Ф.Ш.ОРАЗБАЕВА ЖӘНЕ ТІЛСІЗ ҚАТЫНАС МӘСЕЛЕСІ
Нұрсұлтанқызы Ж.
филология ғылымдарының кандидаты, доцент,
«
Болашақ» университеті,
Қызылорда қаласы
Түйіндеме: Мақалада профессор Ф.Ш.Оразбаева еңбектеріндегі тілсіз қатынас мәселесі және
бейвербалды амалдардың зерттелуі қарастырылады.
Аннотация: В статье рассматриваются проблемы невербального средства в трудах профессора
Ф.Ш.Оразбаевой и исследования.
Annotation: The article deals with the problems of nonverbal means in the works of professor F.Sh.
Orazbayeva and research.
149
Адамдар тек сөйлесу арқылы ғана қарым-қатынас жасамайды. Кейде олар белгілі бір шартты
келісімдер немесе белгілер арқылы тілсіз-ақ ұғынысады. Бұл да – адамдар арасындағы қарым-қатынастың
бір түрі. Семиотикалық таңба-белгілерден өзгеше адамдардың ыммен түсінісуі және көздің, ауыздың,
қабақтың қимыл-қозғалыстары арқылы ұғынысуы сияқты көп белгілер бар. Тіптен дене мүшелерінің
(қолдың, аяқтың, иықтың т.б.) әр түрлі қимыл-әрекеттерінің өзін неше саққа жүгіртуге болады. Баяншы
айналасындағылармен алуан түрлі ым-ишара, белгі, бас шайқау, қол сілтеу, иек қағу, бас изеу, әр түрлі
эмоция таныту арқылы өз ойынан хабар бере алады. Бейвербалды амалдар арқылы сан қилы ақпарат
алуға болады. Мысалы, телефон арқылы сөйлеп тұрған дауысқа мән бере отырып, сөйлеушінің жас
мөлшерін, көңіл-күйін, этникалық әрі әлеуметтік шығу тегін байқауға болады. Немесе алдыңызда
отырған сөйлеушінің бет-жүзіндегі өзгерістеріне, қимыл-әрекеттеріне қарап отырып, оның мінезі,
көзқарасы, көңіл-күйі, жеке тұлғалық қасиеті жайлы хабар ала аласыз.
Тілдік қатынас кем дегенде екі адамның қатысы арқылы жүзеге асады. Бірі хабарды жіберсе, екіншісі
оны қабылдап алады. Тіл білімінде ғалымдар алу, беру, қабылдау, жеткізу, жіберу т.б. сөздерін ғылыми
айналымда көп қолданылатындықтан белгілі бір терминдермен алмастырып айтуды ұсынады. Хабар
беруді – трансмиссия, қабылдауды – рецепция, осыған байланысты хабар берушіні – трансмиссор, хабар
қабылдаушыны – реципиент деп көрсетеді. Бұл мәселе туралы қазақ тіл білімінде тілдік қатынастың
теориясы мен әдістемелік негізін зерттеген ғалым Ф.Ш.Оразбаева былай дейді: «...ерекше орын алатын
тілдік қатынастың негізгі мазмұны, мәні, мағынасы болып табылатын – хабарды іс жүзіне асырушылар,
хабарға тікелей қатысушылар. Олар мынадай құрамнан тұрады:
1.
Белгілі бір ақпаратты, деректі хабарлайтын – Баяншы.
2.
Ақпаратты жеткізетін – Тұлғалар.
3.
Ақпаратты не деректі – Қабылдаушы.
Баяншы – сыртқы объективтік әсерді, өмірді сезінуден, пайымдаудан туған санадағы ойды түрлі
тілдік амал-құралдардың, тұлғалардың көмегімен екінші біреуге баяндауды, хабарлауды жүзеге асыру
үшін тілдік байланысқа қатысушы, тілдік қарым-қатынасқа түсуші. Тұлғалар – хабарлаушыдан шыққан
дерек туралы басқа адамның санасында ұғым тудыратын, оған ақпараттың түсінікті болуын қамтамасыз
ететін, адамдар арасындағы қарым-қатынасқа байланысшы ретінде қызмет атқаратын қатысымдық
бірліктер. Қабылдаушы – белгілі бір хабарды қабылдап алып, оның мәнін тілдік тұлғалар арқылы
түсініп, ой мен пайымдау арқылы өз санасына өткізіп ұғынудың нәтижесінде тілдік қатынасты ары қарай
іске асырушы» [1,11].
Кез келген түсіністік қарым-қатынас әр түрлі бейвербалды амалдармен бірге жүруі мүмкін. Яғни
коммуниканттар әрі вербалды, демек тіл арқылы, әрі бейвербалды, яғни тілдік емес факторлар арқылы
қарым-қатынас жасай алады. Жалпы адамдардың қарым-қатынасына қатысты әрекеттер екі үлкен
тармақтан тұрады. Оның бірі – тілдік қатынас, екіншісі – тілсіз қатынас. Ғалым Ф.Ш.Оразбаеваның
еңбегінде тілдік қатынас пен тілсіз қатынастың айырмашылықтары мен ұқсастықтары көрсетілген:
1)
адамдардың бір-бірімен байланысын қамтамасыз етеді, яғни адамдар арасындағы қатынасқа қызмет
етеді;
2)
тілдік қатынаста да, тілсіз қатынаста да белгілі бір нәрсе хабарланады, бірақ тілсіз қатынаста хабар
шартты түрде болуы мүмкін;
3)
тілдік, тілсіз қатынас та адамдардың өзара түсінісуіне жол ашады. Ұғынысу тікелей жолмен емес,
сырттай болуы да мүмкін, бәрібір адамның белгілі бір хабарды ұғып, соған қатысты іс-әрекет жасауына
мүмкіндік болады. Алайда тілдік қатынас адамдардың бір-бірімен ұғынысуын, ойын еркін, толық
жеткізуінде ерекше қызмет атқарады [1,9].
Ғалымдар тілдік қатынасты – вербалды, тілсіз қатынасты – бейвербалды амалдар деп те атайды.
Қарым-қатынастың бұл түрі қазақ тіл білімінде тек соңғы жылдар жемісі болса да, бейвербалды
амалдардың қызметі туралы ойларды, терең тұжырымдарды ертеден кездестіруге болады. Атап айтсақ,
бейвербалды амалдар туралы көзқарастар, алғашқы ойлар қазақ филологиясының тұңғыш профессоры
Қ.Жұбанов еңбегінде кездеседі. Ғалым ымның ерекшелігі туралы былай дейді: «Ауызекі сөйленетін
сөздердің андай-мұндай қисығын елетпейтін басқа жағдайлар бар. Дыбыстап сөйлеген сөздің олқысы,
көбінесе, ыммен толығады. Тіпті бірінің тілін бірі білмеген я болмаса, бірінің тілі мүлде жоқ болған
уақытта да, ыммен ылаждап түсінуге болады» [2,148]. Қ.Жұбановтың ойынан бейвербалды амалдар
ауызекі тілдің ажырамас бөлігі екенін, сонымен қатар қарым-қатынасқа көмекші компонент ретінде рөл
атқаратынын аңғаруға болады. Қ.Жұбанов бейвербалды амалдардың қатысымдық қызметімен қатар,
ұлттық-мәдени ерекшелігіне талдау жасайды. Бейвербалды амалдардың әр түрлі халықтарда өзіндік
сипатымен, ерекше жүйесімен қолданылатындығын ескеріп, сол арқылы әр түрлі халықтың этиникалық
әрі психологиялық табиғатын сұрыптауға мүмкіндік беретінін айтып кетеді. Ғалым сол кездің өзінде
150
баспаға «Элементы кинетической сигнализации в женской речи казахов» деп аталатын зерттеуін
дайындаған. Бірақ, өкінішке орай, аталмыш зерттеу бізге жеткен жоқ.
Сондай-ақ тілші М.Балақаевтың зерттеу еңбектерінде де бейвербалды амалдарға қатысты мәселелер
сөз етіледі. Ғалым бейвербалды амалдарды сөйлеудің қосымша амал-әрекеті ретінде қарастырады.
«...Сөйлеу әр уақытта сөйлеу жағдайында өтеді: дауыс ырғағы, екпін, қимыл, ым, нұсқау, қол көтеру, көз
қысу, бас изеу, күле, ызалана... сөйлеу, бәрі – ойды дәл жеткізе айтудың қағазға түсе бермейтін қосымша
амал-әрекеттері»,- деп қорытындылайды [3,86].
Қазақ тіл білімінде бейвербалды амалдар мәселесі соңғы жылдары зерттеудің негізгі бағытына
айналып келе жатыр. Бұл ретте М.Мұқановтың, Ә.Қайдардың, Қ.Қажығалиеваның, Ж.Өмірәлиеваның,
Э.Оразалиеваның баяндамаларын, ой-тұжырымдарын атап өткен абзал. С.Татубаевтың «Жесты как
компоненты искусства» атты еңбегі жарық көрді. Бейвербалды амалдар мәселесіне байланысты
С.Бейсембаеваның «Невербальные компоненты коммуникации в казахском языке» деген кандидаттық
диссертациясы, М.Ешимовтың «Ым семантикасы: универсалды және ұлттық табиғаты» атты ғылыми
еңбегі жазылды. Сондай-ақ Б.Момынова мен С.Бейсембаеваның авторлығымен жарық көрген ым мен
ишараттың сөздігі де осы мәселені зерттеп-тануға арналған пайдалы еңбек.
Психолог-ғалым М.Мұқановтың зерттеуі қазақ халқының салт-дәстүрі мен тұрмысында кездесетін
ұлттық-мәдени сипатқа ие бейвербалды амалдарды алғаш психология ғылымымен байланыстыра
талдауымен бағалы. М.Мұқанов қазақ халқының тұрмысында кездесетін бейвербалды амалдардың 28
түрін жинақтай келе, бірнеше топқа жіктейді: сәлемдесу амалдары (көрісу, сәлем ету); алғыс айту
амалдары (ас қайыру, сарқыт беру, бата беру); үлкендерді немесе сыйлы адамдарды қошеметтеу
амалдары (бас беру, жездеге төс беру, ауыз тию, жолаушының түсуі, ақ байлау); тілек амалдары (бата
беру); кемсіту немесе қорлау амалдары (теріс бата беру, келген кісіні табалдырықта қабылдау, келген
адамға ішек-қарын беру); қайғы амалдары (жылау, көрісіп жылау,); ант, серт амалдары; тұрмыс амалдары
(шашу, кесені төңкеріп қою, дастархан қайыру); салт-дәстүр амалдары (ерулік, із келсе шығарып салу);
таңғалу амалдары (бетім-ай); өтініш амалдары (кіндік шешенің құттықтауы); өзгешелік амалдары [4, 110-
115].
Академик Ә.Қайдар қазақ қауымында өзіндік мағына-мәні бар тізе бүгу, қол шапалақтау, жұдырық
түю, сақал сипау т.б. амалдарды иммитациялық әрекеттер деп қарастырады.
С.Татубаев еңбегінде қазақ халқының тұрмысында қолданылатын ишаралар мен опера, драма
өнерінде кездесетін ишараларды салыстыра зерттейді. Автор: «Күнделікті қарым-қатынаста
қолданылатын ишаралар мен драма және операда кездесетін ишаралардың бір-бірінен айырмашылығы
жоқ. Өйткені қарым-қатынаста және сахна өнерінде қолданылатын ишаралардың беретін мағынасы мен
атқаратын қызметі бірдей»,- деп өз ойын қорытындылайды [5,108]. Зерттеуші өнердің ең маңызды
құралының бірі – бейвербалды амалдар екенін айтып кетеді.
Бейвербалды амалдарға қатысты пікірлерді Г.Сәрсекенің зерттеу жұмысынан кездестіреміз. Ғылыми
еңбекте Р.Сейсенбаев шығармаларындағы кейіпкерлердің бет өзгерісін, ым, дене қимылы және дене
тұрысын сипаттайтын сөздер мен сөз тіркестері қарастырылған. «Көркем шығармада кейіпкердің бет,
дене қимылы және дене тұрысы тілдегі етістікті және есімді сөз тіркестері арқылы суреттеледі. Әсіресе,
грамматикалық сипатына орай етістікті сөз тіркестері – қолданылу жиілігі жоғары»,- дей келе, бармағын
тістеді, басын шайқады, қасын керді, ерні дірілдеді, аузын ашты т.б. сияқты мысалдар келтіреді [6,127].
Түркі тілдерінде бейвербалды амалдарға байланысты А.Н.Нурманов, М.М.Саидханов зерттеулерінің
маңызы зор. Зерттеушілердің еңбегінде түркі тілінде бейвербалды амалдар мәселесі әлі де қолға
алынбаған сала екендігі сөз болады. «Паралингвистикалық амалдар әмбебап және барлық халықтың
қарым-қатынасында кездеседі. Дегенмен, бұл амалдар бір ғана ұлт өкіліне тән бола отырып, ұлттық-
мәдени негізде болуы мүмкін. Бір этностың қарым-қатынасында кездесетін паралингвистикалық амалдар
екінші бір этнос өкіліне мүлдем түсініксіз болып келеді. Сондықтан басқа халықтың тілін үйренгенде,
бейвербалды амалдарға да назар аудару керек. Бұл амалдар әсіресе, түркі халықтарында әлі де зерттелмей
келе жатқан өзекті мәселелердің бірі»,- деп тұжырымдайды [7,61].
Жалпы басқа тілдермен салыстырғанда бұл мәселе орыс тіл білімінде ғылыми еңбектер, теориялық
зерттеулер, оқулықтар түрінде тереңірек зерттелген. Атап айтқанда, орыс тіл білімінде Т.М.Николаева,
Л.А.Капанадзе, Е.В.Красильникова, Н.И.Смирнова, Г.В.Колшанский, Н.Н.Бездверная, А.А.Акишина,
А.В.Филиппов, Н.В.Глаголев, И.Горелов, Е.М.Верещагин, В.Г.Костомаров, Е.Я.Кедрова, З.З.Чанышева,
Т.Т.Железанова, Н.И.Формановская, В.Д.Девкин, С.К.Сопожников, С.Б.Гончаренко, Г.В.Булгакова,
А.П.Беликов, М.Д.Городникова, Кэррол И.Изард, Р.К.Потапова сынды ғалымдардың еңбектерінде
бейвербалды амалдар мәселесіне әрқилы тұжырымдар жасалып, құнды ғылыми пікірлер айтылған.
Бейвербалды амалдар – ауызекі сөйлеу тілінің ажырамас бөлігі. Қарым-қатынас кезінде бейвербалды
амалдар тілдік амалдармен қатар қолданылып, сөйлесім әрекетін жеңілдетеді.
151
Тіл білімі, этнография, педагогика, психология салаларындағы ғалым-мамандардың бақылауларында
Латын Америка мемлекеттері, Италия, Испания елдері үшін бейвербалды амалдар қарым-қатынастың
маңызды элементі болып табылатындығын көрсетті. Ал Солтүстік халықтары бейвербалды амалдарды
азырақ қолданса, Жапония халқы тіпті аз пайдалатындығын анықтады. Бейвербалды амалдар ұғымының
тіл білімі, психология, психолингвистика, физеология, әлеуметтік лингвистика, семиотика,
лингвомәдениеттаным және т.б. пәндердің тұрғысынан берілген түсініктемелері жиі кездеседі және әр
ғалымның анықтамасы, бейвербалды амалдарды топтастыруы әр түрлі.
В.М.Верещагин, В.Г.Костомаров бейвербалды амалдарды іштей екіге бөліп қарастыруды ұсынады:
1.
Соматизм тілі. Бұл топқа ишара, дене қалыбы, мимика, бет-әлпет кескіні және әр түрлі адам жүзінде
байқалатын психосоматикалық симптомдарды енгізеді;
2.
Ғұрыптық тіл. Бұл топқа бір әлеуметтік топтың әдет-ғұрпымен, этикетімен, салт-дәстүрімен
байланысты дене қимылдарын жатқызады [8,197-198].
Г.В.Колшанскийдің кез келген еңбегін алып қарасақ та, бейвербалды амалдарға қатысты айтылған
көптеген құнды ойлар мен тұжырымдарды кездестіруге болады. Ғалым бейвербалды амалдардың
зерттелуіне шолу жасай келіп, өзінің «Паралингвистика» деген еңбегінде былай дейді:
«Паралингвистикалық амалдар тілдік қатынаспен қатар қолданылып, қосымша хабар береді. Бұл
амалдарға әр түрлі дыбыс ерекшеліктері, сонымен қатар мимика, ишара, дене қимылдары жатады» [9,33].
Өзбек тілі материалы негізінде паралингвистикалық амалдарды зерттеуші А.Н.Нурманов,
М.М.Саидханов: «Паралингвистикалық амалдар ауызекі сөйлеу тілінде көмекші құрал ретінде
қолданылса, жазба тілінде етістіктер арқылы беріліп отырады»,- дей келіп, өзбек тілінде кездесетін
бейвербалды амалдардың кинетикалық, мимикалық, фонетикалық сияқты үш түрін топтап көрсетеді
[7,62].
Н.И.Смирнова «Невербальные аспекты коммуникации» атты ғылыми жұмысында бейвербалды
амалдарды Дж.Трейгердің тұжырымын басшылыққа ала отырып кинетикалық (ишара, мимика) және
паралингвистикалық (темп, мелодия, пауза т.б.) сияқты топтарға жіктеуді ұсынады [10,3]. Зерттеуші:
«Қарым-қатынасты тек тілдік, яғни вербалды амалдармен ғана емес, сонымен қатар бейвербалды амалдар
арқылы да жүзеге асыра аламыз»,- деп тұжырымдайды [10,5]. Тілші Ж.Өмірәлиева «Под паралингвизами
мы понимаем языковые единицы, возникающие в процесе невербальной коммуникации план выражения
которых представлен различными невербальными средствами манифестации межсубъектного
взаимодействия»,- деп анықтама бере келе, бейвербалды амалдарды фонация, кинесика, физиономика
және проксемика деп төрт тармаққа топтастырып, өз тұсынан құнды пікірлер айтады [11,34].
Э.Н.Оразалиева: «Паралингвистика ғылымы қарым-қатынастың кинетикалық компоненттерін, олардың
түрлерін, фонациялық дыбыс ерекшеліктерін, графикалық үлгілерін анықтай отырып, олардың көркем
әдебиет мәтінінде атқарар қызметіне сипаттама беруге әрі сөйлесім әрекетінің ұлттық-мәдени өзгешелігін
сұрыптауға мүмкіндік береді»,- дейді [12,10].
Бейвербалды амалдар тек түркі халықтарына ғана тән емес, ол барлық халықтың қарым-қатынасында
бар әмбебап құбылыс. Дегенмен бейвербалды амалдарды әр ұлт мәдениетіне тән ерекше құбылыс ретінде
қарастыру әлі де толыққанды сипатта емес деген қорытынды жасауға болады. Аталмыш мәселе әсіресе,
түркі тілдерінде әлі де зерттеуді қажет ететін күрделі мәселелердің бірі. Сондықтан бұл бағыттағы зерттеу
жұмыстарының болашағы зор.
Достарыңызбен бөлісу: |