1.4 Малды фенотипі бойынша сұрыптау
Малды фенотипі бойынша сұрыптау мына төмендегі екі топ белгілерге баға беруге негізделген:
1) дене бітімі мен сыртқы дене пішіні;
2) негізгі өнімдік қасиеттері.
Малды дене бітімі мен сыртқы дене пішіні бойынша сұрыптау. Сұрыптаудың бұл тәсілі, мал тұқымын асылдандыру жұмысында ертеден қалыптасқан, әрі күні бүгінге дейін барлық шаруашылықтар үшін маңызын жоймаған түрінің бірі. Мұның бірнеше себебі бар.
Біріншіден, барлық түлік малының дене бітімі мен дене пішіні оның өнімдік бағытымен, өнімділігімен, әсіресе денсаулығының мықтылығымен біршама тығыз байланысты. Осыған орай малды дене бітімі мен дене пішіні бойынша сұрыптау арқылы, оның өнімдік қасиеттерін жақсартуға болады.
Белгілі ғалым – селекционерлер М. Ф. Иванов, П. Н. Кулешов, Е. Ф. Лискун, В. А. Бальмонт, К. Д. Филянский және т.б сұрыптау тәжірибесінде малдың дене бітіміне өте үлкен мән берген.
Екіншіден, негізгі өнімдері тек аналықтарында болатын малдың аталықтарының өнімділік бағытына сәйкестігін олардың тек дене бітіміне және дене пішініне қарап анықтауға болады. Мысалы, сүтті сиыр тұқымдары бұқаларының өнімділік бағытына сәйкестігін, сол сияқты жұмыртқалағыш тауық тұқымы әтештерін, олардың дене бітіміне, түр – тұлғасына қарап қана бағалауға, яғни сұрыптауға болады.
Үшіншіден, селекция тәжірибесінде ауыл шаруашылық малын тым ерте, әлі өнім беретін жасқа толық жетпеген уақытта сұрыптау қажеттігі жиі кездеседі. Мысалы, көптеген шаруашылықтарда алынған төлдің бәрін аналық басты толтыруға қалдырудың қажеттігі жиі кездеседі. Мысалы, көптеген шаруашылықтарда алынған төлдің бәрін аналық басты толтыруға қалдырудың қажеттігі болмайды. Сондықтан төлді, мысалы бұзауды немесе қашарды сұрыптап, жақсыларын шаруашылықта қалдырып, ұнамсыздарын сатқан жөн. Олардың ұнамды – ұнамсыздарын тек ата – тегінің сапасы мен дене бітіміне, түр – тұлғасына қарап қана ажыратуға болады. Себебі олар негізгі өнімін (біздің мысалымызда сүт) беретін жасқа жеткен жоқ.
Төртіншіден, селекция тәжірибесінде ауыл шаруашылығы малының барлығын да еттік қасиеті бойынша сұрыптаудың тиімді жолы – дене бітімі мен дене пішініне қарап бағалау. Сөз жоқ, малдың еттілік қасиетін сипаттайтын дәл көрсеткіштерді (сойыстық салмағы, ұшасының салмағы, етінің морфологиялық құрамы т.б.), оны сойғаннан кейін алады. Бірақ тұқымға қалдыратын малдың еттілік қасиетін бұл тәсілмен сипаттауға, бағалауға болмайды (сойғаннан кейін ұрпақ алынбайды). Ол үшін малды тірі кезінде дене бітімі мен дене пішіні бойынша сұрыптап шығарады. Малдың дене бітімі мен дене пішініне қарап, оның еттілік қасиетін жеткілікті дәрежеде бағалауға болады.
Түліктің түріне, малдың тұқымына, өнімдік бағытына байланысты дене бітімі мен пішіні бойынша сұрыптаудың өзіндік ерекшеліктері бар. Осыған байланысты кездесетін төмендегідей ортақ белгілер есте болу керек.
Қай малдың болмасын өнімдік бағытына сәйкес берік дене бітімі болып, керісінше, белі көзге түсетін қайқы немесе бүкір, кушиған кеуде мен бөксе, майысқан тірсек, жалпы нәзіктік болмауы керек.
Дене жұмыр, кеуде кең, аяқтары мықты және дұрыс бітсе, арқа, бел жазық, бөкселі болса, бұл жалпы дене бітімінің мықтылығын көрсетеді.
Малға дене бітімі мен сыртқы түр пішініне қарап баға бергенде, оның әлсіздігінің айқын дәлелдері деп саналатын мына төмендегі көзге тез түсетін сыртқы белгілерге баса назар аудару керек: көз айналасында ашық (түксіз) қызғылт терінің болуы мал дене бітімі нәзіктігінің белгісі: құлақ терісі түгінің ұзын, тіпті біршама ірілеу болуы дене бітімінің мықтылығын, ал құлақтың тым жұқа, сирек түгі болып, күнге қаратқанда қызғылттанып тұруы, керісінше дене бітімінің нәзіктігінің белгісі: сирақтарының іш жағында терісі жалаңаштанып, күреңденіп тұруы да дене бітімінің нәзіктігінің белгісі: сирақтарының іш жағында терісі жалаңаштанып, күреңденіп тұруы да дене бітімінің осалдығын көрсетеді.
Малдың дене бітімін, түр – тұлғасын негізінен бонитировка жүргізген кезде бағалайды. Сондықтан бұл арада қай түлікте қандай тәсілдің жиірек қолданылатынын айтумен ғана шектелеміз. Сиырдың сыртқы түр – пішінін, жетілу дәрежесін балл санын беру арқылы бағалау қалыптасқан.
Малдың сыртқы түріне қарап оның беретін нақтылы өнім мөлшерін анықтау өте қиын. Дегенмен дене бітіміне, сыртқы түр – пішініне қарап малдың жақсы – жаманын ажыратуға, өнім бағытын анықтауға болады. Жалпы мал шаруашылығы тәжірибесінде кейбір дарынды селекционерлердің тек сырт пішіні бойынша сұрыптау арқылы жақсы нәтижеге жеткен мысалдар аз емес. Ел арасында аңызға айналып, өлең – жырға арқау болған сыншылар өнерінің сыры – олардың жылқының сыртқы түр – пішіні мен жүйріктігі арасындағы байланысты жетік білулерінде.
Достарыңызбен бөлісу: |