160
«Қазақ тілі программасының» орны ерекше. Ғалымның бұл еңбектерінде тілдің үш түрлі қызметі:
теориялық мәселелердің практикалық дағдының базасы болатынын пайдалануға үйрететін білімдік
қызметі, жалпы адамзат жинаған тарихи, мәдени, рухани мұраларды тіл арқылы меңгеруге болатын және
өз ойын жеткізудің, өзін-өзі тану мен өзін танытудың құралы тіл екендігіне көз жеткізетін
танымдық
қызметі, алған білімді практикалық тұрғыда қалай қолдану іскерліктерін жетілдіруге бағытталған
коммуникативтік қызметі анық көрініс тапқан. Мысалы, тілдің білімдік қызметі ғалымның орта мектепке
арналған бағдарламасында таза теориялық материалдарды нақты мысалдар арқылы бағдарлама мәтінінде
берілуі негізінде көрініс тапса, танымдық қызметі оқулықтағы грамматикалық тақырыптарды түсіндіруге
берген мысалдарының көркем шығармалардан, күнделікті бала өмірінде кездесетін құбылыстардан
алынуынан көрінеді. Орта мектеп оқушыларына тілдік құбылыстарды «Сөз бұйымы мен сөз материалы»,
«Сөз бен ой», «Сөйлемнің мәнісі» сияқты тақырыптар арқылы аша отырып, Қ.Жұбанов тілдің қарым-
қатынас құралы ретіндегі қызметін ашуға да ден қойған. Ғалымның аталмыш еңбектерін жан-жақты
талдай отырып, Ф.Оразбаева «Қ.Жұбанов еңбектеріндегі тілге көзқарас» атты мақаласында профессор
Қ.Жұбановтың тілдің қатынас құралы ретіндегі қызметі мен табиғатын сонау 30-жылдардың
өзінде-ақ
қарапайым тілмен көпшілікке жеткізгенін атап көрсетеді: «...қазіргі ХХ ғасырдың аяғында кеңінен
дамыған тілдік қатынас (языковая коммуникация) мәселесінің де ең басты тірегі тілдің адамдар, ұлттар
арасындағы қарым-қатынастық мәні мен мазмұны болып табылса, мұндай түсініктің негізі – ұлт пен
ұлттың, адам мен адамның бірімен бірінің пікірлесуінің кілті – қатысымдық тұлғалармен
(коммуникативные единицы) тікелей байланысты. Осы тұрғыдан келгенде, Қ.Жұбанов тілдің қатынас
құралы ретіндегі қызметі мен табиғатын өте қарапайым тілмен көпшілікке жеткізеді» [1, 65]. Мұнан әрі
ғалым Қ.Жұбанов оқулығынан алынған төмендегі жолдарды мысалға келтіреді: «Сөйлеген адам өзіне
сөйлемейді, басқа біреуге сөйлейді...
Ертең демалыс күн. Сонда менің сырғанақ тепкім келеді. Бірақ менің ойымда, ішімде не барын
басқалар білмейді. Басқалар білсін десем, «ертең менің сырғанақ тепкім келеді» деп айтуым тиіс.
Қысқасы, мен не сөйлесем де, басқа біреуге өзімнің ойымнан хабар беру үшін сөйлеген болам.
Сөйлегендегі мақсат – біреудің екінші біреуге өзінің ойын білдіруі» [2, 150].
Сондай-ақ Ф.Оразбаева ғалымның тіл қызметі мен сөйлеу қызметін ажырату мақсатындағы төмендегі
пікірлеріне ерекше тоқталады: «Сөйлеу – хабар беру, коллективтік көрініс. Бұған ең азы екі адам қатысуы
керек» [2, 96]. «Сөйлеу деген – біреудің екінші біреуге хабар беруі. Сөйлеушінің
тыңдаушыға беретін
хабары өзіне әр түрлі әсер ететін болады
» [2, 216].
Сөйтіп, әдіскер-ғалым
Ф.Оразбаева профессор Қ.Жұбановтың тілдің қарым-қатынас құралы ретіндегі
қызметі туралы тұжырымын жетілдіре келе, тілдік қатынастың теориясы мен әдістемесін жан-жақты
зерттеу барысында төмендегідей қорытынды жасайды: «Сөйлесім әрекетінің барлық түрі сөйлеу үшін
қажет. Оның әр түрі сөйлей білуді әр жақтан іске асырады... Бұл әрекеттердің бәрі бір процестің (речевая
деятельность) ортақ түрлері болғандықтан, бірыңғай жұрнақтар арқылы жасалғаны тиімді»
[1, 54].
Мұнан
әрі ғалым сөйлесім әрекетін бес түрге ажыратып
(айтылым, оқылым, жазылым, тілдесім, тыңдалым),
әрқайсысына талдау жасайды және сабақ үстінде тілдік қатынастың аталған түрлерін басты компонент
ретінде ала отырып, тіл заңдылықтарын меңгертетін қатысым әдісінің негізін қалады. Сөйтіп,
Ф.Оразбаева қазақ тілін қатысымдық бағытта үйрету, яғни тілдің әлеуметтік рөлін арттыру, қолданыс
аясын кеңейту мақсатын көздейтін қатысым әдісінің маңызын атап көрсетеді. Біз өз тарапымыздан қазақ
тілін оқыту әдістемесі ғылымында ғылыми негізі ХХ ғасырдың соңғы он жылдығында Ф.Оразбаева
еңбектері арқылы қаланған қатысым әдісі элементтерінің ұлы ғалым Қ.Жұбанов еңбектерінде көрініс
табуының заңды құбылыс екенін атап айтамыз.
Соңғы кездері ғалымдар мен әдіскер-ұстаздар арасында мемлекеттік тілді оқытуды жетілдіруде
көптеген ізденістер жүргізіліп келеді. Осы тұста заман талабын жіті түсінген Ф.Ш.Оразбаева қазақ тілінен
сапалы білім беруде кешенді оқулықтардың маңызын сезініп, оқу құралдарын соған орай жетілдіре
дайындауды қолға алды. Соның нәтижесінде қазір кең қолданыс тауып жүрген дидактикалық ұстаным -
кешенді оқыту ұстанымының ғылыми негізі қаланды.
Ғалымның пайымдауынша, «Кешенді оқыту
принципі тыңдалым, тілдесім, оқылым, айтылым, жазылым сияқты бес түрлі тілдік дағдыны меңгертуді
талап етіп, оқытудың әр кезеңінде белгілі бір тілдік дағдының артықшылығы болатынын жоққа
шығармайды» [3, 12].
Кейінге шегініс жасап, профессор Қ.Жұбанов еңбектерін зерделей қарасақ, ғалым
шығармашылығында да кешенді оқулық жазу дәстүрі орын алғанын көруге болады. Ол – теориялық
материалдардан тұратын орта мектептің 5-сыныбына арналған оқулықтың авторы ғана емес, осында
берілген материалдарды пысықтауға арналған жаттығулар жинағының редакторы. Қ.Жұбанов
оқулығындағы теориялық мәліметтерді іс жүзінде қолдана білуге дағдыландыруға арналған әдістемелік
161
құрал сол жылы Сейіл Жиенбайұлының авторлығымен «Грамматика талдауыш» деген атпен жарияланған
болатын. Профессор Қ.Жұбанов өз оқулығының соңында «Бұл грамматиканың жаттығу материалдары
С.Жиенбайұлының «Грамматика талдауыш» кітабынан алынсын» деген сілтеме жасайды. Ал өз
оқулығының алғысөзінде С. Жиенбайұлы былай деп атап көрсетеді: «Бұл кітап профессор Қ.Жұбановтың
грамматика оқулығына дағдыландыру материалдары есебінде қолдануға арналған. Көрсетілген
параграфтар
грамматикадағы параграфтар, оқушыларға жеңілдік жасау үшін талдау материалының
алдына грамматикалық ережелерді қысқаша жазып отырдық»
[2, 3].
С.Жиенбайұлының авторлығымен шыққан «Грамматика талдауыштың» басты мақсаты
Қ.Жұбановтың орта мектептің 5-сыныбына арналған оқулығында берілген теориялық материалдарды
бекіту болғаны анық. Бұл туралы зерттеуші Л.Ерменбаева
былай дейді:
«Сейіл Жиенбайұлының оқу
материалын кешенді түрде беру үрдісі оқытудың концентрлі және жүйелі жолдарын ғана емес, спиральды
жолын да жүзеге асыруға мүмкіндік берді деп есептейміз. Өйткені сол жылдары көп айтылып жүрген оқу
бағдарламалары мен оқулықтарды, олардағы оқу материалын спиральды түрде құру мәселесі
С.Жиенбайұлының оқулық жасау және оқу бағдарламаларын түзу жүйесінде орын алған. Бірақ ғалым бұл
терминді қолданбаған»
[4, 74].
Бір уақытта дайындалып, бірін-бірі толықтырған бұл екі еңбекті қазіргі кешенді оқулықтардың
бастауы деуге негіз бар. Мұндай тәжірибе тек сол заман үшін ғана емес, қазіргі кезде де өте маңызды.
Кешенді оқу құралдарының мұғалімге оқыту жүйесін, формаларын түрлендіре отырып, оқушылардың
білімді берік ұғынуына қажетті материалдарды өз бетінше таңдап алуына беретін мүмкіндіктері мол. Осы
ретте Қ.Жұбановтың кешенді оқулық дайындаудағы тәжірибесінің қазіргі оқыту әдістемесінде білім
мазмұнын игертуді технологияландыру ретінде танылып жүрген кешенді оқыту жүйесімен сабақтастығы
анық.
Кешенді оқулықтар негізінде соңғы жылдары дидактикада кешенді оқыту (комплексті, жинақталған)
ұстанымы пайда болып, қазақ тілін меңгертуде тиімділігін байқатып жүр
. Осы ретте профессор
Ф.Ш.Оразбаева бастаған бір топ ғалымдар тілді оқыту туралы нормативтік құжаттармен танысып,
әлемдік елдерде екінші тілді оқытудың халықаралық стандарттарына сүйенген ізденістердің нәтижесінде
қазақ тілін деңгейлік оқытуға бағытталған бірнеше деңгейлік оқулықтар жасады. Бұл оқулықтар өзге ұлт
өкілдеріне мемлекеттік тілді коммуникативтік бағытта сөйлеуді мақсат етіп, оқушының қабілеті мен
деңгейін ескеріп, қызығушылығын арттыруды, қазақша сөйлеуге үйретуді көздейді. Мұндай алғашқы
кешенді оқулықтарды 2007 жылы Ф.Оразбаева, Т.Аяпова, Р.Рахметова, У.Исабекова, Ж.Нұрсұлтанқызы,
К.Абиыр, Қ.Жайлаубаева, Г.Бейсембекова, Н.Шадиева, С.Нұрғали, С.Жиренов, Ж.Аширов, Д.Тазабекова
сияқты авторлар ұжымы дайындап, Қ.Жұбанов идеясының өміршеңдігін дәлелдеді [5].
Қазақ тілін үйренуге арналған бұл оқу-әдістемелік кешен Қазақстан Республикасының мемлекеттік
тілін өз бетінше оқып-үйренгісі келетін азаматтарға арналған және қазақша тілдік қатынасты бірнеше
деңгейге бөлу мен бағалаудың жүйесін іске асырады. Оқу-әдістемелік кешен алты деңгейді қамтиды:
қарапайым, негізгі, орта, ортадан жоғары, жетік деңгейлер. Кешендегі тақырыптар нақты сағат санымен
өлшенбейді, оның себебі тіл үйренуші өзінің талабы мен сұранысына қарай берілген тақырыптарды әр
түрлі сағат мөлшерінде игеріп алуы мүмкін. Зерделеп қарағанда, оқу- әдістемелік кешеннің қазіргі
заманғы шетел тілін меңгерудің әлемдік үлгілері мен еуропалық стандарттарды басшылыққа алып
дайындалғаны байқалады. Кешен Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілін меңгертуді
қазақ халқының салт-дәстүрі мен өнерінен, тарихы мен мәдениетінен мәлімет беретін мәтіндер негізінде
коммуникативтік-танымдық тұрғыдан меңгертуді, қазақша тілдік қатынасты еркін игертуді мақсат еткен.
Кешеннің әр деңгейі жеті құралдан тұрады. Олар: әр деңгейге арналған әдістемелік нұсқау, оқулық (түрлі-
түсті безендірілген суретті кітап), оқу кітабы,
лексика-грамматикалық минимум, бақылау тестері,
жаттығулар жинағы және компакт-дискілер. Кешенді оқулықтарды кез-келген мұғалім өз ыңғайына
лайықтап, әртүрлі дәрісханаларда тиімді пайдалана алады. Ол үшін тек қажетіне қарай тапсырмаларға
өзгерістер енгізіп, жалпы шығармашылық ізденістер жасаса жетіп жатыр. 2015-2016 оқу жылы осы
ғалымдар авторлығымен өзгетілді мектептердің 1-11-сыныптарына арналған 4 деңгейлік оқу-әдістемелік
кешен дайындалды.
Олай болса, Қ.Жұбановтың әдістемелік мұрасынан бастау алатын кешенді оқулық негізінде оқыту
ұстанымы Ф.Ш.Оразбаева бастаған қазақ ғалымдары еңбектерінде өз жалғасын тауып, оқушылар мен
студенттерге білім беруде жаңғыртылып, толықтырылып, жаңаша қолданылып жүргені анық.
Сөйтіп, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде, сондай-ақ қазақ тілі оқулықтарының сапасын
арттыруда кезінде профессор Қ.Жұбанов ұстанған дидактикалық қағидалардың Ф.Оразбаева
162
еңбектерінде басшылыққа алынуы бүгінгі білім мазмұнын жаңғырту заманында мұғалімдерге ізденіс
жолын нұсқайды
. Бұл өз уақыты талаптары тұрғысынан озық туған, қазақ тілін оқыту әдістемесі ілімінің
негізін қалаған профессор Қ.Жұбановтың әдістемелік мұрасы мен Ф.Оразбаева еңбектері арасындағы
ғылыми және рухани сабақтастықты көрсетеді. Олай болса, профессор Ф.Ш.Оразбаеваның ғылыми-
әдістемелік мұрасы аға ұрпақтың қазақ тілін оқыту әдістемесі ғылымын қалыптастыруға қосқан мол
қазынасын кейінгі ұрпаққа жеткізуге жол ашқан сүбелі еңбек ретінде бағаланары анық.
Достарыңызбен бөлісу: