Рсымбетова лаззат амангельдиевна


Зерттеу жұмысының негізгі нысаны



бет2/3
Дата25.02.2016
өлшемі2.97 Mb.
#20328
түріДиссертация
1   2   3

Зерттеу жұмысының негізгі нысаны болып Ташкент қаласының әкімшілік-саяси және мәдени орталық ретіндегі қызметінің тарихы алынды. Отан тарихының құрамды бөлігі ретінде осы желіні ғылыми тұрғыда талдап, тың тұжырымдар жасау зерттеудің өзегін құрайды. Осыған байланысты Ташкент қаласындағы қазақ зиялылары тікелей араласқан саяси ұйымдар, мемлекеттік және қоғамдық құрылымдар, ғылыми, мәдени-ағарту мекемелерінің қызметі, өлкелік қоғамдық-саяси өміріне ықпал жасаған жеке тұлғалардың қайраткерлік әрекеттері деректік негізде ғылыми тұрғыда талданып, бағаланады.

Зерттеу жұмысының пәні Ташкент қаласында қалыптасқан және қызмет жасаған қазақ зиялыларының қоғамдық-саяси, мәдени-рухани қызметінің тарихы болып белгіленді.

Тақырыптың хронологиялық шеңбері Түркістан генерал-губернаторлығы құрылған ХІХ ғ. ортасынан - 1924 ж. Орта Азия мен Қазақстанның ұлттық-территориялық межелеуіне дейінгі аралықты қамтыды. Түркістан генерал-губернаторлығының құрылуы Ташкент қаласын өлкенің саяси-әкімшілік орталығы ретінде қалыптастырған болса, 1924 ж. ұлттық-территориялық межелеу барысында қазақ облыстары Қазақ автономиялы кеңестік социалистік республикасының құрамына қосылуына байланысты қаланың бұрынғы мәртебесі өзгеріп, қазақ қоғамының саяси, мәдени өміріндегі ықпалы әлсіреді. Бұл кезең Ташкент қаласының тарихындағы патша өкіметінің отарлық саясатының орнығуы, ХХ ғ. басындағы революциялық дүмпулер, өзін-өзі билеуге ұмтылған жергілікті халықтық ұлт-азаттық күресінің өрлеуі мен кеңестік биліктің түпкілікті жеңіске жетуі түріндегі қарама-қайшылықты және күрделі уақыт болғандықтан зерттеудің хронологиялық шегі ретінде айқындалды.

Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негіздері ретінде ғылыми танымның маңызды қағидалары - шынайылық, тарихилық, жүйелілік және тарихи оқиғалар мен құбылыстарды зерттеудегі диалектикалық тәсілдер қолданылды. Сонымен бірге мүдде мен жалпы адамзаттық құндылықтарға басымдық берілді. Теориялық-концептуалдық негіз ретінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың еңбектері, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі туралы Декларация, Қазақстан Республикасының Конституциясы және т.б. құқықтық, заңнамалық құжаттар пайдаланылды. Зерттеудің теориялық – методологиялық негіздемесін өркениеттілік ұстаным құрайды.

Тақырыптың мазмұнын ашуда және ғылыми тұжырымдар жасауда М.Қ. Қозыбаев, К. Нұрпейіс, Ж.Қ. Қасымбаев, С.Ф. Мажитов және т.б. ғалымдардың іргелі зерттеу еңбектерінде негізделген теориялық-әдіснамалық тұжырымдар басшылыққа алынды.



Зерттеу жұмысының деректік негізін шартты түрде бірнеше топқа бөліп қарастырамыз: бірінші топты Ташкент қаласындағы Өзбекстан Республикасы Мемлекеттік мұрағатынан (ӨРОММ) алынған құжаттар құрайды. Олар: Қ.И-1-Түркістан генерал-губернаторының кеңсесі; Қ.И-17-Сырдария облыстық басқармасы; Бұл қорлардан Ташкент қаласында отарлық билік құрылымдарының, саяси билік институттарының және мәдени-ағарту мекемелерінің құрылуы мен қалыптасуына қатысты деректер пайдаланылды. Сол сияқты кеңестік билік тұсындағы ұлт зиялыларының қызметіне қатысты Р-17-Түркістан Орталық Атқару Комитетінің қоры; Р-29-Түркістан АКСР Халық Комиссарлар кеңесі қорлары пайдаланылды.

Дереккөздерінің екінші тобына 1877-1924 ж.ж. аралығында Ташкентте жарық көрген орыс тілді «Туркестанские ведомости», «Туркестанский курьер» газеттері мен қазақ тіліндегі «Бірлік туы», «Ақ жол» газеттерінде жарияланған деректер пайдаланылды.

Дереккөздерінің үшінші бөлігін соңғы жылдары ғылыми айналымға ұсынылған құжаттар мен материалдар жинақтары, стастикалық жинақтар мен қоғам және мемлекет қайраткерлерінің естеліктері құрайды. Солардың арасында, «Туркестанский сборниктің» деректік мүмкіндігі пайдаланылды. Естеліктер қатарында М. Шоқайдың, З.В. Тоғанның естеліктерін атауға болады.

Тақырыптың мазмұнын ашуда Т. Рысқұлов, С. Қожанов, Н. Төреқұлов, К. Төгісов, С. Сәдуақасов, М. Дулатовтың еңбектері дереккөз ретінде қолданылды.

Тың құжаттық деректерді ғылыми айналымға ұсынған өзбекстандық тарихшылар С. Тілеуқұлов, Ш. Оразымбетовтердің дайындаған тақырыпқа қатысты құжаттар жинақтары да дереккөз ретінде пайдаланылды.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы:

- Құрамында Қазақстанның оңтүстік өңірінде болған Түркістан өлкесінің орталығы саналған Ташкент қаласының қоғамдық-саяси өмірдегі рөлі алғаш рет дербес желіде қарастырылды;

- Оңтүстік Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстар Түркістан өлкесіндегі саяси қозғалыстармен бірлікте және ықпалдастықта талданды;

- Ташкент қаласындағы қоғамдық-саяси үрдістердегі қазақ зиялыларының атқарған қызметтері мен рөлі айқындалып, ұлт зиялылары мен саяси қайраткерлерінің Ташкент қаласында атқарған сан-салалы қызметтері сараланды;

- көпұлтты Түркістан өлкесіндегі ұлт зиялылары басшылық жасаған және белсене араласқан қоғамдық-саяси ұйымдардың қызметіне салыстырмалы талдау жасалды;

- Ташкент қаласында қалыптасқан білім, ғылым және мәдени мекемелердің қазақ қоғамындағы мәдени-әлеуметтік дамуына жасаған ықпал-әсері жаңа көзқараспен бағаланды;

- қазіргі заманғы теориялық-әдістемелік негізде Ташкент қаласының тарихын отан тарихының құрамдас бөлігі ретінде дербес қарастыруға талпыныс жасалды.

Қорғауға ұсынылған негізгі тұжырымдар:

- Ташкент қаласы Түркістан өлкесінің құрамындағы қазақ облыстарының саяси-әкімшілік орталығы ретінде қазақ қоғамының дамуында аса маңызды тарихи рөл атқарды;

- алғаш рет Ташкент қаласында қалыптасқан қазіргі заманғы қалалық өзін-өзі басқару құрылымдары дәстүрлі қоғамдағы демократиялық билік институттарын алмастырған тетік болды;

- Ташкент қаласында қазақ зиялылары құрған «Кеңес» ұйымы Түркістан өлкесінде тәуелсіздік жолындағы саяси күрестің идеясын қалыптастыруға жол ашты;

- қазақ зиялылары бүкілтүркістандық сипат алған «Шурои Исламия», «Шурои-Улема», «Иттифок-и муслимун» сияқты саяси ұйымдардың қызметіне белсене араласуы арқылы ол ұйымдарда қазақ мүддесі үшін күресті;

- кеңестік биліктің жоғарғы эшелонында қызмет жасаған ұлттық элита өкілдері ұлттық мүддемен шектелмей, Түркістанды мекендеген халықтардың ортақ мүддесін көздеп, этносаралық татулық пен бірлікті басты бағдар етіп алды;

- Ташкент қаласында білім, ғылым, мәдениет мекемелерін қалыптастыруға белсене араласқан ұлт зиялылары ол мекемелердің қазақ қоғамының дамуына жасайтын қоғамдық-саяси ықпалы мен мәдени-рухани өнегесіне баса назар аударды;

- Ташкент қаласында пайда болып, іске асырылған білім, ғылым және мәдениет салаларын дамытуға қатысты идеялар мен қоғамдық тәжірбиелер қазақ мемлекеттілігінің аумағына тарап, одан әрі жалғасын тапты.

Зерттеу жұмысының қолданбалық маңызы. Диссертациялық жұмыстың барысында алынған нәтижелер мен тұжырымдарды Отан тарихының ХІХ ғ. соңы – ХХ ғ. басындағы тарихына арналған ғылыми зерттеулерде және оқу құралдарында пайдалануға болады. Сол сияқты жоғары оқу орындарының тарих, филология, мәдениеттану, дінтану, саясаттану мамандықтарындағы студенттер үшін таңдау курсы ретінде ұсынуға болады.

Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Диссертация мазмұнындағы негізгі нәтижелер мен тұжырымдар ҚР Білім және ғылым министрлігінің БҒМ Бақылау комитеті бекіткен тізімге сай 3 ғылыми басылымда, 3 халықаралық, республикалық ғылыми-практикалық конференциялардың жинақтарында жарық көрді.

Диссертациялық құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспе, үш тарау, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

ЗЕРТТЕУДІҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ

«Патшалық Ресейдің үстемдігі тұсындағы Ташкент қаласының қазақ зиялыларын қалыптастырудағы орны» атты алғашқы тарауда Ташкент қаласының Түркістан генерал-губернаторлығының саяси-әкімшілік орталығы ретінде қалыптасуының тарихы деректік негізінде қарастырылды.

Өлкедегі ең ірі саяси-әкімшілік және сауда орталығы болып қалыптасқан Ташкент қаласы генерал-губернаторлықтың саяси-әкімшілік орталығы ретінде таңдалды. Қаланың географиялық орналасуы және аймақтағы ірі қалалардың бірі болуы оның өлке орталығы болып қалыптасуына әсер етті. Ташкент қаласын «ескі қала» және «жаңа қала» деп аталатын бөліктерге бөлінді. Ескі қала бөлігінде - жергілікті халықтар - өзбектер, тәжіктер, қазақтар мекендеді де, қаланың жаңадан салынған бөлігіне еуропалықтар орналасты. Бұл жағдай қаланың коммуникациялық құрылымының қалыптасуына ұлттық теңсіздік сипат берді.

Қаланың билігін орыстардың уысынан шығармау үшін оларға артықшылықтар қарастырылды. «Қалалық дума мүшелерінің үштен бірі қаланың азиялық бөлігінен... Оның тұрғындары арасынан сайланады, ал қалған үштен екісі қаланың орыс бөлігінен тек қана өз тұрғындары арасынан сайланады» деген талап ұлттық элита өкілдерінің жергілікті халықтың саяси құқын қорғауда көтерген саяси дәлелдерінің біріне айналды.

Қаланың еңбекші халқы қалалық салықтарды төлей алмайтындар ретінде Думаға сайланбады. Ташкент қалалық Думасының қызмет істеген кезеңінде жергілікті халықтың көп санды болғандығына қарамастан қала басы (қалалық Дума төрағасы мағынасында – Л.Р.) лауазымын атқарған 9 тұлғаның 8-і еуропалық ұлттардың өкілдері болуы отарлық биліктің жергілікті ұлттың өкілдеріне сенімсіздікпен қарағандығын көрсетеді.

Өлкедегі ұлттық демократиялық күштердің өз елінің болашағын Ресейде жаңа мемлекетік құрылым қалыптастыратын Бүкілресейлік Құрылтай жиналысының шешімдерімен байланыстыруы европалық үлгідегі саяси күштердің қолдауына ие болды. Осы жағдай Ташкент қалалық думасы төрағасына Мұхитдин Хановтың, Уақытша Үкіметтің Түркістан Комитетінің құрамына М. Тынышпаевтың, М. Шоқайдың тағайындалуы сияқты нақты әрекеттерден көрініс тапты. Ұлт өкілдерін биліктің жоғары эшелонына тартудың бұл эволюциялық жолы ұлттық элитаның үмітін, бұқара халықтың сенімін оятты.

Жергілікті тұрғындардың өкілдері азсанды болса да қалалық өзін-өзі басқаруға тартылуы олардың саяси белсенділігінің артуына, қоғамдық өмірге араласуына ықпал жасады.

Ташкент қаласындағы ұлт зиялылары саяси күрестегі парламентаризм қағидаларын меңгеруде Қалалық дума қызметінің тәжірбиелеріне сүйенді.

Отарлық билік жүйесінің қоғамды жаңалау саясатының қарама-қайшылықты сипаты оның практикасында бірден көзге шалынды. Атап айтқанда, өлкенің бай табиғи ресурстарын игеру өлкенің экономикасына орасан зор көлемде қаржы салуды қажет етті. Экономиканы модернизациялауға жұмсалған үкіметтік шаралардың қайтарымы адам факторының қатысынсыз тиімді бола бермейтіндігінен отарлық билік өлкеде экономиканың қандай саласына болса да білікті жұмыс күшін дайындауға мүдделі болды. Осы қажеттілік Түркістанда білім беру ісін салыстырмалы түрде қарқынды дамытуға алып келді. 1899 ж. Ташкент қаласындағы Ер балаларға және қыздарға арналған училищелер, реалды училищелер және мұғалімдер семинариясымен бірге 17 орта дәрежелі оқу орындары болса, олардағы 1663 оқушының 183-і жергілікті ұлттың өкілдері болды [16].

Отарлық билік жергілікті ұлт өкілдерінің орыс тілінде сауат ашуына мүдделі болды. 1880 жылдардан соң өлкеде қалалық училищелердің жанынан «бұратаналардың орыс тілінде сауат ашуына арналған кешкі клубтар» ашыла бастаған. 1885 ж. өлкедегі 15 қалалық училищелерде осы тәсілмен 260 адам білім алған. Ташкент қалалық училищесінің өзінде 15-41 жас аралығында осы жылы 35 жергілікті ұлт өкілдері білім алған, олардың 10 сарт, 5 татар, 20 қазақ жастары болды [17].

Ресейдің отарлауына дейін Түркістанда халық ағарту ісінің негізгі түрі дәстүрлі мектептер мен медреселер болды. Отарлық әкімшілік дәстүрлі оқу түрінің қызметін шектеу арқылы ұлттық мәдениеттің негізін шайқалтуға ұмтылды. XX ғ. басында өлкедегі дәстүрлі білім беру жүйесінде 5892 мектеп пен 353 медресе жұмыс істеді. Жергілікті тұрғындардың сауаттылық деңгейінің жоғары екендігін патша әкімшілігінің өзі мойындады.

Сауаттылықтың жоғары деңгейі отарлық биліктің қаупіне де негіз болды. Отарлық билік барлық ұлттық мектептерден, соның арасында жадиттік мектептердің де қызметінен жастарды ұлттық рухта тәрбиелейді, ұлттық сана қалыптастырады, сол арқылы отаршылыққа қарсы күресті күшейтеді деп қауіптенді. Осы қауіптің алдын алып, ол мектептердің қызметін шектеуге байланысты әрекет жергілікті зиялылар мен діндарлардың қатты наразылығын тудырды. Миссионер Ильминскийдің жүйесімен жақсы таныс болған Кауфман Орта Азия халықтарының діни істеріне қол сұқпай жергілікті мұсылман мектептерінің маңызын төмендетудің өзіндік теориясын жасады.

Қаладағы оқу орындарының қатарында 1876 ж. алғашқы ерлер және әйелдер гимназиясы ашылды. Бұл гимназия 1879 ж. 6 кластық, 1881 ж. 8 кластық болып құрылымдық тұрғыда жетілдірілді. Осы гимназияныда 1902-1910 жж. М. Шоқай оқып, үздік дипломмен бітіріп шықты. Одан сәл ертерек осы гимназияда оның жерлестері ағайынды Жорабек, Бабабек Есеновтер оқыды. Ташкент қаласындағы оқу орындарында білім алған қазақ жастарының қатарынан отарлық езгі жағдайындағы қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғауда белсенділік танытқан қазақ қайраткерлері шықты.

1879 ж. 30 тамызда Ташкент қаласында 4 жылдық мұғалімдер симинариясын ашылды. Бұл семинарияны әр жылдары Түркістан ұлттық элитасының жарқын тұлғаларына айналған Қ. Ибрагимов, С. Лапин, С. Өтегенов, Қ. Қожықов, С. Қожановтар бітіріп шықты.

Семинарияға оқуға түскендердің көпшілігі мұғалім болудан бой тартты немесе стипендия алғандығы үшін міндетті түрде жұмыс істеу мерзімі біткен соң мұғалімдікті тастап, жалақысы жоғары, қызмет бабында өсуіне мүмкіндік беретін қызметтерге ауысып кетіп жатты. Өйткені, өлкедегі отарлық билік органдары мен жеке фирмаларда жергілікті тілді жетік білетін қызметкерлерге деген сұраныс үлкен болатын.

Түркістан мұғалімдер семинариясындағы стипендия алатын оқушылардың үштен бірі жергілікті ұлттық өкілдері болуы тиіс еді. Шын мәнінде 1879-1904 ж.ж. семинарға түскен 415 адамның 384-і орыс, (83,9 %), 54-і қазақ (13%), 9-ы өзбек (2,2%), 3-і татар (0,7%), 1-і түркмен (0,2%) болды. Осы мерзімде оқу бітірген 254 тәрбиеленушінің 39-ы ғана немесе 11,4% жергілікті ұлт өкілдері, олардың 1-і өзбек, қалғандары қазақ болды [18, 155 б.]

Түркістандағы ұлттық білім беру жүйесі және оның қалыптасуы мен дамуында ұлт зиялылары елеулі еңбектер атқарды.

Оқу орындарының шоғырлануы Ташкентті ірі ғылым орталығына айналдырды. Ташкент қаласындағы ең алғашқы ғылыми мекеме - 1868 ж. 22 қаңтарда құрылған Түркістан статистикалық комитеті болды. Бұл ғылыми мекеме «Материалы для статистики Туркестанского края» деген атпен 5 томдық жинақ жариялады [18, -160 б.]

1895 ж. Ташкент қаласында «Археология әуесқойларының Түркістан үйірмесі» атты жергілікті ғылыми ұйым құрылды. Үйірме құрылтайшыларының бірі В.В. Бартольд еді. Ол 1902 ж. 3 қаңтарында құрылған «Шығыстану қоғамының» Ташкент бөлімінің де белді мүшелерінің бірі болды.



Отарлық биліктің қоғамды жаңартудағы әрекеті жергілікті ұлттардың мүддесіне сай келмегендіктен қоғамдық қарсылықтарға негіз болды. Ұлт зиялылары қарулы күрестен саналы түрде бас тартып, халықтың саяси санасын көтеруді алдына басты мақсат етіп ұстады.

Бұқаралық ақпарат құралдарынан өлкеде ең алғашқы қазақ тіліндегі баспасөз органы ретінде 1870 ж. «Түркістан уалаятының газеті» жарық көре бастады. 1870-1882 жж. жарық көрген газет Жетісу және Сырдария облыстарына кеңінен тарады.

Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін-ақ Ташкент қаласындағы ұлт қайраткерлерінің бағдарламалық құжаттарында отаршылдыққа қарсы саяси күрестің дәлелдері айқындалып, билікті конституциялық жолмен реформалау идеясының негізі қаланды. Бұл әрекетте Алаш зиялыларының жұмылдырушылық қызметі елеулі болды. 1916 ж. ұлт-азаттық көтеріліс аяусыз басып-жаншылуына байланысты жергілікті тұрғындар өкілдерінің талап етуімен тамыз айының соңында Ташкентке Мемлекеттік Дума делегациясы келді. Делегация құрамы А.Ф. Керенский, М. Шоқай және Қ.М. Тевкелеев Ташкентпен бірге Самарқанд, Жызақ, Андижан, Қоқан қалалары мен кейбір ауылдық жерлерді аралады. 15 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында өлкедегі қанды оқиғалардың салдарымен танысқан делегация басшысы А.Ф. Керенский Мемлекеттік Дума мәжілістерінің бірінде Түркістан мәселесін арнайы сөз етті.

Түркістан өлкесінде ХХ ғ. бас кезінде жергілікті халықтардың түрлі саяси, ағартушылық ұйымдары құрыла бастады. Ағартушылық мақсатта құрылған бұндай ұйымдар өлкедегі қоғамдық-саяси даму барысында өз қызметінің ауқымын кеңейтіп, отаршылыққа қарсы күрес дәлелдерін бағдар етіп, қуатты қозғалыстарға ұласа бастады. Ташкент қаласы Түркістан өлкесінің саяси-әкімшілік орталығы болғандықтан деп ондағы қоғамдық-саяси даму практикасы жергілікті ұлт өкілдерінің арасынан білімді де сауатты, европалық мәдениет жетістіктерін меңгерген қоғамдық-саяси белсенділігі жоғары интеллигенцияның қалыптасуына тарихи алғышарт жасады. 1917 ж. наурызында құрылған «Шурои Исламия» ұйымы қоғамдық-саяси дамуға елеулі ықпал ете бастады.

«Түркістан мұсылмандарының орталық кеңесінің» төралығына М. Шоқайдың сайлануы Ташкенттегі алғашқы демократиялық қозғалыстың басында тұрғандығын айғақтайды.

Көлбай Төгісовтың ұйымдастыруымен Ташкент қаласында 1916 ж. 1 қарашасында «Алаш» газетінің алғашқы саны жарық көрді. «Алаш» газетінің қазақ қоғамының сан-салалы өміріне қатысты мәселелерді көтеріп отырды. Ақпан төңкерісінен соң К. Төгісов шынайы еркіндікке қол жеткізуі үшін қазақтар бірігуі керек деген идеяны да газет бетіне көтереді.

Ташкент қаласындағы қазақ зиялыларының астыртын «Кеңес» үйірмесінің төрағасы генерал Сейітжапар Асфендияров, төрағаның орынбасарлары М. Шоқай, С. Өтегеновтың есімі аталады. «Кеңес» астыртын үйірмесін басқаратын басшылық органды үйірменің бюросы атқарған. Үйірменің өлкеде кең таралған желісі және көпсанды мүшелері (тілектестері) болған. Үйірменің бюро мүшелері қатарында Қ. Қожықов, С. Асфендияров, С. Ақаев, М. Қасымов, Ә. Көтібаров, А. Мангелдин, үйірменің хатшысы З. Сейдалиндер болды.

Түркістандағы «Кеңес» астыртын үйірмесінің қызметі ұлт зиялыларының саяси күрестегі алғашқы тәжірбиесі болды. Қызмет ауқымын кең өрістете алмағанымен олардың әрекеті ізсіз кеткен жоқ. Оның басшылары 1917 ж. «Шурои Исламия» және Алаш партияларының ұйымдық тұрғыда қалыптасуына ықпал жасап, оның саяси күрес қызметінің түрлерін осы жылы мамырдан бастап жарық көре бастаған «Бірлік туы» газеті арқылы одан әрі жалғастырылды.



«Уақытша үкімет пен кеңестік билік жағдайындағы Ташкент қаласындағы қазақ зиялылары» атты екінші тарауда Түркістан ұлт-азаттық қозғалысындағы саяси күштер арасында «Шурои улема», Тұран Түркістан өлкесі мұсылмандарының күресі секілді т.б. қоғамдық саяси ұстанымдар идеясын ту етіп көтерген саяси қозғалыс өкілдерінің қызметі талданады.

1917 ж. ақпан төңкерісіне дейін Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының қалың ортасында жүрген, Түркістан Мұхтариятын құруға және оның қызметіне белсене араласқан М. Тынышбаев, М. Шоқай, С. Лапин, Ә. Оразаев, С. Ақаев, Қ. Қожықов сияқты саясиэлита өкілдері европалық білім алған, Ресейдің демократиялық қозғалыстарына араласқан саяси дайындығы мол тұлғалар еді. Содан да олар 1917-1918 жж. Түркістандағы тарихи оқиғалардың алдыңғы сапында болды. Ұлт-азаттық күрестің жалпы атауына айналған Мұсылмандық қозғалыстың Түркістандағы ең ірі жеңісі - 1917 ж. қарашасында ұлттық мемлекеттік құрылым - Түркістан Мұхтариятының жариялануы еді. Ташкент қаласында, Уақытша үкімет жағдайында әйгілі қазақ мерзімді басылымдарының бірі «Бірлік туы» газетінің шығып тұрғанын ерекше айтуға болады. 1917 жылдың наурызынан 1918 жылдың сәуір айының соңына дейін шығып тұрған бұл газеттің алғашқы редакторы М.Шоқай болды. «Бірлік туы» газетін шығару ісіне Қ. Болғанбаев пен С.Қожанов тікелей ат салысты. «Бірлік туы» газеті ақпан ревалюциясынан кейін қалыптасқан ахуал туралы хабарлар жариялап, елді бірлікке шақырды, азаттық күрестің жаршысы болды.

Өлкедегі мұсылмандық қозғалыстың сыртқы түрі мен ішкі мазмұнының кейбір тұстарын сақтап қалған саяси институт - Өлкелік большевиктік партия комитетінің жанындағы Мұсылмандар бюросы. Мұсбюроның қызметі Өлкелік партия комитетінің қызметіне ұлттық мазмұн беруге арналды.

Кеңестік биліктің алдында мынадай таңдау тұрды; өлкеде саяси билікті европалықтардың қолына шоғырландыру арқылы жергілікті халықтың өзін-өзі білуге деген ұмтылысын тежеу. Бұл жағдай жергілікті халықты кеңестік биліктен аулақтата түсетін еді. Екінші жол - кеңестік билікке жергілікті ұлт өкілдерін араластыру. Бұл таңдау орталықтың билігін әлсіретіп, жергілікті саяси күштердің бел алуын күшейтетін еді. Қалыптасқан жағдайға байланысты большевиктер екінші жолды таңдауға мәжбүр болды. Түркістандағы қоғамдық-саяси даму үрдісіне Мұсбюро төңірегіне топтасқан этносаяси элитаның ұлттық ерекшеліктер мен ұлттық мүддені көздеп жасаған батыл саяси қадамдары Мәскеу билеушілерін қатты алаңдатты.

Большевиктер қатарын толықтырғанымен С. Аспандияров, С. Қожанов, Н. Төреқұловтар өздерінің ұлтжандылық көзқарастарға бейімдігімен таптық төзімсіздікке барған жоқ. Бұл жағдай олардың қызметтік өсуіне кедергі болған себептердің ең бастысына айналды.

Ташкент қаласының маңызды қызметтерінің бірі - оның өлкедегі саяси қозғалыстардың орталығы болғандығы. Қаланың бұндай қызметіне қазақ облыстары үшін Орынбор қаласының, 1925 ж. дейінгі немесе Семей қаласының Алаш Орда үкіметінің орталығы ретіндегі қызметтерінен де бірқатар ұқсастықтар кездестіреміз. Әйтсе де, Ташкент қаласының саяси орталық ретіндегі қызметінің мазмұны көпқырлығымен, ауқымдылығымен және уақыт талабына үн қосқан өткірлігімен аталған екі қаладан әлдеқайда маңызды болғандығына көз жеткіземіз.

Ташкент қаласы «Шурои Улема» саяси ұйымына өз қызметін кең өрістетуге қолайлы орта болды. Осы қалада құрылып, өлкенің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласа бастаған ұйымның құрылымдық бөлімдері біршама өріс алды.

Ташкент өлкедегі көпұлтты тұрғындар арасындағы жаңа қоғамның саяси, мәдени және экономикалық жаңаруларының міндеттерін іске асыруда аса маңызды рөл атқарған қалаға айналды. Кеңестік биліктің басшы орындарға жергілікті ұлт өкілдерін тартуға байланысты қалада ұлттық басшы кадрлар дайындау ісі шұғыл қолға алынды.

Сол кезде Ташкенттегі белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, қазақ зиялыларының көрнекті өкілдері, ғалымдар, қазақ өнері мен мәдениетінің танымал майталмандары С. Аспандияров, Т. Рысқұлов, С. Қожанов, Н. Төреқұлов, Х. Досмұхамедов, Ж. Досмұхамедов, М. Әуезов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, Т. Жүргенов, Ә. Ермеков, М. Тынышбаев, Ә. Диваев және т.б. қайраткерлер Түркістан Республикасының басшы орындарында ғылыми мекемелер, халық ағарту орындары мен жоғары оқу орындарында жұмыс істеді.

Ташкент қаласында жарық көрген қазақ тіліндегі «Алаш», «Бірлік туы» газеттері жабылғанан кейінгі кезеңдеде қазақ зиялылары ұлттық басылым шығару жолында белсенді әрекет жасады. Оған кеңестік билік жағдайында Ташкент қаласында көптеген қазақ басылымдарының жарық көруі дәлел. Кеңестік биліктің ресми органы болып ашылған «Ақ жол» газеті, «Шолпан», «Жас қайрат», «Сана» журналдарының ұлттық интеллигенцияны қалыптастырудағы атқарған рөлі мен қызметі ерекше болды.

Қазақ автономиялы республикасында Алаш партиясына тиым салынып, оның мүшелерін саясаттан шеттету басталған 1919-1920 ж.ж. Түркістан республикасының орталығы Ташкент қаласына топтасқан олардың мемлекеттік, қоғамдық-саяси және ағартушылық қызметі Алаштық идеяны жаңа жағдайда одан әрі жалғастыруға мүмкіндік берген еді.

Ташкент қаласы ХХ ғ. бас кезінде отаршылыққа қарсы ұлт-азаттық күрестің түйінді буынына айналды. Әлемдік ұлт-азаттық қозғалыстың аймақтық құбылысы ретінде Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалыс әлеуметтік әртектілігімен, саяси ала-құлалығымен ерекшеленді.



«Қазақ халық ағарту институты» Ташкент қаласындағы алғашқы қазақ жоғары оқу орны болды. Білім беру саласында қалыптасқан ұлттық теңсіздікті Кеңес өкіметі бірден жойып жібере алмады. Жергілікті тұрғындар үшін мектеп-коммуналар мен интернаттар ашылып, 1921 ж. олардың саны 91-ге жетті. Кеңес өкіметінің алғашқы үш жылында жаңа құрылыстың барынша қиындығына қарамастан Түркістан Республикасында жыл сайын 700 мектеп ашылды.

Өлкедегі бүкіл білім беру ісі 1918 ж. 6 желтоқсанынан Халық ағарту комиссариатына жүктелді. 1920 ж. халық ағарту комиссариаты жүйесінде 165 қырғыз (қазақ) мектебі болды, соның ішінде Ташкент қаласында 4 қазақ мектебі жұмыс істеді. Ташкент қаласының қырғыз (қазақ) интернатында 628 бала тәрбиеленді.

1920 ж. 1 қазанда Ташкент қаласында ашылған Қырғыз (қазақ) халық ағарту институтында қалыптасқан дәстүрге сай бес жылдық негізгі курстан өзге, онда тәжірибе мектебі, балалар бақшасы, бір жылдық дайындық курсы, интернаты болған [19, 1-2 пп.].

Ташкент қаласында 1926 ж. 29 қазанында Қазақ педагогикалық институтының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Қазақ АКСР Ағарту халкомы С.Сәдуақасов «Болашақ тарихшының өз кітабының ерекше тарауын алғашқы Қазақ Жоғары оқу орнының ашылуына арнайтындығына мен сенемін» [20, с.23] деді.

Ағарту институтына 1921 ж. ортасында 57 штаттық бірлік болған, олардың арасында 22 пән мұғалімдері болды [21, 14 сп]. Ол оқытушылардың көпшілігі Орынбордан және Сырдария облысының уездерінен алдырылды. Шығармашылық элитаның көрнекті өкілі, алашшыл ақын М. Жұмабаевтың Ташкентке орнығуына осы шақыру негіз болған. Осындай шақырумен әр кезеңдерде Орынбордан А. Байтұрсынов, Ж. Аймауытов, Д. Әділов, А. Байтасовтар да Ташкенттегі Ағарту институтының оқытушысы болып қызмет істеді және қаладағы саяси-мәдени жұмыстарға белсене араласты. Ұлттық шығармашылық элитаның қуатты тобы 1922 ж. өзінде ұлт мүддесіне қызмет жасаудың негізгі бағыттарын айқындап, өскелең міндеттерді іске асыруға кірісіп те кетті.

Қырғыз педагогикалық институты мен педагогикалық училищелерде оқитын жастардың саны 1926 ж. 306-ға жетті. Осы оқу орындарда оқытушы, тәрбиеші болып еңбек еткендердің арасында Х. Досмұхамедов пен А. Асфендияровалардың есімдері аталады.

Алғашқы педагогикалық оқу орны болғандықтан оның басты міндеттерінің бірі өлкедегі білім беру жүйесін оқу бағдарламаларымен, оқулық және оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету болатын. Мемлекеттік ғылыми кеңестің қолдауымен 1920 ж. А. Байтұрсыновтың «Қырғыз әліппесі», И. Тоқтыбаевтың «Алғашқы басқыш мектептеріне арналған бастапқы география», Х. Досмұхамедовтың «Табиғаттану», «Адам анатомиясы мен физиологиясы», Ә. Диваевтың «Қырғыз ертегілері» жарық көрді. Одан кейінгі кезеңде С. Қожанов пен К. Жәленовтың авторлығымен «Есеп қүралының» І-ІІ бөлімдері, Османовтың «Қазақ тілінің сөздігі», М. Жұмабаевтың «Қазақ тілінің теориясы» еңбектері жарық көрді [22, 315 сп]. Алғаш рет қазақ топырағында М. Жұмабаев қазақ тілінде «Педагогика» оқулығын, Ж. Аймауытов «Психология» оқулығын жазды. Осы оқулықтарда аталған пәндердің негізгі ұғымдарының ұлттық терминологиясы қалыптасты.

М. Тынышбаев, С. Аспандияровтар Қазақ Ағарту институының іргетасын қаласа Н. Төреқұлов Өзбек Халық ағарту институтының негізін қалаған еді. Бұл дәйек Ташкенттегі ұлттық элита өкілдері тар ұлттық шеңбермен шектелмей, өздерінің қоғамдық-саяси қызметінде өлкедегі өзге ұлттардың да мүддесіне қызмет жасағандығының бір мысалы ретінде бағалануы тиіс.

«Жоғары білім қамқоршылары қоғамының» бастамасымен 1918 ж. 21 сәуірінде Ташкенттегі Еркіндік үйінде Халық университеті ашылды. Осы жылдың мамыр айында республика Халком кеңесі Түркістан кеңестік республикасының кез келген оқу орнында оқуға шектеулерді алып тастап, оқуға түсу емтихандарын жойды. Барлық деңгейдегі, барлық ведомстволардағы мектептер барлық діндердегі, барлық жастағы оқуға тілек білдірушілер үшін ашық. Түркістан республикасында кез келген мектептің кез келген сыныбына оқуға түсудің бірден-бір шарты оның оқуға деген ынтасы болып есептеледі деген шешім қабылдады [18, б, 412]. Халық университетінің төңірегіне негізінен Ташкенттің орта мектептері мен түрлі техникалық мамандық иелерінен құралған 60-тан астам оқытушылар топтасты.

Орта Азия мемлекеттік университетінің құрылуына Москва университеті ғылыми қызметкер кадрлар бөлу арқылы үлкен қамқорлық жасады. Ұйымдастыру комитеті 102 профессор, 91 оқытушы (доценттер мен ассисенттер) жіберуді жоспарлағанымен, олардың арасынан Ташкентке 43 профессор, 43 оқытушы ғана келіп жетті. 1919 ж. қыркүйегінде «Орынбор тығынының» жойылуы Түркістанның Орталықпен байланысын жолға қойды. 1920 ж. 19 ақпанда Мәскеуден Ташкентке оқытушылар мен құрал-жабдықтар алып алғашқы эшелон жөнелтілді. Оның соңын ала тағы да бес эшелон жөнелтілді [18, 485 б.] Орталықтан оқытушы құрамы мен құрал-жабдықтардың, қажетті көлемде оқу-әдістемелік құралдардың жеткізілуі 1920 ж. күзінде универсиеттің толыққанды жұмыс істеуіне негіз қалады. Универсиеттің ресми түрде ашылуы 1920 ж. 7 қыркүйекте РКФСР Халкомкеңесі төрағасы В.И. Ленин қол қойған «Түркістан мемлекеттік университетін құру туралы» декреті болды.

1921 ж. Түркістан Республикасы халық ағарту комиссарының шешімімен ұлттық ғылыми кеңес қурылды. Ғылыми кеңеске барлық мекемелер мен қоғамдардың ғылыми зерттеу жұмыстарын біріктіру, жергілікті тұрғындардың зиялыларын ғылыми жұмыстарға тарту, дайындалатын оқу және педагогикалық әдебиеттердің сапасына, баспа қызметінің жоспарының орындалуына бақылау жасау; жоғарғы және орта мектептердің теорияалық және әдістемелік мәселелерін шешу; өлкетану, этнография, фольклор, тіл, саз өнері, жергілікті тілде оқу әдебиеттерін жасау саласында жеке зертеу жұмыстарын жүргізу міндеттелді.

1921 жылы 22 мамырда ТАКСР ХКК «Түркістанның жергілікті халықтарының тұрмысын зерттеу бойынша Халық комиссарлар кеңесінің ғылыми комиссиясының ережелері бекітілді. Комиссия құрамына төрағасы болып Түркістанға кеңінен танылған ғалым В.Н. Кун тағайындалды. Ал мүшелері құрамына қазақ халқының фольлоры мен этнографиясы бойынша А.А. Диваев енді.

Орта Азия мемлекеттік университеті Қазақстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Қырғызстанға ұлттық ғылыми кадрларды даярлауда, жоғарғы оқу орындары мен ғылыми мекемелерін құруда үлкен рөл атқарды. Орта Азия мен Қазақстандағы ұлттық-мемлекеттік межелеуден соң Ташкенттегі мемлекеттік университет Орта Азия республикалары мен Қазақстан үшін жоғары білімді халық шарушалығы кадрларын дайындайтын республикааралық маңызға ие болды.

Жүздеген қазақ жастары осы университетте білім алып, еліміздің халықшаруашылығы салаларында еңбекке араласты. М. Әуезов бастаған ұлттық ғылыми, шығармашыл тұлғалар универсиеттің қабырғасында ғылыммен айналысып, жастарға дәріс берді.

1918 ж. ақпанында «Жоғары білім қамқоршылары қоғамының» күшімен құрылған Түркістан Халық Университетінің жанынан 12 мамырда Мұсылман секциясы - Мұсылман Халық университеті ашылған [23]. Оны ұйымдастырушы белгілі ағартушы Мүнауар Қары Абурашитханов болса, оның орынбасарлығына И. Тоқтыбаев тағайындалды [24, 6 п.]. Өзбекстан Республикасында қазіргі Мырза Ұлықбек атындағы Ташкент мемлекеттік университетінің құрылған күні ретінде 1920 ж. Түркістанда университет ашу жөніндегі лениндік декреттің шыққан күні емес, осы Мұсылман Халық университетінің ашылған күні таңдап алынды.

Алғашқы ұлттық интеллигенция кадрларын дайындауда ОАМУ ықпалы зор болды. Дегенмен, Темірбек Жүргенов оқу орнының Ташкент қаласында орналасуы Орта Азиядағы межелеуден соң Қазақстанның оңтүстік өңіріне кадр дайындаудағы маңызын атай отырып, бұл жағдай орталықтан бөлінген қаржының игерілуінің тиімділігін кемітеді, сол үшін де республикада дербес ЖОО ашу қажеттілігіне баса назар аударды [25].




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет