Жүсіп Хас Хажиб Баласағұни (1020) – ақын, ойшыл, ғалым, мемлекет қайраткері. Өмірі туралы мәліметтер аз сақталған. Философя, математика, медицина, астрономия, астрология, өнертану, әдебиеттану, тіл білімі, тағы басқа ғылым салаларының дамуына зор үлес қосқан.
Жүсіп Баласағұнидің есімі әлемдік әдебиет пен мәдениет тарихында "Құтад–ғу білік" ("Құтты білік") дастаны арқылы қалды. Жүсіп Баласағұни бұл дастанды қазіргі жыл санау бойынша 1070 жылда жазып бітірген. Дастанды "хандардың ханы" – Қарахандар әулеті мемлекетінің (942 – 1210) негізін салушы Сүлеймен Арслан ханға (908 – 955) тарту етеді. Сол үшін хан өз жарлығымен Жүсіп Баласағұниға "хас хажиб" – "бас уәзір" немесе "ұлы кеңесші" деген лауазым берген.
Дастанның бізге жеткен үш нұсқасы бар. Біріншісі, Герат қаласындағы 1439 жылы көне ұйғыр жазуымен (қазір ол Вена қаласындағы Корольдік кітапханада сақтаулы), екіншісі, ХІҮ ғасырдың 1–жартысында Египетте араб әрпімен (Каирдің Кедивен кітапханасы қорында) көшірілген. Ал Наманған қаласынан табылған үшінші нұсқа ХІІ ғасырда араб әрпімен қағазға түсірілген. Бұл қолжазба Ташкенттегі Шығыстану институтының қорында сақтаулы тұр.
Ғалымдар осы үш көшірме нұсканың әрқайсысына тән өзіндік ерекшеліктерді жинақтай отырып, "Құтты білік" дастанының ғылымының негізделген толық мәтінін жасап шықты. Венгр ғалымы Герман Вамбери (1832–1913) "Құтты біліктің" бірнеше тарауын неміс тіліне аударып, 1870 жылы Инсбрук қаласында жеке кітап етіп бастырып шығарды.
Бұл шығарманы зерттеу, мәтінін дайындау және аударма жасау ісімен неміс ғалымы В.В. Радлов (1837–1918) жиырма жыл бойы (1890–1910) айналысқан. Түркия ғалымдары 1942–43 жылдары "Құтты біліктің" үш нұсқасын да Стамбұлдан үш том кітап етіп шығарды.
Дастан орта ғасырларда бүкіл түркі әлеміне түсінікті болған Карахан әулеті мемлекеті түріктерінің тілінде жазылған. Оны Қаримов өзбек тіліне (1971), Н.Гребнев (1971) пен С.Иванов орыс тіліне (1983), А.Егеубаев қазақ тіліне (1986), бір топ аудармашылар Пекинде ұйғыр тіліне (1984) аударған.
Кезінде “Құтты білік” дастаны Шығыстың әр елінде әр түрлі аталып кеткен. Бір елде – “Айнак ул–мамлакат” (“Мемлекет тәртібі”), екіншісінде – “Панунаман му–лук” (“Әкімдерге насихат”), үшіншісінде – “Адаб ул–мулук” (“Әкімдердің әдептілігі”) деген атпен мәлім. Бұл атаулардың бәрі – “Құтты білік” дастаны, негізінен, мемлекетті басқару мәселесіне арналған шығарма екенін растай түседі.
Шығарма 6520 бәйіттен (екі жолдық өлең) тұрады. Демек дастанда 13040 өлең жолы бар. Соның бәрі 85 тарауға бөлініп берілген. Кіріспесі қара сөзбен, ал негізгі бөлімдері аруз өлең өлшемінің ықшамдалған мутакариб деп аталатын түрімен жазылған. Кітаптың сюжеттік желісі негізінен шығарманың бас қаhармандарының өзара әңгімесінен, сұрақ–жауаптарынан, бір–біріне жазған хаттарынан тұрады. Төрт түрлі ізгі қасиеттің символдық көрінісі ретінде бейнеленген негізгі төрт қаhарман қоғамның көкейкесті мәселелері туралы әңгімелеседі. Мұндай сұхбатта олар ел басқарған әкімдер қандай болуы керектігін, оқу–білімнің қажеттігін, әдептілік пен тәлім–тәрбие мәселелерін дидактикалық–философиялық тұрғыдан сөз етеді.
"Құтты білік" дастаны белгілі бір мағынада елдегі негізгі заң қызметін атқарған. Дастанның басты идеясы төрт принципке негізделген. Біріншісі, мемлекетті дұрыс басқару үшін қара қылды қақ жаратындай әділ заңның болуы. Автор әділдіктің символдық бейнесі ретінде Күнтуды патшаны көрсетеді. Екіншісі, бақ–дәулет, яғни елге құт қонсын деген тілек. Бақ–дәулет мәселесі патшаның уәзірі Айтолды бейнесі арқылы жырға қосылған.
Үшіншісі, ақыл–парасат. Ақыл–парасаттың қоғамдық–әлеуметтік рөлі уәзірдің баласы Ұғдүлміш бейнесінде жырланады. Төртіншісі, қанағат, ынсап мәселесі. Бұл мәселе дастанда уәзірдің туысы, дәруіш Ордгүрміш бейнесі арқылы әңгіме болады.
Орта ғасырлық Шығыс ойшылдарына тән үйлесім – танымды көркем және ғылыми әдістермен ұштастыра қолдану Жүсіп Баласағұни ғибратында суреткерлік, ойшылдық, ғұламалық, философтық қасиеттердің үйлесім табуынан, ғылым даналығының біртұтастығынан көрінеді. Түркі мәдениетінің нәрлі бұлағынан сусындап, мұсылман өркениетінің қуатты ықпалымен толысқан ойшыл өз шығармасында адамның қоғамдағы орны мен қызметін түсінуге ұмтылып, мінсіз қоғам жайындағы өзінің биік философиялық мұраттарын баяндайды.
Жүсіп шығармасында өмір мәні пайымдалып, жалпы–адамзаттық рухани байлықтар – мұрат, дін, этика, өнер және даналықтың мәні сараланған. Ол ақиқатқа жету жолын адам мен әлемнің, ұлы ғалам мен микроғаламның үйлесімді болуы туралы қағидаға негіздейді. Төрт құдірет – от, су, ауа, жер жайлы ежелгі дәуірдің философиялық түсінгіне сүйене отырып, ол әлем осы төрттағанның үйлесімінен жаралған деп есептейді.
Осындай тағы бір төрттаған Жүсіп Баласағұниның қоғам туралы ойларында, яғни қазіргі түсініктегі әлеуметтік философиясында әділет, бақыт, ақыл және қанағат ретінде бейнеленіп, шығарманың төрт кейіпкерінің бойына жинақталған.
Ғалам мен микроғаламның тұтастығы, барабарлығы туралы ой Жүсіп дүниетанымының өне бойынан байқалады. Бұл жалған дүниені ақыл тезіне салып түзетуге болатынына да сенген ғұлама әлемдік үйлесімділік негізінде әділетті адамзат қоғамын құруды армандады.
Сондықтан ол ғылым мен білімге зор мән берген. Жүсіп Баласағүни жалпыға ортақ парасаттың танымның нәтижесі ретіндегі білімге көшуі адам мүмкіндігінің жүзеге асуы деп біледі. Ғұлама білімнің туа бітетіндігі жайлы пікірге қарсы шығып, оған парасатты іс–әрекеттің нәтижесінде қол жеткізуге болатынына сенеді.
Білімге молынан сусындаған адам ғана көп нәрсеге қол жеткізе алады. Оның пікірінше, білім – даналық, денсаулық және жан толысуы. Оның ойынша, қоғам құрылымындағы кемелдіктің өлшемі әлеуметтік тәртіп бұзылғанда ғана көзге түсе бастайды. Сол кезде жаңа мұраттар мен ұрандар пайда болып, халық қолдауына ие болады. Ол қоғамдық құрылымның кемелдігін жеке адамның бостандығы, тәуелсіздігі анықтайды деп санады.
Жүсіп Баласағұни өзінің әлеуметтік философиясында қоғамдағы кемелдіктің негіздері мен іс жүзіндегі көріністерін өзара тығыз байланыста қарастырады. Танымдағы кемелдік – білік, оның іс жүзіндегі көрінісі – укуш деп біледі.
Ол өз еңбегінде зердеге айрықша тоқталған. Ең алдымен, даналық яғни қазіргі түсініктегі теориялық зерде туралы ой толғап, даналық табиғатын, оның ерекшелігін, туа біткен қабілетпен кейінгі білім жинақтаудағы адамның өз рөлі, таным процесінде ақиқатқа ұмтылу, т.б. мәселелерді қарастырады.
Ғұлама өз туындысын Шығыс перепатизмінің арнасында, сопылық ағымның қуатты ықпалымен жазып шыққан. Ойлау қызметі тек адамға ғана тән, жануарларда жоқ қасиет деп біледі ол. Егер сезім алдамшы болса, онда оған толық сенуге болмайды, ал ақыл, зерде әрқашан адамға қызмет етеді, оның жалғандығы жоқ.
Шығарманың негізгі айтар ойы – адамның адами жетілуі мен кісілік кемелденуі, сол арқылы мемлекет пен қоғамды қуатты, мықты, құтты ету. Кісілік кемелдену жолына түскен адам – өзінің қасиетіне, қалыбы мен негізіне мейлінше жақындаған асыл жан. Дастан оқырманына құт–берекемен, бақытқа өз адамгершілігін асыл етумен ғана жетуге болатынын ұқтырады. Ондағы “өзіңді сақтау”, “өзіңді ұмытпау” қағидасы адамның адамшылығын танытар қасиеті – адамгершілік пен кісілікті жетілдіруге бағытталған.
Ақын өтпелі өмір мен өлім жайында терең толғанады. Оның ойынша, өкініштің ең ауыры өлшеулі өмірде дүние қызығы мен тән тілегі жетегінде кетіп, діл тазалығын сақтай алмаудан туады, сондықтан адам өзінің кісілік қасиетімен бірге өмірдің өткіншілігін де ұмытпауы қажет.
Мұнан өзге Жүсіп Баласағұни шығармашылығына ізгілікке құштарлық пен іңкәрлік, сопылық танымдағы Алланы сүю, әлем мен адам сырына терең бойлауға ұмтылушылық белгілер тән.
Ақын әдептіліктің алуан түрін жырлай келіп, солардың ішіндегі ең бастысы – тіл әдептілігі деген түйін жасайды. Ол метафора, аллегория, гипербола, меңзеу, астарлап сөйлеу сияқты көркемдік құралдарды аса шебер пайдаланған. Кітаптың әдеби, тілдік, тарихи тұрғыдан ғылыми мәні ерекше.
Жүсіп еңбегі қазақ халқының тарихын, этникалық құрамын қалыптастырған ру–тайпалардың орта ғасырлардағы тұрмыс–тіршілігін, наным–сенімін, әдет–ғұрпын, сөз өнерін, тілін, т.б. зерттеп білу үшін аса қажетті, құнды мұра болып табылады.
Махмұд Қашқари (1029–1101) Толық аты жөні Махмұт ибн әл Хұсейн ибн Мұхаммед. Туған жері қазіргі Қырғызстанжеріндегі Ыстықкөлжағасындағы (кей деректе Шу бойындағы) Барсхан қаласында әскерилер отбасында дүниеге келген. Қарахан әулетінен. Қашқарда, Бағдатта білім алған.
Византия, Түркия, Қытай және басқа елдерді аралаған–түркі ғалымы, әйгілі «Диуану лұғат–ит–түрк» (Түркі сөздерінің жинағы) атты еңбектің авторы. Түркі тілімен қатар, араб және парсы тілдерінде де еңбектер жазған. «Диуани лұғат ат–түрік» – ғалымның негізгі шығармасы. Онда көшпелілердің ой әлеміне қатысты да тамаша мұра жинақталған. Бұл тамаша энциклопедиялық туынды 1072–1078 жылдары Бағдатта жазылған. Түп нұсқасы жоғалып кеткен. 1206 жылы жасалған жалғыз көшірмесі Стамбулда сақтаулы. Толық нұсқасын қазақ тіліне А. Егеубаев аударды.
Ғалымның бұл кітабы ерте орта ғасырлық түркі халқының энциклопедиясы іспетті. Онда өте бағалы, кейбір жағдайларда таптырмайтын, XI ғасырда өмір сүрген көптеген түркі тайпалары тарихы жайындағы мәліметтер енгізілген.
Сөздік этноним, топоним, рулық терминдер, әр түрлі қызмет атаулары, тағамдар мен сусын атаулары, үй, жабайы жануарлар, құстар, айлар мен апта күнтізбесі, дәрілік жабдықтар, астрономия, әскери, медициналық, діни т. б. атаулар қамтылған.
Сол кездегі түркі халықтарының дүниетанымы, этикалық нормалары мен құндылықтары, өзін–өзі ұстау әдеті тілге тиек етіледі. Әр түрлі тайпалар арасындағы тарихи–мәдени байланыстар, Қазақстан мен Орта Азия аумағында болған кейбір тарихи оқиғалар жайында (Мәселен, Ескендір Зұлқарнайын жорығы туралы) құнды мәліметтер бар. Тарихшылардың назарын өзіне аударған – шығармадағы дүние жүзінің түрікше картасы. Кітапта 400 мақал–мәтел бар.
Достарыңызбен бөлісу: |