Ішкі және халықаралық почта жөнелтімдері
29. Почта жөнелтімдері мен почтамен ақша аударымдары ішкі және халықаралық почта жөнелтімдері болып бөлінеді.
30. Ішкі почта жөнелтімдерінің түрлері мынадай санаттарға бөлінеді:
1) хаттар (жай, тапсырысты, құндылығы жарияланған);
2) почталық карточкалар (жай және тапсырысты);
3) бандерольдер (жай, тапсырысты, құндылығы жарияланған);
4) посылкалар (жай, демек құндылығы жарияланбаған және құндылығы жарияланған);
5) почтамен ақша аударымы;
6) тікелей почта контейнерлері;
7) жеделдетілген және курьерлік почта жөнелтімдері;
8) электронды және факсимильді почта жөнелтімдері, оның ішінде гибридтік жөнелтімдер.
Осы Қағидалардың 165-тармағында көрсетілген лауазымды тұлғалар жөнелтетін хаттардың, почта карточкаларының, бандерольдер мен посылкалардың «Үкіметтік»-«Правительственное» деген белгісі болуы мүмкін.
31. Халықаралық почта жөнелтімдерінің түрлері келесі санаттар бойынша бөлінеді:
1) хаттар (жай, тапсырысты, құндылығы жарияланған);
2) почталық карточкалар (жай және тапсырысты);
3) бандерольдер (жай, тапсырысты);
4) посылкалар (жай, құндылығы жарияланған);
5) почтамен ақша аударымы;
6) жеделдетілген және курьерлік почта жөнелтімдері;
7) ұсақ пакеттер (тапсырысты);
8) «М» қаптар (тапсырысты);
9) топтастырылған «Консигнация» жөнелтімдері.
Жай жазбаша хат-хабарлар, олардың салынымдары
32. Жөнелтушіге оларды қабылдағаны туралы түбіртек берілмей (почталық тіркеу нөмірін, сәйкестендіру штрих-кодын берусіз) қабылданатын және адресатына қолхат алусыз жеткізілетін хаттар мен бандерольдер жай жазбаша хат-хабарлар болып табылады.
Жай жазбаша хат-хабарлар Қазақстан Республикасының аумағы бойынша да, сондай-ақ тыс жерлерге де жіберілуге қабылданады.
33. Жай ішкі хаттарда жазбаша хабарлар және іс қағаздары, фотосуреттер, көркемсуретті ашық хаттар және өзге де ұқсас қағаз өнімдері сияқты төмен бағалы заттар жіберіледі.
Жай ішкі бандерольдер арқылы бланкілер, брошюралар, плакаттар, газеттер, журналдар, кітаптар, маңыздылығы төмен іс қағаздары, қолжазбалар, фотосуреттер, альбомдар, дәптерлер, дәрілік шөптер, тұқымдар, дыбыс жазбалар және өзге де ұқсас төмен бағалы заттар жіберіледі.
34. Жай халықаралық хаттармен жеке және қызметтік жазбаша хат-хабарлар, түбіртектер, шоттар, фотосуреттер жіберіледі.
Жай халықаралық бандерольдермен баспасөз басылымдары, гравюралар, суреттер, пішу үлгілері, каталогтар, проспектілер, әртүрлі хабарландырулар, хабарламалар, әртүрлі баспа тәсілдерімен жасалған бедерлер мен репродукциялар, қолжазбалар жіберіледі.
35. Жай почта бандерольдерінде ресми мекемелер зағиптарға (немесе зағиптардан осы ұйымдардың мекенжайына) секограммалар жіберуіне болады. Олар ДПО актілеріне сәйкес ақысыз қабылданады.
Тіркелетін почта жөнелтімдері, олардың салынымдары
36. Тіркелетін почта жөнелтімі почталық тіркеу нөмірі (сәйкестендіру штрих коды) берілген және жөнелтушіге почта операторының жұмысшысының тегі көрсетілген почталық мөртабанның немесе бақылаулық-кассалық машинаның мөр (атаулы модуль) бедері басылған түбіртек беріліп қабылданған жөнелтім болып табылады. Тіркелетін почта жөнелтімін табыс ету кезінде адресаттан қолхат алынады. Тіркелетін почта жөнелтімдері кері мекенжайы міндетті түрде көрсетіліп қабылданады.
Әрбір тіркелетін почта жөнелтімінің бумасында қабылдаған почта операторы өндірістік объектісінің атауы, қабылдаған күні мен тіркеу нөмірі (штрих коды) көрсетілген почта мөртабанының бедері соғылады. Тізім бойынша қабылданған почта жөнелтімдеріне бір түбіртек беріледі.
37. Тіркелетін почта жөнелтімдеріне тапсырысты хат-хабарлар және құндылығы жарияланған хаттар, жай және құндылығы жарияланған посылкалар, почта арқылы ақша аударымдары, тікелей почта контейнерлері, жеделдетілген және курьерлік почта жөнелтімдері жатады.
38. Тапсырысты хат-хабарларға хаттар, почта карточкалары, бандерольдер, ұсақ пакеттер, «М» қаптары жатады. Пайдаланушының тілегі бойынша қағаз тасығышқа басып шығарылған электронды почта хабарламалары жеке жіберу кезеңінде тапсырысты хат түрінде жіберілуі мүмкін (гибридтік жөнелтім).
39. Ішкі және халықаралық тапсырысты жөнелтімдермен осы Қағидалардың 33, 34-тармақтарында аталғандардан басқа жіберуге рұқсат етіледі:
1) азаматтық хал актілерін жазу органдары үшін - азаматтық хал актілерін тіркеу туралы куәліктердің барлық түрлері;
2) соттар мен құқық қорғау органдарына, сондай-ақ жергілікті әскери басқару органдарына - шақыру қағаздары мен хабарламалар, олардың алғандығы туралы тапсырысты хабарламамен, тапсырысты хаттың орамасында тиісті белгілермен қабылданады;
3) тапсырысты бандерольдер арқылы көркем әдебиет, өнер жөніндегі әдебиет, сот істері және сырттай оқитын студенттердің бақылау жұмыстары жіберіле алады;
4) «М» қаптарында бір орынға жолданатын және бір адресаттың мекенжайына жіберілетін мерзімді басылымдар (газеттер мен журналдар, кітаптар және басқа баспа материалдары) жіберіледі;
5) ұсақ пакеттер арқылы сыйлық сипатындағы сынбайтын ұсақ заттар және жеке тауар үлгілері жіберіледі. Жіберілетін салынымдар құны ұсақ пакеттер жоғалған жағдайда төленетін өтемақы құнынан аспайтын болуы тиіс.
40. Құнды қағаздар, құжаттар немесе басқа да құнды заттар салынған почта жөнелтімдері құндылығы жарияланған почта жөнелтімдері ретінде жіберіледі.
Жіберуші құндылығы жарияланған почта жөнелтімінің ішіне салынғандардың бағалау құнын Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы арқылы өз еркімен анықтайды және осы Қағидаларға сәйкес буып-түю түрін таңдап алады.
41. Құндылығы жарияланған ішкі почта жөнелтімдері арқылы жіберілетіндер:
1) хаттарда - құжаттар мен құнды қағаздар (куәліктер, паспорттар, тууы, қайтыс болуы, неке қиюы және бұзуы туралы, жылжымайтын мүлік құқығы туралы куәліктер, дипломдар мен сертификаттар, зейнетақы мен сот істері, мемлекеттік заем облигациялары, лоторея билеттері және басқа қаржылық құжаттар);
2) бандерольдерде - тұтыну тауарлары, баспа басылымдары, көркем әдебиет, өнер әдебиеті, іс қағаздары, дәрі-дәрмек, кондитерлік бұйымдар және сақталуын почта жөнелтімдерінің осы түріне арналған бумасы қамтамасыз етуі тиіс басқа ұзақ сақталатын тамақ өнімдері;
3) посылкаларда тұтыну тауарлары, ұзақ мерзім сақталатын азық-түлік, кітаптар, өсімдіктер, бал аралары, дәрі-дәрмектер, медициналық препараттар және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен жіберуге тыйым салынбаған өзге де салынымдар.
42. Құндылығы жарияланған халықаралық хаттармен құнды қағаздар, жеке басты куәландыратын құжаттар, нотариалды расталған құжаттар мен анықтамалардың көшірмелері жіберіледі.
Халықаралық посылкаларда ДПО-ның актілеріне сәйкес жіберуге рұқсат етілген тұтыну тауарлары жіберіледі.
43. Жарияланған құндылық мөлшері почта жөнелтімінің ішіне салынғандардың нақтылы құнынан аспауы тиіс.
Құжаттар салынған почта жөнелтімдерінің жарияланған құны жөнелтім жоғалған жағдайда сол құжаттарды қалпына келтіру шығынынан аспайтын мөлшерде болуы тиіс.
44. Қағазға оралған ішкі бандерольдер мен посылкалардың жарияланған құны Қазақстан Республикасының ағымдағы күнтізбелік жылға арналған республикалық бюджет туралы заңымен бекітілген үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен аспауы тиіс.
45. Құндылығы жарияланған халықаралық хаттар, посылкалар және ұсақ пакеттер тек қана халықаралық почта жөнелтімдерінің жеке түрлерін қабылдауға рұқсат етілген елдер мен аумақтарға қабылданады. Елдер тізімін почта операторы ДПО-ның Халықаралық бюросының мәліметтері негізінде жасайды.
46. Халықаралық почта жөнелтімдердің жарияланған құндылығы ДПО актілерінде хабарланған жеткізілу елдің атаған құндылықтың шекті сомасынан аспауы тиіс.
47. Бал арасы, сүліктер, жібек құрттары, өсімдіктер, көшеттер, жаңа піскен көкөністер мен жемістер, радиолампалар және шыны немесе басқа да оңай бүлінетін осал бөлшектері бар дәл өлшеу құралдары (тұрмыстық техника мен тұрмыстық аспаптардан басқа) салынған посылкалар жіберілуге құндылығын жарияламай қабылданады.
48. «Консигнация» қызметі және тікелей почта контейнерлерін жіберу жөніндегі қызмет шарттық қызметтер болып табылады. Осы қызметтердің талаптары, жауапкершіліктері мен тарифтері пайдаланушымен почта операторы арасындағы шартта аталады.
49. Жеделдетілген және курьерлік почтаның қызметтерінде өзіндік, почта операторымен авторлық құқықтар мен зияткерлік меншік саласындағы Қазақстан Республикасысының заңнамасына сәйкес белгіленген логотип болуы тиіс.
50. Жеделдетілген және курьерлік почта пакеттері мен посылкаларында (құндылығы жарияланбаған және жарияланған) осы Қағидаларда белгіленген жіберуге тыйым салынғандар және шектеу қойылғандарды ескере отырып халықаралық және ішкі почта жөнелтімдерінде жіберілуі қарастырылған заттар жіберіледі.
51. Қазақстан Республикасы ішінде жіберілетін почтамен ақша аударымының сомасына шек қойылмайды. Почтамен ақша аударымдары Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен және Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасына сәйкес басқа да валюталармен қабылданады.
Төлемдер мен ақша аударымдарын валюталық операция бойынша жүзеге асырған жағдайда жіберуші Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2006 жылғы 11 желтоқсанда № 129 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру ережелеріне сәйкес қосымша құжаттар мен мәліметтерді береді.
52. Аударым қабылдау:
1) қолма-қол және қолма-қол емес ақшаны аудару арқылы - қолма-қол ақшамен алу немесе алушының банк шотына аудару үшін;
2) почта операторында ашылған жөнелтушінің шотынан банктегі алушының шотына.
Почтамен ақша аударымын қолма-қол емес есеп айырысу бойынша қабылдау аударылатын қаржы тек почта операторының есеп шотына келіп түскеннен кейін орындалады.
53. Ұлттық почта операторы почтамен ақша аударымын Қазақстан Республикасы аумағынан тыс аумаққа, почта аударымын шекті сомасы, ресімдеу тәртібі, жіберу, төлеу, конвертациялау және өзара есептесу әдісі көрсетілген тиісінше халықаралық шарттардың және ДПО Актілері негізінде қабылдайды.
Почта жөнелтімдерінің техникалық сипаттамасы
(көлемі мен салмағы)
54. Ішкі почта жөнелтімдерінің өлшемдері мен шекті салмақтары осы Қағидалардың 1-қосымшасында келтірілген.
55. Халықаралық почта жөнелтімдерінің өлшемдері мен шекті салмақтары осы Қағидалардың 2-қосымшасында келтірілген.
6. Почта жөнелтімдерін және (немесе) почта арқылы ақша
аударымдарын қабылдау, өңдеу, тасымалдау және (немесе) беру, жеткізу және (немесе) табыс ету тәртібі
Почта жөнелтімдерін, почтамен ақша аударымдарын қабылдау және өңдеу
56. Кез келген почта жөнелтімі, почтамен ақша аударымы адресатқа берілмегенше жіберушісінің мүлкінде болып табылады.
57. Жөнелтімдерді бергенде пайдаланушылар мынаны білуі тиіс:
1) почта маркалары почта конвертінің, почта карточкасының, бандерольдердің, ұсақ пакеттің оң жақ жоғарғы бұрышына орналастырылады;
2) почта маркаларын бірінің үстіне бірін жапсыруға тыйым салынады;
3) айналымнан шығарылған, бүлінген (былғанған, жыртылған, желімделген, қандай да бір әдіспен өшірілген) почта маркалары төлем үшін жарамсыз;
4) шетелдік почта маркалары ішкі және халықаралық хат-хабарлар үшін жарамсыз;
5) жай хат-хабарды топтамамен жібергенде тізім жасалмайды;
6) почта жөнелтімінің, почтамен ақша аударымының, жеделдетілген және курьерлік почта жөнелтімін қабылдау туралы түбіртекке көшірме берілмейді;
7) көшелерге (көпшілік жерлерде) орнатылатын почта жәшіктеріне тек стандарттық почта конверттеріндегі жай хаттар және почта карточкалары салынады. Басқа өлшемді почта конверттеріндегі хаттар Ұлттық почта операторының операциялық залдарына қойылатын арнайы почта жәшіктеріне салынады немесе өндірістік объектінің операциялық терезесіне беріледі.
58. Жеделдетілген және курьерлік жөнелтімін қабылдағанда операторлар өзінің өндірістік объектілерінен тыс басқа да жерлерде қабылдау орны мен уақытын белгілеуі мүмкін (курьер арқылы пайдаланушының кеңсесінде немесе үйінде, шартта аталған өзге де жерде).
59. Тіркелетін почта жөнелтімдерін тапсыру кезінде жіберуші:
1) осы Қағидаларға сәйкес почта жөнелтімінің буып-түюін таңдайды;
2) ілеспе бланкіні толтырады, ал халықаралық жөнелтімдер үшін қосымша кедендік декларация толтырады;
3) осы Қағидалармен қарастырылған жағдайларда салынатын заттар тізімдемесін жасайды және тізімдемемен салыстыру үшін жөнелтімді ашық күйде ұсынады;
4) жеке басын куәландыратын құжатты көрсетеді және оның деректерін ілеспе бланкілерге жазады және өз қолымен «Жіберуге тыйым салынған заттар жоқ. Буып-түю талабымен таныстым» деген жазбаны растайды;
5) мынадай посылкаларды тапсырғанда ветеринарлық сертификат көрсетеді:
бал арасы салынғанда;
фабрикалық өңдеуден өтпеген елтірі және кеміргіштер терісі салынғанда;
жүн, қыл, қауырсын, түбіт салынғанда;
6) тұқым салынған бандерольдерді карантин жарияланған аймақтарға жіберген кезде карантиндік куәлікті (сертификатты) көрсетеді;
7) жаңа піскен көкөніс пен жемістің қатты сорттары салынған посылкалар жеті тәуліктен асыра жеткізілетін жағдайда мүмкін болатын шығындарды өзінің жауапкершілігіне алатындығын растайды;
8) тыйым салынған заттардың жоқтығына көз жеткізу мақсатында бандерольдердің, посылкалардың, ұсақ пакеттердің ішіндегі салынымды ұсынады.
60. Жеке және заңды тұлғалардан ашық түрде қабылданады:
1) құндылығы жарияланған және тізімдемемен берілетін ішкі почта жөнелтімдері, және кедендік декларациямен - халықаралық жөнелтімдер;
2) салынғандарына міндетті түрде тізімдеме жасай отырып үшінші тұлғалар атынан жіберілетін посылкалар.
61. Жабық түрде қабылданады:
1) жеке тұлғалардан осы Қағидалардың 59-тармағы 4) тармақшасының талаптары сақталуымен жарияланған құндылығысыз ішкі почта жөнелтімдері және халықаралық тапсырысты почта жөнелтімдері;
2) заңды тұлғалардан фирмалық сүргіштік мөрмен мөрленген (немесе пломбасымен пломбаланған) «Жіберуге тыйым салынған заттар жоқ» деген расталынған жазбасы бар ішкі және халықаралық құндылығы жарияланған хаттар, бандерольдер және посылкалар.
Осы тармаққа осы Қағиданың 59-тармағы 8) тармақшасы қолданбайды.
62. «Өз қолына тапсырылсын» деген белгісі бар ішкі тапсырысты хаттар мен алғаны туралы тапсырысты хабарламасы бар почта карточкалары, жеке тұлғалардың үйлеріне адрестелген құндылығы жарияланған хаттар қабылданады. «Өз қолына тапсырылсын» белгісі бар халықаралық почта жөнелтімдері осы қызмет түрін көрсететін елдерге қабылданады.
63. Осы Қағидалардың 165-тармағында көрсетілген тұлғалардың өкілдерінен мемлекеттік құпияларды мазмұндамайтын «Үкіметтік»-«Правительственное» белгісі бар хаттары, почта карточкалары, бандерольдер мен посылкалар почта операторының кез келген өндірістік объектілерінде қолданыстағы тарифпен төлеу арқылы қабылданады.
64. Почта жөнелтімдерін және почтамен ақша аударымын әскери бөлімдер мен мекемелер атына жолдаған кезде мынаны басшылыққа алу қажет:
1) жеткізілетін пункттері көрсетілген әскери бөлімдер мен мекемелер үшін почта жөнелтімдерінің, жеделдетілген, курьерлік почта жөнелтімдері мен почтамен ақша аударымының барлық түрлері қабылданады;
2) тіркелетін почта жөнелтімдері алғаны туралы хабарламамен қабылдана алады;
3) төлемақысы қосарланған почта жөнелтімдері қабылданбайды;
4) «Дала почтасы» деген мекенжаймен тек жай және тапсырысты хаттар мен почта карточкалары, құндылығы жарияланған хаттар, сондай-ақ почтамен ақша аударымдары қабылданады.
Бұдан басқа, заңды тұлғалардан командирлердің аттарына жай және тапсырысты бандерольдер, сондай-ақ посылкаларды жолдауға рұқсат етіледі.
Қылмыстық-түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан тұлғалардың почта жөнелтімдерін осы мекемелердің уәкілетті тұлғалары тікелей қызмет көрсетуші өндірістік объектіге өткізеді.
65. Франкирлеу машинасын қолданатын заңды тұлғалар жазба хат-хабарларды Ұлттық почта операторының қызмет көрсететін өндірістік объектісіне тапсырады.
66. Егер жіберуші бір немесе бірнеше мекенжайға бес немесе одан да көп тіркелетін почта жөнелтімін, почтамен ақша аударымын жіберетін болса, онда ол почта операторы белгілеген нысанда тізім жасайды.
67. Пайдаланушының қалауы бойынша құндылығы жарияланған почта жөнелтімдерін косарланған төлемақымен қабылдай алады. Мұндайда почта операторы почта жөнелтімін тапсырған кезде алушыдан жөнелтуші көрсеткен төлемақы сомасын қабылдап, оны почта аударымымен жөнелтуші көрсеткен мекенжайға салып жіберуге міндеттенеді. Төлемақысы қосарланған посылкалар Қазақстан Республикасының барлық аумағы бойынша және почта операторларымен тиісті шарттар жасалған елдерге қабылданады.
68. Қосарланған төлемақыны почтамен аудару үшін ақысы белгіленген тарифпен почта операторының ішкі нормативтік актілеріне сәйкес жүргізіледі. Адресат қосарланған төлемақының жалпы сомасын (алымды қосқанда) почта жөнелтімін алған кезде алдын ала төлейді.
69. Ішкі және халықаралық тіркелетін почта жөнелтімдері мен почтамен ақша аударымын берген кезде жөнелтуші қалауы бойынша адресаттың почта жөнелтімін алғаны туралы өзіне хабарлама жолдануын талап ете алады. Хабарлама үшін төлем почта жөнелтімін және почтамен ақша аударымын өткізу кезінде төленеді.
70. Ішкі почта жөнелтімдерін алғандығы туралы хабарлама тек тапсырысты болуы мүмкін, ал халықаралық почта жөнелтімдері үшін - тек жай болады.
71. Почта операторының қызметкері құндылығы жарияланған хаттар мен бандерольдерді, жай және құндылығы жарияланған посылкаларды буып-түюі (пломбалауы) жөнелтушінің көз алдында, почта жөнелтімдерін қабылдау үдерісінде орындалады.
72. Почта операторының қызметкерлері өндірістік объектілеріндегі почта жөнелтімдерінің одан әрі өңдеу, сұрыптау және тасымалдау операцияларына өткізу үдерісінде сақтығын қамтамасыз етеді.
Почта жөнелтімдерін тасымалдау
73. Почта жөнелтімдерін тасымалдау ведомстволық (почта операторының) көлік құралдарымен де, сондай-ақ әртүрлі көлік түрлерінің тасымалдаушыларымен де жүзеге асырылады.
74. Ұлттық почта операторы почта жөнелтімдерін облыстар арасындағы қалааралық, облыс ішіндегі қалааралық, қалалық, қаламаңындағы және аудан ішіндегі әртүрлі елді мекендерді өзге орталықтармен, қалалармен, республикалық маңызы бар қалалармен (астанамен) байланыстыратын бағдарлармен тасымалдайды.
75. Бағдарлар мен көліктің жүру кестесін құрастыру Ұлттық почта операторымен қолданыстағы баршаға қолжетімді почта байланысы қызметтерінің сапа параметрлеріне, почта жөнелтімдерін өңдеу, тасымалдау және жеткізудің ішкі нормативтері мен бақылау мерзімдеріне сәйкес жасалады.
76. Тасымалдау мен өткізу үдерістері сұрыптау, жолдау, жеткізілу мекендерінде тасымалдағы тіркелетін почта жөнелтімдері сүйемелдеуші құжаттарда бөлек аталып, ресімдеуімен (тіркеуімен) және қызметкерлердің алғаны туралы қолымен расталып, жазылады.
Почта операторы почта жөнелтімдерінің барлық түрлерінің тасымалдау және өткізу кезінде сүйемелденуі мен сақтығын, сондай-ақ жүру бағдары мен кестесінің сақталуын қамтамасыз етеді.
Почта жөнелтімдерін, почтамен ақша аударымдарын
жеткізу және табыстау
77. Пайдаланушыларға жіберілген жазбаша хат-хабарларды, баспасөз басылымдарын салу үшін абоненттік почта жәшіктері түзу қалпында, почташы бара алатын жерде болуы керек.
Абоненттік почта жәшіктеріне мынадай талаптар қойылады:
пәтер немесе үй нөмірі немесе заңды тұлғаның атауы анық көрсетілуі тиіс;
құлыппен жабдықталуы тиіс;
қалаларда және ауылдық елді мекендерде жәшіктер көп пәтерлі үйлердің жарықтандырылған кіреберісіне екінші қабатынан жоғары емес, жеке үйлердің кіруге жақын немесе қақпасы жанына, көлікпен өтуге ыңғайлы да почташыға қауіпсіз жерге қойылады.
78. Почта операторының өндірістік объектідегі абонементтік жәшіктерді пайдалануы абоненттің жазбаша өтініші бойынша төлеммен жүзеге асырылады. Бірнеше абоненттердің бір абонементтік жәшігін пайдалануына және де оны абоненттеу мерзімі ішінде басқа адамға беруіне жол берілмейді.
Абонент жәшікті әрі қарай пайдаланудан бас тартса, оның нөмірі арыз берілген мерзімнен бір ай өткенде немесе абоненттеу мерзімі аяқталғанда басқа абоненттің пайдалануына беріледі. Абоненттеу мерзімінің аяқталуы туралы арыз берілген соң келіп түскен хат-хабарлар қайтарылады немесе кері мекенжайы болмаса таратылмағандар санына беріледі.
79. Абоненттік және абонементтік жәшіктер арқылы келесі почта жөнелтімдері жеткізіледі:
1) жай хаттар;
2) жай почта карточкалары;
3) жай бандерольдер;
4) почта жөнелтімін және почтамен ақша аударымын алғаны туралы жай хабарлама;
5) тіркелетін почта жөнелтімдері мен почта аударымы туралы алғашқы хабарламалар;
6) көлемі абонементтік немесе абоненттік почта жәшіктеріне салуға мүмкіндік бермейтін жай почта жөнелтімдері туралы алғашқы хабарламалар;
7) тапсырысты хаттар, бандерольдер, почта карточкалары - адресаттың қолхатсыз алуға келісуі туралы арызы болған жағдайда;
8) жазылу бойынша мерзімді баспасөз басылымдары.
80. Адресаттарға мекенжайлары бойынша үйде беруге жататындар:
1) тапсырысты почта жөнелтімдері («М» қаптарынан басқа), соның ішінде салмағы бес жүз грамға дейінгі ұсақ пакеттер;
2) почта жөнелтімдері мен почта аударымын алғаны туралы хабарлама;
3) тіркелетін почта жөнелтімдері, почтамен ақша аударымы туралы қайталау (екінші реттік) хабарлама;
4) жеделдетілген және курьерлік почта жөнелтімдері.
81. Почта операторы абоненттік жәшіктер бұзылған болса немесе почта жөнелтімдерінің сақтығын қамтамасыз етпеген жағдайда почта жөнелтімдерін жеткізу үшін оны қолданбайды. Бұл жағдайда хат-хабарлар пайдаланушыға почта операторының өндірістік объектісінде беріледі.
82. Почта операторының мүмкіндігі болса, адресаттар почта жөнелтімінің келуі туралы телефонмен, sms-хабарламамен, электрондық почтамен (олар мекенжайда көрсетілген жағдайда) хабарлануы мүмкін.
83. Заңды тұлғаға жолданған жай хат-хабарлар, почта жөнелтімін алғандығы туралы хабарлама тіркелетін почта жөнелтімі туралы және почтамен ақша аударымы туралы хабарлама почта операторының өндірістік объектісінде сол заңды тұлғаның почтаны қабылдауға уәкілетті тұлғасына беріледі немесе олар почташымен заңды тұлға орналасқан ғимараттың бірінші қабатына қоятын тіректік пункттің почта шкафына салынады. Жай жөнелтімдерді жеткізу тәртібі заңды тұлға мен почта операторы арасындағы жасалатын шартпен белгіленеді.
84. Тіркелетін почта жөнелтімін алушылар - заңды тұлғалар почта алуға өкілетті тұлға атына ондай почта жөнелтімдерді алуға құқық беретін сенімхат ресімдейді. Сенімхат өкілетті тұлғаның өзінде қалдырылады және ол әрбір тіркелетін почта жөнелтімін алу кезінде көрсететін болады, ал сенімхаттың көшірмесі почта операторының өндірістік объектісінде болады.
Тіркелетін почта жөнелтімдерін почта операторы мен заңды тұлға арасындағы жасалған шарт бойынша жеткізгенде жөнелтімдерді оның өкілетті тұлғасына сенімхатпен беру тәртібі осы шартпен белгіленеді.
85. Заңды тұлғаларға тиесілі ғимараттарда, үй-жайларда (жатақханаларда, интернаттарда, балалар үйінде, қонақ үйлерде, сауықтыру және емдеу мекемелерінде және т.б.) тұратын жеке тұлғаларға жай почта жөнелтімдері, почта жөнелтімін алғандығы туралы хабарламалар, тіркелетін почта жөнелтімі туралы және почтамен ақша аударымы туралы хабарламалар осы Қағидалардың 84-тармағында көрсетілген тәртіппен жеткізіледі.
86. Почта жөнелтімдерін және почтамен ақша аударымын елді мекендерден тыс жерлердегі адресаттарға:
жайылымдағы малшыларға, фермалар, өндірістік учаскелерде және бригадаларда жүрген ауылшаруашылығы ұйымдарының жұмыскерлеріне;
айдындағы балықшыларға;
орман учаскелеріндегі, геологиялық партиялардағы (экспедициядағы) қызметкерлерге;
теміржол бойындағы жұмыскерлерге;
қылмыстық түзету мекемелерінде жазалау мерзімін өтеп жатқан тұлғаларға;
елді мекендерден тыс жерлердегі өзге де адресаттарға осы адресаттар қарауында жұмыс істейтін заңды тұлғаға дейін почта операторымен жүзеге асырылады.
87. Әскери бөлімдер мен мекемелерге және олардағы жеке құрамдарға, қылмыстық түзету мекемелеріндегілерге жолданған почта жөнелтімдері, оның ішінде жеделдетілген және курьерлік, адресаттың өзіне, сонымен бірге әскери почташыға немесе бөлімдер мен мекемелердің өкілетті тұлғасына беріледі.
88. Почта операторының өндірістік объектісінде берілетіндер:
1) құндылығы жарияланған хаттар мен бандерольдер;
2) төлемақысы қосарланған почта жөнелтімдері;
3) посылкалар;
4) почтамен ақша аударымдары;
5) әскери бөлімдер мен қылмыстық түзету мекемелеріне жолданған почта жөнелтімдері мен почтамен ақша аударымдары;
6) салмағы бес жүз грамнан жоғары ұсақ пакеттер;
7) электронды тасығыштағы электронды почта хабары немесе ашық түрде қағаз тасығышта басып шығарылған электрондық хабарлар;
8) ашық түрде жіберілетін факсимильдік байланыс жөнелтімдері;
9) ақаулы почта жөнелтімдері;
10) «М» қаптары.
Кедендік төлем есептелген халықаралық почта жөнелтімдерін адресатқа табыстау осындай төлемді, сондай-ақ кедендік ресімдеу үшін кедендік алым төленгеннен кейін жүзеге асырылады.
89. Тіркелетін почта жөнелтімдері мен почта аударымдары адресатқа, немесе сенімхат негізінде әрекет ететін оның заңды өкіліне және сенген адамына, почта қызметкеріне адресаттың немесе оның өкілінің тұлғасын растайтын мына құжаттардың бірін көрсеткенде ғана беріледі:
1) жеке куәлігін;
2) паспортын;
3) шетел азаматының Қазақстан Республикасында тұруға рұқсаты;
4) азаматтығы жоқ адамның куәлігі;
5) дипломатиялық паспорт;
6) қызметтік паспорт;
7) теңізшінің паспорты;
8) әскери қызметкерлер үшін әскери билет.
Почта байланысы қызметін пайдаланушы почта жөнелтімін алған кезде ұсынған құжаттың деректерін, тіркелген орнының мекенжайын немесе нақты тұрып жатқан жерін көрсетеді.
90. Тіркелетін почта жөнелтімін, почта аударымын алған кезде почта байланысы қызметін пайдаланушы жөнелтімді алғаны туралы қол қояды.
Егер адресат белгілі бір себептермен почта жөнелтімін және почтамен ақша аударымын алғандығына қол қоя алмаса, онда өзге тұлғаға жеке басын куәландыратын құжат негізінде қол қою арқылы почта жөнелтімін беруге рұқсат беріледі. Почта қызметкері адресаттың және өзге тұлғаның берген құжатындағы деректерді жазып алады.
91. Почта операторының мүмкіндігі бар болса адресаттың өтініші немесе почта операторының ұсынысы бойынша осы Қағидалардың 88-тармағында аталған почта жөнелтімдері, 9) бен 10) тармақшалардан басқа, қосымша ақы үшін үйге жеткізіліп берілуі мүмкін.
92. Почта жөнелтімдерін табыс ету:
1) адресаттың өзіне;
2) отбасының кәмелетке толған мүшелерінің біріне сенімхатсыз, осы Қағидалардың 89-тармағында аталған құжаттардың бірін және адресатқа жақын екенін растайтын құжатын көрсеткенде;
3) адресаттың жазбаша арызы бойынша - пәтер (үй) көршісіне (тек жай және тапсырысты хат-хабарлар);
4) почта жөнелтімін, жеделдетілген және курьерлік почта жөнелтімін алуға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресімделген адресаттың нотариалды расталған сенімхатты және оған теңелген сенімхат ұсынушыға осы Қағидалардың 89-тармағында көрсетілген құжаттардың бірін көрсеткенде;
5) кәмелетке толмаған 16 жасқа дейінгі жасөспірімдердің ата-аналарына (асыраушыларына, қамқоршыларына) сенімхатсыз, осы Қағидалардың 89-тармағында аталған құжаттардың бірін және адресатқа жақын екенін растайтын құжатын көрсеткенде;
6) қабілетсіз тұлғалардың ата-аналарына (асыраушыларына, қамқоршыларына) сенімхатсыз, адресатқа жақын екенін растайтын осы Қағидалардың 89-тармағында аталған құжаттардың бірін көрсеткенде;
7) мектеп-интернаттардың, балалар үйлерінің және басқа осындай мекеме, заңды тұлғалар өкілдеріне, соңынан 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандарға беру үшін - сенімхатпен және осы Қағидалардың 86-тармағында көрсетілген басқа жеке тұлғаларға.
93. «Өз қолына табыс етілсін» деген белгісі бар тапсырысты хаттар (почта карточкалары) құндылығы жарияланған хаттар адресаттың өзіне, оның заңды өкіліне немесе сенім артқан тұлғасына хабарлама бланкісіне қол қоюы арқылы беріледі.
94. Осы Қағидалардың 86-тармағында көрсетілген адресатқа жеткізілетін почта жөнелтімдерін табыстау, тіркелетін почта жөнелтімдері мен почта жөнелтімдерін алу туралы хабарламаларды тапсыру заңды тұлғалардың күшімен және есебінен жүзеге асырылады.
95. Тіркелетін почта жөнелтімін алудан бас тартқан болса адресат почта жөнелтімінде немесе хабарламада тиісті жазба жасайды.
96. Адресат почта жөнелтімдерін, почтамен ақша аударымын алуға келмесе, оларға абонементтік жәшікке жолданған жөнелтімдерден басқа жөнелтімдер үшін мынадай мерзімдерде қайталап хабарлама беріледі және қол қойғызу арқылы тапсырылады:
1) алғаш рет жазылған хабарламаны бергеннен кейін үш жұмыс күні өткен соң:
жана піскен жемістер (көкөніс) салынған посылкалар үшін;
«Сот шақыруы. Тапсырысты хабарламамен», «Шақыру. Тапсырысты хабарламамен» белгісі бар хаттарға;
2) алғаш рет жазылған хабарламаларды апарғаннан кейін бес жұмыс күні өткен соң - барлық басқа почта жөнелтімдері үшін.
97. Салынғандарының тізімдемесі бар почта жөнелтімдері мен ақаулы тіркелетін почта жөнелтімдерін почта қызметкері адресатқа тапсыру кезінде ашады.
Салынғандар тізімдемеге сәйкес келмесе немесе бұзылған болса почта қызметкері белгіленген нысанда акті жасайды, оған почта операторының өндірістік объектісінің басшысы, почта қызметкері мен адресат қол қояды. Актінің бір данасы ақаулы почта жөнелтімінің салымымен қоса адресатқа тапсырылады.
Адресат актіге қол қоюдан бас тартса почта операторы «Адресат қол қоюдан бас тартты» деп белгі салады. Акт қызметтік тексеру және (немесе) өтемақыны төлеу үшін негіз болады. Посылканың орамы заттай дәлел ретінде почта операторының өндірістік объектісінде қалады.
Адресат почта жөнелтімін ашудан бас тарта алады, ондайда адресат хабарламаға тиісті белгі соғады, бұл келешекте шағымды қанағаттандырудан бас тарту үшін негіз болады.
98. Адресаттың сұрауы бойынша орамасы бүлінбеген (бүтін) төлемақысы қосарланған почта жөнелтімі тек оның төлемақысы төлегеннен кейін ашылуы мүмкін. Қосарланған төлемақыны төлемей тұрып адресат жөнелтушінің мекенжайлық деректерін алуына болады.
Осы Қағидаларға сәйкес адресаттың қолына берілген, орамасы бүтін төлемақысы қосарланған почта жөнелтімі қайта қабылданбайды және почта операторына салынған заттардың түрі, көлемі, атаулары бойынша өтініштер қабылданбайды.
99. Ақаулы келіп түскен төлемақысы қосарланған почта жөнелтімі адресаттың көзінше почта операторы қызметкерімен ашылады. Ақаулы почта жөнелтімі ашылғанға дейін оның қосарланған төлемақысы төленбейді.
Салынғандары тізімдемеге сәйкес келіп, салынымы бұзылмаса не зақымдалмаса, белгіленген нысанда акт жасалынбайды және адресат төлемақы сомасын төлейді.
Салынғандары жетіспеген, ауыстырылған, толықтай не ішінара бұзылған болса акті жасалады, оның бір данасы адресатқа беріледі. Актінің басқа данасы бар почта жөнелтімі жөнелтушіге жіберген жеріне почта операторының бөлімшесінде қызметтік тексеріс жүргізу үшін қайтарылады.
Халықаралық төлемақысы қосарланған ақаулы почта жөнелтімдері операторлар арасындағы халықаралық келісімдерге сәйкес өңделеді.
7. Халықаралық почта жөнелтімдерін қабылдау, өңдеу және табыстау тәртібі
100. Халықаралық почта жөнелтімдерін қабылдау кезінде ішкі почта жөнелтімдерінде жіберуге тыйым салуда қойылатын талаптарынан басқа, оларға қосымша ДПО ақпаратына (циркулярына) сүйеніп, баратын елдегі қолданылатын тыйымдар туралы мәліметтерді басшылыққа алу қажет.
101. Халықаралық почта жөнелтімдері халықаралық почта алмасу орындарында Қазақстан Республикасы және Кедендік одақтың кедендік заңнамасымен қаралған жағдайларда кедендік бақылау органдарымен қаралады.
102. Кедендік бақылау органдарымен халықаралық хат-хабар, сондай-ақ Кедендік одақтың шегінде жіберілетін почта жөнелтімдерінің барлық түрлері қаралмайды, олар кедендік бақылауға жатпайды, кедендік рәсімдер астына орналастырылмайды, оларға қатысты кедендік операциялар жасалмайды.
103. Жеке және заңды тұлғалардан ашық түрде қабылданады:
1) кедендік декларацияларды немесе бекітілген нысан бойынша жапсырма толтырумен ұсақ пакеттер;
2) құндылығы жарияланған хаттар, салынымдардың сипаттамасы туралы жіберушіні сұраумен және ілеспе бланкі мен кедендік декларацияларын толтырумен посылкалар.
104. Заңды тұлғалардан өздерінің мөрлерімен мөрленген немесе пломбаланған посылкалар жабық түрде почта операторы бекіткен нысандағы тізіммен, оған қоса ілеспе бланкі мен кедендік декларацияларын толтырумен қабылданады.
105. «Өз қолына табыс етілсін» белгісімен халықаралық почта жөнелтімдері қызметтің осындай түрін көрсететін елдерге қабылданады.
106. Төлемақысы қосарланған жөнелтімдер тиісті шарттар жасалған елдерге қабылданады.
107. Тіркелетін халықаралық почта жөнелтімдерін жібергенде жөнелтуші адресаттың почта жөнелтімін алғаны туралы хабарламасын ала алады. Хабарламаның ақысы почта жөнелтімін жібергенде төленеді.
Халықаралық почта жөнелтімдердің алғаны туралы хабарлама тек жай болады.
8. Почта жөнелтімдерін алу, өңдеу және тексеру тәртібі
108. Почта операторының өндірістік объектісіне келіп түскен почта жөнелтімдері олардың сыртқы орамасының бүтіндігі, сондай-ақ олардың буып-түюлігінің дұрыстығына және жолдану сәйкестігіне қаралады.
Сыртқы орамасының ақаулығы табылғанда, мөрлердің, пломбалардың, байлауларының, салмағының сәйкес еместігі және өзге бұзушылықтар табылған жағдайларда нысаны почта операторының ішкі құқықтық актілерімен белгіленген акт жасалады және ол ақаулы почта алынған өндірістік объектінің басшысы атына жолданады.
109. Келіп түскен акті бойынша почта операторының өндірістік объектісінде тексеру жүргізіледі. Тексеру қорытындысы және қабылданған шаралар туралы актіні жасаған (жолдаған) өндірістік объектісіне хабарланады.
110. Почта операторлары мен почта жөнелтімдерін тасымалдауды жүзеге асыратын көліктік ұйымдар арасындағы почта алмасу және актілерді қарау бойынша қатынас тәртібі шарттармен анықталады.
9. Почта жөнелтімдерін сақтау мерзімдері
111. Ішкі және халықаралық почта жөнелтімдері, тиісті орынға жіберілген почта аударымдары, сонымен қатар қабылдау орнына қайтарылған немесе жөнелтушімен көрсетілген мекенжай бойынша жіберілген жөнелтімдер табыстау мүмкін болмаған жағдайда отыз күнтізбелік күн, жеделдетілген және курьерлік почта жөнелтімдері жеті күнтізбелік күн сақталады және жөнелтушіге нұсқаулық және қосымша ақпарат үшін өтініш білдіру қажет болған жағдайда он төрт күнтізбелік күнге созылуы мүмкін.
«Сот шақыруы. Тапсырысты хабарламамен», «Шақыру. Тапсырысты хабарламамен» белгілері бар тапсырысты хаттар почта операторының өндірістік объектісіне келіп түскен күннен бастап жеті күнтізбелік күн сақталады.
112. Тіркелетін почта жөнелтімдерін (тапсырысты хаттан басқа) өндірістік объектіде сақталған күндері үшін екінші рет хабарлама тапсырылған соң бір жұмыс күнінен кейін (тапсырылған күн есепке алынбайды) Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес белгіленген тарифтер бойынша төлемақы алынады.
Жіберушінің арызы бойынша почтамен ақша аударымының, почта жөнелтімінің сақталу мерзімі (жеделдетілген және курьерлік почта жөнелтімдерінен басқа) сақталғаны үшін төлемақы алынумен отыз күнтізбелік күнге ұзартылу мүмкін.
«Талап етілгенге дейін» жолданған жай хаттардың сақталғаны үшін төлемақы алынбайды.
«Талап етілгенге дейін» жолданған тіркелетін жөнелтімдерінің сақталғаны үшін төлем адресаттан алынады, ал қайтарылған жағдайда белгіленген тариф бойынша жөнелтушіден алынады.
10. Почта жөнелтімдерін, почтамен ақша аударымдарын
Достарыңызбен бөлісу: |