Қадыр Әлі Қосымұлы би (1530–1605 жылдары), 1602 жылы "Жылнамалар жинағы" атты қазақ тарихына қатысты пікір айтқан автор. Бұл – қазақ тілінде жазылған тұңғыш ғылыми еңбек. Туған жері – Сырдария бойы. Қадырғалидың ата–бабалары Қарахан әулеті билігінен бері үздіксіз хан сарайында қызмет етіп, ханның ақылшы–кеңесшісі, қол бастар батырлары болған. Оның өз атасы Темшік Шығай ханның батыры болса, әкесі Қосым бек лауазымын иеленген.
Ол қазақтың ұлы хандарының бірі Тәуекел сарайында қызмет етіп, ақылшы, кеңесшілік рөл атқарған. Араб, парсы тілдерін жақсы меңгергендіктен, асқан зор білімінің арқасында жасбекзадаларды оқытып, тәрбиелеген. Әсіресе оның үлкен үмітеткені – Оразмұхаммед сұлтан еді. Өзінің ғылыми еңбегінде бұл туралы былай дейді: "Менің аталарым Оразмұхаммед сұлтанның аталарына қызмет етті. Өзім Оразмұхаммедтің қасында болдым".
Жас сұлтан Оразмұхаммедтің аңшылыққа құмар екенін, жылма–жыл ерте көктемде, күзде Ертіс, Тобыл бойын жағалап ит жүгіртіп, құс салатынын жансыздары арқылы біліп отырған. Сібірдегі орыс әкімдері 1588 жылы (патшаның тапсырмасы бойынша) аңдып жүріп, Тобыл алқабында қаршыға салып, көңіл көтеріп жүрген Оразмұхаммедті, Қадыр Әлі бастаған саятшы, нөкерлерімен қоса тұтқынға алады да, "аманат" ретінде Мәскеуге жөнелтеді. Орыс патшасы оларды жақсы қабылдайды, өз маңайында ұстайды. Ол1590–91 жылдары орыстардың шведтерге, Қырым хандығына қарсы жүргізген соғыстарына қатысады. 1592 жылы Ока өзені бойындағы Қасым хандығынан Оразмұхаммедке жер бөліп береді, 1600 жылы Борис Годунов оны Қасым ханы етіп тағайындаған. Қадыр Әлі бекбас уәзірлік қызметін атқарады.
Осы жерде Қадырғали өзінің атақты еңбегін жазады. Автор шығыс елдеріне, оның шаһарларына шолу жасап, қазақ сахарасын мекендеген жалайыр, арғын, қыпшақ, қаңлы, найман, қоңырат, керейіт, алшынт.б. түркі ру–тайпаларына тарихи анықтама берді. Ол Рашид ад–Диннің парсы тіліндегі "Жамиат–тауарих" шежіре кітабына сүйене отырып, Шыңғысхан әулеті және оның өзі жайында аса мол деректер келтіреді, қазақ хандарының өмірбаянына тоқталады. Онда қазақ жері, оның қалалары, ХIII–ХVӀ ғ. аралығындағы қазақ жеріндегі оқиғалар, қазақ хандарының ішкі–сыртқы жағдайлары, әлеуметтік топтар және қазақ жерін мекендеген ежелгі рулар бірлестігі жайында деректер бар.
Достарыңызбен бөлісу: |