Өтуі мен симптомдары. Жасырын кезеңі бірнеше күннен бір жылға дейін, кейде одан да
арттыққа созылады, әдетте 2-3 апта аралығындай болады. Оның ұзақтығы құтырған
жыртқыштың тісінен болған жарақаттың шамасы мен түскен орнына, вирустың мөлшері мен
уыттылығында, таланған малдың төзімділігіне байланысты. Инкубациялық кезең жас төлде
ересек малға қарағанда әдетте қысқарақ болады.
Құтырық жіті өтетін ауру. Әртүрлі жануарда оның клиникалық белгілері ұқсас болады,
әсіресе иттің құтыруы жан-жақты зерттелген. Итте құтырық өршіген және бәсең түрде өтеді.
Өршіген құтырықтың 3 кезеңі болады: біліне бастаған, көтерілген және дел-сал. Біліне
бастаған кезең 12 сағаттан 3 тәулікке дейін созылады, бұл кезде жануардың мінезінің өзгеруі
байқалады. Ит көңілсіз немқұрайлы болып, қараңғы бұрышқа немесе үйшігіне тығылады,
иесінің шақыруына ықылас білдірмейді. Кей жағдайда иесіне тым еркелеп, қолын, бетін
жалауға тырысады. Бұл кезде иттің сілекейінде вирус болатындықтан, өте сақ болған жөн.
Біртіндеп ит мазасызданып, тез шошынып, ызақорланады, орынсыз жүгіре береді. Есінің
ауысқан белгілері біліне бастайды: бұрыннан үйреншікті нәрселерге ызалана үріп, аузымен
ауаны қабады (шыбын ұстағандай). Тәбеті бұзылып үйреншікті тамақты жемей, ағаш, шүберек
сияқты заттарды жей бастайды. Кейде таланған жері өте қышынып, оны жалап, үйкеп, тіпті
тістелей бастайды. Біліне бастаған кезеңі соңында жұтқыншақ бұлшық еттерінің салдануы
нәтижесінде жануар жұтына алмай, бір нәрсеге қақалғандай әсер туғызады. Иттің кенеттен
өшпенділігі артып, орынсыз басқа жануарларға, адамға, тіпті өз иесіне де ұмтылуы мүмкін. Бұл
белгілер аурудың көтерілген кезеңі басталғанын көрсеттеді. Бұл кезең 3-4 күнге созылады.
Иттің қорқыныш сезімі жоғалып, шынжырын тістеп, бұлқынып, үзіп кетуге тырысады, босанып
алса кісіге шауып, бет алды жүгіріп, қашып кетеді. Құтырған ит бір күн ішінде ондаған
шақырым қашықтыққа жүгіріп, кездескен мал мен адамға шабады. Ұмтылған кезде үрмей,
үндемей қабады. Егер ит торға қамалса, онда темір шыбықтарды тісінің сынғанына қарамастан
тістеп, әлсіреп құлағанша бұлқына береді. Кез келген сыртқы әсер елірменің қайтадан ұстауына
әкеп соғады. Бұдан кейін әлі бітіп құлайды. Біртіндеп бұлшық еттері жансызданып, аурудың
үшінші дел-сал кезеңі басталады.
Дел-сал кезең 1-4 күнге созылады. Бұлшық еттерінің салдануы нәтижесінде дыбысы
мүлде өшіп (афония), жағы салалақтап, көзі шапыраштанады. Артқы аяғы басуға келмей,
сүйретіліп, кейіннен тұла бойы еттерімен алдыңғы аяқтары да салданып, ит мүлдем қимылсыз
қалады. Аурудың жалпы ұзақтығы 8-11 күнге созылады, кейде жануар 3-4 күнде өліп кетеді.
Құтырықтың бәсең (салданған) түрі аурудың итке түлкі де жұққан кезінде байқалады.
Көтерілу әлсіз немесе мүлдем болмайды. Ең бірінші кезеңде көзге түсетін белгісі ауырған
жұтына алмайды, аузынан сілекей ағады. Жағы салақтап, аяқ және тұла бойы, бұлшық еттері
салданып, 2-4 күн ішінде өліп қалады. Аурудың бас кезінде жануарлардың аузында немесе
көмейінде бөгде зат тұрып қалғандай болады. Бұндай жағдайда дәрігерлік көмек көрсету
әрекеті кезінде ауру жұқтырып алудан сақ болу керек.
Құтырықтың кәдімгідей емес түрі сирек кездеседі. Ондай кезде ит өшпенділік
көрсетпейді. Ауру сәл жіті өтеді де, жануар тез арып, бұлшық еттері сола бастайды. Кейде тек
қана шектен тыс арықтайды да, басқа белгілері көзге түспейді. Аурудың үзілмелі түрі өте сирек
кездеседі, ондай жағдайда жануар ара-тұра жазылып кетеді де, қайталамалы құтырық деп
аталады.
Мысықта құтырықтың белгілері иттегідей. Өршіген түрі жиі ұшырайды. Бастапқы
кезеңінде мысық аса секемшіл, қорқақ болып, қаға беріс қараңғы жерлерге тығылып қалады.
Ондай жерден алып шығуға тырысқанда иесін тырнап, тістеп алуы мүмкін. Әдетте кісінің
бетіне шабады. Жұтынуы қиындап, сілекейі ағады, қырылдап мияулайды. Көтерілген кезеңі
басталғанда ит құсап қашып кетуге тырысады, бірақ аса алысқа ұзамайды. Мұндай мысық
өшпенді келеді, әсіресе ит пен кісіге соқтығады. Бұдан соң жұтқыншақтың, аяқтарының, тұла
бойы бұлшық еттерінің салдануы күшейіп, ауру басталған соң 2-5 күн өткенде мысық өліп
қалады. Салданған құтырық кезінде өшпенділік аса байқала қоймайды немесе мүлдем
болмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |