Бухгалтерлік қызметтегі құжаттар
Бухгалтерлік есеп жұмысын жүргізу үшін кәсіпорында күнделікті орындалып отыратын барлық операциялардың міндетті түрде үздіксіз құжаттарға жазылып отыратындығы бухгалтарлік есептің басқа ғылымдардан ерекше екендігін алдыңғы тарауларда айтып өткенбіз. Бухгалтерлік құжат деп кәсіпорындар мен ұйымдарда орындалған операцияларды дәлелдейтін және алдағы уақытта орындалатын жұмыстар мен атқарылатын қызметтерге құқық беретін жазбаша куәлікті атауға болады.
Жалпы кәсіпорындағы атқарылып жатқан жұмыстың, орындалған тапсырманың үздіксіз,белгілі бір тәртіппен,арнайы үлгідегі қағаздарға жазылып және оған тиісті адамдардың қолдарының қойылуы (қажет болған жағдайда кәсіпорые мен ұйым мөр таңбасының басылуы) құжаттау деп аталады. Сондықтан да құжаттау бухгалтерлік есептің негізі болып табылады. Себебі осы құжаттар арқылы ғана кез келген уақытта кәсіпорын бойынша орындалған жұмыстың, атқарылған қызметтің қай мерзімде жасалғанын және оған қандай мөлшерде шығын жұмсалғанын дәлелдеуге болады.
Құжат кәсіпорындағы орындалған шаруашылық операцияларына сәйкес үздіксіз толтырылып,олардың мазмұнын толық ашып көрсетеді және ол бухгалтерлік есептің негізі болып табылады.
Бухгалтерлік құжат-кәсіпорындағы шаруашылық операциялардың орындалғанын растайтын немесе оны орындауға заңды түрде құқық беретін жазбаша куәлік.
Орындалған шаруашылық операцияларын бастапқы құжатқа түсіруді бухгалтерлік есеп теориясында алғашқы есеп сатысы деп атайды.
Кәсіпорында жүргізілетін шаруашылық құбылыстарының әр түрлі болу себебінен бастапқы құжаттардың нысаны (формасы) бірдей болмайды. Шаруашылық құбылыстары түгелдей бастапқы құжатпен құжатталуы тиіс.Әрбір бастапқы құжатқа орындалған шаруашылық операциясының мазмұны жазылып және белгілі бір көрсеткіштер түсіріледі. Құжат көрсеткіштерін деректемелер деп атайды.Олар міндетті және толықтырушы болып бөлінеді. Міндетті деректемелер бухгалтерлік құжаттарды заңды құқықпен қамтамасыз етеді.
Міндетті деректемеге жататындар:
- құжаттың аты,нысанының коды;
- құжаттың толтырылған уақыты (күні,айы және жылы);
- құжатты толтырған заңды немесе жеке тұлғаның аты-жөні;
- шаруашылық операцияның мазмұны;
- шаруашылық операцияның өлшемі (натуралдық немесе ақшалай);
- шаруашылық операцияның жүргізілуіне және соған сәйкес құжаттарды толтыруға жауапты адамдардың аты-жөні;
- жауапты атқарушының қолы.
Достарыңызбен бөлісу: |