Патрик диксон



бет2/8
Дата09.06.2016
өлшемі0.49 Mb.
#124400
1   2   3   4   5   6   7   8

Қалай көмектесу керек

Аурудың алдын алу шараларымен өмірді сақтап қалу, науқастарға және өлім аузында жатқан адамдарға жанашырлықпен көмек көрсету және жергілікті қоғамды дамыту үнемі қатар жүреді. Жұрт науқастарға күтім көрсетуде өз үлесін қосатындарға көбіне ең көп сенім артып, олардың ықпалы зор болады. Адамдар осылай аурудың ауыр азабын көріп, өз мінез-құлқын өзгертіп, өлім аузындағы науқастарға және олардың соңынан қалған жетімдерге қол ұшын беруге ниеттенеді. Алайда тамаққа тарығып, бір күндік нан үшін тәнін сатып, тәуекелге бел бууға бейімделген әйел заттың мінез-құлқының өзгеруі қиынға соғады. Жоқшылық, сауатсыздық пен ЖҚТБ бір-бірімен тығыз байланыста болады. Әдетте адамдар неғұрлым кедей болса, ауру соғұрлым тез тарайды.

Сіздің қауымыңыз не ұйымыңыздың жетекшілері ЖҚТБ мәселесімен бетпе-бет келуге дайын ба? Кез келген өсіп келе жатқан қауымнан бұрынғы өмір сүру салтының салдарынан АҚТҚ-ны жұқтырған кейбір адамдардың табылуы мүмкін.

ЖҚТБ-ға шалдыққандар айналасындағы адамдардың оны қабылдайтын-қабылдамайтындығы жайлы өте сезімтал болып келеді. Қатерлі ісік (рак) ауруымен ауыратындар секілді ЖҚТБ-мен ауыратындар да лезде ашу-ызадан ауруын мойындамауға, қайғыруға, торығуға, үміттенуге, болашаққа деген сенімге, күдікке, моюға, қарсыласуға, түңілуге, белсенді емделуге немесе тіпті өлуді қалауға да ауытқиды.

Адамның қазіргі өз жағдайы жайлы көзқарасына ерекше ықыласпен қараңыз. Оған болашақтың бұлыңғырлығына мойымауды, сіздің оған деген қамқорлығыңыз бен достығыңыздың мызғымайтынын және Құдайдың сенімі мен сүйіспеншілігі еш күмәнсіз екендігін түсіндіруіңіз аса маңызды. Ауру адамның өткен өмірінен қалған жан жарасы мен өзінің еш нәрсеге жарамсызбын деген сезімдері болуы мүмкін. Абайсыз басқаларға ауру жұқтырдым-ау, немесе басқалар дүние салса да өзім әлі күнге дейін тірі жүрмін деп өзін кінәлі сезіне алады. Бұрынғы өмір сүру салтынан айыпты сезінуі де мүмкін. Оңашаланып бөлектену мен жалғыздық сезімдері өте күшті бола алады. Өлім аузында жатудан қорқу кей жағдайда өлімнің өзінен қорқудан да күштірек болады екен.

Науқас адам сөзбен жұбатуға немесе оны мұқият тыңдауға дайын болудан гөрі жай ғана көмекке көбірек мұқтаж. Адамды жуындырып, киімін ауыстырып, не оған тамақ әзірлеп беру — алты сағат бойы ыңғайлы креслода отыруға қарағанда, сіздің оның өзіне және балаларына деген қамқорлығыңыздың сенімдірек дәлелі. Көпшілік ЖҚТБ-мен ауыратын науқасқа ақыл-кеңес беруге құмар, бірақ оған іс жүзінде қолғабыс беруге кім дайын?

Адамдар осы дүниемен қош айтысқаннан кейін, соңында еңіреп балалары қалады. Он миллион бала жетім қалған. Оларға кім қамқорлық жасайды? Кім келесі ұрпақтың өмірін сақтап қалуы үшін жас ата-аналарға ЖҚТБ-ның қаупі туралы күнделікті ескерту жасайды? Осының барлығы туралы біздің кітабымыз ашық мәлімет береді.

АҚТҚ аса үлкен жылдамдықпен таралып жатқанына қарамастан, сенімнің жолына түсушілердің саны артуда. Соңғы жиырма жыл ішінде, әсіресе, кедей елдерде сенушілердің саны бұрынғыға қарағанда әлдеқайда арта түскен. Мен осы өмірді өзгертетін сенімнің таралуы ЖҚТБ-ның таралуына жол бермеуге көмектесіп, жаңа жанашырлық ниет, күтім және түсіністікке ояныш болуы үшін мінажат етемін.


Патрик Диксон - Шілде 2005
Бірінші тарау

ЖҚТБ — сізге де төніп тұрған қатер!

Келешекте біраз жыл шамасында осы дүниедегі әрбір адам өзінің таныстарының біреуі ЖҚТБ-дан (СПИД, ЖИТС) өлгенін еститін болады. Қазіргі күндері жер шарында тұратын әрбір жүзінші ересек адам АҚТҚ-ны (ВИЧ, АИТВ) жұқтырған. Ол біреудің бауыры, қарындасы не сіңлісі, бөлесі, ағасы, бір көшеде тұратын көршісі, дүкен сатушысы, мектептегі не жұмыстағы бір танысы. Бұл Африканың көптеген елдердерінде және оңтүстік-шығыс Азияның кейбір аймақтарында, сонымен қатар ТМД елдерінде, оның ішінде Ресейде күнделікті жағдайға айналған. Сіз бұл туралы білмеуіңіз де мүмкін, себебі ЖҚТБ жайлы мәлімет көбіне құпия сақталуда. Сізге адам рак ауруынан не қандай да бір басқа аурудан қайтыс болды деп айтуы мүмкін, бірақ шын мәнінде сол адамның ажалы ЖҚТБ-дан болған. 2004-жылғы АҚТҚ-ны жұқтырғандардың саны шамамен 60 миллион болғаны ықтимал — нақты санын ешкім білмейді. Бүгінгі таңда АИТ вирусы дүние жүзінде бес жыл бұрынғы уақытқа қарағанда екі есе артық жылдамдықпен таралуда.

Кейбір адамдар қорқыныштан өзін қоярға жер таппайды. Олар «ЖҚТБ» деген сөзді естісімен теледидар каналын бірден басқасына ауыстырады. Оларға кеше кеште ғана сөйлескен адамы осы ауруға шалдыққан болса керек деген ойдың өзі қорқынышты. Олар ЖҚТБ-мен ауыратын адамның қолын ұстағаны немесе байқамай оның стақанын алып, одан ішкені туралы ойлай қалса болғаны, дүрліге кетеді. Егер олар өздерін қоршаған адамдардың бірнешеуі ауру жұқтырғандығын білетін болса, дүрбелең емес, байбаламға басады.
«Скафандр» киген дәрігерлер

Індет (эпидемия) шыққан алғашқы жылдары адамдар өздерін қызық ұстаған. Ұлыбританияда полиция қызметкерлері АҚТҚ-ны жұқтырған болуы мүмкін қылмыскерді тұтқындау үшін қолдарына қолғап, беттеріне бетперде, аяқтарына резеңке етік киетін. Біреуді ЖҚТБ ауруына шалдыққан деп күдіктенсе, «жедел жәрдемнің» қызметкерлері оны алып кету үшін нағыз «скафандр» киетін. Кейбір қауым жетекшілері Нан үзу рәсімі кезінде қолына қолғап киіп, нанды ағаш қалақшаның ұшына қойып ұсынатын. Науқастардың үйлеріне таратылатын ыстық тамақ кіре берісте суып қалатын, өйткені жүргізуші қоңырауды басып, үйге кіруге қорқатын.

Үндістанның Калькутта қаласында ЖҚТБ ауруына шалдыққандарға арналып жаңадан салынып біткен емхана жабылып қалған, себебі онда жұмыс істеуге ниет білдірген ешбір дәрігер де, медбике де табылмаған. Сол қалада дәрігерлер бір ананың АҚТҚ-ны жұқтырғанын білгенде оны кішкентай нәрестесімен емханадан қуып шыққан. Біраз уақыт бұрын Угандада егер біреу ЖҚТБ-мен ауырған адамның үйіне кіргеннен кейін ауырып калса, ауылдың тұрғындары оған мүлдем жоламайтын болған және ол сусыз, ауқатсыз қаза табатын.

Кез келген мәдениетте, кез келген халықта ЖҚТБ-мен ауыратындарды қабылдамаудың, олардан жирену және озбырлық көрсетудің мысалын табуға болады. Бір қуанарлығы көптеген жерлерде бұл қарым-қатынас өзгеруде, әйтсе де, мәселе сол күйінде қалуда. Дәрігер ретінде мен адамдар арасында осындай теріс сезімдерді тудырған басқа ешқандай ауруды білмеймін.

Осы ауру алдындағы қорқыныш көп ұзамай науқас адамға қарсы ащы ыза тудырады. Адамдар науқастың үйінің терезесіне кірпіш лақтырып, кейде ғимараттың өзін де күлін көкке ұшырып өртеп жібереді (бұндай жайт Лондонда екі рет орын алған). Адамдарды тонап, үйлерінен далаға қуып шығады. Мұндай мәселе үдей түсуде.
Мәселені қабылдамау

Батыс елдеріндегі мен араласып жүрген адамдар ауру адамды өздері кездестірмейінше, ЖҚТБ мәселесін шындап қабылдамайды. Сіздің жан досыңыздың өлім үстінде жатқандығын білу — естен тандырарлықтай жайт. Бұл «дұрыс емес» ауру деп ол туралы ешкімнің сөйлескісі келмейтіндігін байқаудан зоры жоқ шығар. Ол қатерлі ісік (рак) ауруына шалдықпаған, сондықтан да АҚТҚ-ны жұқтырған адамның басқалар үшін тіршілігі жойылады. Мұны ешкімнің де білгісі келмейді.

Алайда Руанда, Бурунди, Зимбабве, Оңтүстік Африка немесе Уганда секілді елдерде бәрі керісінше: мұнда әрбір отбасы ЖҚТБ-ның не екенін басынан кешкен. Адамдар үнемі осы аурудан қайтыс болып жатады: жолдың шетінде өздерінің өнімдерін тізіп қойған табытшыларға немесе ЖҚТБ-дан қаза тапқандарды көметін орын болмай, Африканың көптеген қалаларындағы зират басында жылап-еңіреген адам топтарына қараудың өзі де жеткілікті. Бірақ ЖҚТБ адамды таңғалдыратын жылдамдықпен тараған жерлерде басқа да мәселе бар: адамдар жантүршігерлік ақиқаттан теріс бұрылып, шындықты мойындамайды.

ЖҚТБ адамды білдірмей өлтіреді, өйткені АҚТҚ-ны жұқтырушы өзінің сырқаты жайлы тым кеш біледі. Бірақ мәселе адамдардың көпшілігі гомосексуал не нашақор еместігіне қарамастан, АҚТҚ-ның күн сайын 14 000-ға жуық адамға жұғып отыруында.

ЖҚТБ-дан мәңгілікке көз жұмып жатқан адамдардың көпшілігі некеге тұрғанға дейін ала жіпті аттамай, пәктігін сақтап келгендер. Олар ауруды өздерінің серіктерінен не дәрігерлік жәрдем алған кезде құрамында АҚТҚ бар қанды немесе лас ине мен дербес инені (шприц) қолданғаннан жұқтырған. Үндістан тәрізді елдерде көптеген адамдар ЖҚТБ туралы уайымдамайды, өйткені әзірше … олардың ешбіреуінің танысы бұл аурудан қаза тауып жатқан жоқ. Бірақ мәселе мынада: сіз достарыңыздың біреуі ауруды жұқтырғанын естіген кезде, сол ауруды тағы жүз адамның жұқтырғанын және олардың көп ұзамай о дүниеге аттанатынын болжай аласыз. Істің нәтижесі бірден бола қоймайды.
Тізбекті реакция

Қазіргі теледидардан көрсететін немесе олар туралы газеттерде жазатын ЖҚТБ ауруына шалдыққандар ауруды 90-жылдардың бас кезінде жұқтырса керек. Соңғы бес-он жыл ішінде олар өздерін қалыпты сезінген және тіпті инфекция жайлы ойларына кіріп те шықпаған шығар.

Алғашқы жылы сіздің ықшам ауданыңызда екі-ақ адам ауру жұқтырғанын көз алдыңызға келтіріп көріңізші. Он екі ай өткеннен кейін олардың саны енді төртеу болады. Тағы бір жыл өткенде олардың саны сегізге жетеді, ал тағы бір жыл өткеннен кейін он алты болады. Әзірше бәрі өздерін жақсы сезінеді әрі сырттай денсаулығы дұрыс секілді болып көрінеді. Тіпті ешкім денсаулығымда мәселе бар деп күдіктенбейді де. Жарты жыл өткен соң қырық адам, ал тағы да жарты жылдан соң жүзге жуық адам о дүниеге аяқ басады. Таралудың мұндай жолдары Африка және басқа да елдерде кәдімгідей орын алған.

Осы кезде алғашқы болып ауру жұқтырғандардың бірі жұмбақ сырлы жұқпалы вируспен ауырып, алты апта көрінбей кетеді. Ауруханадан шыққаннан кейін ол біршама шаршағандай болып көрінеді, әйтсе де, бір-екі аптадан соң әдеттегі күнкөрісіне қайтып оралады. Алты ай өткеннен кейін достары оның жүдеп кеткенін және күндердің күнінде ол дем ала алмай тұншыға бастағандықтан, оны «жедел жәрдем» әкетіп бара жатқанын байқайды.

Келесі күні таныстарының біреуі оның халін сұрамақшы болып келгенде, оның өкпе қабынуынан қайтыс болғанын біледі. Бір апта өткен соң оның ағасы сыраханада біреуге дәрігерлер оны ЖҚТБ-дан қайтыс болды деп күдіктенетіндігін айтады. Дәл сол түні сол «клубта» 102-нші адам ауру жұқтырған адаммен қауіпті байланысқа түскен. Егер сіз осылайша өзіңіз тұратын қалада он адамның ЖҚТБ-дан қаза тапқанын білетін болсаңыз, онда сіздің қалаңызда өзін жақсы сезініп жүрген шамамен 250-ден 1000-ға жуық адамның вирусты жұқтырғанын да білуге тиіссіз.
Ормандағы өрт тәрізді тарап өрши түседі

Әлемнің кез келген жерінде АҚТҚ-ны (ВИЧ-ті) тасымалдаушы бір адам бірнеше ай ішінде орта есеппен оны бір адамға жұқтырады. Бір адамның екі адамға, екеуінің төртеуіне, төртеуі — сегізіне, сегізі — он алтысына және тағы сол сияқты ауру жұқтыру уақыт аралығын «уақыттың еселенуі» деп атайды.

Әдеттегі тұмау тез таралады, оның еселену уақыты — шамамен бір апта. Мерзімнің бірінші күні бір адам тұмау жұқтырады. Келесі апталарда тұмауратқандардың саны алғашқыда баяу өседі: біреу, одан кейін екеу, содан соң төртеу, сегіз, он алты, отыз екі. Бес аптадан кейін бұл қиынға соғады: алпыс төрт адам тұмаумен ауырады. Тағы бір апта өткен соң жағдай одан бетер қиындайды: 128 адам мұрнын шүйіріп, түшкіреді. Бір аптадан кейін 256 адам өзін нашар сезінеді, ал тағы бір аптадан соң 512 адам денсаулығына байланысты жұмыстан қалады.

Шын мәнінде жағдай соншалықты жаман емес. Егер осы уақытқа дейін 512 адам жұқтырған болса, онда тек 256-сы ғана түшкіретін болады, өйткені тұмау бір аптаға ғана созылады, ал қалғандары болса бір аптадан ұзақ уақыт бұрын жұқтырған және одан бері денсаулықтары түзеліп қалған. Егер мектепте 1000 оқушы болатын болса, онда бірнеше аптадан кейін олардың барлығы да тұмаумен ауырып шығады деп топшылауға болады. Бірақ бұл солай емес, өйткені кейбіреулер бізге түсініксіз себептермен тіпті ауырмайды.

Тұмаудың мектепте таралуы АҚТҚ-ның қалай таралатынын көрсетеді. Әйтсе де, бұл жерде бір не екі маңызды айырмашылық бар. АҚТҚ-ға қатысты жағдайда уақыт еселенуі бір аптаны емес, әдетте 6-12 ай аралығын қамтиды. Ауруды мың адам жұқтырғаннан кейін мектептегі тұмаурату тәрізді уақыт еселенуі, тіпті, бірнеше жылға дейін баяулауы мүмкін. Мектепте әлі ауырмаған немесе ауруға қарсы тұруға қабілеттілердің саны бар-жоғы 100 ғана қалғанда, жаңадан ауырғандардың саны бір апта ішінде азая түседі: 256, содан соң 512, содан соң 100, содан кейін 50. Бір апта өткен соң бұл мектепте тұмаумен ешкім де ауырмайтын болады.
Өлім екпесі (инъекциясы)

Бірақ АҚТҚ-ның жыныстық қатынас арқылы таралуы адамдар өз серіктерін күнделікті ауыстырып отырмайтындықтан салыстырмалы түрде баяу болғанымен, нашаның екпесі арқылы таралуы өте жылдам болуы мүмкін. Оның жылдам таралуы соншалық, бір нашақордың өзі кем дегенде күніне бір адамға жұқтырады. Бұндай жағдайда ауру жұқтырғандардың саны бірнеше күннің ішінде-ақ 1-ден 2-ге, 4-ке, 8-ге, 16-ға, 32-ге, 64-ке, 128-ге, 256-ға, 512-ге... 1000-ға дейін өседі. Міне, сондықтан да бұл күндері Италияда, Америкада, Ресейде, Шотландияның кейбір бөліктерінде және басқа да жерлерде есірткі мәселесі аса шиеленіскен, демек, көп ұзамай-ақ оларда ЖҚТБ мәселесі кеңінен орын алмақ.


Бүкіл әлемнің өліп қалуы мүмкін бе?

ЖҚТБ бәрімізді бірдей өлтіре қоймас. Кез келген топта, қалада немесе халықта нар тәуекел деп өмір сүру салтын ұстанатындар арасында ЖҚТБ ауруы тез таралады. Тәуекел етуге аса асықпайтындар арасында баяуырақ, ал тәуекелге бел байлауға құштар емес адамдар арасында өте баяу таралады. Қанша адамның ауруды жұқтыратыны және қаншалықты тез екендігі тек аталған топтардың әрқайсысына қанша адам жататындығына байланысты. Егер біз үнемі нар тәуекел деп өмір сүру салтын ұстанатын адамдарды осы райынан қайтуға көндірсек, ең болмағанда ЖҚТБ-ның таралуын бәсеңдетер едік. Угандада АҚТҚ-ны жұқтырған жас келіншектердің саны 22%-дан 7%-ға дейін азайған. Ағартушылық іс адам өмірін сақтайды, бірақ бүкіл қоғамның жүріс-тұрысын өзгерту — уақытты талап етеді.


Кім өзін «аурудан қауіпсізбін» деп айта алады?

Италияда ЖҚТБ-ны нашақорлардың обасы (чумасы) деп айтады. Ал Африкада оны ерлер мен әйелдердің обасы дейді. Ұлыбританияда алғашқыда бұған гейлердің ауруы деген атақ таққан. Бірақ бәрі де өзгереді. ЖҚТБ — қарым-қатынас ауруы және оның вирусы арақатынас жолымен таралады. Ол ерлер клубтарында, фабрикаларда, кеңселерде, би кештерінде, мектептерде таралады.

Бір нәрсені шүбәсіз айтса болады: ЖҚТБ ешқандай шекараны білмейді — ұлтты да, нәсілді де, жеке басты да, жыныстық бағытты да. Вирус жыныстар арасында, жыныстық қатынаста болған бір жынысты адамдар арасында немесе қан я болмаса бір адамның денесінен бөлінетін сұйықтардың басқа біреудің қан айналымына енген кезінде таралады.

Ұлыбританияда АҚШ-тағыдай алғаш ауру жұқтырып, ең көп жапа шеккендер гомосексуалдар қауымдастығы. Өзіміз байқағандай, таяқтың бір ұшы бір топқа бірнеше жыл бұрын тиіп кетсе болғаны, мәселе 100 есе ұлғаятыны анық. Егер сіз сол топтың мүшесі болсаңыз, бұл сізді ЖҚТБ-мен ауырасыз деген жалған әсерде қалдыруы мүмкін.


Түйеқұстың қылықтары

Әрдайым адамдарға тым кеш болмайынша, өздеріне қауіп төніп тұрмағандай көрінеді. Үкімет те солай ойлайды. Сан-Францисконың билік иелері Нью-Йорк пен Лос-Анджелестегі жастарды өлтіріп жатқан ЖҚТБ деп аталатын жаңа ауру туралы бәрін білді. Олар аурудың таралу белгілерін өз қалаларынан іздей бастады. Бірақ олар уақытты бекерге өткізіп алды. Үкімет басы бұл мәселенің жедел екендігін түсінгенде, гей қоғамдастығындағы әрбір төртінші адам АҚТҚ-ны жұқтырған болып шықты. Дәл осындай оқиға Азия мен Африканың көптеген жерлерінде орын алған, бірақ онда вирус әйелдер мен ерлер арасындағы жыныстық қатынас арқылы таралған.

Көптеген қауымдардың жетекшілері түйеқұс іспетті «бастарын құмға сұғып жасырады». Олар маған: «Біздің қауымда ЖҚТБ мәселесі жоқ», — дейді. «Онда сіздің қауымыңыздың басқалардан ерекше болғаны ғой», — деп жауап қатамын. Қауымдар өсіп жатқан жерде адамдар сенім жолына түсіп, өмірлері өзгереді. Бірақ егер бір керемет болмаса, олар жұқтырып алған АҚТҚ өзінен-өзі жоғалып кетпейді.
«ЖҚТБ бұл жерде ешқашан болмайды»

Орталық Африканың кейбір бөліктерінде барлық жас әйелдер мен ерлердің әрбір бесіншісі ЖҚТБ-дан өлімге кесілген. Енді біз ЖҚТБ Африкада АҚШ-тағыдай 60-жылдары болғандығын білеміз. Барлық медицина қоғамының қырағылығына қарамастан, адамдар осы аурудан өліп жатқан. Ал 1983 жылы Африкада ЖҚТБ-мен ауырған деген тек бір ғана мәлімет тіркелген. Тек сол жылы ғана біз Орталық Африкада болып жатқан апатты кенеттен түсіне бастадық. Он мыңдаған адам ЖҚТБ-дан көз жұмып, миллиондаған адам ауру жұқтырған. Оларға көмек беру тым кеш болды.

Азияның кейбір бөліктері мен ТМД елдерінде індет тез жайылуда, мысалы Шығыс Еуропада (Ресей Федерациясы, Украина және Белоруссияны қоса есептегенде) және Орталық Азияда АҚТҚ-ны жұқтырғандар саны небары біразырақ жылдың ішінде күрт өсті — 2004 жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш 1,4 млн адамға жетті. Он жылдан аз уақыт ішінде 10 еседен аса өсті. 2004ж. АҚТҚ-ны жұқтырғандар саны шамамен 210 000 құраса, сол 60 000 адам ЖҚТБ-дан көз жұмды. Тек Индиядағы Мумбай (бұрынғы Бомбей) қаласының өзінде әр түні 1000-нан аса адам ауру жұқтырады. Солтүстік-шығыс Үндістанның шамамен 40000 тұрғыны бар ауылдарына барғанда солардың 8000-ы күре тамырға героин шаншитынын, ал 4000-ы ауруды әлдеқашан жұқтырғанын білдім. Мен өлім аузында жатқан бағушының ұлының қасында болдым және оның үлкен ағасы да әлдеқашан ЖҚТБ-дан қайтыс болған екен. Бүкіл ұрпақ апатқа ұшыраған. Әйтсе де, жыл сайын миллиондаған адамның өмірін сақтап қалатын қарапайым жол бар.
Соғыстан да жаман

Егер АҚТҚ-ны жұқтырғандар алты апта ғана өмір сүретін болса, онда АҚШ-тың халқы аза тұтып, экономикасы төмен құлдырап, бүкіл халық дүрлігер еді. Вьетнамдағы он жылға созылған соғыста АҚШ әскерінің 50 000 жас жігіті қыршын кеткен. Қазіргі уақыттағы миллионнан аса АҚТҚ-ны жұқтырғандарды есепке алатын болсақ, ЖҚТБ-мен салыстырғанда майданда қаза тапқандардың саны болмашы ғана болып көрінеді. Тіпті сіз осы кітапты сатып алғаннан кейінгі аралықта, АҚШ-та ауру жұқтырды деген бірде-бір мәлімет тіркелмеген күнде де, ондағы ажалы жеткендердің саны Вьетнамның жиырма соғысына пара-пар болмақ.

Ал Африкада ше? Біз қолға қару алдыратын дау-дамайлар эпидемияның таралуына септігін тигізетінін білеміз. Бүгінгі күндегі соғыстардың көпшілігі халықтар арасындағы емес, азаматтық соғыстар. Бұл миллиондаған босқындардың елден безіп кетуіне жол береді. Заң мен тәртіп бұзылғанда және қарулы топтар көшелерді бағындырып немесе торуылдап, қозғалысты тоқтатып жатқанда, денсаулық сақтау жүйесін қолдап, көтермелеу мүмкін емес. Алдын алу ұйымдары күйрейді, ауру еш кедергісіз таралады. Тәртібі нашар қарулы жасақ топтарында ер адамдардың жиі жыныстық серіктері көп болады, оларды не қарудың күшімен не көрсетер қызметінің төлемі ретінде мәжбүрлейді. Нәтижесінде АҚТҚ аса жылдамдықпен таралады.

Кейбір ресми емес мәліметтер бойынша Кенияның бірқатар әскер топтарындағы АҚТҚ жұқтырғандардың саны 90%-ды құрайды. Біз Оңтүстік Африканың көптеген қоғамдарында мәселенің өршіп тұрғанын білеміз, онда әрбір бесінші адам ауру жұқтырған. Бұл — жүз миллиондаған адамға ойға кіріп-шықпайтындай күйрете соққы беретін індет.


Кім сонда қауіпсізбін демек?

Егер сіз АҚТҚ-ны жұқтырмасаңыз және ауру жұқтырмаған, әрі тәуекелге бел байлап есірткіні күре тамырға шаншымайтын не қауіпті медицина процедураларына жүгірмейтін, өз серігіңізге адал болсаңыз, сізге ЖҚТБ тарапынан қауіп төнбейді.


ЖҚТБ жайлы еш жаңалық жоқ па?

Жыныс жолдарымен жұғатын аурулар жүздеген жылдар бойы бар болып келеді. Қырық жыл бұрын мерезге (сифилис) қарсы дәрі табылғанша, ол мыңдаған адам өмірін алған. Соз (гонорея) үнемі жылдам таралған және осы күнге дейін біздің дәрі-дәрмектермен емдегенімізге көбіне бой бермейді. Ең бір мәселе туғызатын ауру —ұшық (герпес), бұл ауруды жұқтығанда жыныс жолдарында күлдіреген жаралар пайда болады және жыныстық қатынас жасау мүмкін емес. Ол өмір бойы біресе пайда болып, біресе жоғалып отырады. Оның ешқандай емі жоқ. Егер сіз жыныстық қатынасты жасөспірім шағыңызда бастасаңыз әрі жыныстық серіктеріңіз көп болған болса, жатыр мойнының рагымен ауырып қалуыңыз әбден мүмкін. Көптеген әйелдер бедеу болып қалған. Бұл көбіне әйелдерді іштен бүлдіретін жыныс аурулармен байланысты. Әдетте бұл денсаулыққа зиян келтіргеннен кейін ғана білінеді.


Екінші тарау

Вакцина, дәрі-дәрмек және сақтандырғыштар
Ешкім де жалғыз ЖҚТБ-ның өзінен өлмейді
ЖҚТБ — белгілі бір вирустың ағзаңызды соншалықты әлсіретіп, оған басқа микробтардың енуіне жол беріп, сізге ажал әкелетін жағдайдың атауы. Әдетте сіздің ағзаңыз зиянды микробтарды оңай жойып жібереді. Бұлай болудың себебі, сіздің бойыңызда иммунитет бар. Сіздің иммундық қорғанышыңызға қатты зиян тигенде, біз сізге иммундық тапшылықтан жапа шегіп жүрсіз деп айтамыз. Кейбір адамдар әлсіз иммундық жүйемен туады, ал басқаларда иммундық жетіспеушілік аурудың нәтижесінде дамиды. АҚТҚ ағзаға инфекцияның салдарынан енетін болғандықтан, біз бұл ауруды жұқтырған қорғаныш тапшылықтың белгісі (ЖҚТБ) дейміз.

АҚТҚ — адамның қорғаныш тапшылығының қоздырғышы (вирусы) деп талдап түсіндіріледі, бұл ЖҚТБ-ны тудыратын қоздырғыштың (вирустың) ғылыми атауы.

Қандай атауды қолдансақ та, инфекцияның даму сатылары бар екендігін түсіну маңызды. Ең алдымен адам инфекцияны тасымалдаушыға айналады, бұған қарамастан ол өзін жақсы сезінеді. Содан соң аурудың ушығуының алғашқы белгілері пайда болады және кейін ол өлімге әкеп соғады. Бұл үрдіс бірнеше жылға ұласады. Адамның сырт келбетіне қарап оның бойында инфекцияның бар-жоқтығын ажырату мүмкін емес.
Вирус (қоздырғыш) дегеніміз не?

Вирус роботқа немесе компьютер бағдарламасына ұқсас. Онда сіздің тәніңіздің жасушаларына вирусты қалай көбірек өндіру керектігін үйрететін нұсқаулар бар. Вирус дегеніміз — ішінде генетикалық бағдарламасы бар ақуыз құты. Бұндай бағдарлама сіздің шашыңыздың түсін, мұрныңыздың немесе құлағыңыздың пішінін анықтайды. Гендер сіздің бойыңыздағының бәрінің қандай болуы тиіс екенін алдын ала бағдарлап қойған және бір таңқаларлығы тәніңіздің әрбір жасушасының ішінде дерлік сіздің дәлме-дәл көшірмеңізді жасап шығаруға жетерліктей барлық нұсқаулар бар!


Жауынгер жасушалардың құртылуы

Вирустың ішіндегі бағдарлама бар-жоғы бір немесе екі нұсқаудан тұрады, бірақ бұл нұсқаулар дұрыс емес. Егер осы вирус қанның ақ денешіктерінің ерекше түрлерінің біреуінің үстіне кірпік қағым уақыттан сәл көбірек жабысып тұра алатын болса, вирус кішкентай көпіршік тәрізді жарылады да, жасушаның ішіне өлтіретін бағдарламаны бүркіп жібереді. Бірнеше минуттан кейін жасуша осы бағдарламаны өз «миына», яғни ядросына, көшіріп алады да, енді бұл жасушаның ядросы әрдайым сол бағдарламамен жүретін болады.

Бірнеше апта, ай немесе тіпті жылдар бойы ауру жұқтырған жауынгер жасуша қан тамырларында не дененің тканьдарының арасында жүзіп жүре береді. Бұл жасушаның бір ғана мақсаты бар: микробтарды тауып, оларды құрту. Микробтардың жүздеген түрі бар және ақ денешіктердің әрбір түрі олардың арнайы бір түріне шабуыл жасау үшін жаратылған.
Біз неге ауырамыз?

Вирус жауынгер жасушалардың белгілі бір түріне ғана шабуыл жасайды және олардың саны азайған сайын ағзаға белгілі микробтарды өлтіру қиынға соғады. Сіз әдеттегі жөтел мен суық тигеннен лезде айығып кетесіз. Әдеттегі микробтардың көпшілігі тез өледі, әйтсе де, біреуі не екеуі кедергісіз өсе береді. Нәтижесінде еш күтпеген өкпе инфекциясы, құрт ауруы (туберкулез) немесе басқа аурулар туындайды.

Осындай микробты кездестіргенде жауынгер жасуша әрекет ете бастайды. Жылдар бойы маужырап келген күйден оянып, жасуша қарқынды жылдамдықпен антиденелерді өндіре бастайды. Бұл антиденелердің пішіні микробтың үстіне дәлме-дәл сәйкес келіп, антиденелер микробтарды орап алып, оларды өлтіреді. Бірақ егер жасушаның бағдарламасы өзгеріске ұшыраған болса, механизм тоқтап қалады. Жаңа бағдарлама іске кірісіп, жасушаның антиденелерді өндіруін тоқтатуды бұйырады. Бұйрыққа бағынып жасуша антиденелердің орнына жаңа вирустарды өндіре бастайды. Неғұрлым жасуша ұзақ ауырса, соғұрлым ол ұлғая түседі. Ақырында ол жарылып, қанға миллиондаған жаңа вирустарды шашады. Олардың әрқайсысы қанда бар-жоғы бірнеше минут қана тұрақтайды. Сол уақыт ішінде ол балғын таза ақ жасушаға жабысып, жарылады, жаңа жасушалардың — жауынгер жасушалардың бағдарламасын өзгертеді, мәселен, ми жасушаларын. Біраз уақыттан кейін ағза әлсірейтіні соншалық оны басқа да қабынулар (инфекциялар) меңдей бастайды.

Осы инфекциялардың кейбіреулері жеңіл сырқатқа әкеп соқтырады немесе адам салмағын жояды. Алайда өкпе инфекциясы емдеуге оңайлықпен көнбейді, тіпті адам өмірін әкетеді. Ешкім де ЖҚТБ-ның өзінен өлмейді. АҚТҚ-ны жұқтырған адамның иммундық қорғанышы бұзылғаннан кейін, оның денесін әлсірететін басқа бір жұқпалы аурудың немесе ЖҚТБ-мен байланысы бар рак ауруының нәтижесінде қаза болады. АҚТҚ-ны жұқтырғандар көбіне туберкулезден қайтыс болады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет