100
Сүлеймен қарақшы
— Қазiрше аман сияқты. Бiрақ жағдайы қиын.
Тезiрек елге
жеткiзбесек болмас. Мына қалған жылқыларды шатқалға айдап
кiргiзгенiмiзше талай уақыт өтедi. Сондықтан да бұларды
қалдырып кетейiк. Елу жылқы да бiзге аз олжа емес, — дедi Әмiр.
— “Жолда досың өлмесiн” деген. Қиын болыпты-ау, ә? Қай
жерiнен жарақат алыпты,— деп сөзге араласты Әрiпбай. Содан
соң аттынан түсiп, Көбекке жақындады. — Көбеке. Ау, Көбеке.
Көбек тiлге келмей, тағы ыңыранды.
— Қой, шынында, тезiрек кетпесек болмас. Бұл кiсiнi қалай
алып жүремiз ендi? Бас сүйегiне қатты зақым келiптi.
— Онда мұны қозғауға болмайды, Әрiпбай. Қазiрше ат үстiнде
осылай жата берсiн. Атын жетектеп жүремiз.
Әмiрдiң сөзiн
басқалары құп көрмегендей, орындарынан
жылжи қоймады.
— Уай, болсаңдаршы! Әлгi бiзден сытылып кеткен қырғыздар
қосымша күш жинап, тағы кеп қалуы бек мүмкiн. “Не қыламыз?”
деп уайымдап тұруға уақыт қане?
Әмiрдiң сөзiне ешқайсысы қарсы уәж айтпай, үнсiз атқа
қонды. Төртеуi шатқал аузында
иiрулi тұрған жылқыларды
аралай өтiп, қуыс жолға кiрдi.
— Шатқал iшiндегi алаңқайға жеткенге дейiн әлi жарты
күн бар. Бiреуiмiз артта қалайық. Қырғыздар қуатындай болса,
төбеден тас домалатып жолды бөгейтiн болсын. Ал, қане
қайсысымыз қаламыз? — дедi Әрiпбай.
— Мен қалайын, — дедi Тастан.— Сендер жылқыны айдап
кете берiңдер.
Көбектiң атын Сүлеймен жетектеп алған. Жалғыз ғана ат
сиятын құз жолының бiресе төмен, бiресе жоғары өрлеп кететiн
қияс өткелдерi көп-ақ. Бiрақ та, жылқы жануар басқа малдарға
ұқсап, мұндай жолдарда бiр орында тiзбектелiп, тұрып қалмайды.
Алдыңғысы жүрсе болды, арттағылары соның соңынан өздерi-ақ
шұбырып кете бередi. Кей-кейде барымташының ниетiне жылқы
жарықтықтың осындай көнбiс мiнезi көп көмектесетiнi бар.
Сүлеймен мен серiктерi үшiн ендi жылқыдан келер қауiп жоқ.
Тек мынау Көбектiң жайы ғой, бәрiн қинап келе жатқан.
Ұзақ жүрiстен соң жылқылар да, олардың соңындағы адамдар
да тау iшiндегi алаңқайға жеттi. Ол жерде бұларды Кендiр күтiп
тұр екен. Құз түбiнен шылжырап аққан бұлақ басында бәрi аттан
түстi.
Аз-маз уақыт демалып алған соң, өзара тағы да Көбек
жайлы сөз етiсiп, оны аттан түсiрiп алмақ болды.