Дәріс 2.4. Шоқан Уәлиханов «Ыстықкөл күнделігі», «Жоңғар очерктері», «Қазақ
халық поэзиясының түрлері» -1 сағат.
Дәріс жоспары:
4.1.Шоқан –сан қырлы ғалым.
4.2.Шоқанның зерттеушілік қабілеті және еңбектерінің тарихи мәні 4.3.Шоқанның халық ауыз әдебиетіне қосқан үлесі
4.1.Шоқан (Мұхаммедханафия) Шыңғысұлы Уәлиханов – XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ даласында туған демократтық, ағартушылық мәдениеттің алғашқы және талантты өкілдерінің бірі. Қазақтың әр алуан ғылым көкжиегінде өшпес із қалдырған мәңгі жарық жұлдыздар шыңында қазақ ұлтының абзал перзенті Шоқан Уәлиханов бар. Оның философия, этнография, тарих, экономика, фольклор, әдебиет теориясы жайлы құнды-құнды еңбектері мен пікірлері ұлттың тұтас құндылығына бағалауға тұрарлық шығармалар.Шоқанның зерттеушілік қабілеті корпуста оқып жүргенде оянған. Жазғы демалыс уақытында ол ел ішіндегі аңыз әңгімелерді, халық жырлары мен поэмаларын жазып алумен шұғылданған. Мысалы, Шоқанның алғашқы жазып алған шығармаларының ішінде «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры болған. 1852 жылы Костылецкийдің көмегімен Шоқан көрнекті шығыс зерттеушісі, Петербург университетінің профессоры И.Н.Березинмен танысады. Березин Шоқан жинаған қазақтың ауыз әдебиеті нұсқаларын, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын алған, ал өз тарапынан Шоқанды ескі жазу ескерткіштерін зерттеу ісіне тартқан. Шоқанның сабақтан тыс уақытта көп оқып, зерттеген еңбектерінің бір саласы сол кезеңдегі саяхатшылардың өмірі мен ісі туралы жазылған еңбектер болған. Мұның өзі оған қатты әсер қалдырады. Ол саяхатшы болуды, соның ішінде Орта Азияны аралап, зерттеуді мақсат етеді. 1855 жылы Шоқан Орталық Қазақстанды, Жетісу мен Тарбағатайды аралайды. Қазақ халқының тарихы мен әдет-ғұрпы, діни ұғымдары жайында материал жинап қайтады. Осыдан кейін ол «Тәңір (құдай)», «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» деген еңбектерді жазады. 1856 жылы Шоқан қырғыз елін зерттеу экспедициясына қатысады. Қырғыздар мен Ұлы жүз қазақтарының тарихы, этнографиясы жайлы мәліметтер жинайды, ауыз әдебиетінің нұсқаларын жазып алады. Бұдан кейін Құлжа қаласында болып, Жоңғария тарихымен шұғылданады. 1857 жылы тағы да қырғыз елінде болады. Осы сапарлар барысында «Жоңғария очерктері», «Қырғыздар туралы жазбалар», «Қазақтың халық поэзиясының түрлері туралы», «Ыстықкөл сапарының күнделіктері», «Қытай империясының батыс провинциясы және Құлжа қаласы» атты еңбектерін жазып шығады. Бұл еңбектер жергілікті халықтардың тарихы, мәдениеті, әдебиеті, әдет-ғұрпымен тұтасып, аса жоғары бағаланған туындылар болып есептеледі.
4.2.XIX ғасырда Ресей империясы Орта Азия, Шығыс Түркістан өлкелеріндегі мемлекеттермен сауда және саяси қатынастарды орнату мақсатында зерттеу экспедицияларын ұйымдастырып отырды. Орыс Географиялық Қоғамының зерттеушілері аталған өлкелерге жасаған саяхаттары туралы құнды еңбектер қалдырған. Ресей империясының офицері, қазақ халқының ғалым ұлы Шоқан Уәлиханов жазған «Ыстықкөл күнделігі» сол кездегі ең бағалы ғылыми еңбек болып табылады. Ғалым осы еңбегінде Тарбағатай, Жетісу, Жоңғар Алатауы, Қырғызстан жерлеріне жасаған сапарлары жайында, сол жерлердің климаты, халқының тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, көптеген тарихи ескерткіштері туралы толық мәлімет береді. Кейбір көңіл аударарлық тарихи ескерткіштердің суреттерін өз қолымен салады.
Шоқан қырғыз елінде 1857 жылы, Қашқария сапарының алдында болып, 1856-1857 жылдар аралығындағы сапарларының негізінде «Қырғыздар жайындағы жазбалар», «Ыстықкөл сапарының күнделігі», «Қытай империясының Батыс провинциясы және Құлжа қаласы», «Ыстықкөлге бару сапары» атты ел назарын өзіне бірден аударған әйгілі еңбектерін жазған. Шоқанның бізге тікелей қолжазба ретінде жеткен бұл шығармаларында сия, тұш, қарындашпен салған тартымды суреттері де бар. Суреттер әсіресе «Ыстықкөл сапарының күнделігінде» мейлінше мол ұшырасады әрі онда қырғыз бен қазақ халқының сәулет өнері үлгілері салыстырмалы түрде кеңінен қамтылады. Сонымен қатар осы сапар барысында 1856 жылы 18 сәуірде Семейден шығып, таң ата келе Қозы Көрпеш – Баян Сұлу кешенін сырттай көзбен шолып өткен Шоқан жолай Жетісу, Жоңғар Алатауы алабында көп кезігетін ескілікті обалардың Лепсіге дейін тапшы екендігіне көңіл бөледі. Лепсіге келгенде, оның төңірегіндегі молаларға қарап, көптеген тайпалар мен рулар қабат қоныстанатын құтты мекен екендігін жазады. Шелек төңірегіне келгенде, Абылай ығыстырған қалмақтардан қалған қорғанның қираған орнына назар аударады. «Ыстықкөл сапарының күнделігіндегі» алғашқы суреттің қағазға таңбалануын Шоқанның өзі былай түсіндіреді: «Майдың 17-сінде... Біз Торайғыр тауының солтүстік бауырына аялдадық. Қонған жерімізде күздің ызғарындай салқын жел соғып, кеш өте суық болды. Түн бойы қардың төгіліп жауғаны соншалық, Алатау мен Іле атырабы аралығындағы кеңістік құдды бір қыс мезгіліндегідей аппақ түске еніп кетті. Торыайғыр тауының басынан қарағанда, жоғарыда аталған төңірек пен тау шоқыларының көрінісі, міне, мына тәрізді». Автор бұл суретін «Торайғыр тауы шоқысынан қарағандағы көрініс» деп шартты түрде атаған. Шоқан қолжазбасында сиямен немесе қарындашпен салынған суреттеме мен сөзбен бейнеленген суреттеме қатар беріліп, бірін-бірі жандандырып, толықтырып отырады. Тұтас алғанда, қолжазбадағы әрбір жекелеген беттердің композициялық үйлесімі көз тояттарлық әдемі. Мұнан Шоқанның неге болмасын суретшілік көзбен қарағандығын аңғарамыз.
Сапар үстінде жұлып-жарып кесімді пікір айтып, ғылыми тұжырым білдірмегенімен, Түптен Сарыбұлаққа қарай жүргенде кезігіп отыратын кемпір тастарға айрықша көңіл бөлген. «Көлге қарай Қарабатқақ маңы батпақты жерлер» , – деп жалғастырады. Шоқан Ыстықкөл сапарының күнделігінде «Қарабатқақ пен Саты маңындағы біздің соңғы аялдаған жерімізден шамалы әрменірек Сарыбұлақ атты екі өзен ағады. Мен осы жерден жартысы жерге сіңіп кеткен кемпір тастарды (адам пішіні мүсінделген тастарды) таптым. Бір таңқаларлығы, бұлар жатқан жерде Сібір мен Кіші Ресейде кезігетін қорғандар болған жоқ» , - деп жазады. Шоқан мұнда тас мүсіннің жанында тас қоршаудың болмағандығына таңырқап отыр. Әдетте тас мүсіндердің жанында қақпа тастар, сын тастар қатар кезігеді. Шоқан дәуірінде кемпір тастар бүгінгі таңдағыдай балбал және тас мүсін деп екіге жіктелмеген. Сондықтан Шоқан жазбаларындағы кемпір тас ұғымын балбал мен тас мүсіннің біріккен атауы деп түсіну керек. Шоқан сипаттағандай, жердің Қарабатқақ (Қарабатпақ) аталуының өзінен-ақ ол төңіректің мұнан 130 жылдай бұрын бүгінгіден басқаша болғандығын байқаймыз. Аңыздар мен деректерге қарағанда, Ыстықкөл деңгейі арагідік өзгеріп отырған. Қазір ол жерлердің ылғалдылығы азайып, бұрынғы батпақ орны егін алабына айналып кеткен. Шоқан Уәлихановтың «Ыстықкөл күнделігі» атты зерттеу еңбегі оның нағыз сыршыл, сезімтал нәзік жанды суреткер екендігін көрсететін бірден-бір туынды. 1856 жылы Омбыда Гутковскийдің пәтерінде П.П.Семенов Тянь Шанскиймен танысқан Шоқан Ыстықкөл экспедициясында бірнеше маршрутта онымен бірге болып, қосылып ғылыми жұмыстар жүргізеді. Оған Шоқан «Жоңғария очерктері» атты еңбегінде: «Менің саяхатымды жүрген жерлерімнің сипатына қарай екі кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезең менің Жоңғарияға, Жетісу мен Іле өлкесіне және Ыстықкөлге сапарымды қамтиды... Мен Жоңғарияда бірінші рет 1856 жылы болдым, онда Хаментовский бастаған алғашқы Ыстықкөл экспедициясына қатыстым. Сонан соң Құлжада үш ай тұрдым. Жоңғарияда бас-аяғы бес ай болып, бұл өлкенің Алакөлден Тянь-Шаньға дейінгі аралығын түгел көріп үлгердім», - деген жолдарды келтіреді. Мейлінше қызықты, мейлінше пайдалы еңбек деп танылған «Ыстықкөл сапарының күнделігі» бірер айдың жемісі. Тумысынан ақыл-парасаты асқақ, сезімі сергек Шоқан туған жерінің табиғатына тартқан болса керек...
4.3.Шоқан Уәлиханов өзінің қысқа өмірінде қоғамдық ғылымдардың алуан саласында — тарихта, шығыстануда, географияда, этнография да, экономикада, филологияда, өнертануда — көптеген құнды еңбектер қалдырды. Ол Қазақстанның, Орта және Орталық Азияның түрік тілдес халықтарының — қазақтың, қырғыздың, өзбектің, ұйғырдың, турікменнің тарихы мен сол кездегі жағдайы, тілі мен әдебиетін терең зерттеумен шығыстану ғылымына зор үлес қосты. Ш. Ш. Уәлихановтың, халықтардың әдеби мұраларының үлгілері туралы ой-тұжырымдары бүкіл ғылыми зерттеулерінде, еңбектерінде қазақ және қырғыз әдебиеттері туралы арнайы шолғандары мыналар: «Қазақтың халық поэзиясының үлгілері туралы», «Орта жүз қазақтарының аңыз- ертегілері», «18-ғасырдың батырлары туралы тарихи аңыздар», «Едіге мен Тоқтамыс туралы аңыз», «Едіге», «Шона батыр», «Манас» жырын тұңғыш зерттеуі және оның «Көкетай ханның асы» деген үлкен бір бөлімін орысшаға аударуы т. б. Ш.Ш.Уалиханов «Қазақ халық поэзиясының түрлері жөнінде» атты еңбегінде «Жыр дегеніміз рапсодия. Ал жырламақ деген етістік тақпақтап айту деген етістік тақпақтап айту дегенді білдіреді.Барлық далалық жырлар қобыздың сүйемелдеуімен тақпақтап айтылады»,-деп көрсеткен екен. Шоқан Уәлиханов әдебиет теориясының кейбір мәселелерімен де шұғылданады, қазақ поэзиясының жанр, түр, өлең құрылысын зерттеген. Қазақ өлеңдерін ол 5 түрге бөлген, олар: жыр, жоқтау, қара өлең, қайым өлең, өлең. Бұл жөнінде Т.Н.Потанин: «қазақ халқы оның жазғандарын оқыса, Шоқан өз халқының данышпаны болар еді және өз елінің әдебиетін өркендетуге негіз сала алар еді» деген пікір айтқан еді. Шоқан жас кезінен-ақ аңыз-әңгімелерді, жыр-дастандарды тыңдап, оны жинақтай білді. Қазақ халқы аңыз ертегілерде ешкімге зияны жоқ сарыбас жыланды, пәк аққуды, үні әдемі көкекті, сыланған тотыны, сайраған бұлбұл мен сандуғашты қазақтар ешқашан балаға жәбірлетпеген. Шоқан Қашқарға барған сапарында ауыз әдебиеті үлгілерінің бірнеше түрлері мен аса сирек кездесетін кітаптар алып қайтқан. Қашқарда жүргенде қолына «Тазкиряи Ходжагян» деген жазба түскен, ол жазбада қожалар әулиетінің тарихы баяндалады. «Қожалар тарихы», «Тарихи-Рашиди» кітабының жалғасы екенін анықтай түседі. Қазақ халқының ұлы перзенті Қашқардан «Сұлтан Бұғрахан тарихы», «Тоғылық Темірхан тарихы», «Қожалар тарихы» т.б. сирек кездесетін шығыс қолжазбаларын жеке қаржысына сатып алады. Бұларға қосымша ұйғыр, иран тілдеріндегі тарихи жазбалар, шежірелер алып қайтады.
Тәрбиелік мәні зор асыл мұра, әдебиетіміздің көне бай салаларының бірі – мақал-мәтелдер. Мақалдарда халық ойының ең түйінді,ең қысқа, дәл тұжырымдалған мәуелі жемісі жинақталған. Шоқан мынадай мақал-мәтелдерге көңіл аударған. «Не ексең, соны орарсың», «ексең егін, аларсың тегін», «Еңбегі көптің - өнбегі көп» тәрізді тәрбиелік маңызы зор пайымдаулар, халқымыздың еңбекті қадір тұтқанынан сыр тартады. «Ақыл сақалда емес», «Құл князьдан артық біледі, бірақ айтуға дәрмен жоқ», «Өткір пышақ қынға қас, өтірік сөз жанға қас», «жақсымен жолдас болсаң, жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң, қаларсың ұятқа», «Ақыл – дария екен, көңіл – дүлдүл екен», «сусыз жерде қамыс жоқ, азған елде намыс жоқ» т.б. мақал-мәтелдердің ұтымды, ұтқыр жақтарына ерекше зер салған.
Ауыз әдебиетінің інжу-маржандары: «Ләйлі-Мәжнүн», «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», «Қыз Жібек», «Қыз Назым», «Жүсіп-Зылиқа», «Еңлік-Кебек» сияқты ғашықтық дастандарды ұзақ таңға Шоқан сан рет тыңдаған және бала кезінен-ақ қағаз бетіне түсірген. Соның ішінде, әсіресе, халыққа өте кең тараған «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» жырына ерекше ден қойған.
«Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» дастанын орыстың ақыны А.С.Пушкин Оралға келгенде орыс тіліне аударып жазып алған. Қозы мен Баянның құрметіне қойылған ескерткіш Аягөз бекінісінен тоқсан шақырым жерде тұр. Дастанға 1500 жыл. Шоқан әсіресе Шөже ақынның айтқан нұсқасын жазып алған. Шоқанның эпостық жырына Иманбеков қосымша мынадай мәлімет жасады. Шоқан «Едіге туралы аңызды» 1842 жылы Арыстанбай деген ақынның айтуымен жазып алған. Шоқанның осы еңбегін 1905 жылы профессор П.М.Мелиоранский Петербургте бастырып шығарған. Шоқан бұдан басқа «Ер Тарғын», «Қобыланды», «Алпамыс» т.б. эпостық жырларды зерттеген. Шоқанның ұзақ зерттегені «Едіге батыр».
.
Достарыңызбен бөлісу: |