Ж. Б. Кундакбаева, Шағатай ұлысындағы моңғол хандарының саясатындағы екі


Білімді тексеруге арналған сұрақтар



Pdf көрінісі
бет7/63
Дата02.03.2024
өлшемі7.94 Mb.
#494029
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   63
Қазақстан (Қазақ елі) тарихы 2-кітап

 
Білімді тексеруге арналған сұрақтар: 
1 Өзбек хан тұсындағы Алтын Орданың саяси, әлеуметтік-экономикалық 
дамуының деңгейін талдаңыз? 
2 Ислам дінінің ресми мемлекеттік дін ретінде жариялануының барысы мен 
нәтижелері туралы жазба деректердің мәліметтерін талдаңыз? 
3 Алтын Орда мен Мысыр билеушілерінің қарым-қатынастары қалай 
дамыды? 
 
 
§4 Алтын Орда тарихындағы дағдарыс және оның ыдырауы 
Алтын Орданың ең беделді хандарының бірі Өзбек хан 1342 жылы қайтыс 
болды. Өзбек хан билік еткен 30 жыл ішінде Алтын Орда өзінің нығаюы шегіне 
жетті. Хан қайтыс болған соң феодалдық ақсүйектер рөлі күшейді, алайда Өзбек 
хан өмірінің соңында-ақ олардың күшейгенін атай кеткен жөн. Өзінің мұрагері 
ретінде ұлы Тінібекті көрсеткен Өзбек хан өсиеті бұзылды.
Ханның үш ұлы ішінде Тінібек 1333 жылдан бастап-ақ тақ мұрагері ретінде 
мемлекеттік іске қатысты, хан әскерін басқарды. Өзбек хан қайтыс болған кезде 
Тінібек Жаңа Сарайда болмады, Шағатай жерін жаулап алу жорықтарында болды. 
Осыдан ханның өлімі кенеттен болды деген қорытынды жасауға болады, басқаша 
жағдайда ол өз мұрагерін Орта Азияға аттандырмас еді. Хан өлімін естіген Тінібек 
астанаға хандықты қолына алуға асықты. Ол жолда болған шақта анасы оған 
қарсы әмірлермен келісіп, тақты өзінің екінші ұлы Жәнібекке берді. Сонымен 
бірге Тінібектің астанаға келуінің алдын алу үшін ханды қарсы алады деген 
сылтаумен адамдар жібереді. «Оған келген әмірлер оның қолын сүйе бастады, 
кейін олар оны ұрып, өлтірді. Кейін олар оның інісі Жәнібекке келіп болған 
жағдайдан хабардар етті. Кіші інісі Қыдырбекке қарсыласа отырып Жәнібек оны 
да өлтірді де, мемлекетті жалғыз өзі басқара бастады».
Алтынордалық ақсүйектердің бұл кезде Жәнібекті қолдауының себебі 
мынада - Тінібек жастайынан Өзбек мұрагері ретінде мемлекеттік істерді жақсы 
білді әмірлер үшін бұл тиімсіз үміткер еді. Олар өз биліктерін күшейту үшін 
Жәнібекті заңсыз түрде билікке келтіреді, ол әмірлердің айтуы бойынша әрекет 
ету керек еді, әрі толықтай соларға бағынышты болды.
13 жылдық Жәнібектің басқаруы Алтын Орданың бұрынғы күшінің 
біртіндеп әлсіреу кезеңі болып табылады. Бұл ең алдымен көрші мемлекеттермен 
қатынаста көрініс тапты. Жәнібек билік құрған жылдары Польша, Литвия, 
Қырымдағы итальяндық колониялармен қақтығыстар болды. Сонымен бір уақытта 
Жошы әулетінің өз ішінде келіспеушіліктер болып, бұл ханның пайдасына 


40 
шешілмеді. Қырымдағы генуэздермен соғыста сәтсіздіктер, Польша мен 
Литвиямен қарым-қатынастың қиындауы Жошы ұлысы Батый әулетінің 
ханзадалары өз ұлыстарының тәуелсіздігі үшін ханмен шайқасты бастады. 
«Ескендір анонимінде» және оған қатысты авторларда Ақ Орда ханзадасы 
Мубарак Қожамен Жәнібек хан арасындағы соғыс туралы деректер кездеседі. 
Оның әкесі Ерзен Өзбектің вассалы ретінде оған барлық істе бағынды. Әкесі 
қайтыс болған соң Мүбарак Қожа Ақ Орданың билеушісі болды, Батый 
ұрпақтарына бағынбайтын тәуелсіз хан болуды көздеді. Бұл мәліметтерді 
алтынордалық нумизматикалық мәліметтер де растайды. Сығанақта шығарылған 
«Әділ сұлтан Мүбарак Қожа Алла билігін жалғастырсын» титулда Мүбарак Қожа 
монеталары сақталып қалған. Бұрынғы Орда Ежен иеліктерінің тәуелсіздігін қайта 
қалпына келтіру үшін Жәнібек ханға қарсы Ақ Ордада басталған қозғалыс Алтын 
Орданың әлсіреуі Жәнібек ханның билігінің басталуымен байланыстылығын 
көрсетеді. Өз ұлыстарының тәуелсіздігі үшін Шайбан ұрпақтары да соғыс көтерді. 
Бұның барлығы Жошы ұлысында Өзбек хан қайтыс болған соң пайда бола 
бастаған саяси дағдарыстың басталғанының дәлелі. 1346 жылы Қытайдан келген 
«қонақ» обаға байланысты дағдарыс күшейе түсті. Обаның кесірінен 
«Өзбектіктердің жері.. ауылдар мен қалалар адамсыз қалды». Орыс 
жылнамаларының хабарлауынша, Сарай, Үргеніш, Астрахан және басқа 
қалаларда халық көп қырылды. Обадан кейін Алтын Орда ұзақ уақыт қалпына 
келе алмады. Жәнібек билігінің соңғы жылдарында ғана хулагулермен кавказдағы 
соғысты қайта жалғыстыруға жағдайы келді, соғыс Әзербайжанның уақытша 
Алтын Ордаға бірігуімен аяқталды. Әзербайжанды жаулауды аяқтаған Жәнібек 
Сарайға қайтты, сұлтандық тағына отырған ұлы Бердібекті өз орнына қалдырды. 
Бердібекпен бірге Тебрізде енді ғана жауланған Әзербайжанға уәзір етіп 
тағайындалған әмір Сарай-Темір қалды. Сарайға қайтар кезде алтынордалықтар 
өздерімен көптеген байлықтар алып кетті. Жәнібек Тебрізден кеткен соң екі айдан 
соң ханның ауыр аурумен ауыратыны жөнінде хабар келді. Сарайда болған 
ханның беделді әмірлерінің бірі Тулубей Бердібекке әкесінің орнын уәде етіп, оны 
Сарайға шақырды. «Бердібек Дешті Қыпшақ тағына деген махаббаты үшін 
Әзербайжанды тастап Дербент арқылы Ордаға оралды. 10 жақтастарымен бірге ол 
түн ішінде Тоғрұлбай үйіне орналасты. Сол кезде Жәнібектің халі жақсарды. Ол 
аурудан басын көтеріп, келесі күні диванға қатысқысы келді. Адал адамдарының 
бірі Бердібектің келгенін біліп, жағдайды Жәнібекке жеткізді. Жәнібек уайымдап 
Тоғай Тоғлу-Хатунмен кеңесті. Хатун ұлына деген махаббаты үшін бұл 
мәліметтерді өтірік деп көрсетті. Жәнібек Тағлы байды жеке аудиенцияға 
шақырды. Оның осы іске қатысын білмей ол осы құпияны айтты. Тоғрыл бай 
уайымдап қалды. Мәселені шешу сылтауымен ол сыртқа шағып, бірнеше 
адамымен қайта кіріп Жәнібекті сол сәтте өлтірді».
Жәнібек өлімін осылайша «Ескендер Анонимі», Ғаффари және Хайдар Рази 
сипаттайды. Араб деректерінде оның өлімінің мұндай жағдайлары баяндалмайды. 


41 
Никонов жылнамаларында оның ағайындары да өлтірілгені айтылған. Өзбек 
әулетінің барлық ханзадалары өлтірілді. Бердібек тұсында мемлекеттің әлсіреуі 
анық көріне бастады. Дәлелі ретінде Жәнібек тұсында Алтын Ордаға қосылған 
Әзербайжаннан 
айырылуын 
атауға 
болады. 
Тебризде 
қалдырылған 
алтынордалықтар екі айдан соң Әзербайжанды қалдырып, Сарайға оралды.
Бердібектің басқаруының басында-ақ Қырымда венециандықтармен 
қақтығыс болып 1358 жылда ғана тыныштандырылды. Жаңа келісім бойынша 
Орда венециандықтар пайдасына көптеген жеңілдіктер беруге тиіс болды. 
Венециандықтар бұрын кіруге рұқсат етілмеген Солдайда сауда жасау құқығын 
алды. Оның үстіне хан пайдасына алынып отырған шекаралық салық 3 пайызға 
төмендетілді. Осы жылдары орыс діншілдері де өз пайдаларына көптеген 
жеңілдіктер алды. 1357 жылы қарашада берілген Бердібек жарлығы бойынша 
орыс діншілдеріне Жәнібек кезінде алынған құқықтары қайтарылды. Олар 
шіркеулердің салығынан құтылды, хан юридикциясында шіркеу тәуелсіздігі қайта 
қалпына келді.
Деректерде 2 жылдық Бердібектің басқаруы кезіндегі Орданың ішкі жағдайы 
туралы мәліметтер сақталмаған, замандастары тек Бердібектің өз туыстарына 
деген өте қаталдығы жайлы ғана айтады. Алайда Бердібектің террорлық басқару 
әдістері оның жағдайын жеңілдетпеді: екі жыл өткен соң 1359 жылы сарай 
төңкерістерінің бірінде қайтыс болды.
Осылайша Алтын Орда тарихында «дүрбелең кезең» басталды. 1359 жылы 
Бердібек өлтірілген сәттен 1380 жылы Тоқтамыстың таққа келуіне дейінгі кезде, 
яғни 20 жыл ішінде 20-дан аса хандар өзгерді. Олар бір-бірін соншалықты тез 
ауыстырып отырғандықтан жылнамашылар тіпті олардың атын жылнамаларына 
жазып үлгермеді.
Бұл уақытта жошылардың Хорезмдік облысы Алтын Ордадан бөлініп, 
сопылардың басшылығында Хорезмде жаңа мемлекет қалыптасты. 1361 жылдан 
Алтын Ордада хан атымен шығарылатын алтынордалық монеталар шығарылуы 
тоқтатылды. Соңғы рет бұл қалада Қыдыр хан монеталары шығарылды. Бұдан 
кейін ешқандай хан Хорезмде өз монеталарын шығармады. Ал Хорезмде дәл осы 
уақытта анонимді түрде «Аллаһтан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі» 
деген жазумен монеталар шығарыла бастады. Кейінірек шығарған адам аты 
жазылмай монеталарда алғашқы төрт халиф атымен шығарыла бастады.
Хорезмнен бұрын Сарайдан Орда Ежен ұлысы бөліне бастады. Бұл жерде 
сепаративтік қозғалыстар Жәнібектің кезінде-ақ байқала бастаған, бірақ ол кезде 
Жәнібек билігін мойындаудан бас тартқан Мубарак Қожа ханзаданың әрекеттері 
сәтсіз аяқталған еді. Мубарак Қожаның інісі Шымтай Жәнібек билігін мойындауға 
мәжбүр болды. Ақ Орданы 17 жылдық Шымтайдың басқаруы кезінде Алтын 
Орданың батыс иеліктерінде басталған шиеленістер Ақ Орданың Сарайдан 
бөлінуіне жақсы болды. «Ескендір анонимі» бойынша Ақ Орда билеушісі Шымтай 
өзінің билігінің соңғы жылдарында бұрынғы Орда Ежен ұлысын тәуелсіз түрде 


42 
жеке өзі басқарды. Шымтайдың ұлы Орыс хан тұсында Ақ Орда тәуелсіз елге 
айналды.
Профессор, ҚР ҰҒА Құрметті мүшесі Т.Омарбековтың деректер негізінде салған портреті 
Осыған қарағанда, Шайбан ұрпақтарының ұлыстары да тәуелсіздікке 
ұмтылды. Алтын Орданың тәуелсіз ұлыстарға бөлінуі Жошы мемлекетін 
әлсіреткені сонша хандар өзара қырқысуда тек жаулап алынған халықтарда, көрші 
мемлекеттермен қатынасындағы беделділікті ғана емес, сонымен бірге өз 
иеліктеріндегі билікті жоғалтты. Мысал ретінде Қырымдағы венециандықтар мен 
генуэздер биліксізді пайдаланып өз жағдайларын дұрыстағандарын айтуға болады. 
Бердібек тұсында венециандықтарға Тану қаласының тек бір кварталы тиесілі еді.
Ақ Орда билеушісі Орыс хан өлтірген маңғышлақ әмірі Той-Қожаның ұлы 
Тоқтамыс 1376 жылы Орыстың хан болуынан кейін Самарқандға 
Мәуереннахрдың билеушісі күшті әрі әйгілі Темір («Ақсақ Темір», еуропада 
Тамерлан) қорғанысына қашып барды. Орталық Азияда өз билігін нығайту үшін 
Алтын Ордадағы саяси жағдайды бақылап отырды және солтүстік көршісінің 
күшеюін өзінің ұлы державалық мақсатына қауіп ретінде көрді. Оны әсіресе Орыс 
ханның күшеюі уайымдатты. Темірдің өзі тек ханның күйеу баласы ғана болып 
таққа заңды құқығы болмай Мәуереннахрды жошылық Сұрғатмыш хан атынан 
биледі. Сондықтан оның иелігінде Жошы әулетінен шыққан қашқындардың 
(Тоқтамыстың әкесі оғлан, яғни ханзада болған) болуы оған тиімді еді. Бұл 


43 
жағдайда Темір хан тағына заңды үміткерді қолдады. Үміткер самарқандық 
билеушісінің қолында қуыршаққа айналар еді.
Сондықтан да ХҮ ғасыр парсы тарихшысы Шараф ад-дин Йазды бұл жайлы 
былай жазды: «Тоқтамыстың Самарқандға келгенін білген Темір өз істерін тастап, 
оның келуін жоғары бағалады. Темір оған құрмет пен сый-сияпат көрсетуде 
мүмкін болғанның бәрін жасауға күш салды, патшаға лайық тартулармен той 
өткізді. Оған (Тоқтамысқа) және оның серіктеріне ақылға сыймайтын және сансыз 
көп алтындарды және қымбат әшекей бұйымдарды, қару-жарақ және маталарды, 
аттарды және түйелерді, шатырлар мен қостарды, барабандар мен жалауларды, 
жасақтар мен әскерлерді, жалпы қаламмен жазып бітпейтін сый-сияпат берді. 
Оған деген құрметінің белгісінде оны өз ұлы деп атады».
Сонымен бірге Темір Тоқтамысқа Сырдарияның оң жағалауындағы Сауран 
облысын Отырар және Сығанақ қалалармен бірге берді (расында соңғысын Орыс 
хан иелігінен жаулап алу керек еді). 
Сауранның билеушісі Орыс ханның ұлы Құтлық-Бұқа еді. Бірінші шайқаста 
Темір берген әскер басында тұрып жеңіліс табады. Бұл жағдай Темірдің 
Тоқтамысқа қатынасын бұзбады, тіпті тағы бірнеше айдан соң Мәуереннахр 
билеушісі берген әскерді басқарып Тоқтамыс Сығанақ шекараларына келеді. Бұл 
жолы Орыс хан өзінің Тоқтақия атты ұлын жібереді, бұл да Темірдің жақтасын 
жеңеді. Бұл жолы қолынан жараланған Тоқтамыс Сырдариядан жүзіп өтіп 
құтылды.
Енді іске Орыс ханның өзі араласты. Біріншіден, Тоқтамысқа қарсы әскер 
жинады (бұл жайлы Тоқтамыс жағына өтіп кеткен Орыс хан әмірлерінің бірі Едіге 
хабардар етіп қойды); екіншіден Темірге ханзаданы беруге байланысты 
ультиматум қойды: «Тоқтамыс менің баламды өлтірді және сенің аймағыңа кетті. 
Менің жауымды маған ұстап бер, егер де көнбесең, онда соғысатын жерді айт». 
Алайда Әмір Темір Тоқтамыстың жақтасы және досы болып қала берді. «Ол менің 
мемлекетімнен өзіне баспана тапты, -деп жауап жазды Темір, - мен оны ұстап 
бермеймін, ал соғысты айтсаң мен оған дайынмын».
Темір мен Орыс хан арасындағы ашық соғыс 1377 жылы қыста басталды. 
Мемлекет билеушілері басқарған екі жақ әскерлері Сығанақ қабырғаларында 
кездесті, алайда кенеттен өзгерген ауа-райынан екі тарап соғыса алмай тарап кетті.
1377 жылы көктемде Темір тағы Орыс ханға қарсы жорыққа аттанды, алайда 
үлкен шайқас болмады, өйткені сол кезде не сәл кештеу Орыс хан қайтыс болған 
еді. Орданы оның ұлы Тоқтақия билей бастады. Бірақ көп өтпей ол да қайтыс 
болып, тақты Орыс ханның басқа ұлы Темір-Мәлік Оғлан иеленді. Екі ханның 
өлуіне байланысты болып жатқан жағдайды пайдаланып Тоқтамыс Саурандағы 
билікті алды, алайда бұл ұзаққа созылмады. 1379 жылы жаңа алтынордалық хан 
Тоқтамысты тағы жеңіп, оны Алтын Ордадан қуып шықты. Алайда бұл жолы да 
Тоқтамысты хан тағына отырғызуды шешкен Темірдің шыдамы таусылмады. 1379 
жылы қыста ол Темір Мәлікке қарсы Ұрық-Темір және Ғияс-ад-Дин 


44 
басшылығында әскер жасақтады. Тоқтамысты жеңген Темір Мәлік тура және 
ауыспалы мағынада да мас болып, талқандалды. Оның жеңілуіне өз хандарының 
жеңіл ойлы әрекеттерінен ызалаған Темір Мәліктің көптеген әмірлерінің 
Тоқтамыс жағына өтуі де себепкер болды.
Шығыста орныққан Тоқтамыс 1380 жылы қыста батысқа жорық жасап, аз 
уақыт ішінде Сарай, Қажы-Тархан және Төменгі Поволжьедегі алтынордалық 
қалаларды иеленеді. Оның жеңісінің жеңілдігін мынадай жағдайлармен 
байланыстырады: алтынордалық таққа нағыз үміткердің бірі Мамайды 1380 жылы 
6 қыркүйекте Куликово жерінде мәскеулік князь Дмитрий Донскойдың 
талқандауынан кейін Тоқтамыс Днепрге дейінгі аумақты иеленді. Мамайдың өзі 
Қырымда жасырынбақ болды, бірақ бір мәліметтер бойынша генуэздер оны ұстап 
Тоқтамысқа алып келіп берді де, өлтірілді. 
Мамайды жеңген соң Тоқтамыстың билігі Балхаштан Днепрге дейінгі 
аумаққа созылды. Орыс жерінде Орданың билігін қайтару үшін 1382 жылы 
тамызда Тоқтамыс Мәскеуде жазалау рейдін жүргізіп, 3 күндік қоршаудан кейін 
талқандайды. Куликово жерінде көп шығындалған Дмитрий Донской моңғолдарға 
қарсылық көрсете алмады. Онымен қоса, Тоқтамыс бұрын Алтын Орда құрамына 
енген жерлер үшін салық төлеуге мәжбүр етті.
Алтын Орда ханы – Мамай astrakhan.name 
Өзінің керемет жетістіктері үшін Тоқтамыстың Темірге міндеткер екенін 
ханның өзі де оның айналасындағы бұрын Хорезм және Мәуереннахрдың әмірлері 
болған әмірлер де жақсы түсінді. Алайда бұл адамдар саяси сахнадан жартылай 
табиғи түрде, жартылай заңның қуғындауы нәтижесінде кетіп отырды. Олардың 
орнына бұрын Мамайдың жақтастары болған негізінен Кавказ және Русь жеріне 
қызығушылық танытқан адамдар келе бастады. Осылардың әсерінен 1385 жылы 
Тоқтамыс енді ғана Темір жаулап алған Әзербайжан жеріне әскер жібереді және 


45 
облыстың ең бай қаласы Тебризді талқандайды. Бұл уақытта Иранды жаулаудан 
босай алмаған Темірдің екі фронтта күресетін күші жеткіліксіз болды немесе ол 
өзінің қол астындағы хан саясатының бұрылысын толық түсінбеді. Қалай болса да 
Тоқтамысқа қарсы әскер жіберген Темір тек соғыс жағдайын барлау және Грузия 
мен Дербентте ордалық әскерге қарсы шекаралық адамдарын күшейтумен 
шектелді. Кавказға жолдың жабық екенін анықтап, Темірдің белсенділігінің 
төмендігін әлсіздік деп санаған Тоқтамыс саясатын өзгертіп Хорезм және 
Мәуереннахрға соққы береді. 1387 жылы күзде Тоқтамыс Сығанақ облысына 
(Темір иеліктерінің солтүстік перифериясына) еніп, Сауран қаласын қоршайды. 
Қала қоршауға төтеп берді, алайда аумақтары толық талқандалды. Кейін 
Мәуереннахрды билеуге қойылған Темірдің ұлдарының бірі Омар Шайхтың 
әскерінің аздығынан хабардар болған Тоқтамыс Мәуереннахрға кіреді. Бірнеше 
қала және облыстарды талқандап, Бұхараны басып алуға тырысты. Қаланы ала 
алмаған Тоқтамыс қала айналасын және Мәуереннахрға енетін облыстарды тонап-
талқандайды. 
Бұл жайлы хабарды Темір Батыс Иранда, Шираз қаласында естіді. Енді 
үлкен соғыссыз бітпейтіні анық болды. 1388 жылы ақпанда Темір өзінің атты 
әскерінің 3 түменін Самарқандты қорғауға жібереді, артынша өзі де 
Мәуереннахрға қайтады. Шегініп бара жатқан ордалықтарды қуып отырып ол 
Хорезмге енеді. Облыстың астанасы Үргенішті жермен-жексен етеді.
Тоқтамыс 1388 жылы қыста Орта Азияға жаңа жорығын бастайды. 
Сырдариядан алыс емес жердегі Сауран қаласы маңында шайқас болып, Тоқтамыс 
жеңіледі. 1389 жылы көктемде Темір Ақ Орда жеріне енді, бірақ Тоқтамыс 
шайқасты қабылдамай далаға кетті. Маңызды шайқас кейінге қалды.
1388-1389 ж.ж. сәтсіз істер Тоқтамыс жерінде шиеленіс тудырды. 
Никоновтық жылнамаларда Мәскеуге қашып келіп, ұлы князға қызметке 
орналасқан бірнеше татар княздары жайлы айтылады. Тоқтамыстың литовтық ұлы 
князь Ягайлға жазған жарлығында ордалық оғландардың оған қарсы 
ұйымдасқандары туралы жазады. Шамамен осы уақыттарда Темірге әкесін хан 
бұйрығымен өлтіргенін ұмытпаған, Тоқтамыстың қас жауына айналған әмір Едіге 
қашып келеді. 
Істің былай өзгеруінен қорыққан Тоқтамыс Темірмен ең басты шайқасты 
кейінгі жақсы уақыттарға қалдыруға тырысты, ал Темір керісінше шешімді 
әрекеттерге көшуге бет алды. Екі жақтың арасында жолдаулар жүрді. Тоқтамыс 
сыйлықпен бірге қосқан жолдауын жасағанына өкініп, әкесі орнына қойған 
Темірден кешірім сұраса, Темір алтынордалық ханға сенімсіздігін білдірді. 1391 
жылы қыста Темір Алтын Ордаға маңызды жорыққа аттанды. Жорық ақпанда 
Самарқандтан Ташкент арқылы Отырарға барудан басталды, ал Сарайда бұл 
жайлы сәуірде екі қашқын нөкерден хабардар болды. Тез арада дисколация жері 
ретінде Тоқтамыс Жайықты белгілеген әскердің жиналуы нәтиже бермеді. 
(әскердің маңызды бөлігі Бұлғар, Азактан және басқа жерден келетін әскерлер 


46 
аталған жерге келіп үлгермеді). 1391 жылы шілдеде екі қарсылас өз әскерлерімен 
Самара өзені бойына жетті.
Темір өз әдісінде ұлы Шыңғысханның өсиетін пайдаланып, өз отрядтарын 
облавамен жіберіп отырды. Темір соғыстың аяқталуына асықты. 1391 жылы 18 
шілдеде Қондыршы өзені бойында (қазіргі Самара облысы территориясындағы) 
Тоқтамысты басты шайқасқа шығарып, орда ханының әскері жеңіліс тапты.
Бірақ бұл Тоқтамыстың әскери-саяси ісінің өлгенін білдірмеді және оның 
Темірге қарсы тұратын күші әлі де болса жеткілікті еді. Темір бай олжа алып, 
(ортағасырлық тарихшылардың айтуы бойынша Темірдің жеке өзіне-ақ 5000 жас 
құлдар тиді) Сарай тағын Темір-Құтлық қолына қалдырып, Орал-Каспий даласы 
арқылы Самарқанға оралды. Алайда батыс ұлыстардан жаңа әскер жинаған 
Тоқтамыс 1391 жылдың күзінде-ақ Темір-Құтлықты Сарайдан қуып шығады. 1393 
жылдың басында Алтын Орданың айтарлықтай бүкіл аумағы заңды хан 
құқығында Сарайда өз атымен монеталар шығарған Тоқтамысқа бағынды. Бұл 
уақытта Тоқтамыс қамындағы оң қанат әмірлері жеңіске жетті, олар 
алтынордалық ұлы державаның жақтастары еді. Осылардың көмегімен хан өз 
билігін қалпына келтірген еді. Солардың әсерімен 1394 жылы күзде Закавказьеде 
Темірге қарсы жаңа жорығын бастады. М.Г. Сафаргалиев Тоқтамысты бұл жолы 
Литовтық Ұлы Князь Вивовт және Египет мамлүктік сұлтаны Эззахир қолдады 
деп санады, яғни Алтын Орда, Литовтық Ұлы Княздық және Египеттен тұратын 
Темірге қарсы коалиция құрылды. Алдымен Тоқтамыс Ширван қаласының маңын 
талқандады, бірақ Темірдің жақындағанын біліп, өз әскерін Дербентке алып 
барды. Темір қақтығысты дипломатиялық жолмен шешуге тырысты, бірақ дөрекі 
жауап алып басып кіруге бұйрық берді. 1395 жылы екі әскер Терек өзені бойында 
кезікті. Шайқас осы жылдың 15 сәуірінде болып, Тоқтамыстың тағы бір 
жеңілісімен аяқталды.
Тарихшылардың пікірі бойынша, ордалықтардың жеңілісіне Тоқтамыс 
әскерлерінің сенімсіздігі де едәуір әсер етті, олар соғыстың ушыққан шағында 
өзара таласып істерінің бірлігін жоғалтқан еді.
Қарсыласының артынан бара отырып Темір Волгаға шықты, алтынордалық 
Увек қаласын талқандады, бірақ Тоқтамыс Бұлғарда жасырынып үлгерді. 
Тоқтамыстың үлкен аумаққа ие екенін және адам ресурстарының көптігінен біраз 
уақыттан соң қайта күш жинай алатынын түсінген Темір Алтын Орданың 
шайқастар мен соғыстарда зардап шекпеген батыс ұлыстарынан басып өтеді. 
Поволжьедегі басқаруды Орыс ханның ұлы Құйыршық Оғланға беріп, Днепрде 
батыс әмірлері Бек-Жарлық-оғлан, Ақтау және Темір-оғлан жерлерін тонап-
қиратады да, Донға бет алады. Жол барысында ол оңтүстік орыс княздықтарына 
соғыстық барлау жасайды. 1395 жылы тамызда Темір әскері Рязань княздығына 
басып кіріп, оның Елей қаласын қиратты. Бірақ, ұлы князь Василий Дмитриевич 
бұл жайлы біліп көп санды полкімен Коломнаға түсіп, Ока арқылы қарсылыққа 
тұрғанда Темір әрі қарай соғыспай оңтүстікке ат басын бұрды. Себебі Темірдің 


47 
жоспарында Русь жерін жаулау жоқ еді, оның мақсаты Тоқтамысты Алтын 
Орданың экономикалық дамыған орталықтары мен ірі қалаларындағы қолдаудан 
айырмақ болды. Осы мақсатты іске асыра отырып Темір 1395-1396 жж. тағы 
Поволжьеге барып, негізгі орталықтары Қажы-Тархан (Астрахань), Сарай, 
Жүкетайды от пен қылыш астына алады. Мұның бәрі қатыгездікпен жасалды. 
Жаулап алынған қалалар толық қиратылып, өртелінді, тұрғындарын құлдыққа 
алды немесе өлтірді. Бұл тонаудың нәтижесінде Алтын Орда экономикасы 
құлдырап, өзіне қайтып келе алмады. Деректердің хабарлауынша, аштық 
жаулаушының әскерінде де тарап, көктем келуімен Темір өз әскерін Иранға алып 
кетті. Оның артында кей кездері гүлденіп тұрған алтынордалық қалалардың күл 
қалдықтары ғана қалды. 
Тоқтамыстың бұл уақытта қайда жасырынғаны белгісіз, өйткені бар 
деректерде бұл жайлы ештеңе айтылмайды. Қазіргі тарихшылар, Новгород және 
Вятка облысына шабуылдар жасалып тұрған Бұлғарды арқа сүйер пункті болды 
деп есептейді. Шабуылдар тек тонаушылық тұрғыда болып, мақсаты ордалық 
жерлерді қайтару үшін соғысты жалғастыруға қажет заттар жинау болды. Бұл 
мәселенің күрделенуіне тек поволжьялық қалалардың қирауы ғана емес, Темір 
кеткен соң мемлекеттің шығысында пайда болған үш тәуелсіз, ханға жау екенін 
ашық айтқан ұлыстардың пайда болуы да себеп болды. Алдымен, жоғарыда 
аталғандай, Темір өзінің Ордаға жорығының басында Поволжьені Құйыршық-
оғланға басқаруға берді, ол Сарайда және Заволжье аймақтарында билігін 
орнатты. Темірдің ойы бойынша алтынордалық тақта Тоқтамысты Құйыршық 
оғлан ауыстыруға тиіс еді. Алайда, Темір аттылары кеткен соң шаңы басылып 
үлгермей Қажы Тарханнан тағы бір оғлан Орыс хан немерелерінің бірі Темір 


48 
Құтлық пайда болды. Ол Қондыршыда Тоқтамыс жеңілген соң Сарай билігін 
қолына алмақ болып, Алтын Ордадан қуып шығарылған еді. Сонымен бір уақытта 
Жайықта өз отауын Едіге қайта қалпына келтіреді. 1391 жылы Темірдің Алтын 
Ордаға жорығында белсенді болған Темір Құтлық та, Едіге де 1395-1396 жж. 
соғыста көлеңкеде қалды. Темір 1395 жылы жорығы басталар алдында Едігені өз 
жағына шақырып, оң жауап ала алмады.
Профессор, ҚР ҰҒА Құрметті мүшесі Т.Омарбековтың деректер негізінде салған портреті 
Шығыс ұлыстардың бағынбайтынын түсінген Тоқтамыс Қырымда өз билігін 
қалпына келтіруді бастады. 1396 жылы наурызда Каффа қаласын алады. 
Тоқтамыстың қайта билік алуы қарсыластарын толғандырып, олар енді белсенді 
әрекеттерге кірісті. Әмір Едіге оғлан бола тұра өзі орда тағына құқығы болмады, 
алайда өзі қойған жошы ұрпағы арқылы билеу мүмкіндігі болды. Тоқтамыс 
Қырымды жаулап жүргенде Темір-Құтлық және Едіге бірігіп Құйыршық оғланды 
қуып шықты, 1396 жылы күзде Тоқтамысты Қырымнан қуып шықты. Нәтижесінде 
Тоқтамыс Литовиялық ұлы князь Вивовтқа қашты, ал Алтын Орда аз уақытқа 
Темір-Құтлықтың қол астында біріктірілді.
Вивовттың Тоқтамысқа көрсеткен қолдауы саяси жоспарында болды. 
Жеңілген Тоқтамыс формальды түрде Алтын Орданың ханы, барлық ұлыстардың, 
соның ішінде Орыс жерінің де иесі болып қала берді, осыған байланысты 
көрсетілген көмек үшін одан өтемақы алуға болар еді. Бұл Вивовт пен Тоқтамыс 
жасаған келісімде қаралып, бұл бойынша Вивовт Тоқтамысқа Алтын Орда тағын 
қайта алуына көмектессе, Тоқтамыс оған ұлы Мәскеу княздығына жарлық беруге 
тиіс еді. Бұның Вивовтқа ұнағаны сонша ол тіпті Алтын Ордамен қатынасын 
бұзды. Темір Құтлық тұсында беклербек болған Едігенің Тоқтамысты қайтару 
жөніндегі талабына Вивовт кері жауап берді. 1398 жылы жазда біріккен литов-
моңғолдық әскерлері Алтын Орда аумағына енеді де, 12 тамызда Ворсклы өзені 
бойында ордалықтар тарапынан қатал талқандалды. Жылнамашылардың айтуы 
бойынша Вивовттың өзі шайқас алаңынан әрең құтылды, үш күн бойы орманда 


49 
жалғыз казактың көмегімен адасып жүреді. Тоқтамыс өз отрядымен Сібірге 
қашады. Алайда Темір Құтлық жеңісін ұзақ тойлай алмай 1399 жылы қайтыс 
болады. Едіге таққа оның кіші інісі Шадибекті алып келеді. Жаңа хан мен 
беклербектің жағдайы жеңіл болмады, өйткені өз ұлдарымен Сібірде жасырынған 
Тоқтамыс үлкен отау құрып, тіпті әмір Темірмен қатынасын түзете бастаған-мыс.
Істің былай бұрылуынан уайымдаған Едіге 1404-1405 жж. Тоқтамысқа қарсы 
үлкен әскерімен шабуыл жасайды. Бірақ мұнысы сәтсіздікпен аяқталады. Ханның 
жеңілуін пайдаланған Тоқтамыс Түмендегі қала сыртындағы резиденциясында 
әскерсіз қалады. 1406 жылы қаңтарда Едіге ханды ұстап өлтіреді. 
Едіге Сібірде жүрген шақта Шадибек хан өзінің қатал беклербегінен 
құтылмақ болады. Расында, бұл уақытта мемлекетте Едігенің билігі күшті болып, 
тарихшы Ибн Арабшахтың айтуы бойынша «сұлтандыққа кімді қаласа соны 
көтерді, қалаған кезде бұйрық берді, ешкім оған қарсы тұрмады, шекара сызды 
ешкім одан өтпеді». Едігенің мұндай барлық билікті иеленуі Шадибек 
айналасындағы әмірлердің ызасын тудырды. Хан Едігені беклербек лауазымынан 
айырды, бірақ Хорезмді иеленіп үлгерген күшті әмір Сарайға қайтып келіп, 
Шадибекті қуып шықты. Таққа Полат ханды отырғызды.
Едіге барынша Алтын Орданың ең алдымен Русь және Литва алдында 
бұрынғы беделін қайтармақ болды. Осы мақсатта ол Ордаға твер княздары Иван 
Михайлович пен Юрий Всеволодовичті шақырады. Олар өзара ұлы княздықты 
таласқан еді. 1408 жылы Полатханды Литваға жібереді. Алайда Орданың ішінде 
Едігенің істері оңай болмады. Тоқтамыстың ұлдарының бәрі тірі еді. Солардың 
бірі Желал-ад-дин Полатты тақтан тайдармақ болады. Едіге қуған Желал-ад-дин
Мәскеу князы Василий Дмитриевичтің қорғанына қашып барады. Бұл 
моңғолдардың 1409 жылы желтоқсанда мәскеуге жорығына себеп болады.
Бұл жорықта Коломна, Переяславль, Юрьев, Ростов, Дмитров, Серпухов, 
Нижний Новгород сынды орыс қалалары басып, тоналды. Едігенің өзі Мәскеуді 
қоршады, өзіне көмекке Твер князы Иван Михайловичті шақырды. Қоршау ұзаққа 
созылып, Едіге Желал-ад-диннің Литваға Вивовт князға қашып үлгергені және 
оның көмегімен Полат ханды талқандап Қырымда билікке келгені жөнінде хабар 
естіді. Едіге қоршауды тастап, Мәскеуден 3000 рубль өтемақы алып, Жайыққа 
қайтты. 
Бұл жолы Едіге таққа Темір Құтлықтың ұлы Темір ханды алып келді. 
Сонымен қоса ханмен туыстық қатынас орнату үшін Едіге Темірханға өз қызын 
береді. Алайда Темір Құтлық толықтай Едіге қарсы коалицияда болып, жылы (қай 
жылы) Едіге Сарайдан кетіп, Сарайшыққа қашты. Ол жерде оны Темір хан қуып 
жетіп, әскерін талқандады. Едігенің өзі Хорезмге қашты, ал Темір-Құтлық әскері 
Үргенішті қоршауға алды.
Бұл Темірдің тактикалық қателігі болды. Едігені талқандау мақсатында ол 
Желал-ад-динді қараусыз қалдырды. Темірдің жоқтығын пайдаланып Желал-ад-
дин Сарайда, Алтын Ордада билікті өз қолына алады. Қысқа уақытқа Едіге үшін 


50 
күрделі жағдай туды: оған қарсы өзара қырқысқан екі қарсыласы болды. Көп 
ұзамай Темір ханды өзінің сатқын әмірлерінің бірі өлтіреді, Ордада Хорезмнен 
басқа барлық жердегі билік Желал-ад-динге өтті. Оның да Едігені жеңетіндей 
күші болмай соғыс созылды. Үргенішті қоршау темірлік Шахрухтың өз әскерімен 
келуіне дейін жалғасты. Ол Хорезмнен екеуінде қуып шықты: Желал ад-дин 
Ордаға қайтып батыс ұлыстарын реттеді, Едіге өзінің Жайықтағы ұлысына 
қайтты.
Біраз уақытқа Желал ад-дин Алтын Орданың бұрынғы беделі мен күшін 
қалпына келтірді. Тоқтамыстан кейін енді ғана орыс княздары ханға бас июге 
барып отырды, 1412 жылы ордалық княз сарайына мәскеулік княздер Василий 
Дмитриевич, тверлік князь Иван Михайлович, нигородтық, ярославтық княздар 
сыйлықтарымен жиналды. Желал ад-диннің күшеюі Тоқтамыстың көптеген 
ұрпақтарының қызғанышын тудырып, 14 ай билік еткен соң Желал ад-динді 
тақтан тайдырып, туған бауыры Керімберді өлтіреді. 
1408 жылы тақты алуға тырысқан Василий Дмитриевич пен ағасының 
істерін еске ала отырып, Керімберді сыртқы саясатында мәскеу князын литва 
солтүстік-батыс жерлермен соғысында қолдаған. Вивовт өз кезегінде орда тағына 
үміткер екінші оғлан Бетсабулды қолдайды. Алайда Бетсабул ұстап алып, 
өлтірілді. Керімбердінің өзі де 5 ай билік етіп, 1412 жылы інісі Кебек өлтіріп 
тақтан тайдырды. Кебек өз атынан монеталар шығара бастады.
Тоқтамыс ұрпақтары өзара Ордадағы билік үшін таласты. Сарайшықта 
отырып Жошы ұлысында өз билігін қалпына келтіруге тырысты. 1416 жылы оның 
әйелі Мекке қажылыққа көп байлықпен барғандығы туралы деректер бар. 1418 
жылы Едіге Сарайшықта Алтын Орда ханы етіп Дервишті көтереді. Оның атымен 
Едіге сарайдан Вивовт көмегімен отырғызған ханды құлатады. Жаббардың 
артынан жүре отырып Едіге Қырымға кіріп, генеуэз қалаларын қоршады. 
Тоқтамыстың соңғы ұрпақтары осылайша Алтын Ордадан қуылып, 
Литвалық ұлы княздың қолдауын тапты. Литвамен ашық соғысуға мүмкіндігі 
болмаған Едіге 1419 жылы Вивовтқа бай сыйлықтармен бейбітшілік ұсынысын 
жасайды. «Вивовтқа Едіге жазады: ұлы князды ескермей қалдыра алмадым, 
сондықтан қалған өмірімізді бейбітшілікте өткерейік. Ал арамызда аққан қанды 
жер жұтты, ашу-ызаны жел ұшырды, соғыстың оты жүрегімізді ызадан тазартты, 
ал су өртті өшірді». 
Вивовттың бұл ұсынысқа қалай жауап бергені белгісіз, бірақ Литвадан 
жасырынып жүрген Тоқтамыс ұрпағы Қадірберді бұны әлсіздікке бағалап 1419 
жылы литва және қырым татарларынан құрылған әскерді басқарып Едігеге 
шабуыл жасады. Сарайшық маңында шайқас екі қарсылас үшін түсініксіз болды: 
Қадірберді қатты жарақат алып, қайтыс болды, ал Едіге жараланып жеңілдім деп 
ойлап шайқас алаңынан қашты. Қалыптасқан түсініксіздікте Қадірбердінің 
әмірлерінің бірі Едігемен жолығып қалғандығы жайлы ибн Арабшах жазады. 
«өзінің адамдарына Едіге шабуыл жасауды бұйырды, оны бөлшектерге бөліп 


51 
тастады». Осылайша өзінің өмірінің 63 жылы құлап бара жатқан Алтын Орданың 
беделімен күшін қалпына келтіруге тырысқан ордалық ақсүйектерінің жарық өкілі 
өлтірілді. 
Едігенің өлімі ордалық хандардың ұлыдержавалық саясатының аяқталғанын 
білдірді. Оның тірі кезінде Жошы әулеті өкілдері өздері қаламаса да беклербектің 
күшінің алдында санасатын еді. Ол мемлекеттің құлау процесін тежеген еді. Едіге 
қайтыс болған соң орданың орталық тенденциялары бұзылып, Орда еуразиялық 
саясатта шешуші фактор болмады. Енді Орда көбіне қиратылған көшпелі 
ұлыстарға ұқсады. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   63




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет