндіктердің тірі бездерінен бөлініп шығады. Ал мынау химиялық жолмен қолдан жасалған. Оның қасиеті сан алуан. Тек тәсілін тауып қолдана білу керек… Міне, мына аппарат “Телергон-1” деп аталады. Аңшыларға арналған оқсыз мылтық… Қысқа толқында телергон бірден нерв жүйелерінің клеткаларына әсер етеді. Сөйтіп, клеткалар аяқ астында өмір сүруін тежейді. Қасқыр арсалаңдап, тілін салақтатып жата қалады…” Міне, Т. Сүлейменовтың бір алшақтығы – Ш. Әбдіраманов тәрізді үш бірдей идеяға жармаспай, жалғыз пікір ұстаған.

Осы бір жерде ғылыми фантастиканың табиғатын жаңсақ түсінуден туған кемшіліктің куәсі болып отырмыз. Егер де ілгеріректе Т. Сұлтанбеков кейбір өнертабыстың құпиясына жұртты араластырмай, үстінен аттап өткенін айтсақ, бұл жолы құпиясын бүге-шігесіне дейін шағып береміз деп, тағы да қателікке бой ұрушылықты көрдік. Оқырманға ғылыми фантастиканың тайыздығы, примитивтігі байқалып жатады. Ал ғылымның терең тұңғиығына түсіп кеткен де ұнай бермейді. Ғылыми-фантастика – әдебиеттің перзенті. Демек, оны оқыған адам ғылыми мәлімет, фантастикалық қуат алуы және ғылымдағы тенденцияны аңғарумен қатар, эстетикалық ләззат алуы тиіс. Жазылған дүниенің қажетті компоненттері жетпей де қалмай, асып та кетпейтіндей дәрежеде болғанда ғана рухани ләззат та, ғылыми таным да алуға болады.

Медицинада қазіргі заманда кәт нәрселердің бірі “кәдімгі” қан екені бәрімізге белгілі. Соның жетімсіздігінен көп жерлерде емдеу шаруашылығымыз дәрменсіздік көрсетуде. Сондықтан қиялгерлер де өз тарапынан “қан проблемасын” шешуге үлес қосуға тырысқаны – қуантарлық жәйт. Соны жазушылардың ішінде алғашқылардың бірі болып медицина ғылымының кандидаты С.Ғаббасов қолына алған екен “Кәусар” романында.

Оның жаңалығы мынау: “…Екі колбаның ішіндегі сұйықтық… “биошырын” деп аталады… Қазіргі оң жақтағы колбаға жалғыз ғана тамшы адам қанын тамызады. Сол жақтағысына сондай мөлшерде етіп жасанда қан қосылады… Екі колбаға да енді асқазан ісігінің клеткаларын жібереміз… Ал енді екінші колбадағы геннің әсерімен өзгертілген жасанды қанның ақ түйіршіктері ісік клеткаларын… жан-жағынан сорып, түгін қалдырмай жоқ қылды...”.

Табиғаттану ғылымдарының тарихын зерттеуші, халықаралық Эйнштейн комитетінің төрағасы, профессор Б.Г. Кузнецов: “Қазіргі ғылымдағы байқалған тенденцияның сипатын айқындау қиын. Ол тенденциялардың техникалық тиімділігін – өмірде қолданғанда нендей нәтиже беретінін айқындау одан да қиын” /Будущее науки. Выпуск третий. – М.: Знание, 1970. – 162 б./, – дейді “Ғылымдағы тенденциялар” аталатын проблемалық мақаласында. Бұл – нақтылы ғылыммен айналысып жүрген оқымыстының сөзі. Егер де осы пікірді дұрыс деп табатын болсақ, қазақ фантастикасының ғылыми-техникалық болжалын тек қана құптарға керек. Мейлі, кейде олар нысанаға дәл тигізе алмай жатсын. Алайда, келешек ғылымдағы тенденцияны бүгіннің өзінде байқағылары келеді. Ал біз сынаған кемшіліктер болса, ол сөзсіз түзелуге тиіс деп білеміз. Сенеміз.

Күллі әдебиет тарихы көрсетіп отырғандай, күнделікті өз қамын жасап жүрген адамнан бастап, кеудесінде жаны бар тіршілік иелері жөнінде көркем әдебиет азды-көпті жазып келеді. Одан фантастика да қалыс қалып көрген жоқ. Себебі: мейлі, құрт-құмырысқа, бақа-шаян болсын, олар – тірі табиғат, жанды өмір сүрушілер. Ал, “Келешек биологияның еншісінде” деген мақаласында академик А.И. Опариннің пайымдауынша, “өмір – біздің планетамыздағы ең әдемі, ақырында нағыз маңызды нәрсе. Тірі табиғат құпиясын ғылыми тұрғыдан түсіндіру теориялық, әлемтану ісінде ғана емес, сонымен қатар жаны бар объектілермен қатысты адамның күнделікті тұрмысында өте-мөте маңызды… Егер өткен ғасырдың аяғы мен үстіміздегі ғасырдың басым бөлігі физиканың мықты дамыған дәуірі болса, алдағы он жылдықтарда биология ғылымдарының адам нанғысыз өсуін күтуге хақымыз бар”. Оған дәлел – биологияның бүгінге дейін даму жолын шолып өтсе – жетіп жатыр. Қазіргі заманда жұртшылық өсімдіктер мен жәндіктердің, аңдар мен құстардың алуан түрлерін біледі. Мыңдаған оқымыстылар армиясы олардың өлі табиғатпен ара қатынасын зерттеу үстінде.

Мәселен, ет пен сүйектен жаралған пенде-адамның өзін алайықшы. Талай-талай ғасырлар бойы табиғи сұрыптау сатыларынан өтіп, қазіргідей түрге енген адамда да әлі қаншама биологиялық кемістіктер бар. Табиғаттың осы бір “олақтығын” түзету үшін адамзат қазірде бойындағы барлық білімін сарп етуде. Кесілген аяқ-қолдың орнына жүретін протез, керең құлаққа киілетін аппарат тәріздес нәрселер үйреншікті істерге айналып кетті. Енді адамдардың ішкі органдарын қолдан жасалған мүшелермен алмастырудың тиімді жолын қарастырудамыз. Олардың ішінде де артерия орнына дакрон түтігімен алмастыру таңсық болмай қалды. Бүйрек, жүрек жұмыс істеуден шықса, белгілі уақытқа дейін күрделі аппарат олардың қызметін атқара алады. Медицинаға қатысты ғалымдардың алдында тұрған міндет – тек ауруханада емес, адамның кеуде қуысына сыйып кететіндей сондай аппарат жасау…

Ғылым көкжиегінен кейінгі кезде көрінген кибернетика, бионика, астрология… тәріздес көптеген ғылымның жаңа салаларын қайтесіз… Қысқасы, биология үшін атқаруға тиісті “жұмыс” фантастика әдебиеті үшін де “жүктеме” болып отыр!.. Сондықтан да академик П. Ребиндердің “Құпияға толы мұхит” деген мақаласындағы бір сөзі біздің есімізге жиі орала береді. “Мен сол биологияға қиялгерлердің назарын баса аудару керек деп есептеймін… Төңірегіміздегі және өн бойымыздағы биология – құпияға толы мұхит қой”, – деген ол кісі /Литературная газета. – 1969. – 19 қыркүйек/. Қазақ әдебиетіндегі қиялды қарап отырсаңыз, сол биологияны авторлар өздерінің негізгі тақырыптарының бірі деп танып, әр уақытта ойын қамшылап, қалам тартып отырыпты. Орыс кеңес фантастикасының бір классигі Александр Беляев те өзінің творчествосының беташарына “Профессор Доуэльдің басы” романын жазарда биологияны таңдап алған жоқ па еді?

Тағы да академик П. Ребиндер айтқандай, “құпияға толы мұхит” үшін фантастикада және де бір қызығарлық функция бар. Ол – өткенді бүгінгімен жалғастыру. Былайша айтқанда, баяғыда, бұрынғы атам заманда бастан кешкендерді қайтадан осы бүгінгімізге әкелу. Әдетте, біздің ұғымымызда “қиял” дегесін, бәрінен бұрын қиялгер-жазушыларымыз алдағыны армандауға тиіс деп ұғынамыз. Алайда, “кейінгіні” де болжалдауға болады екен. Былайша айтқанда, “Уақыт машинасының” “бұйдасын” келешекке емес, артымыздағы тарихқа да “бұрып жіберу” мүмкіндігі бар көрінеді.

Жазушы-қиялгер С. Исақовтың “Белгісіз аралда болған оқиға” повесінен соның бір мысалын ұшырастырамыз… Онда туындының бас кейіпкері – биолог Даранту мұхит ортасындағы ешкім мекендемейтін “Жын аралында” құпия тәжірибе жасап, өзінің бір жаңалығын жүзеге асырады. Ол турасында бас қаһарманның өзі: “Жалпы тірі организм миллиардтаған клеткалардан құралған. Олардың ішінде ядросы және протоплазмасы бар. Ал ядроның ішінде – хромосомдар, оның ішінде гендер орналасады. Тұқым қуалайтын қасиет осы генде болады… Мен геннен басқа “ННК” деп аталатын жаңа, ата тегін қайталайтын қасиеті бар сұйықтық немесе фермент жасағанмын… Менің жасанды ферменттеріммен жаңа, табиғатта кездеспеген мақұлықтарды өмірге екінші қайта келтіріп, ойымды дәлелдесем деймін”, – дейді. Сол идеясын іс жүзінде орындап шығады: ол кәдімгі бүгінгі кесірткеден баяғының динозаврларын “сұрыптап” шығарады. Ал олар өз кезегінде атам замандағыдай табиғи жолмен жұмыртқалап, олардан тұқым өрбітеді.

Жалпы повесть желісі бойынша тонаған қазыналарын көму ниетімен осы иесіз “Жын аралына” келген үш теңіз қарақшылары жұмыртқадан шыққан балапан - динозаврларды қырып тастайды. Оның есесіне ересектері ұрыларды басып өлтіреді… Міне, мазмұн – осы. Ал, біздің назарымыз ауған нәрсе – әлгі бауырымен жорғалаушылардың тұқымын бүгінде ұсақ кесірткелердің негізінде қайтадан жаңғырту. Бұл фантастикалық идея бірсыпыра сәтті шыққан деп есептейміз.

Алайда, туындыда тағы бір алаңдатар сюжет бар. Ол – әлгі биолог Дарантудың сол аралдан тауып алып, қолға үйреткен, “Микки” деп ат қойған макакасы. Ол жөнінде автордың: “Шындығында Даранту адам сене қоймайтын тәжірибе жасап, Миккиге ақыл-парасат сыйлап, екі жылдың ішінде әйелі Хелга екеуі оны адамша сөйлей білетін жағдайға жеткізеді. Миккидің ақылын толықтыру сеанстары алты ай бойы шағын лабораторияда жасалды. Нерв жүйесі мен құрылысы ерекше дамыды. Өмірге деген көзқарасы да өзгере бастады. Мән-мағынаны танып, төңірекке дұрыс бағдармен қарайтын саналы, ақыл-ойлы макакаға айналды. Адамша сөйлеп, санап, ойланатын айырықша қасиетке ие болды…” – дегені көңілге күдік ұялатады. Сөз жоқ, жазушы творчестволық сүрініске ұшыраған. Біріншіден: ол мақұлықты қалайша үйреткені жөнінде фантастикалық дәлел, негіз жоқ. Екіншіден: мүлде басқа жұмыспен айналысып жүрген кісіге оны адамша “сайратқаннан” не пайда? Үшіншіден: осы макаканың күллі повесть уақиғасында алып тұрған орны жоқ. Демек, басы артық, “штаттан тыс” кейіпкер.

Қазақ ғылыми фантастикасы осы биология тақырыбына келгенде, “қамшы салдырмайды”. Олар қиял күшімен көбіне-көп адамның табиғат берген мүшелерін жетілдіруге тырысады екен. Оның ішінде ең күрделі, ең нәзік нәрсе – ми төңірегінде жазғандары жиі кездеседі. Ол, мүмкін, мидың құпияға толы болғандығынан шығар. Басқа жұртқа қарағанда миының салмағы бір жарым есе жеңіл болса да, Анатоль Франс ұлы шығармалар жазып қалдырған. Жас кезінде-ақ қан құйылғандықтан миының жартысы еріп кеткенмен, кейінірек тамаша жаңалықтар аша білген Луи Пастер бар… Мұндай мысалдардың талайын келтіруге болады. Алайда солардың барлығы да бір қызықты сұрақты төңіректеп жүре береді. Ол сұрақ: қарамы қос жұдырықтай жұмсақ масса-мидың нендей керемет сиқыры бар? Міне, біздің авторлар да осы сұрақты қояды. Сөйтеді дағы, өздерінің шығармашылық шама шарқына, біліктілік дәрежесіне, қиялының серпініне, бәрінен бұрын творчествосының қарымдылығына қарай әртүрлі жауап іздестіреді. Кісінің бір іші жылитын жері – олар әрқайсысы біріне екіншісі ұқсамайтын гипотезаларын өз беттерінше ұсынады.

Бір алуан қиялгер мидың табиғатын, оның жұмыс істеу қабылетінің құпиясын “ол былай ғой” деп бізге айтып бергісі келеді. Солардың бірі – Ш. Әлімбаев. Шығармаларының басым бөлігін ми мәслесіне арнаған қаламгер “Данышпандық субстанциясы” новелласының кейіпкері психофизика докторы Альфа Эркандус ерекше “Гениак” аппаратын жасайды. “Еріктің творчествоға әсері және қатысы туралы, әлеуметтік, тариз психофизика жөнінде “Мәңгі тұрақтылық” дгн кітап шығарған, К… университетінің теориялық физика кафедрасының меңгерушісі” әлі табылмаған, қиялдағы ультракалиан сәулесін шығаратын болса керек. Миға екі-үш рет осы сәулені дарытса, ол бұрын-соңды жинаған ақпараттарынан айырылады. Яғни, творчестволық жұмыс істеу қабылетінен жұрдай болады. Қазір ғылымымыз мақтан тұтатын ардагерлер өз жаңалықтарын жасамай тұрғанда, осы ультракалиан сәулесін дарытқанда, біздің цивилизациямыздың күні не болар еді?

“Данышпандық альфасында” да сол ми проблемасы – дарындылықтың мида пайда болу проблемасы. Оны “Лелюдің, Мейердің, Вергтің, Бедламның, Гагеннің еңбектерін көп оқып, тіпті Гальтонның жүйесі бойынша өзінің талантты туысқандарымен арасындағы байланысты, комның ұлы адам болып шығатынын есептеп көрген” профессор Қарағұлов іздестіреді. Қаршадайынан тамаша суреттер сала білген Қайсардың талантының құдыретін мидан іздестіреді. Бала миындағы белгісіз бір сұрғылтым сұйықты құтыға құйып алып зерттейді. Ол мидағы болатын он қышқылдың біріне ұқсамайды. Даналық мәйегі тап осы екеніне профессордың көзі жетеді. Оны “Вампир қышқылы” деп атайды. Ал даналығының материалдық негізінен айырылған бала ұзамай қайтыс болады.

Бұл бір-бірімен кіндіктес екі шығарманың фантастикалық идеясынан оқушы не ұғады? Мұны алғашында автор адам миындағы мәліметтерді сырттан әсер жасап өшіруге болады деген пікірді жақтайды. Ал соңғысында қандай да абстрактылы дана талант болмасын, олардың барлығы материалдық денеден (бұл жерде – Вампир қышқылы) бастау алады деп біледі. Айтылмыш фантастикалық идеяны не қолдап, не жоққа шығару қиын. Автор талантқа байланысты ұлы адамдарда болған тарихи деректерді көбірек келтіре береді дағы, нағыз миға байланысты ғылымға тереңдеп ене қоймайды. Былайша айтқанда, нақтылы ғылыми деректер жетпей жатыр, жоқтың қасы.

Оның жанында Т. Сұлтанбековтың “Мидағы жазу” әңгімесінде ғылыми топшылаулар бар. Әдеттегі авторлар секілді шығармасының не басында, не соңында емес, әңгіменің лейтмотивін жазушы ортасында мәлімдейді. “Ми демекші… Адамзат миындай да ғажайып шытырман жұмбақ нәрсе дүниеде бар ма екен? Осы бір тамырмен оранған ботқа тәріздес шұп-шұбар жанды заттың ішінде ғой небір ұлы идеялар туды, ғажайып әуендер, сан алуан математикалық формулалар, жанға жағымды лирикалы ұйқастар дүниеге келді. Осы мидың құдіреттілігінен жансыз табиғат адам үшін қызмет ете бастады. Табиғат тағысы – найзағайға бұғау салынды. Өзен, сулар, таулар да бағынды адамға. Ми адамды космосқа да алып ұшты. Ол өзінің мыңдаған жылдар дамуы ішінде нелер жұмбақты, құпия сырларды ашты. Бірақ, жалғыз ғана құпияға шамасы келмей жүр оның. Ол – өзінің құпиясы!”.

Өзінің осы құпиясын ашу жолында әңгімесінде қиял идеяларының бірсыпырасын ұсынады. Ол адамның миын магнитофон таспасымен теңестіреді. Ал білімді миға түскен іздермен байланысты деп біледі. Оларды кәдімгі магниттің күшімен-ақ жоюға болатын көрінеді. “Менің ойымша, адам миына сырттай, механикалық жолмен әсер етіп, оның жұмыс істеу қабылетін арттыруға болады, – дейді шығарманың бас қаһарманы. – Суретші неге суретші, композитор неге композитор?.. Бұл екеуі де тікелей мидың қасиетінен туған қабылет. Ми анализаторларының, синапстардың (сыртқы әсерді қабылдайтын клетканың көрші клеткаға хабар беретін дәнекері. – А.-Х. М.) дұрыс жұмыс істеуі бұл! Бәріңіз де білесіздер ғой. Біздің Жер алып магнит емес пе?.. Тірі жәндікке оның қандай әсері бар?.. Мүмкін көзге көрінбес магнетизм дүниесінде құпия сыр бар шығар. Магниттің әсерінен адам бойындағы электр тогының потенциалы өзгерер… Мұны ғалымдар жоққа шығармайды”.

Жазушының бұл айтып отырғандарының бәрі адам миындағы ақпаратты жоюмен тыну емес. Ол мұнымен шектеліп қалмайды. Жазушыда белгілі мақсат бар: адамға қажетсіз мәліметтерден миды тазарта отырып оның орнына нағыз қажетті деген мәліметтерді жазу. Осы пікірді автор қызық ұластырып алып кетеді. “…Миға жазу түсіру ісін осы күнгіше беталды жібермеуге тиіспіз. Менің гипотезам – он бес жылдық жоғары білімді, әрине он жылдық ортаны қоса, адам баласы миы әбден толысқан кезде, бір-ақ жылда, немесе одан да аз уақытта игере алады”.

Ертелі осы әңгіменің бас кейіпкері – Сапаровқа эксперимент жасатқанда, зерттеу жүргізгенде, диссертация қорғатқанда, барлығы мидың ақпарат қабылдау жұмысын жүйеге түсіру – автордың армандауы. Бұл – үлкен арман, күнделікті өмірде қажетті арман. Оның ақыры он бес жылдық білімді ең қысқа мерзімде бере алу мүмкіндігін тудырады. Демек, уақыттан ұтыс болады деген сөз. Ал адамзат алдына қойған мақсаттарының бастысының бірі – уақыттан ұту болса керек. Уақыттан озбайынша, прогресс, алға жылжу атымен жоқ. Міне, “мидағы жазу” ғылыми-фантастикалық дәйектемелерін былай қойғанда, осы мәселені де қозғап отыр.

Р. Бектібаев “Ыстықкөлдегі қар адамы” хикаясында аталмыш мәселеге басқа жағынан келеді. Ол “ми проблемасын” баспасөзде “анда көріпті, мында көріпті” деген қауесеттен басқа, күні бүгінге дейін “жыға танып”, қолға түсіре алмай жүрген (мақұлық па, адам ба?) “қар адамы” төңірегінде шешуге оқталған”. “…Зерттеудің бірі оның қабылдаған биотолқынының видимагнодағы нейтрино бөлшегінің толқын фазасымен сәйкестігін көрсетті… “Қар адамы” көрші галактика тұңғиығынан жіберілген “нейтрино бөлшегін” қабылдайды екен… Бізге керегі “қар адамының” толқынды қабылдау механизмін зерттеп, соған ұқсас қабылдағыш түрін жасау. Осы күнге дейін қыруар ақша жұмсап, дүниеде қаншама сынақтар өткізіп, нейтронның ең басты сиқырын түсінбей келіппіз… Ғалымдар алдында көрші галактикамен байланыс түрін, соған жеткізетін нейтриноны қайтадан сол планетаға жіберу жағын табу мәселесі тұрды. “Қар адамы” қабылдаған хабарламаларды адамның миы неге ұстай алмайды? Оның ми құрылысының адамдыкінен айырмашылығы неде? Бұл сұрақтар ғалымдарды адам миының толық пайдаланылмай келген бір бөлшегінің құпиясын ашуға жетелері сөзсіз”.

Намаз Алтаевтың “Ми теңдеуі” деген новелласы да осы төңіректі шалып жүр. “Адам көргенде, не есіткенде миға информация, яғни хабар беріледі. Нәтижеде информация әсеріне, шамасына байланысты мидың молекулалық құрылысына өзгеріс енеді, яғни түсінікті тілде мида із қалдырады”. Демек, "адам мен жануарлардың миына сырттай әсер ету арқылы керексіз артық информацияларды миынан өшіруге болады". Осы пікірді басшылыққа алып, рак ауруына шалдыққан адамның миының сол бөліктерін электромагниттік, лазерлік, биологиялық нәзік сәулелермен сырттай әсер беріп, биофизика профессоры науқасты емдейді. Мұндағы басты мақсат – миға жазылып қалған “рак ауруына шалдықтым” деген сенімді өшіру. Автор “ол өшірілді, науқас айығып кетті” деп те бізді сендіреді.

Тараушада біз шығармалардың ғылыми-фантастикалық компоненттерін қарастырып отырғанымыз белгілі. Сондықтан “Ми теңдеуіне” осы тұрғыдан келсек, оқырманның көңілі қоңылтақсып қалады. Себебі: автор жұртты елең еткізетін ерекше, күрделірек амал іздеп, ешкім күтпеген тұстан идея (фантастикалық) айтып жіберсе ғой, тәнті болып қалар едік. Жоқ, ол жоқ. “Миының сол бөліктеріне электромагниттік, лазерлік, биологиялық нәзік сәулелермен сырттай әсер етеді” деумен тынады.

“Мен мидың тұйықталған жүйесінде есте сақтау каналы барын аштым, яғни, мидың биотоктарын, былайшы айтқанда, каналдарда сақталған тітіркеністерді кәдімгі энерго жүйесіндегідей-ақ өзіме керек бағытқа жіберуді, жұмсауды аштым”. Бұл – Медеу Сәрсекевтің “Түнгі қонақ” әңгімесіндегі белгісіз қонақтың жаңалығы. “Алайда жазушы ми құрылысының, оның жұмыс істеу құпиясын тереңдей айтпағаны несі?” деп кінә таға алмаймыз. Оның көкейіндегісі бұл емес. Шығармадағы басты идея – біз мидың құпиясын бүгін болмаса ертең, не арғы күні ашармыз-ау, бір мидағы мәліметті екіншісіне ауыстыра алармыз, алайда бір нәрседен сақтанайық: ғылымның жетегіне көзсіз еріп кетпейік, ғылымның күні ертең қауіп төндіруі мүмкін жаңалығын бас-көзсіз асқақтатып, фетиш тұтпайық, Адамның адам екенін, оның басқа өлі және тірі табиғаттан жоғары тұратынын әрдайым есте ұстайық. Жазушы мидың қиялына барғанда, міне, осыны айтқысы келген. Сондықтан да оның ғылыми гипотезасы тапшылау деуге болмайды.

Қазақ фантастикасында мидың өзін толайым операция жасап, бір бастан алып, екіншісіне салу бар. Алайда ондай операцияның құпиясына тереңдеп бармай, Ш. Әбдіраманов "Профессордың өлімі" әңгімесінде дәрігер Тапаловтың миын басқаға салғанын жол-жөнекей ғана айта кетеді. Авторда бұдан артық тереңірек айтылмақ нәрсе тіпті басқа. Егер ми операциясы төңірегінде әңгіме жиірек болып кетсе, шығарманың композициясын бұзар еді.

Рая Ыдырысова айтылмыш тақырыпқа “Қалпақтағы ми” әңгімесімен басқа жағынан келеді. Автор зақымданған мидың бұрынғы әдетінше жұмыс істей беруін армандайды. Ол үшін көмекші нәрсе – “жасанды ми” ойлап табу керек. “Әрине, ми талшықтарын біз білетін жартылай өткізгіштен жасадық деп топшылағанның өзінде, біздің миымыздың ауданы он шаршы метр, биіктігі жүз метр мұнара болар еді. Оған кететін қуат мөлшері миллион киловатт-сағат, ал ой сигналдарын алмастыруға бүкіл Жер планетасындағы лампалар мен транзисторлар шақ келмес еді”. Сондықтан да, қиялгер нейтронды пайдаланады. Сол нейтрондардан “техникалық ми жасауға болады” деп біледі. Ондай “ми зақымдалса, тыстан көмек жасау керек” деген ниеті жақсы; “техникалық миды нейтрондардан жасау керек” деген ұсынысы да құлаққа ілерлік. Оның қаншалықты кәдеге асатынын енді келешек өмір көрсетер.

Бір ғанибетті адамдар мидың жақсы істеуі үшін айла-амалдарын пайдаланып бақса, екінші біреулер мидың нәзік жерлерін тауып алып, оны жеке басына пайдалануға тырысады. Т. Сұлтанбековтың “Қара музыка” әңгімесіндегі Мицио солардың санатына жатады. Ерекше ультрадыбыс шығаратын “оның аппараты үрейлі атом бомбасынан да күшті ғой. Бұл адамды қырмайды, өлтірмейді. Тек оның миындағы жазуды, түсінігін өзгертеді. Қабылетінен айырады. Білгенін ұмыттырады”. Жапон азаматының бұл аппаратын АҚШ әскери орындары қолдарына түсірмек болады. Бірақ Мицио оған көнбейді: өзі де өледі, аппаратын да қиратып тастайды. Бұл жерде ізгі ниеттен емес, арам пиғылдан туған өнертабыстың өрісі тар екеніне көзіміз жетіп отыр.

Айт-айтпаса да, алдарыңыздағы еңбектің өне бойынан байқалатын тағы бір нәрсе бар. Ол – қазақ қиялгерлерінің барлығы да дерлік адам бойындағы бірден-бір маңызды мүше – ми мәселесіне соқпай кетпеген екен. Оған, міне, жас жазушы Мақаш Жұмағалиев те ниет қылыпты. “Шипа” атты әңгімесімен. Ондағы басты қаһарман – Мұрат Асфандиярұлы өзінің жаңалығын былай деп мәлімдейді:

“Медицинаның қаз тұрып, қадам басқан шағынан бастап, талай замандар бойы сөз, пышақ, дәрі секілді үш-ақ қаруы болғаны бәріңізге белгілі… Қасиетті шөптің, сол шөптен алынған құдыретті дәрінің табылуы бақытты кездейсоқтық қана емес, ежелгі дүниенің ежелгі мұрасына деген зор сенімнің нәтижесі болып отыр… Табылған дәрінің негізгі шикізаты – көп жылдық жусан – ми клеткаларын қалпына келтіру қасиеті бар өсімдік болып отыр…”

Ел арасында досың түгіл, жауыңа тілемейтін бір ауру – адам миының ауысуына, айықпас науқасқа әзірше ешқандай ем қонбайтынын білеміз. Ол турасында қаншама қиялгерлер қыруар фантастикалық идеялар ұсынды. Ал мына автордың ойы – солардың ішінде, меніңше, ерекшеленіп тұр. Әзірше қыр-сырына бойлай толық қоймаған өзіміздің қасиетті жусанымыздың бойынан жазушы таптырмас емді қарастырады екен. Әңгімені сонысы үшін-ақ қадірлесек керек!..

“…Қарап отырсаң, бір адамға жалғыз ғана мамандық беретін білім оншама көп емес сияқты. Солай бола тұрса да, біз жоғары білім алу үшін он бес жыл оқимыз. Оның өзінде де үнемі қайталап отырмасақ, сол оқығанымызды ұмытып қаламыз. Бұдан шығатын қорытынды: миға жазу түсіру ісін осы күнгіше беталды жібермеуге тиістіміз. Менің гипотезам: он бес жоғары білімді, әрине, он жылдық ортаны қоса, адам баласы өзінің миын әбден толысқан кезде, бір-ақ жылда немесе одан да аз уақытта игере алады…”, – дейді Хасен.

“Бәрімізге де мәлім секілді ми соңғы кездері өзінің тағы бір “қиғылығын жасап” отыр. Бүгінде ғалымдар есейген адамдарда мидың жаңа клеткалары пайда болатынын аңғарса керек. Бұл жағдай ми қызметінің біздің ұғымымызда қалыптасқан ой-пікірімізге қайшы келетіні белгілі. Алайда шындыққа айналған ол жаңалық, яғни, қайтадан “жанданған клеткалар” бұрын зақымданғандарының орнын басатын көрінеді”.

Жаңа нейрондар мидың есте сақтау және танымдық қасиеттерге ықпал жасау бөліктерінен табылған. Аталмыш сезім талшықтары қандай қызмет атқаруы тиіс екені әзірше беймәлім. Бірақ, оқымыстылар олардың бір қасиетін анықтапты. Жаңа табылған нейрондар маскүнемдік, Паркинсон науқасы, инсульт секілді ауруларды айықтыра алмайтындай күйде ми ішіне орналасыпты. “Жаңа нейрондар қажетті жерінен табылуы үшін ғалымдардың ұтырлы әрекет жасауға қауһарлары жетер ме екен? Мәселе осында”, – дейді бір мерзімдік басылым.

Бұл мәселеге қиялгер Сарманбай Исақов басқаша тұсынан келіпті. Оған жазушының “Ақталған үміт” повесі куә. Мұнда қазіргі заманның кесепат індеті – нашақорлыққа қарсы әрекет уақиғаның өзегіне айналған. Ол турасында шығарманың басты кейіпкері – қара жұмысшы Том Лау өз досы Ервиске құпия мәлімдейді. “Ервис, мен жынданған адамдарды, маскүнемдерді, соның ішінде ең соңғы сатыдағы нашақорларды емдеудің жаңа әдісін таптым”, – дейді. Әлгі фантастикалық жаңалығын сипаттай түсетін Том Лау: “Мен отыз бес жылдан бері музыканың құдыретімен кейбір ауруларды емдеуге болатындығын дәлелдеумен айналыстым… Науқас миының бір бөлігіндегі бос рефлекстік бұйрық туғызамын. Ауруға қарсы әсер туып, оны ми күші біржола жеңеді… Мен енді маскүнемдікті тоқтатуды таптым… Соңғы күндері ең қауіпті бүкіл халықтық індет – ракты емдеу тәсілін таптым…”, – дейді.

Бұл айтқаны шығарманың ғылыми болжалдық аспектісі болса, уақиғаның әлеуметтік астарында алып-сатарлық кәсіп жатыр. Коррупция жатыр. Мынау соның өкпесіне шаншылған қадау. Дегенмен де, қаншама осындай тығырықтан әп-әдемі шығуға машықтанғандар кері амалын қолданып бағады. Әлгі Том Лауды қолға түсіріп, оның достары айтпақшы, “қалаған өз тәсілдерін қолданып, қарапайым халықты ұршықтай иірмекші. Адамдарды мәңгіртіп, мұңға батырып, қыбырсыз сілейтіп тастайтын музыка жаздырмақшы. Олардың көкейі – осы”.

Бірақ олай болмай шығады. Повесть сюжетінің аяқталар тұсында оның жанашырлары: “…Есінен адасқандары, наркотикалық у денесіне сіңген байғұстарды жаппай емдеуге кірісеміз”, – дейді. Оның амалын өнертабыстың иесі – Том Лау айтады: “Менің арнаулы электронды аппаратымның түрлі ауруларға қарсы музыкалық “дәрісі” магнитофон таспаларына жазылады… Штаттың радиоторабы арқылы эфирге қоса шығарып тұрамыз…” Осы әрекеттің арқасында қазіргі заманның бір қиын індетінің бетін қайтарудың амал-әдісін жазушы осындай жолмен қарастырғысы келген. Несі бар?.. Кім білген, мүмкін, осы бағыт та бүгінгі тірлікте өз септігін тигізер. Егер солай болып жатса, тек қана қазақ ғылыми фантастикасының ұтқаны ғой…

Автор осы ми тақырыбына “Құпияға бір қадам” атты әңгімесімен қайта оралады. Әңгіменің бас кейіпкері – ғалым Қайрат Исин: “Менің тәжірибемнің беретіні – мал шаруашылығындағы кейбір ауыр жұмыстарды, әсіресе шопан, бақташының еңбегін жетілдіру… Мен жеңілдіктерді іске асыру үшін төрт жыл ішінде керемет аппарат ойлап таптым… Аппарат құсқа, жануарға оның орталық нерв жүйесіне белгілі бұйрығыңды – жайылымға жіберуді, кері қайтаруды, қораға кіргізуді – ықпал ету әсерімен басқарасың. Ықпал ету өрісін туғызып, сол белгілі жануарға бұйрық беріп, өздігінше қоректенуге, су ішуге, белгілі жерге жіберуге, тіптен белгілі бір жерге шақыруға болады… Кейін мен итке берілген бұйрықты байқаусызда сиырға жіберіп қойыппын. Сонда сиыр не істеді десеңші. Кәдімгідей үруге оңтайланып, үйді қорып, есік алдына жақындағанды айбатпен қарсы алған…”, – дейді.

Оқырманды әжептәуір елең еткізуге тиіс осындай ғылыми- фантастикалық идеяны сан-саққа жүгіртіп, А. Беляевтың көптеген қызықты дүниелері секілді, өрбітіп әкететін-ақ нәрсе еді. Жоқ. Автор өзінің өнертапқыш қаһарманын кенеттен белгісіз себептермен өлтіріп тынады… Соның ақырында әңгіме толыққанды дүние боп шыға алмаған… Сәтсіз…

Қазақ фантастикасының объекті ғып алған тағы бір тақырыбы – адамды аурудан, дерттен айықтьру. Т. Сүлейменов “Икс – жүз бесінші” повесін сол аурумен айқасқа арнаған. Ауру болғанда да қазіргі күнде бел алып, сенімді емі табылмай жүрген – рак. “Ауыл қарты Ікләм ракты дәрімен жазады екен” деген сыбыс ауыздан-ауызға тарайды. Мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түсуге астанаға келген баласы Қабыш растайды: “Анық. Мен онжылдықты бітіргенше ауылдың бес-алты қариясын айықтырды. Біздің көрші Әлім қарт ас-су іше алмай, қатып-семіп отырар еді, көкем “ақ бақа” деп атап жүрген дәрісін ішкізгеннен кейін, құлан-таза сауығып кетті. Оның көкемнің қолынан дәрі ішкенін мен өз көзіммен көрдім… Меніңше көкем ісік дертімен ауырғандарға метеорит тасынан жасаған препаратын қолданады. Мүмкін оның элементтері антизарядты шығар. Жақында бір американдық ғалым “ісікті антизарядты препараттармен емдеуге болар еді, бірақ ондай элеметтер қолымызда жоқ. Осы салада зерттеу жүргізіп, табысқа жетсек, ғылымның құдыретті екенін бір көрсетеміз” деп болжам жасапты”. Бұл айтып отырған метеориті – Кішкенетөбенің басына түскен аспан денесі. Соны Ікләм қарт алып, жұрт көзіне көрсетпей, әрекеттеп жүргенін баласы байқап қалған.

Арада жылдар өтіп, Қабыш институт бітіреді. Ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысады. Соның ішінде Кішкенетөбенің метеориті мен рак ауруының ара қатынасын зерттейді. Ақырында құпияның бетін ашады. Метеорит антизарядты иондар рактың вирустарын құрта алатын болса керек.

Повесть осы рак мәселесінен басқа да анабиоздық күй жөнінде де ой білдірген болады. Алайда ол болжамы рактың қасында бұлдырланып, көмескіленіп қалады. Сондықтан да әзірше айқпас тажал боп жүрген дерт төңірегінде автордың ұсынған гипотезасын ғана талдауды дұрыс көрдік.

Ғасырымыздың ең қауіпті ауруына емді Жер бетінен іздеп жүрген мамандар көп қой: бірі – шөптен, бірі – сәуледен іздейді, біреулер операция жасаумен зиянды ісіктерді сылып тастауды жөн көреді. Сөйтіп, олар өз мүмкіндіктерінше әрекет жасап жатқанда, мына жақтан Т. Сүлейменов: “Оның дауасын космостағы антизарядтардан іздейік”, - дейді. Осы ниеті жақсы. Алайда жақсы ниетті жұртқа ұғынықты ғып жеткізу тағы бар. Мәселенің осы жағына келгенде, автордың қиялымен өзектелген мантығы (логикасы) ақсап басатын сияқты.

Әуелі рактың вирусы дегенді көп айтады. Қайдан біледі? Дүние жүзінің ең ірі-ірі вирусологтарының өздері рак вирустары бар деуге батылдары жетпейді. Сондықтан да авторға бәрінен бұрын залалды ісіктерді тудыратын вирустар екенін дәлелдеу керек пе еді. Екіншіден: метеорит антизарядты көрінеді. Антизарядты зат жерде табиғи күйінде болмауға тиіс. Ал аспаннан түскен таста тап сондай қасиет болса, қарт Ікіләмнің сары сандығында сақталып жатқанда, сол қасиетінен қалай айырылмаған? Мақұл, сол бәз-баяғы қалпында қалды-ау дейік. Сонда, үшіншіден, оның иондары вирустарды қалай жояды? Бұл да көмескі қалған. Осы тұста қиялын өрістете түссе, ең құрығанда, осы жағынан ұтып жатар еді. Әйтпесе, автордың ерекше гипотеза айтуға ниеті бар, оның объектісін де тапқан, алайда соны көркем әдебиеттің пырағына мінгізгенде, ол пырақ бірде тұсауланғандай кібіртіктей береді, бірде бас білдірмегендей оңды-солды алып қаша береді. Ақырында оқырман уақиға жүйесінен айырылып қалады.

“Адам жанын аялайық” аталатын пулицистік туындасында әйгілі жазушы Ә. Нұрпейісов: “Ес біліп, етек жапқалы адам баласы ажалмен алысып келеді. Қанша жан бойындағы қажыр-қайратын осы бір игілі күреске сарп қылып, жан-тәнін салып бақса да, әзір ешкім де адам өміріне араша бола алмай-ақ жүр”, – деп жазған-ды /Қазақ әдебиеті. – 1970. – 24 шілде/. Осы тұста фантастиканың бел шешіп, білек сыбанып кірісіп кететін иіні ғой. “Алайда қазақ әдебиетінде ондай болыңқырамай тұр”, деп айтпай-ақ қоялық, ауыз жарытымсыз болып отыр.

Өлімді жеңген өмір турасында Ғ. Жұмабаевтың “Өлмес өмір жұлдызы” әңгімесінде де ғылыми-болжам идеясы негізсіз, сенімсіз, келте қайырылған. Басқа жұлдыз жүйесінен ғарышкерлер фантастикалық ошаний элементін алып келеді. Ол адамзатты мәңгі өмір сүргізетін болса керек. Автор оның нендей элемент екенін, организмге қалай әсер ететіндігінде жұмысы жоқ. Ақыр-соңында: “содан былай адамзат перзенттері ажал дегеннің не екенін білмей, алаңсыз өсіп-өрби беріпті”, – деп сыпыртып өте шығады.

Біріншіден: әрине, ажал дегеннің не екенін білмеу тірі организм үшін мүмкін емес; бұл жаратылыстың негізгі қағидасына қарсы шыққандық болып есептеледі; сондықтан "адам өміріне араша болу" дегенде, өмір сүру мерзімін белгілі бір шекке дейін ұзарту ғана. Екіншіден: ошаний элементін шайнау, автордың осы жазып отырғандай күйінде қабылдасақ, насыбай атқанмен бірдей сықылды. Оқырманға керегі сол ошанийдің адам органына қалай әсер еткені. Әңгімеде, міне, осы жоқ. Сондықтан автордың ғылыми қиялы шықпаған деп айта аламыз.

Дәйекті диалектика биологиялық мәңгі тұрақтылық, яғни өлімсіз өмірді мойындамайды. Бұл – табиғат заңы. Демек, “мәңгі өмір” деген ұғымдарды пайдаланғанда сақтық жасау керек. Әңгіме – адам организмінің қартаюын тежеуде. Т. Сұлтанбековтың “ел кезіп, жер кезіп, жұрт ішінен жазылмас дерт іздеп, оны жазуды өзіне мақсат етіп қойған”, “ауруды жеңгенмен, ажалды жеңе алмаған” Лұхман Хакімі де адамға берілген өмірді ұзартамын деп жүр. Кездейсоқ үңгіріне түсіп кеткен баладан Лұхман өзінде қалуын өтінеді. Екі ғасыр бойы адам көрмей өскен ғалым оған өзінің бар жиған-терген білімін, тамаша қасиетті дәрі-дәрмектерін бергісі келеді. Бірақ жалғыз талап қояды: “Сен менің тәжірибелерімді ары қарай жалғастыра бересің. Ажалды мүлде жеңетін дәрі тапқанда ғана саған Жер бетіне шығуға болады. Одан беріде сен Жер бетіне шығуды аңсама. Егер сен адамзатқа әйтеуір бір пайдалы нәрсе жасағың келсе, өзіңді осы бір ұлы мақсатқа арнауың керек”.

Лұхман жөніндегі аңыздардан да, солардың негіздерінде жазылған әңгімеден де қазір біз ғұлама кісінің өлімге қарсы нендей жаңалық ашқанын білмейміз. Тек оның ілімінің бағытын білеміз: ол – фитотерапия, дәрі-дәрмекпен емдеу. Әңгімеде өзі турасында ғұлама: “…Кейбір аңыздарда ол ажалмен айқасып дүние салған екен дейді… Лұхман ажалды әлі бір жола жеңген жоқ”, – дейді. Экспериментті де тек сол салада ғана жасаған. Қазіргі қаншама оқымыстылар армиясы осы салада ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үстінде. Лұхман Хакімнің қазіргі замандағы ұрпақтары ұзақ өмір сүрудің сырын шөптен табар, кім білсін… Ғылымда өмірді ұзартатын сала толып жатыр ғой. Ғылыми фантастикада да солай. Тек қиялдай білу керек. Қазақ қиялгерлеріне де осы шарт болып қойылса керек.

Лұхман Хакім демекші, қазақ аңызының тағы бір қаһарманы – Қорқыт ата турасында да біздің бір жазушы қалам тартқанын білеміз. Сол қиялгер-жазушы Р. Бектібаевтың “Қорқыт ата” ғылыми-фантастикалық повесі турасында осы тұста жеке-дара әңгіме қозғаудың иіні келіп отыр деп есептейміз. Өйткен себебі: басты кейіпкер есебінде Қорқыт алынғанмен, шығарманың жұлын тұтасы күні бүгінгі нағыз ғылыми-фантастикалық қызғылықты идеялардан тұрады. Сондықтан да тап осы тарау да талдауды өзінен өзі тіленіп тұр. Өзін детективші-жазушы санаған марқұм автор туындысында аласапыран, алыс-жұлыс уақиғалармен қатар повесте ескіден келе жатқан әфсаналарды ғылыми-фантастикалық қиял-ғажайып дүниелермен аралас-құралас суреттеумен болады. Шығарманың “әп” дегендегі бас шенінде-ақ әңгіме былай “старт” алады. “Біздің білуімізше, Қорқыт (Хор-Хут) дегеніміз – көктен, Күннен жаралған асқақ Құдай, хандар мен патшаларды жебеп, өмір күшін дарытушы қасиетті “Құт”. Сонымен қатар Қорқыт – жер асты әлемін билеуші дүлей рух иесі. Тіпті жауын жаудыратын, суды теріс ағызатын, Көк Тәңірімен тілдесетін осы – Қорқыт ата. Оған тағы қазіргі венгерлердің қыпшақ жерінде өскен мадьяр тайпасы “Қорқыт” сөзін “ұлы” дегенге теліп жүр”.

Бұл – нақыл-жырдың басы. Бұдан былай оқырманды туындыгер ғылыми-ғажайып хикаяттың қалың нуына ендіріп жібереді. Повестің негізгі қаһарманы – Қорқыт “аңыздағыдай қырық жыл өлімнен қашқан жоқ. Ол елдің қамын ойлап, жақсы заманды аңсады”. “Қорқыт бүкіл галактика бойынша ұлы композитор, ұлы қиялгер, философ, көріпкелі бар киелі кісі болған. Ол – тек халық қамын ойлаған, соның жарқын болашаған аңсаған, сол үшін күрескен абзал жан”.

Осындай тарихи тұлға хақында қиялгер-жазушы Р. Бектібаев мынандай бір оқшау фантастикалық ой тастайды. Басқа беймәлім галактикадан ұшып келіп, осында қалған бір келімсектің айтқаны: “Қорқыттың шешесі баласын өлі туды. Біз білдірмей нәрестені ауыстырдық. Сол кезде командир Нұх бастаған кемеде босанған ғарышкер әйел егіз ұл табады. Соның бір сыңарын Жерге әкелген. Қорқыттың анасы оны бауырына басты, емізді, өсірді. Сезген жоқ. Егіздің кемеде қалған екінші сыңарынан қазіргі екі бала бар. Соның бірінің тұқымы менмін…” деп, ұлы сазгерді космос перзенті есебінде көрсетуге тырысады. Қызық фантастикалық идеяны аспаннан түскен “дөңгелек қараша үй” (ғарыш кемесінің бір нұсқасы болар.– А.-Х. М.) ішіндегі ғарышкер қыз: “Сен түр-түсі, істеген қылығы, бар өмірі айна-қатесіз ұқсайтын өз Қорқытымыз да болған. Сен негізі біздің ұрпағымыз болғаныңмен, қазір жерліксің…” – деп, үстемелете түседі.

Нақтылы ғылыми болжалға келсек, жазушы біздерді “гравитация күшін жеңетін аса өткізгіштік қасиеті бар материалдан жасалған аппарат” Қорқытта да болған деп сендіреді. Қысқасы, ғасырдан ғасыр озып, біздің көзімізге үйреншікті дүниеге айналған не аңыздың меншігіне тиген адам не заттарды “қиял қазанында қайнатудан” кез келген оқырманның тек қана ұтатынын Р. Бектібаевтың осы “Қорқыт ата” фантастикалық повесінен ұшырастыруға болар…

Алты миллиардтан аса адам бір планетада тұрғасын, олардың ұзақ өмір сүру жолдарын қарастырумен қатар, тамақ мәселесін шешу де қажет. Қазірде ғалымдар химиялық қосылыстардан синтетикалық тамақ алуға көшті. Алайда, табиғи тағамдарды да көзден таса қылмаған жөн. Сауса – сүт, сойса – ет, мінсе – көлік малдардың тұқымын көбейту - әлі талай ғасыр күн тәртібінен түспейтін мәселе. Оның үстіне малдарға әртүрлі тәжірибе жасап, қызықты нәтижелер алуға болады екен.

Оның мысалын Т. Сұлтанбековтың “Тізгін” әңгімесінен көреміз. Профессор Елшиннің зертханасындағы неше түрлі жануарлардың куәсі болған адам айтады: “Бөлме ішінде бірнеше шыны кабиналар бар екен. Сырт формасы үлкенді-кішілі. Әрқайсысының ішінде түрлі малдар, біреулерінде қой, екіншісінде екі өркешті бота, енді бірінде сиыр. Кейбір кабинадағы малдар түрлі жағдайда етпеттеп сұлап, бір қырын, бүк түсіп жатыр. Кейбірін отырғызып қойыпты. Біз шетте тұрған бір шыны қорапқа таяп келдік. Ішінде кәдімгі қазақы қой жатыр екен. Төрт аяғын төрт тесікке тығып қойған… Құйрық жағына операция жасалған сияқты. Одан шыққан бірнеше тарам түтікшелер сыртта тұрған басқа шыны ыдыстармен жалғасыпты…”. Ол қой құйрық майын түтікшелер арқылы өткізіп, бір ыдысқа жинап жатқан көрінеді. Тағы бір жерде 30 килограмдық кесек ет жатыр: ол бір клеткадан өсіп шыққан…

Қысқасы, Т. Сұлтанбековтың гипотезасына қарағанда, фантастикалық гормонмен жан-жануарлардың кез-келген мүшесін қалағанша өсіре беруге болатын сияқты. Демек, онда қазір де сол баяғы ата-бабалардың әзірше жарытымды алға жылжи қоймаған мал шаруашылығына төңкеріс жасай аламыз ғой. Егер осы идеяны ғалымдар пайымдап ойлап, ғылыми байсалды мәнін тауып, шынымен жаңалық ашқан болса, ғылыми фантастика биология саласында үлкен іс тындырып тастады деп есептеген болар едік.

Биология – прогресс тыңайтқышы. Ол тірі табиғаттың адамға қызмет етуіне түрткі болады. Тірі табиғаттың күшті, әлсіз жерін көрсетіп береді. Оны қалай қылғанда тиімдірек пайдалануға болатынын мегзейді. Ақырында, биология адамға адамның кім екенін түсіндіріп беруге тиіс. Биология тәріздес табиғаттану ғылымының әлгі аталған міндеттерін атқару ісінде өз хал-қадарынша ғылыми-фантастикалық әдебиет те үлесін қосуда. Ол үлестің үлкенді-кішісіне жоғарыда тоқталып өттік.

Осы тұста соңғы кездері фантастика хақында татымды-татымды зерттеулерімен көрініп жүрген сібірлік библиограф Александр Осиповтың мынандай пікірімен келіспеуге болмайды: “Ғылым, техника, таным және де басқа тақырыптар, әрине, өз-өздері үшін жазылмайды. Тек адамзат тағдырымен қабысқанда ғана маңызға ие болады. Себебі: фантастика қаншама оқшау көрінгенімен, түптің-түбінде көркем әдебиеттің бір саласы болып табылады. Демек, бәрінен бұрын кісілікке тән құбылысты бейнелеуі тиіс”.

1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   19


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет