2004жыл
Бақытты екенмін ғой...
Денім сау жүргеніммен,
Шаттанып күлгеніммен,
Санам боп білгеніммен,
Бақытты екенмін ғой!
Алланы танығаннан,
Сені іздеп сағынғаннан,
Қасымда табылғаннан,
Бақытты екенмін ғой!
Ананың аясында,
Әкенің саясында,
Өркенді жаясың да,
Бақытты екенсің ғой!
Бауырлар жайып құшақ,
Тербейтін қайыққа ұқсап,
Неткен бал, байыпты шақ!
Бақытты екенсің ғой!
Әлемді көре алғаның,
Сүйсініп қана алмадың,
Еңбектен нәр алғаның,
Бақытты екенсің ғой!
Ғажап қой тілдескенің,
Ойлармен үндескенің,
Ұмытылмай күнде естемін,
Бақытты екенмін ғой!
Жер басып жүргеніңнен,
Үлгілі үлгеріммен,
Қызықты күндеріңмен,
Бақытты екенсің ғой!
Достықты бағалаумен,
Сенімді аялаумен,
Сезімді жағалаумен,
Бақытты екенсің ғой!
Тағдырың таламаса,
Ел жұртың бағаласа,
Бақ қонған саған аса,
Бақытты екенсің ғой!
Өмірің мағыналы,
Өзіңді сағынады,
Үйіңе ел ағылады,
Бақытты екенсің ғой!
Үлкеннен бата алғаның,
Абыройда аталғаның,
Қадіріне жете алғаның,
Бақытты екенсің ғой!
Адамдай жаһұт бар ма?
Күн-намыс, уақыт арда!
Жақсылық жасап үлгер,
Әр сәтті бақытқа арна!
Сұлусың, сыйың далаң!
Түк емес қиындаған.
Әлемде қанша жан бар,
Бұл бақыт бұйырмаған...
16.02.2012жыл.
Достық құны...
Жолға шықтық, қария отыр қасымда,
Ширақ өзі тоқсандағы жасында.
Сөзге тарттым, жол қысқарсын дегендей,
Көктем кезі көңілді етер расында.
Әңгіме етті тіршілігін сан қырлы,
Тағдыры да тым боранды, жаңбырлы.
Ашаршылық, соғыс көрген қарт қыран,
Айтқан сайын дауысы керім жаңғырды.
Қиындықпен түзетіпті тұрмысын,
Кеш үйленіп, түсіргенде жыл құсын.
Бір перзентке зар болыпты көп уақыт,
Аңсатыпты сарғайтумен ұл- мүсін.
Бәйбішеге ақтарып бар шындықты,
Аялауға басыменен құн тікті.
Тоқал алып келісіммен налытпай,
Бір жылдан соң перзент келіп, күн шықты.
Шаңырақта он екі ұл, қос ана,
Ынтымақты алтын болар босаға.
Еңбекпенен жетіпті олар байлыққа,
Өкпе, реніш қалып қойып тасада.
Барлығы бар, мал мен құрал сайман да,
Байлық келген ұлдар құшақ жайғанда.
Бәрі жетер бір-бір үй боп бәрі отыр,
Неткен бақыт, келдім осы байламға!
Сұрақ қойдым: «Неткен бақыт сіздегі?
Сізден ғана бастау алар із кені.
Шөберелер тойлайтын да шығар-ау,
Бал бақытты, абыройды жүздегі!»
Қарияның салқын тартып қабағы,
Мұңайды да сақал мұртын тарады.
Көңілсіздік, жаулап алды үнсіздік,
Жасы толған жанарымен қарады.
Сүртіп тағы көзін орамалымен,
Қоштасқандай қимас дара бағымен.
Қарияның жан жүрегі жаншылып,
Тұрғандай ед тағдыр қара дағымен...
«Бақытсызбын, бір құрдасым қалған жоқ,
Доссыз болса бұл өмірдей жалған жоқ.
Сырласым жоқ, ойнап әзіл көтерер,
Басқа қайғы мұнша жара салған жоқ»
«Шынында да достық екен бағалы!
Күндей көңілім, «Дос»-деп жүрек қағады!
Доссыз өмір бос екені ақиқат,
Өмір-өзен қимай ағып барады...»
Достың орны бөлек сырлы сыйымен,
Ғажап әлем, жырлы әзіл күйімен.
Сол қария аман ба екен шежіре?
Соңғы кезде ойланамын жиі мен...
Достық туы желбірейді мән барда,
Адал достан алыптықты аңғар да.
Құрмет етіп қадіріне жеткейсің,
Бір сені ойлар жан барда...
21.05.2012жыл.
Бұрынғы мен бүгінгі
Бұрынғы адам күн өтсе,
Егіле түсіп жылаған.
Иманмен сәтін жыр етсе,
Алладан демеу сұраған.
Бүгінгі адам күн өтсе,
Балаша мәз боп қуанған.
Байлықпен өзін ірі етсе,
Құдіреті сонда құралған.
Бұрынғы адам аңқылдап,
Мұсылманмын десе сенетін.
Қонағы келсе жарқылдап,
Бақытқа керім енетін.
Бүгінгі жанда қорқыныш,
Сенуден қалған пенделер.
Көшеде жан жоқ тым тырыс,
Шақырсаң ғана сол келер...
Бұрынғы адам қарт болып,
Армансыз өтер өмірден.
Кәрие болу шарт толық,
Шежіре кетпес көңілден.
Бүгінгі адам шын қонақ,
Шыға алмас өсек бос ойдан.
Тәрбие төмен күн санап,
Насихат сөздер азайған.
Бұрынғы менен бүгінгі,
Ұрпаққа қалар шын үлгі.
Ізіңді қалдыр мәңгілік!
Естісін ертең үніңді!
29.05.2012жыл.
Бақ таймасын!
Көкбөріні бес төбет қаумалады,
Боялды қанға бөгіп сау балағы.
Еркіндік сүйер міне тұтқын болып,
Тәкәппар ызаланар, жан жаралы...
Беймәлім, қалай түсті мұндай күйге?
Ұраны: «Ешқашанда басыңды име!»
Жабылған қызық көріп жас төбеттер,
Бір жақты етпей қоймас сұрқай үнде.
Алқымды ап, бірі тістеп арқасынан,
Мүсәпір күйде жатыр шалқасынан.
Жанашырлық жоқтығын енді ұғынды,
Алабайлар талауда қан сасыған...
Бұл жайлау еркін жүрер дара бағы,
Қой қырған талай қыста аралады.
Тамағын тасып берген апанынан,
Әттең-ай бірі келіп қарамады...
Шынында бақ таюы бір сәтте екен,
Өмір-ай өреңді де өлшетпеген.
Көкбөрі көз алдымда демі бітті,
Қиналып әлсіздігін көрсетпеген...
Жамандық жамандықпен қайтары анық,
Биікке шыққанын да байқамадық.
Абырой берсін және де бақ таймасын!
Дегенді ішімізден қайталадық...
25.07.2012жыл.
Өмірдің келді шуағы...
Өмірдің келді шуағы,
Бақыттың балғын тұрағы.
Шабыттың жанып шырағы
Қырандай болдым қырағы..
Өмірім тұр ғой жалғасып,
Ерекше керім арна ашып.
Сәбилік кезім алмасып,
Аталық келді жармасып...
Өмірге кеттім тоя алмай,
Немере дедім оянбай.
Сол үшін бәрі, аяулы-ай,
Еңбекті етсем аянбай...
Иісінен кеттім талықсып,
Желменен кеттім жарысып,
Періштемменен танысып,
Қызғаныштармен алысып...
Бал тәтті тағы қылығы,
Бұлақтың мөлдір тұнығы.
Бабамның асыл сынығы,
Ұрпақ боп келген ұғымы!
Жаңаша өмір басталды!
Ұйықтамай апаң аш қалды.
Жырлап та кетті дастанды,
Әнші екені расталды.
Керемет күйге кенелдік,
Бақытты түрде теңелдік!
Жасағандаймыз мың ерлік?!
Дауысы шықса жөнелдік!
Өмірді сүргің келеді!
Отырған жерің төр еді!
Немере неткен кең еді.
Арманға жалғай береді!
Не айтса дағы көнесің!
Дегенін тауып бересің!
Жүрекпен сүйіп елесін,
Түсіңде тағы көресің!
Күн бойы бірге арқалап,
Бәрінен қорғап қалқалап.
Құлайсың кешке шалқалап,
Құмарың қалай тарқамақ?!
Өмірдің тілеп шаттығын,
Сезініп өмір пәктігін.
Немерем сыйлар бақты мың,
Аман сау болшы ақ күнім!!!
Сағынып бір сәт көрмесең,
Сәбиде кәусар шөлдесең!
Сөзіме көңіл бөлмесең,
Немере сүйгін, сенбесең...
04.09.2012жыл.
Бір үзім нан. (поэма)
Көше бойлап келе жатқан аруға,
Байқалғаны нанның жерде жатқаны.
Кім тастаған? Жанға қатты батқаны,
Тез көтеріп имандылық танытты.
Адасқандай, жол қиындап баруға,
Осы нанға үміт отын жаққаны,
Жол көрсетер жандарды да тапқаны,
Бір үзім нан көрсеткендей бағытты.
Осы бір жайт еске салды өткенді,
Ашаршылық заман өткен елімнен.
Жеті жұт боп таралған-ды кеңінен.
Мінер тұяқ қалмай, бітпей егін де,
Қырсық шалып, өрт те алып беткейді,
Жаңбыр жаумай, су таусылып көлімнен.
Аштық-қорлық, болмайтын-ды тегіннен,
Жұртым тұрды жойылатын шегінде.
Тоқшылық-ай, нанның жерде жатқаны,
Ашаршылық заманды кім ұмытар?
Сол бір кезең аман қалған шын ұтар.
Қара суда балық жоқ боп кеткені.
Халық босып, талғажау боп тапқаны,
Не тапса да апыл-ғұпыл қылғытар.
Ана ерлігін үлгі етіп ұл тұтар,
Ұмытылмас ұлы тарих беттері.
Нан қадірін біліп жүр ме бар адам?
Ол кездегі бала қазір қария.
Бір үзім нан тауып жесе әр ұя,
Ертеңінен жарық сәуле іздейтін.
Сол бір нәубет шығады ма санадан?
Есіне алса көз жасы көл дария,
Байлық жетер, елде бәрі жария,
Қайда анасы, қарындасы «Сіз»дейтін.
Қарны ашып, қу далада қаңғырып,
Келе жатты ана ұлы қызымен.
Соры қайнап қасқыр түскен ізімен,
Бұлар бейқам, шөп тамыры жегені.
Қасқыр ұлып, дала үнге жаңғырып,
Түн суытып, қара суық күзімен.
Үміт үзбей ана жылы жүзімен,
Ұл қызымен баспана етті төбені.
Перзенттері екі жақтан құшақтап,
Балбырайды тым ерекше таңменен.
Келгендей-ау екеуі де әнменен,
Ана байғұс оятуға қимаған.
Қатқан нанды тең бөлді де ұсақтап,
Нұр құшты да қайталанбас сәнменен.
Ұрпақтарын сүйіп, құшты жәйменен,
Қасқырларды көріп, есті жинаған.
Тез оятып, перзенттерін ұмтылып,
Қолдарынан сүйрей алға жөнелген.
Қару болса құтылар ма еді егерден?
Қу дорбаны тастап тағы қашқаны.
Кішкене қыз көздерімен сыр тұнық,
Шаршап артта қала берді дегенмен.
Жыртып, талап қу дорбаны көнерген,
Қасқырлар жүр азық болмай шашқаны.
Шүберекке жанды түйіп, зуылдап,
Келеді ана перзенттерін сүйрелеп,
Қасқыр жетті дәл артынан кимелеп,
Амалы жоқ қыздың қолын босатты.
Қарс айырылып, жүрек кетті-ау дуылдап,
Ана ойы: «Ұлсыз Отан күйремек,
Елді кімдер билемек?
Ерсіз ел де қашан мәңгі жасапты?»
Ана ұлымен жүгірумен қыр асты,
Көз ұшында көріп қалды ауылды.
Ана жүрек жылап келер, жауынды,
Сәл қалғанда қыздан қапты-ау айырылып,
Ана аңырап, перзентіне сыр ашты.
Қасқырларды көріп үйір дауылды:
«Мен қайтарам, ұлың сенің жауыңды,
Жүгіре бер қарамағын қайырылып!»
«Ұрпақтарды өрбітетін өзіңсің,
Сенімімді, үмітімді жалғайсың.
Абыроймен адам болып қалғайсың,
Тек өзіңе артылады аманат!
Жан жүрегің жақсылықты сезінсін!
Ақ жаныңды адалдыққа арнайсың!
Қасиетпен қиянатқа бармайсың!
Әрбір іске қанағат...»
Қасқырларға қарсы тұрып, қасқайып,
Қайран ана перзентке арнап өмірін.
Тағзым етіп, қорған етіп тәңірін,
Мейірлене қарап тұрды ұлына.
Жалындаған жанарынан жас тайып,
Кір шалдырмай көңілін,
Таңдамай да тағдырының жеңілін,
Перзентінен нәр алғандай жылына...
Ана ерлігін ұлылыққа теңейміз,
Ал сол бала өніп өсті мың болып.
Осы жырмен ашылмайды сыр толық,
Гүл-өмірдің қадіріне жеттік пе?
Бай болғанмен рухани кедейміз,
Өткен күнге есеп берген кім шолып?
Ашығуды біле ме ұрпақ шын тоңып?
Саналы боп сағынышпен өттік пе?
Адам болып, адам жанын ұқтық па?
Жаза алдық па жараланған жүрегін?
Адам толық сезіне ме тірегін?
Рухы кеміп, кедейленген тұғырын.
Ата-ананың көңілінен шықтық па?
Жалғастырып әкеттік пе тілегін?
Барлық бақыт ұрпағыңмен гүл-егін,
Өзгермейтін мәңгілікке бұл ұғым!
Тектіліктен таралады тамырың!
Адамдықпен биіктелер беделің!
Кісі болып, кісіліктің кемелін,
Ұғынарсың бастан бәрін өткізіп!
Көп жағдайда сақтап қалар сабырың,
Өсіре біл ерлік, елдік еменін
Тағдыр-толқын, өмір атты кеменің,
Сыйластықпен жүзуінде тек қызық!
Қасиетің қадіріңді қаламақ!
Ар-намысың алға қарай сүйрейді!
Баянсыз іс түбі бір күн күйрейді!
Тек жақсылық жанданады жаңғырып!
Өмір сүру-әрбір жанға дара бақ!
Болмысыңды таза сана билейді!
Ынтымақпен ырыс құтың жиілейді!
Азаматтық ұлылықпен мәңгілік!!!
06.05-15.05.2009жыл.
Мейірім нұры. (поэма)
Дариға ана еске алды өткенді,
Ай дидарын ерекше бір гүл бөлеп.
Ақ пейілін бөлекше нұр жыр демеп,
Бауырына басқан ұлын қайнының.
Келін ауырып, дәрігерге кеткен-ді,
Тоба еткен, қайырымды іс бұл демек.
Көз алдында қос тіршілік гүлдемек,
Айналды да сәбилерін ай күнін.
«Аурухана пәс етпесін көңіліңді,
Бөбегіңе пана болам қалайда.
Өзіңді күт уайымдама жарай ма?
Сәбиімнен артық көріп баптармын.
Берсем дағы осылар деп өмірімді,
Таңды көзбен атырармын алайда.
Аман есен жазылып шық жаңа айда
Аманатты асыл етіп сақтармын»
Жанын салып, тіпті өзін аямай,
Өз баласын сүттен қағып шеткері.
Нан жегізіп, шұрылдаса ішектері,
Қайнысы мен келінін көп ойлаған.
Көптен күткен сәбиі деп аялай,
Онсыз жетер келін азап шеккені,
Ертеңгі күн жазғырмасын тек мені,
Деген оймен берген серттен таймаған.
Сол бір кезең алып ұшып тұрғандай,
Жалын жастық ойландырмас құбылтып.
Өмірге де, күреске де шын ынтық,
Сәбилермен бала болып кеткендей.
Қос бөбектің иісі мұрын жарғандай,
Сезінгенге өмір мәнін ұғынтып,
Сұлулыққа, мөлдірлікке сұғынтып,
Махаббаты мейірім нұр сепкендей.
Мейірленіп жан жүрекпен беріліп,
Қос сәбиді қатар құшып, ынтыққан.
Пәк бөпенің жанарынан нұрды ұққан.
«Өз балам ғой ұрсам дағы кетпес»-деп,
Жеті айлыққа бар қошемет өріліп,
Шын сыйласу құралғандай құлдықтан,
Өз ұлынан адасқандай адасқандай шындықтан,
Ешнәрсе де жайдан жайға өтпес тек.
Өткен күндер, жалын түндер елес пе?
Жайнап тұрған нағыз жалын жас еді.
Құрбылармен көңіл шіркін өседі.
Студенттік өмір өтті қарбалас.
Түні бойы ән салатын, бәрі есте,
Бәрі уақытша, бастан бәрі көшеді.
Бүгін міне елес-самал еседі,
Өзге өмір, жүрегінде жанталас.
Тұрмыс құрды алып қашу амалмен,
Келген сәтте басқа әлемге сүңгіген.
Қатал ене түп тамырын үңгіген.
Кедейлігін баса айтып құданың,
Ән салғанын теңеп нағыз жаманмен
Жалын отын тез өшіру үлгімен,
Сынай қарап кекесінді күлкімен,
Жас келіннің тауысып бақты шыдамын.
Енесіне әрбір ісі ерсі боп,
Жақсылығы құмға сіңген су болып,
Сөйлеу арман, көкірекке шер толып,
Еркін жерден келген келін қамықты.
Тым болмаса сөйлесетін көрші жоқ,
Қайран ару сусыз гүлдей мың солып,
Қабағына қарар жан жоқ бір шолып,
Күйеуінің түсінбесі анық-ты.
Енесінің қырсықтығы көрінген,
Немересін сыйлаған-ды қыз туып.
Жібімеді сонда дағы жыл жуық.
Тілі шығып, қарсы қойды өзіне.
Көңілі толмай келініне берілген,
Жүрсе дағы еңбектеніп, кір жуып,
Ене ызғарлы, жан жабырқау, үй суық.
Жалғыз қалса жылап жүрді езіле.
Қыз-қызғалтақ, қыз-қылықты, қыз-мұңлық,
Жайнататын, жабырқатар ортасы.
Әлем күлсе аналардың арқасы,
Түсінбеске не айтасың, не шара?
Сол ененің бес ұлы бар бұл шындық,
Гүл келіннің ыстық болар алғашы.
Бұл тегіннен жазылмас-ты жалғасы,
Түсініксіз, жанды ауыртар осы ара.
Ал екінші келінге ене сүйініп,
Құрақ ұшып, мың құбыла ынтыққан.
Байлығы мол жерден деген сырды ұққан.
Келген бетте жақын тартты қызындай.
Әділетсіз ене ісіне күйініп,
Дариға жүр алыс кетіп шындықтан,
Тым өзгергіш енесіне сұмдық таң.
«Түсінер»-деп сабыр етті бұзылмай.
Екі бесік ортасында қамықты,
Бірі жылап, екіншісін оятар.
«Шаршадым»-деу сол бір кезде ұят, ар,
Түсінетін қайын ене тым қатал.
Жанға демеу іздер сәуле жарықты,
Қорқыныш пен үрей басым, ұя тар.
Қорған болар күйеу ұрып, қиратар,
Кімнен демеу таба алады шын адал?
Енесіне сәлем беріп, иілер,
Теріс қарар, көрмегендей менсінбей.
Азып тозды бұл ортаға жерсінбей,
Ауыр соққы енесінің бөлгені.
Күндіз күлмей, түні бойы күйінер,
Ал бай келін еңбек етпей, тер сіңбей,
Байлығымен басып кірді еркіндей,
Мақтар ене : «Көп қой , деумен көргені»
Сонда дағы сәбиге кең пейілді,
Саучсақтары бір-бірінен ажырап.
Жеті айлық пен сәби бейне қозы лақ.
Жыласа олар бірге езіліп, жылаған.
Бір ай және апта тағы өрілді,
Түк көрмеген келін келді азынап,
Қарамады деумен ене азғырад,
Қосылды да іздегенге сұраған.
Сол келгеннен қызғаныштар басталды,
Сәби иісі сіңіп қалған өзіне.
Жаны жылар қимастығы сезіле,
Әкетті ғой баланы да ұстатпай,
Жүрек бірге кеткені де расталды.
Сәби ғана көрінеді көзіне.
Келін кетті сол ұядан безіне,
Ез ененің көп күлкісін қысқартты-ай.
Қарсы шықты енесіне мақтаулы.
Қалалық қой басқа мектеп бітірген.
Тұрмаймын деп шал кемпірдей бүкірмен,
Көшіп кетті жанға жайлы үйіне.
Ене білмей жазғыруды, ақтауды,
Ауызында басқа сөз жоқ шүкірден.
Тұйық шалы насыбай атып, түкірген,
Бетке шапты келіндері үйіле.
Дариға да алған сол кез еншісін,
Мектебінде беделімен көрінді.
Ақ сүт емген өз ұлындай өрілді.
Жұмысында сағынышпен қауышар.
Ақтағандай ақ сүтінің белгісін,
Беттен өбіп, анасындай берілді.
Көрдіңіз бе мұн дай ұқсас өрімді?
Мінез құлық ақ сүтпенен ауысар!
Жеті айлық боп туылғанмен тым пысық,
Жалын от боп құштар биге, өнерге.
«Жан анам»-деп Дариғаға келерде,
Сағынысып табысады аңсаумен.
Бұзық келін беделі де шын түсіп,
Қызғаныштан бұған көңілі сенер ме?
Іші күйіп, өзін-өзі жеңер ме?
Тыңдамай ұл, сөзі өтпес шаршаумен.
Сонда қалай сезінбейді анасын?
«Шын анам»-деп Дариғаға ұмтылар.
Жүрегімен болмысымен мың құлар.
Ал өз ұлы нан жегізген тым тұйық.
Сүт ембеуден бетіндегі жарасын,
Айыптауға үлкен жігіт құлқы бар.
Сездірмеген, іштегі мұң үн тұрар,
Анасына махаббаты шын биік!
Ағайындар жақсы көрген ертеден,
Жылы тартып, осы келін түскенін.
Дариғаның айтар жақсы істерін.
Келінменен береке де келгенін.
Ал енені өкініші өртеген.
Қартайғанда байқаған-ды күш кемін.
Кім ойлаған, түбі бармақ тістерін?
Жалынғанда қайта ма үйге бұл келін?
Сол кезеңде газет тапқан қызықты,
Дариғаға тым әсерлі көрінген.
Ол уақиға аңыз түрде берілген,
Анасынан жетім қалған шақалақ,
Жол бойында өткенге көз сүзіпті.
Сезіпті оны иманмен шын өрілген,
Әйелі де туып, қалжа желінген,
Әкеп берді өз ұлындай бағалап.
Ал әйелі өз ұлына еміреніп,
Оң жақ сүтін емізіпті жөн санап.
Оң жағынан басталар деп бар санақ,
Оң болсын деп барлық ісі өмірде,
Оң болуын аңсап, тағы тебіреніп,
Оң бастаса келер тағы қанша бақ,
Жігіт кезін елестетіп тамсанад,
Көріпкел боп кетеді адам кейбірде.
Тауып алған нәрестеге сол жағын,
Емізіпті: «Аман болса жарар»-деп,
«Ұлым байып кетсе малға қарар»-деп,
Қайдан білсін, болашақты болжап па?
«Болмас мәні оңай тапқан олжаның,
Үйдің қамын жасар, отын жағар»-деп,
«Мал артында жүрер, шөбін шабар»-деп,
Бар тағдырын шектеп қойды, қоршап та.
Екі бала екі түрлі өсті де,
Өз ұлының жасап барлық жағдайын.
Көзден таса етпеген-ді әрдайым.
Тәтті беріп, еркелетіп, есіртіп.
Тауып алған бала бейнет кешті де,
Күні бойы тер басады маңдайын,
Ата-ананың отын суы дап-дайын,
Шебер-ұста күй төгеді көсілтіп.
Жігіт болды екі бөлек ұл бала,
Өз ұлдары тым қатыгез, көкірек.
Бұл өмірге келгеніне өкінед.
Жан қинамас, мейірімсіз анаға.
Екінші ұл кішіпейіл, тым дана,
Мейірімді, ерекшелеу, тектірек,
Ата-ананың қамқоршысы көп тірек,
Әрбір сөзі ой түсірер санаға!
Ана сонда түсініпті қатесін,
Әр тағдырды Алла ғана айқындар!
Сол жақ деген жүрек тұсы солқылдар.
Ал жүректен тек жақсылық берілер.
Бұл әңгіме айқындатар төтесін.
Алтын құйма барлық кезде жарқылдар!
Түсінетін, ұғынатын халқым бар,
Жүрек қосса бар жақсылық өрілер!
Ана сүті киелі де қасиет,
Тектіліктің түп тамырын қозғайды.
Тарихты алсақ қара қобыз боздайды.
Көк бөріні бала емген аңыз бар.
Қайсарлық пен ерлік,өрлік-өсиет!
Ынтымақтың оты мәңгі маздайды!
Ерен елім ешқашан да тозбайды!
Әрбір перзент ата-анаға қарыздар!
Анам үшін аналарға бас идім!
Ақ сүтімен осы күнге жеткізген.
Ақ үмітін жалғастырған тек бізбен,
Ақ жол тілер сағым болып санада.
Тебірене жанарыма жас үйдім.
Күлкісіз күн, ұйқысыз түн өткізген.
Жараланған жанын уайым шеккізген,
Мәңгі тағзым, мәңгі құрмет анаға!!!
29.05.2009жыл.
Жыр-қуат.
Сағынышты
Жан жырларым
Баса ма?
Бағынышты
Көңіл шіркін
Тасада.
Елесіңнен
Еміреніп
Езілдім
Мың ойлардан
Құтылмадым
Қаша да.
Сұлусың сен,
Биіктікпен
Өрілген
Көркемдігің
Кермаралдай
Керілген
Келбетіңе
Қарап тұрсам
Көз тоймас
Құдіреттен
Мың талғаммен
Берілген.
Жібек шашың
Жазық маңдай
Қасыңмен
Үйлескенде
Мөлдір жанар
Асыл ма ең?
Жаз дидарың
Үлбіресе
Ерінмен
Мәңгі өзгермес
Шырша талдай
Жасыл ма ең?
Сұлу бейнең
Жүрегімде
Қаланған
Шіркін көңіл
Мың ойлармен
Таланған
Уақыт-емші
Жан жүректі
Жазар-ау
Үміт, сенім
Жетелейді
Сан арман.
Өмір-өзен...
Мөлдіріне
Қанбайық!
Амандығың
Маған қуат
Жан байып.
Бақытына
Жетем деген
Адамзат
Сағынышпен
Өтеді екен
Сарғайып...
31.08.2009жыл.
Табиғат-адам үндескен.
Бұлттар-ай, бұлттар қашықсың,
Жарқырар күнге асықсың.
Аймалар желге ғашықсың.
Тағдырың толқып құйында,
Қаз қатар тұрсың ұйымда,
Өрнегің шабыт тасытсын!
Суық жел соқса мұздаған,
Бұлт та бір бейне қыз балаң.
Сағыныш самғап сыздаған.
Іштегі шері толғанда,
Жастарын төгіп жалғанға,
Жүректің қылын қозғаған.
Табиғат-адам үндескен,
Өзгеше күйде тілдескен.
Айырылмастай тіркескен.
Жанына жара салғаны,
Ұмыту иман Алланы,
Табиғат заңын білместен.
Балалық шағың көктемің,
Осы бір тұста көктеуің.
Найзағай-ұрыс-өктем үн.
Түзу боп өссін тал шыбық,
Қалмасын торда жаншылып,
Жарамас бәрін шектеуің.
Жастық шақ үндес жазбенен,
Күш қайрат бойда саз дер ем.
Еркелік, ерлік, наз да өлең.
Ата-анаң қоршап аялап,
Бауырлар бейне сая бақ.
Ұшасың көңіл сазбенен.
Байыпты шағың күз тегі,
Байқалар еңбек іздері.
Сағыныштардың тізбегі.
Қиқулап қайтқан құстардай,
Қариялықты нұсқардай,
Күз-жүрек нені іздеді?
Қысқа жіп келмес күрмеуге,
Қыс та бір қарттық сүрлеуде.
Иманы артып ірілеуде.
Айып та емес шын қарттық.
Әр заман түрлі сын арттық,
Қария бола білмеуге...
16.09.2009жыл.
Мәңгілікке жалғану.
Өмірге сондай құштармын...
Жаныма жақын тұстардың,
Қымбатын есте ұстармын.
Қуанып келем шаттанып,
Ерекше көңіл, бақ дарып,
Мың уайымдардан тыс қалдым!
Өмірге бүгін ғашықпын,
Көңілді күйге тасыттым.
Жақсылықтарға асықпын.
Жүрекпен ұғып саралап,
Еңбекпен келер дара бақ.
Сезіммен сеніп, жас ұқтым.
Өрнекті өмір аңсадым,
Уайымды сәттер қанша мың.
Соғып тұр жүрек, бал шағым.
Көркейтіп көркем көңілді,
Жайнатып жақсы өмірді,
Иманды нұрмен қоршағын!
Ынтықпын ыстық пейілге,
Қарайық нәзік көңілге.
Өмірдің өзі жеңіл ме?
Қазағым нені көрмеген?
Сындарда өрге өрлеген!
Намысы мұра кейінге!
Өрінде өстім арманның,
Бірлікте бүршік жарғанмын.
Тұмары болып талғамның,
Елімнің есіп ескегін,
Қасиетке еніп кешкенім,
Мәңгілікке енді жалғандым!
16.09.2009жыл.
Достарыңызбен бөлісу: |