Пирзадаев арман нургабылович


ҚОҒАМҒА ҚАУІПТІ ЗАРДАП - ҚЫЛМЫСТЫҚ-ҚҰҚЫҚТЫҚ



Pdf көрінісі
бет10/18
Дата31.05.2024
өлшемі1.21 Mb.
#502160
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   18
Dissertatsiya Pirzadaeva-Armana-Nurgabyilovicha-KAZGYUU

1 ҚОҒАМҒА ҚАУІПТІ ЗАРДАП - ҚЫЛМЫСТЫҚ-ҚҰҚЫҚТЫҚ 
КАТЕГОРИЯ ЖӘНЕ МЕШІКТІ ЖЫМҚЫРУМЕН БАЙЛАНЫСТЫ 
ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАРДЫҢ НӘТИЖЕСІ РЕТІНДЕ 
1.1 Қоғамға қауіпті зардап – қылмыстық құқық бұзушылық нәтижесі 
ретінде 
Өзімізге белгілі, адамның кез келген іс-әрекеті, оның ішінде қылмыстық 
құқық бұзушылық та бар, қоршаған ортада белгілі бір өзгерістер туындатады. 
Алайда қылмыстық құқық бұзушылық заңға сыйымды мінез-құлыққа қарағанда 
қоғам үшін зиянды өзгерістерге алып келеді және ол қоғамға қауіпті зардап деп 
аталады.
Қандай да болсын қылмыстық іс-әрекеттің қоғамдық қауiптi зардаптарды 
туындататынын бекітетін нақты ереже еліміздің (ҚР ҚК 10-бабы) және кейбiр 
шетелдердің қылмыстық заңнамаларында белгілі бір дәрежеде бекiтілген Нью-
Йорк штаты ҚК 1.05 § 1 б.; Қытай Халық Республикасы ҚК 13-бабы.; Польша 
Республикасы ҚК 1-бабы [7, с. 48-50]; Армения Республикасы ҚК 18-бабы [8]; 
Түрікменстан ҚК 10-бабы; Өзбекстан Республикасы ҚК 14-бабы [9, с. 15-16, 
22], Молдова Республикасы ҚК 14-бабы [10]. 
1997 жылғы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 9-бабының
1-бөлігінде қылмыстың формальдық анықтамасы берілген, яғни «Қылмыс 
дегеніміз қылмыстық кодексте жазалау қатерімен тыйым салынған айыпты 
қоғамға қауіпті іс-әрекет (әрекет немесе әрекетсіздік) деп танылады». Осы 
ұғымды қамтитын белгілер толық болғанда ғана адамның істеген әрекеті 
қылмыс деп танылады. Ал қылмыстық заң бойынша қылмыс деп танылған кез 
келген іс-әрекет (әрекет және әрекетсіздік) салдарынан қылмыс зардабы 
туындайды. Алайда іс-әрекет пен зинды зардап арасында нәтиженің туындауы 
алдында себепті байланыстың болуы міндетті. Егер ондай байланыс болмаса 
әрекет немесе әрекетсіздікті қылмыстың зардабының себебі ретінде қарастыра 
алмаймыз [11, с. 106].
Ал қазіргі қолданыстағы қылмыстық заңнама қылмыс ұғымын 
«қылмыстық құқық бұзушылықтар» тұрғысында қайта қарағандықтан, 10-
баптың 1-бөлігінде «қылмыстық құқық бұзушылықтардың қоғамға қауіптілігі 
мен жазаланушылығына қарай қылмыс және қылмыстық теріс қылық» болып 
екіге бөлінетінін бекіткен.
Осы баптың 2-бөлігіне сәйкес қылмыс және 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық 
теріс қылықты өзара ажырату үшін енді қоғамға қауіпті іс әрекетті кінәлі түрде 
істеу жеткіліксіз, енді бұл әрекеттер үшін қылмыстық заңның Ерекше бөлімінің 
баптарында көзделген жаза мерзімі мен мөлшерін анықтағаннан кейін және 
жазаның нақты түріне қатысты ҚР ҚК Жалпы бөлімінің 3-тарауында 
белгіленген ережелерді зерделеп барып ажыратуға мүмкіндік аламыз.
Мұндай ажырату арқылы қылмыстық заңнамада белгіленген іс әрекеттерді 
істеген кінәлі адамдардың жазаланушылығына қарай отырып олардың 
қаншалықты заңмен тыйым салынған объектілерге зардап келтіргенін де 
байқауға болады.


16 
Теріс қылық үшін тағайындалатын жаза түрлері мен мөлшеріне қарап 
келтірілген зардаптың қылмысқа қарағанда аз екені анықталады. Оның 
анықтамасында «Қылмыстық теріс қылық деп қоғамға зор қауіп төндірмейтін, 
болмашы зиян келтірген не адамның жеке басына, ұйымға, қоғамға не 
мемлекетке зиян келтіру қаупін туғызған, оны жасағаны үшін айыппұл салу, 
түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, қамаққа алу түріндегі жаза 
көзделген айыпты түрде жасалған іс әрекет танылады » деп көрсетілген.
Заңдағы құрылымына қарай қылмыстың объективтік жағы материалдық 
(зардаптың туындауы міндетті), формальдық (қылмысты аяқталды деп есептеу 
үшін іс әрекетті істеу жеткілікті) құрамдағы және келте құрамдағы (қылмыстың 
аяқталу сәті қылмыстың алдыңғы сатыларына көшірілген) қылмыстар болып 
бөлінетінін білеміз. Осы құрылымдардың қай қайсысына болсын қылмыс 
зардабы тән болып келеді. Алайда, қылмыстық заңнамада қылмыс зардабы 
формальдық құрамдарда қылмыс құрамның шегінен тыс шығарылған. Олар 
қылмысты саралауға әсер етпегенімін, жаза тағайындау кезінде сотпен 
ескеріледі.
Оқулықтар мен ғылыми әдебиеттерде беріліп жүрген зардаптың қылмыс 
объектісіне келтірілген зиян ретіндегі анықтамасы нақтылауды қажет етеді. 
Өзіміз білетіндей, қылмыс объектісі бұл қоғамдағы адамдар арасындағы белгілі 
бір әлеуметтік құндылықтарға байланысты қоғамдық қатынастар болып 
табылады.
Қылмыстық зардап ретінде тек қана Қазақстан Республикасының 
қолданыстағы қылмыстық заңнамасына сәйкес тыйым салынған қоғамға қауіпті 
іс-әрекетті кінәлі түрде жасау нәтижесіндегі зиянды өзгерістерді атаймыз. 
Қылмыс зардабы қылмыстық-құқықтық құбылыс ретінде ең алдымен 
қылмыстық құқық ғылымында зерттеледі, нормалардың құрылымында 
сипатталады және ескеріледі, дегенмен қылмыстық заңнамада оның нақты ұғымын 
бекітпейді. Қылмыс зардабының ұғымын қылмыстық құқық ғылымында әр түрлі 
ғалым-заңгерлер береуге талпыныс жасаған. Мәселен, С.В.Землинский: «Қылмыс 
зардабы бұл әлеуметтік-психологиялық құбылыс. Бір жағынан ол іс әрекеттің 
объективтік және субъективтік қасиеттерінен көрінетін және қылмыскер 
тұлғасының қасиеттерін сипаттайтын қылмыстық іс әрекетті қорытындылайтын 
элемент. Екінші жағынан қылмыс зардабы әлеуметтік игіліктер мен 
құндылықтарға қол сұға отырып қылмыс аяқталғаннан кейін де ұзақ уақыт бойы 
теріс өзгерістерге әкелуі мүмкін».
М.М. Бабаевтың пікірі бойынша әлеуметтік салдар «бұл қылмыстық мінез 
құлықпен тікелей, жанама, тікелей және туынды негативтік өзгерістермен 
(зиян, залал, жоғалтулар, шығындар және т.б.) себепті байланыста болатын, 
соңғы нәтижесі болып әлеуметтік (экономикалық, адамгершілік, құқықтық 
және басқалар) құндылықтар, сонымен қатар қоғамның қылмыстылықпен 
күресті ұйымдастыру мен қылмыстық құқық бұзушылықтардың әлеуметтік 
профилактикасымен байланысты экономикалық және өзге де шығындарына 
әкелетін қылмыс жасаудан қоғамдық қатынастарға келетін шынайы зиян» [12].


17 
Қазақ әдеттік қылмыстық құқығында қылмыс зардабын қылмыс ұғымынан 
ажырағысыз, бөлінбейтін құбылыс деп санаған. Қылмыс ретінде феодалдар 
табының экономикалық және саяси мүдделеріне материалдық немесе моральдық 
зиян келтіретін іс-әрекетті түсінген [13].
В.В. Лунеев «Социальные последствия, жертвы и цена преступности» 
атты ғылыми мақаласында «Қылмыстың зардабы қылмысқа қарағанда 
ұзағырақ өмір сүреді» деген Вальтер Скотттың пікірін көрсетеді. Осы пікірді 
қолдай отырып [14, с. 36-56] «Салдарсыз қылмыс болмайды» дейді
А.С. Михлин өзінің «Последствия преступления» атты еңбегінде [15, с. 27].
Сондай-ақ «Барлық қылмыстарға зардап тән белгі емес, зардаптың 
туындауы тек қана материалдық құрамдағы қылмыстарға тән белгі» деп 
көрсетеді белгілі ғалымдар Л.Д. Гаухман мен Л.М. Колодкин [16, с. 158].
«Бұл екі бағыттың бір-бірінен негізгі айырмашылығы, ол қылмыстық 
зардап мәселесіне кең және нақты қарауда болып отыр. Кең түрде, яғни 
әлеуметтік-құқықтық тұрғыдан алғанда кез-келген қылмысты әрекет әлеуметтік 
тұрғыдан қауіптілік тудырып, оның нәтижесі әлеуметтік қауіпті салдар түрінде 
көрінеді. Екінші бағыттағы көзқарас қылмыстық құқықтың өз зерттеу 
обьектілерін нақты анықтауынан шығады. Яғни нақты көрініс берген 
зардаптарды ескеріп, олардың түрлерін, көлемін анықтауды ұсынады. 
Қолданыстағы қылмыстық құқықтық ережеге осы екінші көзқарас, яғни зардап 
немесе салдар тек материалдық сипатта ғана көрінеді деген бағалау сәйкес 
келеді. Бұл бағалаудың артықшылығы, ол біріншіден, қылмыстық құқықта жиі 
қолданылатын жалпыдан жекеге өту тәсіліне және қылмыстарды бір-бірінен 
нақты ажырату белгілерін заңда келтіре отырып, квалификацияны оңтайлы 
ұсыну тәртібіне сәйкес келеді. Қылмыстық салдарды анықтау туралы бұл 
бағытты сондықтан қылмыстық-құқықтық салдар немесе зардап деп атауға 
болады» [17, б. 112].
Қылмыстық құқық тек заңмен қорғалған құқықтық қатынастарға 
обьективті түрде зиян келтіруге немесе оған зиян келтіру қаупін тудыру 
бойынша тұлғаның қызметін зерттейді.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы Қылмыстық кодексінде 
қылмыс зардабының, қылмыс салдарының нақты анықтамасы берілмейді, бірақ 
оны сипаттайтын кең ауқымды терминдер тізімі қолданылады: қоғамдық 
қауіпті зардап; ауыр зардап; зиян; залал, болмашы мөлшер, елеулі зиян, т.б. 
Заң әдебиеттерінде де «қылмыс зардабы», «қылмыс нәтижесі», «залал», 
«шығын», «зиян», «соққы», «жоғалтулар» туралы айтылғанмен (М.М. Бабаев 
зардап ұғымының базасы болып қылмыс объектісіне «залал», «шығын», «зиян», 
«соққы», «жоғалтулар» келтіруі табылады деп есептейді) [18] осы терминдердің 
арақатынасы жоғары деңгейде зерттелмеген, тіпті ұқсас түсініктер ретінде 
қолданылып заңи шатасуларға жол береді.
Қылмыстық құқықта қылмыстың зардабы туралы тек қана қылмыс 
құрамының объективтік жағының белгісі ретінде ғана айтылған [19]. Заманауи 
еңбектерде де қоғамға қауіпті салдарға қатысты өзгерістер де аз-ақ [20,
с. 233-241].


18 
Қылмыс зардаптарының белгiлеуіндегі заң шығару терминологиясының 
көп варианттылығы, ресми анықтаманың жоқтығы объективтi түрде 
қылмыстың осы белгiсiн анықтау туралы да сандаған пiкiрлер тудырады. 
Сондықтан олардың кеңейтілген немесе керiсiнше, шектеушi түсiндiрмелеріне 
жол бермей қылмыс зардаптарының мазмұнының тұрақтылығын мақұлдау 
керек. 
«Қоғамдық қауiптi зардаптар» негізгі түсінік болып табылады, ал «залал», 
«зиян» туынды ұғым ретiнде болады және зардаптардың («мүлiктiк залал», 
«моралдық зиян» т.б.) айқын түрлерiнiң сипаттамасы үшiн заңнамада 
қолданылады [21]. 
Сондықтан бiздiң пiкiрімізше, әр түрлi қоғамдық қауiптi зардаптардың 
түрлерін шатастыруды болдырмау үшiн Қазақстан Республикасы ҚК 
қолданылатын ұғымдар бойынша қылмыстық заңның Жалпы бөлiмінің 
шеңберiнде «қылмыстық құқық бұзушылық зардап « ретінде тек қана Қазақстан 
Республикасының қолданыстағы қылмыстық заңнамасына сәйкес тыйым 
салынған қоғамға қауіпті іс әрекетті кінәлі түрде жасау нәтижесіндегі залалды, 
зиянды және зардапты өзгерістерді айтамыз» деп анықтамалық түсiндiрме беру 
қажет.
Сонымен қатар теорияда «салдар» және «нәтиже» терминдерін ажыратып 
жатады. А.С. Михлин «салдар» және «нәтиже» теория мен тәжірбиеге синоним 
ретінде енді, ал оларды бөліп қарау мәселені шатастырмаса шешпейді дейді [15, 
с. 29].
Қылмыстық құқық теориясында қалыптасқан көзқарасқа сәйкес 
қылмыстық салдар қылмыстық нәтижемен ұқсас қаралады, және қол 
сұғушылық объектісіне қылмыстық құқық нормаларымен қорғалатын қоғамдық 
қатынастарға қылмыстық іс-әрекет арқылы келтірілген зиянды өзгеріс (зиян, 
залал) түсініледі. Бөтеннің мүлкін жымқыру меншік иесіне өзіне тиесілі мүлікті 
экономикалық жағынан иеленуге, пайдалануға немесе билік ету мүмкіндігін 
жүзеге асыруды қиындатады. Ал қылмыс нәтижесі бөтеннің мүлкін 
жымқырудың объективтенген қоғамға қауіпті салдары. Ол ұрланған мүліктің 
сомалық құнымен анықталады [22, с. 220].
Н.Ф. Кузнецова: «нәтиже» белгісіне ие нормаларды талдап, заң шығарушы 
ақшалай бағаланатын қылмыс затына келтірген экономикалық залалды 
білдіреді» деп жазады. 
Біздіңше, А.С. Михлиннің көзқарасымен келісуге болады. Басқа ғылым 
салаларында салдар және нәтиже терминдері бөлек, дербес ұғым ретінде 
қарастырылатын болар, бірақ қылмыстық-құқықтық циклдағы пәндер үшін 
талдап отырған қылмыс «салдары» және «нәтижесі» терминдері бір құбылыс 
қылмыстылықтың әкеп соғатын, қылмыс істеудің құқықтық салдары. Мәселен, 
механика саласында белгілі бір детальдарды дұрыс қабыстырмау салдарынан 
форма құрастырылмай қалды немесе қайта бұзып қайта жөндеуге тура келеді. 
Ал қылмыстық құқық саласында қоғамға қауіпті заңмен тыйым салынған іс-
әрекетті жасау қылмыстық-құқықтық жазалауға (қылмыс нәтижесі немесе 
қылмыс салдары) әкеп соқтырды.


19 
Алайда соңғы кездері қылмыс зардабы мен қылмыс салдарын бір 
құбылыстың екі дербес көрінісі ретінде ажыратуды ұстанатын авторлар да 
кездеседі. Осы екі ұғымның арақатынасын дұрыс анықтау мәселесі тек қана 
теориялық емес, практикалық та тұрғыда маңызды. Себебі кейбір қылмыстық 
құқық бұзушылықтардың ауырлатылған түрлерінің белгісі ретінде іс-әрекеттің 
мөлшері («елеулі зиян», «ауыр зардап», «ірі мөлшер» т.б.) қылмыстық заңды 
дұрыс қолдануға, адамның іс-әрекетін дұрыс саралауға әсер етеді. 
Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстар мен меншікке қарсы 
қылмыстарды тереңдеп зерттеушілердің бірі Н.А. Лопашенко «қоғамға қауіпті 
зардап» және «қылмыстық нәтиже» терминдерін ажыратып қарайды. Жымқыру 
әрқашан да материалдық сипаттағы жағымсыз салдар туындатады, меншік 
иесіне немесе заңды иеленушіге материалдық зиян келтіреді деп көрсетеді [23, 
с. 143].
Жымқырудың антиқоғамдық салдары қоғамдық қатынастардың өн 
бойында адамның меншік құқығының қалыпты қызмет етуі жағдайын бұзу 
түрінде жасырылған деуге болады. Қылмыстық нәтиже болса бағалық, құндық, 
натуралық және де өзге де өлшенетін параметрлері бар материалдық 
құрылымды білдіреді.
Я.М. Брайнин қылмыстық іс-әрекеттен туындайтын сыртқы шеңберде 
пайда болған барлық өзгерістерді жатқызды, мысалы тек жәбірленушінің өлімі 
емес, оның туыстарының қайғысы. Және ол қылмыс нәтижесі қылмыс 
құрамының болуы үшін маңызды салдар дейді [24]. 
Ю.А. Красиков және А.И. Рарог зиянды нәтиже және зиянды зардап 
қылмыстық 
құқықтың 
терминологиялық 
аппаратын 
нақтылайтынын 
пайымдайды [25, с. 87]. 
Қылмыс зардабының мынадай маңызды белгілерін көрсетуге болады:
1) қылмыстық зардап бұл кез келген емес, тек қана қылмыстық заңмен 
тыйым салынған қылмыстық іс-әрекет нәтижесінің әлеуметтік сипаттамасы;
2) қылмыстық зардап бұл кез келген емес, тек қана қылмыстық заңмен 
қорғалатын қоғамдық қатынастардың зиянды өзгерісі. Яғни қылмыстық зардап 
тек қана қылмыстық іс-әрекетпен емес, қылмыс объектісімен де тығыз 
байланыста. Осы екі белгілерді байланыста қарау арқылы қылмыс зардабының 
мәнін анықтауға болады.
Және де бұл арада біздің ойымызша «зардап» терминінің философиялық 
және қылмыстық-құқықтық мәні салыстырылуы дұрыс емес секілді. Оған қоса 
кейіннен «салдар» ретінде танылатын жаңа терминнің енгізілуі түсініксіз. 
Сондықтан қылмыстық құқық шеңберінде «қоғамға қауіпті зардап» айтылады, 
ал қоғамға қауіпті іс әрекет нәтижесінде заңда көзделгеннен өзге зардаптардың 
барлығы қылмыстық салдар термині арқылы беріліп, ол термин криминология 
ғылымында зерттеледі деп тұжырымдаймыз. 
Теорияда қылмыстық құқық бұзушылық зардабын қылмыс құрамының екі 
бірдей элементінің белгісі ретінде қарастыратын пікірталастар бар. Ол қылмыс 
зардабын қылмыс объектісімен және қылмыстық іс-әрекетті негізгі міндетті 
белгісі ретінде қарастыратын қылмыстың объективтік жағымен байланыстырып 


20 
қарауда жатыр. Біздің міндетіміз осы екі түрлі көзқарастың бірін мақтап, 
екіншісін терістеуге келіп тірелмейді, керісінше бұл пікірлердің құқықтық 
табиғатына үңілу нәтижесінде бір шешімін көрсетуге келіп саяды.
Қылмыс зардабы тек қана қылмыс құрамының объективтік жағының 
белгісі ретінде қарау бұл құбылыстың ішкі көрінісін көрсетпейді. Адамның 
қандай да бір әрекеті қоғам мен табиғатта болатын өзгерістердің себептері 
болуы мүмкін. Осы өзгерістерді зерттеген В.Н. Кудрявцев себепті байланыс пен 
салдардың маңыздылығына тоқталады. Бір іс-әрекеттің нәтижесіндегі себеп 
бірнеше нәтиже туындауы мүмкін, және жағдай өзгерген жағдайда (немесе 
бірдей жағдайдағы әр түрлі себептерден) әр түрлі салдар туындауы мүмкін. 
Сондықтан қылмыстық құқық бұзушылықтардан келетін зиянды салдардың 
тізбегі ұзын да теориялық шексіз болуы мүмкін [26, с. 81].
Алайда қылмыстық мінез-құлық нәтижесінде туындаған өзгерістер, 
зиянды 
залалдардың 
барлығының 
тізбегі 
қылмыстық 
зардаптарға 
жатқызылмайды [27]. Зиянды салдарды қылмыстық деп тану нақты қылмыс 
құрамы шегінде қылмыстың қажетті және факультативтік элементі ретінде 
қылмыстық-құқықтық қорғау объектісі мен кінәлі түрде келтірілген зиянды 
өзгерістермен шектеледі.
Заң әдебиеттерінде қылмыс салдарының мәнін ашуда авторлар оның 
қылмыс объектісімен байланыстылығын көрсетеді. Және қоғамға қауіпті іс-
әрекеттен келген қылмыс зардабы қол сұғушылық объектісіне келтірілген зиян, 
яғни қылмыстық заңмен қорғалатын қоғамдық қатынастарға келтірілген зиян 
деп қарастырылады [28].
Қылмыс объектісін терең зерттеушілердің бірі Б.С. Никифоров «егер 
қылмыс салдарын оның іс-әрекетпен қатынасы тұрғысында қарайтын болсақ, 
оның құқықтық табиғатын анықтай алмаймыз. Салдардың қылмыс объектісімен 
қатынасы ғана дұрыс қылмыстық-құқықтық саралаудың пәні бола алады» [29, 
с. 144].
Ал қылмыстық зардап пен объектінің өзара байланысы ең алдымен 
қылмыс зардабы бір уақытта объекті мен іс-әрекетке тиесілі, және осы екеуінің 
арасын жалғастырады дейді сөзін жалғастырып Б.С. Никифоров [29,
с. 134-154].
А.С. Михлин, осы пікірді қолдай отырып, «бұл байланыс зардаптың 
объектісіз мүмкін еместігін, және оның объектінің өзінде өмір сүретінін, 
сондықтан көбіне қылмыс объектісімен анықталады» деп жалғастырады [15,
с. 11].
Бұл өзара байланыстағы объектінің ролі ең алдымен қылмыстық қол 
сұғушылықтардың мазұны мен сипаты зиян келтірген қоғамдық қатынастар 
мазмұнын анықтайтын объектінің қасиеті болуымен анықталады. Сөйтіп 
қылмыс зардабы іс-әрекеттен (әрекет немесе әрекетсіздік) туындап, өзінің 
мазмұнын заңмен қорғалатын қоғамдық қатынастарды зиянды өзгерту түрінде 
залал келтіретін қолсұғушылық объектісінен алады.
Сондықтан қылмыс объектісі, іс-әрекет және зардап ұғымдарының өзара 
байланысын жеке-жеке қарамай, қоғамға қауіптілік ұғымы арқылы түсіндірген 


21 
дұрыс. Өйткені қоғамға қауіптілік «заң қорғайтын қоғамдық қатынастар 
жүйесіне белгілі бір дәрежеде зиян келтіру қасиетіне ие» деп айтуымызға 
болады [30].
Қоғамдық қатынастар қылмыстық-құқықтық қорғау объектісі ретінде 
бірнеше элементтерден тұратын күрделі құбылыс. Бұл жағынан алғанда 
қоғамдық қатынастар үш элементтен тұрады: 
– субъектілер (қатынасқа түсетін қатысушылар); 
– объект (қоғамдық қатынас туындайтын әлеуметтік құндылықтар); 
– мазмұн (қоғамдық қатынас субъектілерінің мінез-құлқын анықтайтын 
құқықтар мен міндеттер). 
Әрекет немесе әрекетсіздік жолымен қылмыс жасалғанда әр түрлі 
жағдайда қоғамдық қатынастардың әр түрлі әлементтеріне әсері тиуі мүмкін. 
Бір жағдайда ол қоғамдық қатынастардың өзінің мазмұнына, екінші жағдайда 
қатынастардың субъектісне, немесе бұл қатынастардың материалдық жағына 
бағытталуы мүмкін. Алайда барлық жағдайларда да қандай элементіне зиян 
келтірсе де тұтастай алғанда қоғамдық қатынастарға қол сұғушылық деп 
танылады.
Бөтеннің мүлкін жымқырудың топтық объектісі бұл меншік иесінің немесе 
басқа да иеленушісінің меншікті иелену, пайдалану және билік етуін бұзатын 
қатынастар. Белгілі бір экономикалық құндылығы бар немесе құны бар 
меншікке немесе оның бөлігіне қатысты бұл мүмкіндіктен айыру бөтеннің 
мүлкін жымқырудың қылмыстық салдары болып табылады.
Яғни объектінің ерекшеліктері туындайтын зардаптың сипатына да әсер 
етеді.
Қылмыс салдары материалдық немесе материалдық емес сипатта болуы 
мүмкін. А.Н. Трайнин: «Салдар деп тек қана сыртқы ортаның өзгерістері емес, 
саяси, психикалық, моральдық тұрғыдағы фактілер де танылуы тиіс... 
материалдық сипаттағы қылмыстық салдар нақты өлшенеді, субъектінің 
объектіге қатынастар мен қылмыс затына қатысты қол сұғуы жолымен 
қолсұғушылық кезінде туындайды. Ондай салдарға адамның өмірі мен 
денсаулығы, мүліктік залал, экологиялық мүдделер жатады, олар материалдық 
сипатқа ие. Аталған салдарлар табиғаты жағынан сыртқы, физикалық ортаның 
пәнін құрайтын қоғамдық қатынастардың өзгерісімен байланысты [31, с. 290].
Материалдық емес салдар саяси, моральдық залал дискреттік өлшемдерден 
көрінетіндіктен, мұндай залалды нақты дәл есептей алмаймыз. Алайда соған 
қарамастан материалдық емес өзгерістер қылмыс салдары ретінде мәнін 
жоғалтпайды. Материалдық емес салдарлар Қазақстан Республикасында 
қорғауға алынған, ол жеке тұлғаның мүддесіне зиян келтіру, адамның ар-
ожданына, саяси, еңбек және басқа да мүліктік емес сипаттағы құқықтарына 
зиян келтіргенде, мемлекеттік қызмет мүдделеріне, қоғамдық қауіпсіздік пен 
бейбітшілікке қарсы келгенде орын алады.
Ал енді қылмыстық құқық бұзушылықтың моральдік зардабына тереңірек 
үңілетін болсақ, 1985 жылы 29 қарашада БҰҰ Бас Ассамблеясы қылмыс пен 
биліктен зардап шегушілер үшін негізгі әділеттілік қағидалары бекітілген 


22 
Декларарция қабылдады. Сол Декларацияда тарихта бірінші рет халықаралық 
дәрежеде «қылмыстық зардап шегуші» түсінігі енгізілді. Яғни, ол - жеке немесе 
ұжымдық нысанда зиян келтітірлген тұлға ретінде қарастырылып, зардап 
түрлеріне физикалық, моральдік және материалдық зияндар жатқызылды. 
Сонымен қатар осы Декларацияның 4 бабында БҰҰ кіретін мемлекеттің 
ұлттық 
заңнамаларында 
тұлғаға 
қылмыспен 
келтірілген 
моральдік, 
материалдық, денеге зақым келтіру бойынша зардаптардың орнын толтыруға 
мүмкіндіктің қарастырылуы бекітілген [32]. 
Германия заңнамасында «моральдік зиян» - зардап шегу компенсациясы 
деп аталып (Schmerzensgeld), денеге және психикалық зардаптар жатады [33]. 
Ал АҚШ пен Англияда «психологиялық зардап» түсінігі бар (psychological 
damage) және оған физиклық және психологиялық зардаптар кіргізілген. 
Ұлыбританияда моральдік зиянның орнын толтыру бойынша 1994 жылы 
қабылданған арнайы «тариф сызбасын» қолданатын Комиссия айналысады. 
Сонымен қатар бұл Комииссияның негізгі жұмысында 1995 жылы қылмыс 
зардабынан келтірілген компенсация Заңы болып табылады [34]. 
Бұл заңның орындалуы Ұлыбритания ІІМ жүктелген және заңда 
компенсация құнының 500 мың фунт стерлингтен аспауы қажеттілігі бекітілген 
[35].
АҚШ-та да мемлекеттік компенсация жүйесі қалыптасқан және ол 
«қылмыстан зардап шегушілер құқығы» Заңы негізінде жүзеге асырылады. 
Сонымен қатар компенсацияның бір бөлігі арнайы міндетті сақтандыру 
қорларынан төленеді [36]. 
Қылмыс объектісінің қылмыс зардабы үшін маңызы қылмыстық зардаптың 
сыртқы формасына ықпалымен шектелмейді. Қылмыс объектісі ретінде 
қоғамдық қатынастардың мазмұны қылмыстық зардаптардың әлеуметтік-саяси 
және құқықтық тұрғыда бағасын да анықтайды. Бөтеннің мүлкін жымқырудың 
қылмыстық зардабы меншік қатынастарын бұзуды білдіреді. Мұнда бұзу 
көлемі ұрланған мүліктің құнымен бағаланатын меншік иесіне келтірілген 
материалдық залалдың сипатымен анықталады. Алайда аталған қылмыстық 
құқық бұзушылықтардың зардабын құқықтық бағалау әр түрлі.
Бұл жерде ол зардап сипаты мен түріне емес, ол қандай объектіге, қандай 
қоғамдық қатынас қатысушысына, қоғамдық қатынастың мазмұнына көлеміне 
байланысты. Мәселен, адам өлімі әр түрлі іс-әрекет нәтижесінде туындауы 
мүмкін, алайда оны құқықтық бағалау қылмыс нәтижесінің түрі мен сипатымен 
ғана емес, объектінің мазмұнымен де байланысты. Қылмыстың қандай 
объектіге бағытталғанына байланысты зардап түрі анықталады, ол меншікке 
қарсы қылмыстар қатарына немесе экономикалық қызмет саласындағы 
қылмыстарға жатуы мүмкін.
Қылмыстық зардап қол сұғушылық объектісіне залал келтіретін белгі 
ретінде қоғамдық қатынастарға қауіп пен зиян келтіруден көрінеді.
Сондықтан, Б.С. Никифоров іс-әрекеттің қоғамдық қауіптілігі «барынша 
анық дәл көрінісін табады, қылмысты саралау үшін қылмыстық құқық 


23 
бұзушылықтардан қандай зиян, кімнің мүддесіне зиян келтіргенін шешу 
маңызды» дейді [29, с. 158].
Зардап туындаған жағдайда қылмыстық іс-әрекеттің қоғамға қауіптілік 
дәрежесі қолсұғушылық объектісі мен оған келген зиян көлеміне байланысты. 
Қылмыс зардабымен анықталатын іс-әрекеттің қоғамға қауіптілігі мен 
қылмыстың қоғамға қауіптілігі бір ұғым емес. Қылмыстың қоғамға қауіптілігі 
қылмыстың барлық элементтерінің жиынтығында (объективтік және 
субъективтік белгілермен қатар, тұтастай қылмыстың белгілерінің) қаралады. 
Дегенмен қылмыстың қоғамға қауіптілігі объективтік жақта өз көрінісін анық 
алады [37].
Жоғарыда айтқандай, қоғамға қауіпті іс-әрекет пен қылмыстық зардап 
қылмыс құрамының объективтік жағының белгісі болып табылады. Бірақ 
зардап қоғамға қауіпті іс-әрекетке қарағанда міндетті емес белгі ол тек 
материалдық құрамдағы қылмыстық құқық бұзушылықтардың міндетті белгісі. 
ҚР ҚК Ерекше бөлімінің кейбір баптары бойынша қылмыс субъектісі 
қылмыстық зардаптың туындауынан тәуелсіз түрде жауапкершілікке 
тартылатындығын бекіткен (формальдық құрамдар, мысалы, 191-бабы 
«Қарақшылық» қылмысы аяқталды деп есептеледі, қылмыстық іс-әрекет 
жасалған кезден бастап) бұл нормалармен көзделген әрекеттер аяқталған 
қылмыс құрамдарын білдіреді.
А.Н. Трайнин, Н.Ф. Кузнецова, Т.В. Церетели секілді ғалымдар 
қылмыстық салдарды барлық қылмыстық құқық бұзушылықтардың 
ажыратылмас белгісі деп есептейді. Соған байланысты зиянды зардаптарды 
келтіру мүмкіндігі жоғарыдағы құрамдарда қылмыстық салдардың түрі ретінде 
қаралады [38, с. 49; 26, с. 148-150; 39, с. 22-27].
Н.Д. Дурманов, Я.М. Брайнин, В.Н. Кудрявцев, А.С. Михлин залал келтіру 
мүмкіндігі қылмыстық зардап болып табылмайды дейді [40, с. 40-41; 24,
с. 191-192; 15, с. 30-34; 37, с. 170-174].
Біздіңше, кез келген қылмыстық құқықбұзушылық қылмыстық заңмен 
қорғалатын қоғамдық қатынастарды бұзу қауіпін тудырады емес, бұзады, яғни 
қылмыстық заңмен тыйым салынған іс-әрекетті жасау нәтижесінде тұлға 
субъективтік құқықтарды асырып немесе заңдық міндеттерді орындамай 
қоғамдық қатынастарға қол сұғады. Әйтпесе заңшығарушы жазалау қатерімен 
қалыпты мінез-құлықтың шеңберін белгілемес еді. Қоғамдық қатынастарды 
бұзу қылмыстық заңнамамен тыйым салынған іс-әрекеттерді істеудің барлық 
жағдайында орын алады. Соған сәйкес қылмыстық зардап материалдық және 
формальдық құрамдағы қылмыстар жасау нәтижесінде келетін залал деп 
танылады. Формальдық құрамдағы қылмыстық құқық бұзушылықтардың 
зардабы ең алдымен қылмыстық құқықтық норманың мазмұнын түсіну 
жолымен, қылмыстың тікелей объектісін анықтау жолымен түсіндіріледі.
Қылмыс зардабы материалдық немесе материалдық емес сипатта болады 
[41, с. 61; 42, с. 78]. Формальдық құрамдағы қылмыстық құқық 
бұзушылықтардың көпшілігінде материалдық құрамдағы қылмыстар сияқты 
белгілі бір залал келтіреді, ол залал әдетте материалдық емес сипаттағы залал 


24 
түрінде көрінеді. Сондықтан формальдық құрамдағы залалды нақты өлшеу 
мүмкін емес, ал объектідегі кез келген өзгеріс қоғам үшін қауіпті болып 
табылады. Мұндай құрамдар үшін заң шығарушы қылмыстың ауырлығы мен 
сипатын бағалау міндетін құқық қорғау органдары мен сот, прокуратура 
органдарына артпай-ақ өзі белгілеп қояды, яғни қылмысты аяқталды есептеу 
үшін қылмыстық іс-әрекетті істеуді жеткілікті деп таниды, қылмыстық 
жауаптылыққа тарту үшін міндетті шарт ретінде қылмыс зардабы қаралмайды.
Қылмыс зардабын нақты қылмыс құрамы шеңберінде тікелей объектімен 
бірге қарастыру негізгі және қосымша қылмыстық зардаптардың табиғаты мен 
мазмұнын анықтауға көмектеседі. Бұл мәселені шешу бөтеннің мүлкін 
жымқырумен байланысты қылмыстарды бағалау үшін маңызды, себебі бұл 
қылмыстық құқық бұзушылықтардан әдетте бірнеше зардаптар туындайды.
Нақты қылмыс құрамының объектісіне, яғни қоғамдық қатынастарға 
келтірілген зардаптарға қарап қылмыстық зардаптарды негізгі объектіге 
келтірілген залал, қосымша объектіге келтірілген қосымша залал деп бөлеміз. 
Негізгі және қосымша қылмыстық зардаппен бірге факультативтік қылмыстық 
зардап та болады.
Қылмыстың факультативтік зардабы ретінде қылмыстық-құқықтық 
объектіде қылмыстық заңның ерекше бөлімінің бабының диспозициясында 
көзделмеген, бірақ туындаған жағдайда онымен қамтылатын және ҚР ҚК тиісті 
нормасы бойынша қосымша саралуды қажет етпейтін зардап танылады. 
Факультативтік зардап қылмыстық-құқықтық норманың конструкциясы 
бойынша туындаған жағдайдың өзінде қылмыс құрамының элементі болып 
есептелмейді.
Факультативтік зардап барлық қылмыстар үшін тән емес, сондықтан оның 
шегінен тыс жатыр. Оның бар немесе жоқтығы қылмысты саралауға әсерін 
тигізбейді.
Қосымша объект қылмыс құрамының қажетті элементі болып табылады. 
Алайда осы объектіге тән қылмыстық зардаптар осындай белгі болуы керек 
дегенді білдірмейді. Қылмыстық зардап объект пен қылмыстық іс-әрекетке 
қарағанда айырмашылығы қылмыстық заңнама бойынша барлық қылмыс 
құрамдарының ажыратылмас белгісі емес. Қылмыстық құқықтық қорғау 
объектісіне қол сұғушылық нақты қылмыстық зардаптың туындауымен 
байланыстырылмайды. Мұндай құрамдардағы қылмыстық зардап қылмыс 
құрамының қажетті элементі ретінде маңызы болмайды.
Факультативтік зардап негізгі және қосымша зардаптармен бірге қылмыс 
жасау процесінде де одан тыс та туындауы мүмкін. Бір әрекет бірнеше 
зардаптың себебі болуы мүмкін.
Сонымен қосымша және факультативтік қылмыстық зарбаптар арасындағы 
басты айырмашылық қосымша қылмыстық зардап нақты қылмыстың 
объективтік жағының элементі болса, факультативтік зардап қылмыс құрамы 
элементінің белгісі емес. Сондықтан да қосымша зардаптың болмауы негізгі 
зардап бар болған жағдайдың өзінде тиісті қылмыс құрамы жоқ деп танылады. 


25 
Егер негізгі объектіге зиян келтірген қылмыстың факультативтвік зардабының 
бар немесе жоқтығы қылмыс құрамына әсер етпейді [43]. 
Алматы облысы, Қарасай аудандық сотының 2013 жылғы 15 ақпандағы 
үкімімен: Ж., бұрын сотталмаған, ҚР ҚК­нің 179­бабы 3­бөлігінің «в» 
тармағымен мүлкі тәркіленіп, 8 жыл бас бостандығынан айыруға, жазаны түзеу 
колониясының жалпы режимінде өтеуге сотталған. У., бұрын сотталмаған, ҚР 
ҚК­нің 179­бабы 3­бөлігінің «в» тармағымен мүлкі тәркіленіп, 8 жыл 6 айға бас 
бостандығынан айыруға, жазаны түзеу колониясының жалпы режимінде өтеуге 
сотталған. Р., бұрын сотталмаған, ҚР ҚК­нің 179­бабы 3­бөлігінің «в» 
тармағымен мүлкі тәркіленіп, 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға, жазаны 
түзеу колониясының жалпы режимінде өтеуге сотталған. Сотталғандардан 
жәбірленуші К.­ның пайдасына 1 828 910 теңге материалдық шығын, 2 000 000 
теңге моральдық залал өндірілген. 
Сот үкімімен Ж., У. және Р. алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен, 
бөтеннің мүлкін ірі мөлшерде ұрлау мақсатында қару ретінде пайдаланатын 
заттарды қолданып, жәбірленуші К.­ның өмірі мен денсаулығына ауыр зиян 
келтірумен, қауіпті күш көрсетумен ұштасқан қарақшылық жасап, 
жәбірленушіге 1 418 000 теңгеге ірі мөлшерде залал келтіргендері үшін кінәлі 
деп танылған [44].
Бұл мысал да көрсетіп отырғандай, бөтеннің мүлкін жымқыру 
қылмыстарынан келетін зардаптардың көпшілігі ірі мөлшердегі залал түрінде 
болады және тек міндетті зардап емес, моральдық залал түріндегі 
факультативтік зардап та тәжірибеде өндірілетінін көрсетеді. Моральдық зиян 
факультативтік зардап түрі ретінде қылмыс құрамы үшін қылмыстық 
жауаптылық туындататын міндетті белгі емес. Алайда моральдық залалды өтеу 
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 951-952 - баптарымен 
реттелетіндіктен, ол қылмыстық заңнама шеңберінен тыс жатыр. Және 
меншікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтардың ішінде әсіресе 
қарақшылық қылмыстылығы басым жағдайда тек қана меншік құқығына ғана 
қол сұғып қоймай, адамның өмірі мен денсаулығына қатер төндіреді. Яғни 
қарақшылықпен байланысты меншік қылмыстары міндетті түрде жеке 
адамдарға қарсы бағытталуымен ерекше.
Заң шығарушы қылмыс істеу нәтижесінде кінәлі мен жәбірленуші екі 
жақтың бейбіт келісімге келіп, орын алған шығынның орнын толтыруға 
негізделген қалпына келтіру сот төрелігі жөніндегі жаңа институттарды 
біртіндеп енгізу керектігі жөнінде, сондай-ақ, соттағы қылмыстық тексеру мен 
айыптауды соттан тыс жағдайда, сонымен қатар, ашық сот жағдайында өткізу 
арқылы қылмыстық істердің категориясын кеңейту туралы соңғы кездері жиі 
айтып жүр.
Осылайша, қылмыс істеу арқылы келтірілген материалдык шығынның 
орнын 3 есе қылып төлететін жаңа институтты заңнамаға енгізу керек [5]. 
Аталмыш ұсыныс 2009 жылдың 24 тамызында Қазақстан Республикасы 
Президентінің жарлығымен бекітілген, Қазақстан Республикасының 2010-нан 
2020 жылдар аралығындағы құқықтық саясаты Тұжырымдамасында 


26 
көрсетілген қылмыстық-процессуалдық саясаттың нормативтік бағыттарымен 
сәйкес келеді, қылмыстық істердегі азаматтық талап мәселесіне де жақын 
болып табылады. 
Қылмыстық құқық бұзушылық нәтижесінде келтірілген шығынды 3 есе 
қылып өтеп берудің негізгі идеясы сонау қазақ әдет құқығынан алатындай және 
ол төмендегідей ережемен түсіндіріледі. Өтемақының бір бөлігін зардап 
шегуші-жәбірленушіге, бір бөлігін мемлекетке, қалған бір бөлігін сақтандыру 
қорына төлейді. 
Жәбірленуші мәселесі түсінікті (ҚР ҚІЖК бекітілген ережеге сәйкес). 
Мемлекеттің «үлесі» де түсінікті, себебі, қылмыстық заңнаманың 
міндеттерін жүзеге асыруға, құқыққорғау жүйесінің беделін сақтауға, 
мемлекеттік аппараттың қалыпты қызметін қамтамасыз етуге, келтірілген 
шығынның 
орнын 
толтыруға 
байланысты 
мемлекеттік 
органдарға, 
мекемелерге, ұйымдарға, лауазымды тұлғаларға, сондай-ақ, заңды және жеке 
тұлғаларға келген шығындар бар.
Қазақ әдет құқығына да бұл институт таңсық емес, кінәлі айыптың бір 
бөлігін билерге беруге міндетті болған. 1885 жылғы билердің Шар съезінде 
қабылданған Ереженің 37 пунктінде «қылмысы үшін кінәліге тағайындалған 
айыптан бөлек «кандат» және «бийликат» өндіріп алынады. «Кандат» бір 
жылқы мөлшерінде ұрының өзі мініп жүрген жылқысы ұрының тұрғылықты 
жері бойынша басқарушыға, бийликат істі шешкен билерге әр кінәліден бір 
жылқы түрінде өндіріледі» деп белгіленген [45, 71-85].
Үшінші бөлікке келер болсақ, бұл қылмыс орын алып, құрбан болғандар 
болған жағдайға қатысты. Алайда, қылмыскерді үнемі дерлік ұстап алу мүмкін 
емес. Демек, мұндай жағдайда ол адам зардап шегуші мәртебесінен 
жәбірленуші мәртебесіне ауысады. Ал жәбірленушілердің саны өте көп және 
оларға келтірілген шығынның орнын толтыру керек. Бұл дегеніміз, 
жәбірленушілердің шығынын сақтандыру қорлары төлеп береді деген сөз. 
Жоғарыда аталғандар орнын толтыру қағидасына сай келеді. Меншікке 
қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтардан келетін зардаптар жалпы 
қылмыстылықтан келетін зардаптардың жартысынан астамын құрайды және 
бөтеннің мүлкін жымқырудан келетін қылмыстық құқық бұзушылықтардан 
келетін зардаптардың материалдық зияны ғана мемлекеттік мәліметтер 
базасында тіркеледі. Ал зиян тек материалдық қана емес, материалдық емес 
нысында да болатынын ескеріп, болашақта тек материалдық емес моральдық 
зияндарды есепке алу қамтамасыз еткен жөн. Бұл орайда қылмыстық 
істердегі азаматтық талап ережелері шеңберінде Қазақстан Республикасы 
Азаматтық кодексінің 47-тарауына сәйкес «Зиян келтіру салдарынан 
туындайтын міндеттемелер» бойынша да мемлекеттік мәліметтерді ресми 
тіркеуді жүргізуді енгізу қажет.
Бұл кінәсін мойындау туралы келісім институты мен бітімгершілік 
институты ережелерінің тетіктерінің бірі ретінде ұсынылады.
Қазіргі таңда көптеген елдерде қылмыстық қудалау шарасының орнына 
алтьтернативті жүйелер енгізіліп жатыр. Оның ішінде өзектісі сот әдлідінің 


27 
орнын толтыру идеясы (restorative justice) яғни, ең алдымен жәбірленушіге 
келтірілген зардаптардың орнын толтыру арқылы кінәлінің міндетінен 
құтылуы. Мысалы, бітімгершілікке келу бойынша АҚШ та 300 ге жуық, 
Канадада 26, Европа елдерінде 700 ге жуық бағдарламалар бар [46]. 
Қылмыстық зардаптардың Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 
Ерекше бөлiмінің нормаларында ұғымының бар болуы немесе жоқтығы тек 
қана заң шығару техникасының әдісі. Ал, заң әдебиеттерiнде қылмыс 
зардаптарының заң нормасында қолданылуын бiрнеше жағдайлармен 
ұғындырылады.
Бiрiншiден, қылмыс өзінің сипаттамасы бойынша қоғамдық қауіптілік 
дәрежесіне ие болғандықтан, заң шығарушы іс-әрекеттің зардап әкелуін күтпей-
ақ, оның iске асыруының ерте кезеңдерiне қылмыстың аяқталуы сатысын 
көшіруге мүмкіндік алады (мысалы, қарақшылық құрамы келте немесе 
қысқартылған конструкциялы құрамға жатады);
Екiншiден, қоғамдық қауiптi зардаптар дәл өлшемге және сипаттамаларға 
келмейді, демек, айқын сандық-сапалық көрсеткіштері болмайды (мысалы, 
жала жабу қолданыстағы ҚР ҚК 130-бап; қорлау ҚР ҚК 131-бап); 
Үшiншiден, зардап іс-әрекетпен ажырамас байланыста және (заттардың 
табиғи жүрiсі бойынша) оқиғалардың табиғи дамуында оған ілесіп жүреді, 
мысалы, «тергеушiден немесе соттан қылмыс iстелгенін дәлелдеу ерекше 
қажеттiлiкті талап етпеген»
жағдайдан бөлек кездерінде жасалған іс-әрекеттің 
зардабы көрініп тұр. (Бөпенi ауыстырып жiберу, заңсыз бас бостандығынан 
айыру, зорлау, тонау, қарақшылық т.б). 
Олай болса қылмыстық-құқықтық категория ретінде қылмыс зардаптары 
бұл екi жақты сипатқа ие болатын қылмыстық-құқықтық категория. Бiр 
жағынан, ол қылмыс құрамының объективтік жағын құрайтын белгiсi (заң 
конструкциясына қарамастан қылмыс құрамының барлық түрлерінде 
кездесетін) болып табылады; екіншіден қылмыстық іс-әрекеттiң (әрекет немесе 
әрекетсiздiк) әсерiмен қоғамдық қатынастардың негативтi өзгерiс түрiнде 
қылмыс объектісінде көрінеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   18




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет