1.3 Сұрыптау нәтижелілігіне әсер етуші жағдайлар
Сұрыптау нәтижелілігі жоғары болу үшін барлық түліктерге ортақ, мына төменгі ғылыми – тәжірибелік қағидаларды әр уақытта басшылыққа алу керек.
1) Жалпы үй жануарларының басты қасиеттері: дене бітімі мен денсаулығы, өсімталдығы мен шаруашылыққа пайдалы өнімі;
2) Сұрыптау жұмысын жүргізгенде малдың өсетін тіршілік ортасының жағдайына, малдың бейімделуіне баса назар аудару керек. Сыртқы орта мен шаруашылыққа пайдалы негізгі өнімнің өсуіне қажетті жағдайлардың арасында қарама – қайшылық болмауы тиісті. Керісінше, тіршілік ортасы малдың құнды қасиеттерінің жақсы дамуына мүмкіндік туғызатын болуы, яғни табиғи сұрыптау мен қолдан сұрыптау бағыттас болуы қажет;
1) Малды сұрыптағанда есепке алынатын негізгі белгілер мүмкіндігінше аз болуы шарт. Сұрыптау программасында тек малдың өнімділігі мен тиімділігін анықтайтын белгілер болады;
2) Нақтылы бір мал тұқымы, табыны бойынша сұрыптаудың нәтижелілігіне сол табындағы мал санының тікелей әсері бар;
3) Сұрыптау нәтижесіне оның жүйесіне енген белгілер санының әсері мол. Сұрыптау белгілері көбейген сайын, әр белгі бойынша олардың нәтижелілігі төмендей береді. Малдың бір қасиеті бойынша сұрыптау арқылы, ол қасиетті тез жетілдіруге болады. Бірақ мұндай сыңаржақтық сұрыптаудың жалпы тиімділігін төмендетеді. Себебі, малда бір қасиеттің бір жақты тым жақсы жетілуі, екінші бір басқа қасиеттердің дамуын тежеп, әсіресе дене бітімін аздырып, денсаулығын төмендетеді. Осыған байланысты селекция тәжірибесінде, сұрыптау жүйесіне енетін белгілерді мүмкіншілігінше азайта отырып, малды мына қасиеттері бойынша кешенді бағалау қалыптасқан:
а) дене бітімі мен денсаулығы;
б) негізгі өнімдік қасиеттері;
в) ата-тегі;
г) ұрпағының сапасы.
1) Түліктің, сондай-ақ мал тұқымының өсімталдығы, тез жетілгіштігі, төлдегіштігі және ұрпақ алмасу жылдамдығы, сұрыптаудың болымды нәтиже беруіне біршама қолайлы мүмкіншілік туғызады;
2) Сұрыптау нәтижелілігі сайып келгенде оның таңдау қатаңдығына, яғни өсіруге алып қалатын немесе бракқа шығаратын малдың пайыздық үлес салмағына тікелей байланысты. Сұрыптау қатаң болған сайын, оның нәтижелілігі де арта береді;
3) Сұрыптаудың нәтижелі болуы, сұрыптау жүйесіне енген белгілердің өзгергіштік, тұқым қуалаушылық дәрежесіне, олардың өзара қатынасына тікелей байланысты. Сондықтан зоотехник – селекционер, тұқым қуалаушылық пен өзгергіштікті реттеп отыруды қамтамасыз ететін генетикалық әдістерді, оның ішінде популяциялық генетиканың соңғы мәліметтерін білуі керек.
Сұрыптаудың нәтижелілігі белгілер арасындағы байланыс коэффициенттерімен де тығыз байланысты. Екі белгі арасындағы байланыс күшті болған сайын, бірі бойынша жүргізген сұрыптау міндетті түрде екіншісіне де сәйкесті бағытта өзгеріс туғызады. Егер оң байланыс болса екеуі де бір бағытта, теріс байланыс болса – қарама-қарсы бағытқа өзгереді.
Негізгі және жанама белгілер арасындағы байланыс күшін және бағытын басшылыққа алу негізінде, селекция жүйесіне енетін белгілер санын біршама азайтуға болады. Бұл да сұрыптау нәтижелілігін арттырады. Егер сұрыптау жүйесіне енген екі белгі арасында теріс байланыс болса, сұрыптау жұмысын біршама қиындатады. Селекционер мұндай жағдайда сол екі белгі бойынша сұрыптауды қатар жүргізуі қажет.
Кейбір байланыс коэффициенттері, жанама сұрыптау тәсілін қолдануға және болашақ өнім бағыты мен мөлшерін болжауға мүмкіншілік туғызады.
Достарыңызбен бөлісу: |