Серікбаева Г.Ш.,- Солтүстік Қазақстан облысы,
Уәлиханов аудандық білім бөлімінің бас маманы
Қай заманда болмасын есті де еңбексүйгіш, қайырымды ұрпақ тәрбиелеу адамзаттың асыл парызы саналған. Сөйтіп, әр халық өзінің тарихын жалғастыратын жас ұрпағын адалдыққа, әділдікке үндеп отырған. Бұл ретте ғасырлар бойы қолданылып, сұрыпталып, тұрмыс өмір тәрбиесі сынынан өткен салт-дәстүріміз педагогикалық әдіс-тәсіл ретінде пайдаланылған.
Халық тәрбиесі ғасырлар бойы сараланып, жұртшылықтың ой-арманымен, тіршілік-тынысымен, шаруашылық кәсібімен, отбасылық, қоғамдық және ұлттық тәлім-тәрбие дәстүрімен тығыз байланыста туып, өсіп-өркендеп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жеткен тарихи және мәдени мұра. Өзімізге белгілі ұлттық дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды, жалғастырушы да, көркейтуші де жас буын. Сондықтан жастарды дәстүр, иман, ізгілікке үндейтін халықтық тәлім-тәрбие, олардың бойында болған балалық шақтан қалыптасуы керек. Ұлттық тәрбиені, ата-баба дәстүрін сәби шақтан бойға сіңірген бала қашанда халық ұлағатын қанына сіңіріп, адамгершіл болады. Сондықтан да, мектептегі бүкіл тәрбие жұмысында халықтық педагогика дені айқын сезіліп тұруы қажет.
«Тәрбие бесіктен басталады» деп, дана бабаларымыз айтқандай, бала дүниеге келген күннен бастап халқының әдет-ғұрпын санасына құя отырып, оны ақылды, еңбексүйгіш, адамгершілігі мол азамат етіп тәрбиелеу тек мектеп пен ұстаздың ғана емес, жанұя мен ата-ананың да үлкен парызы. Біздің халқымызға тән ар-ождан, ұят, кішіпейілділік, мейірімділік, сабырлық, ұстамдылық, үлкенді құрметтеу, кішіге қамқорлық, барды қанағат тұту сияқты қасиеттерді – ұмытыла бастаған халықтық педагогиканы кеңінен насихаттау – ортақ парызымыз.
Мектептегі оқу-тәрбие процесінде осы парызды жүзеге асыруға жан-жақты мүмкіндіктер бар. Мысалы, сынып сағаттарында оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай таңдап, биязылық пен әсемдікке, әділдік пен шыншылдыққа, әдептілік пен тазалыққа баулитын салт-дәстүрімізбен таныстыру, оқыту процесін ұлттық өрнекке құрып өткізу, ұлттық ойындар арқылы жаңа материалды меңгерту, қолөнерді насихаттау барысында еңбексүйгіштікке баулу. Сонымен қатар мектептегі тәрбие жұмыстарын «Атамекен» бағдарламасы бойынша жүргізу келешек ұрпақтың бойына ұлттық мінездің қалыптасуына үлкен септігін тигізді. «Атамекен ордасы» мынадай үш топқа бөлінеді: «Балдырғандар ата-баба елінде» (1-4 сынып), «Ұландар» (5-9 сынып), «Мұрагер» (10-11 сынып).
Бұл топтар өз алдына жоспарлар құрып, жұмыс жүргізеді. Әр топқп тәрбие жұмысын жетік білетін ұстаздар тағайындалады. Онда сынып оқушыларының жас ерекшеліктері ескеріліп, белгілеген бағыттары бойынша түрлі кештер өткізіледі. Мысалы «Балдырғандар» тобы – «Төрт түлік», «Ою-өрнек», «Жібек жолы» бағыттары бойынша тәрбие сағаттарын өткізеді. Оқушылар осындай әр түрлі бағытта жұмыс жүргізуі барысында, өз халқының тарихын, тілі мен дінін терең біліп түсіне алады. Өз тілін анасындай құрметтей алатын саналы да білімді азамат болып өседі. Ұлттық мектептің алдына қойған мақсаты да осы. Ендеше, осы мақсатты жүзеге асыру жолында ұстаздар мен ата-аналар талмай еңбек етулері қажет.
Өзім аудан мектептеріне үнемі халықтық педагогика негізінде тәрбиелеудің құралы негізінде «Атамекен» бағдарламасын насихаттаймын. Бірақ соңғы жылдары (2003-2004) Солтүстік Қазақстан облыстық білім депертаменті «Болашақ» бағдарламасы бойынша жұмыс істеуді ұсынды. Бірақ Уәлиханов ауданының көптеген мектептері «Атамекен» бағдарламасымен жұмыс істеуде. Аудан мектептері «Атамекенмен» 1992 жылдан бері жұмыс істеп келеді. 1992-1998 жылдар аралығында мектептерде өте көп тәрбиелік шаралар өтіп, жыл сайын орталық стадионда және Аманкелді орта мектебінде (Қ.Исиннің басқаруымен) «Атамекен» тойлары өтіп тұрды.
Аудан Солтүстік Қазақстан облысына қараған уақыттан бастап, бұл істе бәсеңсу болды. Өйткені облыс «Жұлдыз» бағдарламасын ұсынды. Қазір ауданда, білім бөлімінің басшысы Олжабай Бейсекеұлының қолдауымен үнемі қазақтың тілін, дәстүрін, ұлттық тәрбиесін насихаттаудамыз. Ұрпақ тәрбиесі ертеңді күтпейді. Бүгінде егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болдық. Әлемдік заңдылық нормасы тұрғысынан келгенде кемел мемлекетке қажетті барлық құқық қолымызға тиді. Елтаңбамыз, Әнұранымыз, Туымыз және Ата заңымыз – барлығы басқалармен тең ел екенімізді айқындап тұр.
Тәрбиелеу – бұл өте жауапты кезең. Өйткені, әртүрлі тәсілдерді пайдалану арқылы оқушыны көптеген қасиеттерге, имандылыққа, тапқырлыққа, киім кию мен сөйлеу мәдениетіне тәрбиеленуі керек. Бұл мақсатта мектепшілік тәрбие жұмыстарына жете көңіл бөлінуі шарт. Тәрбие – адам өміріндегі аса мәнді нәрсе. Кез келген іс бастапқыда дұрыс басталса, дұрыс аяқталатыны ақиқат. «Жерге қандай дән ексең, сондай жеміс күткен жөн» деген, халық даналығы.
Жақсы істі бастайтын, тек қана жақсылыққа баулитын балалардың көп уақытын өткізетін орны – мектеп, ал оны ұйымдастырып жүзеге асыратын – мұғалім. Бала тәрбиелеудегі мектеп пен отбасы сабақтастығы арқылы тәрбие жұмысын ұйымдастырып, жақсы нәтижелерге жетіп жүрген мектептер (Амангелді, Өндіріс, Әуезов, Жамбыл, Ақтүйесай орта мектептері) жетерлік.
2003-2005 жыл аралықтарын Елбасымыз ауыл жылдары деп атап отыр. Президентіміз мұғалімдерге халқымыздың ең қымбатты келешегі – жас ұрпақты баянды біліммен қаруландыруды, мінез-құлқын қалыптастыруды үлкен сеніммен тапсырып отыр. Тәлім-тәрбиенің, білім мен өнердің көзі – ауыл. Ал бүгінгі ауылдың ажары – мектеп. Мектеп оқушыларына жан-жақты тәрбие мен біліктілікті үйретуде мұғалім шеберлігі мен ұстамдылығы қажет. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, барлық ұстаздарға шығармашылық жетістіктер тілеймін.
Қазақтың тұрмыстық салтының элементтерін физика сабақтарында пайдалану жолдары
Жолтаева А.И.,- Шымкент қаласы №25 Т.Рысқұлов
атындағы этнопедагогикалық гуманитарлық гимназия мұғалімі
Қазақ халқының тұрмыс салтында әдет ғұрпвнда қолданылған үрдістерін әр пәнді оқыту кезінде пайдаланудың мүмкіншілігі мол. Бұл әрбір ұстазға ғылыммен ұштастыра отырып сабаққа енгізу, оқушылардың ұлттық санасын қалыптастыру, халқымыздың тұрмыстық ерекшеліктерімен таныстыру міндеттерін жүктейді. Осы орайда физикалық ұғымдарды ұлттық таным дүниесі арқылы оқушыларға түсіндірудің маңызы зор.
Физика сабағында халқымыздың тұрмыстық ерекшеліктерімен сабақтастыра оқыту оқушылардың логикалық ойлау қабілетінің дамуына, жаңа тақырыпты жеңіл меңгеруіне ынтасын дамыта отырып, сабаққа деген қызығушылығын арттыруға септігін тигізеді. Қазақ халқы ерте заманда ғылым мен білімге еркін қолы жетпесе де, өмірлік тәжірибеден оқып үйреніп, шеберліктің небір сан-саласын асқан ұқыптылықпен сақтап біздің дәуірімізге жеткізе білді. Атадан балаға беріліп келе жатқан мәдени мұрамыздың бірі – қазақтың музыкалық аспаптары. Мысалы, домбыра, қылқобыз, шертер және басқа аспаптар сақталып келген. Халқымыз тіршілік тынысын музыкалық аспаптар арқылы бейнелей білген.
9 сыныптарда «Тербелістер және толқындар» бөлімін өткенде дыбыс толқындары, резонанс құбылыстарын ұлттық аспаптарымыздың дыбыстарының көмегімен түсіндіруге болады. Музыкалық аспаптың әуені естілгенде, ол қандай да бір дыбыс көзінен шығып бізге жетті деп ойлаймыз. Дыбыс көзін қарастырғанда әрқашан тербеліс болатынын байқаймыз.
Аспаптың дыбыс көзі – тербелген аспаптың ішегі. Ал тербеліп тұрған ауа бағаны болып табылады. Таралған тербелістер толқын. Демек, дыбыс толқын түрінде таралады. Жаңа сабақты күнделікті тұрмыс тіршілігімізбен тығыз байланыстыра отырып түсінудің маңызы зор. Оқушылар өтілген материалды тез қабылдай алады. Мысал ретінде бесік пен алтыбақанды алуға болады. Бесікті ән ырғағымен тербеткенде сәби тез тынышталып, ұйықтап қалады. Өткені дыбыс – шулы және сазды болып бөлінеді. Әнмен тербеткен бесік тербелісі периодты тербеліс болып табылады. Сол сияқты алтыбақан тепкенде де жастар ән айтып тербеледі. Жағада тұрған бозбала ән ырғағымен баяу алтыбақанды сүйеп, өз кезегінде қайта еппен артқа итеріп отырады.
Осы кезде алтыбақан еріксіз тербеліс жасайды. Оның меншікті жиілігі жағада тұрған жастың яғни, мүжбүрлеуші күш жиілігімен дәл келеді де, алтыбақанның тербеліс амплитудасы ең жоғарғы мәніне жетеді. Оның өзі – резонанс құбылысының бір көрінісі.
8 сыныптарда «Жылу құбылыстары» тарауында жылу берудің түрлері, жылу өткізгіштік, конвекция, сәуле шығару тақырыптары өтеді. Осы сабақтарды көшпелі қазақтың баспанасы – киіз үй жабдықтарымен байланыстыра түсіндіру өте тиімді. Әрі оқушының есінде сақталады.
Киіз үйдің негізгі материалы – киіз. Оның физикалық қасиеті жылуды нашар өткізетіндігі. Сол себепті киіз үй аптап ыстықта салқын, ызғарда жылы баспана болып табылады. Киіз үйдің ортасына от жағып үйді жылытқанда, жылы ауа жоғары көтеріліп, оның орнын салқын ауа басады. Мұны конвекция құбылысының мысалы ретінде пайдалануға болады.
Қорыта келгенде, физика сабағын оқыту кезінде халық педагогикасының асыл мұраларын кеңінен қолданып, әрбір сабағымызда ұлттық салт-дәстүрлермен сабақтастырып отырсақ, жас ұрпақтың рухани байлығы арта түсер дейміз.
Достарыңызбен бөлісу: |