УДК 93-05
БАТЫРҰЛЫ ҚАЙЫП ХАННЫҢ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҚЫЗМЕТІ
Абдоллаев А.Н., Сағиданова Н.Б.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті
В статье анализируется роль известной исторической личности Западного
Казахстана - Каип хана и освещаются оригинальные сведения об общественно-
политических отношениях между Хивинским ханством и казахами Киши жуза.
The article analyzes the role of the well-known historical figure in Western Kazakhstan -
Kaip Khan and highlights the original information about the social and political relations
between the Khanate of Khiva and Kazakhs of the Junior Zhuz.
Ключевые слова: хан, политика, Хива, Младший жуз.
Key words: кhan, political, Khivin Khanat , Junior Zhuz.
Қайып Батырұлының қоғамдық-саяси көзқарасының қалыптасуына ата-тек үрдісі,
олардың қазақ қоғамындағы атқарған қызметтері, көршілес халықтармен, мемлекеттермен
байланыстары сөзсіз ықпал жасады. Қайыптың жастық шағы патшалы Ресейдің қазақ
даласына отарлау саясатының басталу кезеңіне сәйкес келді. XVIII ғасырдың бірінші
жартысында Кіші жүзде басталған Ресей саясатына Қайыптың әкесі Батыр сұлтан
сенімсіздікпен қарап, оған қарсы көзқараста болды. Батыр сұлтан Әбілқайыр ханның
Ресеймен ашық жақындасуы жәйіне күдікпен қараған. Дегенмен жүзге қатысты,
мемлекеттік мәселелерде ел игілері бірлесе қимылдаған. Оған Әбілқайыр ханның 1745
жылы Батырдың ұлы Қайып сұлтанды Нәдір шахқа елшілікке жіберуі дәлел. Қайып
есімінің мұрағат деректеріне ене бастауы мен қоғамдық-саяси өмірге араласуы осы кезден
бастау алады. Бұл елшілік арқылы Әбілқайыр қазақ халқының тыныш өмір сүруі мен
сауда-саттық мәселелерін көтерді [1].
Себебі 1774 жылы Хиуа маңындағы түрікмен тайпалары бүлік шығарып, қаланы 8
ай бойына қоршауда ұстады. Осыған байланысты 1745 жылы Хиуалықтар: ”Хиуа қаласы
және мұндағы басқа да жерлер ежелден қазақтардың жері, сондықтан түркмендерден бізді
қорғауың керек “-деп Кіші жүз ханына адамдарын жіберген болатын [2]. Капитан Н.П
Рычков өзінің күнделік жазбаларында: «Парсы шахы Нәдір Хиуа иелігіне дейінгі елдерді
жеңіп келіп,бұл жердің астанасы Хиуа қаласын да алған. Осы кезде батырды қамқорына
алуды сұрап, қазақ ханы Әбілқайыр Қайыпты Нәдір шахқа елші етіп жіберген. Қайып
мінез-құлқымен шахқа ұнаған соң, жақсы көргеннің белгісі ретінде шах жаулап алған осы
қаласын Қайыпқа билеуге берген» - дейді [3]. Зерттеушілер ”Әбілқайыр хан Қайып
сұлтанды Нәдір шахқа жіберуде Батыр, Қайып сұлтандардың Хиуа, Бұхар бағытындағы
байланыстарын және Қайып сұлтанның Хиуада билік құрған Шерғазы ханның (1715-
1728жж.) қызынан туғандығын есепке алған”- деп есептейді. Тарихшы М.П.Вяткин
қазақтардың Хиуамен сауда-саттық туралы Нәдір шахпен келіссөз жүргізу үшін Хиуаға
Қайып сұлтанды Әбілқайырдың өзі жібергендігін атап көрсетеді [4].
1746 жылы Әбілқайыр хан Ақмырза арқылы парсы шахына өткен жылы парсы
әскері жаулап алған, бұрын Хиуа иелігіне қарасты Бесқала қалашығын беруді сұрап хат
жазып жібереді. Сонымен бірге Ақмырза “өткен жылы сол Бесқала қалашығына Нұралы
сұлтанның орнына хандыққа жіберілген Батыр сұлтанның ұлын, біліп қайту үшін”,
барған болатын. Ақмырзаның айтуынша ”ол хандықтағы сол қалашыққа жіберілмегенімен
қоймай Парсыға әкетілген, тірі ме жоқ па белгісіз“ [5]. Бұл деректен Қайып сұлтанның
Хиуаға 1745 жылы жіберілгені нақтылана түседі. Қайыптың Нәдір шах қызметінде
болғандығы Хиуалық Фирдоус ал-икбал мен Бұхаралық Тухфат ал-хани деректерінен
белгілі. 1747 жылы Хиуа ханы Әбілғазы Қораз бектің шешесі мен ағалары Артық инақ
пен Сайид Алиді өлтіреді. Бұл хабар Ирандағы Қораз бекке жеткеннен кейін, ол шахтан
Қайып сұлтанды сұрайды және шахтың көмегімен Хорезмді иеленеді. Қораз бек
Әбілғазыны қатігездікпен өлтіреді [6].
Cөйтіп Қораз бекпен бірге келген Қайып сұлтан Хиуаға хан болады. Қайыптың
билікке келуі бұхар дерегі Тухфат ал-ханида “Нәдір шах мемлекетінің құлауынан кейін,
мемлекеттік істерді жүргізу және бодандар мен әскери істерді басқару үшін, хорезмдіктер
оны патшалыққа шақырып, ел тағына отырғызып, билік тізгінін берді. Оның құдіретті де
жоғары лауазымды бұйрығына бағына отырып, қолдаушылардың талабына, сол елдің,
тұрғындары мен маңындағылар, үлкенді кішілі істер мен қызметтерге бел буа кірісті.
Қайып хан әлем билеушісінің сарайына әділеттілік пен одақтық қатынас сияқты бұрынғы
байланыстарды нақтылай түсіп, уақыт өткен сайын әмір тағына елші жіберіп отырды.
Және оның елшілері әмірге, өз мемлекетінің қолдайтындығы туралы хабарды жеткізіп
отырды” - деп баяндалады [7].
Зерттеуші Ж. Төлебаеваның пікірінше, Қайып хан Хиуа тағына Бұхар әмірі
Мұхаммед Рахымның араласуымен және көмектесуімен келген [8]. И.И.Неплюев 11
желтоқсанда Cыртқы істер коллегиясына қарашаның басында Орынборға сауда жасау
үшін келген қазақтардың Хиуада Шерғазы ханның немересі Қайыптың хан
сайланғандығын айтқанын, бригадир А.Тевкелевтің мәліметі бойынша ол қазақ Батыр
сұлтанның ұлы екендігін жеткізеді [9]. 1747 жылы Нәдір шахтың өлімінен соң Хиуада
билікке келген Қайып хан Кіші жүз билеушілері Нұралы, Батыр хандармен тығыз қарым-
қатынаста болды. Оның үстіне Қайып хан Ресей Империясымен байланыс жасауға
ұмтылды. 1750 жылы 24 сәуірде Орынборға Батыр хан елшісі Киікбай келеді. Ол
И.И.Неплюевке Батырдың Хиуа елшілерін Орынборға жеткізу үшін жібергенін айтады.
Елшілік арқылы Патша үкіметіне бұрын Елбарыс ханның кезінде Хиуадан Ресейге елші
болып барған Артық батырды кері қайтаруды, Орынбордан Хиуаға, Хиуадан Орынборға
келетін сауда керуендерін әкесі Сеид Бахадүр ханның иелігімен жүруін және Нұралы хан
мен оның інілері ол керуендерден ешқандай алым алмауды сұраған [10].
Сонымен Шербек бастаған Қайып хан елшілігі – Орынборға Хиуадан тікелей
келген алғашқы елшілік болатын. Хиуаның парсы бодандығынан босағаны туралы нақты
хабардар болмаған және Хиуа ханының тәуелсіз билеуші екеніне күмәнмен қараған орыс
үкіметі Қайып хан елшісін патша сарайына жіберудің мүмкін еместігін, жауап хатты
елшінің Орынборда күтуіне немесе кері Хиуаға қайта беруіне болатынын, Артық
батырдың өз еркімен Астраханда тұратындығын және И.И.Неплюевтің өз атынан Хиуа
ханына хат жазып жіберуін тапсырады. Сонымен бірге Сыртқы істер коллегиясының 13
тамыздағы жарлығында алдағы уақытта Хиуа хандығына қазақ сұлтандары сайланса,
Орынбор тарапынан кедергі жасамау бұйырылды. Өйткені Хиуаға сайланған қазақ
сұлтандары арқылы патша үкіметі Орынборға Азиядан келетін сауда керуіндерін
пайдаланудың тиімділігін көздеді [11].
Елші арқылы Қайып ханға жолдаған хатында И.И.Неплюев оның хатын патша
сарайына жібергенін, жауап хат келген бойда Хиуаға жөнелтіндігін, Шербекпен бірге
Хиуаға, Бұхараға т.б. одан әрі жерлерге шағын керуен жібергенін, ол керуенді Қайып хан
иелігі арқылы өткізіп, кері қайтаруын сұрайды. Сонымен бірге елшіні Нұралы ханға
жібергенін және Орынборға келіп, Орынбордан шығатын Хиуа саудагерлерінің
қауіпсіздігін қамтамасыз етуді Нұралыға ұсынғанын айтады [12]. Хиуа елшісін Нұралы
иелігімен жіберу арқылы И.И.Неплюев Қайып пен Нұралы арасын шиеленістіруді көздеді.
Бұл-сол кездегі қазақ ақсүйектерін жік-жікке бөлуді көксеген отаршылдық саясаттың
айла-шарғыларының бірі болатын. Орынбормен байланыстың сәтсіз болуына орай Қайып
хан енді патша сарайымен Астрахан арқылы қатынасқа шығуды көздеді. 1751 жылы 17
маусымда Гурьев арқылы Астрахан қаласына Қайып хан атынан Нұролла бай Құтлумәмет
қожа ұлы бастаған Хиуа елшілігі келеді. Астрахан губернаторы И.Брылкинге жазған
хатында Қайып хан ресейлік елшілер мен көпестердің Хиуа арқылы Азияның әр түкпіріне
еркін өтетіндігін алға тарта отырып, хиуалық елшілер мен көпестердің Орынбор мен
Астраханға еркін жіберілуін және Меккеге қажыға баратындардың Ресей империясы
арқылы өтуін қалаған. Елші ретінде Нұролла бай, Мұрат бай және Баба байлардың
ұсталмай, патша сарайына жіберілуін сұралады. Мұны елші арқылы патша сарайына
жолдаған хаты да анықтай түседі. Хатта: ”өткен жылы патша сарайына бізден елші
жіберілген болатын. Бірақ Орынбор губернаторы біздің елшімен бірге, оның жанындағы
көпестерді патша сарайына жіберген жоқ. Және бұрынғы жолмен емес, басқа жарамсыз
жолмен кері қайтарып жіберді“ делінген [13].
1751жылы 3 шілдеде Астрахан губернаторы И.Брылкин Сыртқы істер
коллегиясына хиуалық Қайып Мұхаммед Бахадүр ханнан Нұролла бай бастаған
елшіліктің келгенін, Хиуа ханы елшіні патша сарайына жбергенін және патша сарайына
жіберілген хан елшінің өзіне хан рұқсатынсыз бере алмайтынын хабарлап, өзінің не істеу
керектігі туралы жарлық жіберуін сұрайды. И.Брылкин де кезіндегі И.И.Неплюев сияқты
Хиуаның бұрын Парсы бодандығында болуына байланысты ханның өзін тәуелсіз
билеушімін дегеніне күмәнмен қарады. 1751 жылы 24 тамызда Сыртқы істер коллегиясы
И.Брылкинге жолдаған жарлығында өткен жылы сол Хиуалық ханнан Орынборға Шербек
бастаған елшіліктің келгенін, бірақ патша сарайына жіберілмей, Орынбор губернаторы
И.И.Неплюевтен кері қайтарылғанын және хан хатына жауаптың патша сарайынан алдағы
уақытта Орынбор губернаторының араласуымен берілетіндігін жеткізді. Сонымен Қайып
хан елшілігі 1752 жылы қаңтарда Астраханнан Гурьев арқылы кері Хиуаға қайтады.
Орыс үкіметі Қайып хан елшігін патша сарайына жіберуден бұл жолы да бас
тартты. Бұл кезде Ресей азиялық иеліктермен Орынбор арқылы қарым-қатынас жасауды
басты орынға қойды. Осы жылдары сауда керуендерінің Кіші жүз ханы Нұралы мен Хиуа
ханы Қайып тарапынан да тоқталуы екі жақты келісімге келтіруге итермеледі. Мұның
арты Нұралы хан елшілерімен бірге Орынбордан орыс елшілерінің Хиуаға келуіне әкелді.
Орыс керуеніне И.И.Неплюев бас елші етіп тағайындаған Я.Гуляев пен Нұралы хан
елшілері Мұсылман би, Мырзатай батыр, Бура би, Малыбай, Олжа және т.б қазақтар
қосылып Хиуаға аттанады. Мұсылман би ”өткен жылы Нұралы хан жанында болған
кезінде Я.Гуляев орданы аралап, барлық жерлер мен суларды қарап және өзінің іс-әрекеті
арқылы Нұралы ханды Ресейдің айтқанын тыңдайтын етіп қойды, егерде Қайып хан
Я.Гуляевті өзімен әңгімелесуге қабылдайтын болса, онда Қайып ханда оған қарсы ештеңе
айта алмайды және сол арқылы алданып қалуы мүмкін” деген. Сөйтіп орыс елшілеріне
күмән, сенімсіздікпен қараған қазақ билері Қайып ханның орыс елшілерімен кездесуінде
сақ болуын қалады.
1754 жылы 6 ақпан күні кеште Қайып хан орыс елшісі Я.Гуляевті өз сарайында
қабылдады. Кездесуде тек аман-саулық сұрасып, Я.Гуляев әнгіме бастай бергенде хан
жасауылдары оны бөлмеден шығарып, кері қайтарады. Бұл арада Қайып хан Мұсылман
бидің Я.Гуляевпен әңгімелессең оған қарсы ештеңе айта алмай алданып қалуың мүмкін
дегені мен өз елшілерінің екі қайтара патша сарайына жіберілмегенін есепке алса керек.
Кейін Нұралының И.И.Неплюевтің пен А.Тевкелевке хабарлағанындай Қайып хан орыс
елшісі Я.Гуляевті Хиуаға келгеніне 51 күн өткеннен соң ғана алғаш рет қабылдаған.
Мұның өзінде Қайып хан Я.Гуляевті Мұсылман би бастаған қазақ елшілерінің өтінішінен
кейін ғана қабылдауға келіскенді. 1754 жылы 21 тамызда Хиуаға келген қазақ Құтлубай
Кіші жүзде болып жатқан жағдайдың бәрін жеткізеді. Абығай сұлтан мен инақтың
табанды өтінішінен кейін ғана Қайып хан орыстарды жолға әзірлеуді бұйырды. Шенеуінік
П.Чучаловтың мәлімдеуінше Қайып хан орыс елшілері мен көпестерін Нұралы хан
арқылы жіберуді қаламаған, өйткені одан өзіне ешқандай пайда көрген жоқ [14].
1754 жылы 26 қыркүйекте Қайып хан Я.Гуляевті, керуен басы Д.Рукавкин бастаған орыс
көпестерін, өзінен елші ретінде хиуалық өзбек Шермұхаммед пен бірге үш хиуалықты
Батыр хан ұлысы арқылы Орынборға аттандырды. Орыс –хиуа елшілігі Батыр хан
иелігінен Ерәлі сұлтан ұлысына жеткен. Ерәлі сұлтан Я.Гуляевке орыс елшілерінің
Хиуада ұсталуына байланысты кек қайтару мен Ресейден Азияға баратын керуен жолын
патша үкіметінің пайдасына қалыпқа келтіру үшін өзін қолдайтын қазақтармен Хиуа
ханына баруға жиналуда екенін айтады. Орынборға келгеннен кейін Я.Гуляев Ерәлінің
бұл ойын И.И.Неплюевке жеткізеді [15].
Петербург сарайы Я. Гуляев пен керуеннің ұзақ уақыт Хиуада ұсталуына және
басқа да реніштерге байланысты қолайлы сәтте Қайып ханнан кек қайтаруды қалады.
Бірақ, Орынбордан Хиуаның қашық орналасуына және қиын, сусыз жолдың үлкен
қиындықтар мен шығын әкелетіндігін түйінді. “Ал оның орнына керуеннің ұсталуы мен өз
реніштері үшін Нұралы ханды Қайып ханнан кек алуға қозғау керек. Қайып хан
хандықтан қуылып, оның орнына Ерәлі сұлтанның өзі хандыққа бекітілсе, онда Ерәлі
сұлтанның Я.Гуляевке берген уәдесіндей одан пайда күтуге болады. Ал қазақтар
хиуалықтармен соғысып, тіпті оларды бағындырса немесе өздері олардан жеңіліс тапса,
одан бізге ешқандай шығын келмейді, онсызда қазір Орынбордан Хиуаға сауда
керуендерін жіберу қауіпті бола бастады” - деп Орынбор губернаторына жолдаған патша
жарлығынан Ресейдің Азия бағытындағы отаршылдық саясаты айқындала түседі [16].
Патша үкіметі өз мүддесі үшін қалайда Нұралы хан бастаған қазақтарды Қайып ханға
айдап салып, Әбілқайыр мен Батыр ұрпақтарының арасын шиеленістеру нәтижесінде
Қайып ханның орнына Хиуаға Ерәлі сұлтанның хан болуын қалады. Бұл арқылы орыс
үкіметі Хиуа хандығында өз саясатын жүргізуге ыңғайлы билеушінің болуын көкседі. Ал
түпкі мақсат болашақта Хиуа хандығын Ресейге қосу еді.
1756-1757 жж. Қайып ханның Хиуада билігі әрі қарай жалғаса береді. 1758 жылдың
қысында Қайып ханның інісі, Қарақалпақ ханы Бөрі сұлтан қаза табады. Бөрі сұлтанның
өліміне байланысты хиуалықтар, өзбектер мен түркмендер арасында толқу болды.
Толқуды бас үшін Қайып хан әкесі Батыр хан мен інісі Қарабай сұлтанды өзіне көмекке
шақырып, қазақтар Амударияның ар жағына келеді. Қайып хан әкесі мен қазақтарды
марапаттау үшін хиуалықтарға салық салды. Бұған наразылық білдірген хиуалықтар
Қайыптың көзін жоюды ойластырады [17]. Мұны білген Қайып хан құпия түрде Хиуадан
Ордаға оралды және Кіші жүздің оңтүстігінде әкесі Батыр хан жанында тұрақтады. XVIII
ғасырдың 50-60 жылдары Орта жүзге Қытай қаупінің төнуі, оның көршілес халықтарды
жаулап алушылық саясаты Кіші жүз билеушілерін де толғандырған. Соған байланысты
Батыр, Қайып хандар Нұралы ханмен бірге 1763 жылы Қытайға елші аттандырды [18].
1766 жылы шілдеде Орынборға келе жатқан Хиуалық керуенді Қайып сұлтан
бастаған Кішікене шектілер тоқтатқан. Оған осыдан бес жыл бұрын Сыр бойында көшу
кезінде Кішкене шектілердің 7 мың жылқысын хиуалықтардың қуып кетуі себеп болған.
Осы жылы жазда Батыр хан, Орта жүздегі ұлы Құдайменді сұлтан, Дәуітбай тархан және
Жауғашар қырғыздарға қарсы күресте Абылай сұлтанға көмекке бару үшін қол жинаған.
1768 жылы Нұралының өзіне мұрагер тағайындауды сұрауына байланысты Кіші жүзге
келген тілмәш Я.Гуляевтің хандық таққа үміткерлер қатарына Ерәлі, Абылай
сұлтандармен бірге Қайып есімін атауы Батырұлының ордадағы саяси салмағын анықтаса
керек.
1769-1770 жылдары Орынбор губернаторы үш жүздің халық санын, ру құрамын,
оларды басқарған билеушілердің есімдерін көрсеткен тізім жасаған. Онда Кіші жүздегі
Әлімұлы руларын атақты сұлтандар Ерәлі мен Батыр, олармен қатар Қайып, Досалы,
Шақғазы, Қарабаш, Ерәліұлы Бөлекей сұлтандар басқарады делінген [19].
1771 жылы қазақ даласы арқылы Қытайға көшкен Еділ қалмақтарына қарсы
күреске қазақ билеушілерімен бірге Қайып хан да өз әскерімен қатысқан. Ол туралы
капитан Н.П.Рычков өз жазбасында: «Бұл күні түс ауа бізге Қайып келіп қосылды.
Осыдан соң Сыр аймағындағы қазақ руларын басқару Қайып хан қолына көшті. Қайып
ханның Кіші жүздің қоғамдық-саяси өмірінде өрлеу кезеңі Сырым Датұлы бастаған ұлт-
азаттық қозғалыспен тұспа-тұс келді. 1785 жылы шілдеде Кіші жүзде өткен қазақ
старшындарының жиналысында қоғамдық-саяси жағдайды талқылап, старшындар
Нұралы ханды тақтан тайдыру мәселесін көтерді. Осы кезде Сырым бастаған старшындар
Кіші жүз тағына Ресейден тәуелсіз Қайыпты ұсынды. Сырым батыр бастаған старшындар
1785 жылы қазанда II Екатеринаға жазған хатында: “Кіші жүздің би, батыр, старшындары
мен мырзалары өзара келісіп, бізге пайдалы деп санап, Қайып ханды хандыққа бекітуді
сұраймыз, өйткені Қайып хан қазақ ордасындағы хандық тектен» деп жеткізуі Қайыптың
ел сеніміне ие болған тұлға екендігін дәлелдейді. Қайып ханды бекіту жөніндегі
старшындардың өтінішіне қайтарған жауабында О.А.Игельстром “Нұралы ханның орнына
Қайып ханды бекіту менің билігімде емес” дегенді алға тартып, жаңа ханды тағайындау II
Екатерина әмірінде екендігін мойындады [21].
1786 жылдың жаз бойына старшындар Қайып ханмен тығыз қарым-қатынаста
болды. Осы жылы қыркүйекте Қайып хан Кіші жүзде өткен Кеңеске қатысады. Сол тұста
патша үкіметінің Қайыпты хандыққа бекітпейтінін аңғарған кейбір Байұлы старшындары
құпия түрде оны хан сайлаған. Старшындардың Қайыпты хан сайлағанын Сопыра
батырдың О.А. Игельстромға «билер патша еркінен тыс Қайыпты хан атады» деп
хабарлауы да растай түседі. Сонымен бұрын Орданың оңтүстігіндегі Әлімұлы бірлестігін
басқарған Қайыпты Нұралының Уфага кетуінен соң Байұлы руларының қолдап хан
сайлауы Кіші жүздің саяси жағынан бірігуіне, яғни біртұтас хандық басқару жүйесінің
құрылуына әкелетін [22]. Бұл жағдай сол тұста Кіші жүздегі хандық басқаруды жоюды
мақсат еткен орыс саясатына кереғар болатын. Осыны ескерген Екатерина Қайыпты
хандыққа бекітуден бас тартты. Алайда патша үкіметі бекітпегенімен қазақ руларының
Қайыпты өмірінің соңына дейін өздерінің ханы ретінде танығанын мұрағат деректері
дәлелдейді. 1787 жылы Кіші жүздің Әлімұлы бірлестігінің бірсыпыра руларында
расправалар бекітілгеннен кейінгі уақытта да, Ресей хан деп танымағанмен де Қайыптың
хандық билігінің сақталуы жалғасады. Расправалар мен бас старшындар қызметі
құрылғаннан кейін де Қайып хан Сырым батырмен тығыз байланыста болды. Оны 1789
жылдың басында Қайып ханның Сырым батыр бастаған Кіші жүздің беделді
тұлғаларымен бірге Астрахань қаласымен байланысын жасауы дәйектей түседі.
Елдегі тыныштық пен бірлікті қалпына келтіру үшін Қайып хан осы тұста Кіші
жүзде әртүрлі заңдар шығарған. Ол қазақтардың бір-бірінің малын барымталап, ұрлық
істегені үшін айыпқа тартып, жаза қолдану, зекет жинау т.б.енгізген. О.А.Игельстром
болса патша билігінсіз халықтан алым-салық жинауға ешкімнің құқы жоқтығын, Қайып
ханның өз еркімен енгізген заңдарына қарсы болды. Сөйтіп губернатор Қайып ханның
дербес, тәуелсіз саясат жүргізуінен қауіптенді. Сол тұста Сібір шебіне арнайы келген
полковник Бентам Кіші жүзді Қайып хан билейтіндігін, Сырым батыр, Боранбай би,
Қаракөбек батырларды ең беделді адамдар қатарына жатқызып, олардың Қайып хан
қарамағына қарайтынын көрсеткен. Қайып ханға қарайтын рулардың мекендейтін
аумағын Сыр бойынан бастап Орынбор, Орскіге дейінгі жерлермен белгілеген Бентам
Қайыпты Кіші жүздің ханы деп мойындайды. Алайда Кіші жүзде біртұтас хандық басқару
жүйесін құруға ұмтылған Қайып хан көп ұзамай 1789 жылы күзде қайтыс болды [ 23].
Достарыңызбен бөлісу: |