1.5 Малды генотипі бойынша сұрыптау
Селекцияның негізгі мақсаты малдың нәсілдік тиімді қасиетін ұрпақтан ұрпаққа жақсарта отырып тарату. Осы тұрғыдан малды тікелей нәсілдік қасиетінің сапасына, яғни генотипіне қарай сұрыптаудың маңызы зор.
Малдың генотипін бағалау – бұл оның тұқымдық қасиетін анықтау. Сонымен малды генотипі бойынша сұрыптаудың мақсаты келесі ұрпақ алу үшін жоғары өнімді ғана емес тұқымдық қасиеті де жақсы малды таңдап алу.
Малды өзіндік өнімі, дене бітімі және сыртқы пішіні бойынша сынау да, оның генотипі туралы біршама ұғым бере алады. Бірақ та малдың фенотиптік ұқсастығы, олардың генотиптік ұқсастығының толық кепілі бола алмайды. Себебі малдың фенотипі оның генотипін толық сипаттамайды, тек кейбір ерекшеліктерін бейнелейді. Малдағы сандық белгілер (сүттілік, еттілік, жүн өнімділігі, жұмыртқалағыштығы т.б.) дамуы және жетілуі сыртқы орта жағдайларының тым күшті әсер етуіне байланысты.
Малдың генотипін анықтау әдістері, оның ең жақын ұяластарының, ұрпағының, ата-тегінің, аталас-енелес туыстарының өнімділік қасиетін тексеруге негізделген. Малдың генотипін бағалаудың негізгі әдісі – оның ұрпағының сапасына қарап сынау. Сонымен қатар малдың нәсілдік қасиеттері (генотипі) жөнінде, оның ата – тегінің және жақын аталас немесе енелес тумаларының сапасына қарап та, біршама тыңғылықты пікірге келуге болады.
Сұрыпталатын малдың жақын туыстарының өнімділік көрсеткіштері туралы мәліметтің түсу мерзіміне байланысты генотиптік баға беру екі кезеңнен тұрады.
Бірінші, алдын-ала болжау кезеңі – малдың ата-тегі мен жанама аталас-енелес туыстарының сапасына қарап болжамалы тұқымдық құндылығын анықтау; екінші, қорытынды кезең – ұрпағының сапасына қарай нақтылы тұқымдық құндылығын анықтау.
Сонымен, малдың генотипін басында ата-тегінің сапасына, сәл кейінірек жанама туыстарының, ең соңында ұрпағының сапасына қарап бағалайды.
Малды ата-тегіне қарай сұрыптау. Малды ата-тегіне байланысты сұрыптау, ата-ене мен ұрпақтың арасындағы ұқсастыққа негізделген. Сұрыптау тәжірибесінде малдың ата-тегінің сапасына қарап баға беру көптеп қолданылып келе жатқан тәсіл. Мысалы тұқымдарының отаны болған Англияда, ХІХ ғасырдың өзінде тұқымдық малдың тегіне үлкен мән берілген.
Ата-тегі бойынша сұрыптау малды мүмкіншілігіне ерте сынақтан өткізу тұрғысынан сұрыптау әдістерінің, басқа түрлерінен көп артықшылығы бар. Іс жүзінде кез келген малға өзі туғанға дейін баға беруге болады, ол үшін оның енесін, қандай аталық малмен ұрықтандырғанын және олардың сапасын білсек болғаны.
Малдың ата-тегіне қарап сұрыптау үшін ол туралы нақтылы мәліметтер болуы және оларды белгілі бір жүйеге келтіру шарт. Ең алдымен сыналатын малдың шежіресін (родословная) жасау керек. Малдың шежіресі деп оның ата-тегі туралы мәліметтер толық және белгілі бір тәртіппен жазылған документті айтады. Шежіресі жасап бағаланатын малды пробанд деп атайды. Зоотехникалық әдебиетте шежіре жасаудың әр түрі кездеседі. Мысалы, көлденең, жанама қабырғалас, тізбекті, фигуралы. Бұлардың ішінде ең жиі қолданылатыны көлденең горизонтальды түрі. Біз осы түріне ғана түсінік береміз.
Шежіре кестесін мына тәртіппен жасайды. Әуелі үлкен квадрат сызылып, оның үстінен шежіресі жасалатын малдың (пробандтың) аты, номері, туған жылы және өнімі туралы деректері жазылады. Одан кейін квадратты көлденең қатарларға бөледі. Қатардың саны шежірені неше атаға дейін жасауға байланысты. Әдетте үш-бес атадан аспайды. Есте болатын бір жәйт – қатардың ені пробандтан алыстаған сайын үлкейе беруі қажет, яғни екіншісі біріншіден ұзын, үшіншінікі екіншіден ұзын, сөйтіп кете береді. Бұл әр қатарда жазылатын ата-ененің санына байланысты.
Ата-тегінің кестеде орналасу тәртібі, олардың әрқайсысының пробандқа жақындығына байланысты. Жақындығы бірдей ата-енелер бірқатарда орналасады. Бірінші қатарда әкесі мен шешесі, екінші қатарда аталары (әкесінің шешесі мен шешесінің шешесі), үшінші қатарда – үшінші атадан қосылатын арғы аталары жазылады. Сөйтіп кете береді. Зоотехниялық әдебиетте әр малдың енесі (шешесі) өз қатарының сол жағында, атасы (әкесі) оң жағында жазылады. Селекция тәжірибесінде, шежіре жасағанда немесе жазба текстілерінде ата-тегінің пробандқа (бағаланатын мал) туыстық жақындығын көрсету үшін қысқартулар пайдаланылады.
Зоотехниялық тұрғыдан шежірелерге дұрыс талдау жасау арқылы, мал тұқымын асылдандыруға тікелей қатысы бар мына мәселелер шешіледі.
1) Шежіре мәліметтерімен бағаланып отырған малдың тұқымын дәл анықтауға болады. Селекция тәжірибесінде малдың таза тұқымдығын жоғары қанды будандардан айырудың маңызы үлкен.
2) Белгілі бір тұқым мал табынын құрайтын негізгі өкілдерінің шежіресін талдау арқылы, табын ішіндегі өзіндік ерекшеліктері бар туысқан топтарды, аталық іздер мен аналық ұяларды, олардың тегін, шағылыстыруға үйлесімділігін анықтайды.
3) Пробандтың өзінің қандай топқа жататыны, оны алудағы қолданылған шағылыс түрі (туысқандарды шағылыстыру, туыс емес малдарды шағылыстыру), жұп таңдау принциптері (біртекті немесе әртекті) анықталып, оларға баға беріледі.
4. Шежіреге қарап малдың ата-енелерінің өнімдік және тұқымдық сапасын бағалау арқылы, оларға бағалау арқылы, оның өзінің тұқымдық қасиеті туралы болжамды қорытынды жасалып, сұрыпталады.
Малды ата-тегі бойынша сұрыптаудың, тек бір жыныстың өкілдерінде болатын белгілер үшін маңызы үлкен. Мысалы, сүттіліктің, жұмыртқалағыштың гендері (нәсілдік қасиеттері) ұрпаққа атадан да, енеден де ортақ беріледі. Бірақ та бұқаны өзінің сүттілігі немесе әтешті жұмыртқалағыштығы бойынша сұрыптау мүмкін емес. Осы ретте олардың енелері өнімділігінің көрсеткіштері үлкен роль атқарады.
Малды шежіресі бойынша бағалағанда мына төмендегі негізгі қағидаларды басшылыққа алу керек.
1) Ата-тектердің шежіредегі орналасу реті (орны). Шежіредегі нақтылы бір аталық пробандтан алыстаған сайын, оның әсері кеми береді. Әдетте шежіресінің алдыңғы қатарларында өнімі көп ата-бабалары жоғары бағаланады.
2) Шежіредегі жоғары өнімді, аса құнды арғы ата-енелерінің саны. Ата-тегінде аса құнды ата-енелерінің саны көбейген сайын, бағаланып отырған малдың тұқымдық құндылығы арта береді деп есептелінеді. Егер олар шежіренің екі жағында да кездесіп, қайталанатын болса тіпті жақсы болады.
3) Ата-енелерінің сапасы. Малды ата-тегі бойынша сұрыптағанда оның жекелеген ата-енелерінің өніміне мән берілуі қажет. Пробандтың тегінде рекордтық көрсеткіші бар және ұрпағының сапасы бойынша тексерілген ата-бабаларының болуы, оның тұқымдық қасиеті жақсылығының дәйекті кепілі деп есептелінеді.
4) Нақтылы белгілер бойынша малды тегіне қарап бағалағанда ол белгілердің тұқым қуалаушылық дәрежесінің маңызы үлкен. Сұрыптау белгісінің тұқым қуалаушылық дәрежесі төмен болған сайын шежіре құндылығы да төмендей береді, яғни шежіреге сенім азаяды.
5) Малды ата-тегіне қарап бағалағанда шежіреде кездескен әр түрлі аталық іздер мен аналық ұялардың үйлесімділігін байқау қажет. Үйлесімді жұп қайталануы шежіреліктің кепілі.
6) Мал шежіресіне талдау жасағанда оның кем дегенде үш атаға дейінгі ата-енелерін алғандағы қолданылған жұп таңдау принциптерін анықтау қажет. Біртекті (гомогенді) жұп таңдау әртекті (гетерогенді) жұп таңдауға қарағанда, сол белгінің нәсілдік қасиетінің гомозиготалық (біртектілік) дәрежесін жоғарлатып, тұқым қуалауын тұрақтандырады.
7) Малды ата-тегі бойынша сұрыптауды мүмкіндігінше оның өз финотипіне сәйкес сұрыптаумен ұштастыру қажеттігін әр уақытта естен шығармау керек.
Малды ұрпағының сапасы бойынша сұрыптау. Мал тұқымын асылдандырып, өнімін арттырудағы прогресс, сайып келгенде мақсатқа сәйкес, құнды нәсілдік қасиеті бар малды дәл тауып, солардан көп ұрпақ алуға байланысты.
Малдың тұқымдық құндылығын анықтаудың ең сенімді әдісі – оны ұрпағының сапасы бойынша сұрыптау. Малға ұрпағының сапасына байланысты берілетін баға ең соңғы қорытынды баға.
Тұқымдық малды ұрпағының сапасына сұрыптау, барлық түліктер үшін маңызы бірдей селекциялық әдіс. Мал тұқымын асылдандыру жұмысында сұрыптау белгісінің тұқым қуалау дәрежесі төмен болған сайын, бұл әдістің маңыздылығы арта береді.
Селекция тәжірибесінде ежелден еркек малды ұрпағының сапасы бойынша сұрыптауға аса мән берілгені белгілі. Бірақ та, жүйелі селекциялық әдіс ретінде, ол басында Англияда (ХVІІІ ғасыр), кейінірек Ресейде (ХІХ ғасыр) және басқа елдерде жоғары өнімді мал тұқымдарын шығару кезеңінде қалыптасады.
Селекция тәжірибесінде ұрпағының сапасы бойынша еркек малдың жалпы тұқымды жақсартуға тигізетін әсері, әсіресе қолдан ұрықтандыру кең пайдаланылатын түліктерде өте үлкен. Бір бұқадан немесе қошқардан жылына он мыңдаған төл алудың қазір ешқандай қиындығы жоқ. Ұрықты ұзақ мерзімге сақтаудың жаңа тәсілдері еркек малдың бұл артықшылығын одан әрі күшейтіп отыр.
Екіншіден, әр уақытта еркек мал ұрғашы малға қарағанда қатаң сұрыпталады. Мысалы, қолдан ұрықтандырған жағдайда мүйізді ірі қарада бұқаның жүзден бір ғана, қошқардың бестен бірі пайдаланылады. Ал сиырды немесе саулықты өніміне байланысты сұрыптау жұмысы бұдан әлде қайда төмен.
Үшіншіден, жалқы төлді және ұзақ баяу өсетін түліктердің енесіне, төлінің сапасына қарай нақтылы баға беруге (кем дегенде 2 төл алу керек) өте көп уақыт кетеді. Мысалы, сиырды ұрғашы бұзауының сапасына қарап бағалау үшін 10 ай ол төлдің дүниеге келуін, 16–18 ай оның жыныстық жетілуін, 10 ай буаздығын, одан кейін 10 ай сауылуын күтеміз, яғни бір төліне ғана баға беру үшін кем дегенде 4 жыл (48 ай) күтуіміз керек.
Төртіншіден, келесі ұрпақ алуға қатысатын ұрғашы малдың тым көптігіне байланысты, олардың әрқайсысында барлық төлінің сапасына қарай баға беріп шығудың мүмкіншілігі аз.
Қазақстанда мал шаруашылығын дамытудың қазіргі кезеңінде мал санын, әсіресе қой санын, өз төлінен көбейту міндетіне байланысты табынның өнімділігін арттырудың негізгі жолы – тұқым малды қатаң сұрыптап, оның ең тәуірінен көп ұрпақ алу екені, әр уақытта есте болу керек.
Достарыңызбен бөлісу: |