Туркестанская Библиотека - www.turklib.ru – Turkistan Library
121
көзінен, ең болмаса бір мысқал өшпенділік көрсе не дейсің? Бұның жанына
бəрінен де сол батады.
Қылыштың жүзіндей алмағайып қиын тағдыр кешіп келе жатқан Əмірші
басымен бұрын-соңды дəл мынандайға кез боп көрмеген-ді. Көңілі
ашудың да, ақылдың да ырқына көне алмай əрі-сəрі. Қанша бас
қатырғанмен, еш тоқтамға келе алмады. Адасқан ойы қай тарапқа
бұлтарса да
ғ
аш тазыдай сүмеңдеген ұры сауалға тап болды. Ол дəл
осындай жаудырай қарайтын қос жанарды жəне біреуден көрген сияқты
еді. Бірақ қашан кімнен көргенін қанша ойласа да, есіне түсіре алмады. Ол
да осылай мүлəйімсіп мөлдірей қарайтын. Кімнен көріп еді соны... О да
осындай өкпелеген жас баланың кезіндей ет бауырыңды елжіретіп жүре
беретін жазықсыз жанарды...
«Жазықсыз жанар...» Əміршінің қырағы көңілі енді-енді арна түзеп,
саралана бастаған ойынан осы бір сөзге сүрініп қайтадан мүдіріп қалды.
Қайдағы жазықсыз жанар?.. Ақ некелі төсегіңе көз алартса, одан артық
атаңның басын шапқаны керек пе? Қосағыңның етегіне көзін сұқтағаны
іргеңнен найза шошаңдатқаннан кем оспадарлық па? Алтын тəжді басын
былай қойғанда, кез келген жұмыр басты еркекке одан асқан қорлық,
одан асқан масқара бар ма? Басынып болғасын, бас ұрғаны не керек? Кез
келген жалба тонды, жұлма тымақты қара таяқтың кешірмейтінін бұл
қайтіп кешіре алады?! Еркек үшін ата-мекеннің тыныштығы, ата-бабаның
аруағы, ақ некенің беріктігінен артық намыс жыртатындай не бар?
Алтын басты азаматтың асқар таудай абыройын көбелек көңіл
ұрғашының делең-делең етегіне тəуелді қылып қойған құдай шебер-ай!
Жаратқан иенің еркек кіндікке жасаған жалғыз қысастығы болса – осы
шығар.
Əмірші өз-өзінен күйініп, орнынан тұрып кетті. Əлгі бір жаутаңдаған
монтаны жанар көзіне енді түссе, өз қолымен ойып алар еді. Ол аяғын
ауырлап басып, терезенің алдына беттеді. Жете беріп, аң-таң тоқтап
қалды. Жаңа ғана «енді көзіме түссе, бəлем» деп тістеніп тұрғаны
жаутаңдап тағы алдынан шықты. Бақтың төбесінен бой асырып тұрған көк
мұнара бұған дым көрмегендей мөлдірей қарайды. Жаңағы бір есіне
түсіре алмай отырған монтаны қарасты ол баяғыда осы мұнараның
бойынан көрген екен ғой. Ол үн-түнсіз жалбарынып тұрған мұнараның
бұл сиқырына алғаш көргенде-ақ назар аударып еді. Бірақ оның
мынандай сырына түсінген жоқ-ты. Бақса, бар гəп осында екен ғой. Мына
мұнара ханымның терезесінен де күні бойы осылай жаудырап қарап
тұрмайды дейсің бе? Ол да мұны алғаш көргенде қайран қалған шығар. О
да мұнараның мынандай сиқырына кейін түсінген болар. Шебер өзі
салған мұнараға көңілінде жүрген іңкəрін бейнелепті. Аузы жетіп айта
алмайтынын мұнарамен білдіріпті. Күні-түні терезесінен телміре қарап
тұратын мылқау мұнарадан ханым ойымды өзі-ақ түсінер десе керек.
Монтаны жігіт, бақса, жер түбіндегіні ойлайтын жұлын құрттың өзі
болып шықты.
|