ҚАЗАҚ ОЮ-ӨРНЕГІ – ХАЛЫҚТЫҚ МҰРА
Ертеңгі келер күннің бүгінгіден нұрлырақ болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш тек білімге ғана тән. Қай елдің болсын өсіп өркендеуі, өркениетті дүниеде өзіндік орын алуы оның ұлттың білім жүйесінің деңгейіне, даму бағытына, тікелей байланысты. Жалпы әр халықтың ұлттық білім беруі сол елдің экономикалық дамуына, халқының тарихи тағлымына, мәдениетінің деңгейіне сай болуы керек. Ұлттың табиғатына терең бойламаған бәйтерек,тамыры жер бетіне ғана жайылған дарақ сияқты, жел соқса, шайқалып жылдам қопарылып түседі. Мемлекет болашағы бүгінгі жеті жасар ұрпақтын білімі мен тәрбиесіне, іскерлігі мен парасаттығына тікелей байланысты.
Осы бағытта жас ұрпақты, қазақ халқының көне дәуірден өшпес мұрасы болып, ұрпақтан-ұрпаққа, әкеден балаға сабақтасып,өзіндік тарихымен, әдет-ғұрыпымен, сәндік, көркемдік жолымен, көшпенді елімізді бүкіл әлемге өзінің ерекшелігімен таныта білген -қолөнер.
Қолөнердің халықтық әлеуметтік, салт тұрмысында алатын орнының қаншалықты биік, жоғары екеніне, нақышына келтіріліп әдемілік, әсемдік дүниенің ауқымын кеңейткен ол ою-өрнек. Өткен өмірімізден өшпес мұра болып, материалдық мәдениетімізбен қатарласып, сабақтасып келе жатқан ою-өрнек.
Ою-өрнектің таралуы қолөнер, тұрмыс заттарының өркендеуімен байланысты. Олардың даму процестеріне халықтық әлеуметтік сана-сезімінің, болмыс тіршілігінің жанданып, мәдениетінің өсіп, тұрмыс жағдайларының жақсаруына да әсері болды. Сонымен қатар ою-өрнектің өркендеуіне ата-бабаларымыздың сезімдік талғампаздық дүниесі, қоршаған табиғат аясы, туған жердің қасиетті топырағы мен тоғай- тауларының құлпырған реңк-түрлері, шикізат байлықтары да қатты ықпал етті. Ұлтқа тән өзіндік ою-өрнек негіздері қалыптасып дәстүр алды. Пішу, үлгі алу, және басқа материалға көшіріп әсемдеу жолдары дамыды. Кілемге, киімге, сырмаққа, ыдысқа, қару жараққа, үй жиһаздарына арналған ою түрлері қалыптасқан. Олай болса, ою-өрнек бүгінгі тіршілік өмірімізге бірден дайын күйінде келмеген. Ою-өрнек адам баласының ақыл-ойларының толып-толқуымен жүрегінің лүпілінен, өзін айнала қоршаған ортадан туған образдар. Гүлдің, жапырақтың, жан-жануарлардың бейнелері сол қалпында берілмей, көшірілмей, образдар арқылы ою-өрнекке айналып, қолдану аясына ерекше мәнерімен, үндестікпен, әуенмен жеткен. Бұл халықтың білімінің, шеберлігінің өсіп, ою-өрнек өнеріне қосқан үлесі, тапқырлығы, данышпандығы.
Ою-өрнекті зертеп не екенін басқа елдерге жеткізген, көптеген шет елдердің саяхатшылары, тарихшылары, этнографтары, археолог-ғалымдары, айта кетсек, Г.Н.Потанин, В.В.Стасов, П.С.Паласс т.б айтуға болады. Қазақ елінің топырағынан жаратылып, жоғары дәрежелі білім алып, қазақ қолөнерін жоғары бағалап, талдау жасап, ою-өрнекті топтастырып бір жүйеге келтірген этнограф тарихшы, әдебиетші, өнер танушы аталарымыз Ш.Уалиханов, Ә.Марғұлан, Ө.Жәнібеков, Х.Арғынбаев, Т.К.Бәсенов т.б.жұмыстарын айта кетуімізге болады. Қазіргі таңда, жас елде көне өнер түріне сүйіспеншілік, оны үйрету процестері көптеген елді мекендерде, ауыл-қалаларда тез дами бастады. Мектертерде үйірмелер, арнаулы сабақтар жүргізіліп көрмелер ашылды. Көптеген шағын кәсіпорындар, кооператив-тер киім, кілем, ыдыс, ағаш бұйымдарды жасауда ою-өрнектерді көптеп қолдана бастады. Оюдың өзіне тоқталатын болсақ заттың, бұйымдардың, жиһаздардың, ғимараттардың сыртқы пішініне, түріне, шығармашылық әуеніне ерекше мәнер, қосымша әсер беріп, қарпайым симетриялы элементтерден құрылып, ырғақ, теңеу, рең арқылы түзу жазықтықта немесе шаршы, ромб, шеңберлерде тұйықталып орналасқан әшекейлі өрнекті айтады. Заттың бұйымның сыртқы пішініне, алатын орнына, атқаратын қызметіне, пайдалану мақсатына және шикізат түрлеріне қарай ою-өрнекті ойып, бояп, қашап, құйып, бедерлеп, өріп, заттардың түр-пішініне үйлестіре іске пайдаланған.
Оюлар әр шикізаттың физикалық қасиетіне, пайдаланатын өнер бұйымының қолдану аясына байлынысты рельефті, барельефті болып шешіліп, жазықтықта қалай қолданылса, кеңістікте де солай орын ала білген.
Ою-өрнектің классификациялық негізгі мәнері төрт топқа бөлінеді. Олар: 1. Геометриялық ою-өрнектер; 2. Жан-жануар, хайуанаттар ою-өрнектері; 3. Өсімдік тектес ою-өрнектер; 4. Космогониялық (аспан, көк әлемнің жер дүние сырын бейнелейтін) ою-өрнектер жатады.
Сондықтан ою-өрнектерге талдау жасап, әр классикалық топқа бөлмес бұрын ою-өрнектің негізгі құрылымы қалай, оюдың негізгі ерекшелігі неде, композициялық орналастыру ережесіне, ою-өрнектің пішінін, құрылысын, образдық белгісін өзгертуге симметрияның әсері?- деген сұрақтарға жауап беруіміз керек. Ою-өрнекті сәулет, кескіндеме қолданбалы өнерде, қолдан шыққан барлық өнер заттарын көркемдеуге, әсемдеуге пайдаланған.
Осы орайда ою-өрнектің өзін екі топқа бөлуге болады. Біріншісі, ешқандай заттарды көркемдемей–ақ өз алдына жеке әшекей ретінде қолданылып, көрермендерге эстетикалық сүйсініс, әсер береді. Бұндай жағдайда оның көркемдік, әсемдік жақтары пайдаланады. Екінші түрінде шебердің қолынан шыққан заттарды, көркемдеп, толықтырып, айрықша көрініс, сән мән-мағына береді. Яғни, ою-өрнек жасалған заттан ерекше бөлінбей оның формасын, пішін- түрлерін шешеді. Осындай бұйымдар күнделікті тұрмыста пайдалануымен қатар, көрермендерге эстетикалық ләззат және рухани байлық болып ерекше сезімге тәрбиелейді.
Қазақ ою-өрнектерінің өздеріне тән сыңыр ою, тең, жүздеме ою секілді композиция құрылымы қалыптасқан. Аталған оюларда да комлозицяның классикалық-орталық бөлік, шет, жиек, фон негіздерімен бірге, симметриялық тепе-теңдік, тұйықтық, орнықтылық категориялары сақталған.
Жан-жануарлар қазақтың ою-өрнегінің ішіндегі ең көп тараған, ең көп қолданылатын түрі. Жабайы аңдар мен ұшатын құстар, малдар адам баласына ішетін сусын, жейтін тамақ, киетін киім болып ғасырлар бойы асырап келе жатқанын айтудың қажеті жоқ. Ата-бабамыз малдың ерекше қасиеттерін бағалап, ән-жырға, күйге қосты. Образдары шығармаларға, бейнелері қолөнерде ою-өрнекке айналды. Сондықтан хайуанаттар оюларының тамыры тереңде жатыр. Бұл оюдың негізін «қошқар мүйіз» өрнегі қалайды. Осы мүйіз түріндегі оюмен әшекейленіп, безендірілмеген ұлттық дәстүрлі бұйым, дүние-мүліктер, заттар жоқ десек қателеспейміз. Бұл өрнек қолөнер түрлерінің барлық салаларында кездеседі және кеңінен қолданылады. Ою-өрнекпен зергерлер, шеберлер алқа, сырға, білезік, сырмақ, текемет, кілем, түскиіз, сандық-кебеже, киім кешектерді тағы да басқа тұрмыста қолданып жүрген заттарды өз ырғақ мәнерімен безендіріп отырған.
Ою-өрнектің мектепке қолданудың өзі оқушылардың қол шеберліктерін дамытып, ой-өрісін кеңітіп, эстетикалық талғамдарын байытады. Және де түзу сызық, қисық сызық, шеңбер сызғанда тигізер пайдасы мол. Сол сияқты симметрия туралы толық түсінулерге, көру, байқау қабілеттерін дамытуға, шексіздік туралы, композициялық құрылымның дұрыс орналасуын бақылауларына көп көмегі бар.
Оқушылар өз жасаған заттарын, айта кетсек, қыз балалар технология сабағында жасаған көрпешелерін, жастықшаларын, ал ұлдар жасаған домбыраларын, сандықшаларын, қобдишаларын ою-түрлерімен әшекейлеп, көркемдеп, әсемдеп, өмірде өз қажеттеріне пайдалана алады.
Әдебиеттер
1.Ж.Балкенов. Ұлттық ою өрнек. Қарағанды, 1998ж.
2. Қ.Болатбаев. Бейнелеу өнері. Атамұра, 1993 ж.
Малгаздарова Любовь Искаковна
Астана қаласы № 61 орта мектеп
Еңбек пәнінің мұғалімі
ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ОЮ-ӨРНЕКТЕРІНІҢ ҚОЛДАНЫЛУЫ
Қазақтың ұлттық киімі ғасырлар бойы қалыптасқан және айналадағы ортаға желді, аязды болып келетін аңызақ даладағы тіршілікке бейімделген халық мұрасының құрамдас бөлігі болып табылады. Оның қарапайымдылығы, үйлесімділігі, жүріп-тұруға қолайлылығы – басқа жұрттардың киім-кешегі сияқты әуел баста адамның тәнін жауып, мағынасыз және ойдан шығарылған ғаламаттардан, ал кейіннен денені ыстық-суықтан, қуаң желден, әсіресе мал айналасында болатын маса – шыбыннан қорғауға қажет болғандығын аңғартады. Киімді әшекейлеу, жағасына, өңіріне, етек-жеңіне кесте тігіп, оқа бастыру, зерлі жиектер жүгірту, киімді безендіруге қымбат металдар мен асыл тастардан түзілген әткеншектерді пайдалану көбіне әсемдікке құштарлықтан емес, дала қауымында жеке меншіктің пайда болуымен байланысты үстемдік етушілердің байлығын, әлеуметтік өміріндегі алатын орнын баса көрсету қажеттігінен туған болуы ықтимал. Өйткені даланы мекендеп үнемі малмен бірге көшіп-қонып жүрген елдің де, кедейшіліктің тауқыметін көп тартқан егіншілердің де сәндік құруға уақыты да, қаржысы да жете бермесе керек. Халық арасында кең тараған «сұлуынан жылуы» деген сөз де, сол көне заманнан қалған болуы мүмкін. Әйтседе, киім-кешекті әшекейлеу бірте-бірте ғасырлар өткен сайын қалыптасқан дәстүрге айналады да, әрбір ұрпақтың талғамына лайық өмір талқысынан өтіп, ұлттық киімнің бөліп қарауға болмайтын және оның өзіндік ерекшеліктерін баса көрсететін ыңғайластығы болып қала берген. Соңғы 15-20 жылда жүргізілген этнографиялық зерттеулерге қарағанда, қазіргі ғылыми-техникалық прогрестің, жаңа моданың әсерімен, сол сияқты қазақша киімнен ешбір хабары жоқ, ұлттық дәстүрлерге жатпайтын жалған элементтермен көбірек айналысатын, бірақ өздерінің туындыларын кино, телевизия, театр қауымы мен концерттік ұйымдар арқылы тықпалауға мүмкіндігі бар кейбір суретші – модельерлердің орынсыз, араласуынан ұлттық киімнің пішішінде немесе тігісінде ғана емес, тіптен үкі қадауға да әр қилы өзгерістер пайда бола бастағандығын аңғаруға болады. Оның барлығын былай қойғанда біздер ғылыми мақсатқа орай немесе музей қорын толықтыру үшін ел арасынан сатып алып жүрген ең дәстүрлі киідердің өзінен де аздап та болса байқалатын түр өзгерістер көрініп жүр. Ұлттық киім – көненің көзі, бізге жеткен материалдық мәдениеттің жетістігі. Оны ескерткіш ретінде болашақ ұрпаққа сақтау қажеттігін ескерсек, мұндай жағдайларға үзілді-кесілді тыйым салған жөн. Біздің мәселенің бұл жағына баса назар аударып отырғанымыздың тағы бір себебі – уақыт өткен сайын ұлттық киімді сақтап, зерттеп – білудің қиынға түсе беретіндігінде болып отыр. Дегенмен, қазақтың ұлттық киімі дәуір талғамынан өтсе де ғылыми тұрғыдан әлі де болса толық екшеле қоймаған құбылыс есебінде онан әрі зерттей түсуді қажет етеді. Ұлттық киімді зерттеп білудің бірден-бір тиімді жолы жазба деректер болғанымен оларда қазақша киімнің дәл өзі жайлы мағлұматтар жоқтың қасы. Сондықтан да қазақша киімді егжей-тегжейіне дейін жете білетін ұрпақ – оны киген және түсіне білетін соңғы адамдар ауыспай тұрғанда жоспарлы түрде кең көлемді далалық экспедициялар ұйымдастырып, әлі де болса кездесетін ұлттық киім нұсқауларын жинай беруді ел аузындағы мәліметтерді жазып алумен қатар жүргізе берген жөн.
Қазақ ұлттық ою-өрнегінің бірнеше ондаған ғасырлық тарихы бар.
Атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып, үнемі қолданыста болып, дамып келе жатқан өнер түрі. Қазақ халқының тұрмысында ағаштан жасалған заттар өте көлемді. Жазы-қысы пайдалануға келетін «ағаш уықты, киіз туырлықты» киіз үй киіз бен ағаштың өте күрделі үйлесінен тұрады. Тігуге де, жинауға да, алып жүруге де өте қолайлы осы мүлікте ою-өрнек қолданылмайтын бөлшек жоқтың қасы. Ою-өрнекті жақсы саналы жасау үшін алдымен пайдаланатын материалды дұрыс таңдай білу қажет, оның ою-ырғағы мен мөлшерін, яғни оюдың заттың бетіне түсуі мен орналасуын нақты жобалау қажет. Оюдың жақсы шығуы оюшының ой ұшқырлығында, шеберлігі мен оюдың ретін келтіріп үйлестіре білуінде. Ою-өрнектің қандай түрі болса да, ол – адам ойының жемісі. Ою-өрнек бір-бірімен қабысып, жымдасып, ескен арқандай бірігіп тұруы керек. Ара жігі бадырайып, үйлеспей, олпы-солпы болса, ою өзінің сәнін, сұлулығын, үйлесімін тіпті мазмұнын жоғалтуы мүмкін. Қазақ ою-өрнегі қошқар мүйіз түрінен бастау алатындықтан қандай ою түрін жасағанда да осы ою түрі басты көрініс табуы қажет. Басы қошқар мүйіз оюынан бастау алған өрнек дами келе неше алуан түрге еніп, ара жігі әр түрлі ою-өрнектермен толыға келе, үлкен күрделі ою түрі шығады. Ою тасы қошқар мүйіз бастаған өрнек түрлері бір-біріне үйлесе сән бере келе бірігіп, жымдасып, байланыс пен сәндік тауып жасалатын ою түрін әрлендіре түседі. Табиғаттағы әсем гүл шоғырындай ою-өрнекте өз шеберін тапса, жарасып, құлпырып, көз тартып, көзге қуаныш, көңілге жылылық, ортаға әсемдік, сұлулық шашып тұрары анық. Біздің ата-бабаларымыз осындай өнер түрін өзінің шырқау шыңына жеткізе білген.
Менің түсінігімде ою-өрнек дегеніміз – дәлдік, есеп, теңдік, теңеу, үйлесім, жарасым, сәндік, көркемдік, сәйкестік, тазалық, нәзіктік, сүйкімділік, парасаттылық, жылылық, сұлулық, ойлылық, ақылдылық, зеректік, көңіл-күйдің жақсылылығы, шабыт береді, ептілікке, іскерлікке, шеберлікке, икемділікке, дәлдікке баулиды, тәрбиелейді. Өнерге деген махаббат, сұлулыққа деген ғашықтық, құштарлық жинағы. Ою ойған адамның жүрегі жылы,нәзік болады. Қошқар мүйіз – ою-өрнегі – байлық пен молшылықтың нышаны. Қошқар мүйіз бен арқармүйіз оюларының қазақ қолөнерінде қолданылмайтын жері жоқ. Қошқар мүйіз оюымен қатар әр заттың көлемі, сәнділік, пайдалану деңгейіне қарай әр алуан жапырақ тектес, бітпес оюлар салынады. Бұл өрнектер «иірім», «шиыршық», «иық», «үшкіл», «түйе табан», «қос ирек», «жұлдыз гүл» т.б. аттарымен аталады. Қолөнер шеберлері ою-өрнекті әр заттың өзіне лайықтап, жарасымын, үйлесімін, сәнін тауып жасаған. Жасаған затпен ою-өрнек бір-бірімен өте сәнді қабысып, шынайы көркемдік беріп отырған. Ою-өрнек түрлері өте нәзік түрде түскен. Жалпы ою-өрнек жасаушы шебер оюды олпы-солпы болудан сақтауы, әсемдігіне жеткізе білуі керек. Өнер зерттеушілерінің пайымдауынша қазақ ою-өрнегі үш түрлі ұғым негізінде туған деген қорытынды бар:
-
Қазақ халқының өзіне тән ертеден келе жатқан ұлттық оюлары.
-
Басқа халықтардың мәдениетінен ауысқан.
-
Уақытқа қарай бейімделу. Ертеден қазақ ою-өрнегі мазмұны жағынан үш түрліұғымдыбейнелейді:
1. Малөсіруменаңшылық.
2. Жер-су,көшу-қону.
3. Заттардыңсыртқыбейнесі.
Осылардың қайсысында да қошқар мүйіз оюы қолданылып араласып
отырады. Ою, сызу, бедерлеу ру, тайпалардың таңбаларында, малдың ең-таңбасында, ай, жұлдыз, аспан әлемін тұспалдауда орын алады. Шеберлер сүйекті ойған, ағашты иген, тасты қашаған, мүйізді балқытқан, металды өңдеген. Әсемділікті таңдай да, жасай да білген. Осындай әсемдікті таңдай білген хас шебер оюшы зергеріміз осы ою-өрнекке бояу түрлерін пайдалануды да жете меңгерген. Халқымыздың ою-өрнектерінде басым түс ақ пен қара болып келеді. Бұл ою-өрнектің ең шешімін тапқан жарасымды түрі болып есептеледі. Ою-өрнектің тұрмыста пайдалану ауқымы өте кең. Оюдың жекелеген тармақтарынан бастап үш түр, төрт түр, бес түр, алты түр, т.б. тармақтарынан әрі қарай өрбіп, кеңейе беретін күрделі оюлар да біздің ұлттық дәстүрімізде тұрмыста үнемі қолданыс тауып келген. Халқымызда жазу болмағанда ою-өрнек болды. Сол ою-өрнек арқылы халқымыз өз тыныс-тіршілігін, мәдениетін, өнерін, мәдени құндылықтарын жоғары деңгейде дамыған тұрмыстық қажеттіліктерін ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, дамытып отырды. Келешек ұрпақ мақсаты осы киелі өнерді әрі қарай дамыта отырып көздің қарашығындай сақтау. Осы салада отыз жылдан аса уақыттан бері ұлттық ою-өрнекті дамытумен айналысып келе жатқан менің басты мақсатым – мүмкіндігінше ұлттық нақыштағы ою-өрнекті зерттей отырып, нәзік те күрделі өнердің сырын ашу, жасалу жолдары мен оны тұрмыста пайдалану реттерін өнерпаз жастарға ұсыну. Қажетіне жаратамын деген талапкерге көмектесу, ұлттық мемлекеттік деңгейдегі мәдениетімізді дамытуға үлес қосу, сол арқылы ұлтымыздың мәдени өнерін басқа елдерге насихаттау, тұрмыстық заттар шығаруды өндіріске еңгізу, оқулықтар шығару, зергерлік қолөнерді дамыту жолдарын оқырманға қарапайым тілмен түсіндіру, құзырлы орындарға ою-өрнекті дамыту туралы өз ұсыныс, пікірімді жеткізу. Ою-өрнекпен айналысқан отыз жылдан аса уақыт ішінде ешқандай ою түріне қарамай ұлттық бағыттағы басты ою түрі «қошқар мүйіз» айшығын сақтай отырып, бір жарым мыңдай үлкенді-кішілі, ірілі-уақты әр түрден ою түрлерін жасадым. Басты мақсат – қошқар мүйіз оюын дамыту, сұлу, сәнді, икемді оюлар шығару. Бұлардың ішінде алуан түрлі күрделі оюлар да, шағын оюлар топтамалары да, зергерлік бұйымдарға арналған түрлері де бар. Мақсат жасалған оюлардың жасалу ерекшелігін толық түсіндіре отырып, пайдалану жолдарын ұсыну, оюдың өндіріске енуіне ықпал жасау. Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі киім түрлері өзгеріске ұшырады. Ұлттық киімнің бояуын, түсін өзгерткенмен түрін, пішінін өзгерту дұрыс емес. Бұл біздің қазақ ұлтына тән ерекшеліктегі ою-өрнек, кие қасиет. Осы киіммен халқымыз тарихи дәуір өткізген, досы, қасы да таныған. Ғасырдан ғасырға дамыған ою-өрнек тілінен шеберлер ойын да, көңіл күйін де, уақыт жағдайларын да жеткізе білген. Әр шебер өзі жасаған ою-өрнегінің қандай ою түріне ұқсайтынын, қандай ат лайық екендігін және ою-өрнекті қай затқа қалай пайдалану керектігін дәл де нақты білген. Әрбір күрделі оюдың өсімдік тамыры іспеттес түбі, түбірі, діңі, тамыры болады. Бұл менің өз ұғымым. Түбірінен бастап өрбіп жайылып, ерекшеленеді, бір-бірімен астасады, сәнді шеңбер жасай отырып «табақ» тектес күрделі ою құрайды. «Табақ» ою түрі – жиегіне су жүргізіп ішіне алуан түрлі ою салу. Қазақ халқының тұрмысындағы көп қолданылатын оюдың атасы қошқар мүйіз өрнектері сан алуан. Өте ұсақ түрлері зергерлік, кестелік, сүйек, мүйіз сияқты нәзік істерде қолданылса, ірі түрлері сырмақ, кілем, текемет, түскиіз, алаша, сәулет өнеріне, тұрмыстық заттарға кең қолданылады. Ою-өрнек тұрмыстық заттармен қатар құлпытастарға да салымды. Ер адамға құлпытас тұрғызылса, найза, айбалта, ұсталықпен айналысса, құрал-сайман суреттері қашалған. Ал әйелдерге құлпытас тұрғызылса, алқа, сырға сияқты күміс әшекейлер, үкілі сәукеле тағы да басқа заттар бейнеленген.
Ғалымдардың зерттеуі бойынша ою-өрнек үш топқа бөлінеді:
1.Өсімдік тектес (жапырақ, үш жапырақ, ағаш).
2.Зооморфтық(жан-жануарлар).
3.Космогониялық өрнек (дөңгелек, ирек, шимай, тор көз).
Осы ою-өрнек түрлерін қажетті орнын тауып пайдаланған зергер, оюшы
шеберге үлкен көмек болары анық. Мемлекеттік деңгейде мәдени мұра бағдарламасы бойынша қамқорлық жасаланып, оқушыларға, студент жастарға қолөнер сабағына пайдалануға шағын журналдар шығарылса, қолөнер түрлері мектепте пән ретінде өтсе, жастардың келешекте іскерлігіне, ұлттық мәдениетті сүюіне ықпал жасары анық. Оқушыларға ұлттық нақыштағы киім үлгілері ұсынылса, оқу құралдарының безендірілуіне ою-өрнек кең көлемде ұсынылса, шеберлер даярлайтын арнаулы оқу орындары ашылса, ұлттық қолөнер дамыған болар еді.
Өресі биік, өрісі кең өнер атауының қай саласынан болсын, жер
жүзіндегі басқа да халықтар сияқты қазақ халқы да өзінің көне замандардан бері келе жатқан тамаша тарихымен және өзіне ғана тән қайталанбастай ерекшелігімен көзге түседі. Ал қандай да болсын өнер және талант иелерін өмірге келтіретін де сол халық. Сондықтан да біз оларды халықтық дейміз. Міне, сол халық таланттарының қолынан шыққан зергерлік бұйымдар, киім үлгілері, тұрмыс жиһаздары, әсем де зәулім ғимараттар қай заманда болмасын өз маңызын жоғалтпайтыны мәлім. Сол сияқты, қазіргі бізге келіп жеткен «Құстұмсық жүзік», «Құдағи жүзік», алтынмен апталып, күміспен күптелген алқалар мен өңіржиек, өңірше, үзбелі сырға, тоқым әбзелдері мен үй мүліктерінің сирек кездесетін үлгілері кейінгі ұрпақтар үшін аса бағалы мұра болып табылады. бірақ мұндағы өкінішті жай, сол халық шеберлерінің көпшілігінің есімдері тарихта қалмағандығы. Бұл әрине, ертеде өз жазу-сызуы болмаған қай халықтың болса да басынан өткен жайлар. Дегенмен, сол халық ортасынан шыққан шеберлердің көркемдеп, сәндеп жасаған бұйымдарының әсемдігіне, шебер жасалғандығына, қазір де қарап көз тоймайды.
Ал сол халық өнері шығармаларын жинап, зерттеуде, оларды насихаттауда Қазақстан музей қызметкерлерінің, ғалымдарының, археологтарының да еңбегі зор. Солардың тырнақтап жинаған асыл бұйымдары қазір республикамыздың тарихи-өлкетану және өнер зерттеу музейлерінде жинақталған. Осы музейлердің бәрінде де қазақ халқының тарихы, этнографиясы, ою-өрнектері жөнінде бағалы дүниелері бар. Қазақтың қолөнерін зерттеу мәселесі ерте кезден көптеген саяхатшылар мен коллекционерлердің ғана емес, ғалым-этнографтар, археологтар мен суретшілердің де көңілін аударып келген. Қазақ қолөнерінің өткендегісі мен бүгінгі жағдайын, оның өзіне тән методологиясын зерттеу, қазірдің өзінде де күн тәртібінен түспей жүрген мәселенің бірі. ХХ ғасырдың алғашқы жартысынан-ақ басталған бірқатар жұмыстар негізінде методологиялық жағынан зерттеудегі жіберілген кемшіліктер қазақ қолөнерінің творчестволық даму мүмкіншілігін дұрыс бағаламады. Мәселен, қазақ ою-өрнектерінің құрылысын, заңдылықтарын алаш рет байқауға ат салысқан С.М.Дудин, күнделікті сауда орындарына, фабрикаларда жасалып түсуіне байланысты қазақ өнері жақын уақыттың ішінде мүлде жойылады-мыс, қажетсіз болады-мыс деді.
Кейбір зерттеушілер мен творчество қызметкерлері қазақтың қолөнерінің идеялық маңызын көтеріп, қолөнердің ою-өрнек сияқты негізгі ұлттық қорын жоққа шығарды. Мәселен, С.МДудин, Е.Р.Шнейдер: «Қазақ ою-өрнегі иран мәдениетінің тек бір бөлігін ғана көрсетеді. Қазақ халқының ұлттық өнеріне жатпайды», - деп топшылады.
Бірақ халықтың қолөнері өзінің тарихы, теориясы мен кейбір ұйымдастыру мәселелерінің жеткілікті элементтеріне қарамастан, күнделікті тұрмысқа қажетті қоршаған затты, көпшілік тұтынатын бұйымды әсемдеуге бейім өнер ретінде, социалистік қоғам кезінде де жалпы мәдени дәрежені де жоғары көрсетуге тән дамып келе жатыр.
Біз жоғарыда көрсеткендей көне заманнан келе жатқан қолөнері өзінің өсу жолында өз халқының дәстүрлі көркемдік мұрасын сақтап қалды. Қоғамдық дамудың қай сатысында болсын қоғаммен бірге дамыған қолөнері әр дәуірде өшпес ізін қалдырып, әлеуметтік-көркемдік жағынан дәуір тынысын қалт жібермей әсерін тигізіп отырды. Қолөнерінің қазіргі дәуірдегі дамуы күрделі де аса бай. Онымен бірге ол күнделікті тұрмысымызды, гүлденген өмірімізді жан-жақты бейнелеуде, халықты эстетикалық жағынан тәрбилеуге қызмет етеді.
Ерте кездегі авторлардың айтуы бойынша Қазақстан топырағын мекендеп, тіршілік еткен сақтар мен массағаттардың барлық заттары әшекейленген, киімдерінің өзіне тән үлгілері болған. Мысалы, киізден жасалған төбесі шошақ бас киімі, ұзын шапаны мен көннен жасалған жұмсақ аяқ киімдері әшекейленген.
Геродот: «Олардың барлық заты алтын мен мыстан жасалған. Жайдың металдан істелген бөлшектері, оғы, айбалталары мыстан жасалған. Бас киім мен белдік әшекейлері түгелдей алтыннан істелген. Сондай-ақ ат омырауындағы өмілдіктер де мыстан соғылып, жүген-сулығы, ауыздығы, т.б. бөліктері түгелдей алтынмен әшекейлендіріліп,безендірілген»,-деп жазады. Сол дәуірдегі халық шеберлерінің қалыптасқан ою-өрнек үлгілері скифтердің мал шаруашылық мәдениеті жайында болғандықтан Алтайдағы Келес даласынан қазылып алынған заттар.
Ою-өрнектермен күнделікті тұрмыста пайдаланылатын заттар және төсек-орын, киім-кешек, ыдыстар, ер-тұрман тағы басқалар әшекейленген. Кесте тігу, тоқымашылық, өру, құрақ құрау өнері, ағаш бетіне күйдіріп ою салу немесе зергерлік, керамикалық, т.б. кең түрде қолданылды. Мұндай алтыннан айрақша күрделі өрнектер салынып жасалған заттар үстем таптың пайда бола бастауын, таптық қауымның өзгере бастауын көрсетеді. Алтыннан нәзік өрнектермен істелген диадема, аңшылықты бейнелейтін көріністер, адам бейнесі, жыртқыш аңдар мен мифтік жанды заттардың өрімделген, ою-өрнектелген күрделі композициясының барлығы, сол кездің өзінде-ақ өнердегі шындық негізді салыстырып қарағанда, техникалық және көркемдік жағынан жоғары қолөнершілікке қолы әлдеқайда ерте жеткендігі байқалады.
Демек, ою-өрнектермен әшекейлеп бейнелеушілік қандай уақытта болмасын халықтың дәстүр негізінде сақталды.
Егер бұрыңғы замандарда жүген, белдік, пышақ сабы және осы сияқты заттардың кейбір бөлшектері хайуанаттардың дене бітімдерімен бейнеленетін болса, ІХ-ХІІ ғасырлардан, ислам дінінің үстемдік құрған кезеңінен бастап, тірі жәндікті бейнелеу тәсілі қолөнер кәсібі саласынан мүлде алысталып тасталды. Бәлкім заттарды әшекейлеуде бірден бір белгілі тәсілмен салынған ою-өрнектер ғана қалуы мүмкін.
Халық шеберлері ою-өрнек салу тәсілін белгілі бір ізбен қалыптастыруда өз өнерін үздіксіз жетілдіру жолымен кейбір ою-өрнектердің композициясына, әшекейлейтін заттардың түріне қарай табиғи байланысты бейімдеп түрлендіріп отырды. Қазақстанда моңғол шапқыншылығы (ХІІІ ғ.) салдарынан елдің мәдениеті мен өндіргіш күштің дамуы тежеліп, тұтас бір ғасыр артқа шегеріліп тасталды. Қолөнері тек дін басылары мен дәулетті адамдарға ғана қызмет етіп, жекелеген дәулеттілердің байлығын көрсетуге, семья мүшелерінің киім-кешегін әшекейлеуге бағытталды. Жоқшылықта өмір сүрген көпшілік халық өзінің күнделікті үй тұрмымысындағы заттарын әшекейлей де алмады.
Тек қана ХІХ ғасыр ортасында қазақ халқының Россияға қосылуымен қазақ мәдениетінің орыс мәдениетіне қоян-қолтық араласуы, қазақ қолөнерін қайта өрлетіп, жаңа элементтермен байытты. Түрі жағынан қолөнерінің бейнелеу амалы байыды. Кестелеуге алтын, күміс түсті жіптер мен өрнектеу тәсілі еңгізілді. Күнделікті тұрмыста өндірістік бұйымдар пайда болды. Халық творчествосын шабыттандырып, кестелеудің әр түрлі әшекейлі әдістеріне көңіл аударыла бастады. Жасампаз халқымыздың архитектуралық сәндік, күнделікті тұтынатын жасау жиһаздары мен алуан түрлі әшекейлі бұйым нақыштарына қарай отырып, халық шеберлерінің ою, өрнек өнерін өмір мүддесіне, тұрмыс қажетіне, асқан зейінділік, сезімтал творчестволық тәсілмен тамаша пайдаланғанына көзіміз жетеді. Қазақ халқының талай ғасырлық ұзақ, тарихына бойласақ, ел іші он саусағынан өнері тамған өнерпаз саңлақтарға кенде болағанын көреміз. Олар жасаған өнер туындылары айналадағы табиғат құбылысы, күнделікті кәсібіне, қоғамдық құрылысына қарай не замандар бойы ұрпақтан-ұрпаққа
Қазақта «ағаш көркі – жапырақ, адам көркі – шүберек» деп киімді айтатын болса, киімнің жарасты да, келуіне киім әшекейлерінің атқарар ролі жоғары болған. Ер адам киімінің негізгі әшекейі – белдік болып табылады. Киімді буынуға арнауының сыртында белдіктің ырымдық, салттық қырларына байланысты, киім әшекейінің бұл түрі де сақ, ғұн, түрік замандарындағыдай күмістеліп, тас орнатылып сәнделеді. Белдіктің қазақ арасында «кісе», «деумент», «күміс белдік», «келер белдік» деген т.б. түрлері кең тараған. Белдбеу (бел+бау+бағ – көне түрікше байлау деген сөзден туындаған) деп негізінен ұзын матадан жасалған белді таңып байлайтын киімнің құрамдас бөлігін атайды. Кісе белдікке дәндәку, пышақ қылымен және керек-жарақтар іліп тағып жүретін болған. Хан-сұлтандар жалпақ келген тас мүсіндердей бейнеленген кескіндерінен қалған тас мүсіндерде бейнеленген кескіндерден көре аламыз. Көне түркілерде әйелдер белдік тақпаса, қыпшақ дәуірінен бастап әйелдер де белдік тағатын болған. Осы тұрғыда ер адамда белдікті күш-қуаты меңзейтін символикалық мәнінің астарын байқауға болады. Ілкіде қару – жарақтың адам мәртебесін айқындайтынына байланысты қарусыз адам топ-жиынға қатыстырылмайтын болған болса, осы ретте қамшы да ер адамның жанынан тастамайтын негізгі құралының бірі болған. Қамшы да ерекше сәнделетін-ді, өйткені ол иесін пәле-жаладан сақтап, қорғайды. Ал қазақтың ұлттық киімінде киім өңірін ұстап тұратын тікелей өз қызметінен гөрі күмістеліп, тас қондырылып жасалған сәндік мақсаты көбірек, үлкенді-кішілі түйме де негізгі атрибут болып келеді. Белдік - әйелдердің барқыттан әшекейленген Қашар белбеуі. Қазақ әйелдерінің өңір әшекейлері алуан түрлі. Батыс Қазақстанның ұзатылатын қыздарына арналған әшекей бұйымдарының жиынтығы өзінің ерекше салтанаттылығы және салиқалылығымен ерекшеленеді. Кеудеге тағатын әшекейлердің басты құрамдас бөлігі - өңіржиек. Өзара бір-біріне шашбау етіп үзбелеп бекітілген әлденеше үленді-кішілі өрнекті шытыралармен безендірілетін бұл бұйым кейде салсыз салпыншақтарымен күрделене түседі. Күміс шытыралар оюлармен, бүршіктермен зерленіп, асыл тастар қондырылады. Аса көп еңбек пен шеберлікті талап ететін бүршікті зерлеу тәсілі ХІХ-ғасырдың соңында кең тараған қалыптау әдісімен жиі ауыстырылады. Басқа өңір әшекейлері алқа, түйреуіштер, салпыншақтар, бойтұмарлары Батыс Қазақстанның әшекейлерінің кешеніндей басқа бұйымдар сияқты, осы тәсілдермен жасалады, оларда даралық мәнер сирек кездеседі. Қазақ әйелдерінің киім үлгілерінде киімді сан алуан өрнекті шытыралармен бедерлеу арқылы көрінетін көптеген мәдениеттерге тән ежелгі дәстүр басқалардан гөрі мол сақталған. Яғни, шытыралармен әшекейленіп камзолдар, бешпеттер және шапандар сияқты киімдердің екі өңіріне қапсырма – бастырмалар немесе ілгектер тағылған. Аса салтанатты жағдайда тағылатын әйел белдіктері ерлердікі сияқты көлемді емес. Көп жағдайда олар бстырманы шытырамен бекітілетін кездеме мата түрінде қолданады. Бұл салтанат білезіктермен, сақиналалармен және сырғалармен олықтаралады. Ол бұйымдар б.з.б. ІІІ ғасырда Қазақстан аумағында белгілі болған полихрамдық дәстүрді жалғастырған біртектес мәнерде жасалған. Бірақ ХҮІІІ ғасыр шеберлерінің қолданатын басты шикізаты күміс болды. Қазақтар күмстің қарығыңқы реңін алтын реңмен тең көрген. Көпшілік әшекейлердің ақшыл сұрғылт өңі қазақтардың ұлттық киімдерінің түсіне үйлесіп келіп отырады. Салмақты және көлемді бұйымдарды Батыс Қазақстандық шеберлер құйып жасамаған, оларды қапталған күмістен соққан. Оның бетіне қалыпты өрнектер мен бедерлерді зерлеу жеңіл болған. Әшекейлердің тегістеу бетіне бедерлер шекіліп, ол бұйымның жоғары бөлігіне алдын ала шекіліп дайындалған пластинкалар бекітілген. Зерлеу мен бүршіктеу сияқты әшекейлеудің күрделі техникасы қалтқысыз меңгерген Батыс Қазақстандық зергер-шеберлер сірә, Қазақстандағы жеке дара құбылыс болса керек. Бұл әдістермен, әдетте, көркемдік тұрғыдан аса бағалы және қымбат әшекейлер дайындалған. Ақық (сердолик) – қазақ зергерлерінің сүйікті тасы. Ақық сөзінің өзі қазақтарда әрдайым сақтаушы түсінігін берген. Лағылдан кейінгі кең қолданылатын тастар – маржан мен көгілдір ақық. Егер жалтыратылған ақақ тасы құнды әшекейлердің дәл ортасына орнатылса, ол ұсақ моншақтар көгілдір ақықтан және маржаннан әшекейленген көп жағдайда сәндік әшекейлер киімнің негізгі композициялық түйіндерін ашып, қосалқы өң береді. Адамды залалды әсерлерден қорғайтын сиқырлы күші бар материалдар ғана ардақталып қойған жоқ. Пішіні мен өрнек әшекейлері жануарлар текті болып келетін кейбір бұйымдар да киелі саналған. Көне наным-сенімнің сарқыншағы болып табылатын бойтұмарлар мен басқа бұйымдар - салтанат киімдерінің біртұтас кешенінің эстетикалық, тұрмыстық және қорғаушылық қызметіне ие құрамдас бөлігі. Қазақ шеберлері зергерлік бұйымдарды жасаудың сан алуан техникалық тәсілдерін жетік меңгерген. Қазақстанның оңтүстігі мен солтүстік-шығысындағы киім үлгілері мен әшекейлерінде кейбір өзіндік ерекшеліктер кездеседі. Қыздардың бас киімдері тақия мен бөрік - әр түрлі сәнді жапсырма маталармен інжу, маржанмен, күміс шытыралармен, тана мен төбесін шоқ үкі қауырсынымен әшекейлейтін болған. Оларды бұйымға қосып өрілетін маржан мен шытыра шашбаулар тағылған күміс шытыра шолпылар ажарландыра түседі. Оңтүстікте көршілерінің, әсеріне байланысты бұйымның ұшына таралған қара жібектен металл араласқан шашақ тағу дәстүрі болған. Оңтүстік Қазақстан сәукелесі, негізінен, Батыс және Солтүстік-Шығыс Қазақстан сәукелелеріне ұқсас. Тек қана кейде оның етегіне маржан моншақтардан торша тігіледі. Жетісу сәукелесінің екі жағына қатарластыра маржан тігілген желек бар. Бұл сән-салтанатты бас киімнің екі жағын жаңбарға ұқсас күміс бұршақтай бетмоншақ толықтырып жүр. Көз тартатын бұл дара нұсқа коллекцияның көркі десе болғандай. Оңтүстік Қазақстанның дәстүрлі өңір әшекейлерінде кестелі әшекейлер өте мол. Қыздардың мойын әшекейі тамақша – мата өрнекті кестелермен, шытыралармен сәнделген матадан тігіледі. Камзолдың және көйлектердің белі мен жағасы маржан теңгелер қадалған тізбемен және күміс шытыралармен безендіріледі.
Әдебиеттер
-
А.Маргулан. Декоративно-прикладное искусство Казахстана. Том. 1-2, Алматы, 1986
-
Сейт Кенжеахметұлы. Қазақтың мәдени салт дәстүрі, Алматы, 2006
Рамазанова Динара
Бей-21, ЕҰУ
Ғылыми жетекші: п.ғ.д., С.Ә.Аманжолов
Достарыңызбен бөлісу: |