Дератизация тиімділігі. Дератизация тиімділігіне мыналар арқылы қол жеткізіледі:
1) кеміргіштер қоныстанған барлық үй-жайларды жаппай өңдеу жүргізу үшін объектіде санитариялық күнді өткізу;
2) қармақжемді қолдану жөніндегі нұсқаулықта көзделген қармақжемді қою технологиясын сақтау;
3) қойма үй-жайларында дератизациялауды жүргізетін адамдар үшін ені кемінде 70 см қабырғалар бойымен өтетін құрылғылар арқылы қабырғаларға, бұрыштарға және техникалық жүйелерге тұрақты түрде кедергісіз жетуді қамтамасыз ету;
4) әртүрлі материалдарды сақтайтын барлық орындарда еденнен кемінде 15 см биіктікте тұратын стеллаждармен жабдықтау;
5) азық-түлікті және су қорын оларға кеміргіштердің кіру мүмкіндігін барынша қиындататын жағдайда сақтау;
6) алдын ала өңдеу жүргізу үшін қармақжемді қойғанға дейін дератизациялауды жүргізетін адамдардың барлық үй-жайларға кедергісіз кіруін қамтамасыз ету;
7) ғимараттар мен үй-жайларға кеміргіштерді кіргізбеу қағидаларын сақтау;
8) барлық үй-жайлар мен оларға іргелес аумақты тұрақты тазалау және белгіленген мерзімде қоқысты шығару.
Елді мекенде жаппай дератизациялау жүргізген кезде бұл туралы оның тұрғындары міндетті түрде бұқаралық ақпарат құралы арқылы хабарланады. Елді мекенді немесе оның бір бөлігін нөмірленетін және сызба картаға түсірілетін учаскелерге бөледі. Учаскенің көлемін жұмыс көлеміне қарай айқындайды. Әрбір учаске нақты дератизаторға бекітіледі. Кеміргіштер мекендейтін құрылыстарды дератизатор айына екі рет немесе нақты жағдайларға байланысты одан да жиі аралайды. Дератизациялау тиімділігінің артуына қарай дератизатордың кеміргіштерден таза құрылыстарды тексеру жиілігі азаяды. Кеміргіштермен байланысты инфекциялық аурулар пайда болған кезде жоғарыда санамаланған шараларды жүзеге асырудан бөлек шұғыл алдын алудың типі бойынша дератизациялау іс-шаралары жүргізіледі: атграктант ретінде құрамында өсімдік майы бар улы тағамдық қармақжемдерде қатты әсер ететін ратицидтер қолданылады. Синантропты кеміргіштерге қарсы күрестің неғұрлым тиімді әдістемесінің негізгі қағидаты кеміргіштер мекендейтін барлық жерде оларға қарсы күрес құралдарды қолдану және осы әсердің үздіксіздігі болып табылады. Күресудің негізгі құралы ретінде антикоагулянттары бар ұзақ сақталатын қармақжемдерді, ал қатты әсер ететін уы бар қармақжемдерді кеміргіштер санының күздік шегіне жетуі және көктемде көбеюі кезінде жылына екі рет, сондай-ақ эпидкөрсеткіштер бойынша қолдану қажет. Қыспаларды, қақпандарды және басқа да тұзақтарды дератизациялаудың қосымша әдісі ретінде жекелеген объектілерде қолдану ұсынылады. Кеміргіштердің індерін және жүретін жолдарын тозаңдауға арналған уларды аз мөлшерде қолдану керек, себебі бұл тәсіл қоршаған ортаның пестицидтермен қатты ластануына әкеп соқтырады және өңдеу жүргізілген үй-жайда үнемі болатын адамдар үшін жүргізілетін жұмыстардың қауіптілігін арттырады. Кеміргіштерге қарсы қолданылатын бактериялық препараттар елді мекендерде аумақтық мемлекеттік санитариялық- эпидемиологиялық қадағалау органының рұқсаты бойынша ғана қолданылады. Кеміргіштер оңай кіретін және қайтадан қоныстанатын құрылыстарды жүйелі түрде өңдеу кезінде антикоагулянттары бар құрғақ қармақжемдерді қолдануға ерекше назар аударылады. Мұндай объектілерде құрғақ қармақжемдер үнемі болады. Сапалы дератизация жүргізудің маңызды шарты улы қармақжемдерге кеміргіштерді қызықтыратын түрлі азық-түлік өнімдерін: ұнды, дәнді, жарманы, қантты, өсімдік майын; сирек жағдайда нанды, көкөністі, ет пен балық қалдықтарын пайдалану болып табылады. Дератизациялау іс-шараларының барысын бақылауды мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органдарының мамандары жүзеге асырады. Дератизациялау сапасының көрсеткіші дератизация жүргізгеннен кейін 15-45 күннен соң (пайдаланылған құралдарға байланысты) жүргізілетін аулау құралын қолдана отырып кеміргіштердің санын есепке алу болып табылады. Өңделген объектінің 1-5%-ы қамтуға жатады. Елді мекендегі дератизациялау кеміргіштердің кемінде 80%-ы қырылған кезде тиімді болып танылады.
Достарыңызбен бөлісу: |