ӘОЖ 338.432 Е 81
ҰЖЫМДАСТЫРУ ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ АУЫЛЫНЫҢ ҚАСІРЕТІ
XX ҒАСЫРДЫҢ 20-30 ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ҰЖЫМДАСТЫРУ ЖӘНЕ ОНЫҢ
ҚАЗАҚ АУЫЛДАРЫНА ТИГІЗГЕН ЗАРДАБЫ
Еспенбетова А.М., Қалжанова Ә.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті
В данной статье рассматриваются методы проведения и последствия
коллективизации, проводившие в казахских аулах в 20-30-е годы ХХ века.
In this article examined of collectivization is agriculture in XX eyelids of 20-30 years:
and motions, methods and him couse damages on the Kazakh auls.
Ключевое словa: Кочевое общество, коллективизация, политика, сельское
хозяйство, правительство, трагедия крестьянства, голод.
Keywords: Nomadic Society, collectivization, politics, agriculture, government, the
tragedy of the peasantry, hunger.
КСРО тарихындағы ХХ ғ. І жартысындағы шиеленісті, елді дүрліктірген
оқиғалардың бірі – ауыл шаруашылығын ұжымдастыру еді. Кеңестік кезең тарихындағы
ақтаңдақ беттердің бірі болып табылатын ұжымдастыру мәселесі қазіргі таңда өз бағасын
алып, жан жақты обьективті зерттелуде. Десек те, қолдан жасалған зобалаңның ақ-
қарасын анықтай отырып, өткен тәжірибеден сабақ алу, қателіктерге жол бермеу үшін де
жан-жақты талдау жасауды талап етеді.
ХХ ғ. басында жүргізілген жаңа экономикалық саясаттан кейін халықтың әл ауқаты
жақсара бастап еді. Жаңа экономикалық саясат бойынша шаруаларды ұжымдастыру,
халықтың материалдық әл-ауқаты мен мәдени дәрежесін көтеру сияқты күрделі
мәселелерді шешеді деп есептелінді.
Алайда, 20-шы жылдардың екінші жартысында жаңа экономикалық саясат
негізінде қалыптасқан шынайы бағыт түбірінен өзгерді. «Социалистік
индустрияландырудың сталиндік жоспары» экономикалық және әлеуметтік жағдайды
тығырыққа тіреді. Оның үстіне ел 1927-1928 жж. астық дағдарысына ұшырады. Астық пен
ет проблемасын шешуге байланысты мемлекет жүргізген төтенше шаралардың Қазақстан
халқына зардабы ауыр тиді. Осындай жағдайда дағдарыстан шығатын жол ретінде ауыл
шаруашылығын ұжымдастыру саясаты қолға алынды.
Ұжымдастыру науқанын қамтамасыз ететін қорды жинауды шаруалар қауымын
тікелей және жанамалап экспроприяциялау есебін жүргізу көзделді. Атап, айтқанда, бұл
мақсат мемлекеттендірілген колхоз жүйесін жасау, яғни көшпелі және жартылай
көшпелілерді отырықшылыққа күштеп көшіру арқылы жүргізілді. Бұл шараның
жүргізілуінде қазақтың ежелден қалыптасқан дәстүрлі шаруашылық жүйесі мен оның
ерекшеліктері, шаруалардың тілегі мен ықыласы ескерілген жоқ, ол жоғарыдан берілген
әмір, нұсқаулар негізінде жүзеге асырылды. Сөйтіп, 20-шы жылдардың соңына қарай
бүкіл елдегі сияқты Қазақстанда да ұжымдастыру науқаны басталды.
Қатаң тоталитарлық жүйеге негізделген кеңес үкіметі басты мақсат -
ұжымдастыруды қызу қарқынмен жүргізу, - деп жар салды. Қарқынды жүргізілгені
сондай, шаруаларды күштеп ұжымдастырудың арқасында республикада ұжымшарлар
саны қауырт өсіп, 1927 жылы 1072 болса,1928 жылы - 2354, ал 1929 жылы - 4876-ға жетті.
Бұлар ұжымдастыру саясатын жүргізудегі жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу үшін
құрылған жасанды шаруашылықтар еді[1,73б.].
1930 жылы 5 каңтардағы БК(б)П ОК-нің «Ұжымдастырудың қарқыны және
мемлекеттің ұжымшар
құрылысына
көмектесу шаралары туралы» қаулысында
Қазақстанда жаппай ұжымдастыруды, негізінен, 1931 жылдың күзінде немесе 1932
жылдың көктемінде аяқтау міндеті қойылды.
Осы ұжымдастыру науқаны кезінде әсіресе қазақ халқы шеккен қасіреті зор болды.
Голощекин «Қазақстан үшін нағыз Қазан төңкерісі коллективтендіруден басталады» деген
сыңаржақ қағидасын жатпай-тұрмай тез арада орындау қамына кірісті. Халықтың тарихи,
географиялық, әлеуметтік-экономикалық ерекшелігі, дәстүр-салты дегеннен бейхабар
басшы бұларды білгісі де келмеді» [2,244б.].
Қатаң әкімшілік террор қазақ ауылдарына азық-түлік дайындау науқаны
барысында күшейіп кетті. Мұнда мал дайындау науқаны бірден-ақ «әскери коммунизм»
уақытындағы күштеу әдісімен жүргізілді.
Мемлекеттік мүдде деген желеумен ауылда ауыл шаруашылық өнімдерінің басқа
түрлерін дайындау кезінде де заңсыздықтарға жол берілді. Айталық, жүн дайындауды
«екпінді» түрде өткізу мақсатында бірқатар жерлерде қойды қақаған қыста қырқу талап
етілді, ал мұның соңы малдың жаппай қырылуына ұласты. Астық іздеу барысында
дайындаушылардың мал мен егін өсіретін ауылдарды кезіп, оның шаруашылығындағы
тұқымға қалдырған аз ғана астығын да тартып алған оқиғалары жиі кездесті. Тіпті
олардың тіршілігіне талшық етіп отырған ең соңғы дәніне дейін сыпырып
алған[3,241б.].
Астық дайындау науқанының асқынғаны сондай, ақылға сыймайтын жәйттерге де
жол берілді, ол тіпті егін екпейтін, таза мал өсіретін аудандарға да қолданылды. Бүлік
шығарушылар қатарына қосылып кетуден қорыққан халық қолындағы малын астыққа
айырбастап, оны дайындаушыларға өткізуге мәжбүр болды.
Ұжымдастыру ісіндегі белсенділік таныту, насихат қаншалықты жар салғанымен,
ешқашан шаруалар бастамасы болған жоқ. Бұл арада ашықтан-ашық қыспаққа алу әдісінің
орын алғаны сөзсіз. Жалаң сипаттағы партиялық қаулыларда көрсетілген еріктілік
принциптері мен қарапайым заңдылықтың бұзылуы науқанның алғашқы уақытынан
бастап барлық жерге тән сипат алды.
Деректерде атап көрсетілгендей, ауыл жиындарын өткізу кезінде ұжымдастыру
науқанын жүргізушылер «Колхозға кім кіргісі келеді?» деп сұрағаннан гөрі, нагандарын
қолына ойнатып, «Ұжымдастыруға кім қарсы?» деген қатқыл сұрақты жиірек қойды.
Шаруа дегенмен «оң пейілін» білдіре қоймаған және «буржуазиялық» жеке меншігінен
құтылуға асықпаған жағдайда, оларға басқаша «тәрбиелілік» шаралар қолданылды.
Мәжбүрлеудің мұндай үйреншікті және кең тараған түріне сайлау құқығына айыру,
тұрғылықты жерінен басқа жаққа көшірумен қорқыту немесе қамап қою сияқты әдістер
жатты[4,54б.].
Құжаттық деректерде ұжымдастыру ісінде ату жазасымен қорқыту (атуға үкім
шығарылғандай етіп, әдейі бастаған жоғарыға бірнеше қайтара оқ ату жазаланушыны
естен тандырары түсінікті), тыр жалаңаш шешіндіріп аязға үсіту, ұрып-соғып, мылтықпен
ауылды айналдыра жалаң аяқ айдау, мұз ойыққа лақтыру сияқты дөрекі-қанішерлік
әдістердің қолданылғаны айтылады.
Ұжымдастыру осындай ауыр жағдайда басталды да, оны басқару әкімшілік,
зорлық, күштеу әдістерімен жүргізді. Егер, 1928 жылы Қазақстанда ұжымшарға барлық
шаруашылықтардың 2% ғана кірсе, 1931 жылдың күзінде 70-тен 100 % ға дейін
ұжымдастырған аудандардың саны 78-ге жетті. Бұл тұста өлкеде 192 аудан болатын.
Жекелеген облыстар да сондай бағытта жүрді. Мәселен, Ақтөбе облысы бойынша мұрағат
деректері көрсеткендей, ұжымдастыру барысы 1932ж. 1 қаңтардағы есеп бойынша -
62,2%, 1932 ж.- 66,3%, 1934 ж. -76,5%, 1935 ж.- 86,8 % жеткен[5,12-п.].
Ұжымдастырудың зорлықшыл сипаты ұжымшарға кіруден бас тартқан бай-
кулактарды тәркілеуден көрінді. Ірі байларды меншігінен айыра отырып, ауыл-селоларда
бай-кулактарды тап ретінде жою шаралары іске асырылды. Ұжымдастырушылардың
қолданатын ең сенімді құралы толқу үстінде ойланып жатпастан кулактар қатарына
жатқыза салу болды . Жергілікті орындарға жеткізілген нұсқау бойынша жойылуға тиісті
бай-кулак шаңырақтары барлық шаруашылықтың жалпы санының 3-5 % аспауы керек
деп ескерілді. Бірақ осыған қарамастан, әміршіл-әкімшіл жүйесінің асыра сілтеу
әрекетімен тәркіге салынғандар саны кез-келген жерде ең жоғарғы көрсеткішке жеткізілді.
Нәтижесінде, тек 1930-1931 жж. республикадан тыс жерге «бай кулак» деп «жер
аударылып» жіберілген шаруалар саны - 6765 адамға жетті.
Әміршіл-әкімшіл жүйенің нұсқауымен Қазақстанның барлық аймақтарында
ұжымдастыру егіншілік шаруашылықтарында да қандай қарқынмен жүргізілсе, мал
өсіретін шаруашылықтарда да ол сондай қарқынмен жүргізілсін деген талап етілді.
Қолдағы малды қоғамдастыру нәтижесінде ұжымшар фермалары құрылды. Кейбір
жерлерде алып коммуналар ұйымдастырып, олар өте көп шаруашылықты біріктірді.
Соның нәтижесінде фермаларға жиналған қисапсыз мал күтімнің кемдігінен, шөптің,
жайылымның жетпеуінен қырылды. Ұжымшарға кірмеген жеке шаруашылықтарда мал
ұстауға ықылас болған жоқ. Сөйтіп,1928-32 жылдар аралығында республикада ірі қара 6
млн.386 мыңға, жылқы 3 млн.616 мыңнан 416 мыңға, түйе 1 млн.42 мыңнан 63 мыңға
азайып кетті. Қазақстанның осы жылдары одақ бойынша тауарлы астық өндіруден үлес
салмағы 9%-дан 3%ға кеміді[6,65б.].
Қазақ байларын тәркілеу Қазақстандағы күшпен ұжымдастыру саясатының
беташары іспетті болды. Қазақ байларының малдарын тәркілеуден материалдық
жағынан да, рухани жағынан да кедейлер еш нәрсе ұтпады. Бұл науқан қазақ даласындағы
дәстүрлі мал шаруашылығын күйретуге әкелді. Дәстүрлі мал шаруашылығының табиғи
ортаға бейімделген түрі - ірі байлар қожалықтарын күйрету - Қазақстандағы мал
шаруашылығының даму қарқынының тежелуіне, тауарлылығының күрт төмендеуіне
негіз болды. Республика экономикасының құлдырап төмендеуі 1932-1933 жылдарда,
қуаңшылықпен тұстас келді .
Шабындық
және егістік жерді қайта бөлу, тәркілеу, азық-
түлік салығы, күштеп
отырықшыландыру
мен ұжымдастыру барысындағы зорлық-
зомбылықтардан көп азап шеккен ең алдымен қазақ халқы болды. Бар дүниесінен, мал-
мүлкінен, құрал-саймандарынан, тіпті жертөлесінен де айырылған қазақтар ашаршылыққа
ұшырап, босқын күйге көшті. Осындай елді арылмас сорға душар еткен қолдан жасалған
қастандық пен табиғаттың рақымсыздығынан осы екі жылда республикада аштықтан өте
көп адам қырылып, қазақ елі орны толмас қайғы мен қазаға ұшырады: 2 млн. аса адамнан,
яғни қазақ ұлтының 49 пайызынан айырылды. Республикада тұратын басқа халықтар да
сан жағынан кеміді. Мұндай жағдай халықтың жаппай наразылығын туғызды.
1929-1931 жылдарда шаруалардың 372 көтерілісі болып, оған 80 мыңдай адам
қатысты. Әсіресе, Семей дуанында аса ірі дүрбелең көтерілді. Мұнда 1930 жылдың ақпан-
мамыр айларында Зыраян, Өскемен, Самар, Шемоноиха, Қатон-Қарағай, Созақ, Бұқтырма,
Ырғыз, Қазалы, Қармақшы, Абыралы, Биен-Ақсу, Шыңғыстау, Бөрібаев, Қастек, Балқаш,
Шұбартау, Маңғыстау т.б жерлердегі шаруалар көтерілісі аяусыз басылып, оған
қатысқандардан 5551 адам сотталды, олардың 883-і атылды. Жалпы алғанда күштеп
ұжымдастыру кезінде Қазақстанда 100 мыңнан астам адам жазаланды [7,15б.].
Ашаршылықтан және онымен байланысты туған эпидемиялардың салдарынан,
сондай-ақ өлім-жітімнің көп болуы, халықтың басқа республикаларға, Қытайға, Иранға,
Монғолияға т.б. елдерге жаппай көшуі нәтижесінде Қазақстан бірнеше миллион
адамдарынан айырылды. Қазақстанда жіберілген орны толмас қателіктер мен
бұрмалаушылықтарды Мәскеудегі орталық аппарат жергілікті басқару органдары айыпты
деп табылып, барлық бәлені соларға жапты. 1933 жылдың басында Ф.И Голощекин
орнынан алынып, Өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болып, Л.И. Мирзоян
сайланды. Осы жылдың көктемінен бастап енді жіберілген қателіктерді және
республикада қалыптасқан ауыр жағдайды түзету басталды. Әсіресе, күштеп
ұжымдастыру мен қазақ көшпелі шаруашылықтарын еріксіз отырықшыландыру
мәселелеріне айрықша назар аударылды.
Қорыта айтқанда, қазақ халқы кеңес үкіметінің ұжымдастыру саясатын жүргізудегі
көрсеткен зардаптарынан аса ауыр шығынға ұшырады. Оның шаруашылығының
қалыптасқан құрылысын бұзды, елдің әлеуметтік - демографиялық дамуына өзгерістер
әкелді. Көшпелілердің рухани - мәдени дамуына бөгет жасады. Басшылық көбінесе
әкімшілік әдістермен жүргізілді. Ұжымдастыру принципін өрескел бұзушылық жаппай
сипат алды. Қазақ халқы үшін орны толмас апат әкелген ұжымдастыру науқанының
ақиқатын анықтап зерттеу әлі де жалғаса бермек.
Достарыңызбен бөлісу: |