Нивалдық климат – жылдың барлық мезгілдерінде жауын-шашын көп мөлшерде қар, бұршақ түрінде түсіп, жылдың жылы мезгілінде қары еріп, суы буланып үлгермейтін климат. Жауатын қар еритін қармен оның буланатын мөлшерінен басым болады. Мұндай аймақтардың қары жинала келе мәңгі қарға айналады да, мұздықтарға бастама береді. Нивалдық климат жағдайларында негізгі рельеф құратын фактор – жылжымалы мұздықтар. Қар мен мұз жамылғысы болмаған ашық жерлерде физикалық үгілу процесі қарқынды түрде дамиды. Аязды процесс немесе нивация (қардың тау жыныстарын бұзу процесі) – температураның ауытқып, қардың қатуы мен еруінің алма-кезек ауысуы нәтижесінде, онымен беттескен тау жыныстарының аяздық үгілуге ұшырап бұзылуы. Рельеф құрылуға мәңгі тон процесі де елеулі әсер етеді. Нивалдық климатқа биік ендік және қар шекарасынан жоғары көтерілген заңғар таулардың биік бөліктері тән.
Полярлық немесе көп жылдық тоң топырақтың таралу аймақтарының климаты – қысы қатал, әрі ұзақ поляр аймағының климаты. Күн радиациясы аз, жазы қысқа, әрі суық. Жаздың ең жылы айдағы орташа температура 00-тан төмен болады. Қыстаауа райы ашық, жазда – тұманды, әрі бұлтты. Жауын-шашыны аз – жылына 200-300 мм-ден аспайды. Осындай климат бұрын қалыптасқан мәңгі тоң топырақтың ерімей сақталуына және солифлюкциялық процестердің дамуына қолайлы жағдай туғызады. Бұл суға әбден қаныққан топырақтың және жұқа дисперсиялық тау жыныстардың аяздан қатқан беттің үстімен төмен қарай баяу сырғып ағуы.
Гумидтік климат – аса ылғалды климат. Мұнда жыл бойы түсетін жауын-шашын топыраққа сіңетін және буланып кететін судың мөлшерінен едәуір басым болады. Атмосфералық судың артығы беткейлер бойымен сорғалап ағып, алаңдық шаюды қоздырады немесе тұрақты және уақытша аққан судың нәтижесінде рельефтің әр түрлі эрозиялық пішіндерін қалыптастырады. Сондықтан эрозиялық пішіндер торы гумидті климат жағдайында жиі қалыптасады. Ылғалды және жылудың көп мөлшерде болу себебінен гумидті климатты аймақтарда химиялық үгілу процесі мейлінше қарқынды жүреді. Бұған қоса карст процестері де дамиды. Жер шарында гумидтік климат үш белдемге бөлінеді: оның екеуі қоңыржай белдеулердің Солтүстік және Оңтүстік жартышар бөлігінде дамыса, үшіншісі экваторлық белдеуге бейімделген. Климаттың бұл түріне, яғни оның рельеф түзетін ролінің сипатына сәйкес субтропиктердің және қоңыржай белдеулердің муссондық аймақтары жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |