Байрон өлеңдерін қазақ тілінде сөйлетуде Абайдан бастап көптеген қазақ ақындары талпыныс жасады. Солардың бірі - қазақтың көрнекті ақыны Қасым Аманжоловтың бір топ аудармасы
Романс
Сұлулығын асырам деп Кім таласар сенімен? Теңіздегі күй естілед Сенің нəзік үніңнен.
Алыстағы океанда, Естілгендей, күй тұманда, Толқын сүйіп ескен желдей, Тəтті ұйқыда өтер тербей.
Түн ортасы болғанда, ай – Суға сүңгіп шомылар, Ұйқыдағы жас баладай Теңіз жайлап дем алар.
Сонда жанды қиял кернеп, Сұлу сымбат демі тербеп, Жанға тиіп сенен əсер, Көңілдегі толқын өсер.
Чайльд Гарольд (Поэмадан үзінді)
Британияда тұрыпты бір жас жігіт, Езгілікке ден қоймай, дел-сал болып; Күндерін ол өткізді көп қыдырып, Бос сандалыс болды оған — ұлы мақсат, Жалғыз-ақ, зор қырсыққа иді басын. Жұрт не ұнатса — бəрі де оған ағат, Тек той-топыр болды оған бар қанағат, Бөлді əумесер, зианқор ықыласын.
Чайльд Гарольд, оқушым, алдыңызда, Қай тұқымнан екенін келмейді айтқым, Бірақ та, бір кездерде ардақталған Əйтсе дағы ұрпақтың қылмыстары Ата-баба қадірін етеді лас, Шежірешіл адамның айтқандары, Шешен сөзі, не жыршы мадақтары, Оны енді қайтадан ақтай алмас. Кең аймақта айналған шегірткедей.
Дүниеде ол, əйтеуір жүре берді. Ойда жоқта, өмірін бейне гүлдей, Жауыз қайғы жоярын ол білмеді. Міне енді, ауыр жыл келіп жетті, Сонда ғана өз халін білді анық, Тағдырын ол сезген соң қасіретті, Туған елі Гарольдқа тар боп кетті, – Күркесіндей монахтың етті тарлық. Бар күнəсін арқалап, несіп жолмен – Келе жатты, мадақтап аруларды;
Соның бірі Гарольдтың көңілін бөлген, Амал қанша! Құша алмад сүйген жарды. Бақытты екен, опасыз махаббаттан — Қалды əйтеуір мақсатын сақтап таза; Болар еді əйелін ашулантқан, Айнымалы махаббат көрін тартқан, Үй ішінің шатағы алып маза.
Бар үмітін тауысып, шектен шығып, Достарын да ақыры қойды көрмей; Кейде жасы көзінде тұрды іркіліп, Менмен Чайльд жүреді еш сыр бермей; Құшағында қайғының жүрді жалғыз: Міне енді, талақ қып туған елін — Көнді сапар шегуге жолға алыс, Табу үшін басқа жай, басқа қоныс, Тозаққа да кіруге буды белін.
...Кеште, күннің батуын тамашалап Тұрды да ол, арфасын қолына алды, Əдеті еді, ойланса оңаша қап, Ұшыратын қанатты қиялдарды; Тиді қолы арфаның ішегіне, Қоштасарлық қоңыр саз баяулатты; Арпалысып толқынмен осы кезде Түн жамылып сапарға шықты кеме, Туған жерді жасырып толқын жапты.
Достарыңызбен бөлісу: |