126
және ұлттық рухты сақтаудың бірден-бір кепілі ретінде қарастырады. Бұған Ф.Шәмсиқызының мына
сөзі дәлел бола алады: «Тіл тағдыры – ел тағдыры. Өрнегі бай, мұраты кенен, ойы терең, мақсаты биік,
өмір мен замандар шындығын соншама қуатты, көркем етіп суреттейтін ұлт әдебиетінің арғы-бергі
дәуірлеріндегі үлгілері бізге осыны меңзейді». Ғалым ұлттың болашағына деген сеніміне селкеу түсірмей,
қазақ табиғатына ғана тән «өрнекпен» өркениет өлшеміне лайық ой айтқан, ұлттың рухани
мәдениетін өлшеусіз биікке көтерген Ұлы Дала феноменіне айналған Абай мен сахара ойшылы
Шәкәрімнің еңбектеріндегі тілді дамыту, өрістету, байыту принциптерін «ұлттанымдық» ұстаным
ретінде қарастырады. "Тіл мен рух" мақаласында ғалым Ф.Ш.Оразбаева Абай әлемі мен дүниетанымы
ұлтты терең тануға жол ашқан бірден-бір шешуші фактор екендігін талдаулар арқылы дәйектей
отырып, Абайды ХХ ғасырда қазақ жеріндегі рухани мектептердің дамуына әсер еткен теңдессіз тұлға
деп тұжырымдайды.
ХХІ ғасырға аяқ басқан Қазақ елі рухани түлеуді бастан кешуде. Рухани жаңғыру тарихи түсініктен
шығатын ұлттық сананы отаршылдық қамытынан арылта отырып ұлттық код пен ұлттық
мәдениетті қайта жаңғырту арқылы санаға сілкініс жасауды көздейді. Қазақ топырағында өсіп-өнген
"Ұлы Даланың рухани мұраларын", Абай, Шоқан, Шәкәрім, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, М.Жұмабаев,
Ә.Бөкейханов, Қ.Кемеңгерұлы және т.б. ұлт көсемдерінің "ғылым, білім, тіл жайындағы концептуалды
тұжырымдарын" зерделей-талдай отырып, келешек ұрпақ тәрбиесіне орынды пайдалануды ұсынған
ғалым, оларды тілдік аспектіде зерттеудің үш бағытын айқындап береді:
-
философия-әдіснамалық (методологиялық) бағыт;
-
тілдік-танымдық бағыт;
-
психолингвистикалық бағыт.
Ұлт қайраткерлерінің рухани мұраларын үш бағытта жинақтау мен талдау, тілдік бірліктерін
танымдық бағытта зерделеу, олардың адам санасына әсерін: қабылдау
мен пайымдау ерекшеліктерін
саралау арқылы "Тіл-қазынаны сақтау, Рух-қорғанды" бекіту болашақ ұрпақтың алдындағы парыз деп
тұжырымдаған ғалым өз еңбектері мен шәкірттеріне ұсынған зерттеу тақырыптары арқылы осы бағытта
талмай еңбектеніп келеді. Тілші-ғалым, әдіскер-ғалым Ф.Оразбаеваның жетекшілігімен қорғалған он
докторлық диссертация мен отыз тоғыз кандидаттық диссертация осының айқын дәлелі. Ғалымның
ұсынған зерттеу тақырыптары сан-салалы. Жоғарыда аталған тілді зерттеудің үш аспектісі тағылымы мол
ғалымның басшылығымен дайындалған зерттеулерде толық көрініс тапқан. Мәселен, "Жалпы білім
беретін мектептерде қазақ тілінен сөз мәдениетін оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері"
(Ж.Т.Дәулетбекова), "Қазақ тілі синтаксисін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың ғылыми-
әдістемелік негіздері" (Р.С.Рахметова), "Қазіргі қазақ тіліндегі қатысымдық бірліктер: когнитивтік
аспекті" (Н.Ә.Ильясова), "Қазақ тілін мемлекеттік қызметшілерге жеделдете оқытудың ғылыми-
әдістемелік негіздері" (Ш.Қ.Құрманбаева), "Теория и методика взаймосвязанного обучения комплексным
единицам словообразования в условиях учебного двуязычия национальной школы" (Қ.Л.Қабдолова),
"XY-
XІХ ғасырлардағы ақын-жыраулар поэзиясындағы "Өмір-Өлім" концептісінің танымдық табиғаты"
(С.А.Жиренов) және т.б. Профессор Ф.Ш.Оразбаева қазақ тіл білімі мен оқыту әдістемесі саласында
өзінің салмақты ғылыми мектебін қалыптастырған ғалым. Тағы да Хакім Абайдың сөзіне жүгінуді жөн
санап отырмыз. Ақынның "Биік мансап - биік жартас Ерінбей
еңбектеп жылан да шығады, Екпіндеп
ұшып қыран да шығады" деген терең тағылымды сөзі ғалым-ұстаздың адамдық қасиетінің қырларын
толық ашады. Ғалымның бүгінгі шыққан парасат биігі адал еңбек пен иманды жүректің тоғысуынан
туындаған. Пенделік пейілден жүрегі таза ғалым-ұстаздың өмір жолы, ғылым жолы, ұстаз жолы, ұлтына
адал қызмет етіп келе жатқан перзент жолы осыны дәлелдейді. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген
қазақтың ғылымға бет бұрған ұл-қыздарының ғылым мен білімдегі тұсауын кесіп, жол сілтеп келе жатқан
ұстаздың өнегелі өмірі көпшілікке үлгі.
Фаузия Шәмсиқызы – қазақ тілін оқыту әдістемесінің тарихында өзіндік орын алып үлгерген әдіскер-
ғалым. Білікті зерттеуші-ғалымның ғылыми еңбектері, оқулықтары үздіксіз білім беру жүйесінде мектеп
оқушылары мен жоғары оқу орындары студенттерінің терең білім алуына зор үлес қосып жатыр.
Лингвист-ғалым тілдік қатынас теориясы, тіл мен ойлау, тілдік қатынас және таным, кәсіби маман тілі
теорияларын Тілтаным аясында зерделейді.
Ғалым Ф.Оразбаеваның қазақ тіл білімінде сара жол салып, тілді оқытуды концептуалдық тұрғыда
жаңа деңгейге көтерген "Тілдік қатынас: теориясы мен әдістемесі" еңбегінің орны бөлек. Әдіскер-
ғалымның ғылыми еңбегіндегі талдау, жинақтау, қорыту, тәжірибеде
дәлелдеу арқылы жасалған
тұжырымдарының нәтижесі үздіксіз білім беру жүйесіндегі қазақ тілін оқыту әдістемесінде түбегейлі
орнығып, білім мазмұнының ажырамас бөлігіне айналған. Кейінгі кезге дейін білім берудің барлық
сатыларында қазақ тілін оқытудың нәтижесі ретінде білім алушылардың жалаң грамматикалық білімдері
қарастырылып келгені белгілі. Қазақ тілін оқытуда тілдің грамматикалық категориялары мен
127
орфографиялық аспектісін игертуге басымдылық берілді. Бұл білім алушылардың қазақ тілінде өз ойын
жүйелі жеткізуіне, сөйлеу мәдениетіне кері әсерін тигізіп, тілді оқыту әдістемесін жетілдіруді қажет етті.
Аталған мәселе ғалымның көптеген ғылыми мақалаларында өзекті мәселе ретінде көтеріліп, ғылыми
конференцияларда талқыланды. Фаузия Шәмсиқызы қазақ тілі оқулықтары мен оқу құралдарына ортақ
кемшіліктерді келтіре отырып, «...негізгі материалдар сөйлеу тілін меңгерту үшін, қазақша сөйлеуді,
түсінуді үйрену үшін емес, қазақ тілінің грамматикасын, жалпы ережелерді үйрету үшін бағытталады.
Сөйлеуді үйретуге қатысы шамалы тиімсіз грамматикалық материалдарға орын беріліп, күрделі
категорияларға байланысты қиын ережелер толық айтылып, тілді үйренуге қиындық туғызады», – деп,
тілдің негізгі қызметі – сөйлеуге үйретудегі, қарым-қатынас мәдениетіне төселдірудегі рөлі жете
ескерілмегендігін көрсетеді. Ф.Оразбаева қазақ тілін өзге тілде оқитын
білім алушыларға меңгертуде
лексикалық және грамматикалық тұлғаларды оқытудың жолдарын ғылыми негіздеп, адамның сөйлесуі
мен пікірлесуі үшін тілдік қолданысқа керекті тілдік материалдарды үйренгенде тілдік қатынастың жүзеге
асатынын дәлелдеп, қазақ тілін оқытудағы қатысым әдісінің маңызын ашты. «Адам қай тілде сөйлегісі
келсе де, сөздік қордан өзіне қажетті лексикалық тұлғаларды білмесе, біріншіден, айтайын деген ойын
жеткізе алмайды,
екіншіден, басқа біреудің айтқан сөзін, ойын түсінбейді».
Сөйлесім әрекетінің оқу, тыңдау, айту, жазу әрекеттерін терминдік тұрғыда қайта түлетіп, қазақи
танымға сай тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым, тілдесім ұғымдарын ғылыми айналымға енгізді.
Ғалым қазақ тілін оқытудың әдіснамасын түбегейлі жаңа арнаға бұрып, коммуникативтік бағытын
ғылыми-әдістемелік тұрғыдан негіздеді. Бұл ‒ ғалымның тілді оқыту әдістемесіне қосқан өлшеусіз еңбегі.
Әдіскер-ғалымның көпжылдық ғылыми зерттеулерінің нәтижесі қазақ тілін оқыту әдістемесінің
тарихында тұңғыш рет оқытудың нәтижесі тіл туралы білімдер қоры емес, білім алушының қазақ тілінде
сөйлей алуы деп анықтауға негіз болды. Ф.Оразбаеваның ғылыми тұжырымдары мен енгізген терминдері
ҚР БҒМ-нің тапсырысы негізінде 2002 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясы аясында
дайындалған өзге тілді мектептердің 1-11-сыныптарына арналған "Қазақ тілі" және "Қазақ әдебиеті"
пәндерінің "Қазақстан Республикасының Жалпыға міндетті білім стандартында", "Оқу орыс, ұйғыр, өзбек
тілдерінде жүретін орта жалпы білім беретін мектептердің 5-11-сыныптарына арналған Қазақ тілі мен
әдебиетінің бағдарламаларында" (Алматы, Қазақтың Ы.Алтынсарин атындағы білім академиясы, 2001,
2003, 2004),
бүгінгі күнгі қолданыстағы бағдарламаларда сөйлесім әрекетінің түрлеріне
қойылатын
талаптарды сипаттауда негізгі терминдік жүйені түзіп, еліміздің үздіксіз білім беру саласының филология
аясына қатысты терминдік қорға енді.
Қазақ тілін оқытуда білім алушылардың сөйлесім әрекетінің түрлері бойынша: тыңдалым, оқылым,
айтылым, жазылым, тілдесім дағдыларын дамыту және қалыптастыру өзге тілді аудиторияда ғана
ескерілуі тиіс деген пікір орын алып келгені жасырын емес. Сөзіміздің дәлелі ретінде "Қазақ тілі" (ана
тілі) пәнін оқытуда көп жылдар бойы білім алушының ана тілінде дұрыс сөйлеуіне мән берілмей, тілдің
аспектілерін жүйелі меңгертуді көздейтін жаттығуларды орындаумен шектеліп келгенін айтуға болады.
Бұл пікірдің жаңсақтығын ғалым Ф.Оразбаева өзінің "Тілдік қатынас: теориясы мен әдістемесі"
еңбегіндегі зерттеулері мен тұжырымдары арқылы дәлелдейді. Ғалымның "Тілдік қатынас – ойлау мен
сөйлеудің қатысы арқылы тілдік бірліктердің таңбалық жүйесі мен дыбысталу қасиеті нәтижесінде жүзеге
асып, қатысымдық бірліктердің семантикалық бірлікпен байланысу заңдылықтары арқылы берілетін,
адамдардың өзара түсінісуін қамтамасыз ететін, тек адамзатқа ғана тән күрделі тілдік қоғамдық-
әлеуметтік процесс" деген тұжырымы сөйлесім әрекетіне тән тілдік дағдыларды қалыптастыру қазақ тілін
оқытудың екі бағытына да қатыстылығын көрсетеді. Бұл ана тілі ретіндегі қазақ тілін оқытудың бағытын
да әдіснамалық тұрғыда қатысымдық аспектіде анықтауға негіз болды.
Тілтаным аясында тіл мен ойлаудың арақатынасын зерделеген ғалымның “Тілді оқытудан бұрын, сол
тілде ойлауға үйрету маңызды. Бұл жерде ойлауды үйрету негізгі мақсат емес, ол сөйлеу процесін түсініп
ұйымдастырудың алғышарты болады болып табылады”, “Ойлау мен сөйлеу тығыз байланысты; тіл
үйретуде ойлау іштей сөйлеу процесі арқылы жүріп, сыртқа шығады”; “Ойлау танымдық және
қатысымдық қызмет атқарады; тіл – танымдық қызметті атқарудың құралы” деген тұжырымдары өзге
тілді аудиторияда қазақ тілін үйретуде тірек қағида ретінде басшылыққа алынады.
Ф.Оразбаева барлық саналы ғұмырын қазақ тілінің дамуына, әлеуметтік аясын кеңейтуге арнап келе
жатқан қайраткер-ғалым. Профессор Ф.Оразбаеваның жетекшілігімен әлем тілдері мәртебесіне ие болған
ағылшын, француз, неміс тілдерін меңгертудің тәжірибелері мен озық үлгілері
зерделеніп, қазақ тілін
үйретудің жаңа бағыттары айқындалды. Қазақстан Республикасында тұғыш рет қазақ тілін үйретудің
тілдік деңгейлері айқындалды. Тілдік деңгейлер: қарапайым деңгей (А
1
-
Бастапқы игерім); негізгі деңгей
(А
2
Қалыптасқан игерім); орта деңгей (В
1
Ілерілей қалыптасқан игерім); ортадан жоғары деңгей деңгей
(В
2
Тереңдетіле қалыптасқан игерім); жоғары деңгей (В
2
,С
1
Еркін игерім); жетік (В
2 +
С
2+
Еркін және
кәсіби игерім) деп белгіленді. Аталған деңгейлер бойынша 2006 жылы ересектерге арналған оқулықтар
128
мен оқу-әдістемелік кешендер және электронды оқу құралы дайындалды. 2010 жылы ҚР Жалпы білім
беретін мектептеріне арналған қазақ тілінің деңгейлік оқу бағдарламасы (1-11-сыныптарға арналған),
2013-2014
жылдары ҚР БҒМ-нің арнайы тапсырысы бойынша «Балабақша – мектеп – колледж – жоғары
оқу орны» жүйесіндегі мемлекеттік тілді деңгейлік үздіксіз оқытудың стандарты, өзге тілді мектептердің
1-11-
сыныптарына арналған 67 аталымнан тұратын бірегей деңгейлік қазақ тілі оқулықтары мен ОӘК-і
дайындалды. Тіл үйретудің озық үлгісінде дайындалған оқулықтар мен ОӘК-дер еліміздің 42 мектебінде
апробациядан сәтті өтіп, мұғалімдер мен оқушылар, ата-аналардың көңілінен шықты. Қоғам тарапынан
өте жақсы қабылданып, 25 рет тәуелсіз сараптамадан сүрінбей өткен, сала мамандары тарапынан тіл
үйрету пәрменділігі жоғары деп танылған оқулықтар білім беру жүйесін кезекті реформалау, пәндердің
білім мазмұнын жаңарту деген желеумен оқу процесіне ендірілмеді. Профессор Ф.Оразбаеваның
басшылығымен тіл үйретудің озық үлгісінде дайындалған бұл кешен әзірше қазақ тілін үйретуде
баламасы жоқ бірегей оқу әдістемелік кешен болып отыр.
Қазақ ғылымының аса көрнекті тұлғасы, "Ғасыр саңлағы" академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың
"Өз білімін өмірдің, өндірістің тәжірибелерімен нығайтып, байытып отыратын, тапқан ілімін үлкенді-
кішілі ашқан жаңалығын халықтың қажетіне беріп отыратын ғылым ғана өз дәрежесінде заман
талабының өресінде болады" деген сөздері профессор Ф.Оразбаеваның тіл білімі мен оқыту әдістемесінің
дамуына қосқан үлесінің тәжірибеде дәлелденіп, өміршеңдік қасиетке ие болғанын және халықтың
игілігіне айналғанын айғақтайды.
Ғалым Ф.Оразбаева бір сұхбатында тілшінің "Өмірде
нені жақсы көресіз, нені жек көресіз?" деген
сұрағына: "Адалдықты, арлылықты ұнатамын. Жалақорлық – ең жаман нәрсе" деген екен. Ұлт қайраткері
Ә.Бөкейхановтың "Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден" деген даналық сөзі бар. Шын
мәнінде, өмірде де, ғылымда да адалдықты ту еткен ғалымның өмірлік ұстанымы адами табиғатынан,
мінезінен туындап жатқан қасиет. Фаузия апай Оразбаеваның қарапайымдылығы, тұлғааралық қарым-
қатынаста адамгершілік қасиеттерге жіті мән беретіні көпшілікке аян.
Ғалымның ғылымдағы салмағы, біріншіден, ғылыми еңбектерінің маңыздылығымен және елдің
игілігіне айналуымен, екіншіден, шәкірт тәрбиелеуі және ғылыми мектебін қалыптастыруымен
анықталаса, ғалым-ұстаз, қазақ тілін оқытудың хас шебері Ф.Оразбаеваның бойынан осы аталған
қасиеттердің барлығы табылады.
Ұстазым Фаузия апай Шәмсиқызының ғылым мен өмірдегі өнегелі жолы барлық шәкірттеріне өнеге.
Мерейтой қарсаңында Ұстазыма ұзақ ғұмыр тілей отырып, танымдық-тағылымдық идеяларға құрылған
еңбектеріңізді күтеміз дегім келеді.
Достарыңызбен бөлісу: