Бақылау сұрақтары
1.Жырау деп кімді айтамыз?
2.Жырау деген сөздің алғаш тасқа басылып берілуін кім зерттеген?
3.Қазақ поэзиясын ең алғаш классификациялаған кім?
Студенттің үй тапсырмасы.
1. Хронологиялық кесте.
2. Реферат
3. Сұрақ – жауап.
4. Конспект.
Студенттің аудиторияда орындайтын тапсырмасы
1. Сұрақ – жауап.
-
Сөз жұмбақ шешу.
3. Жыраулардың қоғамдық-әлеуметтік тұлғасы
4 . Жырау-өз қоғамының бас идеологы.
5. Жырау туындылардың баспа бетін көруі.
7 - ОБСӨЖ
ТАҚЫРЫБЫ : Қазтуған жарау (XV ғасыр).
Жоспары :
1. Қазтуған-қазақ әдебиеті төлбасыларының бірі.
2. Ол - жорықшы, жауынгер жырау.
3. Жыраудың шынайы қырын танытатын толғауы – Туған жермен
қоштасу жыры.
Теориялық мәлімет
Қазтуған -- Алтын Орда заманындағы ноғайлы-қазақ дәуірі әдебиетінің ірі өкілі. Ноғайлы атанып, артынан бір-бірінен бөлініп кеткен түбі бір, тілі бір түркі тектес тайпалардың, шынтуайтқа келгенде, сол кезде жеке халық болып қалыптасқан қазақтардың бай әдебиеті, ақын-жыраулар поэзиясының бастауында тұрған үлкен эпик. Оның шығармалары бүгінгі уақытқа толық жеткен жоқ, көбі мүлде ұмыт қалса, қолда бары, баспа бетін көріп келе жатқандары үзінді күйінде ғана ақын мұрасынан азды-көпті мағлұмат береді. Қазтуған жыраудың өлеңдері алғаш рет Ғабдолла Мұштақ құрастырған “Шайыр, яки қазақ ақындарының басты жырлары” жинағында (Орынбор, 1912) жарияланса, кейіннен “Ертедегі әдебиет нұсқалары” (1967), “Алдаспан” (1971), “XV-XVIII ғасырлардағы қазақ поэзиясы” (1982), “Бес ғасыр жырлайды” (1984), “Ұлы арман” (1990), Ленинградтан тұңғыш рет орыс тілінде жарық көрген “Поэты Казахстана” (1978), “Поэтя пяты веков” (Алматы, 1994) жинақтарында, “Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет” хрестоматиясында (1993) басылды. Жырау өмірі мен шығармашылығы туралы азды-көпті болсын С. Сейфуллин, М. Мағауин, Ә. Дербісәлин, Қ. Сыдықов, Х. Сүйіншәлиев, Ж. Тілепов сияқты белгілі әдебиеттанушы-ғалымдар қалам тербеді.
Қазтуған XV ғасырда өмір сүрген ноғайлы батыры, би әрі ақын-жырауы екені анық. Алайда, ол туралы деректер өте жұтаң.
Жау жағадан алып, қысылтаяң кез туған шақта Қазтуған елін аман сақтап қалу мақсатында жұртты бастап Еділ, Жайықтан Қазақстанның күншығыс жағына ауған деседі. Оның басты себебі-талай құтты қоныс болған туған жердің жайсыз мекенге айналып, ел бірлігінің қожырай бастауынан болса керек. Ел қамын ойлап, халық мұңын жоқтаған Қазтуғандай жаужүрек батыр, қол бастаған басшы жұртын соңына ерте білді, елінің болашағын тереңнен толғанып, оны аман-есен сақтай алуды перзенттік парыз деп білді.
Қазтуғанның ақындық қуатын танып, жыраулық жыр жолдарын биікке көтерген шығармалары санаулы ғана. “Алаң да алаң, алаң жұрт”, “Бұдырайған екі шекелі”, ”Белгілі биік көк сеңгір” деп басталып, бүгінгі ұрпаққа сақталып жеткен үш жырының өзі оның үлкен эпик ақын болғанын дәлелдейді.
Қазтуған жырларындағы шоқтығы биік шығарма-оның туған жермен қоштасу жыры.
Осы қоштасу өлеңі оның XV ғасырдың екінші жартысында өз қарамағындағы руларды бастап Еділден еріксіз ауып, Қазақ мемлекеті құрамына өткенінен сыр шертеді.
Қазтуған жырларында оның ақындық ерлігі мен шырқау биігін көрсетер тұс-ол жырды кім шығарғанын нақтылы дәлелдейтін:
Бұлт болған айды ашқан,
Мұнар болған күнді ашқан,
Мұсылман мен кәуірдің
Арасын өтіп бұзып дінді ашқан
Сүйіншіұлы Қазтуған, -
деген жолдар арқылы қазақтың ноғайлы дәуіріндегі төл әдебиеттің жаңа белесінің бір қырын аңғартады.
Қазтуған-ноғайлы дәуірінен тілі де, ділі де, ұлттық салт-дәстүрлері де бір болып келген қазақ, қарақалпақ, ноғай халықтарына ортақ тұлға. Сол себепті де Қазтуғанды бауырлас осы үш ұлттың төл әдебиетінің бастауында тұрған ортақ ақын-жырау ретінде бағаласақ, ақылға сыяды.
”Бұдырайған екі шекелі...” деп басталатын толғау-өлең-жыраудың өзіне дейінгі ақындық сөз өнерінен алған үлгі-өнеге негізінде өмірге келген жыр. Көлемі жағынан аз ғана осы жыр үзіндісінің өзі Қазтуғаннан кейінгі ақындар мен жыраулар шығармашылығына үлкен ықпал етті, нақыл, тақпақ, мақал-мәтел үлгісіндегі жыраудың терең толғанысты ой үрдістері қазақ поэзиясына үлкен таусылмас қазына болды.
Қорыта айтқанда, Қазтуған Сүйінішұлы Сыпыра жырау негізін салған көнеден келе жатқан толғау жанрының дамуына үлкен үлес қосты, жауынгер ақынның дала поэзиясына тән өр рухты, дауылпаз үнді, асқақ қанатты сөздерге толы, көркем текстерге бай жырлары қазақ әдебиеті тарихында өшпестей із қалдырды.
1. Бақылау сұрақтары.
1. Жыраудың шынайы қырын танытатын толғауы?
2. Қазтуған жыраудың дүниеге келген жері?
3. Қазтуған жыраудың өлеңдерін алғаш жинап құрастырған кім?
4. Қазтуған туралы көп толғаған ақын кім?
5. Қазтуған жыраудың өмірі мен шығармалары жайлы жазған әдебиеттанушы
ғалымдар?
2. Студенттің үй тапсырмасы
1. Хронологиялық кесте.
2. Реферат
3. Сұрақ – жауап.
4. Конспект.
3. Студенттің аудиторияда орындайтын тапсырмасы.
1. Қазтуған-қазақ әдебиеті төлбасыларының бірі.
2. Ол - жорықшы, жауынгер жырау.
3. Жыраудың шынайы қырын танытатын толғауы – “Туған жермен қоштасу” жыры.
9 – ОБСӨЖ (Сабақтан тыс)
ТАҚЫРЫБЫ : Асан Қайғы – ХV ғасырдағы бүкіл Дешті қыпшақтың ірі жауынгері.
Жоспары :
1. Асан қайғы – ХV ғасырдағы бүкіл Дешті қыпшақтың ірі
жауынгері.
2. Асан қайғы толғауларының тақырыптық ерекшеліктері.
3. Жырау толағауларының әлеуметтік, көркемдік мәні.
Асан тарихта болған адам, алайда оның өмірі туралы нақты тарихи деректер сақтала қоймаған. Халық аңыздарында Асан қайғыны қазақтың бірінші ханы Әз-Жәнібектің тұсында өмір сүрген адам еді дейді. Тарихи деректер бойынша, Жәнібек XV ғасырда хандық құрған кісі. Бұл туралы Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати өзінің “Тарихи Рашиди” атты әйгілі еңбегінде жазады. Тарихи деректер негізінде қазақтың бірінші ханы Жәнібектің хандық құрған кезеңін 1465-1466-1480 жылдар аралығы еді деп белгілесек, Жәнібек пен аты қатар аталатын Асан қайғы ел аңыздарында Жәнібек таққа отырғанда, жасы келген қарт кісі еді деп баяндалады. Мұның үстіне ол сол Жәнібек ханнан көп кейін қайтыс болған адам деп сипатталады.
Асан қайғы қай ортадан шығып, қай дәуірде, қандай өмір кешкен еді, көп жасаған өмірінде қандай қызмет атқарды, кімдермен істес, замандас болып еді деген сұрақтарға жауап беретіндей бізде нақты тарихи деректер жоқтың қасы. Бұл тұста Асан қайғының өз толғауларында айтылатын мәліметтер мен сол тұстағы кейбір жырларда келтірілген қосалқы дерек-түсініктерді, Асан туралы сақталған кейбір аңыз, әңгімелерді ғана негіз етеміз.Қалай дегенде де ол әр қилы аумалы-төкпелі тарихи дәуірлерді бастан өткеріп, талай-талай хандардың қысылғанда ақыл сұрайтын кемеңгер кеңесшісі, болжағыш та білгір биі болғанға ұқсайды.
Қ. Халидұғлы аталған еңбегінде Асан атаның бір кезде Хасен аталғанын әңгімелей келіп, жоғарыдағы Құдабай ақын айтқан өлеңге орай өз ойын білдіреді: “Асан қайғы асылы ноғай еміш (бұл сөз “еді”, “екен”, “делінеді” деген ұғымдарды береді-М.Ж.). Шыңғыс ханның тұстасы ұлан Майқы бидің алтыншы немересі”, -деп көрсетеді. Бұл “Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би” деген көне мәтелдегі Ұлы жүздің әйгілі Майқы биі болып шығады.
Шыңжандық тарихшы ғалым Н. Мыңжани өзінің “Қазақтың қысқаша тарихы” атты еңбегінде Асан қайғыны Алтын орданың 1445 жылы қайтыс болған ақырғы ханы Ұлығ Мұхаммедтің (Ормамбет) қасындағы ықпалды билерінің бірі, Сарай және Қазан қалаларында билік басында болған әйгілі жырау және философ, ол Алтын орда ыдыраған соң, қазақ ханы Әз-Жәнібектің қасында болғандығы мәлім (Аталған кітап. Алматы, 1993. 205-206 –бб.) деп жазады. Ормамбет ханның қазақ тарихына қатысын кезінде ұлы Шоқан да атап көрсеткен еді.
Асан қайғы туралы аңыздар мен жыраудың өз жырлары кеңестік дәуірде ғана үздіксіз жарық көріп, жүйелі түрде зерттеле бастады. Бұл істе әйгілі жазушымыз С. Сейфуллин жинап бастырған “Қазақ әдебиеті” жинағының алатын орны ерекше.
Сондай-ақ Сабыржан Шәкіржанның “Асан қайғы” атты мақаласын да атауға болар еді.
Асанды тану және зерттеу саласындағы елеулі еңбек деп М. Мағауиннің “Қобыз сарыны” атты монографиясы мен “Алдаспан” жинағын бөліп атаған жөн.
Асан атына байланысты туған қолдағы бар аңыз, әңгімелерді өзінің тақырып-мазмұны жағынан : Асан өмірін әкесі Сәбиттің ерлік істерімен жалғастыра баяндайтын; бірыңғай Асан қайғының өз өмірін қамтитын; Асанның ұлы Әбет, қызы Жұпардың тапқырлық істерін әңгімелейтін аңыздар деп үш топқа бөліп қарастыруға болар еді.
Асан қайғы жайындағы аңыздардың бір алуаны оның аңшылық, саятшылығы туралы болып келеді. Осы аңшылық жолы оның өзіне лайықты жар табуына да, кейінірек ел-жұртына қоныс, құтты мекен іздеуіне де себеп болады.
Асан қайғы ел қиялындағы осындай аңыз кейіпкері ғана емес, сан алуан жыр-толғаулар тудырған белгілі жырау да еді. Ол өз толғауларында белгілі бір тарихи кезеңдегі ел-жұрттың көкейкесті ой-арманы мен мұң-мүддесін өзекті тақырып етіп жырлап, соны нақты іске асыруға да өз үлесін қосты. Халық бақыты ел басшысының іс-әрекетіне тікелей байланысты деп санаған жырау көптеген толғауларын Жәнібек ханға арнады. Оны дұрыс жолға салып, бұқара тұрмысын жақсартуға болады деп сенді. Мастанған ханды батыл сынап, кемшіліктерін бетіне басты.
Әй, хан, мен айтпасам білмейсің...-
деп, біржолата ат құйрығын кесуге дайын екенін танытады.
Асан толғауларының саяси-әлеуметтік сипаты оның жоғарыда сөз еткен “Әй, хан, мен айтпасам білмейсің” атты жырымен қатар, “Қырында киік жайлаған”, “Алты атанға қос артып” тәрізді жырларында да үшталып, тереңдей түскен дей аламыз. Әсіресе, “Қырында киік жайлаған” атты толғауы елдің Шу бойына көтеріле көшкен кезеңін бейнелейді.
Жыраулық поэзияда, оның ішінде Асан толғауларында үлгі-өсиеттік, насихаттық, тағылымдық ойларға ерекше мән беріледі. Мұның бәрі айтылар ойдың ұтымдығы мен әсерлігіне орай қайталаулар мен дыбыс үндестігіне (аллитерация, ассонанс) құрылып отырады.
Асан қайғы көп жағдайда өзі көзбен көріп кейбір мәнді де құнды кіші-гірім оқиғалардан үлкен түйіндеу, жинақтаулар жасауға да шебер. Бұл, сөз жоқ, жыраудың алғырлығы мен дарындылық қуатының шама-шарқына байланысты көрініп отырады. Мәселен, оның:
Ердің құны сөз емес,
Есебін тапқан сабазға.
Төрден орын тимейді,
Патша болсын малы азға, -
деп келетін жолдарын осының айқын айғағы дер едік.
Қорыта келгенде, әңгіме, аңызға қарағанда, Асан қайғы XV ғасырдағы қазақтың тұңғыш ханы Әз-Жәнібектің тұсында жасаған белгілі тұлға болып саналады. Ол өмірінің соңғы кезеңдерінде туған халқының алғаш рет өз алдына шаңырақ көтеріп, ұлт болып қалыптасу кезеңін көзбен көрсе де, патша өкіметінің отаршылдық саясатынан сақтану қажеттігін, бұл үшін “Жер ұйыққа” көшудің тиімділігін өз жырларына арқау етті. Жыраудың ел жүрегіне ұялаған толғаулары, жер, қоныс туралы айтқан сын, бағалары халқымен әлі күнге дейін бірге жасап келеді.
Ә. Марғұлан өзінің “Қазақ халқының поэтикалық көне мәдениетінің сақтаушылары туралы” атты мақаласында Асан қайғы мен Бұхарды әйгілі Сыпыра жыраудың бірден-бір мұрагері, Қорқыт, Ұлық жыршы, Аталық, Сыпыралар негізін салған жыраулық дәстүрдің ізбасар, жалғастырушылары еді деп жазып, оның Сыпыра жырау секілді кезінде эпикалық жырлар тудыруға да үлес қосқанын атап көрсетеді.
М. Ғабдуллиннің “Қазақ халқының ауыз әдебиеті” атты еңбегінде Асан қайғы жайындағы халық әңгімелері кейбір кейінгі қоспаларына қарамастан, негізінен, реалистік болмыс пен шындық өмірден алынған шығармалары тұрғысында бағаланады.
Асан қайғы жөнінде ертелі-кеш жазылған зерттеулерден өзінің сонылығы мен ғылыми ұстамдылығы жағынан М. Әуезовтің “Қазақ әдебиеті тарихына” (1948) арнап жазған “Асан -қайғы” атты еңбегін жеке бөліп атауға болар еді. Бұл зерттеуінде автор Асанның өмірде болған тарихи тұлға екенін, ол жөніндегі әр алуан аңыздардың шындықпен суарылып, өмір сорабынан туындап отыратын ерекшеліктерін баса көрсетеді.
Бақылау сұрақтары
-
Асан Қайғының “Қыранда киік жайлаған ” атты толғауында нені сипаттаған.
-
Сабыржан Шәкіржан қандай мақалалар жазды.
-
Асан мастанған ханды бетіне айтқан толғауы қалай аталады.
-
Асан туралы дерек берген Қ.Халидидің шығармасын ата.
-
Асан қайғы Жәнібек ханның тұсында қанша жаста еді.
Студенттің үй тапсырмасы.
1. Хронологиялық кесте.
2. Реферат
3. Сұрақ – жауап.
-
Конспект.
Студенттің аудиторияда орындайтын тапсырмасы
1. Асан Қайғы туралы аңыздардың тақырыбы.
2. Асан Қайғы-Шығармашылығындағы Жерұйық идеясының көрініс табуы.
3. Аңызға айналған Асан Қайғы мен тарихи Асан арасындағы қарым –
қатынас.
4. Сөз жұмбақ шешу.
9 - ОБСӨЖ
ТАҚЫРЫБЫ : Асан қайғы – аңыз кейіпкері
Жоспары :
1. Асан туралы аңыздардың тақрыбы.
2. Асан қайғы шығармашылығында Жерұйық идеясының көрініс
табуы.
3. Аңызға айналған Асан қайғы мен тарихи Асан арасындағы
қарым-қатынас.
Революцияға дейін негізінен мал шаруашылығымен айналысып, табиғатқа тікелей тәуелді болған елге жұтсыз жайлы қоныс пен шапқыншылығы жоқ еркін тұрмыс, байлығы шалқыған бейбіт өмір қашан да асқақ арман еді. Ел-жұрт “адамы жүзге келмей өлмейтін, қойы егіз қоздайтын” шұрайлы жер мен “қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған” мамыражай заманды арман еткенде де, соның бірден-бір жоқшысы деп Асан есімін атайды. Аңыздарда айтылғандай, Асан қайғы жеті жыл желмаяға мініп жер шолып, кең сахаран шарқ ұрып шарлағанмен, елге дәл ойдағыдай іргелі қоныс таба алмайды. Өзі ұнатқан құт-ырысы мол Жиделібайсынға (халық қиялындағы аты – “Жерұйық”) ел көшіремін деген ең соңғы үміті де өшіп, жігері құм болып, ақыры күші қайтып қартайған шағында ойлаған арманына жете алмай қаза табады.
“Хасен мен Ежен хан” деген аңызда Асан өмірінің маңызды бір қыры әңгімеленген. Бұл туралы белгілі ғалым, академик Ә. Марғұлан: “Мұндағы тарихи шындық: Асан қайғының Ежен ханға барып жолығуы қазақ жұртының Әбілқайыр (Шайбани) ханның ордасынан бөлініп шыққан кезді баян қылғанын көрсетеді. Әбілқайыр ханнан Керей мен Жәнібек айырылып шығуы қазақ тарихындағы белгілі уақиға. Сол уақиға кезінде Асан қайғының Жәнібек пен Керейді ертіп Қытайға барып, Моғолстаннан жер алуы тарихта белгілі фактінің бірі”, - деп жазады. Әрине, Асанның Қытай ханына барған, бармағаны өз алдына бір мәселе, мұндағы негізгі түйін: бар игі жақсылықтың тікелей Асан атына байланысты берілуінде болса керек.
Асанның жастық шағын бейнелейтін әңгімелерде ол әкесінен жастай жетім қалып, әкесі Сәбит секілді аңшы, саятшы, құсбегі, тіпті, “сегіз қырлы, бір сырлы” жігіт болып ер жетеді. Жас Асан әкесінің аңшылық кәсібін шешесі Салихадан естиді де, Бұлғар тауында баласына әкесі мұра етіп қалдырған тұлпар мен бүркітті, жүйрік тазыны тауып алып, сол мекенде көп жылдар аңшылықпен күн кешеді. Өлерде әкесінің: “Болашақта балам Бұлғар тауының басына шықпасын, егер шықса өмірі азаппен өтеді. Сол тауда бұлғын деген аң бар, оны қумасын, қуса аты да, өзі де зорығып өледі” деген ақырғы өсиетін естен шығарып, сол тауда кез болған бір бұлғынды қуып, өмірі құлақ естіп, көз көрмеген бір жат елге асып кетеді. Аты болдырып, өзі шаршап әбден қалжыраған Асан бір ауылға келсе, бір бойжеткен қыз бұлардың сырт көрінісінен адамның сұлтаны мен иттің сырттанының, аттың тұлпары мен құстың сұңқарының бас қосқанын ақылмен танып, бұларды үйге түсіріп, бәрін бәйек болып күтеді. Асанды жеке бөлмеге жатқызып, тынықтырып, құсын бөлеп тастап, атын қаңтарып, таң асырған қыз ертеңіне жігіт аттанар алдында сапыаяқпен оған сусын ұсынады. Асан қызды сынау үшін қыз ұсынған саптыаяқтың шетінің кетігін мін етіп тағып: “Без қайыңның безі екен, нағыз бездің өзі екен, ішінде құйғаны шекер екен, әйтсе де мына бір жері бекер екен”, - депті. Сонда қыз іле: “Без қайыңның безі болса, нағыз бездің өзі болса, ішіне құйғаны шекер болса, ол жерін кемітпей-ақ іше беріңіз”, - дегенде, Асан аталы сөзге уәж таба алмай қалып, аттана берген екен. Сонда қыз тағы да: “Сенің атың қазір Асан ғой, көп ұзамай Асан қайғы аталарсың... Үш жыл күтем, ендігісін өзің біл”, - деген екен.
Асанның өзіне лайықты жар іздеп табуын баяндайтын аңыздырда таңғажайып оқиғаларға толы ертегілік, аңыздық сипат басым болып отырады. Бірде ол салған қармағына іліккен су патшасының қызына үйленсе де, одан қыз қойған шарттарды орындай алмай, айырылып қалады. Содан перінің қызы Асанды біржола тастап кеткен соң, ол қайғы-құсадан “Асан қайғы” деген атқа ие болады.
Ендігі бір алуан әңгімелер Асанның өз басының алғырлық-тапқырлығы мен білгір-шешендігін баяндауға құрылған.
Асан қайғының алдын болжағыш, көрегендігін баяндайтын аңыздардан Жәнібек ханның жасаған үш тойы туралы айтқан сын-шешімі ел ішіне мейлінше кең тараған. Мұның бір тобы тек қара сөз күйінде келіп, енді бір алуаны өлеңімен қара сөзі аралас болып баяндалса да, бұлардың мазмұнында пәлендей айырмашылық жоқ. Асан қайғы Жәнібек ханға: “Ең алдымен, көлге шекер төктіріп, құс жаманы құладынға құс төресі аққуды ілдіруің жақсы ырым емес, екіншіден, қарындасың Қаныбет сұлуды Айсылдың ару Әметі тұрғанда, қарадан шыққан Мұғалы байдың баласы жаман Тастемірге беруің лайық емес”, - деп айып тағады.
Асан қайғы атымен байланысты туған аңыздардың ішінен оның құтты мекен, жайлы қоныс іздегенін баяндайтын әңгімелер елеулі орын алады. Мұндағы Асан ата армандаған қоныс жайы қандай десек: ол, ең алдымен, көшпелі өмірге орай малы екі рет төлдейтін ырыс-берекесі мол, шөбі шүйгін, қысы жұтсыз, жазы жайлы мекен болуы қажет. Мұны Асан қайғы “қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын” қоныс, кейде “Жерүйек”, енді бірде “Жерұйық” немесе “Жиделібайсын” деп атаған.
Міне, осындай игі тілекпен желмаяға мініп қоныс қараған Асан жүрген-тұрған, басып өткен қоныс-жерлеріне аса білгірлікпен баға беріп отырады. Бір топ аңыздарға қарағанда, Асан қайғының халқы үшін қоныс болуға лайық деп ұнатқан жерлері Жиделібайсын, Жуалы, Қызылжар, Үш Алматы, Көндүрік-Қобан деген жерлер екен делінеді. Жуалыны аралап көргенде, Асан ата: “Асылы екі ел бетінде екен, Шу мен Таластың арасы жортар атқа күндік жер екен, әттең, арасы тар жер екен, көп ел сыймайтұғын” десе, ал Үш Алматыны: “Сарымсағы сабаудай, бүлдіргені бүйректей, алмасы бар жүректей” деп сипаттаса керек. Топырағын қазып орнына қайта салғанда, орнына сыймай қалған жақсы мекеннің бірі – Қызылшілік деген жер екен.
Бір топ аңыздарда Асан қайғының сын-бағалары бір-бір ауыз ұтымды да ұтқыр сөзбен шектеліп, қоныстың тікелей өзіне арнап айтылса, енді бір алуаны болжамдық мәні бар ұйқасты өлең үлгісінде келеді. Айталық, Асан ата Қарқаралыны көргенде:
Қарқаралы қайран тау,
Тиюші еді пайдаң тау...
Бесқазылық, Ойтүңлік,
Маңырап тұрған қой түңлік,
Әттең, дариға-ай,
Мал исі шығып тұр екен! –
депті-мыс. Ал, Бетбақдалаға берген баға-сыны терең философиялық мәні бар толғау түрінде көрініс тапқан.
Бір аңыздарда Асан ойлаған арманын іске асыра алмай, Ұлытауда қайтыс болыпты десе, тағы бір алуан әңгімелерде ол өз елімен Жиделібайсынға, Жетісуға, Көндүрік-Қобанға барып орналасыпты делінеді. Сөйтіп, Асан қайғы арманының іске асуын баяндайтын аңыз-әңгіме мен әлгі айтылған тарихи деректердің бір жерден табылып, өзара ұштасуының өзі елеуге тұрарлық жәйт. Дәл солай болмаған күннің өзінде бұл әңгімеден Асан армандаған ойды тікелей іске асырған халық қиялын көргендей боламыз.
Бақылау сұрақтары.
1. “Хасен мен Ежен хан”аңызында кім жайлы айтылған?
2.Асанның қайғы атануының себебі?
3.Асанның құтты мекені қалай аталады?
Студенттің үй тапсырмасы.
1. Хронологиялық кесте.
2. Реферат
3. Сұрақ – жауап.
4. Конспект.
Студенттің аудиторияда орындайтын тапсырмасы
1. Асан туралы аңыздардың тақрыбы.
2. Асан қайғы шығармашылығында Жерұйық идеясының көрініс
табуы.
3. Аңызға айналған Асан қайғы мен тарихи Асан арасындағы қарым-
қатынас.
4. Сөзжұмбақ шешу.
8 - ОБСӨЖ (Сабақтан тыс)
ТАҚЫРЫБЫ : Асан қайғы (XV ғасыр)
Жоспары :
1. Асан қайғы өмірі туралы мәлімет.
2. Асан қайғы “Көшпенділер философы”халык тілегінің
жоқтаушысы.
3. Асан қайғы шығармаларының зерттелу жайы.
Асан қайғының бізге жеткен мұрасы тым аз. Соған қарамастан оның жыраулар поэзиясында алатын орны ерекше.
Көңіл тоқтатып зерделейтін болсақ, мәселе жырау шығармаларының көлемінде емес, дүние-жалған, фани мен бақи туралы философиялық ойларының тереңдігінде, көркемдік деңгейінің биіктігінде жатыр.
Өз заманының кейпін көз алдымызға әкелетін Асан Қайғы толғауларының қайнар көзі тарих тереңінен сыр тартып ескі замандарға жетелейтін көне әдебиетімізден бастау алатыны даусыз. Жыраулар поэзиясындағы дәстүрлі сарындар Асан шығармаларында да молынан кездеседі. Мысалы, хандық үкіметті нығайту, елдің қорғаныс қабілетін арттыру, адам, оның өзі мен ісінің сәні өмірі мен өлімінің мәні айналасындағы толғаулар Асан Қайғының жыраулық өнерінің асыл арқауы, өнімді өзегі болып табылады.
Асан Қайғының жырлары белгілі бір түйдекпен айтылып, бір бағыттағы пікір төңірегінде, не анық сезілер әлдебір жалғасып, ұласа дамып жатқан толғаныс маңында шоғырланған. Мысалы, “Көлде жүрген қоңыр қаз” деп басталатын толғауда барша ойдың басын біріктіріп тұрған күш – “Қадірін не білсін” деп қайталанып келіп отыратын тармақ болса “Ай, хан, мен айтпасам, білмейсің” дейтін толғаудың өзегін ұстап тұрған күш ой, яғни тәубаға, татулыққа шақырған насихат.
Асан шығармаларындағы тармақ саны да әр түрлі. “Құйрығы жоқ, жалы жоқ” немесе “Таза мінсіз асыл тас” туындылары сегіз тармақтан тұрса, “Ай, хан, мен айтасам білмейсің” толғауы 40-қа жуық тармаққа созылған. Біздің ойымызша, Асан толғауларының тармағына бүгінгі көзқарас тұрғысынан қарап, қосып не ажыратып, әйтеуір, әлденеше шумақ жасауға талпынудың қажеті аз. Тармағы аз болсын, көп болсын, жыраудың тасыған өзендей арынды ойы кейде жалғыз шумаққа сыйып кететін болса, кейде тұтас бір толғауға сыймай, әр тармақты керней түсіп, енді болмаса арнадан асып екпінге мән беру жырау поэзиясының ішкі мазмұнының қажеттерінен туған. Жырау туындыларындағы өр рух, зор пафосты беруде таза 7-8 буыннан немесе 11 буыннан құралған өлеңдер тарлық көрсетер еді” , дейді М. Мағауин.
Дұрыс айтылған пікір 7-8 буынды жыр үлгісінде жазылған Асан толғаулары екпінді. Бірақ бұл екпін дыбыстық құбылыс емес, жеке-дара табиғаты бөлек көркемдік-эстетикалық категория. Дәлірек айтсақ, бұл жерде ойдың лықсып сыртқа теуіп тұрған тегеуріні бар. Сондықтан тармақтың 7 немесе 8 буын болуы ойды серпінді, тегеурінді күйде толғауға өте-мөте ыңғайлы, оңтайлы секілді болып көрінеді.
Таза мінсіз асыл тас,
Су түбінде жатады.
Асан жырау жырдың қасиетін шебер ашар ұтымды, ұтқыр бейнелеу құралдарын дәл таңдап қолданады.
Жыраудың шығармашылық ойлау қуаты мен даралығы тиек болып отырған тастың таза, мінсіз, асыл екендігінде де емес, оның су түбінде жататындығымен де байланыссыз. Жырау шығармасының қуат күші әр жұп тармаққа түйінделген ойдың әр келесі бір жұп тармақта айтылатын ойға қанаттас етіліп, біртіндеп күрделі поэтикалық тұтастыққа ұласуында. Жырау өнерінің таза, мінсіз поэтикалық тұтастыққа ұласуында. Жырау өнерінің таза, мінсіз де асыл қасиеттерінің ажары осы тұста ашылады. Екі тармақ аясында ұйыған ойдың маңызы мен мәні жырау өнерінің осындай тереңі мен осындай биігінде ғана жарқырап танылады.
Асанда көне түркі поэзиясынан келе жатқан бір ұйқас бар, ол өлеңнің бастапқы сөздерінің ұйқасуы. Жырау бұл көркемдік әдісті ұтымды қолданған. Мұны, әсіресе “Құйрығы жоқ, жалы жоқ” дейтін толғауындағы “құлан, жылан” немесе “таздар, қаздар” дейтін сөздердің ұйқасып келуінен байқауға болады.
Жырау өлеңдері айшықтауға да кедей емес.
Мысалы:
Бұл заманда не ғаріп?
Ақ қалалы боз ғаріп,
Жақсыларға айтпаған,
Асыл шырын сө ғаріп.
Мұнда кезекті қайталаудың шебер үлгісі байқалады.
Жыраудың мұрасында көне әдебиетімізден келе параллелизм әдісінің психологиялық, синтаксистік түрлері де шебер пайдаланылған:
Таза мінсіз асыл тас,
Су түбінде жатады.
Таза мінсіз асыл сөз,
Ой түбінде жатады.
Мұнда психологиялық параллелизмнің озық үлгілері бар.
Құлан мен жыланды қатар қою арқылы поэтикалық бейне тудырып тұрған жолдардан синтаксистік параллелизмнің сарыны сезіледі.
Құйрығы жоқ, жалы жоқ,
Құлан қайтіп күн көрер?!
Аяғы жоқ, қолы жоқ,
Жылан қайтіп күн көрер?!
Асан Қайғы шығармаларында жыраулар поэзиясында жиі кездесетін дәстүрлі көркемдік бейнелеу тәсілі дамыту да бар. Мысалы, “Ай, хан, мен болмасам, білмейсің” толғауы бұл сезімге толық дәлел бола алады.
Құладын құстың құлы еді,
Тышқан жеп жүнін түледі.
Аққу-құстың төресі,
Ен жайлап көлде жүреді.
дейтін салыстыру, ұқсату ауыстыру алмастыру арқылы суреттеу, қорытынды жасау Асан Қайғыдан кейінгі жыраулар поэзиясынан бәдік орын алып, дәстүрге айналды. Жырау поэзиясының тілі бай. Метафораға, теңеуге, айшықты сөз тіркестеріне толы.
“Құладын – құстың құлы, аққу – құстың төресі” деуі, яғни құладынды құстың құлына, аққуды құстың төресіне балауы, қатар қоюы немесе “Ашу дұшпан артынан, Түсіп кетсең қайтесің” деп ашуды дұшпанға балауы жырдың мән-мазмұнын, көркін аша түседі.
Ойыл көздің жасы еді,
Ойылда кеңес қылмадың...
Метафоралық тәсіл бұл жерде де байқалып тұр.
Жайлы орынды жат басқан,
Жерді көрмей кетпекпін.
Бұл жерде жат сөзі метанимияның жақсы көрінісі емес пе? Дауыссыз дыбыстардың бірнеше мәрте қайталануы өлеңге ерекше ойнақы екпін беріп, мән-мазмұнын аша түседі.
Мысалы:
Елбең-елбең жүгірген,
Ебелек отқа семірген.
Екі семіз қолға алып,
Ерлер жортып күн көрген.
Немесе,
Көлде жүрген қоңыр қаз,
Қыр қадірін не білсін,
Қырда жүрген дуадақ,
Сөз қадірін не білсін.
Немесе,
Ойыл деген ойынды
Отын тапсаң тойыңды
Ойыл көздің жасы еді,
Ойылда кеңес қылмадың
Ойылдан елді көшірдің.
Дыбыс қайталаушылық өте сәтті қолданылған, соның нәтижесінде толғау үні асқақтап, жыраудың қайғы сарынымен ұласып ұлан-ғайыр байлық, мән мен мағына байлығы дарыған.
Біз сөзіміздің басында жырау шығармаларында көне дәстүрдің игі әсері бар екенін айттық. Сол дәстүр жалғастығы үзіліп қалмай, кейінгі жыраулар поэзиясында дамып, жаңа биікке көтерілгенін байқаймыз.
Көненің үзілмей жаңа әдебиетпен жалғасуында Асан Қайғы мұраларының алтын көпірдей өз орны, өз үлесі бар.
Бақылау сұрақтары
1. Асан толғаулары қандай тақырыпта болды?
2. Көшпенділер философы деп не үшін атады?
3. Асанның хандарды батыл сынаған толғаулары?
Студенттің үй тапсырмасы.
1. Хронологиялық кесте.
2. Реферат
3. Сұрақ – жауап.
4. Конспект.
Студенттің аудиторияда орындайтын тапсырмасы
1.Асан қайғы өмірі туралы мәлімет.
2.Асан қайғы “Көшпенділер философы”халык тілегінің жоқтаушысы.
3.Асан қайғы шығармаларының зерттелу жайы.
4.Сұрақ-жауап.
11 - ОБСӨЖ
ТАҚЫРЫБЫ : Доспамбет жырау (XVI ғасыр).
Жоспары :
1. Ол-талай шайқастарда ерлік көрсеткен батыр, жорықшы жырау.
2. Жырау толғауларының идеялық мазмұны.
3. Шығармаларының көркемдік ерекшеліктері.
Қазақ халқының өз атымен өмір сүруі XV ғасырдың орта шені десек, осы кезден басталатын қазақтың төл әдебиетіне өзіндік үлес қосқан, сол замандағы әлеуметтік іс-шаралардың бел ортасында болып, ерлігімен де, өрлігімен де, хас батырлығымен де, өр рухты жырларымен де ел құрметіне бөленген көрнекті ақын, жыраудың бірі - Доспамбет жырау.
Доспамбет – тарихи тұлға. Ноғайлының атақты биі Мамайдың заманында, яғни XVI ғасырдың орта тұсында Азов теңізі түбінде өз алдына жеке ел болған Азаулы ноғайлыларының басшысы, ел қорғаны, қол бастаған батыры.
Жыраудың бүгінге жеткен мұрасы аз ғана – бар-жоғы 160 жолдың көлемінде. Осы жыр үзінділерінің өзіне қарап оның шығармаларының тікелей жорық үстінде, ұрыс майданында туғанына көзіміз жетеді. Себебі, оның қазір қолда бар шағын толғауларында жырау өмірімен қоштасар алдындағы адам кейпінде өткен дәуренінің мән-мағынасы туралы тебіреніп ой қозғайды.
Жыраудың дүние шарттарын тізбелей келе, түгендей келе жан-дүниесімен болып тоқтам табар сәті – жауынгер мұратын көлденең тастайтын шағы.
Бетегелі Сарыарқаның бойында
Соғысып өлген өкінбес!...
Доспамбет жырларында жаугершілік заман түрі, соғыс сәті, адырна, садақ, алдаспан қылыш артар жүк, жорық мұраты, жауынгердің жан арманы түскен сөздер керемет сиқыр: от боп өртеніп, мұз боп құрсанып, ақ түтек боп бұрқанып жатыр. Жауынгердің жорық мұратын, жортуыл сәтін бізге мынадай керемет поэзия жеткізеді. Оқисың да рас па, жоқ па?! Сиқыр ма, шын ба?! Күйге батасың.
Сере, сере, сере қар,
Асты кілең, үсті мұз,
Күн-түн қатсам жібімес,
Мен көлікке қосымды артқанмын,
Кембідей ару жаларға
Күреңдей мұзды тоңдырып,
Кірмембес ауыр қолға бас болып,
Күңіреніп күн түбіне жортқанмын...
... Қалаға қабылан жаулар тигей ме,
Қабырғадан дұшпан жалдап жүргей ме,
Қатарласып, қараланып,
Қайран ер қарт күреңге мінгей ме?
Қабырғадан қараған
Достым менен дұшпаным:
“Апырым, ер Доспамбет дегей ме! ...”
Доспамбет үшін Азаулыдан артық жер жоқ. Оның біраз жыры жыраудың көз жұмар шағын, жарақат алып жатқан сәтін жеткізеді.
Жаралы жауынгер – жыраудың көркем бейнеленген шұрайлы тіл арқылы өткен өмірімен қимай қоштасуы, ішкі қайғы мен өкініштен ақтарылып шыққан зарлы мұңы, кейінгі ұрпаққа арнай сөйлеген жыр – аманаты елес береді. Солай болғанмен де, оның жырларындағы басты қазық-ақынның туған жеріне, еліне деген ыстық махаббаты, ынта сезімі. Бұл қасиетті ұғым жолында туған жерін жаудан қорғау – жырау үшін басты азаматтық парыз. Сол себепті де ол жауынгерлік жорық жолдарын тебірене еске алып, жырға қосады.
Доспамбет жырлары – майдан, ұрыс кезеңінің жылнамасы іспетті. Оның жырларында ел үшін, жер үшін шайқас, жаралы жыраудың өлім мен өмір арасында қиналған арпалысты сәттері ерекше әсер қалдырып, жорық кезіндегі қайсар қылықтарымен өршелене жауға ұмтылған ержүрек ерлердің қимыл-әрекеті көркем бейнеленеді. Бұл жырлар – қазақтың қаһармандық поэзиясының нағыз бастапқы қайнар бастаулары.
Доспамбет жырау поэзиясының көркемдік қағидаларын, асау мінезін арғымақтай ауыздықтап, еркін билеп-төстейді. Дәстүрлі үлгілерді түлете, түрлендіре түседі. Қамшының өріміндей өлең жасайды. Сере-сере, сере қар, тоғай, тоғай су, Айналайын Ақ Жайық, арғымаққа оқ тиді...
Доспамбет поэзиясына тән үлкен бір ерекшелік – оның өлең-толғауларындағы айтылған ой қазақ мақал-мәтелдерімен астасып, ішкі мағынасы жағынан болсын, сыртқы айтылу түрі, ұйқасы, салыстыру өзгешеліктері жағынан болсын үндесіп, қоғамдық құбылыс жөнінде нақтылы сөз өрнегімен беріледі.
Арғымаққа оқ тиді
Қыл мықынның түбінен,
Аймадетке оқ тиді
Отыз екі омыртқаның буынынан.....
Доспамбет жырларындағы үзілмей үдей түсіп жатқан бір сарын – жауды жеңіп, бейбіт күнге жетсем деген арман. Бұл – Ақтамбердінің Махамбеттің ұлы арманы бастау алған арна. Тұтас халықтың бостандық рухы.
Ат ойнатып азаттықты қорғаған қайран батыр жарақаттан, жорық үстінде көз жұмды. Пенделік ғұмыр таусылып, қарға адым жер мұң болып жатқанда да батыр өз биігінен түспейді. Төзімін төсеп, төніп тұрған қаза қасіретін жақынға деген жан жылауымен жабады.
Озушылар озмаңыз,
Озсаңыз біздім бетке бармаңыз!
Біздім бетке бармаңыз,
Есақай, Қосақай екі ұл
Алдыңызға жыр құшақтай,
Жылай шықса не айтарсы?!
Оларға айтарыңыз сол болсын,
Жәмшіден қос айтып,
Келе жатыр дегейсіз!
Ол айтқанға тимесе,
Бұрынғылар түскен жүрі жол
Бұрылып соған түсті дегейсің!
Доспамбет шығармалары аздығына қарамастан ғұмырлы, қашанда мәңгілік. Оның толғаулары өзінінің мән-маңызы, ішкі толғанысы жағынан алып діңгектер сияқты үлкен әлеуметтік жүк арқалап тұр. Жырау жырлары тарихтың талай аласапыран оқиғаларының арасында адасып, жоғалып кетпей, бізге келіп жетті де, рухани бастаулардың қуатты көзі бола отырып, шығармашылығы
мен күрескерлігі өзімен үндес XVIII ғасырдағы әдебиеттің ірі өкілі Ақтамберді мен XIX ғасырдағы өршіл рухты азамат ақын Махамбет поэзиясына және одан кейінгі бүкіл әдебиет дамуына игі әсерін тигізді.
Бақылау сұрақтары.
1. Доспамбет жыраудың дүниеге келген жері?
2. Доспамбет жыраудың ақындық шығармашылығын кім зерттеген?
3. Доспамбеттің жыр өлеңдерін кім шығарып отырған?
Студенттің үй тапсырмасы.
1. Хронологиялық кесте.
2. Реферат
3. Сұрақ – жауап.
4. Конспект.
Студенттің аудиторияда орындайтын тапсырмасы
1. Ол-талай шайқастарда ерлік көрсеткен батыр, жорықшы жырау.
2. Жырау толғауларының идеялық мазмұны.
3. Шығармаларының көркемдік ерекшеліктері.
4. Сұрақ-жауап.
12 - ОБСӨЖ (Сабақтан тыс)
ТАҚЫРЫБЫ : Шалкиіз жырау Тіленшіұлы (1465 - 1560).
Жоспары :
1. Шалкиіз жырау-қазақ жыраулық поэзиясының атасы.
2. Ол - новатор, қазақ поэзиясындағы философиялық бағыттың
негізін салушы.
3. Жырау мұрасының зерттелуі.
Шалкиіздің “Аспанды бұлт құрсайды”, “Қарабас күспен шалдырып” деп басталатын көлемді толғаулары алғаш рет 1875 жылы “Записки Оренбургского отдела Императорского Русского географического общества” жинағында жарық көрді.
Шалкиіз жыраудың өнегелік мәні зор өміршең толғаулары ағартушы
Ы. Алтынсарин хрестоматиясынан да елеулі орын алғанын көреміз.
Қазан төңкерісіне дейінгі дәуірде Шалкиіз шығармаларын қазақ даласына кеңірек таратып, таныстырған XX ғасыр басында жарық көрген “Жақсы үгіт”(Қазан, 1903), “Ақын” (Қазан, 1912), “Шайыр....”(Орынбор, 1910-1912), “Көксілдер...” (Орынбор 1910-1912), жинақтары болды. Шалкиіздің “Жақсы үгітте” – “Би Темірге айтқаны”, “Би Темірді қажы сапарынан тоқтатуға айтқаны” толғауларының толық нұсқалары, “Ақында” – “Шағырмақ бұлт жай тастар”, “Көксілдерде” – “Би Темірге айтқаны”, “Би Темірді хажы сапарынан тоқтатуға айтқаны” толғауларының үзінділері, “Шайырда” – “Би Темірді хажы сапарынан тоқтатуға айтқаны” толғауының үзіндісі жарияланды.
Жоғарыда аталған жинақтардан көне мұраларды қазақ, ноғайлар арасындағы кәрі құлақ қариялардан, ақын, жырау, жыршылардан тірнектеп жинап, кей ретте өздеріне дейін жеткен жазбалардан көшіріп қағаз бетіне түсірген, не жариялатқан, сөйтіп халықтық асыл қазыналардың өмірін ұзартқан Ибрагим Шейхали (1874), Т. А. Сейдалин, С. А. Жантурин, И. Н. Распопов (1875), Ы. Атынсарин (1879), М. Османов (1883), М. Бекмұхаммедов (1908), Ғ. Мұштах (1910), А. Беркалыұғлы (1910 - 1912) еңбектерін ерекше атауға лайық. Бұлар атадан балаға, баба жыраулардан жас жыршыға үласып, халықпен бірге өмір сүріп келе жатқан асыл туындыларды тарихқа әйгілеп, жоғалмас мұраға айналдырған игі еңбек иелері еді.
Шалкиіз шығармалары кеңес дәуірінде қазақ тілінде “Ертедегі әдебиет нұсқалары” (1967) хрестоматиясында, М. Мағауин құрастырған “Алдаспан” (1971), “Поэты Казахстана” (1978) жинақтарында басылды. “Бес ғасыр жырлайды” (1984, 1989), т.б топтамаларда жарияланды. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Әдебиет тарихы бөлімі дайындаған XV – XVIII ғасырлардағы қазақ ақын, жыраулар мұрасының ғылыми басылымы (1982) жарық көрді. Бұл істер – есімдері көмескі тарта бастаған ақын, жыраулар мұрасын халық назарына ұсыну жолындағы игі қадамдар еді. Және бұл басылымдардың бір артықшылығы – бұрын әрқилы антологиялар мен архив қазынасындағы Шалкиіз жырларын біркелкі жинақтап беруінде.
Ел аузынан жазылған қолжазба деректер мен өз жырларына қарағанда, Шалкиіздің Орақ, Мамай, Темір сияқты мырзалар мен билер маңында – ақсүйектер ордасында өмір кешкені белгілі болғанымен, дәл өз әкесі Тіленшінің кім екендігі мәлім емес.
Ел аузынан жазылған материалдарда Шалкиіздің “ноғайлы” екендігі айтылады. Жыраудың балалық, жігіттік шағы Орақ, Мамай маңында өткендігі, бірақ батырдың Ноғай Ордасындағы бедел, құрметін күндегендер оны елден кетірмек болып, жауға жалғыз жұмсағаны, батырдың жауды жеңіп келіп, аттан түспестен Орақ, Мамаймен жиналған жұртқа жыр толғап, өкпесін айтып, жапан түзге кеткені айтылады. Аталмыш материалдарға қарағанда Шалкиіздің Ордада – Орақ, Мамай маңында өсіп, бедел-даңқы сол кезде белгілі болғаны көрінеді.
Шалкиіз Темір биге Орақ, Мамай ордасынан кеткесін барғанға ұқсайды. “Би Темірге айтқаны”, “Би Темірді хажы сапарынан тоқтатуға айтқаны” деген толғауларына қарағанда оның Темір бидің қол бастар батыры, жұртты аузына қаратқан аталы сөз айтар ақылшы жырауы болғандығы аңғарылады. Өкпелеп, ажырап кетіп барып қайта табысады. Темір мен Шалкиіз татулығын көре алмаған билер қызғаныш, бақталастықпен оны елден кетіруді талап етеді. Билер шешіміне амалсыз көнген Темір оны өгейлейді. Ақыры хажыға кетпек сыңай танытып, елі басшысыз қалуға айналып, амал таппай дағдарған кезде жұрт Шалкиізді алып келіп жырлатады. Шалкиіз сынды парасат иесі, ақылшы жырауды жанына жақындатудың бір себебі ме - әйтеуір Темір сапарынан тоқтап, онымен қайта табысады. Бұл тұста Шалкиізбен табысу жолындағы ақылды әдіс-айласы, Шалкиіздің байтақ жұрты дағдарған тұста жол-жоба беріп, ақыл айтар жыраулық биік рухы да танылады. Сонда :
Темір еді ханымыз,
Теңіз еді халқымыз,
Тебірлерге қалғанда,
Теңселер ауыр ноғай жұртыңыз – деп тебірене толғайды.
Шалкиіз мұрасы 760 жолдай. Оның 500 жолдайы қазақ арасынан, 260 жолдайы ноғайлар арасынан жиналған.
Шалкиіздің бізге жеткен жырлары түгелдей азаматтық, әлеуметтік лирикаға жатады. Ол өз көңіл-күйін толғайтын бірді-екілі толғауының өзінде де өмір заңдылығын, заман үрдісін қатар суреттеп отырады. Жырау “отбасы, ошақ қасының” қарапайым пендешілік халіне айналмай, өзіне дейінгі һәм өз заманындағы қилы-қилы сырларға көз жібереді, өмірде көрген көп жайларын көңіл таразысына салып, қорыта толғайды, көсем көңілмен, өнегелі сөзбен ізгілікке үндейді.
Шалкиіздің бір шоғыр жыры Темір биге арналады (“Би Темірге айтқаны”, “Би Темірді хажы сапарынан тоқтатуға айтқаны”, “Тор балақ құсты қолға алып”, “Арық хан”, “Әжікам сен Мансұрұлы Токусан”, “Ғизмәт иям би Темір”, “Не болды”). “Боз үстінде от жаққан”, “Мен иемнің күнінде” толғауларында Темір маңында дәуірлеп тұрған шағын еске алады.
Шалкиіз шығармалары ой, мазмұн жағынан қисынды, жүйелі келеді.
Шалкиіз жырау шығармаларында өз дәуірінің нендей мәнді мәселелерін көтерді, өмір құбылыстарын қалай суреттеді ?
Шалкиіз жырларында суреттелетін адамдар – Темір, Әзике, Мансұр, Арық хан және жыраудың өзі. Жыраудың өзін біз көбінесе лирикалық “Мені” арқылы танимыз. Осылардың ішінде жыраудың Темір би мен өзін бейнелеуінен сөз зерге
Бақылау сұрақтары
1. Шалкиіз жырларында философиялық толғаныс
2. Шалкиіз жырларында байқалатын сыр
3. Шалкиіз Би Темірге арналған толғауларында жан аямас ақ адал
қызметшісі тағы не ретінде суреттейді?
Студенттің үй тапсырмасы.
1. Хронологиялық кесте.
2. Реферат
3. Сұрақ – жауап.
4. Конспект.
Студенттің аудиторияда орындайтын тапсырмасы
1. Шалкиіз жырау-қазақ жыраулық поэзиясының атасы.
2. Ол-новатор, қазақ поэзиясындағы философиялық бағыттың негізін
салушы.
3. Жырау мұрасының зерттелуі.
4. Шалкиіз жырларында философиялық толғаныс
5. Шалкиіз жырларында байқалатын сыр
6. Шалкиіз Би Темірге арналған толғауларында жан аямас, ақ адал
қызметшісі тағы не ретінде суреттейді?
13 - ОБСӨЖ
ТАҚЫРЫБЫ : Шалкиіз жырау Тіленшіұлы (1465 - 1560).
Жоспары :
1. Шалкиіз жыраудың Би Темірге айтқан толғаулары.
2. Шалкиіз позиясының өзінен кейінгі әдебиеттке әсері.
Жырау өмірінің ең жарқын кездері Темір би сарайында өткен дедік.
Шалкиіз шығармалары ой, мазмұн жағынан қисынды, жүйелі келеді. Мысалы, өлең жолдары бірінде аздау, кейбіреуінде көбірек он бір шумақтан тұратын “Би Темірге айтқаны” толғауын алайық. Кеше ғана Темір би сарайында шалқып жүрген өзі би, өзі батыр атақты жырауды бүгін тағдыр түзге тентіретсе, жыр дүлдүлінің бақ, мансабын көре алмаған орда маңындағы “күйбеңдескен көп жаман” жанындай санап, бек сенген Темір биді бұған қарсы қойса, жырау не демек, өз көңіл-күйін қалай жеткізбек? Жырау Темір биге деген өкпе-ызасын, оның маңындағы жандайшаптарға деген кекті һәм сілтілі сөздерін бірден лақ еткізбей, алыстан орағыта, өз халін табиғат құбылыстарына ұқсата, жұптастыра, салыстыра толғайды. Шәлгез нөсер алдындағы түнерген аспанды, көкшілден соққы жеген құс еркесі қудың қайғылы халін тектен-тек айтып отырған жоқ.
Көп ішінде бір жалғыз,
Көп мұңайып жылайды.
Күйбеңдеген көп жаман,
Сөзі тигенге ұқсайды.
Міне, алғашқы шумақтың соңғы төрт жолының өзінде де жанама хабар айтқандай, жай жорамалмен, меңзей толғайды. Ал, екінші шумақта өзі үшін Темір би кім еді, үшіншіде - өзі Темір үшін кім еді, - соны жырлайды. Осы үш шумақтың қай-қайсысында да Темір алдында “Көбең семіз торыңмын, көп құлыңның бірімін” деп, “бетегеден биік, жусаннан аласа” күйінде иба, инабатпен кішік көңілде толғап отырған жырау бірте-бірте қызынғандай шарт сынып, шамырқана түседі, тең сөйлесер тепсінген ер мінезбен өкпе-ызасын баттитып батыл айтады:
Жақсыңнан мені кем көрдің,
Жаманыңмен тең көрдің,
Жаманыңмен тең көрсең,
Ұялы бөрікке қос артып,
Сен есенде, мен сауда,
Ырысымды сындайын,
Сегіз қиыр шартараптан іздермін.
Төртінші шумақта жырау дауылпаздай даңқты Темірге жүрегі шіміркенбестен “Сен кім едің” дегендей өктем тіл қатады.
Тебінгінің астынан,
Ала балта суырысып.
Тепсінісіп келгенде,
Тең атаның ұлы едің,
Дәрежеңді артық етсе, тәңірі етті.
Кемел ақыл, кенен ой, бұлтартпас билік, тепсінген тегеурінмен Темір биді тізгіндеп жуасытып алған жырау кейінгі бесінші, алтыншы, жетінші, сегізінші, тоғызыншы, оныншы шумақтарында ақыл, ғибратқа көшеді. Шәлгез бұл тұста “шамаңды біл, жасық жима, асыл жи” дегендей. Тек толғау соңында ғана тағы да бәсік көңілмен үшінші шумақта айтқан Темірге ақ-адалдығын дамыта, тереңдете түседі.
Толғаудың ұзын-ырғасына көз жіберіп, барлап шыққанда нені байқауға болады? Сөз жоқ, жырау ойының жүйелілігі. Ой, пікірін сатылап дамытып, қисынды қиюластыруында, орнықты аяқтауында мол парасат пен шешендік шешім байқалады. Ол жыраудың өзіне дейінгі өрісті ойларды мол меңгергендігін танытады.
Ол кез - Шалкиіздің шалқыған дәурені. Ол кезде Шалкиіз өзі би, өзі батыр, өзі шешен, өзі жырау. Демек, Темір- Шалкиіздің жебеушісі, қамқоры болса, Шалкиіз – Темірдің мәртебесін өсіріп, жұртты аузына қаратқан жалынды тілі, аузы дуалы абызы. Міне, осындай сыбайлас, қадірлес өскен Темір би кейін сарай маңындағылардың шағыстыруымен Шалкиізді сыртқа тепсе де, жырау оны ұлылай суреттейді. Мұның өзі Темір - Шалкиіз арасындағы ренішті жуып-шаюға елеулі әсер еткен ақыл-айласын да аңғартқандай.
Алп, алп басқан, алп басқан,
Арабы торым өзіңсің.
Жазулы алтын, қол кескен,
Алдаспаным өзіңсің.
Білер де білмес не демес,
Сұлтан ием, сен менің.
Бармай тапқан қағбамсың.
Шалкиіз “Би Темірді хажы сапарынан тоқтатуға айтқаны” толғауында Темірді халықтың басын құраған елдің береке-құты, әділ әміршісі деп суреттейді. Жырау Темиірді қисынды пікірлермен, өрісті ақыл, парасатымен иландырар сөз айтып қана хажы сапарынан тоқтатады :
Жығылғанды тұрғызсаң,
Жығылғанды уатсаң,
Қисайғанды түзетсең,
Тәңірінің үйі кебені,
Сұлтан ием, қарсы алдыңнан жасапты !
Бас иіп жығыла жырлаған Шалкиіз осының өзінде астарлап болса да көптен жүрегін кернеген әділ де ащы сөздерін айта алған. Қартайған шақта иман іздеп, күнәдан арылмақ болса ел кезіп қағба бармай – ақ әділетке жүгін, қағба-әділет дегендей.
Шалкиіз жырларынан жыраудың өз бейнесін де ажырата тану қиын емес. Ол Темірге арналған толғауларында өзін бидің жан аямас шын берілген ақ, адал қызметшісі, “Көп құлының бірі” ретінде суреттейді.
Өмірдің өтпелілігін Шалкиіз “Шағырмақ бұлт жай тастар” толғауы мен “Қоғалы көлдер, қом сулар” шумағында анық та, ашық айтады. Жауынгер жырау жыр жолдарында өзіне тән етене таныс “Сақалына сары шіркей ұялап” далада қалған барымташы ерлердің реңі мен тағдырын мүсіркей суреттей отырып, жер басып, тірлік кешкен адам атаулыға ортақ құбылыс-өмірдің қысқалығы мен өткіншілігі туралы тебіренеді. Бірақ бұл өмірдің өзі аз ғұмыр екен деп аза тұтып күңіренбейді, қайта “жалған дүниеде” ойнап, күліп, бар рахатты бастан кешіріп шалқып өтуге үндейді :
Күлейік те ойналық,
Киелік те, ішейік,
Мына жалған дүние
Кімдерден кейін қалмаған ?!
Шалкиіз жырларында философиялық толғаныс, тебіреніс ретінде келетін дидактикалық өнеге-өсиет, мақал-мәтел, ақыл-нақылды шумақтар мол. Жырау өнегелі - өсиетті бір қатар жолдарында өмірден түйген өрісті ойларын жақсы мен жаманды салыстыра отырып суреттейді.
Шалкиіз жырларынан бір байқалатын сыр – оның туып өскен мекеніне, ата қонысына, өзін қоршаған табиғатқа деген құштарлығы.
Шалкиіз жырларында ежелгі қоныс Еділ, Жайық пен Қобан атаулары кездеседі. Кездескенде “Ақ Жайық”, “Ақ Қобан” дегендей аса іңкәр құштар сезіммен аталады.
Шалкиіз - өзінен соңғы дәуір поэзиясына елеулі ықпал, әсер еткен жырау. Бұл салада М. Мағауин бірқатар мысалдар келтіріп, құнарлы пікірлер айтқан.
Дәуірі жағынан Асан қайғы, Шалкиіздерге бір табан жақын тұратын Бұқардың құнарлы өнеге бастауларының бірі Шалкиіз жырларының ызаға қайнап, ойға қорыған өткірлігі мен тепсінген тегеурінін, жайрап қалар жағдайлардың өзінде жасып жабаурамай, үнемі ширыға, шамырқана отыратын жауынгерлік рухын өнеге етсе, Бұқар ақыл-нақылға құрылған философиялық-дидактикалық толғауларында жыраудың шумақтарын, не кейбір жолдарын аз-кем өзгеріспен көздеген нысанасына дәл тиетін сенімді қаруындай қолданып отырған.
XV – XVIII ғасырлар жырауларынан, әсіресе Шалкиізден мол сусындаған ақынның бірі Махамбет. Махамбеттің “Жалған дүние” (“Қоғалы көлдер, қом сулар”) толғауы Шалкиіздің “Қоғалы көлдер, қом сулар” толғауымен, Махамбеттің “Тайманның ұлы Исатай” (“Арғымақтан туған қазанат”) толғауының бірқатар жолдары Шалкиіздің “Айырдан туған жампоз бар” шумағымен, Махамбеттің “Еменнің түбі сары бал” толғауы Шалкиіздің “Жапалақ ұшпас жасыл тау”, “Жапырағы жасыл бәйтерек” шумақтарымен, Махамбеттің “Ата ұлының баласы”, “Күнқақты ердің ыстында” шумақтары Шалкиіздің “Атаның ұлы Ерлерге”, “Көктеп мінген еріңнің” шумақтары мен ойы, мағынасы, бейнелі сөздері, ұйқасы жағынан да сәйкес келеді.
Демек бұл мысалдарға қарағанда, Шалкиіз жырларының түр, стиль, образ өрнектерінен кейінгі ақын, жыраулар игі өнеге алған. Қажет жағдайда Шалкиіз жолдары мен бейнелі тіркестерін өз жырлары арасында сол күйінде қолданып, не өзгертіп, жаңғыртып, ұстарта жырлаған.
Бақылау сұрақтары
1.Шалкиіз жырау өмірінің ең жарқын кездерін қайда өткізді?
2.Темір бидің ата тегі қай рудан шыққан?
3.Темір би өлгеннен киін Шалкиіз Мұса ұрпақтарымен неліктен қайта табысты?
Студенттің үй тапсырмасы.
1. Хронологиялық кесте.
2. Реферат
3. Сұрақ – жауап.
4. Конспект.
Студенттің аудиторияда орындайтын тапсырмасы
1.Шалкиіз жыраудың Би Темірге айтқан толғаулары.
2.Шалкиіз позиясының өзінен кейінгі әдебиеттке әсері.
3.Шалкиіз Мұса ұрпақтарымен табысуы.
4. Сұрақ жауап.
14 - ОБСӨЖ (Сабақтан тыс)
ТАҚЫРЫБЫ : Шалкиіз жыраудың философиялық ой-толғаныстарынан туған афористік сөздері
Жоспары :
1.Шалкиіз шығармаларының өзіндік ерекшелігі-ондағы филасофиялық толғаныстардың молдығы.
2.Шалкиіз –мақалға айналып кеткен афористік сөздердің авторы.
3. Жырау афоризмдерінің көркемдік қуаты.
Халықтың сан ғасырлар бойы тәжірибесінде, сол тәжірибеден қорытылған мақал-мәтелдер мен нақыл сөздерінде тәкаппарлық пен менмендіктің өрісі тар, өмірі қысқалығы әйгіленетін “асқанға-тосқан” деген нұсқалы сөз бар. Шалгез жырларында бұл идея нақты мысалдармен дәлелденгендей.
Атадан алтау тудым деп,
Салмақтама немеңді,
Салмақтасаң немеңді,
Тәңірі тесер төбеңді.
Жырау осы шумақтағы үшінші, төртінші жолдардағы ойды бекіте түсу үшін өзі өмірде сезіп, байқаған, яки көрген көріністерінен сан салалы мысалдар келтіреді. Шалгез шамалауынша, жүйріктігіне желіккен ор қоян да, ретсіз сөйлеген желбуаз, дарақы кісі де көлді тастап қырға ұшқан сан үйрек те, үдере шұбырған қыр құланы да, мезгілсіз жусаған жылқы да бір тосқауылға – пәлеге жолығуы мүмкін. Бұл тұста жыраудың өмірде беталды, бағытсыз құбылыс жоқ, әр нәрсенің жөні, жүйесі, орны, уақыты, шамасы, шегі бар, өлшеусіз тасқан төгіледі, аса асқынып кеткен тосқауылға кезікпек деген ойын аңғарамыз. Олай болса, әр нәрсенің де асып-тасқан, болған-толған шағы мәңгілік емес, уақытша-өткінші. Жыраудың бұл пікірлері оның өмірдің өтпелілігі туралы ойларымен сабақтаса түседі. Өмірдің үнемі өзгеруде, дамуда екенін сезіну “Би Темірге айтқаны” толғауындағы “Еділден шыққан сызашық” шумағында да байқалады. Кешегі тебінгіге жетер-жетпесе сызашық – бүгін жарқыраған айдын теңіз. Кешегі қыршын тал – бүгін жапырағы жайқалған жасыл терек. Кешегі тең атаның ұлы – бүгін дәрежесі артық өмір иесі. Шәлгез пікірін жинақтасақ, кешегі кішік – бүгінгі зор. Демек, осылайша әр нәрсенің өсіп, өркендеуін, оған керісінше болып-толғанның, асып-тасқанның төгілуі мен тоқырауын суреттеуі – Шәлгездің табиғат пен адам өміріндегі мәңгі құбылыс - өніп-өсуді, керісінше өліп-өшуді тануы еді.
Өмірдің үздіксіз дамуда екенін, дүниеде бір қалыпта өзгермейтін мәңгілік болмыс жоқ екенін мол сезінген Шәлгездің өзінен бұрынғы және кейінгі дәуірлермен үндесіп жатқан бір пікірі – ұлы адамның өлмейтіндігі, өзі өлсе де сөзі өлмейтіндігі. “Жақсының аты өлсе де, хаты өлмейді” деп келетін халық даналығы Шәлгезде “Жақсылардың өзі өлсе де, сөзі сау” күйінде келеді.
Шәлгез жырларында философиялық толғаныс, тебіреніс ретінде келетін дидактикалық өнеге-өсиет, мақал-мәтел, ақыл-нақылды шумақтар мол. Жырау өнеге-өсиеттік бірқатар жолдарында өмірден түйген өрісті ойларын Жақсы мен Жаманды салыстыра отырып суреттейді:
Құсты жисаң, бүркіт жи,
Қыс тоныңды түлкі етер.
Бір жақсымен дос болсаң,
Азбас-тозбас мүлкі етер.
Бір жаманмен дос болсаң,
Күндердің күні болғанда,
Жімле ғаламға күлкі етер.
“Жақсыдан – шарапат, жаманнан - кесапат” дегендей, бұл шумақтағы Жақсы – шарапатты шын дос та, Жаман – жалған дос, екіжүзді сатқын бейнесінде.
Бір жаманға сөз айтсаң,
Есікті кетер сарт ұрып.
Сол жаман елден кетер деп,
Артында жақсылар қалар шарқ ұрып.
Ал, бұл жерде Жаман – сөз қадірін білмес дәкір, дүңк, кекшіл кейіпте де, Жақсы – көл қорыған қызғыштай байыз таппай бәйек болған бағалы ер. Міне, осылай Шәлгез жырларындағы Жақсы – жалы биік жайсаң азаматтың, ел мерейін көтерген айтулы ердің, халқының қамын ойлаған қабырғалы батырдың бейнесінде беріледі де, Жаман – көңілі көрінім жерді бардай алмас бейшара, күйбең тірлік кешкен тоғышар, Жақсыны етектен тартар күншіл, баққұмар, қызғаншақ, ақылы артынан кірер ақымақ, сыр сақтамас желауыз, дос боп жүріп екіталай кезде қас боп шыға келер екіжүзді сатқын бейнесінде суреттеледі.
Шәлгездің бірқатар жыр жолдары халық мақал-мәтелдерімен үндес келеді. Мысалы, мақал- мәтелдердегі “Әлін білмеген әлек” деген пікірді Шәлгез:
Бар күшіңді сынамай,
Балуандармен күреспе,
Таң боларсың әлемге,
Сөз боларсың күлемге,-
түрінде тарата түсіндіріп, нанымды насихатқа айналдыра толғайды. Ал, “Жақсының өзі өлгенмен, сөзі өлмейді, сөзі сау” күйінде кездеседі. “Жаманға сырыңды айтпа, сырыңды айтсаң да, шыныңды айтпа”, “Жаманға сырыңды айтсаң, жарға жығар”, “Жақсыда жаттық жоқ” сияқты мақал-мәтелдер мен Шәлгездің:
Жаманменен дос болсаң,
Жазымда басың қалмас па?!
Жат туғанды өз етсең,
Жақсыларды дос етсең,
Ғұмырың ұзақ болмас па?!
Жаманға жақыным деп сыр айтпа,
Күндердің күні болғанда,
Сол жаман өз басыңа айғақ-ты,-
деген жолдары мағыналас. Немесе “Қырық күн қырғын болса да, ажалды өледі” деген ойды жырау:
Жалаңаш барып жауға ти,
Тәңір өзі біледі,
Ажалымыз қайдан-дүр,-
деп толғайды.
Бақылау сұрақтары
-
Шалкиіз жырларындағы филасофиялық толғанас.
2. Шалкиіз жырларынан байқалатын сыр.
3.Шалкиіздің “Би Темірге ”айтқаны.
4.Жырау мұраларының зерттелу тарихы.
Студенттің үй тапсырмасы.
1. Хронологиялық кесте.
2. Реферат
3. Сұрақ – жауап.
-
Конспект
Студенттің аудиторияда орындайтын тапсырмасы
1. Шалкиіз шығармаларының өзіндік ерекшелігі-ондағы филасофиялық
толғаныстардың молдығы.
2. Шалкиіз –мақалға айналып кеткен афористік сөздердің авторы.
3. Жырау афоризмдерінің көркемдік қуаты.
Достарыңызбен бөлісу: |