Әуе немесе су кемесін не жылжымалы темір жол составын айдап әкету, сол сияқты қолға түсіру (239-бап)
Әуе, су кемесін немесе жылжымалы темір жол составын өз бетімен айдап әкету, соларды қолға түсіру арагідік көрініс беретін құбылыс. Бұл тұрғыдағы қылмыстың тікелей объектісі-қоғамдық қауіпсіздік. Көрсетілген қылмыстың қосымша тікелей объектісі-адамдардың өмірі, денсаулығы сондай-ақ меншігі болады. Қылмыстың объективтік жағы екі түрлі әрекеттен тұрады: әуе немесе су кемесін не жылжымалы темір жол составын айдап әкету; осы көлік құралдарын айдап әкету мақсатында басып алу. Әуе көлігі кемесіне-адамдар немесе жүк тасуға бейімделген газ, ауа қысымы күшімен қозғалатын ұшу аппараттары жатады. Оған ұшақтың, тікұшақтың барлық түрлері, сондай-ақ спорттық әуе шарлары, дирижабильдер, планерларда жатады. Су көлігі кемесі-мұхиттарда, теңіздерде, өзен көлдерде адам немесе жүк тасуға арналған көлік құралы. Бұған теплоходтардың сан түрі, су асты қайығы, катерлер, теңіз яхталары, өзі жылжитын баржалар жатады. Жылжымалы темір жол составына-рельстер арқылы қозғалатын, адам немесе жүк тасуға арналған көліктер жатады. Бұған: локомотивтің барлық түрлері, электр күшімен қозғалатын вагондар, платформалар жатады. Осы көрсетілген көлік құралдарына өз бетінше иелік етіп оны өзінің қалауынша пайдалану айдап әкету деп табылады.
Көлік құралдарын жүргізуші адамдардың басқа адамдардың көлікті рұқсатсыз, белгіленген маршруттарды өзгерте отырып, өз қажетіне пайдаланса мұндай әрекеттер айдап әкетуге жатады. Басып алуға күш қолдану, қорқыту, немесе алдау арқылы әуе, су кемесін немесе жылжымалы темір жол составын құқыққа қайшы түрде иелік етулер жатады. Күш қолдану экипаж мүшелеріне, жолаушыларға дене жарақатын келтірумен көрініс табады. Қорқытуға, өлтіруге, көлікті апатқа ұшыратуға, жарылыс жасауға байланысты ниет білдірушіліктер жатады. Алдауға әр түрлі амал-айлалар қолдану (экипаж мүшелерін, көлік жүргізушілерін, жолаушыларды жаңылыстыру арқылы маршрутты өзгерту, т.б.) әрекеттер жатады. Қылмыс формальдық құрамға жатады және ол жоғарыда көрсетілген әрекеттерді жасаған уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен жасалады. Адам көлікті заңсыз айдап әкеткенін немесе көлік құралын басып алғанын сезеді және соны істеуді тілейді. Басып алудың мақсаты-көлік құралын айдап әкету болып табылады. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған, есі дұрыс адам.
Теңіз қарақшылығы (240-бап)
Теңіз қарақшылығы-ертеден белгілі және қауіпті қылмыстардың бірі. Қылмыстың бұл түрі үшін халықаралық құқық нормасы да жауаптылық белгіленген. Теңіз қарақшылығы (240-бап) құрамының диспозициясы әуе немесе су көлігі не жылжымалы темір жол составын айдап әкету оны немесе сондай мақсатта басып алу (239-бап) құрамына сырттай ұқсас. Қылмыстың тікелей объектісі-теңізде жүзудің халықаралық қауіпсіздігі және бөтеннің меншігі. Қосымша тікелей объект-адамдардың өмірі. Қылмыстың заты-бөтеннің меншігі (жүк, кеме, жанар май, отын т.б.). Объективтік жағының қылмыс теңіз немесе өзен кемесіне бөтеннің мүлкін басып алу мақсатында күш қолданып немесе күш қолданамын деп қорқытып, шабуыл жасау әрекетімен сипатталады. Қылмыс құрамы формальдық. Ол шабуыл жасаған уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Осы қылмыстың объективтік жағының тағы бір белгісі қылмыстың жасалу орны болып табылады. Теңіз қарақшылығы ашық теңізде немесе көлде, не өзен де, я болмаса өзен, көл жағалауында жасалуы мүмкін. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен жүзеге асырылады. Қылмыстың субъективтік жағының міндетті белгісі-бөтеннің мүлкін басып алу (кеме, катер, жүктерді, жабдықтарды ақша, басқа заттарды) болып табылады. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған кез келген адам.
Дайындалып жатқан терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау (242-бап)
Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар беру көп жағдайларда адамдар арасында абыржу, тәртіпсіздік туғызады, мемлекеттік басқа да мекемелердің, кәсіпорындардың, көліктің бірқалыпты жұмыс істеу ырқын бұзады. Мұндай хабарлауға сенген мемлекеттік органдар, жекелеген адамдар әбігерге түсіп, дайындалып жатқан террорлық актіні тойтару үшін ұйымдастырушылық техникалық шаралар өткізуге мәжбүр болады. Осыған байланысты бұл қылмыстың тікелей объектісі-қоғамдық қауіпсіздік болып табылады. Объективтік жағынан қылмыс адамдардың қаза болуы, елеулі мүліктік зиян келтіру не қоғамға өзге де қауіпті зардаптардың болуы қаупін тудыратын жарылыс, өрт қою немесе өзге іс-әрекеттердің дайындалып жатқаны туралы көрінеу жалған хабарлау әрекеттері арқылы жүзеге асырылады. Бұл жерде хабарлау деп жоғарыда көрсетілген жалған мәліметтерді тиісті органдарға, лауазым адамдарына жеткізу туралы сөз болып отыр. Бұларға құқық органы немесе басқа мемлекеттік органдар, сондай-ақ осы органдардың лауазымды адамдары жатады. Хабарламада тұрғын-жай, қоймаларға, көлікке немесе басқадай объектілерді жаратын немесе жандыратын қондырғылар қойылғаны туралы айтылады. Мұндай хабарлама қайсыбір реттерде жекелеген адамдарға да жеткізілуі мүмкін. Мысалы, өзі тұрған мекен-жайға немесе мінетін көлігіне жарылғыш заттар қойылғаны туралы хабар алған адамдар. Хабарлама жасаудың тәсілі сан қилы (ауызша, жазбаша, телефон арқылы) ж.т.б. болады.
Қылмыстық жауаптылықтың басты шарты-жеткізілген хабарламалардың шындыққа сай емес, көрінеу ойдан шығарылғандығы, жалғандығы болып табылады. Қылмыс құрамы формальдық, сондықтан ол заңда көрсетілген органдардың немесе адамдардың көрінеу жалған хабарлама алған уақытынан бастап аяқталған деп саналады. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Адам терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлаудың қоғамға қауіптілігін, заңға қайшылығын сезеді, бірақ-та соны тілеп әрекет жасайды. Қылмыстық ниет сан түрлі болуы мүмкін. Көп жағдайларда мұндай әрекет бұзақылық ниетпен істеледі, ал кейбір реттерде кек алу, жұмысты немесе оқуды болғызбау ниетімен жүзеге асырылады. Қылмыстың субъектісі-жалпы, жасы 14-ке толған кез келген адам.
Жаппай зақымдау қаруын, қару-жарақ және әскери техника жасау кезінде пайдаланылатын технологияларды, ғылыми-техникалық ақпаратты және қызметтерді заңсыз
экспорттау (243-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі-Қазақстан Республикасы Сыртқы экономикалық қызметіндегі жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау жөніндегі халықаралық міндеттемелерінің орындалуын реттейтін қоғамдық қатынастар.Қылмыстың заты жаппай зақымдау қаруын, қару-жарақ және әскери техника жасау үшін қажетті технологиялар, ғылыми-техникалық ақпарат және қызмет көрсетулер болып табылады. Технологиялық құжаттандыруды, сондай-ақ технологиялық циклдарды жандандыруға мүмкіндік беретін жабдықтарды технология деп айтамыз. Қызмет көрсетулерге-шетелдік әріптестерге ұйымдастырушылық, ғылыми-техникалық, өндірістік-технология жөнінен және басқадай тұрғыда әр түрлі көмектер берулер жатады. Қылмыс объективтік жағынан әрекет арқылы заңсыз экспорттау жолымен жүзеге асырылады. Қылмыстық жауаптылық-заң тыйым салған заттарды экспорттық бақылаусыз шетелге шығарғаны үшін туындайды. Экспорттық бақылаусыз шетелге шығарылуға тыйым салынған технологиялардың, ғылыми-техникалық ақпаратты және қызметтердің, сондай-ақ жаппай зақымдау қаруларының, қару-жарақ және әскери техниканың тізімі Қазақстан Республикасы Үкіметі арқылы белгіленеді. Қылмыс құрамы формальдық. Сондықтан да қылмыс жаппай зақымдау қаруын, қару-жарақ, әскери техника жасауда пайдаланылатын технологиялық, ғылыми-техникалық ақпаратты жөнелткен немесе шетелде нақты бір қызметті көрсеткен уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Осы қылмыстың субъектісі-тиісті бағдарлама өзіне лауазымдық жағдайы немесе сарапшылық қызметі бойынша мәлім болған, жасы 16-ға толғандар болып танылады.
Атом энергетикасы объектілерінде қауіпсіздік
ережелерін бұзу (244-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі-атом энергетикасы объектілерін орналастыру, жобалау, салу, жөндеу немесе пайдалану қауіпсіздігі тәртібін реттейтін қоғамдық қатынастар. Қылмыстың заты атом энергетикасын өндіретін зауыттар: атом қалдықтарын көметін көмбелер, атом сұйықтарын өндіретін зауыттар, радиоактивті нәрселермен жұмыс істейтін ғылыми-зерттеу институттары. Қылмыс объективтік жағынан кісі өліміне немесе қоршаған радиоактивтік зақымдануына әкеп соқтыруы мүмкін, атом объектілерін орналастыру, жобалау, салу немесе пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу арқылы сипатталады. Қылмыстық кодекстің көрсетілген бабының диспозициясы бланкеттік болып табылады. Атом энергетикасы объектілерінде қауіпсіздік ережелерін сақтаудың тәртібі арнаулы нормативтік құқықтық нормалар арқылы реттеледі. Атом энергетикасы объектілеріне-атом (ядролық) энергияны пайдалану арқылы жұмыс істейтін кез келген қондырғылар мен құрылыстар жатады. Заң бойынша атом энергетикасы объектілерінің қауіпсіздік ережелерін бұзу, оларды орналастыру, жобалау, салу, жөндеу немесе пайдалану кезінде болуы мүмкін. Бұл операцияларды жүзеге асырудың тәртібі арнаулы нормативтік-құқықтық актілермен реттеледі. Қылмыстың объективтік жағының белгісі-атом энергетикасы объектілерінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау, кісі өліміне немесе қоршаған ортаның радиоактивтік зақымдануына әкеліп соқтыру мүмкіндігі болып табылады. Қылмыс құрамы формальдық. Қылмыс заңда көрсетілген әрекеттерді істеген уақыттан және сол әрекеттер арқылы зардаптың нақты орын алу қаупі төнгенінен бастап аяқталған деп танылады.Субъективтік жағынан қылмыс қасақаналықпен немесе абайсыздықпен істелуі мүмкін. Қылмыстың субъектісі-арнаулы атом энергетикасы объектілерін орналастыру, жобалау, салу, жөндеу немесе пайдалану жұмыстары өзіне тапсырылған 16-ға толған адам.
Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу (245-бап)
Жалпыға мәлім, тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу әр уақытта да адамдарға, қоршаған ортаға, жануарлар немесе өсімдіктер әлеміне белгілі бір қауіп туғызуы мүмкін. Осы жұмыстарды жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауға ерекше мән берген жөн. Қылмыстың тікелей объектісі-тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын қауіпсіз жүргізуді реттейтін қоғамдық қатынастар болып табылады. Қылмыс объективтік жағынан тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізгенде қауіпсіздік ережелерін бұзу, егер бұл абайсызда адам денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіруге әкеп соғу арқылы сипатталады. Тау-кен жұмысына жер асты байлығын ашық карьерлерден, шахталардан, үңгірлерден алу, қазу, бұрғылау құрылыс жұмыстары, шахталарды жабдықтау, шахта құрылыстарын салу т.б. жұмыстар жатады. Құрылыс жұмыстарына-үйлерді, көпірлерді,жолдарды, кәсіпорындарды салу, оларды жөндеуге, тұрғызуға байланысты әрекеттер жатады. Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу тәртібі арнаулы нормативтік құқықтың актілерімен реттеледі. Бұл қылмыстың құрамы болу үшін іс-әрекет пен орын алған зардаптың арасындағы себепті байланысты анықтау қажет. Қылмыс субъективтік жағынан кінәның абайсыздық нысаны (менмендік немесе немқұрайдылық) арқылы жасалады. Қылмыстың субъектісі 16-ға толған, кез –келген есі дұрыс адам.
Жарылыс қаупі бар объектілерде қауіпсіздік
ережелерін бұзу (246-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі-жарылыс қаупі бар объектілердің қауіпсіздік ережелерін реттейтін қоғамдық қатынастар. Қосымша тікелей объект адамдардың өмірі, денсаулығы, көлік қызметінің қауіпсіздігі және меншігі.
Объективтік жағынан қарастырылып отырылған қылмыс жарылыс қаупі бар объектілерде немесе жарылыс күші бар цехтарда қауіпсіздік ережелерін бұзу, егер бұл кісі өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқтыруы мүмкін болса-деп сипатталған. Жарылыс заттарын сақтайтын қоймалар, ғимараттар жарылыс қаупі бар объектілер деп аталады. Жарылатын заттар, жарылғыш қондырғылар, оқ-дәрілер, жару құрылымдарын өндіретін зауыттың бір бөлімін-жарылыс қаупі бар цехтар деп айтамыз. Жарылыс заттарына әдетте аммиак, ацетон, бензол, бутан, метан, спирт, оқ-дәрі, тағы басқалар жатады.
Жарылыс қаупі бар объектілерде қауіпсіздік ережелерін бұзуға өндірістік процестерді жүргізудің техникалық талаптарын сақтамау; жабдықтардың жұмыс режимінің технологиялық талаптарын бұзу; осы объектілерде жұмыс істеуге бөтен адамды немесе мас адамдарды жіберу; сондай-ақ осы объектілерде от ұшқынын беретін заттарды іске қосу, темекі тарту немесе пайдалануға жарамсыз электрагрегаттарын пайдалану т.б. әрекеттер жатады.
Қылмыстың объективтік жағының белгісіне осы көрсетілген қауіпсіздік ережелерін бұзудың кісі өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқтыруы мүмкіндігі де жатады. Зардаптарға әкеп соқтыру мүмкіндігінің орын алғанын немесе орын алмағанын әрбір іс бойынша сот, тергеу органдары нақты жағдайларға байланысты шешеді. Сондықтан да ол жоғарыдағы көрсетілген әрекеттерді істеген уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Осы қылмыстың объективтік жағының тағы бір қажетті белгісі қылмыс істеу орны-жарылыс қаупі бар объект болып табылады. Қылмыс субъективтік жағынан қасақаналықпен де, абайсыздықпен де істелуі мүмкін. Оны дұрыс анықтау үшін жарылыс қаупі бар объектілерде қауіпсіздік ережелерін сақтау жөніндегі арнаулы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына кінәлы адамның қатынасын дәлме-дәл анықтау қажет. Қылмыстың субъектісі арнаулы-16-ға толған жарылыс қаупі бар объектілерде қауіпсіздік ережелерін сақтауға байланысты жұмыс атқаратын адамдар. Олар лауазым адамы немесе қатардағы қызметкер болуы мүмкін.
Радиоактивті материалдарымен заңсыз жұмыс істеу ережелерін бұзу (247бап)
Радиоактивті материалдарды нормативтік құқықтық және технологиялық талаптарға сай дұрыс пайдалану қоғамға, адам-затқа зор пайда келтіруі мүмкін.
Бірақта радиоактивті материалдармен ұқыпсыз немесе қылмысты түрде жұмыс істеу аса зор қауіпті зардаптарға әкеліп соғады. Қылмыстың тікелей объектісі радиоактивтік материалдармен қауіпсіз жұмыс істеуді реттейтін қоғамдық қатынастар. Қосымша тікелей объект-адамдардың өмірі немесе денсаулығы. Осы қылмыстың заты болып- тек қана радиоактивті материалдар танылады. Оларға радиоактивті нәрселер, радиоактивті қалдықтар т.б. заттар жатады. Радиоактивті заттармен жұмыс істеу тәртібі ҚР 1998 жылғы 23 сәуірдегі «Халықтың радиациялық қауіпсіздігі туралы заңымен белгіленген» Заңсыз алуға-радиоактивтік материалдарға ҚК-тің 248-бабында көрсетілгеннен басқа кез келген тәсілмен (сатып алу, айырбастау, сыйға алу) арқылы қолға түсіру немесе радиоактивтік материалдарды үшінші жаққа тегін немесе белгілі бір ақы алып беру жатады, бұл әрекеттер заңға негізделмеген болуы қажет.
Сақтауға-көрсетілген заттарға шын мәнінде иелік етіп, қожалықта ұстау әрекеттері жатады. Радиоактивті материалдарды пайдалануға оны мақсатты немесе басқадай мақсатсыз қолданып, игілікке жарату әрекеттері жатады. Бүлдіру деп-радиоактивтік материалдар сақтаған ыдыстар мен басқа да бұйымдарды қиратуды, сындыруды айтамыз. Заңсыз тасымалдау немесе көму деп-заңда белгіленген талаптарды көрінеу бұза отырып, қауіпті жағдайда радиоактивті материалдарды тасу немесе көму әрекеттерін айтамыз.Қылмыс формальдық құрамға жатады. Қылмыс жоғарыда көрсетілген балама әрекеттердің біреуін заңсыз істеген уақыттан бастап аяқталған деп танылады.
Қылмыс субъективтік жағынан тек қана тікелей қасақаналықпен істеледі. Кінәлы адам радиоактивтік материалдарымен заңсыз жұмыс істейтінін сезеді және соны тілеп әрекет істейді. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған, кез келген есі дұрыс адам. Қылмыстың мақсаты-заңсыз өткізу немесе осындай мақсатпен радиоактивті материалдармен заңсыз әрекеттер жасау.
Радиоактивті материалдарды талан-таражға салу
немесе қорқытып алу (248 бап)
Қылмыстың тікелей объектісі болып радиоактивті материалдардың белгіленген айналым тәртібін реттейтін қоғамдық қатынастар, ал қосымша тікелей объектісі-адамның өмірі немесе меншік қатынастары болады. Осы қылмыстың затына радиоактивті материалдар жатады. Қылмыстың жәбірленушісі-радиоактивті материалдар заңды түрде өз иелігінде немесе күзетінде болған адамдар болады. Объективтік жағынан көрсетілген қылмыс радиоактивтік материалдарды талан-таражға салу немесе қорқытып алу арқылы сипатталады.
Талан-тараж деп заңға қайшы тегін, пайдакүнемдікпен радиоактивті материалдарды алып, оны өз пайдасына немесе үшінші жақтың пайдасына айналдыруды айтамыз. Талан-тараждың тәсілі әр түрлі (жасырын, ашық, күш қолданып, алдау немесе сенімге қиянат жасау) болуы мүмкін. Қылмыстың істелу тәсілдерінің іс-әрекетті саралануға әсері болмайды. Қорқытып алу-яғни бөтеннің радиоактивті материалдарын күш қолданумен не бөтен мүлікті жоюмен немесе бүлдірумен қорқыту арқылы, сол сияқты жәбірленуші немесе оның жақындарын масқаралайтын мәліметтерді таратумен, не жәбірленушінің немесе оның жақындарының мүдделеріне елеулі зиян келтіруі мүмкін өзге де мәліметтерді жариялау арқылы талап етуі болып табылады. Радиоактивті материалдарды талан-таражға салудың құндылығы ерекше. Осыған орай талан-таражға байланысты пайда болған құрам-материалдық болып табылады. Қылмыс радиоактивті материалдарға талан-тараж арқылы иелік еткен уақыттан бастап аяқталған деп саналады. Осы қылмыстың басқа нысаны-қорқытып алу формальдық құрамға жатады. Қорқытып талап ету уақытынан бастап ол қылмыс аяқталған деп танылады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен жүзеге асырылады. Қылмыстық ниет пайдакүнемдік және басқадай әр түрлі болуы мүмкін. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған, есі дұрыс адам.
Радиоактивті материалдармен жұмыс істеу ережелерін бұзу (249-бап)
Қылмыс объективтік жағынан радиоактивті материалдарды сақтау, пайдалану, есепке алу, көму, тасымалдау ережелерін және олармен жұмыс істеудің басқа да ережелерін бұзу, егер бұл әрекеттердің кісі өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін болса-деп сипатталған. Яғни, бұл жерде радиоактивті материалдарды сақтау, пайдалану, есепке алу, көму, тасымалдау заңға сәйкес жүзеге асырылуы қажет. Бірақ оған жауапты адам радиоактивті материалдармен жұмыс істеудің ережелерін бұзып, соның салдарынан кісі өлімі немесе өзге де ауыр зардаптардың болу мүмкіндігі пайда болады. Осы қылмыстың субъективтік жағы, субъектісі және ауырлататын түрлерінің белгілері де Қылмыстық Кодекстің 247-бабындағы осындай ұғымдармен ұқсас.
Айналыстан алынған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы (250-бап)
Кедендік бақылаудан тыс немесе жасырын жасалған не құжаттарды немесе кедендік теңдестіру құралдарын алдап пайдалана отырып, не есірткі заттарды, жүйкеге әсер ететін, күшті әсер ететін, улы, уландырғыш, радиоактивті немесе жарылғыш заттарды, қару-жарақаты, әскери техниканы, жарылғыш құрылғыларды, атыс қаруы мен оқ—дәрілерді, жаппай қырып-жоятын қарудың ядролық, химиялық, биологиялық және басқа да түрлерін, жаппай қырып-жою қаруларын жасау үшін пайдалануы мүмкін материалдар мен жабдықтарды декларацияламай немесе жалған декларациялаумен ұштастыра мемлекеттің кеден шекарасы арқылы өткізгені үшін қылмыстық жауаптылық көрсетілген.
Айналысатын алынған заттарды немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы (250-бап) қылмысының тікелей объектісі-қоғамдық қауіпсіздік.
Яғни осы көрсетілген заттармен контрабандалық әрекеттер жасау әр уақытта қоғамның қауіпсіздігіне тікелей қатер келтіреді. Осы қылмыстың заты 250-бабының диспозициясында тізбектеліп көрсетілген. Олар: есірткі заттар, жүйкеге әсер ететін, күшті әсер ететін, улы, уландырғыш, радиоактивті немесе жарылғыш заттар, қару-жарақ, әскери техника, жарылғыш құрылғылар, атыс қаруы, оқ-дәрі, жаппай қырып-жоятын қарудың ядролық, химиялық, биологиялық және тағы басқа да түрлері, жаппай қырып-жою қаруларын жасау үшін пайдалануы мүмкін материалдар мен жабдықтар. Қылмыстың заты болып табылатын осы ұғымдардың түсінігі Қылмыстық кодекстің Ерекше бөліммінің жекелеген арнаулы баптарында көрсетілген. Оларға біз кейінірек сол баптарға талдау барысында тоқталамыз. Объективтік жағынан көрсетілген қылмыс мемлекеттік кеден шекарасы арқылы кедендік бақылаудан тыс немесе жасырын жасалған құжаттарды, кедендік теңдестіру құралдарын алдап пайдалана отырып айналымнан алынған заттарды немесе айналысы шектелген заттарды декларацияламай немесе жалған декларациялау арқылы өткізумен сипатталады. Субъективтік жағынан 250-бапта көрсетілген қылмыс тікелей қасақаналықпен жасалады. Қылмыстың субъектісі 16-ға толған жай адам немесе лауазымды адам.
Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылғыш құрылғыларды заңсыз алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру (251-бап)
Қарудың кез келген түрімен заңсыз іс-әрекеттер жасау өте қауіпті. Қарулы адам әр уақытта да орасан зор зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан заң осындай заттармен айналысқаны үшін қылмыстық жауаптылық белгіленген. Көрсетілген қылмыстың тікелей объектісі-қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылғыш құрылғыларды айналымға қауіпсіз шығаруды реттейтін қоғамдық қауіпсіздік болып табылады. Қылмыстың заты-қару, оқ-дәрі, жарылғыш заттар және жарылғыш құрылғылар, суық қару болып табылады. Қазақстан Республикасы 1998 жылғы желтоқсанның 30-ында қабылданған «Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» заңында осы көрсетілген заттарға анықтамалар берілген. Осы заңға сәйкес қаруға конструкциялық жағынан алғанда тірі немесе өзге де нысананы зақымдауға, сондай-ақ белгі беруге арналған құрылғылар мен заттар жатады. Өзінің бағытталған мақсаты мен негізгі өлшемдері, сипаттамалары бойынша қару: жауынгерлік, қол атыс қаруы мен суық қару; азаматтық қару; қызметтік қару болып бөлінеді. Жауынгерлік қол атыс қаруына-оқ-дәрі немесе өзге де заряд қуатының әсері нәтижесінде ұңғы оқпанынан оқты, снарядты, гранатаны ұшырып шығаратын қарулар жатады (автомат, карабиндер, винтовкалар, пистолеттер, пулеметтер т.б.) Суық қаруға-нысананы тікелей зақымдайтын, құралы адамның бұлшық еті күшінің көмегімен қозғалысқа келтірілетін қарулар жатады. Азаматтық қаруға ҚР азаматтары өзін-өзі қорғауға қажетті: спортпен шұғылдану және аң аулау мақсатында пайдаланатын қарулар жатады. Азаматтық атыс қаруы оқты түйдектете атуды болғызбауға тиіс. Азаматтық қару былайша бөлінеді:
-
өзін-өзі қорғау қаруы; тегіс, ұзын ұңғылы, оның ішінде ҚР азаматтарының денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орталық атқарушы органының нормаларына сәйкес келетін, жарақат салатын, газбен және сәулелі дыбыспен әсер ететін патрондары бар ұңғысыз атыс қаруы; газды қару-ҚР азаматтарының денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орталық атқарушы органы қолдануға рұқсат еткен көз жасын ағызатын және тітіркендіретін заттармен оқталған газды, оның ішінде патрондармен қоса пистолеттер мен револьверлер, механикалық тоңазытқыштар, аэрозолды және басқа да құрылғылар.
-
Спорттық қаруларға:
а) ойық ұңғылы атыс қаруы;
б) тегіс ұңғылы атыс қаруы;
в) сұқпа суық қару;
г) үрлемелі қуаты 25 Дж-дан жоғары пневматикалық қару.
Аңшылық қарулар:
а) ойық ұңғылы атыс қаруы;
б) тегіс ұңғылы, оның ішінде ойық бөлігінің ұзындығы 140 мм аспайтын атыс қаруы;
в) аралас ойық және тегіс ұңғылы, оның ішінде алмалы-салмалы және жиналмалы ойық ұңғылы атыс қаруы;
г) үрлемелі қуаты 25 Дж-дан аспайтын пневматикалық қару;
д) сұқпа суық қару;
и) белгі беретін қару.
Қызметтік қаруға мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызмет туралы заңға сәйкес қызметі мемлекеттік қызметшілердің жоғары және бірінші санаттарына жатқызылған лауазымды адамдарының, ҚР Парламенті депутаттарының, судьялардың, прокурорлардың жеке басының, сондай-ақ ұйымдардың оларға заңмен жүктелген немесе өз жарғыларында көзделген, азаматтардың өмірі мен денсаулығын, меншікті қорғау, қоршаған орта объектілерін және табиғи ресурстарды, бағалы және қауіпті жүктерді, арнаулы корреспонденциялардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында пайдалануға арналған қару жатады. Қызметтік қаруға қысқа ұңғылы тегіс және ойық ұңғылы атыс қаруы, сондай-ақ ұзын ұңғылы тегіс және ойық ұңғылы қару жатады. Қызметтік қару түйдектете оқ атуды болғызбауы тиіс. Газды қару-қолданылуы көз жасын ағызатын немесе тітіркендіргіш заттарды пайдалануға негізделген қару; электрлі қару-қолданылуы электр зарядының күшіне негізделіп арнайы бейімделген тетік.
Пневматикалық қару-нысананы зақымдайтын құралы сызылған, сұйытылған немесе қатайтылған газдық қуаты есебінен бағыты қозғалыс алатын қару.
Белгі беру қаруы-дыбыс, жарық және түтін белгілерін беру үшін пайдаланатын қару. Лақтырылатын қару-нысананы тікелей зақымдайтын құрал адамның бұлшық еті күшінің немесе механикалық құрылғының көмегімен бағытталып қозғалысқа түсетін қару. Оқ-дәрілер, тротил, нитроглицерин, пироксилин, аммонал, жарылатын басқа да химиялық заттар мен жарылғыштық қасиетке ие, оларды алуға немесе сақтауға арнайы рұқсат талап етілетін қоспалар-жарылғыш заттар деп аталады. Жарылғыш құрылғылар әр түрлі зарядтардың күшімен (соның ішінде радио жарылыстар арқылы да) нысананы құртатын, зақымдандыратын құралдар жатады. Қылмыстың объективтік жағы заңда көрсетілген заттарды немесе құрылғыларды заңсыз алу, біреуге беру, өткізу, сақтау тасымалдау немесе алып жүру арқылы сипатталады. Бұл жерде көрсетілген заттарды алу деп қаруды сатып алу, қаруды сыйлық, марапат ретінде заңсыз алулар жатады. Осы заңсыз иеленген заттарды бөтен адамға уақытша немесе мәңгілікке әр түрлі тәсілдерді қолдана отырып өткізуді біреуге беру деп айтамыз. Өзінде заңсыз сақталған осындай заттарды біреуге сату, айырбастау немесе тегін беру оны өткізу деп танылады. Көрсетілген заттарды кінәлының сол күйінде ұстап тұруы оны сақтау деп саналады. Көліктің барлық түрі бойынша көрсетілген заттарды кеңістікте алып жүру оны тасымалдау деп танылады. Атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғылардың кінәлының тікелей өз бойында болуы оны алып жүру деп танылады. Осы қылмыс құрамы үшін жауаптылықтың негізгі шарты-атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды немесе жарылғыш құрылғыларды алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру заңсыз, яғни тиісті мемлекеттік органдардың, лауазым адамдарының рұқсатынсыз істелуі керек. Қылмыс құрамы формальдық көзделген әрекеттердің біреуін істегеннен кейін-ақ аяқталған деп танылады. Субъективтік жағынан қарастырылып отырылған қылмыс тікелей қасақаналықпен жасалады. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған кез келген адам.
Достарыңызбен бөлісу: |