«Қазақ тілі мен әдебиеті», «Орыс тілі», «Ағылшын тілі» пәндерінен жазба жұмыстарын жүргізу жөніндегі нормативтік құжаттар
Әрбір білім беру ұйымының міндеті – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға бағдарланған, функционалдық сауаттылық дағдылары бар және оны қоршаған болмыста бәсекеге қабілетті бола алатын білім алушы тұлғасының үйлесімді қалыптасуы мен дамуы үшін қолайлы білім беру ортасын құру.
Қазақстан Республикасының білім жүйесінде халыққа білім, тәрбие берудің негізгі мақсаты – Қазақстанның егемендігін қамтамасыз ететін, оны бүкіл дүние жүзіне мойындататын, онымен тең қарым-қатынас жасап, қазақстандық патриотизмді, саяси бостандықты қамтамасыз ететін, нарықтың іргетасын қалап, экономикалық бостандыққа қол жеткізетін, жан-жақты дамыған адамдарды тәрбиелеу.
Жалпы білім беретін орта мектепте қазақ тілі пәнінен академиялық білім берудің мақсаты – қазақ тілінің әлеуметтік-қоғамдық қызметі (ана тілі-ұлт тілі- мемлекеттік тіл) туралы біртұтас білім бере отырып, тілдің танымдық, құрылымдық, тарихи мәнін, тілді қолданудың нормативті жүйесін игеріп, сөйлеу мәдениеті тәсілдерін меңгерген, ұлттық рухты бойына сіңірген дара тұлға тәрбиелеу.
Қазақ тілін оқытудың басты міндеттері бастауыш сыныптарда қазақ тілінің ана тілі ретіндегі қызметіне, орта сыныптарда қазақ тілінің ұлт тілі ретіндегі қызметіне, жоғары сыныптарда қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қызметіне басымдық бере оқыту.
Қазақ тілінің ана тілі ретіндегі негізгі қызметі – ұлттық сана-сезімді қалыптастыру. Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартындағы қойылған базалық құндылықтар: 1) қазақстандық патриотизм мен азаматтық жауапкершілік; 2) құрмет; 3) ынтымақтастық; 4) еңбек пен шығармашылық; 5) ашықтық; 6) өмір бойы білім алу ұлттық сана-сезімнің қалыптасуы арқылы игеріледі. Сондықтан бастауыш сыныпта қазақ тілінің ана тілі ретінде танылуына негіз болатын лингвистикалық білім мазмұны қамтылуы тиіс.
Қазақ тілінің ұлт тілі ретіндегі қызметі – ғасырлар бойғы тәжірибеден жинақталған ұлттық дүниетанымды, ұлттық ақыл-ой жетістіктерін зерттеу, саралау, дамыту. Ұлттық тіл Білім стандартында көрсетілген ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды өзіне үйлесімді үйлестіруге, кез келген өмірлік жағдайларда функционалдық сауаттылығы мен бәсекеге қабілеттілігін көрсетуге, сондай-ақ оқу және қолданбалы тапсырмаларды шешуге мүмкіндік береді.
Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қызметі жоғары сынып оқушыларына арналған білім мазмұнын қамтуы тиіс. Қоғамның барлық саласында қазақ тілін қолданудың заңдылықтарын, іскерлік, дипломатиялық қарым-қатынас мәдениетін, сөйлеу мәдениетін игерген оқушы жалпыға міндетті білім стандартында көрсетілген «Қазақстан Республикасының
Конституциясының нормалары мен заңдарын құрметтеуді және сақтауды», яғни қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде қолдануды өз міндетіне алады, қазақ тілінің мемлекеттік статусын көтеруге өзіндік үлес қосады, мемлекеттік тілді қолдануға ынталы болады.
Қазақ тілінің қоғамдық-әлеуметтік қызметін бастауыш, орта, жоғары сыныптарда оқытқанда тілдің құрылымдық, функционалдық, тарихи жүйесі өзара тұтастықта бірлікте кіріктіріліп оқытылады. Нәтижесінде оқушылар тілдің таңбалық жүйесі, әдеби тілдік нормасы, тарихы және тіл арқылы ұлтты, адамды тану туралы кешенді білім алады. Бұлар оқушының тіл тазалығын, тіл анықтығын, тіл дәлдігін (А.Байтұрсынов) игеріп, сөйлеу мәдениетін, сөз шеберлігін жетілдіруіне айтарлықтай үлес қосады.
Республиканың жалпы білім беретін мектептеріндегі оқу процесі
«Қазақстан Республикасындағы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарларын бекіту туралы» ҚР БҒМ 2012 жылғы қарашадағы № 500 бұйрығымен (ҚР Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 12 тамыздағы №365 бұйрығымен енгізілген өзгерістерімен) бекітілген Үлгілік оқу жоспарлары негізінде жүзеге асырылады:
негізгі орта және жалпы орта білім берудің Үлгілік оқу жоспарлары;
төмендетілген оқу жүктемесімен Үлгілік оқу жоспарлары.
Үлгілік оқу жоспарының түріне байланысты негізгі және жалпы орта білім беру деңгейлерінде «Қазақ тілі» пәнін оқытуға бөлінген оқу жүктемесінің көлемі әртүрлі болады.
Үлгілік оқу жоспарының негізінде – «Жалпы білім беру ұйымдарына арналған жалпы білім беретін пәндер, таңдау курстары мен факультативтер бойынша үлгілік оқу бағдарламаларын бекіту туралы» (ҚР Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 16 қыркүйегіндегі №399 бұйрығы); бұйрығына сәйкес үлгілік оқу бағдарламалары дайындалады.
«Қазақ тілі» пәні бойынша үлгілік оқу бағдарламасының мақсаты оқушының тіл сауаттылығы мен сөз байлығын дамытуды, әлеуметтік ортада еркін қарым-қатынасқа түсуін жетілдіруді және дүниетанымдық дағдыларын кеңейтуді көздейді. Бағдарламаның білім мазмұны қазақ тілі арқылы оқушыларға қазақ халқының материалдық және рухани құндылықтарын, қазақ халқының салт-дәстүрін құрметтеуді, қазақша сөйлеу әдебі мен әдетін дағдыландыруды және қазақ әдебиеті үлгілерін терең меңгертуді мақсат етеді және алған білімдерін өмірде қолдана білуге үйретеді.
Достарыңызбен бөлісу: |