| 31
Өмірхан Әбдиманұлы
ф. ғ. д., профессор
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
«МӘҢГІЛІК ЕЛ»– ЕЖЕЛДЕН ӘДЕБИЕТТІҢ АЛТЫН АРҚАУЫ
The author considers the notions «national idea» and «eternal country» and their reflection in
the works of zhyrau (improvisers, bards) in the Kazakh literature of the Ancient era and the Khanate
Age. It analyzes the continuity of traditions, ways of forming the chanting of the national idea. The
stand about the community of the national idea and the idea of the eternal country is paid attention.
The ancient literary monuments «Kulte- gin» and «Tonykok» engraved on the stone reflect the pe-
culiarities of the national world outlook, and the folk songs glorify the issues of ethics and morality,
the eternal struggle between good and evil. The trends of praising the national idea in the poetry of
zhyrau (folk narrators) of the Khanate age are examined and analyzed by comparing.
The interconnectedness of the idea of the eternal country («Mangilik el»), proclaimed by the
President of the Republic of Kazakhstan, Elbasy N. A. Nazarbayev in his Address, and the literary
motifs of chanting the national idea has been researched from the scientific point of view.
Бағзы заманнан бергі әдебиеттің ұлттық рухын танытар сөз құдіретінің бір арнасы ерлік-
елдік ұғымдарымен астасып жатыр. Ұлттың ұлы араманынан қуат алған құдіретті көркем
ой-таным қазақ әдебиеті тарихының түркі тектес халықтармен ортақтығының түп негізі бо-
лып табылатын ежелгі әдебиет пен қазақ хандығы жеке ту тігіп, өз алдына ел болғалы бергі
әдебиеттің барлық кезеңдерінен көрініс тауып отырған. Ел басына қиын-қыстау күн туған
небір замандарда тәнге шипа, жанға рух берген ерлік пен елдікті ту көтерген отты жырлар
екендігі айдан анық. Олар өз уақытында ғана жырланып қоймай, ертеңге дәстүр қалыпта-
стырды. Ежелгіден желісін тартқан сол жырлардан кейінгі әдебиет үлгі алып, өнеге шашты,
тағылым таратты.
Қашанда әдеби шығарма өзегі замана тынысынан, қоғамдық ойға көрік басты идеядан
тамыр тартып жатады. Олай болса, идеясыз туынды жоқ. Шығармашылық тұлға – ой таным
иесі. Ол өз заманындағы қоғамдық үдерісті ой-сана сүзгісінен өткізбей отыра алмайды. Ендеше
таным жемісі
– сөз өнер туындысы ішкі болмысқа тән үлкенді-кішілі идеялық жүк арқалап,
дүниетанымдық санананың өркен жаюына қызмет етеді.
Мәселен, бүгінгі тәуелсіз Қазақстандағы егеменді еліміздің басты идеясы – «Мәңгілік
Ел» – ұлттық идеясы. Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы
Назарбаев өзінің 2014 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында: «Мәңгілік Ел –
ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман – әлем елдерімен терезесі
тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз Мемлекет атану еді.
Ол арман – тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты
Ел болу еді. Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық» –
деп «Мәңгілік Ел» идеясының халқымыздың сан ғасырлық тарихымен сабақтастығының,
руханияттық танымының негізгі ұстанымына айналғанындығының мән-мазмұнын ашып
берді. Ал сол сабақтастықтың алтын жүлгесі
– ел жадынан өшпестей орын алып, ұрпақтан
ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан өнер асылы
– әдебиет.
Жалпы ұлт даналығының асыл қазынасы – сөз өнері-әдебиет. Қай халық болмасын өзінің
аңсаған арманын, көксеген мақсат-тілегін сөз өнері арқылы айшықтаған. Ал, ел арманының түп
қазығы – ел бірлігі, ел азаттығы, ел тәуелсіздігі ұғымдарын тұтатастырған – Мәңгілік Ел идеясы.
Ежелгіден бүгінге жеткен қазақ әдебиеті сан ғасырлар бойы осынау ұлы мақсат – Мәңгілік
Ел ұстанымын шығармашылықтың алтын алқасына айналдырып келді. Айналдыра бермек те!