Патрик диксон



бет7/8
Дата09.06.2016
өлшемі0.49 Mb.
#124400
1   2   3   4   5   6   7   8

Өлім — ол құпия

Егер өміріңізде біреудің өліп бара жатқан сәтінде сізге оның қасында болу құрметі бұйырса, сіз құпияны бастан кештіңіз. Мынау — уақыт пен кеңістікке бағынышты әйел. Сіз оның қолынан ұстап қасында отырсыз. Ол демін тыныш алып жатыр. Уақытының көбін ол ұйқымен өткізеде, ара-арсында көзін ашып, бір нәрселерді айтады. Оның еш жері ауырмайды және еш нәрсені уайымдамайды. Ол не болып жатқанын нақты біледі. Оның жаны тыныш, қорқыныш жоқ.

Сіз қасында отырып оның демі ауырлай бастағанын және бұрынғыдан бетер терең ұйқыға кетіп бара жатқанын байқайсыз. Біраз уақыттан кейін (ол соншама ұзақ уақыт болып көрінгенмен, шын мәнінде бірнеше минут қана) науқастың тынысы өзгереді. Медбике оның жүрек соғысының әлсіреп және жиілеп бара жатқандығын аңғарады. Әйелдің маңдайынан моншақтап тер шығады.

Біртіндеп оның тынысы ақырындай бастайды, ең соңында мүлдем жоғалады. Сіз оның тірі не өлі екенін білмейсіз. Бірнеше минуттан кейін оның кенеттен терең дем алып, содан соң қайтадан үнсіз қалғанын көріп қорқып кетесіз. Тағы да біраз уақыт өтеді, содан кейін сіз оның келмес сапарға кеткенін түсінесіз.


Өлі дене әлі де тірі

Оның денесінің барлық жасушалары дерлік әлі тірі болады. Егер жарты сағатта оның бүйректерін алса (егер ол рак ауруымен немесе ЖҚТБ-мен ауырмаса), мұның басқа бір адамға пайдасы тиеді. Миының жасушалары қатты бұзылғандықтан, көпке шыдай алмайды, бірақ терісі тағы бір апта өмір сүреді. Егер ертең кешке дейін көзінің мүйізді қабығын алса, көзі соқыр болып қалған балаға көруге мүмкіндік береді. Оның жүрегінде әлі де соғып тұрған жасушалар бар. Оның ішектері әлі жұмыс жасап тұр, ал асқазаны ас қорытып жатыр. Денесінің барлық ақуыздары (белоктары) қалыпты күйде, ал жілік майы жаңа қан жасушаларын өндіруде. Ендеше не болып қалды?

Ақыр аяғында бұл құпия болып шығады. Мен атеистің шынайы діни тәжірибеге өзінің өлімі кезінде тым жақын келетіні және өлімнің рухани түсінікті барлық жағынан да жоғарылататынын әрқашан айтамын. Осы құпияны немесе сәбидің дүниеге келгенін бастан аяқ бақылағаннан кейін де, бұрынғысынша «Құдай жоқ» деген сеніммен әрі қарай өмір сүре беру үшін тым қасарысқан, қатігез адам болу керек.
Өлімге деген төрт жауап

Адам өзінің өлетінін білгенде, төрт нәрсе болады. Біріншіден, адамның басым қасиеттері өзгереді. Егер дәрігерлер оның Жаңа жыл қарсаңында өлетінін айтқан болса, оған колледждегі оқуын жалғастырудың қажеті бар ма?

Екіншіден, қарым-қатынастар өзгереді. Оның ең жақын досы бұл жаңалықты қабыл алуға дәті бармай, ауруханаға бір келуге де жарамайды. Ал бұрын-соңды ешқашан араласпаған, сырттай ғана таныс болған өзге адам оған үлкен жігер береді. Ауруы ушығып, өлімге бет бұрған шақта ғана науқас өзінің кім екенін және өзі үшін кімнің қымбат екенін біледі.

Үшіншіден, осы уақыт орны толмас өкініштің кезеңіне айналуы мүмкін. Кейбір адамдар өткен өміріне көз жіберіп, егер өмірдің осындай қысқа екенін білген болсам, көп нәрселерді басқаша істеген болар едім деп уайымдайды.

Ақырында адамдар болашаққа көз жүгірте бастайды. Менің сөйлескен адамдарымның көпшілігі өлімнен емес, өлуден қорқады. Олар өзін-өзі ұстай алмай қалудан, біреуге масыл болудан, басқаға толықтай тәуелді болудан, жан ауырпалығынан, өлімнің тұншықтыруынан, ақыл-есінен, қозғалу қабілетінен айырылып қалудан қорқады.

Бірақ бұл қорқыныштың тағы бір өлшемі бар. Шынымен де бұл өмірден басқа еш нәрсе жоқ па? Мен расымен-ақ жеке адам ретінде денемді құрап тұрған жай ғана молекулалардың жиынтығы болғаным ба? Мен өлсем, ақырына жеткенім бе әлде қандай да бір тіршілік бар ма?


Өлім аузында жатып Құдайға тәубе ету

Осы және тағы да басқа көптеген сұрақтар адамдарды ізденуге итермелейді. Олар аруақты шақырушыларға, көріпкелдерге, халық емшілеріне және тағы басқа о дүниелік өмір бар деп сендіретіндердің бәріне барады. Өлім аузында жатып Құдайға тәубе ету — әдеттегі әрі шынайы болатын нәрсе. Айқыштағы қарақшы өзінің өліп бара жатқанын біліп, Мәсіхке тәубе еткен. Өкпе рагіне шалдыққан адамның ауруханаға келгені әлі есімде. Ол тақуа әйелдерге қарап: «Мен атеистпін, Құдайдың бар екеніне сенбеймін. Осында қалу үшін міндетті түрде католик болу керек пе?» — деп сұрады.

Біз оған бұл жерде кез келген сенімдегі адамдарды және сенбейтіндерді де қуана қарсы алатынымызды түсіндірдік. Мен біреу одан оның жеке сенімі мен нанымдары жайлы сұрады деп ойламаймын. Бірақ екі апта өткеннен кейін ол өзі осы тақырыпты қозғап, сенушілер қауымының жетекшісімен кездесуді өтінді. Өлім аузында жатқан ол ешкім де сенім жайлы бір ауыз сөз айтпастан бұрынғы көзқарасынан қайтқан еді.
Өмірден де үлкен өмір бар

Сенуші ретінде мен осы өмірден кейін өмір бар екеніне және өлімнің тек уақытпен және кеңістікпен шектелген осы тәндік әлемнен шығып, болмыстың басқа түріне апаратын қақпа ғана екеніне сенемін. Иса бізге өлгеннен кейін осы өмірде не істегеніміз жайлы есеп беретіндігімізді айқын айтқан.

Иса сонымен қатар ешкімнің де өз-өзінен және өзінің арқасында мүлтіксіз еместігін көрсеткен: ешкім де Құдайға ұнамды бола алмайды. Ешкім де Құдайдың алдына келіп, тірі қалатындай мүлтіксіз емес. Бірақ Ізгі хабардың мәні мынада: Құдай Исаны жіберуі арқылы біз бен Өзінің арасындағы осынау терең шыңырауға көпір жасады. Біздің жасаған күнәларымыздың барлығының да мәңгілік салдары бар. Біз олар үшін жауап береміз және істеген істерімізге берілетін жаза — ақыр аяғында өлу және құрып кету.

Бірақ Құдай бізге тиісті жазаны өз мойнына алу үшін Исаны жіберді. Иса Өзінің құрбандық өлімі арқылы бізді күнәларымыздың салдарынан азат етті. Құдай Оны қабылдап және Оған сенім артқандардың барлық күнәларын Иса арқылы кешіруді және Өзіне тапсыратын есебімізді ағартып тазартуды таңдады. Біз ешкім қол жеткізе алмайтын, ешкім біле алмайтын, ешкім түсіне алмайтын Құдаймен Иса арқылы өз Әкеміз секілді қарым-қатынас жасай аламыз.

Сенушілер үшін өлім сәті — Құдай мен Оның сүйіспеншілігін тек жартылай ғана түсіну қалпынан Оның жанына толықтай өту. Бұны басымыздан өткізу — жұмақтағы ләззаттың өзі. Ал Құдайды және Оның істерін ешқашан білмегендер үшін Киелі кітапқа сай өлімнен кейінгі өмір орны толмас өкінішке айналады.

Осы өлімнен кейін не болатыны жайлы ілім қауым үшін әрқашан аса маңызды болған. Бірақ осыған орай көптеген адамдар қауымдардың ЖҚТБ-ға шалдыққан науқастарға көмек көрсетуге ат салыса бастағанын білгенде, бірден олардың көкейінде сұрақ туындайды. Егер сенушілер кейбір адамдардың қайтыс болғаннан кейін Құдайдан алшақтап кететініне сенетін болса, онда олардың әрбір о дүниеге аттанып бара жатқан адамға барып, Ізгі хабар айтқысы келетіні күмәнсіз емес пе?

Мен жақын арада ЖҚТБ-ға қарсы күресетін ұйымда қызмет атқаратын, әрі өзі де АҚТҚ-ны жұқтырып алған көрнекті бір тұлғамен сұхбаттастым. Ол будда дініне кірген екен. ЖҚТБ-ға душар болған жандармен сөйлескенде, өзінің сенімі жайлы қатты айтқысы келгенімен, олай істеуге болмайтынын түсінетіндігін ол езу тарта мойындады.

Егер ЖҚТБ-мен ауыратын адам сенушілер қауымының өкілімен кездесуді өтінсе, демек, оған рухани көмек қажет. Ал егер келген қауым өкілі оған тек тамақ жасап, киімін жуып, балаларымен ойнап, су әкеп беретін болса, онда науқастың үмітім ақталмады деп есептеуі ғажап емес. Дегенмен, егер ЖҚТБ-мен ауыратын науқас біреуден тек киім-кешегін жуып беруін ғана өтініп, ал келген адам тек сенім жайында ғана сөйлескісі келсе, онда бұндай жағдайда қатты ашулануға барлық себептердің бар екенімін де келісесіз ғой.

Өмірінің ақырына аяқ басқан адамның қасында болу — үлкен артықшылық. Бұл шынымен ерекше уақыт және бұны басынан кешкен әркім мұнымен келіседі. Науқастың «жоқ» немесе «өтінем, барыңызшы» деп айтуға әлі жетпейтінін пайдаланып, біреудің еш қысылмастан оның қасынан кетпей отырып алғанын ауру адам ауыр қабылдайды. Көбіне бұндай реніш кейінірек науқас қандай да бір адамның ешқашан оның үйіне келмеуін жалынып сұрағанында ғана сыртқа шығады. Сыпайылықтың арғы жағында дер кезінде бой көрсетпеген реніш пен ашу-ыза жасырынып тұруы мүмкін. Өйткені егер осал жағдайға душар болсаңыз, онда бүкіл өміріңіз тәуелді жанға қарсы шығудан бұрын сіз екі рет жақсылап ойланасыз.
Пайдалы ма әлде зиянды ма?

Егер емханадағы дәрігер агенттіктен ерікті жұмысшыны тауып беруді сұраса, онда ол одан рухани жетекшіні емес, іс жүзінде көмек көрсетушіні күтеді. Қандай да бір қоғамдық ерікті көмекшінің түні бойы аурудың тәубе етуіне әрекет еткені белгілі болғанда, дәрігердің ашулануына барлық құқы бар. Олардың пікірінше бұндай қоғамдық тегін жұмыстың еш пайдасы жоқ.

Бұның оған дәрігер ретінде көмегі тимейді, өйткені оған дәл сол агенттікке қайтадан өтініш жасау тым қиынға соғады. Бұның ауырған адамға да пайдасы болмады, өйткені ол жақсы сырлас бола алатын адамды және көмекті күтті, ал оның орнына ол уағызшыға кез болды!

Дәрігер бұл бағдарлама сенімге келетін жаңа адамдарды іздейтін діни қызметкерлердің пайдасы үшін деген қорытындыға келеді. Егер осылай болса, онда дәрігер әріптестерінің бәріне де осындай пайдасыз, зиянды адамдар туралы хабардар етуі керек.


Қонақ әрі қызметші

Әр нәрсенің өз орны, өз уақыты бар. Олардың көпшілігі жергілікті мәдениет пен дәстүрге байланысты. Мысалы, Уганданың бірқатар жерінде кейбір сенушілердің қауымға берілгендігі соншалық, егер қауым бағдарламасы бойынша ЖҚТБ-ға қатысты жұмыс істейтін қызметші келіп, әрбір кездескен сайын бірге мінажат етуді ұсынбаса, бұл өрескел болып көрінер еді. Егер сіз дұға етуді өзіңіз ұсынбасаңыз, ақыр соңында бәрібір сізден осыны өтінеді. Сенушілердің үйдегі мінажаты бұл — қауым қызметінің үйреншікті бөлігі. Мінажат — бұл өмір сүру салты. Алайда Таиланд пен Үндістанның кейбір бөліктерінде мүлдем басқаша. Сондықтан біз мұндай нәрселерге өте сақ болуымыз керек.

Бұл көбіне біздің қызметімізді қалай атқаратынымызға және адамдардың бізден нені күтетініне байланысты. Әйтсе де, мәдениетке және мәсіхшілік сенімге қаншалықты қайша екендігіне қарамастан келесі нәрселер әрқашан да шындыққа тіреледі.

Егер сіз науқас адамға тамақ әзірлеп беру үшін келсеңіз және ол сіздің оған қол ұшын беруге әрқашан да дайын екеніңізді, ешқашан шағымданбайтыныңызды, оны қандай адам болмасын сол күйінде қабылдап, тіпті оның дүниеге деген көзқарасы мен өмір сүру салты сіздікінен басқаша болса да оған шыдамдылықпен күтім көрсететініңізді байқап және сіздің қауымға баратыныңызды білсе, ол сізден сеніміңіз жайлы айтып беруді өтінеді. Бұндай жағдай өзіңізде бар үмітпен бөлісетін, науқас адамға рухани жұбаныш пен тыныштық беретін ғажап мүмкіндік.

Егер адамның өзі осы тақырыпта сөз қозғаса, оның сұрақтарына жауап бермеу ақымақтық әрі қайырымсыздық болар еді. Оның көзқарасы сіздікінен өзгеше екендігіне қарамастан, оның қасынан сенуші адамның табылуы ол үшін үлкен сүйеніш болуы мүмкін. Тіпті ол адам сіздің ол үшін мінажат еткеніңізді сұрауы да ықтимал. Атеистердің көбіне басқа адамдардың мінажатына сенетіндігі ғажайып нәрсе! Әйтсе де, сіз барлығына да қызметші-көмек беруші тұрғысынан қарауға тиіссіз: бүгін осы адамға қалайша көбірек пайдамды тигізе аламын? Сіз сонымен қатар өзіңіздің қонақ екендігіңізді және қызметіңізді ұсынамын деп оның мазасын кетіріп алмауыңызды да үнемі есіңізден шығармауға тиіссіз. Айтпақшы, мен жоғарыда айтып кеткен буддаға сенуші Мәсіхке деген сенімге осындай жолмен келген.
Мектепте берілетін білім

Дәл осы қағидалар мектептегі жұмыста да қолданылуға тиіс. Жыныстық қарым-қатынас тәрбиесі мен ЖҚТБ жайлы оқушыларға қалай айтып-жеткізу керектігі туралы әркімнің қалыптасқан өз көзқарасы бар мектептегі жұмыс бұл аса сезімталдықты талап ететін сала. Және тағы да бұл көзқарастар әр елде, әр аймақта, әр қоғам мен әр мектепте өзгеше болуы мүмкін. Адамдар белсенділер ЖҚТБ дағдарысын мектеп үшін орынсыз болатын сақтандырғыш мүшеқаптардың жарнамалары үшін пайдалануға немесе пуритандық көзқарастар мен қалыптарға үгіттеуге тырыса ма деп қорқады.

Мұғалімнің шақыруы бойынша келген ағарту ісін жүргізуші мектепте қызметші, ал сыныпта қонақ болуы тиіс. Талқыланатын тақырыптар, оны жеткізу әдістері мен сол шараның жалпы ыңғайын табуды алдын ала келісіп алған жөн.

Мектептегі жұмыс — артықшылық және егер сізді шақырған адамның тарапынан қолдау көрсетілмесе, онда ол жеке бастың көзқарасын үгіттеудің мінбесіне айналмауы керек. Бірақ егер діни сұхбаттар немесе өмірден алған тәжірибелер туралы сабақ барысында мұғалім не оқушы лектордың о дүниедегі өмірге деген мәсіхшілік сенімімен бөлісуін не жыныстық қатынас жайлы көзқарасын нақтылауын сұраса — оның жөні басқа. Алайда мұндай көзқарастар талқылануға және қарсыласуға ашық жеке бастың пікірі болып қалуы тиіс. Дегенмен менің айтарым барлық жағдайда сіздің жетекшіңіз жергілікті мектеп пен оның мұғалімдері болсын. Олар сізге өзіңіз ойлағаннан артық еркіндік береді.

Қорытындылай келе ЖҚТБ қоздығыш-вирус арқылы тарайтын, ортақ инеден немесе ауру адаммен болған жыныстық қатынастан жұғатын, сансыз көп адамның өмірін алатын жан түршігерлік ауру. Ол біздің осал сезінетін екі жерімізден соққы береді, олар —біздің адамгершілігіміз және біздің өлімге деген көзқарасымыз. ЖҚТБ бізді не істеп жүргендігіміз әрі кім екендігіміз жайлы ойлануға мәжбүр етеді.

Енді әрекет жасайтын мезгіл жетті.


Әрекет жасайтын мезгіл жетті

Ең алдымен сізге өз өміріңізге көз жүгіртіп шолып өту қажет шығар. Мен көптеген адамдардың өмірінің соңына жетейін деп қалған сәтте өмірдің мәні туралы терең ойлана бастайтынын байқадым. Өз үйіңізді ретке келтіру үшін өлім жазасына кесілу міндет болғаны ма сонда? Мүмкін, сізден дереу жыныстық қатынасқа байланысты өміріңізді өзгерту не нашақорлықтың инесінен бас тарту, сонымен қатар, сізге ненің маңызды болып табылатынын шешу талап етілетін шығар.


Сізге не маңызды?

Сізді шын мәнінде не нәрсе бақытты ете алады? Сіз үшін қандай қарым-қатынас маңыздырақ? Мен осы жылды ғана емес, алдағы бірнеше жылды және болашақты да айтамын. Сіз нағыз достарыңыздың кім екенін әрі сіз кімнің иелігінде екеніңізді білесіз бе?

Осының бәрі маңызды сұрақтар. Көптеген адамдар мәсіхші болғаннан кейін былай дейді: «Егер мен қазіргі білетіндерімді бұрын білсем, менің өмірім ешқашан мұндай мәнсіз болмас еді». Өкінішке орай, өлім қаупі төнген ауру не бақытсыз оқиға адамды терең ойға шомдырып, өз ойлары мен сезімдерін тексеруге мәжбүр етеді. Таныстарыңыздың көпшілігі ешқандай ұзақ мерзімдік жоспарсыз қарым-қатынастың біреуінен екіншісіне, жұмыстан жұмысқа ауысқан бір күндік өміріне бола бақытты шығар.

Бірақ осындай өмір салтын ұстанатын адамдар ақырында жиі жағаға шығып қалады. 38 жастағы әйел өзіне үйленемін, балаларына әке боламын деп сөз беріп, өзімен бірге тұрып жатқан еркектің соңғы екі жыл бойы көзіне шөп салып жүргенін және енді оны тастап кетіп бара жатқанын біледі. Бір ер адам бизнесте өз арманына жетсе де, жанұясы мен достарын жоғалтқанын түсінеді. Ол ақшаға достарды емес, тек қызығушыларды ғана сатып алуға болатынын өте кеш түсінеді. Басқа еркек бірнеше кезекті қарым-қатынастан кейін бәрінен көңілі қалып, өзінің махаббаттың не екенін түсінетіндігіне күмәнданады.


Бақытты өмір

Мен Құдайдың сізді арнайы бір мақсатпен жаратқанына және егер Құдайдың сізге деген сол мақсатын өзіңіз тапсаңыз, онда орасан зор бақытқа кенелетіндігіңізге сенемін. Бұл жоспардың бір бөлігі басқалар үшін өмір сүруден құралады. Иса өзіңізді табудың, яғни толықтай адам болудың жалғыз ғана жолы — өзіңізді жоғалту екендігін айтқан. Бұл сіздің барлығы келіп аяғын сүртетін «төсеніш» болуыңызды білдірмейді. Бұл өз ырқыңызбен еркін өмір сүру құқынан бас тартып, Исадан қалай өмір сүру керектігін сұрауды білдіреді. Мен Құдайдың сізге арнаған ерекше жоспары бар екеніне және Ол сізді сүйгендіктен, Оның жоспары сізді толықтай бақытқа кенелтетініне сенемін.

Бұл жоспардың ең маңызды бөлігі сіз толық бақытты өмір сүру үшін Құдай сіздің Оны досыңыз ретінде жақын танып, жаңа күш-қуатқа, ішкі жан дүниенің қорына ие болғаныңызды қалауынан тұрады. Бұл бізге толымдылықты, кейде тәндік сауығуды да береді.
Сіздің ат салысуыңызға болады

Екіншіден, сіз ЖҚТБ-мен ауыратын адамдарға көмек болатындай әрекет ете аласыз. Немесе сіз ерікті адам болуды, қайырымдылық қаржы бөлуді, науқастың халін білуді не оның отбасына демеу көрсетуді қалайтын шығарсыз. Мүмкін, сіз АҚТҚ-дан қалай сақтануға болатынын айтып, адам өмірін сақтауға жәрдем беруді қалайтын шығарсыз. Неге бұл туралы қауымыңыздың мүшелерімен немесе АҚТҚ/ЖҚТБ-ға қатысты жұмыстар атқарып жүргендермен сөйлесіп, өз қызметіңіз бен уақытыңызды ұсынбасқа? АСЕТ-тің интернет-сайтынан сіз көп пайдалы мәлімет таба аласыз. Олардың көшірмесін жасап, қағазға басып та ала аласыз.


Не істеуге болады?

Қолыңызда бар нәрседен бастаңыз. Мен жақын арада Уганданың өте кедей облысында тұратын алты қария ұйымдастырып ашқан ЖҚТБ-ның кесірінен жетім қалған балаларға арналған мектепке бардым. Олар өздерінің қолында бар нәрседен бастап, соған бірте-бірте ауыл тұрғындарын жұмылдырған. Ептеп олардың бастаған ісі аяғынан тұрған. Олар ақша жинап, жер сатып алған. Содан соң сиыр сатып алу үшін ақша жинаған. Сиырдың сүті мектепті қамтамасыздандыруға кеткен шығынды өтейді. Олар қолдан кірпіш жасап, көп кешікпей қамыстан жасалған лашықтары кішігірім ғимаратқа айналады. Содан кейін олар жаңа ғимарат салуға кіріседі. Олар бүлдіршіндерді қолдарынан келгенше өздерінің бос уақыттарында оқытып-үйретеді. Бұған бүкіл ауыл тұрғындары көмектескен. Біреулер тамақ әкелетін, басқалары оны даярлайтын, үшіншілері балалардың шөлін қандыру үшін күнделікті су әкелетін. Жасы келген қариялар өздерінің білім алуға тиіс екендігін түсініп, білімдерін жетілдіру үшін мемлекеттік дайындық курстарына барады. Бір қонақ келіп, электр желісін жүргізуге қаржы бөледі. Басқа біреуі су құбырын жүргізуге қаржылай жәрдем береді. Тағы біреуі үлкен қыздарды үйрету үшін іс машинасын береді... Осылайша олардың істері ілгері баса бастады.

Әрбір қауым өз мүшелерін басқа адамдарға көмек көрсету үшін бір нәрсе істеуге жігерлендіре алады. «Тир Фонд» ұйымының негізін қалаушы Джордж Хоффман бірде былай деген: «Сіз бүкіл әлемді өзгерте алмайсыз, бірақ қай жерде болса да бір адамның жеке әлемін өзгерте аласыз».

Бүгін барып біреудің өмірін құтқарыңыз.

Бүгін барып ЖҚТБ-ға шалдыққан адамның отбасына азық-түлік апарып беріңіз.

Бүгін барып жетімді не жесірді жұбатыңыз.

Бүгін барып өз өмірін ЖҚТБ-ға қарсы күрес пен қызметке арнаған біреуге жігер беріңіз.

Құдай оларды қорғап, сақтасын деп мінажат етіңіз.

Сонда сіз осы дұғаларға жауаптың бір бөлігі бола аласыз!
Көмек көрсету

Үшіншіден, сіз, мүмкін, осы кітапта талқыланған кейбір тақырыптар туралы біреумен әңгімелескіңіз келетін шығар. Сірә, сіз өзіңіз ауру жұқтырып алдым-ау, не сіздің бір танысыңыз ауру жұқтырып алды-ау деп уайымдап жүрген боларсыз. Мүмкін, сізге әрі қарай не істеу керектігі жайлы тиімді кеңес алу үшін қауым жетекшісімен немесе дәрігермен сөйлесу қажет шығар.


Жетінші тарау

Біз не істей аламыз?
Әрекет жасайтын мезгіл жетті

АҚТҚ/ЖҚТБ-ға қатысты жобалардың іс-тәжірибесі
АСЕТ-тің Чехия мен Словакиядағы алдын алу жұмысы

Чехиядағы АСЕТ — тоғыз жылдан астам уақыт бойы ЖҚТБ-ның алдын алу жұмысын атқарып келе жатқан қоғамдық ұйым. Ұйымның негізгі жұмысы мектептерде, интернаттарда, университеттерде, балалар лагерінде, сенушілер қауымдары мен түрмелерде аурудың алдын алу туралы лекциялар оқудан тұрады.

Статистика АҚТҚ-ны жұқтырғандардың көпшілігі 15-25 жас аралығындағы жастар екендігін көрсетеді. Дәл осы жаста олар алғаш рет есірткіні қабылдап көріп, алғашқы төсек қатынасына түседі. Сондықтан Чехиядағы АСЕТ ұйымы аурудың алдын алу жұмысында басты назарды дәл осы жастағы жастар тобына бағыттаған.

Чехиядағы АСЕТ ұйымының лекторлары мектеп басшылығымен келісіп, оқушыларға оқитын 40 минуттық екі лекциядан тұратын бағдарламаны дайындаған. Оған қатысушылар жыныстық қатынасты денсаулық, ұзақ мерзімді қарым-қатынас және болашақтың тұрғысынан қарастыруы үшін лекцияларда белгілі контекстегі деректер көрсетілген. Лекциялар оқушыларды салауатты өмір салтына шақырады және адалдық, достық, кіршіксіз таза сүйіспеншілік пен пәктік тәрізді өнегелі құндылықтарға үйретеді.

Оқушылар лекцияны жақсы қабылдауы үшін АСЕТ-тің лекторлары жасөспірімдердің ойлау жүйесіне барынша жақындай түсуге, олардың тілінде сөйлеуге тырысады. Лекторлар «ресми мұғалімдердің» тұрғысынан қарамайды, қайта оларды өздерінің бірі ретінде қабылдап, сөзіне құлақ салулары үшін жасөспірімдердің деңгейіне түседі. Тәжірибе көрсеткеніндей мектептерде ЖҚТБ-ның алдын алу жұмысымен дәрігерлер айналысқанда, олар «түсініксіз медицина тілінде» сөйлейтіндіктен, жасөспірімдер олардың кеңесіне құлақ аспайды. Жасөспірімдер үшін махаббат, жыныстық қарым-қатынас және есірткі тақырыптары ата-аналарымен және мұғалімдермен талқыланбайтын «жабық тақырыптардың» бірі. Жасөспірімдердің көпшілігі мұғалімді «сабақ оқуға мәжбүрлеп, нашар баға қоятын» «жағымсыз кейіпкер» ретінде қабылдайтындықтан, мектептегі мұғалімге оқушылардың осы бағыттағы мінез-құлықтарына дұрыс ықпал ету қиынға соғады. Осы жаста балалар аталған нәрселер жайлы достарынан, көшеден немесе тележұлдыздардан естіп біледі. Сондықтан АСЕТ-тің лекторлары мектепке оқушыларды ЖҚТБ туралы статистикамен қорқыту үшін емес, қайта олармен достасып, осы тақырып жайында ашық сөйлесу үшін келеді. АСЕТ-тің лекторларының көпшілігі жастармен жұмыс істеуде тәжірибе жинаған, қазіргі замандағы жастардың мәдениетін түсінетін және жасөспірімдерге дұрыс өнеге көрсетіп, ықпал ете алатын сенушілер. Жеке бастың тәжірибесі лекторлардың төсек қатынасын некеге дейін күте тұруды сенімді түрде айтуына жол береді. Мектептердегі бұндай лекцияларды тек қана қауымның жастар жетекшісі мен бағушысы ғана емес, сенуші мұғалімдер мен денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері де жиі оқиды. Лекцияны ерлі-зайыптылардың оқығаны да жақсы, сонымен қатар өзінің басынан кешкен оқиғалары жайлы айтып беру үшін есірткінің тәуелділігінен азат болған бұрынғы нашақорды шақыруға да болады.

Лекция барысында лекторлар жасөспірімдермен ашық әңгімелесіп, олармен бірге пікірталас ұйымдастырып және барлық сұрақтарына жауап беруге тырысады. Лекцияның дәл осылайша әдеттен тыс болуы оның ықпалы мен тиімділігін көрсетеді. Лекцияларда мәліметтерді қызықтырақ етіп көрсетіп, оқушылардың назарын аудару мақсатында, түрлі түсті слайдтар қолданылады. АҚТҚ жұқтыру жолдары жайлы мәлімет пен мысалы, баскетболист Мэджик Эрвин Джонсон немесе әнші Фредди Меркьюри секілді бұрын жұртқа кеңінен танымал болған адамдардың жеке өмірлерінен алынған оқиғалар кезектесіп отырады. Лекцияларда оқиғалардан басқа өздеріне төнген қауіпке мән бермегендіктен, ЖҚТБ-ны жұқтырған басқа жастардың мысалдары да пайдаланылады. Лекциялар мектептегі ресми сабақтарға ұқсамайды. Тақырыптың маңыздылығына қарамастан, лектордың жасөспірімдермен байланыста болуы үшін әзіл-қалжың да айтылады. АСЕТ-тің тәжірибесі бойынша таза медициналық мәліметтерді жеткізгеннен гөрі, АҚТҚ жұқтырған адамдар туралы әр түрлі оқиғаларды айту арқылы оқушылардың назарын аударып, оларды қызықтырған әлдеқайда жеңілірек. Сонымен қатар лекция барысында өзара белсенділікті көрсететін түрлі аурудың алдын алуға байланысты ойындар жүргізуге де болады.

Лекторлар АСЕТ ұйымы жүйелі түрде ұйымдастыратын оқыту семинарларына қатысып отырады. Жаңа лекторларды тәжірибелі мұғалімдер жеке оқытады және біраз уақыт олармен бірге сабақтарға қатысады. Алдын алу жұмыстарын бастауды қалайтын адамдар өз рухани бағушыларынан қолдау хат алуы тиіс, өйткені ауруды алдын алу қызметі жетілгендікті және жауапкершілікті талап етеді.

Словакиядағы АСЕТ-ке мемлекеттік білім беру министрлігі қолдау көрсетеді. Білім беру министрлігі осы АСЕТ ұйымының Словакиядағы барлық мектептерде «адамгершілік тәрбиесі» жөніндегі пәнді дайындауын өтінген. Словакиядағы АСЕТ осы пәнді мұғалімдер мектептерде оқыта алуы үшін оларға үйретеді және оның ішіне ЖҚТБ-ның алдын алу жайлы лекциялар да енгізілген.

Чехиядағы АСЕТ өз жұмысының нәтижелілігінің арқасында білім министрлігінің АСЕТ-тің лекцияларын мектептерде оқытуға ұсыныс беретін қолдау хатын алды. Ұйымның партнерлері — ЖҚТБ-ның алдын алу жұмысына ерікті лекторларды оқытуға жәрдем беретін әр түрлі дәрігерлер мен психологтар. Бүгінгі күнде Чехия Еуропа бойынша АҚТҚ жұқтырғандардың саны ең аз ел. Кейбір дәрігерлер бұл нәтижені АСЕТ-тің алдын алу жұмысының қарқындылығымен байланыстырады. Жыл сайын осы ұйымның лекцияларын бүкіл Чехия бойынша мектеп оқушыларының жартысынан көбі тыңдайды.

Чехиядағы АСЕТ-тің басшысы Томаш Рехак бірнеше рет Ресей мен Украинаға келіп, АСЕТ семинарларында жергілікті лекторларды оқытты. Чехиядағы АСЕТ-тің аурудың алдын алу лекциялары орыс тіліне аударылып, жергілікті жағдайға бейімделген. Олар осы лекциялар оқылған мектептерде жақсы бағаланды. Осы алдын алу бағдарламалары жайлы көбірек мәліметті Ресейдегі АСЕТ-тен білуге болады (мекенжайы кітаптың соңында берілген).



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет