Әдебиеттер:
1. Басовская Н.И. Столетняя война 1337 – 1453 гг. М., 1985.
2. Гизо Ф. История цивилизации во Франции М., 1980 ІҮ т.
3. Левандовский А.П. Жанна д Арк. 2 е. Изд. М., 1982.
4. Перну Р., Клэн М.В. Жанна д Арк. М., 1992.
5. Хачатурян Н.А. Возникновение Генеральных штатов во Франции. М., 1976.
6. Хачатурян Н.А. Сословная Монархия во Франции ХІІІ – ХҮ вв. М., 1989.
7. Гутнова Е.В. Возникновение английского парламента (Из истории английского общества и государства ХІІІ в.) М., 1960.
8. Петрушевский Д.М. Восстание Уот Тайлера. 3 изд. М., 1994.
9. Репина Л.П. Сословие горожан и феодальное государство в Англии ХІҮ – века. М., 1979.
10. Шервуд Е.А. От англосаксов к англичанам. М., 1988.
21 – Лекция. ХҮІ-ХҮІІ ғасырдың бірінші жартысындағы Германия мен Швейцария
1. ХҮ-ХҮІ ғасырдың басындағы Германия неміс Гуманизмі. М. Лютер және
неміс реформациясының басталуы.
2. Реформацияның борышы. Княздық реформация
3. Швейцариядағы реформациялық қозғалыс
4. Реформацияның Европа елдеріне таралуы. Католиктік контрреволюция.
1. ХҮІ -ғасырдың басында Германияда таптық қатынастар айрықша күрделігімен көзге түсті. Нарықтық қатынастар феодалдар табының арасында әлеуметтік алшақтықты күшейте түсті. Феодалдардың ішіндегі үстем тобы империялық княздар: архиепископ, епископтар және неғұрлым ірі аббаттар болды. Императорлық биліктің құлдырауымен, олар тәуелсіз мемлекеттерді құрады. Бұларға қарама – қарсы, ұсақ феодалдар, әсіресе, рыцарлардың жағдайы өте ауыр болды. Атылатын оқтың ойлап табылуы және жаяу әскер ролінің өсуімен рыцарлардың орны төмендей бастады. Қалалықтардағы үстем топ: қала аристократиясы, патрициат қала билігін өз қолына алса, қалалық орта топты қала бюргерлері құрады. Қаланың көпшілік тұрғындары плебейлерден тұрды. Неміс қоғамындағы сан жағынан ең көбі феодалдық езгіге көп ұшырағаны шаруалар болды. ХҮ ғасырдың аяғы ХҮІ- ғасырдың басындағы неміс тарихы шаруалардың әлеуметтік қозғалысына толы. Шаруалар өздерінің қозғалысына ұйымдасқан сипат бергісі келіп, ұйымдар мен одақтар құрды, бағдармалар қабылдады. Солардың ірілері шаруалардың “Башмақ одағы” және “Кедей Конрад” одақтары.
ХҮ ғасырдың аяғы ХҮІ ғасырдың басындағы Германияның ең ауыр проблемасы – елдің бұрынғысынша бытыраңқы күйде сақталуы еді. Император Максимилиан І Габсбург (1493-1519) өзінің көне иелігін едәуір кеңейтті, соған қарамастан орталықтанған билік құру мүмкін болмады. Жаңа император Максимилиан І –нің немересі Карл Ү (1519-1555) –нің империядағы жағдайы өзіндік ерекшеліктермен қалыптасты. Біруақытта Испанияның королі (шешесі жағынан Фердинанд пен Изабелланың немересі ретінде) болғандықтан Карл Ү Европадағы ең құдыретті монархтардың бірі болды.
Бірақ, оның бірнеше елдін корольі болғандығы жағдайының (Испания, Германия, Нидерланды, Италия т.б.) Германияның орталықтануы үшін пайдасынан гөрі зияны көп болды. Көбіне ұлы державалық жоспарлардың жетегінде кетіп және Француз корольі Францискі І-мен күрестен қолы босамаған Карл Ү- нің, ішкі герман істерімен айналысуға уақыты да қалмай, мұршасы да жетпеді. Ол императорлық билікті нығайтпақ түгілі, билік құруының соңында императорлық биліктің беделін онан сайын түсірді.
Орта ғасырлардың соңына қарай Германияда католик шіркеуі де айрықша артықшылық жағдайларда болды. Басқа Европа елдерінің бірде бірінде католик шіркеуі Германиядағыдай, өзін нық және еркін сезінген жоқ. ХҮІ- ғасырдың басында 20 дан астам Герман прелаттары (Архиепископ, епископ, ірі аббаттықтар) біруақытта территориялық империялық князьдар болды. Күшті орталықтанған король өкіметі болмағандықтан, императорлық биліктің құлдырауымен рим тайпалары елді шексіз тонау мүмкіндігіне ие болды. Осылайша, неміс қоғамында шіркеу мәселесі жалпы халықтық ұлттық проблемаға айналды. Сондықтан, неміс бюргерлік оппозициясының өкілдері өздерінің сын садақтарын ең бірінші кезікте католик шіркеуіне қарсы бағыттады.
ХҮ-ғасырдың аяғы ХҮІ-ғасырдың басында Германияда гуманизмді жақтаған жазушылар мен ғалымдардың саны көп болып, үлкен қоғамдық күшке айналды. Барлық университеттерде дерлік гуманисттердің азды- көпті жақтастары болды. ХҮІ- ғасырдың басында гуманизмнің айрықша күшті орталығы Эрфурт университетіндегі үйірме болды. Гуманисттік үйірме жетекшісі ұзақ жылдар Италияда өмір сүрген Муциан Руф (1471- 1526) болды. М. Руфтың үйірмесінен тегі рыцарь Ульрих Фон Гуттен (1488- 1523) шықты. Алайда ең танымал неміс гуманистері “Германияның екі көзі” (Гуттен сөзі) екі ғалым филолог – Эразм Роттердамский (1467- 1536) мен Иоганн Рейхлин (1455- 1522) болды.
Э.Роттердамский Голландияның Роттердам қаласынан шыққан грек– латын тілдерінің тамаша білгірі ең бірінші кезекте, гуманистер әлемінде филологиялық еңбектерімен танымал еді. Алайда қалың көпшілік үшін оны танымал еткен оның атақты “Ақымақтықты мадақтау” (1509) еңбегі еді. Бұл еңбегіндегі негізгі кейіпкерлер папалар, кардиналдар, епископтар, монахтар, ғалым богослов–схоластар – ақымақты дәріптеушілер ретінде беріледі. Олар надан, ырымшыл, қомағай, қырғи қабақ және азғын. Келесі “Бейбітшілік шағымы” атты еңбегінде сол уақыттағы халықаралық жағдайға қатысты ойын білдіреді.
Аса көрнекті ғалым филолог, көне грек және еврей тілдерінің маманы, Иоган Рейхлинде аса ірі гуманистердің бірі болды. Көне еврей әдебиетін жақсы білетін ол 1509- 1510 жылдары еврей кітаптарын жою науқанына қарсы шықты. Еврей кітаптарын өртеуді ұйымдастырушылар Кельн қаласының схоласт профессорлары еді. Рейхлинді Эрфурт үиірмесінің мүшелері– гуманистер қолдады. Көп ұзамай еврей кітаптарының тағдыры туралы дау-жанжал ой еркіндігіне қатысты дау-жанжалға ұласты . “Рейхлиншілдердің” обскурант – схоластарға қарсы күресінің тамаша ескерткіші “Қараңғы адамдар хаттары” (1515-1517) жинағы болды. Екі томнан тұратын “хаттардың” бірінші томының авторы Крот Рубиан, екінші томының авторы Ульрих фон Гуттен еді. “Хаттарда” схоластардың жалған ғылымсымағы, дырдулығы, әшкереленді.
Гуманистердің кіші ұрпағының өкілі Ультрих фон Гуттен котолицизмді сынауда Э.Роттердамский мен Иоганн Рейхлинненде асып түсті. Лютерь күреске шыққан кезде, ең бірінші болып оны қолдаған У.Гуттен болды.Тегі рыцарь И.Гуттен рыцарлар сословиесін дәріптеді. Ол Германиядағы әлеуметтік топтардың ішіндегі ең қабілеттісі, реформацияға бейімдісі осы рыцарлар деп жариялады. Германиядағы саяси-жүйені өзгерту – рыцарлардың, қалалықтардың, шаруалардың ынтымағы нәтижесінде жүзеге асады деп есептеді. Алайда, рыцарьлық көтерілістер жеңіліске ұшырап, ол Швейцарияға қашып кетуге мәжбүр болды.
ХҮІ-ғасырдың басындағы әлеуметтік гуманисттік қозғалыстар, ақырғы соңында, католик шіркеуіне қарсы бағытталған кең қоғамдық қозғалысқа-Реформацияға ұласты. Герман реформациясының басталуы Мартин Лютердің есімімен байланысты (1483- 1546).
2. Германиядағы реформациялық қозғалысты үш кезеңге бөлуге болады: 1 кезеңі 1517- 1521 жылдар аралығын қамтиды. Бұл кезеңде М. Лютерьдің антикатоликтік сөздері қысқа мерзімге болса да католик шіркеуіне қарсы неміс қоғамының барлық өкілдерін біріктірді. Олардың әрқайсысы Лютерьдің ұрандарын өзінше түсінді, реформацияны да солай қабылдады. М. Лютерьдің алғашқы көпшілік алдындағы реформациялық сөзі Виттенберг университетінде 1517- жылы басталып, 95 тезистен тұрды және индулгенциямен сауда жасауға қарсы бағытталды. өзінің тезистерін жұртшылыққа ұсына отырып Лютерь папамен қарым қатынасын үзілді – кесілді бұзғысы келген жоқ. Бірақ Лютерьдің әртүрлі богословияның профессорлары мен айтыс тартысы барыншы өткір, шиеленіскен сипат ала түсті. Айтыс–тартыстың барысында Лютерь бірте- бірте ортадоксальды католиктік позициялардан алыстай берді. 1519- жылы Лейпциг қаласындағы диспутта ол шіркеу папасыз да өмір сүре алады деп жариялады. 1520- жылы папа Лев Х (Медич) Лютерьді шіркеуден аластаған булласын шығарған кезде, Лютерь оған ешқандай мән берген жоқ. Лютерь папаның булласын Виттенберг университетінің ауласында студенттер алдында салтанатты түрде отқа жағып жіберді. Көп ұзамай Лютерь оған қарсы жауап памфлет жазып оны “Антихристің булласына қарсы” деп атады. Лютерь папаның өзін антихрист деп жариялап, көзсіз батылдыққа барды. Лютерьдің танымалдылығы шырқау шыңына жетті. Плебейлерден феодалдарға дейін неміс қоғамының барлық топтары оның маңайына топтасты. К. Маркстың айтуынша “Лютерь лақтырған жәй тасы нысанаға дөп түсті. Бүкіл неміс халқы қозғалысқа келді”.
Істің насырға шапқаны сондай неміс князьдарының тілегімен КарлҮ Лютерьді рейхстагқа шақырып қуғын- сүргінге алудың алдында, оны тыңдап көргісі келді. Қауіпсіздік грамотасын алып, Лютерь 1521- жылдың қаңтарында Вормстағы рейхстагқа келді. Одан өзінің көз қарастарынан бас тарту талап етілді. Алайда, Лютерь айрықша табандылық көрсетіп, аңыз бойынша “Мен осы көзқарастарымда тұрамын, басқаша тұра алмаймын” деген көрінеді. Айта кететін жәйт, рейхстаг мүшелерінің көпшілігі Лютерьді қолдағандықтан, император оны тұтқындауға батылы бармады. Тек, 1521- жылдың мамырында рейхстат мүшелерінің көпшілігі тарағаннан кейін Карл Ү Лютерьді тұтқындау туралы Эдиктіге қол қойды. Бірақ, Саксон курфюрі Фридрих оны өзінің Вартбург замогында жасырып, Лютерь онда 1522- жылдың наурызына дейін болды. Бұл уақытта папаға қарсы, құрамы жағынан күрделі оппозиция ыдырап кетті(1521- 1522). Лютерь өзінің реформаларын “бейбіт” жолмен жүргізу жағында болды.
Сабырлы лютерьлік реформациялық лагерьге қарама- қарсы, екі қияс лагерь қалыптасты, бірі- басында император тұрған реакцияшыл феодалдың- католиктік лагерь, екіншісі Т. Мюнцерь (1490- 1525) басқарған революцияшыл, плебейлік–шаруалар реформациялық лагері.
Реформацияның 2- кезеңі басталып, ол 1521- 1525 жылдарды қамтиды. Реформацияның шырқау шыңы 1525- жылғы шаруалар соғысы болды. Шаруалар соғысы ең бірінші кезекте Саксония – Тюрингия ауданында күшті қарқын алып, Германиның оңтүстік- батыс және орталық аудандарында қамтиды (Швеция, Франкония). Лютерьдің шіркеуге қарсы үндеуі екі саяси көтерілісті туғызды, біріншісі – Франц фон Зиккинген бастаған төменгі феодалдардық рыцарьлардың көтерілісі (1523), екіншісі- 1525- жылғы шаруалар соғысы. Жоғарыда айтқандай рыцарьлардың көтерілісі жеңіліске ұшырап, осы уақыттан бастап рыцарьлар қандай да бір болмасын саяси дербестігінен айрылды.
1525- жылдың 6- 7 наурызында Миммингем қаласында Швабия шаруалары жасақтарының жиналысы шақырылып, шаруалар талаптарының жиынтығы – “он екі баб” бағдарламасы қабылданды. Бағдарламада шаруалар тартылып алынған қауымдық жерлерді қайтаруды барщинаны, оброкты және айыптарды шектеуді талап етті. Бұл бағдарлама айқын сабырлылығымен көзге түсті. Шаруалар помещиктердің жерлерін тәркілеуді талап еткен жоқ, сөйтіп кейбір феодалдық міндеткерліктердің сақталуына қарсылық білдірмеді. Осы уақытта неғұрлым радикальды шаруалар бағдарламасы – “Баптық хаттар” дайындалып жатты. Бағдарлама тікелей Томас Мюнцердің басшылығымен дайындалды. Т. Мюнцерь қандайда бір болмасын феодалдармен келісімге келуге бас тартты. Князьдардың, рыцарьлардың, дін иелерінің жерлері түгелдей қауымдарға қайтарылуы тиіс. “Баптық хаттарда” барщинамен оброк туралы ештеңе айтылмады. Шаруалардың “христиандық одағына” бағынғысы келмеген феодалдардың барлығы халық жауы ретінде қуғын- сүргінге ұшырайтын болды. Т.Мюнцерь жеке меншікті де мойындаған жоқ. Ф. Энгльстің айтуынша Томас Мюнцерьдің әлеуметтік- саяси бағдарламасы коммунизмге жақын келді. Т.Мюнцерьдің трагедиясы сонда, оның бұлыңғыр абстракциялы бағдарламасын шаруалар бұқарасының түсінуі өте қиын болды. Оған қарағанда шаруаларға Лютерьдің ілімі, оның неміс тіліне аударған библиясы түсінікті болды. Алайда, күрестің барысында М.Лютерь ашықтан ашық князьдар жағына шығып, шаруалар мүддесінен қашықтап кетті. Оның шаруалар мүддесінен кетуінің ескерткіші “Шаруалардың ұры – қарылар тобына қарсы” памфлеті болды. Лютерь көзқарастарының эволюциясы- бүкіл бюргерліктің эволюциясы мен әлсіздігі болды.
Франкония шаруалары да өздерінің талап тілектерін – “Гейльбронн бағдарламасында” (қаланың атымен) білдірді. Оның негізгі редакторы Вендель Гиплер болды. Оның мазмұны франкониядағы қозғалысының әртүрлі әлеуметтік құрамынан хабардар береді. Швабиядағы қозғалыстан ерекшілігі Франкониядағы әлеуметтік қозғалыста шаруалардан бөлек рыцарьлар көп болды. Бағдарламада секуляризацияланған шіркеу жерлерінің есебінен рыцарлар жермен қамтамасыз етілетін болды. Бюргерлер үшін ішкі кедендік шекараларды жоюға, монеталар, өлшем мен салмақ бірлігін, қамтамасыз етуге, сауда монополиясын жоюға уәде берілді. Бағдарламаның өн бойынан императорлық билікті нығайту идеясы айқын сезіліп тұрды. Сонымен, бағдарлама Герман мемлекетін орталықтандыруға бағытталған кешенді іс-шаралар белгіленді. Бұл бағдарлама авторы Вендель Гиплердің қалыптасқан жағдайды ең жақсы түсінген адамдардың бірі екендігін білдіреді.
1525-жылы шаруалар соғысы Солтүстік Франкония мен Тюрингия–Саксония ауданында (орта Германия) өрби түсті. Көтерілістің орталығы империялық қала Мюльхаузен, ал басшысы Т.Мюнцердің өзі болды. Мұнда 1525 жыдың 17 наурызынан – 16 мамырға дейін өмір сүрген Мюньхаузен коммунасы ұйымдастырылды. Бағдарламаға сәйкес көптеген шаралар жүзеге асырылды, алайда неміс қоғамының консерватизмі табысты өрбітуге мүмкіндік бермеді. 1515 жылы 16 мамырда Мюнцерьдің жасақтары Франкенхаузен қаласына жақын жерде талқандалды. Т.Мюнцерь қолға түсіп, азапталып өлтірілді.
Тирольдегі шаруалар көтерілісін өз заманының көрнекті ойшылы, әрі күрескері Михаэль Гейсмайер басқарды. Оның “земстволық құрылым” бағдарламасы түбірлі саяси өзгерістерді талап еткен аса маңызды құжаттардың бірі еді. Ерен қолбасшылық қабілеті болған М.Гейсмайер өзінің шағын отрядымен 1532- жылға дейін қарсыласты. Ол Габсбургтер жіберген жалдамалы жендеттің қолынан қаза тапты.
Реформацияның ең ұзаққа созылғаны – 1526 жылдан 1555 жылға дейін- үшінші кезеңі болды. Ұлы шаруалар соғысының талқандалуы – халықтық реформацияның ғана емес, бюргерлік реформацияның жеңілісі еді. Феодалдық бытыраңқылықтың күшейе түсуі тұрғысынан алып қарағанда ұтқан ірі феодалдар мен князьдар болды. Сондықтан үшінші кезеңді – князьдің реформация кезеңі деп атайды. Шаруалар соғысының бастапқы кезінде Лютерь екі жақты шаруалар мен феодалдарды сабырға, өзара жеңілдіктерге шақырды. Өз әрекетінің нәтижесіздігіне көзі жеткен Лютерь князьдар лагерьіне біржолата шықты. 1525 жылдан кейін феодалдық- католиктік лагерь Германияда католик шіркеуінің үстемдігін толығымен қалпына келтіруге ұмтылды. Бірақ бұл уақытқа дейін шіркеу мүлкін секуляризациялаудың есебінен әбден байып алған империялық князьдар – кері секуляризациялау жүргізуге қарсы шықты. Сөйтіп бір жағынан император мен оны қолдаған католиктік князьдар және екінші жағынан жаңа Лютерьлік дінді қолдаған князьдардың арасында соғыс болды.
3. Реформация тек Геманиямен шектелген жоқ. ХҮІ ғасырдың 20- 30 жылдары лютерлік діни ілім Скандинавия елдеріне- швеция, норвегия, дания- тарады, Англия, Франция, Польша, Венгрияда да жақтастары көп болды. Алайда, реформация үшін қолайлы жағдай көрші Швейцарияда жақсы еді. Нақ осы елде буржуазиялық реформация идеологиялық жағынан болсын, ұйымдық жағынан болсын алға қарай бір қадам ілгеріледі (Германиядан кейін). Осы елде протестантизмнің жаңа жүйелері жасалынып жаңа реформациялық шіркеулік ұйымдар құрылды. Саяси жағынан ХҮІ- ғасырда Швейцария өте ала- құла ел болды. Қалалық және деревнялық кантондардың Швейцария одағы ХІІІ ғасырдың соңында – ақ пайда болған еді. Қалалық кантондар экономикалық жағынан дамыған кантондар болса (Берн, Цюрих т.б.),деревнялық- “орманды” кантондар экономикалық жағынан артта қалды. Бай қалалық кантондар өздеріне тәуелді “орманды” кантондарды экономикалық жағынан біржолаға бағындырғысы келді. Бұл кантондар арасындағы алауыздықты күшейтіп жиі-жиі қақтығыстар туғызды, конфедерацияның ішкі бірлігіне нұқсан келтірді. Швейцария қоғамының ішкі кеселдерінің бірі – азаматтардың шетел армиясында жалданып қызмет етуі болды. Швейцария үкіметі бұл тенденцияны қолдап, өз азаматтарының қанымен саудаласты.
Швейцария федерациясының әлсіз, болбыр сипатта болуы, оны көрші елдер саясатының қолжаулығына айналдырды. Француз корольдары, герман императоры, рим папалары Швейцария шаруаларын жалдамалы солдат ретінде пайдаланды. Швейцария қоғамының неғұрлым алдыңғы қатарлы топтары жалдамалылықтың ел үшін қаншалықты зиян келтіріп отырғанын түсіне бастады. Олар кантондардың анағұрлым орталықтанған Швейцария мемлекетіне бірігуін армандады. Жаңа протестанттық дінді олар Швейцарияны саяси өрлетудің құралы ретінде қабылдады. Оның үстіне өсіп келе жатқан европа буржуазиясы дәйекті реформациялық ілімге және шіркеуді ұйымдық жағынан неғұрлым түбегейлі өзгертуге мұқтаж болды. Оның барлығы Европа реформациясының жаңа бағыттарын дүниеге келтірді. Ондай бағыттар Швейцарияда Цвингли мен Кальвиннің ілімдерінен көрінді.
Германиядағыдай сияқты Швейцарияда Реформация тек діни мәселелерді емес, сондай-ақ әлеуметтік–саяси қайшылықтарды шешуге тиіс еді. Швейцария реформациясының көсемі Ульрих Цвингли (1484- 1531) ауқатты шаруа отбасында дүниеге келіп Берндегі латын мектебін бітірді. Цвингли мен Лютерьдің ілімдерін салыстыра отырып, олардың бір догматтан қаншалықты әртүрлі практикалық тұжырымдар жасағанын байқауға болады. Цвингли Лютерьдің догматтарын неғұрлым рационалисттік тұрғыда түсіндірді: ол Лютерьдің құдаймен тілдесу – причастие шарасын түсіндірумен келіспеді. Цвингли үшін Иса пайғамбардың қаны мен тәні деп түсіндірілетін шарап пен нанның тек символдық қана мәні бар. Діни шара ретінде оның ешқандай мәні жоқ. осылайша, Цвингли діни шараларды мистикадан тазартты.
Діни ақиқаттың көзі ретінде қасиетті жазулар туралы догматтардан Цвингли неғұрлым дәйекті тұжырымдар жасады. Лютерь “қасиетті аңыздардан” , “қасиетті жазуларға” қайшы келетін тұстары ғана алынап тасталуы керек деп есептесе, Цвингли көне және жаңа өсиеттен басқаның барлығын теріске шығарды. Оның шіркеуінің құрылымы да неғұрлым демократиялы келіп буржуазиялық “арзан шіркеу” өмірде жүзеге асырылды (Цюрихте). Бұл шіркеулік иерархияның жойылып, дін басыларды сайлау принципінің жүзеге асқандығынан ғана емес, шіркеулік жиһаздардың, безендірулер мен діни жоралардың онан әрі қарапайымдандырылып, арзандатылуынан көрінді иконалар ғана емес, алтарлар, мүсіндер, исаның дарға асылған бейнелері т.б. безендірулер алынып тасталды, хормен өлең айтуға, органда ойнауға, салтанатты мессаға тиым салынды, діни уағыздарды пасторлар ана тілінде оқитын болды. Цвинглидің көзқарастары Лютерь мен Кальвин позицияларының арасындағы аралық көзқарастарға жақындады: оның теологиясы Лютерьге, шіркеулік ұйымы- Кальвиндікіне жақын болды.
Цвинглидің реформациясын қалалық кантондар (Берн, Базель, Сен- таллен т.б.) қабылдап, жүзеге асыруға ілешала кірісіп кетті. Бірақ ескі деревнялық “орманды” кантондар жаңа нанымды қабылдаудан батыл түрде бас тартты. Кантондардың арасында діни негізде соғыс басталып, оның барысында Цвингли қаза тапты.
Реформациялық идеялар келесі бір Швейцария реформаторы Жан Кальвиннің (1519- 1564) ілімінде одан әрі дамытылды. Жан Кальвин ілімінің негізін абсолюттік жазмыш туралы догмат құрайды. Кальвинге дейін де әртүрлі діндерде жалпы жазмыш идеясына үлкен мән беріледі. Мысалы, жазмыш туралы ілімге ислам діні де айрықша мән берген. Алайда, Кальвин бұл ілімге айқын буржуазиялық мазмұн берді. Оның мәнісі, әрбір адамның бұл дүниедегі өмірін құдай о бастан белгілеп қойған дейтін догмат. Құдай дүниені жаратқан кезде онда мекендейтін адамдарды екі топқа бөлген- “құдай қалағандар” және “құдай қаламағандар”. Бұл біржолата орнатылған тәртіпті, енді ешкім өзгерте алмайды (тіпті құдай да). Демек, діни жораларға толы қымбат шіркеулік ұйымы бар католик шіркеуінің адамның жанын сақтауда ешқандай рөлі жоқ.
4. ХҮІ ғасырдың 30-40 жылдары протестантизм Европада кеңінен тарай түсті. Бұл өз кезегінде дәстүрлі католик шіркеуіне қарсы реформацияны - контрревормацияны, яғни католиктік реакцияны тудырмай қоймады. Оның басты себебі, феодализм өзінің ыдырау сатысына енгенімен барлық салалардағы күш құдіретін әлі сол қалпында сақтап тұрған еді. Католицизмнің үлкен басымдығы, оның әлі бытыраңқы, ұйымдық деңгейі төмен жаңа протестанттық шіркеуге қарағанда, қатаң орталықтандырылғаны еді. Европаның аса ірі мемлекеттері – Франция, Испания, Австрияда жеңіске жетіп салтанат құрған абсолютизм католицизмнің идеологиялық және саяси қолдауына мұқтаж болды. Католиктік епископат, приходтық дін иелері, әртүрлі монахтық ордендер бір орталықтан римнен бақарылып, нұсқаулар алып отырды. Алайда, өзінің үстемдігін қалпына келтіру үшін, католик шіркеуі өз тарапынан кейбір өзгерістер жасауға мәжбүр еді.
Реформацияға қатысты біртұтас тактика ұстанып, күресте жаңа әдістер қолданып, оны жетілдіру үшін католик шіркеуі Тридент соборын, әртүрлі үзілістермен жиырма жыл бойы шақырып отырды (1545-1563). Тридент Соборы папаның шешімдері кіршіксіз, ал папаның өзі әлемдік соборлардан жоғары деген қаулылар қабылдап отырды. Дін иелерінің жалпы деңгейін көтеріп отыру үшін священниктерге арналған арнайы діни семинариялар құрылды. Папалар католик жазушылардың шығаратын әдебиеттерін бақылауға алу үшін цензуралар орнатты. Римде діндар католиктер үшін “тиым салынған кітаптардың индексі” (тізімі) жасалынды.
Католиктік реакцияда жаңадан құрылған “Иезуиттер ордені” (Иса қауымы) үлкен рол атқарды. Орденнің негізін қалаған испан дворяны Игнатий Лайола (1491-1556) болды. Уставтың орденін 1540- жылы Рим папасы бекітті. Католицизмнің сән салтанат құруы үшін Иезуиттер Ордені ешқандай құралдардан тайсалған, жиіркенген жоқ. Олардың негізгі девизі “кез келген құралды – қойылған мақсат ақтап алады” болды. Бұкіл Европада, өмірдің барлық салаларында бақылау жүргізу, “басқаша ойланатындарды” тұқырту үшін бұрын соңды болмаған тыңшылық жүйе орнатылды. Ондаған мың қарапайым адамдар Орденнің құрбандары болды. Иезуиттер – сарай маңындағы священниктер, корольдар мен королевалардың діни нұсқаушылары ретінде үлкен саяси роль атқарды. Абсолюттік әкімшілік аппараттарында иезуиттер жауапты қызметтер атқарды. Көптеген иезуиттер миссионерлер ретінде жаңадан ашылған отарларда – Оңтүстік Америкада, Үндістанда, Үнді-қытайда, Индонезияда, Қытайда, Японияда белсенділік танытты. Иезуиттердің қызметі Европадағы қоғамдық саяси реакцияның құрамдас бөлімі болды. ХҮІІІ- ғасырдың соңында, ұлы Француз революциясының қарсаңында иезуиттер зиялылар, ағартушылар тарапынан өткір сынға ұшырады.
Әдебиеттер:
1. Лютерь М. Время молчание прошло. Избранные произведения 152-1526 гг. Харьков, 1994
2. Макхиш С.П. Знакомство с Эразмом из Роттердама. М., 1971
3. Немилов А.Н. Немецкие гуманисты ХҮ в. Л., 1979
4. Смирин М.М. Германия эпохи Реформации и Великой крестьянской войны. М., 1982
5. Фаусель Г. Мартин Лютерь, жизнь и дело. Т.1,2. М., 1995, 1996
6. Э. Роттердамский и его время. М., 1989
7. Кальвин Ж. О христианской жизни. М., 1989
8. Ревуненкова Н.В. Ренессансное свободомыслие и идеология Реформации. М., 1989
9. История немецкой литературы. Т.1. М., 1962
10. Некрасов Ю.К. Реформация и крестьянская война в германских землех ХҮІ в. Как реннебуржуазная революция (Историография, причины и предпосилки революции) Вологда, 1984.
22 – Лекция. ХІ- ХҮғғ Италия. ХҮІ-ХҮІІ ғғ. Испания мен Нидерланды.
Нидерланды буржуазиялық революциясы.
1. ХІ- ХҮғғ Италия.
-
Карл Ү тұсындағы Испания. Испан абсолютизмінің ерекшеліктері.
-
Филипп ІІ тұсындағы Испанияның әлеуметтік –экономикалық саяси жағдайы
-
ХҮІ ғасырдағы Нидерланды – Карл Ү империясының құрамында
-
Нидерланды буржуазиялық революциясы және оның маңызы.
1. ХҮІ ғасырдың басында Фердинанд пен Изабелланың біріктірушілік саясатының нәтижесінде Испания Европадағы ең ірі мемлекеттердің бірі болып алды. Оның шекарасы тек Пиреней түбегімен шектелген жоқ, Италияның едәуір бөлігін (Сицилия, Сардиния, Неополитан королдығы) қамтыды. Фердинанд пен Изабелла қайтыс болғаннан кейін, олардың немересі – жиені Карл Габсбург бұған Нидерландыны, Люксембург герцогтығын қосты. Ол Испания үшін Карл І, ал Герман императоры ретінде Карл Ү-і болды. Француз корольі Францискі І мен соғыстың барысында ол Милан мен Солтүстік Италиядағы бірқатар иеліктерді өзіне қосты. 1535- жылы Тунис жауланып алынды. ХҮІ ғасырдың 20-30 жылдары испандықтар Америкадағы Мексика, Перу, Чили, Колумбияны жаулап алды.
ХҮІ ғасырдың екінші жартысында Испания филиппин аралдарын жаулап алды, сөйтіп ол екі жарты шарда орналасқан әлемдік державаға айналды. Испан корольінің иелігінде “ешқашан күн сөнбеді”. Орасан зор Габсбургтар империясының көлемі Ұлы Карл империясының көлеміненде асып түсті. Алайда, Габсбургтердің ұлы державалық “әлемдік саясатының” Испания мен Германияның ұлттық мүдделеріне пайдасынан гөрі зияны көп болды.
Карл Ү-нің корольдық етуінің алғашқы жылдарында Испанияда коммунерос деп аталынып кеткен қалалықтардың көтерілісі болды. Фердинанд пен Изобелланың елді біріктіргеніне қарамастан ХҮІ ғасырдың басында Испания сот және әкімшілік жағынан ала – құлалығын сақтап қалды. Феодалдық еркіндіктер күшінде еді. Бұрынғысынша сословиялық кортестердің саны төртеу болып қала берді. Жергілікті феодалдардың өкілетті органдары - кортестер Кастилияда, Арагонда, Валенсияда, Каталонияда тұрақты жұмыс жасап, алым-салықтарды белгіледі. Әрбір кортестің (төрт) алдында король ант берді. Кастилия кортестері 1519- жылы Карл Ү-ге: “Тақсыр, король тек жалақы алып отырған ұлттың қызметшісі ғана екенін білуіңіз керек” деп ескертті. Алайда, Карл Ү бұл ескертулерден қорытынды жасаған жоқ, оның маңайындағы қызметшілердің көпшілігінің фламандықтардан болуы да, елде наразылықтар туғызды. Мысалы, король елде жоқ кезде мемлекетті оның наместнигі Утрехт архиепископы кардинал Адриан басқарды. Биліктің озбырлығы ең бірінші кезекте қалалықтар үшін ауыр болды. 1520 жылдың көктемінде кастилия кортестері мен қалалықтары Карл Ү-ге өздерінің үш талабын қойды: біріншіден, Костилиядан кетпей елді басқару, екіншіден, - алтынды сыртқа шығармау және үшіншіден, жоғарғы мемлекеттік лауазымдардан шетелдіктерді қуу. Карл Ү бұл талаптарды орындаудан бас тартты, сөйтіп, 1520 жылдың мамырында Испанияны тастап кетіп қалды. Елді басқару наместник Адрианға қалдырылды. Бұған жауап ретінде 1520- жылы маусым айында Сеговия қаласында көтеріліс бұрқ ете қалды. Оны басқада Кастилия қалалары қолдады. 1520- жылдың 29 шілдесінде Кастилияның он бір қаласының “Қасиетті хунта” деп аталынған одағы құрылды. Хунтаның орталығы Авила қаласы болды. Қалалықтарға дворяндармен дін басыларының бір бөлігі қосылды. Көтерілістің басында Толедо қаласымен байланыста болған дворянин Хуан де Падилья, ақын Педро Лесо және епископ Хуан де Акунья тұрды.
Бірақ көтерілістің негізгі қозғаушы күші Кастилияның қала – коммуналары болды, сондықтан көтеріліс коммунерос, яғни коммуналар көтерілісі деген атпен тарихта қалды. Қалалықтар дәстүрлі қала еркіндіктері үшін күресті. Алғашында үкімет көтерілістің кең құлаш алғанын ескермей, оны тез басып тастаймыз деп есептеді, сөйтіп қатты қателесті.
Адриан Сеговия қаласын күшпен алғысы келіп, бірақ ол сәтсіздікке ұшырады. Көтерілісшілер үкімет әскерлеріне тойтарыс берді. 1520- жылдың соңына қарай қозғалыс бүкіл Кастилия қалаларын қамтыды. Біршама уақыт кастилия король өкіметінің бақылауынан шығып кетті. Алайда, қозғалыстың әлеуметтік құрамының ала құлалығы, ұйымшылдығының әлі де болса жеткіліксіздігі айқын сезіліп тұрды. Грандтардың (испан шонжарлары) бір бөлігі қозғалыстан іргесін аулақ сала бастады. 1521- жылдан бастап орта дворяндар да (кабальерос) қозғалыстан кете бастады. Ірі аристократия мен орта дворяндарды өз жағына шығарып алған үкімет көтерілісшілердің шағын отрядтарын талқандады. 1520 жылдың 23 сәуірінде Вильялоре қаласының маңында шешуші шайқас болып,көтерілісшілер талқандалды.Көтерілістің басшылары тұтқынға түсіріліп, азапталып өлтірілді. Бірақ жекеленген қалалар әлі ұзақ қарсыласты. Хуан де Падильяның әйелі Мария Пачеко Толедо қаласын қорғауға қатысып, қала 1521 жылдың 25 қазанына дейін беріспей қорғанды.
Коммунарос қозғалысы жеңілуінің ең басты себептерінің бірі Кастия қалаларының қозғалысын Испан корольдығының басқа бөліктеріндегі қалалардың қолдамауы болды. Ол олма ,Севилья бастаған Андалузия қалалары Кастилия қалаларын қолдамайтындығын ресми түрде король өкіметіне білдірді.
1522 жылдың жазында Испанияға 4 мың неміс ландскнехтымен келген Карл Ү көтерілістің қалдықтарын басып жаншып, 290 адамды жазалап өлтірді. Коммунерос қозғалысын басып жаншудың елдің саяси өмірінде ұзаққа кеткен кері салдарлары болды. Бір кездері өзінің күш қуатының толысуына орасан зор жәрдем көрсеткен қалалықтарды Испанияның король өкіметі өз қолымен тұншықтырып, өзінің табиғи одақтасынан айрылды.
Карл Ү-і қалалықтармен қарым- қатынасты үзіп, аттөбеліндей феодалдық топтармен одақ құруды қолға алды. Бұл испан абсолютизміне бірден өрісі тар аристократиялық, реакциялық сипат берді. Коммунерос көтерілісінің жеңіліске ұшырауы кортестердің де жағдайын нашарлатты. Дворяндар мен қалалықтардың арасында өшпенділікті пайдаланып Карл Ү-і кортестердегі қалалықтардың санын бірде азайтып, бірде көбейтіп отырды. Кейде қалалықтарды, дворяндардан бөлек шақыртып оның жұмысының берекесін қашырды. Оның патшалық құруының соңында Кастилия кортестерінің маңызы біржолата төмендей түсті.
Испан абсолютизмін Европаның басқа елдерінің абсолюютизмімен салыстыра отырып К.Маркс испан абсолютизміне төмендегідей сипаттама берді. “Өзара жауласқан феодалдық таптар: аристократия мен қалалықтардың әлсіреуіне сәйкес ХҮІ ғасыр ірі монархиялардың құрылып жатқан дәуірі болды. Басқа ірі Европа елдерінде абсолюттік монархия өркениеттің орталығы, қоғамды біріктіруші бастама ретінде көрінді. Мұнда ол қоғамның әртүрлі элементтері мидай араласып, өңделіп жатқан от жалын болды. Бұл қалалардың ортағасырлық өзін - өзі басқаруына ,буржуазияның үстемдігі мен азаматтық қоғамның көпшілік билігіне айналуына мүмкіндік берді. Испанияда керісінше, өзінің ең жаман артықшылықтарын сақтай отырып, аристократия құлдырады, ал қалалар қазіргі заманға тән маңызға ие бола алмай өзінің орта ғасырлық билігінен айрылды””.
Достарыңызбен бөлісу: |