Дератизациялау. Дератизациялау кеміргіштерді жою және кеміргіштер қоныстанған объектілерді олардан тазарту мақсатында немесе инфекциялық аурулардың кеңінен таралуын және экономикалық жағынан шығынды болдырмауды қамтамасыз ететін кеміргіштердің санын ең төменгі деңгейде тұрақты ұстап тұру үшін жүзеге асырылады. Кенттік дератизациялау мынадай типтерге бөлінеді:
1) жаппай дератизациялау – елді мекеннің шегінде ашық тіршілік ету орындарын қоса алғанда, барлық елді мекеннің аумағында жылына 2 реттен сиретпей жүргізіледі;
2) ошақтық дератизациялау – инфекциялық аурулардың ошағындағы және оған іргелес аумақтағы дератизациялау. Таралуына кеміргіштер қатысуы мүмкін инфекциялық аурулар тіркелген кезде жүргізіледі;
3) іріктеп дератизациялау – жекелеген учаскелерде немесе құрылыстарда, негізінен эпидемиялық маңызы бар объектілерде: ет және балық комбинаттарында, тоңазытқыштарда, элеваторларда, азық-түлік қоймаларында, емдеу және балалар мекемелерінде, мал шаруашылығы фермаларында кеміргіштерді жою қажет болған жағдайда жүргізіледі. Дератизациялау улы қармақжемдерді қою, тозаңдату, газдау әдістерімен физикалық, механикалық, химиялық әдістермен жүргізіледі. Дератизациялау тәсілі мен әдісін таңдау өңделетін объектінің ерекшеліктерімен, нысаналы кеміргіштердің экологиясымен және дератизациялау құралдарының қасиеттерімен айқындалады. Денсаулық сақтау ұйымдарының, балалар ұйымдарының, қоғамдық тамақтану, азық-түлік саудасы объектілерінің құрылыстары мен аумақтарының барлық ауданы тоқсанына бір рет кеміргіштердің болуына тексеруге жатады.
Алдын ала дератизациялау жұмыстарының тиімділігін қамтамасыз ету үшін өңдеулердің белгілі бір жиілігін сақтау көзделеді. Егер пайдаланылатын препаратты қолдану жөніндегі нұсқаулықта өзгесі ұсынылмаса, онда үй-жайларды дератизациялау 2-3 айда 1 рет, аумақты дератизациялау жылына 4-6 рет жүргізіледі. Үй-жайларда кеміргіштер ұзақ уақыт болмаған кезде өңдеу жүргізілмейді, ал аумақты өңдеу саны екі есе қысқартылады. Азық-түлік саудасы, қоғамдық тамақтану объектілерінде, көкөніс сақтау қоймаларында, қоймаларда, тұрғын үй-жайларда және аула ішіндегі құрылыстарда уланған қармақжем дератизациялау құралдарын қолдану жөніндегі нұсқаулықта көзделген қолдану режиміне сәйкес қойылады. Балалар ұйымдарының үй-жайларында балаларға қолжетімді улы қармақжемді қоюға жол берілмейді, ал кеміргіштерді жою тек механикалық әдістермен жүргізіледі. Дератизациялау құралдарының сыртқы пішінінің тамақ өнімдерінен, мал жемінен, үй заттарынан, дәрілік препараттардан айрықша айырмашылығы болуы тиіс. Қармақжемдердің тағамдық негізі ретінде адамдар қызығатындай ұнтақталмаған күнбағыс дәнін және өзге де өнімдерді пайдалануға тыйым салынады. Қайғылы оқиғаларды болдырмау үшін кеміргіштерге арналған родентицидті қармақжемді ашық түске бояу қажет. Ашық аумақтарда улы қармақжем тек жасырын қойылады және балаларға, үй жануарлары мен құстарға қолжетімді болмауы тиіс. Қармақжемдерді дайындау жұмыстары арнайы қоспаларды қолдана отырып барынша механикаландырылуы тиіс. Улы қармақжемдерді дайындау және өлшеп-орау сорып-шығаратын жүйені қолдану және нақты дератизациялау құралдарына арналған тиісті нұсқаулықтарда көрсетілген қауіпсіздік шараларын сақтай отырып жүргізіледі. Қармақжемдерді дайындайтын жұмыс үй-жайларында ауада родентицидтің әсер ететін заттары болуына мерзімдік бақылау жүргізіледі. Ыдысқа салынбаған тамақ өнімдері бар үй-жайларда сусымалы (соның ішінде дәнді) улы қармақжемдерді қолдануға және дуст түріндегі дератизациялау құралдарын пайдалануға тыйым салынады. Адамдар үнемі болатын үй-жайларда дератизациялау аяқталғаннан кейін уы бар қармақжемнің барлық қалдықтары кәдеге жарату мақсатында жиналуы тиіс. Балалардың және үй жануарларының қолжетімсіз орындарында қармақжем қорғалатын объектіде кеміргіштердің қоныстануын болдырмау үшін қалдырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |