Педагогикалық жағдаят №129
Сабақ басталды. Үй тапсырмасы тексеріліп жатыр. Балалардың барлығы кітаптан бастарын алмай үй тапсырмасын қайталап отыр. Бір бала жауап беруге шақырылды. Дәл осы сәтте Арман деген оқушы сабаққа кешігіп кіріп, рұқсат сұрап соңғы партадағы орнына отырды. Біраздан соң ол шытырлатып пакетін ашып тамақ жей бастады. Барлығы арттағы балаға бастарын бұрып қарап қояды. Бұл шуды байқаған мұғалім ол баланы класстан шығарып жіберді. Оның қасындағы отырған бала:
- Сіз оны не үшін шығарып жібердіңіз? Ол біз барлығымыз асханаға тамақ ішуге бара жатқанда бір бастауыш сынып оқушысы құлап қалып мұрнын қанатып алған екен, соны дәрігер бөлмесіне апарып көмек көрсетті. Ол бізбен бірге тамақ ішіп үлгерген жоқ. Сондықтан жаңа біраз тамақтанып алғысы келді ғой? – деді.
1) Бұл жағдайдың себебін түсінгеннен соң педагог ретінде қандай шешім қабылдайсыз?
2) Ол оқушыдан кешірім сұрап қайта шақырып кіргізесіз бе, әлде оқушыдан кешірім сұрау педагог беделін төмендетеді деп ойлайсыз ба?
3) Ол оқушыны басқаларға үлгі тұтуға бола ма?
Педагогикалық жағдаят №130
Сіз мектепке практикант болып келдіңіз. Сізге VII сыныпқа жетекшілік ету міндеті тапсырылды. Бұл сыныптағы оқушылардың көпшілігі өте белсенді, ашық, бір-бірімен қарым-қатынастары да жақсы. Бір аптадай өткен соң Сіз сыныпта ұжымнан шеттетіліп, тұйықталып қалған оқушы бар екенін байқадыңыз. Ол өз пікірін көпшілік алдында айтуға ұялады, ешкіммен тығыз араласпайды, көбінесе үндемей отырады, үзіліс кезінде де өзі жалғыз жүреді, улгерімі орташа. Педагог ретінде Сіз оны сөзге тартқыңыз келіп сабақ үстінде қосымша сұрақтарға жауап беруін қалап орнынан тұрғыздыңыз. Ол орнынан тұрып жауап қайтаруға біраз кідіріп қалған кезде, басқа бір оқушы:
Апай (ағай), одан несін сұрайсыз, ол бәрібір жауап бермейді, оданша бізден сұраңызшы – деп қолын көтерді.
Ал жауап беруге тұрғызылған бала ұялғанынан қатты қызарып орнына отыра салды.
Осындай ыңғайсыз жағдайда тұйықталып қалған балаға Сіз қандай көмек көрсете аласыз?
Орнынан айқайлап отырған «белсенді» оқушының адамгершілік қасиеттері, тәрбиелік деңгейі туралы қандай қорытынды жасай аласыз?
Тұйықталып қалған баланы әлеуметтендіруге байланысты қандай жұмыс формаларын ұсына аласыз?
Достарыңызбен бөлісу: |