Жалпы жазба жұмыстарын орындату арқылы білім алушылардың жазылым дағдыларын қалыптастырып, функционалдық сауаттылықты орнықтыру көзделеді. Сыныптар бойынша жазылым жұмыстарын орындату әдістері көрсетілген ұсынымының негізгі мақсаты – мектеп мұғалімдеріне жазба жұмыстарын орындату кезінде әдістемелік демеу болатын көмекші оқу құралын әзірлеу болатын. «Білім беру ұйымдары білім алушыларының «Қазақ тілі», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Орыс тілі», «Ағылшын тілі» пәндерінен жазба жұмыстарын жүргізу жөніндегі нормативтік құжаттар» бөлімінде жалпы қазіргі кезде қолда бар нормативтік құжаттар туралы мәліметтер берілді. Байқағанымыздай жаңартылған білім беру мазмұны кіргеннен бастап жазба жұмыстарын арнайы құжаттармен қарастырылмағаны. Бұл жасалып отырған жұмыс әдістемелік ұсынымның өзектілігін айқындап берді.
«Жазбаша жұмыстарды жүргізудің мақсаттары, міндеттері, нысандары» деп аталатын екінші бөлімде жалпы мақсат, міндеттер мен жазба жұмыстарын орындаудың жекелей мақсат, міндеттері де қамтылды.
«Сыныптар бойынша жазба жұмыстарын жүргізуге қойылатын талаптар» бөлімінде жазба жұмыстарын орындаудың талаптары мен өлшемдері сараланды. Мәселен, бастауыш сыныптар үшін алғашқы жазба жұмыстары диктант және оның түрлері көрсетілді. Сонымен қатар мазмұндама мен шығарма түрлері және оларды орындату әдістері де қамтылған. Бастауыш сыныпта білім алушылардың көбінесе оқу техникасы жаттығады. Әріптен сөз, сөзден сөйлем құрап оқи бастасымен-ақ, оқушыларда өзін қоршаған орта, жаратылыс, табиғаттың сырларын, көпті білуге деген ынта, көркем шығарманы оқу, мұғалім әңгімесін зейін қоя тыңдау, білмегенін сұрап алу белсенділігі басым болады. Сондықтан бастауыштағы жазба жұмыстарының жас ерекшелігіне байланысты саралануы дұрыс. Жоғары сыныптар бойынша да барлық жазба жұмыстардың түрлері оқу мақсатында тұрғандай алынып, жүйеленді.
«Жазба жұмыстарын жүргізу бойынша әдістемелік ұсынымдар» бөлімінде әр тілдік пән бойынша (қазақ, орыс, ағылшын тілдері) жазба жұмыстарының әдістемелік ұсынымдары берілді. Үш тілдегі жалпы жұмыс түрлері ұқсас болғанымен, іштей өзгешеліктері де бар екені анықталды.
Шығармашылық жұмыстарды бағалау критерийлері мен дескрипторлары да анықталып, мұғалімдер назарына ұсынылды.
Берілген жазба жұмыстарының түрлері тек үлгі ретінде алынып, оларды нақты сол қалпында пайдалануға болмайтыны ескертіледі. Сонымен қатар, бағалауға берілген үлгілерді де тура сол қалпында қолданғаннан гөрі әр мұғалім өз сыныбының деңгейіне сай құрып алғаны дұрыс.
Достарыңызбен бөлісу: |