147
Annotation: The article describes the pedagogical image and human nature of the professor of the Kazakh
National Pedagogical University named after Abay, doctor of pedagogical sciences, a correspondent member of
the National Academy of Sciences of the Republic of Kazakhstan, laureate of the first degree prize named after
Ch. Valikhanov Orazbaeva Fauziya Shamsievna.
Keywords: teacher, pedagogical skill, pedagogical tact, pedagogical ethics, pedagogical gesture.
Адамзат баласының даму барысында баланы оқыту, көрсету мен үйрету оның жан-жақты дамыған
тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ететіні кім-кімге де түсінікті болар. Осы орайда баланы оқытып
жүрген ұстаз бен мұғалімнің ролі ерекше.
Қазақ халқының қадірлі ұлы, белгілі академик Зейнолла
Қабдолов өзінің таңдамалы шығармаларының бірі сөз өнері жөнінде жазған кітабында «ұстаз көрмеген
кісі - үлгі, өнеге көрмеген кісі. Ал үлгісіз, өнегесіз кісіде қандай қасиет болмақ? Асылы адам өзінің
азаматтығы үшін, алдымен ұстазға қарыздар.
-
Мықтылардың мықтысы ұстаз дер едім мен.
-
Неге?
Негесі сол – ол заман да, бұл заман баладан дана өсіріп тәрбиелеп келе жатқан ұстаз: әлемге аян
ұлылардың барлығын ... ұстаз жаратқан» - деп жазыпты. Оған жалғастыра: «Мынандай да шындық бар:
бір кезде ұстаз алдына саңылаусыз келген әлдекім сәуле жайлаған соң енді бәрін өзі білгендей көкірек
керіп атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас» деген емес пе, кеше ғана өзін алақанына салған аяулы
ұстазға шекесінен қарап, кісімсіп жүреді» - дегені тағы бар.
Бүгінгі әңгіме ұстаз туралы болғандықтан, академик ағаның ол туралы айтқандағы сөзіне қосылмасқа
амал жоқ. Оның бер жағында Зейнолла Қабдоловтың өзі өте білгір, білімді де, биік таланттың иесі
болғаны мәлім және өзінің де ұстаздары Мұхтар Әуезов сияқты құдіретті кісілер болған.
Ұлағатты ұстаздардың алдын көрген адамның ұстаздары туралы айтары аз емес, сондай әдемі естелікті
Асқар Тоқпанов туралы сөз зергері Әбіш Кекілбаевтан кездестіреміз. Әбіш аға өз ұстазы туралы:
«Аудиторияға адам емес, от кіріп кеткендей. Маздай жанған сол бір оттан шашырап шыққан бір-бір шоқ
әрқайсымыздың
көкірегімізге кіріп, жалпылдатып жаңа бір алау жаға жөнелгендей» - деген екен.
Шынында да жоғарыда айтқанымыздай, қазір ұстаздың алдын көрмеген адам жоқ десек артық айтқандық
емес. Әркім де әртүрлі ұстаздың алдынан өтіп, әр ұстаздың әрқилы бітімін, білімін, білігін түрліше
айтары сөзсіз. Әр ұстаздың адамның қалыптасуына, оның білімі мен тәрбиесіне тигізетін әсері де өзгеше.
Өз басым жақсы ұстаздардың тәрбиесін, өнегесін көп көрдім. Серік Қирабаев, Нығмет Ғабдуллин,
Нұржамал Оралбаева, Ғабдолла Қалиев,
Арсен Ибатов, Бабаш Әбілқасымов, Телқожа Жанұзақов,
Қайырболат Есенов, Кенжеш Бозжанова, Күлтай Бейсенбаева, Немат Келімбетов, Өжкен Тыныбаева,
Серік Мақпыров,
Секерхан Хасанова, Мереке Жаманов, Тұрсын Сыздықов, Темірхан Тебегенов,
Балтабай Әбдіғазиев сияқты ұстаздардан білім алдым. Сондай қадірлейтін ұстаздарымыздың бірі –
Ұлттық Ғылым академиясының мүше-корреспонденті, Ш.Уәлиханов атындағы І дәрежелі сыйлықтың
лауреаты, ҚР БжҒМ-нің «ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері, Педагогика
ғылымдары Халықаралық академиясының академигі, ҚР Президентіне үміткерлерден мемлекеттік тілден
емтихан алушы «Лингвистикалық комиссиясының» хатшысы (1999, 2005, 2011, 2015жж) педагогика
ғылымдарының докторы, профессор
Фаузия Шамсиқызы Оразбаева. Фаузия апай маған ұстаз ретінде
тікелей дәріс берген оқытушым болмаса да, ол кісіні өзіме ұстаз санаймын. Себебі апайдың дәрістеріне
жиі қатысып,
конференция, симпозиумдарда жасаған баяндамаларын және басқа ғылыми ортадағы,
кездесулердегі сөйлеген сөздерін талай естідім. Ғылыми кеңесші, басшы, ірі ғалым ретінде талай кеңес
беріп, бағыт сілтеді.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университтетінде кандидаттық диссертациямды қорғап,
жас маман ретінде қызметке алынған кезім, маған «Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы» пәнінен
семинар жүргізілу тапсырылды. Бұл пәннен лекция оқитын Фаузия апай еді. Талап бойынша семинардың
лекцияда айтылғандарды кеңейтіп, толықтырып, бекіту, тиянақтау сияқты шарттары бар. Қысқасы,
семинар лекциямен байланысты болу керек. Бір жағынан талап үдесінен шығу үшін, екінші жағынан,
үйренсем деген тілекпен апайдың сабақтарынан қалмай жиі қатысып жүрдім. Апайдың сабақтарына
қатысып шықтым дегеннен гөрі, театрдан әсерлі бір қойылымнан шықтым десем дұрыс болар. Өйткені
апайдың сабақтары
жалаң теориялардан тұрмайтын, теориясын практикамен, өмірмен үндестірген,
шығармашылықты да ұтымды пайдаланатын өзгеше дәріс болатын. Театрдағы бір қойылымда
отырғандай әсерде боласың деуімнің тағы бір себебі – студенттердің театрдағы көрермендердің шынайы
ойынға, актерлік шеберлікке қол соғып қошемет көрсетіп отыратыны сияқты сабақтағы айтылған
ойларға, нақты келтірілген мысалдарға, мысал үшін келтірілген немесе оқылған өлеңге қол шапалақтауы
жиі болатын. Маған бұл жағдайлар өзгеше көрінетін, себебі ол кездерде ондайды көп байқамайтынбыз.
148
Бұл қол шапалақтау бір жағынан, оқытушының сабағының студенттердің көңілінен шыққанын байқатса,
екіншіден, оқытушы мен студенттің арасындағы жақсы қарым-қатынастың көрінісі дер едім.
Небір күрделі терминдер мен ұғымдарды Фаузия апай жеңіл тілмен ұтымды жеткізіп, нақты
мысалдарды келтіріп, ара-тұра көркем шығармалардан прозадан,
поэзиядан жатқа оқып, студенттерді
тәнті ететін, кейде тіпті тілдік материалдарды тиянақтау үшін мысалдарды студенттердің
шығармашылығынан, жазған әңгіме, шығарған өлеңдерінен тапқызып, жатқа оқытқызып жататын.
Ондайда студенттерде қызыға кірісіп, күрделі тақырыптарды қалай еңсеріп қалғанын, қызықты сабақтың
қалай аяқталып қалғанын өздері де түсінбей қалатын кездерін жүздерінен жиі байқайтынмын. Тіпті
сабаққа аса ынтасы жоқ студенттердің өзі апайдың сабағынан қалмай қатысып, кейде сұрақтарға жауап
беріп басқаларды таңқалдырып жататын. Тағы бір қызығы сынақ, емтихан кездерінде апайдың
лекциясында айтылғандарды нашар оқиды деген студенттердің өздері дәлме-дәл айтып, мысалға өлеңді
жатқа оқып отыратындар көп болатын. Апайдың сөз мағынасының түрлеріне байланысты М.Мақатаевтан
жатқа оқитын мына бір өлең шумағын:
Су сұраса сүт берген, айран берген,
Қартайып қалыпсың-ау, қайран жеңгем!
Қарғаның валетіндей едірейіп,
Қасыңа мына біреу қайдан келген?- деп нашар оқитын студенттің
өзі жатқа оқып айтып, сөз
қолданысындағы, мағынадағы ерекшеліктерді талдай жөнелетін.
Фаузия апай сабақтың бір минутын да ысырап етпейтін. Сабақтың жартысынан көбін студенттерді
түгендеумен немесе өзге бір сабаққа ешбір қатысы жоқ қысаң әңгімелермен уақыт өткізу деген апайда
болмайды. Дауысы мәнерлі, айқын да анық студенттерді бірден өзіне қаратып, баурап алады. Барынша
жинақы, сыпайы, мәдениетті, нағыз педагогикалық такт, жест дегендердің ерекше үлгісі осы кісіде ме
дерсіз!
Студенттердің жаңа тақырыпты түсінгені апай үшін аса маңызды болатыны соншалық дәріс үстінде
бірнеше сұрақ қойып, студенттің түсінген- түсінбегенін байқап, бақылап, ал өзі лекциядағы негізгі ойды
әлсін-әлсін қайталап, тиянақтап отыратыны және бар.
Апайдың адамды жұбатып, жігерлендіретін білетін апаймен сөйлескенде жаным жадырап байып
қалатын кездерім өз басымда жиі болатын. Апайды қоршап сөйлесіп тұрған студенттердің сондай сезімде
болатынын олардың балбұл жанған жүздерінен байқап талай куә болдым.
Апайдың студенттің тек сабақты ғана жақсы біліп, жақсы студент болуын ғана ойламай,
студенттердің жақсы адам, жеке тұлға болып қалыптасуына да ерекше көңіл бөледі. Оны түрлі сабақпен
байланысты ситуациялық жағдайдармен дәйектеп отыратын тұстарынан да көп көретінмін. Сабақта білім
мен тәрбие қатар жүріп отыратын, соның бәрін ұтымды да, ұтқыр пайдаланатын апайдың педагогикалық
шеберлігіне тамсанатын тұстарым аз болмады!
Қызметте де, өмірде де әр қандай жағдайларда апай осы мәселеде не дер еді, қалай әрекет етер еді
деген сұрақ үнемі ойымда тұрады. Сұрақтың жауабын тапқанда бір тұтқадан мықтап ұстағандай болам!
Ол -
тағылым тұтқасы!
Білікті ғалым, ұлағатты ұстаз Фаузия Шамсиқызы Оразбаева ұлт өркениетінің өсуіне үлес
қосып
жүрген қайраткер болғандықтан, ұрпақ тәрбиелеу мен білім беруде әлі де талай нәтижеге қол жеткізеді
деп санаймын. Ең маңыздысы, Фаузия Оразбаеваның атқарып жүрген жұмысы, ұстаздық һәм адамдық
болмысы – соңынан еріп келе жатқан жастарға үлгі.
Достарыңызбен бөлісу: