Диссертацияның құрылымы мен көлемі. Магистрлік диссертация
жұмысы кіріспеден, негізгі бөлімнен, қорытындыдан тұрады.
Кіріспе бөлімде зерттеу тақырыбының өзектілігі, мақсаты, міндеттері,
нысаны, әдістері, ғылыми болжамы, зерттеу жұмысының теориялық және
практикалық маңызы, зерттеудің ғылыми жаңалығы, зерттеу жұмысы
бойынша жарияланымдар айқындалып көрсетіліп, қызметтері жайлы
мағлұматтар енгізілді.
Негізгі бөлім екі тараудан (Абай өлеңдерінің білім беру жүйесі
мазмұнында қамтылуы, Абай өлеңдерін оқытудың дәстүрлі және
интерактивті әдістемесі), әр тарау бірнеше тараушадан тұрады. Бірінші
тараудың «Абай өлеңдерін оқыту әдістемесінің зертттелуі» атты
тараушасында Абай өлеңдері мен шығармаларының зерттелуі көптеген
тілтанушы ғалымдардың зерттеу материалдарының ғылыми негіздеріне
сүйеніп, нақты мағлұматтар берілді. Бірінші тараудың «Қазақ тілі
оқулықтарында Абай өлеңдерінің берілуі» атты екінші тараушасында ақын
өлеңдері мен қарасөздерінің қазақ тілі мен қазақ әдебиеті оқулықтарында
берілуі талданып, сараптама жұмысы жасалды. Екінші тараудың «Абай
шығармаларын оқытуда қолданылатын тапсырмалар жүйесі» атты
тараушасында Абайдың қарасөздерін оқытудың бірнеше жолдары көрсетіліп,
практикалық тұрғыдан тапсырмалар орындау арқылы талданды. Екінші
тараудың «Абай өлеңдерін оқытуда қолданылатын интерактивті
тапсырмалар» атты екінші тараушасында Абай өлеңдерін оқытуда
қолданылатын интерактивті әдістер тапсырмалар арқылы беріліп, талдау
жасалынды.
Сонымен қатар қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен
тұрады.
6
І АБАЙ ӨЛЕҢДЕРІНІҢ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІ МАЗМҰНЫНДА
ҚАМТЫЛУЫ
1.1 Абай өлеңдерін оқыту әдістемесінің зерттелуі
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында Білім беру
жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар,
ғылым мен тәжірибе жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға
және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау,
оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру,
халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу. Білім беру
жүйесін одан әрі дамыту міндеттерін шешу үшін мектеп ұжымдарының, әр
оқытушының күнделікті ізденісі арқылы барлық жаңалықтармен қайта құру,
өзгерістерге батыл жол ашарлық жаңа тәжірибеге, жаңа карым-қатынасқа өту
қажеттігі туындайды [1, 24]. Келешек ұрпақ тәрбиелеуде Мағжан
Жұмабаевтың: «Қазақтың тағдыры да, келешегі, ел болуы да мектептің
қандай негізге құрылуына тіреледі»,- деген сөзін басты назарда ұстауды жөн
көрдік [2, 221]. Қазақстандық білім беретін ұйымдарды жаңарту
тұжырымдамасы жалпы бiлiм берудiң басым бағыттарын, яғни оқушы мен
мұғалімнің өзара ынтымақтастығы үлгiсiн оқу үдерісiнде қалыптастыру мен
әртүрлi оқу-iс-әрекетiн қамтитын оқыту әдiстерiнiң үйлесiмдiлiгi негiзiнде
жүзеге асырылуы тиiс екендiгiн анықтап берiп отыр. Бұл басым бағыттар
бiлiм берудi дамытуға негiз болады. Бүгінгі таңда білім мен тәрбие беретін
ұйымның алдына қойып отырған басты міндеттерінің бірі – қабілетті жеке
тұлғаны қалыптастыру.
Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы
маңызын жоймайтын рухани қазынасы. Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары,
Абайды тану, бағалау, насихаттау, оқыту – қоғамдық ой-санада тың
серпілістер туғызып, мақсаткерлікке жұмылдырады. Заман талабына орай
Абайды жаңа қырынан тану, ғылыми тұрғыдан тың байламдар жасалуы –
заңдылық. Абай – ұлы ұстаз-кемеңгер. Абай тақырыбы – мәңгілік тақырып.
Абай тақырыбы – таусылмайтын телегей теңіз. Абайды тану және оқыту –
қазақ әдебиеттану ғылымының ең көп зерттелген саласының бірі. Жүз
жылдан астам тарихы бар Абай мұрасының зерттелу тарихына көз жіберсек,
баспасөзде ресми түрде 1889 жылдан басталып, бүгінде қазақ мәдениетінің,
ғылымының дәстүрлі, тамырын тереңге жайған үлкен саласына айналды.
Абай мұрасының бірегей білгірі академик М.Әуезов: «Абайды танудың басы,
алғашқы адымдары революциядан бұрын басталған. Бұл жөнінде Абайдың
ақындық еңбектері үш түрлі боп жайылып тұрғанын еске алу керек. Бірінші
жолы – баспа арқылы тарауы; екіншісі – халық арасына ауызша жатталып,
әнмен аралас тарауы; үшіншісі – қолжазба түрінде әр көлемді жинақтар
болып, көшіріліп таралуы», – дейді [3, 75].
Алғаш ақынның көзі тірісінде 1889 жылы «Дала уалаяты» газетінде
жарияланған екі өлеңінен бастап таныла бастаған Абай мұрасының ғасырдан
аса тарихы бар. Абайтанудың тарихын жазған ғалым М.Мырзахметұлы оны
үш кезеңге бөледі: «Бiрiншi кезеңi абайтанудың алғашқы дәуiрi ресми түрде
7
баспасөз бетiнде 1889 жылдан басталып, 1934 жылмен аяқталады. Екiншi
кезеңi 1934 жыл мен 1961 жыл аралығындағы абайтанудың Мұхтар Әуезов
бастаған заманымен аяқталады. Үшiншi кезең 1961 жылдан кейiнгi Абай
мұрасын тереңдей танып зерттеу дәуiрiмен жалғасады. Яғни ұлы ақын
мұрасы жолында абайтану мен абайтанудың тарихы деп аталатын екi
ғылыми арнаның пайда болуын көрсетедi» [4, 8]. Қазақ әдебиетінің
тарихында еліміздің тәуелсіздік арнасына түскеннен кейінгі кезеңі өзіндік
даму бағытымен, көркемдік ізденістерімен ерекшеленеді. Абайдың
шығармашылық мұрасын зерттеу, мемлекетіміз тәуелсіздік алғаннан кейін
жаңа бір қырынан, барлық салада қарастырыла бастады. Ұлы ақын мұрасын
танып білуге арналған ғылыми мақалалар, монографиялық зерттеулер,
текстологиялық талдаулар, әртүрлі деректер саны жыл өткен сайын молығып
келеді. Еліміз тәуелсіздік алған кезеңнен бастап, Абайды тану жаңа бағытқа
қарай бет бұрып, жаңа көзқараспен зерттеле бастады. Абай шығармалары
әлемнің көптеген тілдеріне аударылған, оның ақындық талантына шет
елдердің ақындары мен жазушылары, әдебиет сыншылары кеңінен үн қатты.
Оның шығармашылығы туралы мақалалар, «Қара сөздеріне» арналған
зерттеулер Корея мен Қытайдан, Үндістан мен Ираннан, Еуропа елдері мен
АҚШ-қа дейінгі әлемнің көптеген мемлекеттерінде жарияланды. Бүгінгі күні
Абай мұрасы әлем мәдениеті қазынасының ажырамас бір бөлігіне айналды,
ал оның есімі қазіргі заманның ұлы ақындарының алдыңғы қатарында тұр.
Тәуелсіздік жылдары Абайдың ақындық дауысы ағылшын, белорус, болгар,
корей, монғол, неміс, поляк, түрік, француз, парсы, урду тілдерінде сөйледі.
Жаңа аудармалар қазақ ақынының жарқын да қайталанбас жыр әлемін ашып
берді. Абай – қазақ халқының жаны, ал оның «қара сөздері» әлем мен
адамдар мағынасын ұғынудың құнды кітабына айналды. Абай үні ғасырлар
өтсе де өзінің қуатты күшін жоғалтқан емес. Абай – бүкіл адамзат игілігі.
Оның поэзиясы – мәңгілік поэзиясы, даналықтың, махаббат пен адалдықтың
поэзиясы. Ғұлама ақын, ойшыл Абайдың мұрасын жаңаша ұғыну жалғаса
береді, оның жалынды өлеңдері мен «қара сөздері» ешқашан да өзіндік күшін
жоғалтпайды.
Абайдың мұрасы, теңдессіз дана ойлары мен шығармалары бүкіләлемдік
қазынаға қосылған алтын қор екені талассыз. Қазақ әдебиеті тарихында
Абайдың әдеби мұрасын жоғары бағалап, алғаш пікір білдірген қалам
қайраткерлері – Алаш зиялылары. Абайдың өмірі мен ақындық өнері жөнінде
бірінші болып ғылыми ой айтқан адам – Әлихан Бөкейханов.
Ә.Бөкейхановтың 1905 жылы «Абай Құнанбаев» атты мақаласын,
А.Байтұрсынұлының
«Қазақтың
бас
ақыны»
атты
мақаласын,
М.Дулатұлының 1914 жылы 23 шілдеде «Қазақ» газетінде жарияланған
«Абай» атты мақаласын, Ж.Аймауытұлы мен М.Әуезовтің («Екеу» деп қол
қойған) «Абай» журналының 1918 жылы №2 санында жарық көрген
«Абайдың өнері Һәм қызметі» атты мақаласын атау қажет.
А.Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны» мақаласы 1913 жылы «Қазақ»
газетінің №39-41 сандарында жазылған. Мақалада ұлы ақынның тұлғасы
8
жан-жақты зерделеніп, оның сөз әлемі мен тіл әлеуетін тиімді игерудегі
өзіндік үлесі көрсетіледі, қазақ тілін байытуға қосқан үлесінің лайықты
бағасы беріледі. Ахмет Байтұрсынов: «Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі
сыншы боларға керек. Сөздің шырайлы ажарлы болуына ойдың шеберлігі
керек. Ұнамды, орынды, дәмді болуына сыншылық керек. Ал мағыналы,
маңызды болуына білім керек. Абайда осы үшеуі де болған», – деп қазақтың
бас ақынына қойылатын талапты да атап көрсетеді [5, 255]. Абай болмысын
танып, абайтанудың басында тұрған алаш көсемінің осы мақаласы ақынның
тілдік тұлғасын айқындаған кейінгі зерттеулерге негіз болды. Мұхтар
Әуезовтің 1934 жылы жазылған «Абайдың ақындығының айналасы» атты
іргелі мақаласында Абайдың ақын ретіндегі қалыптасу жолдары мен нәр
алған көздері ғылыми дәлдікпен поэзия теориясына бой ұра, әдебиеттануға
байланысты зерттеудің түрлі әдіс-тәсілдерін пайдалана отырып, өз заманы
үшін де, қазір де маңызын жоймаған жүйелі ойларын жариялайды.
М.Әуезовтің аталмыш мақаласы жарияланғанымен, сол кезеңдегі саяси-
идеологиялық ұстанымдарға байланысты түрлі сындарға ұшырап, мақаланың
орыс тіліндегі толықтырылған нұсқасы көп жылдар бойына жарияланбай
қалады. Қазақ тіліндегі нұсқасы 1995 жылы шыққан «Абай Құнанбаев» атты
монографиясында қысқартылған түрінде берілген [6, 239]. Ақын өлеңдерінің
ішкі идеялық мәнін ден қоя зерттеп, оның заманымен қабыстыра талдау
жүргізген татар зерттеушісі А.Сағди Абайдың өскен ортасы, оның ақынға
әсері туралы 1923 жылы «Ақжолда» төмендегідей құнды ой айтады:
«Абайдың һәм барлық қазақ халқының отырған орны, қонып жүрген шеті
көрінбес кең шөлдер, меңіреу үнсіз далалар болғандығы белгілі. Абай, міне,
сол заманда, сол елдің ішінде сондай тіршілік орындары, сондай табиғат
орындары ортасында туған, сонда өскен, бар өмірін сонда жасап, сонда өлген
бір кісі. Кісіге сол ел, сол тұрмыс қандай әсер, қандай ғибрат бере алса, Абай
да сол бізге өзі арқылы өлеңдерімен соны береді. Сол тұрмыстан алған жүрек
толқындарын шығарады» [7, 6], – деген пікірінде ақынға өз ортасының,
айналасының әсер-ықпалын баса көрсеткен. Абай өлеңдерімен қоса қара
сөздері де көптеген зерттеу еңбектерге өзек болғаны белгілі. Ақын қара
сөздерін Мұхтар Әуезов жазылу кезеңін шамалап, жіктеп көрсетсе,
Бейсембай Кенжебаев қара сөз жанрлары туралы біршама пайымдаулар
жасап, ақынның қай қара сөзінде ғибрат, ғақлия, қай сөзінде нақыл сөздер
бар екенін айта келіп, Абай қара сөздерін: «Сын, сықақ, сюжетсіз жазылған
көркем әңгіме, басқаша айтқанда, көркем проза, көркем публицистика эссе-
жазба», – дейді [8, 143].
Қазақ халқында ежелден келе жатқан тәлімі мол үрдіс – ұлт
ұлыларының өмірі мен тағылымы арқылы жас ұрпақты тәрбиелеу. Сөздің
құнын да, мәнін де айрықша түсіне білген ата-бабаларымыз сөз өнерін
ұлттық тәрбиенің басты құралы ете білген. Сан ғасырлық тәжірибемен
екшелген ұлтымыздың осы бір жақсы әдет-ғұрпын бүгінгі тәрбие үдерісінде
тиімді пайдалану маңызды екені даусыз. Жас ұрпақты тәрбиелеу ісі ең
алдымен адамды сүюге баулудан басталуы керек. Абай мұрасындағы рухани-
9
тағылымдық тәрбие идеяларын өскелең ұрпақ өз бойларына біршама
сіңіргеніне қарамастан, оның әдеби шығармашылығына қажеттілікті
арттыруда мұның өзі, біріншіден, Абай шығармаларын тұтас алғанда
толыққанды оқыту мен пайымдауды қоғамдық тұрғыдан қажет етеді.
Екіншіден, бүгінгі күнгі Абайдың тәрбие мен оқыту саласындағы
көзқарастары мен пікірлерінің жас ұрпақты оқыту мәселесінде әлі де
жеткіліксіз екендігі сезіледі. Бүгінгі жеткіншек ұрпақ арасында Батысқа
еліктеп, халықтық салт-дәстүріміз бен ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық
тәрбиеден алыстап бара жатқандардың жиі кездесіп қалатыны өзекті мәселе
болып отыр. Сондықтан осындай жағымсыз құбылыстан құтылудың рухани
жолы ұрпақты Абайдың әдеби мұрасы арқылы тәрбиелеу болып табылатыны
сөзсіз. Бұл айтылғандарға абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметовтың:
«Қазақ халқының ой-санасының, дүниетанымының шыңы Абайдың әдеби
мұрасында жатыр. Жастардың адамгершілік мінез-құлқын, адами қалпын
қалыптастыруда Абайтану ілімі іргетасқа айналып отыр. Осы себепті, ең
алдымен, Абай мұрасын меңгеру, терең танып білу – бүгінгі күннің аса
қажетті мәселесі» [9, 24], – деген ойлары дәлел.
Сонымен қатар ақынның еңбектерін педагогика, философия, психология,
әдебиет, тарих тұрғысынан зерттегендер: С.Қирабаев, Х.Сүйіншәлиев,
Г.Есімов, З.Ахметов, Қ.Жарықбаев, С.Қалиев, Ш.Әлжанұлы, А.Көбесов,
А.Дайрабаева, Т.Төретаева т.б. Бұл ғалымдар Абай шығармалары тәлім-
тәрбиелік ой-пікірлерге бай екенін көрсете отырып, ақынның мұрасында
дидактика мәселелері де орын алғаны туралы сөз қозғайды. Зерттеушілер
Абай педагогика саласынан арнайы ғылыми-теориялық шығармалар жазып,
тікелей педагогикалық қызметпен шұғылданбаса да, оның өлеңдері мен
қарасөздерінен жастарды тәрбиелеу мен оқытудың кейбір дидактикалық
мәселелері жөнінде үлгі-өнеге тұтарлық салиқалы ойлар мен тұжырымдарды
көп кездестіруге болатынын еңбектерінде атап көрсетеді.
Ұлы ақын Абай Құнанбайұлы туралы қалам тартқан тілтанушы
ғалымдар: Қ.Жұбанов, І.Кеңесбаев, М.Балақаев, Н.Сауранбаев, А.Ысқақов,
Е.Жанпейісов, Е.Жұбанов, Қ.Өмірәлиев, С.Исаев, Р.Сыздық, М.Базарбаев,
Ә.Қайдар, Т.Жанұзақ, Б.Әбілқасымов, Ө.Айтбайұлы, Н.Уәли, Е.Қажыбек,
З.Базарбаева, С.Бизақов, З.Ахметжанова, Ж.Манкеева, Б.Момынова,
А.Алдаш, Ғ.Әнес, Е.Маралбек. аталған тілтанушылардың кейбіреуінің
еңбектеріне қысқаша тоқтала кетсек.
Құлмат Өмірәлиев «Абайдың нақыл сөздерін оқу-тәрбие ісінде
пайдалану» атты кітапшасы мұғалімдерге арналған әдістемелік құрал. Онда
Абайдың өлеңдері, қара сөздерінде кездесетін нақыл сөздерді және оларды
басқа ақын-жазушылардың шығармаларымен байланыстыра оқыту әдіс-
тәсілдері ұсынылған [10, 56]. Қ.Өмірәлиевтің «Абай афоризмі» еңбегінде
Абай шығармаларындағы тәрбиелік мән мағынасы терең, адамгершілік
мақсат-мұраттарын білдіретін, ой-толғаныстары арнайы талданып, жаңа
қырынан ашылған бұл ақынның эстетикалық, этикалық, психологиялық,
10
имандылық туралы айтқан нақыл, қанатты сөздері, ой айшықтары іріктеліп
берілген [11, 96].
Рәбиға Сыздықтың «Абай шығармаларының тілі» еңбегінде Абай
шығармалары тілінің, өлеңдерінің де, қара сөздерінің де сөздік құрамы мен
грамматикалық ерекшеліктері талданған. Қазақ тілінің Абай қолданған
байырғы төл сөздерімен қатар ақын мұрасында кездесетін араб, парсы, орыс
сөздері әңгіме болған. Ұлы қаламгер тіліндегі кейбір көне сөздермен бірге
әдеби тілімізге өзі қосқан немесе жандандырған жаңа сөздердің де сыр-
сипаты танытылған [12, 55]. Р.Сыздық «Абай өлеңдерінің синтаксистік
құрылысы» еңбегінде автор Абай шығармалар тілінің сөздік құрамы мен
синтаксистік құрылысын, олардың ұйқас суретіне, өлшем түреріне,
композициялық құрамына байланысты талдаған [13, 30]. Сол арқылы
Абайдың өзіне дейінгі әдеби дәстүрдің қалай пайдаланғанын поэзия
синтаксисіне енгізген өзгеріс жаңалықтарын көрсеткен. Р.Сыздық «Абайдың
сөз өрнегі» атты тағы бір еңбегінде Абай тілінің көркемдік бітімі, сөз өрнегін
толғауы тоқсан қызыл тілмен құдіретін танытқан ұлы Абайдың сөз қолану,
сөз таңдау, сөз құбылту, сөз үйлестіру, сөз үндестіру тәсілдер мен тәжірибесі
негізінде талданады [14, 27]. Р.Сыздық «Абай және қазақтың ұлттық әдеби
тілі» еңбегінде абайтануға қатысты әр жылдары жарық көрген
монографиялық зерттеулері және ұлы Абай жөнінде энциклопедияларда
жарияланған ғылыми-теориялық мақалалары енгізілген [15, 65].
Ақынның эстетикалық, философиялық ой-тұжырымдарын беруде тілдік
құралдарды пайдалануын, Абайдың жаңа бағыттағы жаңа жазба әдеби тілді
дамытудағы орнын ұлттық көркем дәстүрге қосқан жаңалықтарын айқындап
берген. Зәуреш Ахметжанованың «Ұлттық құндылықтарға негізделген қазақ
тілі» оқулығында қазақ тіліндегі басты ұлттық концептілер және сөйлеу
әрекетінің түрлері: оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым Абай
шығармаларының негізінде талданады [16, 71].
Қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абайдың мұрасы халқымыздың ғасырлар
бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, бүгінгі күнге дейін өз маңызын
жоймайтын зерттеудің көзі болып табылып, үнемі ғалым-педагогтардың да
назарында жүр. Олардың ішінен Т.Тәжібаев, Қ.Жарықбаев, С.Қалиев,
К.Шаймерденова, Б.Ұзақбаева, С.Ғаббасов, К.Құнантаева, Л.Халитова,
А.Елемесовалардың еңбектерін ерекше атауға болады. Осы аталған
ғалымдардың арасынан Абайдың педагогикалық, психологиялық көзқарасын
тұңғыш рет ғылыми тұрғыдан жан-жақты ашып берген зерттеушілердің бірі
–
профессор Т.Тәжібаев. Ол Абайдың ақыл-ой, адамгершілік, еңбек тәрбиесі
жайлы тұжырымдарына талдау жасай отырып, ұлы ақынның ағартушылық
тұрғыдағы ой-пікірлері туралы бірқатар зерттеулер жасап, диссертациялар
қорғады.
Абай қазақ халқының рухани қазынасына өлшеусіз үлес қосқан ғұлама.
Қазақ халқының ел болу жолында көп еңбек еткен данагер. Демек, Абай
мұрасы – ел игілігі. Ал, сол игілікті зерделеп, зерттеп ұлттық
құндылығымызға айналдыруда абайтанушы ғалымдардың сіңірген еңбегі
11
орасан зор. Ғұлама ғалым Қажым Жұмалиев – абайтану ізденісіне
алғашқылардың бірі болып үлес қосқан қайраткер тұлға. Ғалымның орта
және жоғарғы оқу орындарына арналған «Әдебиет теориясы», «Қазақ
әдебиетінің тарихы», 18-19 ғасырлар әдебиетінен тұңғыш оқулықтар жазуы
Абайды зерттеудің алғашқы қадамдары болатын. Қ.Жұмалиев 1941 жылы
кандидаттық, 1946 жылы Абай поэзиясының тілінен докторлық
диссертациялар қорғайды. Бұл ғылыми атақ жағынан да, тақырып жағынан
да тұңғыш қорғалған еңбектер еді. Қ.Жұмалиевтің «Абайға дейінгі қазақ
поэзиясы және Абай поэзиясының тілі» [17, 212 ] атты монографиясы – ең
шоқтығы биік асыл қазына.
Абайды тану жөнінде 1946 жылы басылып шыққан Нығымет
Сәбитовтың «Абай» атты библиогрвфиялық еңбегін атап өтуге болады.
көлемі 80 беттік, тұтас бір кітапша, тек қана Абайды тану жолында баспаға
шыққан еңбектердің тізімінен құралады. Аталған библиографиялық еңбектің
бөлімдері: «Абай шығармалары», «Жинақтар», «Жеке өлеңдері», «Қара
сөзінен үзінділер», «Шығыс тілінде басылғандар» деп бір топталады. Одан
кейінгі үлкен бір бөлімі «Абай туралы әдебиеттер» деп аталып монография,
мемуар, мақала, очерктер және шығыс тіліндегі материалдар дегендерді
қамтиды [6, 22]. Библиографияның соңында осы көрсеткішті құрастырғанда
пайдаланылған мерзімді баспасөз материалдары мен ғылыми-көпшілік
журналдардың да толық тізімі беріледі.
Әдебиет тарихшысы, абайтану іліміне ізденімпаздықпен үлес қосқан
ғалымдардың бірі – Мұратбек Бөжеев. Оның әкесі Бөжей Маңғытұлының
ұлы Абаймен сыйластығы М.Әуезовтың «Абай жолы» романында көркем
тілмен бейнеленген. Мұратбек Бөжеев Абайдың ақындық айналасын
зерттеген ғалымның бірі. Оның 1940 жылы «Әдебиет және искусство»
кейінгі «Жұлдыз» журналында жарық көрген «Абай және Пушкин» атты
көлемдік зерттеуінің орны ерекше [18, 118]. Бұл өз тұсындағы қазақ
әдебиеттану ғылымынң биік деңгейінде жазылған зерделі талдау. Ғалым
Абайдың
дүниетанымы,
Абайдың
шығармашылық
болмысының
қалыптасуындағы ұлттық руханияттың маңызын ерекше көрсетеді. Ол 1960
жылы Абай еңбектерінен кандидаттық, 1973 жылы әдебиет тарихынан
докторлық диссертация қорғайды. М.Көбеевтің мәтінтану және текстология
тарапындағы алғашқы еңбегі М.Әуезовпен бірге Абайдың екі томдық
жинағын дайындап, 1940 жылы жұртшылыққа жеткізуі. Бұл шын мәнісінде
Абайдың алғашқы академиялық басылымы, әрі Абайдың күні бүгінге дейін
барлық басылымдарына негіз қалаған қомақты еңбек.
Қазақ әдебиеттануының сан алуан өзекті де тың жатқан ғылыми
мәселелерін зерттеушілер шоғырының алдыңғы қатарында әдебиетші Әбіш
Жиреншин есімі де ерекше құрметпен аталады. Оның ғылыми мұрасы
бүгіндері де ұлттық әдебиеттануда үлкен маңызға ие. Бұл ретте абайтану
іліміндегі ғылыми зерттеу мақалалары және де «Абай және орыстың ұлы
революцияшыл демократтары» [19, 268], «Қазақ кітаптары тарихынан» [20,
178]
атты тың арнадағы зерттеулері Ә.Жиреншиннің ғылыми еңбегі мен
12
өзіндік даралылығын танытады. Ұлы ақын өмірбаянын жазған ғалым толық
томда ақынның бұрыннан белгілі 167 өлеңіне жаңадан табылған 8 өлеңін
тыңнан қамтиды. Аудармалары, қарасөздеріне түсініктеме береді. 165 кісі
атына анықтама, 69 тарихи-хронологиялық көрсеткіш, абайтану еңбектерінің
тізімі
көрсетілген.
Әдебиетші-ғалымның
құрастыруымен
Абай
Құнанбайұлының 1 томдық толық шығармалар жинағы 1961 жылы жарық
көрді. Мұның бәрі зерттеушінің абайтану іліміне қосқан үлесін айқын
танытады, әрі осы бағыттағы ғылыми ізденістерге нақты бағдар беруімен де
құнды.
Қайым Мұхаметхановтың ғалымдық тұлғасындағы өзекті жеңісі
абайтану екені белгілі. Ғалым-зерттеушінің «Абай заманының ақындары»,
«Абайдың ақындық мектебі», «Абай шығармаларының текстологиясы
жайында» [21, 144] сияқты монографиялары абайтану іліміне қосылған
сүбелі еңбектер. Абайдың әдеби мектебі бойыншакандидаттық
диссертациясын жазып, 1951 жылы академик М.Әуезовтің жетекшілігімен
ғылыми кеңесте қорғап шығады. Ғалым Абайдың 150 жылдық мерейтойына
арнап «Абайдың ақын шәкірттері» атты 4 томдық монографиясын жарыққа
шығарды [22, 224]. Ол ғылыми еңбегінің басты мұратына Абайды, Алаштың
аңсарын және М.Әуезовті ғұмырлық темірқазық етті. Сондықтан да ол
Абайды зерттеуде М.Әуезовтің жетекшілігін нысанаға ала отырып рухани
бостандығын дәлелдеп кетті.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап Абай шығармашылығына
жаңа көзқараспен пікір айтыла бастады. Тәуелсіздік жылдарында Абай
шығармашылығына арналған сандаған мақалаларды атамағанда, 1994 жылы
шыққан «Абай және қазіргі заман» зерттеулер жинағы, ЮНЕСКО-ның
шешімі бойынша ұлы ақынның дүниежүзілік деңгейде аталған 150 жылдық
мерейтойы қарсаңында жарық көрген Абай шығармаларының екі томдық
академиялық толық жинағы Абайды зерттеудің өзекті мәселелерін қамтыған
жаңа көзқарастарымен ерекшеленді. «Абай» энциклопедиясы жарық көрді.
Жекелеген ғалымдардың бірнеше еңбектері абайтану ғылымына қомақты
үлес қосты. Олардың қатарында Ж.Ысмағұловтың «Абай: ақындық
тағылымы» монографиясын [23, 280], Зәки Ахметовтің «Абайдың ақындық
әлемі» атты монографиясын [24, 272], Қайым Мұхаметхановтың «Абай
мұрагерлері» аты зерттеу еңбегін, Мекемтас Мырзахметовтың «Абайдың
адамгершілілік мұраттары», «Абай және Шығыс», «Абайтану тарихы»,
«Абайды оқы, таңырқа», «Әуезов және Абай», «Абайтану» еңбектерін, тілші-
ғалым Рабиға Сыздықованың «Абайдың сөз өрнегі», фольклортанушы-ғалым
Сейіт Қасқабасовтың «Абай және фольклор», философ, ғалым Ғарифолла
Есімнің «Хакім Абай», М.Бейсенбаевтың «Абай және оның заманы»
зерттеулерін, Абай өмірін зерттеуші-журналист Бейбіт Сапаралының
«Байшөгел», «Құнанбай қажы» атты кітаптарын атауға болады. Бұл жылдары
жарық көрген мақалалар мен ғылыми еңбектердің енді бір тобы – Абай
шығармаларын оқыту әдістемесіне де арналған біршама еңбектер. Олар:
Қанипа Бітібаеваның «Мектепте Абай шығармаларын оқыту»,
13
Ұ.Әбілдаұлының «Абайды оқу әліппесі: Төменгі сынып оқушыларына ұлы
ақынды таныстыру», М. Жүсіповтің «Орта мектептегі Абайтану және оның
негізгі бағыттары», Н.Омашевтің «Абайтануды оқытудың тиімділігі»,
З.Қазмағамбетованың «Ақын шығармаларын оқыту», Т.Рахметованың
«Бастауыш кластарда Абай шығармаларын оқыту» т.б еңбектері.
Абай шығармашылығын оқыту айналасында Қанипа Бітібаеваның
«Абай шығармашылығын оқыту» атты еңбегі 2003 жылы Алматы
қаласындағы «Мектеп» баспасынан [25, 232], «Мектепте Абай
шығармашылығын оқыту» атты оқыту құралы 1994 жылы Өскеменнен
шықты [26, 243]. Белгілі әдіскер-ғалым Әнеш Дайырова: «Мектепте Абай
шығармашылығын оқытуды арнайы қарастырған әзірге бізге белгілі бірден
бір еңбек – Қ.Бітібаеваның «Мектепте Абай шығармаларын оқыту» атты
кітабы. Автор мұнда ұлы Абай шығармаларын оқытудың ең өзекті
мәселелерін сұраптап алып, проблема етіп қоя білген және оларды қазіргі
педагогика ғылымдары жетістіктеріне иек арта отырып шешудің жолдарын
көрсеткен. Сонымен Қанипа Бітібаеваның бұл зерттеуі оқушыны Абаймен
қауышу қуанышына кенелтуге мұғалімге үлкен көмекке келетін пайдалы да
зәру еңбек екендігі сөзсіз», – деп өз бағасын береді [27, 65]. Шынында да
Қанипа Бітібаева Абай шығармашылығын жаңаша оқытудың жүйесін, үлгісін
береді. Абай поэзиясын тақырып-тақырыпқа бөлшектемей, тұтастай
қарастыру мәселесін көтереді. Сондай-ақ Қ.Бітібаева Абайдай әлемдік
алыптың мұраларын оқытуда оқулықтағы беріліп жүрген өлеңдерінің аздық
ететінін, оны таныту үшін төменгі сыныптан бастап жаңа бағдарлама жасау
керектігін ұсынады. Қ.Бітібаева бір сөзінде мынадай пікір айтады: «Қазір жас
ұрпаққа нaғыз Aбaйды, дана Aбайды қайта танытып, қайта қауыштыру
мәселесі көтерілуде. Кезінде оқулықтарда Абай тек үстем тап өкілдерін,
қоғамдағы өз заманында орын алған кемшіліктерді сынаушы, жүрегі у мен
зарға толы «әлеуметтік Абай», біржақты Абай ретінде ғана қарастыру
басшылыққа алынды. Ал осы тұлғаның басқа қыры қағыс қалды» [28, 152].
Автор саясат құрсауы Абайды тап күрескері етіп, оның «әлеуметшіл Абай»
дәрежесінде ғана оқылуына себеп болғанын, бүгінде ақынның саяси-
әлеуметтік лирикасын ғана емес, шығармаларын толық, жан-жақты оқыту
қажеттігін қозғайды. Ол үшін ең алдымен Абай мұрасынан берілетін білім
мазмұнын жаңартып, тереңдетіп, байыту қажеттігін көрсетеді.
Автордың пікірінше, Абайды мектепте танытудың жаңа мазмұны,
бағыттары төмендегідей болмақ: «Абай – әлемдік прогресс пен мәдениеттің,
гуманизмнің, ХІХ ғасырдағы ірі құбылысы. Туған халқының рухани әлемі,
сөз өнеріне ренессанстық дәуір сыйлаушы. Азаттық, демократиялық,
ағартушылық, өркениеттілік идеясының қазақ даласындағы көш бастаушысы.
Бүкіл адамзатты толық адам болуға, қайырымдылық, ізгілік, инабаттылық,
имандылық, жан дүние, тән дүниесінің сұлулығына шақырған моралист,
эстет. Бүкіл адамзат баласын «бауырым» деп сүюдің, толық адам болудың
жолын ұсынатын, адам баласын тәрбиелеу, оқыту, өнерге, білімге жетелеудің
жаңа үлгісін, сара жолын сызып көрсеткен aдамзаттың ұстaзы» [29, 63]. Бұл
14
арада реформатор-мұғалім ұлы Абай тұлғасын бір ғана ақындықтың тар
қауызына күштеп сыйғызудың жөн болмайтынын ғана айтып отырған жоқ,
қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша берілетін білімнің мазмұнын жаңарту
қажеттігі туралы көзқарасын білдіреді.
Қaнипa Бітібaевa 5-8 сынып арасындағы Aбaй шығармашылығын
оқытудың бағдарламасын бере отырып, оны танытудың тың технологиясын,
жолдарын саралап көрсетеді. Еңбектің бір ерекшелігі – бұрын оқуға
ұсынылмаған ақын өлеңдеріне назар аударуы әр сыныпқа кемінде 6-7 өлең,
қарасөзі бар шығармаларды бере отырып, оны оқытудың тиімді жолдарын,
поэтикалық талдау үлгілерін беруі. Әр өлеңнің негізінде жатқан ең негізгі,
түйінді дәндерін (даралап, саралап оқыту технологиясы негізінде) саралап
ала отырып, оны меңгертудің инновациялық жолдарын нақты кҿрсетеді. Әр
өлеңге берілетін көмек-нұсқаулар проблемалық, дамыта оқытуға негізделген
талдау сұрақтары да ғылыми түрде сөз болады. Қазіргі білім беруде дарын
тәрбиелеу, жан-жақты дамыған дара тұлға қалыптастыру басты мақсат болса,
осы мақсаттарға жетудің бір жолы – іздендіру бағытындағы шығармашылық
жұмыстар болып табылады. Еңбекте шығармашылық жұмыстардың әр түрлі
жүйесі берілген [29, 112]:
1. Танымды іздендіруші, өз беттeрімен орындaйтын тапсырмалар;
2. Ғылыми материалдармен іздендіруге бағытталған жұмыстар жүйесі
(реферат, рецензия т.б.);
3. Поэтикaлық талдау түрлері: салыстырмалы жұмыстар, ақын
проблематикасы, кейіпкерлерге микро-мінездеме, дәйексөзді талдау, топтық,
жұптық, жұмыстар түрлері, интервью-сұхбат, реплика-диалог т.б.
Талдау түрлері Қ.Бітібаеваның өзіне ғана тән, өз ізденісінің жемісі екені
түсінікті. Бір тақырыптың өзіне бірнеше шығармашылық жұмыстар
жүйесінің жасалуы – тың мәсeле. Ал жазба жұмыстарының инновациялық
түрлері де еңбекте кеңінен орын алған. Мысалы, шығарма-толғау, шығарма-
сезім, сыр-толғау, жыр-толғау, жыр-толғау, ой-толғаулар – барлығы да
шығармашылық жұмыстардың тиімді түрлері. Еңбекте көркем мәтінді
оқудың үш түрі ұсынылады:
1. Сыныпта оқып талдауға арналған;
2. Сыныптан тыс оқып, талдауға бағытталған;
3. Өз беттерімен, өз қалауларымен оқып, талдауға арналған. «Абай
шығармашылығын оқыту» атты іргелі еңбегінде автор «Адамзаттың бәрін
сүй, бауырым деп» тақырыбымен 5-сыныптан бастап 8-сыныпқа дейін Абай
шығармашылығынан оқылатын шығармалардың тақырыбын ұсынады.
Төменгі сыныптарда лирикалық шығармаларды оқытудың өзіндік
күрделілігін айта келіп, оқытудың әдіс-тәсілдерін береді. Соның ішінде, 5-
сыныптағы Абайдың Әбіш туралы өлеңдерін оқытудың кейбір тиімді
жақтарын атайды. Әбіш туралы абайтанушы ғалымдар еңбектерінен шолу
жасалады, «Абай жолы» эпопеясының «Қарашығын», «Қапада»
тарауларындағы Әбішке сипаттама беріліп, салыстырылады. Әбіштің
бейнесін шәкірттерге үлгі ете отырып, білімділік, тәрбиелік жағынан оның
15
маңызды екенін түсіндіреді. Әке мен бала проблемасы айналасында
оқушыларға пікір талас ұйымдастырады. 5-8 сыныптарда Абай
шығармаларын оқытудың тиімді әдістемесіне ұстаз мынадай мақсатты
көздейді. Өтілетін жаңа сабаққа байланысты мәтінді алдын ала оқыту арқылы
көркем шығарманы қалай қабылдағанын білу, өз беттерімен көркем мәтінді
талдау дағдыларын қалыптастыру; білімді өз еңбектері, ізденістерімен алу
машықтарын жетілдіру керектігін айтады. Осы мақсатына орай ұстаз сұрақ-
жауап, мәтінмен жұмыс, түсініктемені оқу әдістемесін ұсынады [30, 96].
Талдау кезінде мұғалім үнемі оқушыны қозғап, ой тастап, өзімен бірге
еңбектендіріп, олардың пікірлерін назарға алып отырып қадағалайды.
Жұптық жұмыс пен шағын пікір талас ұйымдастырылуы үшін проблемалық
сұрақтар береді:
1.
Ақын өлеңді кімдерге арнап айтады? («Бір естіге», «өзіне», «бір әрі
мың наданға»);
2.
«Неше түрлі жан», «даладағы аңдар кімдер?» Ақын неге оларды
осындай ауыр сөзбен сынайды?
Мұндай жұмыстар лирикалық шығармаларды сезіммен талдауға
үйретеді. Оқушыларды адам сезімі мен жанын түсінуге баулиды. Үй
тапсырмасы ретінде оқушыларға шығармашылық жұмыстар беруді ұйғарады.
Яғни ол жұмыстарға ұстаз көмек-карточкалардың «Болашаққа хат», «Арыз»
атты үлгілерін дайындайды. Абайдың поэмаларын, қарасөздерін оқытуда
тиімді оңтайлы тәсілдер арқылы оқушылардың түсінігіне сай берілгенін
көруге болады [30, 115]. Қарасөздерді оқытуда ұстаз мәнерлеп оқу,
түсініктемелі оқу, сарамандық жұмыстарды пайдалануды жөн көреді.
Ақынның әр қарасөзін оқытуда оқушыларға берілетін білім мазмұнымен
таныстырады, оған талдаудың ұлгісін кестелер арқылы көрсетеді. Пікірлесу
сұрақтары мен оқушылардың білім-білік дағдыларын жетілдіру бағытындағы
жұмыстар мен талаптарға көп көңіл бөледі. Абай шығармашылығын
оқушыларға жан-жақты тереңдетіп оқытуда бұл еңбектің ғылыми әрі
әдістемелік жағынан маңызы зор. Себебі адамзаттың Абайдай ірі тұлғасының
шығармашылығын жасөспірімдерге оқытып меңгертудің жан-жақты
жолдарын іздеп, оның түйінді дәнін тауып оқушылардың бойына дарытып,
адамдық қасиеттерге баулыған ғылыми әдістемелік еңбек ретінде ұстаздар
қауымының зор бағасына ие болып отыр.
Абай қазақтың әдеби тіліне, өлең жүйесіне жаңалық әкелген ақын.
Ғалымдар Абай өлеңдерінің тілін екі арнада қарастырады:
1. Ақын шығармаларындағы араб, парсы, орыс сөздерінің және қазақтың төл
тілінің қолданысы, жаңа сөзжасамдық қыры туралы;
2. Абай поэзиясының поэтикалық сипаты туралы.
Абай қазақ тілінің лексикалық құрамын байытуға сүбелі үлес қосты.
Қазақ қоғамының саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени өміріне енген өз
дәуіріне ұғынықты жаңа құбылыстар мен сөздерді мақсатты түрде қолданды.
Кей тұста қапалық, арлылық, ғылым бағу, ғашықтық жарасы, қалың қайрат
табу, хаққа мүлгу, ғылым оқып, ой табу, буынсыз тіл, буулы сөз, тілі орамды
16
т.б. жаңа сөздердің тілге енуіне ықпал етті. Басқа тілден енген сөздерді
қолданыстағы сөздерге мағына үстеп түрлендіріп қолданды. Өз тарапынан
әсемпаз, масату, соңырқа, анттасу, антқа салу, ант ішу, соқтықпалы, шуылдақ
тағы сол сияқты жаңа қолданыстар енгізді. Абай өлеңдерінің көркемдік
қуаты мол. Образ жасаудағы ақын жаңалығы өзінен кейінгі қаламгерлерге
сара жол болды. Адам портреті, психологиялық күйі, жан әлемі, мінез-
құбылыстарын дәл беру, табиғат көріністерін әлеуметтік мәселелермен
ұштастыру поэтикалық ойды терең танытумен ерекшеленді. Абайда сөз
образы болмаған жаңа деңгейге көтерілді. Мысалы: аузымен орақ орған
өңкей қыртың, өткір тіл – бір ұялшақ қыз болмай ма, адасқан күшік секілді,
сорлы қазақ сол үшін алтыбақан ала ауыз, көңілдің жайлауынан ел кеткен бе
т.б. Абай бір сөздің өзінен сан түрлі тіркес жасау арқылы идеяны күшейту
тәсілдерін қолданды: көңіл құсы, көңілінің көзі, көңілдегі көрікті ой,
көңілденіп тұшынып, сынық көңіл, жанған көңіл, жаралы көңіл, көңілге
бекіту т.б. көптеген жаңа тіркестер жасады.
Абай шығармаларының ұлттық құндылығы өте жоғары. Тіл, ар-ұят,
адамгершілік, махаббат, дін, әдет-ғұрып, мәдениет тәрізді ұлттық
құндылықтар шығармашылығының басты арқауы. Абай өзінің өлең-
жырларында, қарасөздерінде ел ішіндегі ұрлық, зорлықты, алтыбақан
алауыздықты, күштілікті, жатып ішер жалқаулықты өлтіре сынап, жастарды
адал еңбекке, өнер-білімге шақырады. Абай қазақ қоғамындағы жас
ұрпақтарды тәрбиелеуге байланысты ойларын көптеген өлеңдерінде
(«Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін»
т.б.) айқын білдіреді. Ол халықтың артта қалушылығын мінеп, жалқаулыққа
қарсы күрес жүргізуі қажет екендігін көрсетеді. Мұндай күрделі міндеттерді
шешудің жолдарын іздестіре келе, Абай өзінің өлеңдері мен қарасөздерінде
сол түйткіл дүниелердің шешімін тауып көрсете білді.
Жеке тұлғаға бағдарлап оқыту мәселесін жүзеге асыруда Абай
шығармалары маңызды орын алады. Абай өлеңдерін, қарасөздерін оқытудың
маңызы – ұлы ақын шығармаларын терең де, жан-жақты таныту арқылы
елжанды, халқымыздың әдебиетін, өнерін, салт-дәстүрін, мәдениетін, тілін
ұлттық құндылық ретінде бағалайтын, эстетикалық талғамы жоғары, білім,
білік, дағдылармен қаруланған, түйген ойларын іс жүзінде өз қажетіне
жарата білетін, ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, өркениетті қоғамда өмір
сүруге лайықты, терең ойлайтын дара тұлға қалыптастыру. Абай
шығармаларын оқытудың өзіндік міндеттері бар:
1) қазақ сөз өнеріндегі Абайдың орны мен ақындық болмысын тану.
Абай шығармаларын оқып, Абай мұрасы – қазақ өмірінің тарихи факторы
екендігін ұғындыру;
2) ақынның ғылым, білім, өнер, тәрбие мәселелері туралы өсиеттерінің
маңыздылығын түсіндіру арқылы оқушылардың ұлттық танымын
қалыптастыру, шығармашылық қиялын дамыту, автордың ұстанымын
түсінуге баулу, пікір алмасуға үйрету, жастардың өмірден өз орнын табуға
бағыттау;
17
3) ұлы ақынның өмірбаяндық тың деректеріне сүйене отырып, қазақ тілі
мен әдебиетіндегі көшбасшылық орнын көрсету;
4) ақынның қарасөздері мен өлеңдеріндегі ақындық биік мұрат,
адамгершілік идеяларын таныту.
Абайды тану, оның өлеңдерін, қарасөздерін, шығармаларын меңгеру
арқылы өмірде өз қажетіне дұрыс қолдана білу – әрбір білім алушының
парызы. Оны оқып-үйрену, жанжақты талдай білу, Абай тереңіне үңіле білу
де бүгінгі ел болашағының міндеті болмақ. Әр адамның іздегенін табатын,
оны өміріне тірек ете алатын, бағыт-бағдарын айқындай алатын қуат күші де
осы Абай шығармаларында. Абай – өз халқының мәдениеті мен әлеуметтік
ой-пікірінің асқар шыңы. Ол қалдырған мұра біздің егеменді еліміздің
болашағы жастарды тәрбиелеуде сарқылмас қазына, рухани байлық болып
табылады. Мектеп табалдырығында оқып жүрген әрбір оқушы Абай
шығармашылығымен сусындап, даналық ойларын бойына сіңіріп өседі.
Абай адам баласының тіршілігіндегі тәлім мен тәрбиеге ерекше мән
беріп, өмірінің ақырына дейін ағартушылық міндетін терең сезінген. Мәселен,
«Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай, баптанба,
Құмарланып шаттанба
Ойнап босқа күлуге,
Бес нәрсеге асық бол,
Бес нәрседен қашық бол» [31, 24], – дей келіп, адам мінезіне жақсы да
жаман әсер ететін сипаттарды тарата жіктеп, даралап түсіндіріп береді. Жас
ұрпақтың ақыл-ой тәрбиесін жан-жақты жырлап, адамзат баласының ең асыл
қасиеті білім-ғылымға ұмтылу деп бағалайды. Ғылымға, білімге деген
талпыныс адамның жан дүниесімен қоса сыртқы айнала қоршаған
экономикалық-әлеуметтік жағдайлармен де тығыз байланысты екендігін
айтады. Aбaй мұрaсы – мәңгі тaусылмaйтын рухaни aзық, aсыл қaзынa.
«Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма!» [31, 32], – деп Aбaй болaшaққa
сөзін осылaй apнaйды. Дaлaны тоpлaғaн нaдaндық түнегіне oл шaмшыpaқтaй
сәуле төкті және тaңы aтып, күні шығатын жaққa aпapaтын жoлды өз хaлқынa
тaлмaстaн көpсете білді.
Сонымен қорыта келгенде, Абайдың шығармашылық мұрасын зерттеу
мемлекетіміз тәуелсіздік алғанға дейін өз бастауын алып, тәуелсіздік алған
тұстан бастап қазіргі кезеңге дейін жалғасын тауып келеді. Абай
шығармашылығын оқытуға арналған абайтанушылардың көптеген еңбектері,
педагог-ғалымдардың әдістемелік-оқыту құралдары ақын мұрасын танып
білуге арналған ғылыми еңбектері, ғылыми мақалалары, кандидаттық және
докторлық диссертациялары, монографиялық зерттеулері жыл өткен сайын
молығып келеді.
18
Абай өлеңдерін оқыту әдістемесінің зерттелуі жазушы М.Әуезовтің
зерттеулерінен бастап, белгілі әдіскер-ұстаз Қ.Бітібаева ұсынған Абай
шығармашылығын жаңаша оқытудың инновациялық технологиясымен
жалғасын тапты. Шебер ұстаз әдіс-тәсілдерді өзі сұрыптап, жинақтап
сабағына тиімдісін пайдалана алады. Абай өлеңдері, қарасөздері заман
ауысып, уақыт озған сайын қоғамдық ой-санаға ықпал-әсері арта түсіп,
өркендеп, дамып отыратын асыл мұра. Абай поэзиясының ең басты
ерекшелігі тәрбиелік тағылымы мол асыл мұрасы ол өзі өмір сүрген тұтас бір
тарихи дәуірді жан-жақты барынша толық бейнелеп берді. Ал қоғам
өміріндегі көптеген адамгершілік, моральдық проблемалардың, атап айтсақ,
әділдік, бірлік, достық, білімділік, еңбек сүйгіштік, адалдық, халықтың
ұлттық ерекшеліктері, адамгершілік қасиеттері жаңғырып, жаңаша сипат ала
отырып, жалғастық тауып өрістеп, дами беретіні анық. Ұлы данамыздың
асыл сөздерін, мағынасы терең ойларын оқушы санасына жеткізіп, оны
ұғындыру үшін әрбір ұстаз сабақты түрлендіру жолдарын іздейді.
Бүгінгі таңда жаңа буын оқулықтары, жаңа бағдарламалар, әдістемелік
құралдар шығарылып, оқытудың жаңа технология элементтері көптеп ене
бастады. Дегенмен, Абай өлеңдерін оқыту әдістемесі әлі де зерттеуді қажет
етеді. Қазіргі білім беру саласында Абай өлеңдерін оқытуда «Prezi», «Google
Classroom», «Eddpuzzle», «Quizizz», «Wordwall»
сынды интерактивті
тапсырмалар жасауға ыңғайлы онлайн интернет-платформаларды қолданып,
қызықты тапсырмалар беріліп отырса оқушылардың сабаққа деген
қызығушылықтары оянатыны сөзсіз. Болашақта осындай онлайн
платформалар сабақта жиі қолданылып отырса, білім беру жүйесі жаңа
бағыттағы өзгерістерге ие болары анық.
Достарыңызбен бөлісу: |