Патрик диксон


«Егер вирус несеппен сыртқа шықса, демек, бұл біздің өзендер мен су қорларынан ауру жұқтыратындығымызды білдіреді ғой?»



бет5/8
Дата09.06.2016
өлшемі0.49 Mb.
#124400
1   2   3   4   5   6   7   8

«Егер вирус несеппен сыртқа шықса, демек, бұл біздің өзендер мен су қорларынан ауру жұқтыратындығымызды білдіреді ғой?»

Қауіп төндіретін АҚТҚ емес, суда өмір сүретін диареяны тудырушы бактериялар.



«Мен Африкада ЖҚТБ-ны бәкене шыбындар (москиттер) таратады деп естідім. ЖҚТБ-ны масаның шаққанынан жұқтыру мүмкін деген рас па?»

Дүние жүзінде миллиондаған адам осы сұрақтың жауабын білгісі келеді және мен Африкаға барған сайын осы сұрақты қояды. Біз бұл сұрақтың жауабы африкандықтар үшін де, әлемнің басқа тұрғындары үшін де теріс екендігіне сенімдіміз. Егер ЖҚТБ шынымен осы жолмен таралатын болса, безгек (малярия) таралған аймақтарда ЖҚТБ те дәл солай таралар еді, өйткені безгекті бәкене шыбындар таратады.

Біз сонымен қатар ЖҚТБ-ның адамдардың әр түрлі топтарының арасында бірдей дәрежеде таралатынын байқар едік. Ақыр аяғы бәкене шыбындар жасы үлкен-кіші демей, адамның бәрін бірдей шаға береді. Бірақ біз ауру жұқтырғандардың басым көпшілігі вирусты анасынан жұқтырып алған нәрестелер мен жеңіл жүріске түскен жастар екендігін білеміз. Сондықтан біз бұл тұста бәкене шыбындардың кінәсі жоқтығына сенімдіміз. ЖҚТБ мен безгек арасында тек мынадай жағдайда ғана қосалқы байланыс болуы мүмкін: егер сіз бір аурумен ауырып жүрген болсаңыз және мұның үстіне ЖҚТБ-мен ауыратын болсаңыз, оның нәтижесі … екі есе жаман болады.

ЖҚТБ-ны таратуы мүмкін деп есептелетін жалғыз ғана жәндік — қандала. Өйткені ол қанды көп сорады, тасымалдайды және оның бір бөлігі келесі адамға енеді. Бірақ бұл қанның мөлшерінің аз болатыны сондай, АҚТҚ-ны жұқтырып алуыңыз үшін қандала сізді орта есеппен 15 мың рет шағуы тиіс!



«Шаштаразда сақал-мұрт алғанда, ұстараның жүзінен АҚТҚ-ны жұқтыруым мүмкін бе?»

Ұстараның жүзінде бір адамның қаны қалып қойып, дәл сол жүзбен екінші біреуді кесіп алса, ол АҚТҚ-ны жұқтырып алуы мүмкін. Ұстараның жүзін жай ғана жуып тазарту жеткілікті емес. Әк ерітіндісін немесе басқадай күшті дезинфекциялайтын заттарды қолдану керек, я болмаса, ұстараның жүзін өте жоғары температурада қыздыру қажет.



«АҚТҚ-ғатапсырылатын тест қаншалықты нақты?»

Тест алудың әдістері көп және олардың барлығы дерлік вирусқа қарсы пайда болатын антиденелерді іздейтін жанама әдістер. АҚТҚ-ны жұқтырып алған адамда антиденелер пайда болғанға дейін алты ай өтуі мүмкін. Егер адам вирусты қаңтар айында жұқтырып алса, оның анализдері шілде айына дейін теріс нәтиже беруі мүмкін. Ол осы уақыт бойы вирусты тасымалдаушы болса да, мұнысын тез арада анықтау қиын. Көпшілік жағдайда ең озат деген тексеру әдістері вирусты жұқтырғаннан шамамен алты аптадан кейін ғана (кейде одан сәл ертерек) анықтай алады. Кейде тест қате нәтиже беріп жатады, бұл әдетте дереу анықталатын анализдерде пайда болады. Тестен өту жолы өте күрделі болуы мүмкін және оның нәтижесін талқылау кейде қиынға соғады. Егер басқа аурулар да бар болса, соның әсерінен анализдің нәтижесі шатасып кетуі де мүмкін. Дәл осы себептен көптеген елдерде дәрігерлер екі түрлі әдісті қолданады, әрі арасында бірнеше апта өткен екі тест тапсыруды қолдайды. Вирустың өзін тікелей анықтайтын белгілі бір тестер де бар, алайда олардың бағасы тым қымбат және оларды атқару күрделі.



«Менің баламның АҚТҚ-ға тапсырған анализі оң нәтижелі. Бұл оның ауру екенін білдіре ме?»

Біріншіден, кез келген тест кейбір жағдайларда дұрыс болмауы мүмкін, міне, сондықтан қате нәтиженің болмауы үшін тесті қайта тапсыртқызады. Екіншіден, нәресте дүниеге келгенде, тест дұрыс жауап беруі мүмкін емес. Біз қолданатын анализ АҚТҚ-ға қарсы ағзада пайда болатын антиденелерді іздейді. Бірақ жаңа туылған сәбидің денесінде анасының антиденелері болады, сондықтан науқас аналардың балалары өздерінің антиденелерін өндірген-өндірмегеніне қарамастан, олардың бәрі бірдей АҚТҚ-ға оң нәтиже береді. Ананың барлық антиденелері қолданылып, баланың өз антиденелері пайда болғанша күту керек. Бала туылған соң шамамен бір жылдан кейін оған қайталап тест тапсыртқан абзал. Көптеген жағдайларда тестің нәтижесі теріс болады. Егер ана жүкті кезінде АҚТҚ-ға қарсы емделу курсын өтсе, бір жылдан кейін оң нәтиже беретін қауіп тағы да азаяды.

Ана құрсағында жатқанда нәрестенің 90%-ы аурудан аман болады. Көптеген жағдайда АҚТҚ-ның анадан балаға берілуі босану кезінде болады. Ана жүкті кезінде халі неғұрлым ауыр болса, соғұрлым оның бойында вирустың көп болғаны және соғұрлым балаға ауруды жұқтыру мүмкіндігінің зор болғаны. Арнайы емделусіз шамамен әрбір төртінші сәбиде туылғаннан кейін АҚТҚ болады. Бірақ егер мына секілді дәрі-дәрмектер AZT (зидовудин) немесе АҚТҚ протеаза ингибиторларын анаға 14-аптадағы жүктілігінен босанғанға дейін және нәрестеге алты апта бойы берілетін болса, бұл ара қатыс 8:100 (жүзде сегіз 8%) құрауы ықтимал. Дәрі-дәрмектерді қолдану және іштен жарып баланы алу/кесарево сечение/ ауру жұқтыру жиілігін 1:50 (2 %-ға) дейін азайтуы мүмкін.

«Мен АҚТҚ ЖҚТБ-ны тудырмайды деп естідім.»

Алты миллиард халық тұратын әлемде түрлі себептермен ақылға сыймайтын пікірді ұстанатын адамдар әрқашанда табылады және бұл жерде ЖҚТБ қалыптан тыс жағдай емес. Соңғы жиырма жылдағы орасан зор ғылыми жетістіктерге қарамастан, мәселен, «ЖҚТБ-ның себебі нақты АҚТҚ дейтіндей ешқандай дәлел жоқ» деп айтатын бірен-саран дәрігерлер, ғалымдар және журналистер бар. Бұл өте қисынсыз әрі қауіпті пікір. Бұндай адамдардың өз пікірін тарататын мүмкіндіктері бар, өйткені бұқаралық ақпарат құралдары пікірі шектен шыққан адамдарды ұнатады, солардан жаңалық жасайды. Ең бір өкініштісі олар медицина ғылымын түсінбейді. Егер осылай ойласақ, онда шылым шегу өкпенің рак ауруын тудырады дегеннің ешқандай «дәлелі» жоқ болғаны. Дегенмен, темекі өнеркәсібін айыптауға оған қарсы дәлелдер жетерлік. Мәселен, зертханалардан никотин шайырларының жасушаға үлкен әсер ететінін көреміз. Біз шылым шегетіндерде оны шекпейтіндерге қарағанда өкпе рагымен ауру ықтималдылығы өте жоғары екендігін байқаймыз. Бірақ мен нақты бір адам шылым шеккендіктен, рак ауруына шалдығып өлім аузында жатқандығын дәлелдей алмаймын. Адамды өлтіретін шылым шегу емес, ағзаның тканьдарына ауру шақырып, ақыры адамды өлтіретін шылым шеккендіктің зардабы.

Шылым шегуге қатысты дәлелдеме, АҚТҚ-ға да қатысты. Біз зертханадан АҚТҚ-ның қан құрамындағы ақ жасушаларды (лейкоциттер) өлтіріп, оның жасушаға қалай әсер ететіндігін көреміз. Біз адамдардың неге туберкулез сияқты ауруларға шалдығатынын білеміз. Оның себебі осы қанның ақ жасушаларының бұзылуында. Адамның АҚТҚ-дан болған «өлімі» оның шылым шегуден болған «өлімінен» артық емес. Олар ағзаның жасушасына АҚТҚ-ның тигізген әсерінен өледі. Шын мәнінде АҚТҚ-ны жұқтырғандар өлімінің көптігі туберкулезге байланысты. Алайда мен біреудің АҚТҚ-ны жұқтырғандықтан, туберкулезге шалдығып өлім аузында жатқандығын дәлелдей алмаймын. Кейбір адамдарда АҚТҚ болса да, туберкулезден өледі және оның өліміне АҚТҚ-ның еш қатысы болмайды. Бірақ біз АҚТҚ-ны жұқтырғандардың өмір сүру ұзақтығы ауру жұқтырмағандарға қарағанда әжептәуір қысқа екендігін және олардың басына түсетін мәселелердің қаншалықты көп екенін алдын ала айтып бере аламыз. АҚТҚ шыққан жерде оның соңынан әдетте туберкулез eреді және ол туберкулездің емдеуге қиын әрі адамды жылдам өлтіретін түрі болады.

Дені сау адамға ауруы бар бір литр қанды құятын болса, бірнеше жылдан кейін оның ауыратынын тіпті жас бала да түсінеді. Оның анализі жұбайы мен балалары сияқты АҚТҚ-ға оң нәтиже береді. Олардың бәрі ауырып ақыр аяғы өледі. Ал басқа адамға таза бір литр қанды құйса, ол жиырма жыл өтсе де дені сау болып жүре береді. Оның өзінің де, жұбайы мен балаларының да дендері сау болып, анализдері теріс нәтиже береді әрі ЖҚТБ-ға қатысы бар ешқандай аурумен ауырмайды. Мен АҚТҚ ЖҚТБ ауруын тудырмайды деп сенетіндерге АҚТҚ-ны жұқтырған адамның қанын өзіне құйып көруін ұсынамын. Бұны ешкім де істей алмайды, өйткені жүрегінің түбінде одан зор қорқыныш бар. Бірақ сондайлардың адам өміріне қауіп төнгенде жандары рақат табатын тәрізді. Нәтижесінде адамдардың көбі өледі, ал мен бұны қылмыс деп есептеймін.

Африкадағы ашық аспан астында өткізген пікір алысуымыз ұзақ уақытқа созылады және оған мыңдаған адам қатысады. Әрбір кездесудің соңында мен былай деймін: «Қазіргі кезде жыныстық қатынастан басқа ауру жұқтырудың кез келген түрінен адамдардың зәрелері ұшады. Менің мақсатым адамдардың ЖҚТБ-дан қорқынышын сейілту емес. Мен олардың түкке тұрғысыз нәрселерден емес, қайта қорқуға тұрарлық қатерден қорыққандарын қалаймын. Мен адамдардың ЖҚТБ-ға шалдыққандардың үйіне кіруге қалай қорықса, дәл солай жеңіл жүріске түсуден қорыққанын қалаймын.»

Әдетте адамдардың маған қоятын сауалдарының барлығы дерлік аурудың жыныстық қатынастан тыс таралатын жолдарына қатысты. Мен осы қауіптердің көпшілігінің тым аз екендігіне сіздердің көздеріңіз жетті деп үміттенемін, сондықтан сіздерге шын мәнінде істеп жүргендеріңізді өзгертудің қажеті жоқ. Бірақ өзіңіздің жыныстық жүріс-тұрысыңыз бен үміттеріңізді түбегейлі өзгертетін уақыт жетті және тері арқылы денеге енетін нәрселердің бәрінен өте сақ болған абзал.


Төртінші тарау

Баратын жер жоқ
Рактан да жаман

Жиырма үш жасыңызда рак ауруымен ауыратыныңызды және ақырында өлетініңізді білгеннен артық қорқыныш болмас. Бірақ аурудың аты ЖҚТБ (СПИД, ЖИТС) болса, бұл одан да зор болмақ.

Сіз өзіңізді соңғы бірнеше апта бойы әлсіз сезініп әрі әбден мазаңыз кеткен соң дәрігерге көріндіңіз делік. Дәрігер сізді бір не екі анализ жасайтын клиникаға жібереді. Сіз не болып жатқанын түсініп үлгерместен, дереу сізді палатаға апарады. Сізден тағы бірнеше тест алады. Және сізге айналадағылардың бәрі әрлі-берлі жүгіріп, абыржығандай болып көрінеді.

Содан соң дәрігер сіздің қатты науқас екеніңізді әрі келесі күні сізге күрделі операция жасалынатынын айтады. Ол сіздің ауруханада жоқ дегенде бір апта жататындығыңызды хабарлайды. Екі күннен кейін сізді қарау үшін тағы бір дәрігер келеді. Ол сіздегі рак ауруының өте сирек кездесетін түрі екендігін айтады. Ауру асқынған және болашағы тым бұлыңғыр.

Бірден өміріңіздің шырқы кетіп, болашаққа артқан үмітіңіз өшіп, арманыңыз ойран болады. Бұлай болуы мүмкін емес. Бұл тіпті сіздің миыңызға да қонбайды: сіздің оқимын, жұмыс істеймін, отбасын құрамын, балалы-шағалы боламын, қартайғанша өмір сүремін деген барлық жоспарыңыз қас қағым сәтте күлпарша болады.

Сіздің ата-анаңыздың уайым мен қайғыдан есі шығады. Балалары ата-аналарынан бұрын өлетін бұл неткен заман? Дүниенің бәрі аяғынан кері кеткендей сезіледі.



Өзін-өзі өлтірмек болу сезімі

Бірақ ЖҚТБ осының бәрінен де жаман болуы ықтимал. Кейде мен мектеп оқушыларынан: Сіз қан өткізіп, бірнеше күннен кейін қайтадан анализ тапсыруға шақыру хат келсе, содан ауруханаға келгенде бір адам сіздің қаныңыздың құрамынан АҚТҚ (ВИЧ, АИТВ) табылғанын айтатын болса, не істер едіңіз деп сұраймын.

Көпшілігі өзіме-өзім қол жұмсар едім дейді. Олар үшін ауруды басқалардан қалай жұқтырғанын сұрайды деген ойдың өзі жиіркенішті. Әкесіне оны қалай айтпақ? Олар өздерінің есірткі қолданғанын немесе жыныстық қатынаста тек бір ғана әйелмен болмағанын айта алар ма еді? Я болмаса, олар бірнеше еркекпен жақындасқан гей екендерін мойындар ма еді?

Көптеген адамдар өзіне-өзі қол жұмсауды мақсат тұтады, ал кейбіреулер ЖҚТБ-ның бастапқы сатыда екенін біле сала расымен-ақ өзін-өзі өлтіреді. Міне, сондықтан да өзінің диагнозы жайлы жаңа білген адамдарға аса мықты қолғабыс пен күтім қажет. Бір досым таңертеңгісін оянғанда бір пациентінің өз машинасын бақшаның ар жағына сөндірмей қойып, өзін соның иісінен әдейі уланып өлгенін білді. Бірнеше сағат бұрын ғана ол дәрігерлердің талабына қарамастан, аурухананың ЖҚТБ бөлімінен кетіп қалған. Ол өзінің ЖҚТБ-мен ауыратынын еш қабылдай алмай, өзін-өзі өлтірді.


Оны үйден қуып шығыңыз

Бірде біздің үйге бір ерлі-зайыптылардың келгені есімде. Әдеттегідей әңгіме барысында ЖҚТБ туралы сөз қозғадық. Содан сөзіміз гомосексуалдық және өсіп-жетілу барысында әртүрлі адамдардың даму жолдары туралы жалғасты. Мені сондағы үрейімді ұшырған нәрсе әлгі әйелдің еш шімірікпестен айтқан сөзі болды. Ол өзінің бес жасар ұлының гомосексуалдарға тән қылық танытса, оның пәктігі сақталғанына қарамастан оны үйден қуып шығатынын және ешқашан көрмейтінін айтқаны еді. ЖҚТБ-ға шалдыққандардың көпшілігі өздерінің ауруларын амалсыздан мойындайтыны таңғаларлық нәрсе емес. Адамдардың көзқарасы бойынша егер сіз ЖҚТБ-ға шалдыққаныңызды мойындамасаңыз, адамгершіліктен жұрдай болған азғындардың қатарына қосылғандығыңыз. Алайда біз байқағандай бұл шындыққа еш жанаспайды.

Шын мәнінде Африканың кейбір елдеріндегі АҚТҚ жұқтырған әйелдердің көпшілігі некеге дейін пәктігі мен адалдығын сақтағанымен ақырында ауруға душар болған. Өйткені олардың күйеулері дәл өздеріндей болмаған.
Сүйегін әкету

Бірде мен ЖҚТБ науқастарына қарасты бөлімге кіріп барғанымда, жападан жалғыз өлімнен бойын қорқыныш билеген жас жігітті көріп жаным түршікті. Мен одан отбасының қайда екенін сұрадым. Ол оларға не жағдайға ұшырағанын айтуға аузы бармайтынын және оларға бұл хабарды басқа біреудің жеткізгенін қаламайтынын айтты. Оның өмірі көз ілестірмей өте берді. Мүмкін, ұлым аман-есен деп ойлап жүрген анасына баласының сүйегін әкетуін хабарлауға ертең-ақ тура келетін шығар.

Ол мұнда келгенде ұлын танымайтын да шығар. Бұдан 7 ай бұрынғы қалпынан ұлының адам танымастай қу сүйегі ғана қалған. Жақ сүйегі шығып, беті бөртіп кеткен. Денесін ұзақ уақыт аурумен күресіп салынған инелерден қалған тыртықтардың орны басқан. Ол анасының жанына ауыр тимес үшін өзінің өлім туралы куәлігінде оны «өкпе қабынуынан» қайтыс болды деп жазуын өтінді. Егер анасы шындықты білген болса, оны басқаларға ағынан жарылып айта алар ма еді?
Алдын ала қалыптасқан қате түсініктер

Кейбірде ашу-ыза ұшқыны науқасқа күтім көрсететін адамдарға барып тиеді. Менің бір досымның әкесі оған бұдан былай оның отбасы мүшесі болмайтындығын айтқан. Досымның ең «ауыр қылмысы» бірнеше жыл бұрын ауру жұқтырып, ЖҚТБ-ға шалдыққан адамды сүйетіндігі еді. Көп айлар бойы ол науқасқа күтім көрсетеді. Ол қайтыс болғаннан кейін соңғы істеген «қылмысы» ЖҚТБ-ға шалдыққан науқастарға күтім көрсетуді жалғастыруға шешім қабылдауы еді.

Лондондағы АСЕТ-те қызмет ететін медбике күні бойы қауырт жұмыстан қатты шаршайды. Кешкісін жұбайымен төсекте жатқан ол ЖҚТБ-мен ауыратын бір адам туралы, оның қаншалықты ауыр халде екенін әрі үйінде жалғыз сезінетіндіктен, оның қасында біраз уақыт болып, ақыл-кеңес бергенін айта бастайды. Сол-ақ екен күйеуі: «Көзіңді құрт. Бұдан былай оған аяғыңды баспайтын болғанда ғана үйге қайтып келерсің», — дейді.

Дүниеде АҚТҚ-ны жұқтырғандарды шеттетпейтін, олармен жауласпайтын, ескерту жасап үрей туғызбайтын ел бар деп ойламаймын.

Бастауыш мектептің мұғалімі ЖҚТБ ауруларының клиникасына түскенде, оның неге сонша абыржығанын түсіну оңай. Оны ЖҚТБ-ға шалдықтың деген ой елеңдетпеген. Ол өлімнен де қорықпады. Оқушыларының біреуі оны ауруханадан көріп, ата-анасына немесе мектеп басқармасына оның қандай аурумен ауыратынын жеткізеді деген ой оның үрейін ұшыратын. Хабар жеткенде-ақ оның бүкіл атақ-абыройы төгіліп, неше жыл маңдай терін төккен еңбегі жермен жексен болады.

Қауым мүшелерінің біреуі палатама кіріп мені танып қоя ма деген қорқынышпен өмір сүретін қауым жетекшісін де түсінуге болады. Қауым қызметкерлері арасында ЖҚТБ-мен ауыратындардың саны ұдайы өсуде. Бұған таңғалуға болмайды. Егер адамның рухани қайта туылуы оны керемет арқылы вирустан азат етпесе, онда қауымның көптеген мүшелері олардың ұзақ жылдар бойы сенуші болып, сенімге келгеннен бері пәктігі мен адалдығын сақтағанына қарамастан, аурудан құтыла алмайды.


Көзге күйік болу

Егер ЖҚТБ-мен ауыратындарын жұмыс орындағылары біліп қойса, адамдар көбінесе жұмыстарынан айырылып қалады. Бірнеше компанияның өкілдеріне мынадай сұрақ қойылған еді: Егер қол астыңыздағы жұмысшылардың біреуі АҚТҚ-ны жұқтырған болса, не істер едіңіз? Олардың тек азғантайы ғана жұмысшыны бірден жұмыстан шығарып жіберетінін мойындаған. Ал басқалары оның жұмыстан өзі кетуі үшін барлық жағдай жасайтынын айтқан. Осылай ма, емес пе әйтеуір ЖҚТБ ауруына шалдыққандардың денсаулықтары жұмыс жасауға жарамды болса да, түбінде олардың жұмыссыз қалатыны айдан анық. Қаталдық танытатын бизнесмендер ғана емес. Тура сол себеппен бір заңгерге: «Бізге сен сияқтылардың керегі жоқ,» — деп заттарын жинап, жұмыстан кетуін талап еткен.



Жоқшылықпен кешетін күн

ЖҚТБ-ға шалдыққаннан қаржы тапшылығына тап болғандардың саны күннен күнге өсуде. Жылжымайтын мүліктің иесі оны жалға алушының ЖҚТБ-ға шалдыққанын білсе, жалға алу уақытын ұзартудан бас тартатын жағдайлар жиі кездеседі. Мүмкін, үй иесі одан пәтерін жалдайтын басқалар бұны естігенде көшіп кетеді деп немесе жаман сезімдерден қорқатын шығар, сірә. Осылай ма, жоқ па, әйтеуір, адам өзінің ЖҚТБ-мен ауыратынын білер-білместен үйіне қайтып келгенде, оның дүние-мүлкі далада жатқанын және құлыптың ауыстырылып қойылғанын өз көзімен көруі әдеттегі жайт.

Кейде бұған бірге тұрып жатқан ашынасы да кінәлі болады. Мен бір адамның ашынасының құлыпты ауыстырып үйге кіргізбей қойғанын және тағы да біреудің бұрынғы ашынасы үйінің дүние-мүлкін түгелдей, ақыр аяғы не орындығын, не шамын, не үстелін тіпті ұйықтайтын төсегіне дейін қалдырмай сыпырып-сиырып алып кеткен екі оқиғаны білемін.
Еріксіз қаңғыбас болғандар

ЖҚТБ ауруына шалдығудың нәтижесінде жоқшылыққа тап болып, үйсіз-күйсіз қаңғып жүрген адамдардың саны апта сайын көбеюде, ал кейбір елдерде бұл үлкен мәселеге айналған.


Мен кімге сенім арта аламын?

Осының бәрі ЖҚТБ-ға шалдыққан адамның басында рак ауруымен ауыратындардың барлық мәселесі және бұған қосымша ажалы жасына жетпей аурудан келетінін білу қайғысы түседі.

Мен бұны екі аурудың түрімен де етене таныс дәрігер ретінде айтып отырмын. Бірақ ең сорақысы — айналадағы адамдардың реакциясы. Келесі кездестіретін адамым мені аяй ма, (ал ең жек көретінім — жұрттың мені аяғаны), әлде ол менің тезірек өлуімді тілеп, барлығына да өзімнің кінәлі екенімді бетіме баса ма? Досым кім, дұшпаным кім? Егер мен өзімнің ауруым туралы досыма айтсам, ол бұл құпиямды сақтар ма екен? Ал ол бұл туралы тағы біреуге тіс жарғанша қанша уақыт өтер екен?

Осы бір шыңыраудан шығатын жол көпшілік үшін өзіне-өзі қол жұмсау екендігі таңғаларлық жайт емес. Күтпеген жерден көптеген туған-туыстары мен достарынан айырылу, ашу-ыза мен қайғы-мұң адамның күйін қашырып, ішкі жан дүниесін күйзелтеді.


Бесінші тарау

Сіз қалай ойлайсыз?
1. Бұл кімнің кінәсі?

Енді мен ЖҚТБ-мен (СПИД, ЖИТС) жыныстық қатынастың қалай байланысатынын және олар жайлы таралған кейбір көзқарастар туралы айтқым келеді. ЖҚТБ туралы сөз қозғалса болғаны, елдің бәрі эксперт-маман бола аламыз деп ойлайды. Ең алдымен ЖҚТБ-ның қайдан шыққаны туралы пікір алысады. Шынында мұны ешкім де білмейді. Біз АҚТҚ-ның (ВИЧ, АИТВ) жануарлар арасында тараған кәдімгі вирус түрлері сияқты әлемнің кейбір бөліктерінде өткен ғасырдың 60-жылдарында бар болғандығына күмәнсізбіз. Ол, мүмкін, қандай да бір қалыпта немесе түрде ғасырлар бойы бар болған шығар.

Көптеген ғалымдар вирустың алғашқыда Африкадағы жануарлардан жұқтырылғандығы ықтимал деп топшылайтындықтан, жұрт бұған қалайда Африка кінәлі деп ойлайды. Бұл мүлдем теріс пікір. Болашақта қандайма деректер ашылса да, ауру әйтеуір бір жерден басталуға тиіс қой және оның дәл сол тұстан шыққанына ешкім де кінәлі емес.

«Ақылдырақ болулары керек еді»

Адамдар кінә тағуға асығатын басқа бір ауқымды аймақ — ол белгілі бір топтар мен жеке тұлғалардың ауру жұқтыру себептері. Біреулер бұған кінәлі тек қана АҚТҚ-ны жұқтырғандардың өздері деп есептейді. Егер осы адамдардың көзқарасын логикалық аяғына дейін жеткізсек, онда белгілі бір өмір салтын ұстанған кез келген адам автоматтты түрде өлім жазасына кесілуге лайық деген қорытынды шығады.

Ал басқалар АҚТҚ-ны жұқтырғандар жақсырақ білгендері жөн болар еді дейді. Бірақ олар бұл күндері, әсіресе, кедей елдерде ЖҚТБ-дан өліп жатқандардың көпшілігі бұл ауру жайлы бұқара халық хабардар болғаннан әлдеқайда ертерек ауруды жұқтырғанын ұмытып кетеді.

Үшінші біреулер кез келген гей немесе нашақор өзінің жүріс-тұрысының дұрыс еместігін және соның салдарының қандай екенін түсінуі тиіс дегенге сенеді. Бұл вирусты жұқтырып алғандарды одан да кінәлі сезіндіреді. Соған қоса олар білместен АҚТҚ-ны жұқтырған басқа адамдардың алдында өздерін одан бетер кінәлі сезінулері ықтимал.


Кінә тағу оңай

Аурудың көпшілігі адамдардың өмір сүру салтымен біте қайнасатыны сондай, бұдан барып мынадай сұрақ туындайды: өмірінің соңғы қырық жылында күніне екі қорап темекі тартып, енді рак ауруынан тынысы тарылып, өлімге бет алған адамға жанымыз ашуы керек пе? Ал ішімдікті шектен тыс көп ішіп, жиналған кеште жығылып, аяғын сындырған жас қызға ше?

Ақыр аяғында адамның өзін кінәлап, оны жалғыз қалдырып, тастап кету жеңілірек. Бұл өзі үшін басқа біреудің мәселесін шешудің тез әрі таза жолы. Сіз оған қол ұшыңызды беремін деп өзіңізді кінәлауға міндетті емессіз, өйткені ол бәріне де өзі кінәлі ғой. Осындай көзқарасты ұстанған адамға ашығып жүргендерге де жәрдем берудің қажеті жоқ, өйткені олардың отбасыларының соншалықты үлкен болғанына өздері кінәлі ғой. (Әйтсе де, әлемнің тағы да бірнеше миллиард адамға тағам әзірлеуге мұршасы жететіндіктен, бұл айтылғандардың бәрі бос сөз.)
Қатыгез қауымдар

Мен ЖҚТБ-ға шалдыққан көптеген адамдарға күтім көрсетіп қана қоймай, сонымен бірге қауымда жетекші болғандығымнан, адамдар менің сенуші ретінде ЖҚТБ туралы не ойлайтыным жайлы сұрақтарды жиі қояды. Адамдар әр түрлі пікірлер айтады. Кейбіреулер ЖҚТБ-ны бүкіл гомосексуалдар мен жыныстық қатынас жасайтын серіктері көп гетеросексуалдар үшін Құдайдың берген жазасы дейді. Ал келесілерінің пікірлері басқаша. Қауымның кейбір жетекшілері сенушілердің ЖҚТБ-тан аулақ жүрулері тиіс десе, басқалары әр сенуші осы мәселеге байланысты қызметке ат салысуы керек дейді. Пікір айтарлықтай көп, бірақ біз бұлар жайлы қандай түйін жасауымыз керек?


Жеке көзқарас

ЖҚТБ Құдайдың қарғысы емес және ешқашан олай болмаған. Егер бұл қарғыс жыныстық серіктестері көп адамдарға бағытталса, онда неге лесбиянкалар (гомосексуал әйелдер) емес, гомосексуал ер адамдар мен гетеросексуалдар ғана жапа шегеді. Лесбиянкалар — біздің қоғамымыздағы (монах-тақуаларды есептемегенде) ЖҚТБ ауруы таралмаған жалғыз топ. Лесбиянкаларға өздері жыныстық қатынасқа түсетін әйелдерге АҚТҚ-ны жұқтыру өте қиын. Егер біз осындай үкім шығаратын көзқарасты ұстансақ, онда Құдайдың үкімі әділетсіз болып шығады, ал бұл мүмкін емес. Бұдан шығатын қорытынды: Құдай екі еркектің арасындағы, некеден тыс әйел мен еркектің арасындағы жыныстық қатынасты жек көріп, бірақ екі әйелдің арасындағы жыныстық қатынасқа мән бермегені ғой. Бұл нағыз сандырақ. Менің бір досым жақында былай деген еді: егер ЖҚТБ Құдайдың гомосексуалдар мен гетеросексуалдардың өмір сүру салтына деген ашуы болса және оны мылтықтан атылған оқпен салыстырсақ, онда Құдайдың онша жақсы мерген болмағаны ғой! Ал Африкадағы медициналық процедурадан вирусты жұқтырған он мыңдаған балалар ше? Сонда бұл қалайша өзі ауру әрі медициналық көмекке мұқтаж адамдарға Құдайдың қаһары болмақ?


Ешқандай жаңалық жоқ

Адамдар ЖҚТБ эпидемиясын ойлап қатты абыржиды. Олардың ойынша ЖҚТБ төбеден жай түсіретіндей тылсым дүние іспетті. Олардың жасы кішілері үлкендермен сөйлескені немесе тарихи кітаптарды оқығаны жақсы. Өзіміз байқағандай, ЖҚТБ жыныстық жолмен таралатын көптеген аурулардың бірі ғана. Бұл аурулар адамдар арасында жүздеген жылдар бойы болғандықтан, ЖҚТБ-ның де ғасырлар бойы қандай да бір түрде бар болуы әбден мүмкін.

Мерез (сифилис) Құдайдың қарғысы болып па еді? Ол бірнеше ғасыр бұрын бастап оба (чума) секілді таралып келді. Мерездің ешқандай дауасы болмады. Ол адамдарды бедеу етіп, түрлі аурулар туғызатын. Мерез жүректің, қан тамырларының, бүйректің, бауырдың ақыр аяғы мидың да жұмысын бұзған. Ертеректе бұл дерттің соңғы сатысын «санасыз мүгедек» деп атаған. Ол сондай жанға аса жағымды өлім емес!

Пенициллинді ойлап тапқан кезде неге Құдай кенет ойын өзгертіп, эпидемияның тоқталуына жол берді? Егер ЖҚТБ Құдайдың қарғысы болса, онда мерездің де қарғыс болғаны.

Киелі кітап бізге көптеген нәрселерден ләззәт ала алатынымызды, бірақ шектен асқандық біз үшін зиян екендігін айтады. Міне, сондықтан ішімдікке салыну жақсы емес. Осыған орай адамның ішімдікке салынып, бауыр циррозынан не басқа аурудан қайтыс болуын Құдайдың қарғысы деп айтуға бола ма?

Мен дәрігер болғандықтан ЖҚТБ-ның жай ғана ауру екенін білемін. Ол ұзақ уақыт бойы жануарларда болған әдеттегі вирустан шыққан. Секс — бұл еріншек вирустың бір адамнан екіншісіне берілуінің ыңғайлы әдісі және оған қоса вирустың мөлшері бірден көп беріледі. Болашақта ЖҚТБ-ның шипасы табылса, жыныстық жолдармен таралып, ауру тудыратын көптеген басқа қоздырғыштардың пайда болатыны даусыз. Сондықтан ЖҚТБ ешқандай гейлердің обасы емес және мен оны бәрімізді бірдей дүрліктіру үшін Құдайдың жіберген қаһары деп те ойламаймын.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет