Жұлдызға табынушылар
Елінен қуылған Ибраһим жолда кетiп бара жатып, жұлдызға табынушы
бiр қауымға келiп тоқтады. Олардың жұлдызға табынуын тастаулары үшiн
олармен бiраз әңгiмелесiп, пiкiр таластырып, оларға ой салуды қалады.
Ибраһим бiр биiк төбеге шықты. Адамдардың барлығы оған қарап тұрды.
Ол аспанға қарап, жұлдызды көрдi де: «Бұл – менiң раббым. Ол қандай
әдемi!» – деп айқайлап, жұлдызға табынушы кәпiрлердің алдында өзiн
қуанышты етiп көрсеттi. Таңға жуық жұлдыздар жоқ болып кеттi. Ибраһим
өзiн қайғылы етiп көрсетiп: «Тәңiрім жоқ болып кеттi ғой. Демек, жұлдыз
менiң тәңiрiм емес екен. Өйткенi нағыз тәңiр жоғалмауы керек», – дедi.
Сөйтіп, ол басқа тәңiр iздестiре бастады. Кенеттен оның назары айға түстi.
Ай үлкендеу едi. Ибраһим қайтадан: «Мiне, менiң раббым, үлкендеу әрi
сұлу. Ол мүлде жасырынып, жоқ болмайды», – деп қуанышты үнмен айқай
салды. Бiрақ ай да Ибраһимнiң сөзiн тыңдамады. Таң ата ай да жоқ болып
кеттi. Ибраһимдi тағы да қайғы басты. Аз уақыттан кейiн жарқырап күн
шықты. Ибраһим күндi көрiп: «Бұл жұлдыз ай сияқты жоқ болып кетпейдi.
Бұл айдан да үлкен екен, менің тәңірім – осы», – дедi сенімді түрде. Бiрақ
кешке жақын күн де батып кеттi. Сол сәт Ибраһим адамдарға ақиқатты
баяндап: «Жұлдыз да, ай да жоқ болып кеттi. Тiптi, мiне, көрiп тұрсыңдар,
оларға қарағанда едәуiр үлкендеу болған күн де жоқ болып кеттi. Онда
нағыз Тәңiр кiм болғаны? Ол – жұлдызды да, айды да, күндi де әрi барша
жаратылысты жаратқан Аллаһ», – деді. Сосын өзіне разы кейіптегі Ибраһим
қатты қуанып: «Уа, Раббым – Аллаһ, Сенiң шын Құдай екенiңдi бiлдiм. Сен
– менiң Раббымсың. Сенен өзге құдай жоқ. Және Сен ешқашан жоқ
болмайсың. Сен әрбiр сәтте менiмен бiргесiң. Өйткенi мен иман
келтірушімін. Сен мүмін-мұсылмандарды жақсы көресiң», – деді. Бірақ бұл
қауым да тоңмойындыққа ұрынып, өздерінің теріс әдеттерінен бас
тартпады.
|