Сарыпбекова газиза сейтанкызы


«ҚҰТАДҒУ БІЛІК» - ЖҮСІП БАЛАСАҒҰННЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНЫҢ ЖАРҚЫН КӨРІНІСІ



бет9/18
Дата11.10.2023
өлшемі195.08 Kb.
#480466
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   18
сарыпбекова газиза

2 «ҚҰТАДҒУ БІЛІК» - ЖҮСІП БАЛАСАҒҰННЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНЫҢ ЖАРҚЫН КӨРІНІСІ
2.1. «Құтадғу білік» еңбегіндегі діни - философиялық толғамдар

Түрік және парсы мәдениетінің нәрлі ұйытқысында туындап, араб дүниетанымының қуатты ықпалымен толысқан ойшыл өз шығармашылығында адамның қоғамдағы орны мен қызметін түсінуге ұмтылып мінсіз қоғам жайындағы өзінің биік философиялық мұраттарын дүниеге келтірді, Оның «Құтты білік» атты кітабы — бограханов тілінде түрік сөздерімен жазылған өмірлік ақыл-ойдың философиялық ескерткіші. Автор өзі айтқанындай, егер араб, тәжік тілдерінде мұндай кітап мол болса, ол біздің тіліміздегі даналықтардың (алғашқы) біртұтас «жиынтық мұрасы».


Ежелгі Түркістанның батысы мен шығысында бірдей ІХ ғасырдан бастап-ақ ықпалды іргелі елдік құрған Қарахандар әулетінің билігі дәуірлеп тұрған заманнан бізге жеткен Жүсіптің «Құтты білігі» адамзат өркениетінің өлмес қазыналарының баға жетпес асыл мұрасы. Осындай кең толғамды, тарихи, парасатты пайымдаулар мол ғылыми ойдың, ақындық өнердің үздік дара туындылардың дүниеге келуіне белгілі бір өркениетті ахуалдың құнарлы топырағы, тарихи-әлеуметтік орта тынысы мен қоғамдық саяси жағдайлардың заңдылықтары болғаны күмәнсіз.Бұл классикалық шығарма сол кездің өзінде белгілі дәрежеде тарихи-идеологиялық, психо-педагогикалық, әдеби-мәдени дәстүрдің, көркемдік–эстетикалық танымның қалыптасқан мектебінің болғандығын меңзейді. Мұндай көлемді шығармалардың дүниеге келуі, жазылуы–тұтас бір шығармашылық кезеңнің, өрісті дәстүрдің жемісі. Сол кездің өзінде-ақ түрлі ірілі-ұсақты, мәнді-мәнсіз сан алуан шығарма, жазбалардың болғандығын бүгінге дейін сақталып келген түрлі тізбелерден жақсы аңғаруға болады. Бір қызығы, Орта Азия мен Қазақстан жерінде жазылған шығармалар жөніндегі көне сипаттамаларда, библиографиялық тізбелерде осы еңбектің аты аталмайды. Мәселен, Әбу Сеит Сәмәдидің (1113 ж.ө.) белгілі «Китәб Әл-әнсәб» атты еңбегінде, сол дәуірдегі белгісіз, ұсақ авторлар жөнінде жүздеген бет мағлұматтар жазылғанда, Жүсіп Баласағұнның әлемге аян еңбегі хақында еш дерек түспеген. Аталып, түстеліп, хатталып ен тағылған шығармаға қарағанда «Құтты біліктің» бізге тұтастай сақталып жеткені ерекше жағдай.
Түркі мәдениетінің ұлы да ұлағатты әдеби ескерткіші «Құтадғу білік» дастанын жазған Жүсіп Баласағұнидың өмірі мен қызметі, мақсаты, жас шамасы хақында деректерді негізінен шығарманың өз мәтінінен ғана табамыз. Дастанның ел өміріндегі маңызы, сипаты мен қасиеті, мұрат-мақсаты мен тілі жайлы мағлұматтар да мәтінде кездесетін автордың өз пайымдауларынан жақсы аңғарылады. Жүсіп Баласағұн –ХІ ғасырдың аса көрнекті ақыны, есімі күллі шығыс елдеріне белгілі болған данышпан-ойшыл, энциклопедист-ғалымы, белгілі қоғам қайраткері.Ол өз замандастарына және өзінен көп жылдар кейін өмір сүрген ұрпақтарға орта ғасырдың ғалымы, дәлірек айтсақ, табиғаттану, риезиет (математика), фәләкиәт (астрономия), тарих, араб-парсы тілдер білімі т.б. толып жатқан ғылым салаларын жете меңгерген ғұлама ғалым ретінде жақсы мәлім болған.
Әйтсе де, Жүсіптің есімін әлемдік әдебиет тарихында мәңгілікке өшпестей етіп жазып қалдырған бірден-бір тарихи-әдеби мұрасы–«Құтадғұ білік» дастаны. Бұл дастан кәзіргі түркі тілдес халықтардың орта ғасырдағы тарихы, қоғамдық саяси өмірі, ғылымы, әдебиеті мен мәдени дәрежесі, әдет-ғұрпы, наным-сенімі т.б. жөнінде аса қызықты да құнды, әрі қыруар мол деректер беретін көркем туынды. Бұл парасат, әділет пен бақыт жайлы сұрақтарға өзіндік ізденістерімен түбірлі жауап берген «Құтадғу біліктің» орны мен маңызын айқындауға мүмкіндік береді. Танымның бастау көзі ретінде әділеттілік пен бостандыққа ұмтылу алынады. Ықылым заманнан бері таным белгісі санадған әділеттілік пен бостандықты білдіретін қайықтың қос ескегін күрей тартқан адам бейнесі еске түседі. Әділет дами келе заңдылықты ұғынуға, бостандыққа ұмтылуға, өзін-өзі тануға, сана-сезімге әкеледі. Заңдылық жолымен одан әрі даму соның ықпалымен Кеңістік пен уақыт категориясын ұғынуға әкеледі, ал сана-сезім символ мен сан ұғымдарына ұласады. Танымның шешуші кезеңінде осының бәрі болмыс, кеңістік пен символистиканың бірігуімен түсіндіріледі, яғни ақиқатқа жету жолының одан айқын бірегейлігін білдіреді [16, 26]. Еңбекте жалпы философиялық-әлеуметтік танымдар тәжірибелік және танымдық жақтарды біріктіретін кең ауқымды жобамен, мақсатты мүддемен іске асырылған. Бұл әлемді ғылыми немесе тарихи әдістен гөрі, көркем әдіспен игеруді әліптеді. Мұнда негізінен символ мен сандарды бейнелеу (образ), меңзеу мен әсерлеуді, уақыт, кеңістік, шындық және постулатпен бірге қатар қолдану басым болды. Мұның өзі танымның көркем және ғылыми әдістерін ұштастыра қолданудың мысалы. Бұл ортағасырлық Шығыс ойшылдарына тән үйлесім Баласағұн ғибратында суреткершілік және ойшылдық, ғұламаның және философтық қасиеттердің үйлесім табуынан, ғалым даналығының біртұтастығынан хабардар етеді. Бейнелеуді қолдану әрбір адамның рухани байлықтарды игеруі мен қабылдауың, оның мінез-құлқының ішкі-сыртқы сырын ұғынуға мүмкіндік береді. Мәдениетті тануға осындай көзқарас ғұламаны осы мәдениет өкілдерін біріктіріп тұрған жалпы адами рухани байлықтардың (нақтырақ айтқанда) — мұрат, дін, этика, өнер және философияның мәнін саралауға алып келді. Мейірім, ақиқат, сұлулық, ғылым және адам ұғымдарын бірлікте қарастыра отырып, ғұлама күрделі төрт ұғымды ерекше алады, оларға балама бейне ретінде түрікше ат қояды. Заңға хұзір ететін Әділет — Күнтуды болса, ақылға — Өгдүлміш уәзірдің баласы жүгінді. Бақытқа — Айтолды, қанағатқа — Одғұрмыш (уәзірдің хенжейі) ие болды. Бұл атау ретіндегі балама бейнелердің өзіндік мәні бар. Мысалы: Әділет — шыққан күн, Бақыт — толған ай,Ақыл Өгдүлміш белсенді өмір жолын ұсынса, Қанағат - Одғұрмыш, керісінше, бұл өмірден оқшаулануды, тақуалықты, құдаймен қауышуды уағыздайды. Автордың сопылыққа жақындығы осыдан көрінеді. Өйткені, ол бір жағынан көшпелі қарахансу бектерінің көзқарасын білдіре отырып, отырықшы халық арасындағы өз мұраттарын жүзеге асыру үшін қажет жалпы мұсылмандық қатаң шарттарды да уағыздады, екінші жағынан, қоғамның әлеуметтік және құлықтық кеселін, ақауын сынға алатын сопылыққа ден қойды. Шығыс философиясы негізінен философиялық емес сипаттағы шығармаларға негізделген, өйткені, қатаң, бекітілген Батыстағыдай философиялық толғам болмады. Шығыста Орта ғасырларда туған, кәсіби қалыпқа түскен философиялық тұжырымның университеттік емес түрі, бұл жерде философиялық емес қалыптағы философияның дамуы дүниеге келді. Философия мәдениеттің дүниетанымдық негіздерін ой елегінен өткізу арқылы жаңа мәнділікті дүниеге келтірді, осы әмбебап жаңа мәнділіктерді ақыл таразысына салып, философемдердің, яғни философиялық ұғымдар мен категориялардың жүйесін түзеді. Дегенмен, Шығыста пайымдаудық философиялық емес қалыптарының басымдығынан бұл ұғымдар дәстүрлі текстерде көмескіленіп мәнін тереңде сақтаған. Шығармалар тақырып жағынан діни, көркем, қоғамдық-саяси, жаратылыстану ғылымына арналған немесе басқа да салаларды қамтиды. Бұл философиялық жүйелердің зерттеуін әлеуметтік-мәдени негізде құрып, дүниетанымдық мүддені танытатын шығармалардағы философемдерді екшеп алу қажеттігін алға қояды [17, 27].
Жалпы алғанда, философия адамзаттық мәдениеттің жеткен шегі мен алған биігінің дүниетанымдық әмбебаптығын зерделейді. Барлық адамдарға философияны игеру міндет емес, тек адам тіршілігін қалыптастыратын дүниетаным әмбебаптығын меңгеру ғана қажет екені белгілі. Сонымен, философия мәдениет күйзеліске ұшыраған шақта қажет. Осы кезеңде философиялық пайымдаудың айқын әдісі, жоғары дедгейдегі философиялық жалпылаулардың қажеттігі туады. Ал, дәстүрлі, бір қалыпты дамушы мәдениет үшін философиялық емес қалыптағы философиялық ойламалдау тән. «Құтты біліктің» бар төрт кейіпкері де ұлықтық пен кішіктік ізетін сақтай отырып, сұрақ-жауап жолымен тілдеседі. Өйткені, Күнтуды — әмірші, Айтолды — уәзір,Өгдүлміш — уәзірдің баласы, Оғдұрмыш — уәзірдің ағасы. Тиісінше олар Әділетті, Бақытты, Ақыл мен Қанағатты тәтты көрсетеді. Құдіретті әмірші Күнтуды Айтолдыны уәзірлік қызметке шақырады. Ақ, адал қызмет еткен Айтолды өлген соң әкесінің орнына Өгдүлмішті қызметке алады. Әмірші одан ағасы Одғұрмышты да өкімет ісіне араластыруды бірнешс рет өтінеді, бірақ, Оғдұрмыш үш мәрте бас тартады. Күнтуды мен Одғұрмыш арасындағы күрделі басталған қатынастын соңы, өзара түсіністік пен сенімге ұласады. Бұл олардың өмірдің мәні мен дүниені мистикалық пайымдау жайлы әңгімелерінен көрініс табады. Кітап осы төрт кейіпкердің сұрақ-жауабына құрылады. Кітаптың сұрақ-жауап, диалог түрінде жазылуы Авестадан бері келе жатқан дәстүрді жалғастыра келіп, ақыл-білімге, кемелдікке деген ізденісін сол кейіпкердің сөзіне жинақтайды. Адам мүмкіндігі шексіз екендігін, адамның әділетке жете алатындығын, мұсылмандардың қырқыншы парызы - ғылымның таным үрдісіндегі ролі туралы айтады. Бала тәрбиесі, адамгершілік т.б. көптеген мәсслелер қамтылған. Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білігінде» қамтылған нәрсе, айтылған ойлар автордың аса білімді адам екенін көрсетеді. Ол -ойшыл, ғалым, араб-парсы поэзиясын, түрік ауыз әдебиетін жетік білетін ақын, астрономия, математика, медицинадан хабары бар, әз дәуірінің білімпазы. Антика ойшылдары Евклид, Платонды білген, астрономия, геометрия, алгебра ғылымдарын үйреніп, өткен ұрпақтың тәжірибесіне кеңес берге.
Дастанның алғашқы бөлімдерінде исламның ережелері, тіл, білім, қайырымдылық, адамгершілік туралы айтылады. Алланың құдіреті шексіз екендігін, Мұхаммед пайғамбар мен оның төрт сахабасы (достары) туралы кіріслесінде жазған. Бұдан кейін кітабын арнап отырған аса қадірлі Бураханға еңбегін ұсынып оны мақтайды [18, 28]. «Құтадғу біліктің» ең негізін көтерген мәселесі - адамгершілік. Берер тағлымы адамгершілікте. Адамгершіліктің сан саласы бар. Оның бірі - тілді тыйып ұстап, орынды жұмсай білу. Тіл екі жүзді қанжар секілді. Тілден бақ қонады, тілден бас кетеді. Туындыгер сонымен бірге, адамгершілікке қарама-қайшы қылықтардан сақтандырады. Олар: жалған сөз, екі сөйлеу. шарапқұмарлық, жүгенсіздік, зымияндық, ащы тіл.Бұл жерде жалған сөзбен екі сөйлеуді бір нәрсе десе де болады. Ж.Баласағұн бес нәрседен сақтандырады. Ұлы Абайдың бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол, адам болам десеңіз" - дегендегі бас жамамдығы Жүсіп Баласағұни ойларымен үндеседі. Абай сынаған қылықтар: өсек - өтірік айту, мақтаншақтық, еріншектік, бекер мал шашпақтық қазақ әдебиетіндегі Абайға дейін келген бес асыл іс пен бес жамандықты суреттеу дәстүрі Ж.Баласағұни заманынан бар екені аңғарылады. Жақсы-жаман қасиеттерді санамалап айту Авеста кітабында да бар болатым. Егер «Құтадғу білікті» этикалық тұрғыдан қарастырсақ оның пәндік сұхбаттан айырмашылығы — мұнда қызмет етуші адамның қиналысы мен адамгершілігінен және нарасаттылығынан бастау алатын ар-ождан басты нәрсе болып табылады. Этиканың онтологиядан және метафизикадан айырмашылығының, өзі адамның қайғы қасыретке тап болған жан дүниесіне бойлауында жатыр. Баласағұн сондықтан да көбінесе кедейліктің, қайғы-қасіреттің тауқыметін тартқан адамдардың жан айғайын тақырыпқа арқау еткен. Сондықтан да гносеология мен ғылымдағы орталық ұғым ретіндегі ақиқаттың орнып этикада қасірет иеленген.
Өмірдің мәні мәселесі психологиялық сезімдерді қамтыған этикалық дүниетанымға да қатысты. Қазіргі кезде әдеп, мінез-құлық, адамгершілік туралы философиялық трактаттар, нақыл сөздердің тамаша үлгілері Батыс пен Шығыстың ортақ мұрасына айналып отыр. Араб, парсының данышпан ойшылдары мен ақындары тудырған ұлы мұралардың әдеп-инабаттық бағыты басым болып келеді. Ал Мұхаммед (ғ.с.) пайғамбарымыздың үмбеттеріне өсиет етіп қалдырған хадистері ислам дінін танытуға қоса, жақсылық-жамандық, адалдық-арамдық, ар-иман, обал-сауап, әдеп нормалары жайындағы ұлы өнеге нұсқау болып табылады. Этика адамзаттың кісілік жаратылысын сипаттайтын, нәзік те, келісті әрі күрделі құбылыстың тұңғиық терең табиғатын, мәнін, жалпы адамзаттық және ұлттық сипаттарын, алуан түрлі көріністерін, олардың озық үлгілерін ата мұраға адал осы замандық жас ұрпақтың бойына дарыту жолдарын ғылыми тұрғыдан жан-жақты қарастырады. Зардап шегуші адамдар бұған кінәлі қанаушылар деп түсінді. Бірақ, қанау бар да, қанаушы жоқ екен. Оның үстіне, бұл дүние мүлдем түсініксіз, өйткені, алдау бар да, алдаушы жоқ, рухани зорлық зорлаушысыз іске асады. Этика әрқашан жеке меншікке қарсы болып келді және ортақ меншікті қолдады, Өйткені, бай дүниесін жарлымен бөлісуі керек деді. Әйтсе де, Баласағұн өзінің философиясында басқа барлық ғылымда да жалпы меншік жоқ деп көрсетті. Ойшыл адамзат болмысының мәселелерін арнайы зерделегенде ұстаз шәкіртінің бойынан өзінің бақталасын көре отырып, оның табысқа жетуіне мүлдем мүдделі емес екенін байқатты. Ғұлама «Құтты білікте» этика мен саясатта идеологияны ұйымдастырушылардың өктемдігі жиі кездесетіні жайлы ащы ой түйеді. Олар ғылымның жетістіктерін саралай қарайды, бірін өз мүдделеріне пайдаланса, енді бірін назардан тыс қалдырады, осының өзі ғұламаны өмірден торығушлыққа, түнілуге әкеледі. Билік иелері оның еңбегін жоғары бағалағанмен, Баласағұнның өзі олардың тарапынан түсінбеушілікке кездесіп, оның өмірін сарп еткен ісіне қауіп төніп отырды.
Жүсіп Баласағұнның кейіпкер-символдарының шынайы мәнін әл-Фараби дәстүріне сүйеніп, әсіресе оның Платон мен Аристотель еңбектеріне жазған түсініктемелерін есепке ала отырып, түсінуге болады. Осы мәселеде әл-Фарабидің Аристотельдің «Никомах этикасына» жазған түсініктемелері, сонымен қатар, оның философиялық білімді теориялық және практикалық деп бөлуі де аса маңызды болды. Ең ерекше игілік - әл-Фарабидің айтуынша, ақыл, парасат арқылы меңгеріледі. Ақыл, парасаттың қызметі қалай болса солай бет алды жүргізілмеуге тиіс, онда мақсаттылық сипат алады. Бір сөзбен айтқанда, әл-Фараби адамдардың өзі көздеген мақсатына жетуі оның өзіне ғана байланысты екенін айтады. Адам рухани жағынан үнемі өзін-өзі жетілдіріп отыруға тиіс, адам тек ақиқатты, айналадағы дүниені танып-білу арқылы жетіледі деп түйін жасайды. Баласағұнның ойынша, қоғам құрылымындағы парасаттылық әдетте көзге ұрып тұрмайды, Әлеуметтік тәртіп бұзылғанда ғана оның орны біліне бастайды. Осы кезде жаңа мұраттар мен ұрандар пайда болып, халық қолдауына ие болады. Сондықтан да демократиялық қоғам байырғы шаруашылыққа ұқсас өзі туындап, қажет бағытта дамиды. Қоғамдық құрылымның парасаттылығын бостандык тәуелсіздіқ анықтайды. Әрбір адамның өз пікірін, еркін білдіретін мүмкіндігі болуы керек, осыдан келіп, буырқапа сыртқа шыққан шығармашылық, яғни жеке адамның бостандығы шығады, — дейді, Баласағұн әлеуметтік философиясында парасаттылыктың негіздемелік жағын да, бостандық мәселесінің іс жүзіндегі қырларын да өзара тығыз байланыста қарастырады. Баласағұн әрбір қоғам мүшесі өз орнын тауып сол орнында күшқуатын аямай қызмет жасауы керек деп білді. Осы мамандық иесі топтардың бірігуі мемлекеттің жемісті қызметіне, қоғамның және оның барлық әлеуметтік топтарының баюына мүмкіндік жасайды. Қарахандықтар исламды ресми түрде алғаш қабылдаған түркі мемлекеті болғаны белгілі. Осы мемлекеттегі қоғамдық иерархияда жаңа әлеуметтік топ – дінбасылар тобы қалыптасты. Қарахандықтарға дінді ала келгендердің арасында Әли әулеті ақсүйектердің негізін құрады. Мемлекеттің тірегіне айналатын бұл әлеуметтік топқа билеушінің қамқорлық жасауы керектігін «Қыл жақсылық, әр нәрсені беріп тұр» деген сөздер арқылы білдірсе
Туыстары, пайғамбардың мұқымы, -
Сол үшін сүй, Әлінің де тұқымын - деген сөздер арқылы жаңа әлеуметтік топтың пайғамбар әулетінен болғандығы үшін де ерекше құрметке лайық екендігін шегелей түседі. Қоғамдағы жасампаз әлеуметтік топтың бірі ғалымдармен араласуға көңіл қойған ақын «Білімі халық жолын нұрға малған», «Білімдар тірілтеді ақиқатты» деп олардың қоғамдық қызметін дәл айқындайды.
Болмаса бұл әлемде ғалым дана,
Бітпес ед жерде жеміс қасақана - деп оларға құрмет көрсетуді ұсынады. Өйткені ғалымдарды сыйлап, қадір тұту, олардың ілім, біліміне көңіл қою адамдардың бойына құт дарытады. Орта ғасыр билеушілерінің сарайында болатын дәстүрлі қызметшілердің қатарындағы сиқыршылар, түс жорушылар, жұлдызшылар, құшнаштардың кәсібі қазіргі уақытта архаизмге айналғанымен өз дәуірінде ерекше маңызға ие болған. Содан да Жүсіп олардың әрқайсысына жеке тоқталып, олардың кәсіптік қызметінен туындаған ерекшеліктерін атап шығады. Жүсіптің ерекше тоқталатын кәсіп иелері – шайырлар (ақындар). Олардың қызметі билік пирамидасының ұшар басындағы билеуші топ пен оның ұлтанындағы бағынышты бұқараның арасын жалғастыру, бітістіру. Ақынның осы саяси әлеуметтік қызметін
Атағың мақтаса олар – елге жетер,
Беделің жамандаса – желге кетер, - деп дәл айқындаған Жүсіп олармен қарым-қатынас жасаудың мынадай үлгісін ұсынады:
Тілесең мақтау, даңқ күйін бір күн,
Оларды риза қылып, сүйіндірген.
Оларға не қаласа – бер ұқсатып,
Тілінен өз құныңды алғын сатып, -
Жүсіптің бұл тұжырымы ақындардың билік иерархиясындағы элиталық қызметін одан әрі нақтылай түседі. Жүсіп Баласағұн халықтың әлеуметтік топтарын кәсіптеріне қарай жіктеп, олардың әрқайсысына сипаттама беруі жөнінде әл-Фарабиден әлдеқайда тереңдей түседі. Оның бұндай әлеуметтік талдаулар жасауы билеуші – бағынышты түріндегі қоғамдық қатынастардың әлдеқандай үлгісін қалыптастыру әрекетінен туындағандығы белгілі. Ақын бұл жерде қанағат -Одғұрмышты, ақыл - Өгдүлмішке жүгіндіріп, екеу ара сұхбат құрғызу арқылы мәселені талдайды. Жүсіп қоғамның әлеуметтік топтары арасында диқан қауымына ерекше мән береді.
«Сен бұлармен тіл табысып өтесің, -
Ас-тамақты қамтамасыз етесін деп,
Ашыққан ел, тойынған жан табынар
Бәрі де осы диқандардан табылар- деген тұжырымы арқылы қоғамның берекелігінің кепілі диқан қауымының адал еңбегі екендігін танытады. Сонымен бірге билеушіге ұсыныс ретінде
Сен бұлармен бірге салғын ізіңді,
Тілді майда, ашық ұстап жүзіңді, – деген кеңес айтады.
Қоғамдағы келесі бір әлеуметтік топ саудагерлер болса Оғдүлміш билеушісіне саудагерлермен қатыс, олар – барып-келер өріс екендігін ескертеді. Ортағасырлық қоғамдағы сыртқы байланыстардың өзегін құраған сауда-саттықтың өкілдері болған саудагер кәсібінің маңызын
Келмесе асыл керуендер Қытайдан,
Мың сан жібек көрмей елің жұтайды. -
Дүниеге жоям десең атынды,
Керуенге жақсылық қыл татымды, - деген оймен білдіреді. Қарахан мемлекетіндегі саяси тұрақтылық батыс пен шығыстың сауда-экономикалық байланыстарының нығаюына ықпал жасағандығы белгілі. Осы жерде елдің әл-ахуалын жақсартуды басты кездерде ұстау билеушінің басты міндетін деп айқындайды. Демек, Жүсіп Баласағұн билеуші қоғамның өз ішіндегі тұрақтылықты сақтау арқылы халықаралық байланыстарды нығайтуға тиіс екендігін ескертеді. Ақынның мал баққан шаруалар өмірімен жете таныстығы, олар туралы өте жылы лебіздер білдіруіне негіз болған. Ол шаруалар туралы:
Сенімі – шын, бақшасы жоқ қалалы
Еш адамға тиген емес залалы,-
деген сөздері арқылы қалалық мәдениеттің ортасында қалыптасқан көшпелілерге деген теріс пікірді жоққа шығаруға ұмтылады. Қоғамдық еңбек бөлінісі - өндірістік қатынастарды дамытып, халықтың материалдық игіліктердің молайтудың аса маңызды тетігі. Осы әлеуметтік-экономикалық құбылыстың екінші қыры – оның қоғамдық қатынастарды қалыптастырушы және реттеушілік қызметіне қатысты. Қоғамдық еңбек бөлінісі көшпелі және отырықшы өркениетті кіріктірген Қарахандықтар мемлекетінде қоғамды дамытушы және қоғамдық қатынастарды реттеуші фактор ретінде үлкен маңызға ие болғандығын аңғарамыз. Жүсіп Баласағұн дастанындағы түрлі кәсіп иелер түріндегі әлеуметтік топтарға берілген сипаттама және олармен билеуші арасындағы қарым-қатынас нормалары туралы үлгі-ұсыныстар ғылыми негізделген парасатты дүниетанымның жемісі болып танылған.
«Тағы бір топ, кәсібі оның – қол өнер –
тіршілігі сол өнерге бөлінер» деген ақын қолөнершілер қатарында «темірші, егінші, ағаш ұстасы, сыршы, оюшы, оқшы, жайшыларды» атайды. Олармен араласа жүріп, қуаныш қайғысын бөлісуді ұсынады. Бұл қарым-қатынастың тұрақтылығының кепілі ретінде
Бір іс қылса – ақысын бер қолына,
Ішкіз, жегіз, бер ауқатын молынан- деген тұжырым жасалады. «Құтадғу біліктің» берер тәлімі, ұлағаты көп және жан-жақты. Онда бүгінгі өз маңызын жоймаған философиялық, этикалық, эстетикалық, тарихи, географиялық, педагогикалық, психологиялық ой иірімдері көптеп кездесіп отырады. Дастанды оқыған сайын оның ғажайып әлемі өзіне тез тарта береді»,- деген [19, 29] Н. Мұсаеваның тұжырымын ортағасырлық ойшыл ақынның шығармашылығына берілген барынша әмбебап анықтама деп қабылдаймыз. Осы тұжырымды зерттеуіміздің мақсаты мен міндетіне орайластырар болсақ, онда Жүсіп Баласағұнның шығарманы дүниеге әкелген көзқарастар жүйесіне тереңдей енуімізге тура келеді. Өзіне дейінгі араб-ислам мәдениеті мен түркілік дүниетанымның кәусар бұлағынан сусындағын ақынның шығармашылығы екі өркениеттің тоғысында дүниеге келіп, бір-бірінен елеулі айырмашылықтары бар екі мәдени үлгіні біріктірудің алғашқы қадамдарының бірі болған деп білеміз. Қоғамдық практикада зәрулігімен танылған бұл әрекет кейіннен ұлттық дүниетанымда түркілік-исламдық мәдениеттің қалыптасуына негіз болып қаланған болатын.Қоғамдағы игілікті бөлуді реттеп отыру қажет, әйтпесе адамдардың көп бөлігі кедейленіп, аз бөлігі шектен тыс байиды. Ел басшысы байлықтың бөлінуі мөлшерін қадағалап, әркімге еңбегіне қарай ақы төлеп, мүліктік теңсіздіктегі мөлшер мемлекет бақылауында болуы керек. Ғалым жалпыға ортақ мүліктік теңдікке жету мүмкін еместігін түсінді, әр қашанда біршама бай кемесе кедей болатындықтан мұның қажеті жоқ еді. «Байлардың қолындағысының барлығын тартып алып, кедейлерге бөліп беретін» коммунизм қағидасы тек жалпы кедейлікке әкелер еді. Әйтсе де мөлшер шамасы сақталуы тиіс.
Байлардың жүгін орташыға артпағын,
Орташалар бұзылады мастанып,
Орта жүгін артсаң егер — торығып,
Кедей байғұс аштан өлер зорығып.
Сүйе — кедей орташаға ауысар,
Тырысса —орта байлықпенен қауышар,
Орта байып, орта болса пақырын,
Бай байыса — түгел сенің асығың...
Пақыр орта болса — оңғаны кеміннің,
Байыса орта — байығаны еліңні.
Баласағұн экономикалық бағдарламасы өсіп, отыратын салық негізінде қоғамның барлық топтарының баюын көздейді. Оның үстіне өндірушілердің жұмысқа ынтасы төмендемеу үшін алым көлемі біртіндеп азаюға тиіс еді. Баласағұн салық көлемінің азаюы халық өмірінің жақсару жолы деп қарады, өйткені мұнда материалдық байлық қорланып, тауар сұранымы артар еді. Жалпы ол бай халық бай мемлекет негізі деп түсінді. Бай мемлекетте тұрғандардың аса кедей топтары — қайыршылар мен үйсіздер болмауы керек. Басшылар кедей отандастарының қамын ойлай, қоғам үйлесімін, тұрғындар қажетін салықтар есебімен тауып отыруға міндетті. Ал Әл-Фараби қоғамның болмысына талдау жасай отырып, адамдардың өзара қарым-қатынасының қалай қалыптасатындығына көңіл бөледі. Оның пікірі бойынша, әрбір адам өзінде бар игіліктерді жалғыз өзі тұтынуы керек және өзіне пайдалы нәрселер үшін өзгелермен күресуі тиіс, ең бақытты адам өзіне жау өзгелердің бәрін жеңген адам деген тұжырым мүлдем қате. Өйткені, бұндай көзқарас халықтың арасында теріс пікірлердің қалыптасуына алып келеді. Сонымен бірге ойшыл кейбір адамдар пайымдағандай «адамдар арасында табиғи немесе еріксіз болсын ешқандай байланыс жоқ, әрбір адам өзгенің мүддесіне қол сұғады, олардың әрқайсысы бір-бірінен оқшаулануға ұмтылады, екі адам мұқтаждықпен ғана бірігуі мүмкін, ондай келісімге келген жағдайда бірі – жеңімпаз, екіншісі – жеңілуші болады деген тұжырымды да теріске шығарады. Бұл көзқарасты ол адамзаттың бойындағы тағылықтық көзқарас деп айыптайды. Әл-Фараби өз зерттеулерінде адамдар арасындағы байланыстарды талдауда одан әрі тереңдей түседі. Адамның адамды билеуі өзгелерге билік жүргізуі ниетінен туындайды. Бұндай жағдайда адамдардың қатынасы бір-бірімен тең, сыйластық пен құрметке емес, жеңімпаз – бағынышты қағидасына құрылады. Кімнің қаруы және қара күші мығым болса ол өзіне әлдекімді бағындырады және оның күшімен өзгені немесе адамдар тобын бағындырады, ақыр соңында оның қол астына әрқайсысы белгілі бір қызмет атқаратын белгілі бір көлемдегі көмекшілер тобы жиылады: қол астына көмекшілердің жеткілікті мөлшері жиналған соң оларды өзінің орынсыз тілектерін іске асыратын құралға айналдырады. Әл-Фарабидің бұл тұжырымы ортағасырлық қоғамдағы деспоттық биліктің орнығуының әлеуметтік тетігін тап басып әйгілеп отыр деп білеміз.
Әл-Фараби кейбір адамдардың мынадай пікірлеріне ден қояды: адамдар қауымдастығы ата-тегінің бірлігі негізінде бірігеді, бұл бірлік олардың бір-біріне тәуелділігі мен өзгелерді жеңу немесе өздері жеңілмеу үшін келісімге келуде өзара көмегіне негіз болады. Қоғамдағы алауыздық пен келіспеушілік адамдардың шығу тегінің айырмашылығынан туындайды. Ортақ ата-бабадан тікелей тарауы немесе оған барынша жақын болуы оның қоғамдағы берік байланысын айқындайды, ол алыс аталардан тарайтындардың байланысы біршама әлсіз болады және тұтастай жойылып кетуге дейін әлеуметтік теңсіздіктің дәмін татады [20, 30]. Дегенмен, сыртқы қажеттілікке байланысты, мысалы кенеттен болған апат жағдайында олар үлкен топтарға бірігеді – дейді. Сол сияқты әл-Фараби адамдар арасындағы байланыстырушы деректер қатарында әртүрлі тайпаның еркектері мен әйелдері некелесіп «өзара туысу» түріндегі анттасу, одақ құру келісімі түріндегі байланыстарды атайды. Жүсіп Баласағұнның ұлы дастаны қазақ халқының қоғамдық ойы тарихында зор рөл атқарды. Ол біздің мәдениетімізге игі ықпалын тигізді. Осындай философиялық негіздерге сүйенген Жүсіп Баласағұнның рухани және әлеуметтік құндылықтарды ұлықтаудағы танымдық тәсілі де ғасырлар тереңінен тамыр тартады. Жоғарыда талдағанымыздай адам мен қоғамның арақатынасы мәселесіне әл-Фараби баса мән берген. Ол «жаратылысында әрбір адамға өз тіршілігі үшін және ең жоғары кемелділік дәрежесіне жетуі үшін көп нәрсе керек, ол мұны жалғыз жүріп таба алмайды және бұған жету үшін ол қандай да бір адам қауымын қажет етеді» деп жазған болатын. Адам тумысынан әлеуметтік құбылыс болғандықтан да қоғамдық қатынастарға ұмтылады, сол қоғамдық қатынастарды жасайды, реттейді. Адам осындай әрекеті барысында қоғамды жаңартатын жасампаз күшке айналады. Жүсіп Баласағұн - ортағасырлық түркі халықтарының философиялық ойының дамуында маңызды рөл атқарған ойшыл. Ол әдебиет пен тіл саласындағы талантты қайраткер ғана емес, сонымен қатар көрнекті философ, өз дәуірінің көрнекті ғалымы болды. Жүсіп Баласағұнның шығармашылық мұрасында түркі тайпаларының даму тарихы, отбасы, мемлекет, құқық, мораль мәселелері көрініс тапқан. Жүсіп Баласағұнның мұрасын зерттеуге тарихшылардың, әдебиеттанушылардың және тілтанушылардың бірқатар еңбектері арналған. Философтар да ойшылдың еңбектерін зерттеуге белгілі бір үлес қосты. Осыған байланысты А.А. Алтмышбаев, А. И. Нарынбаев, O. K. Қозыбаев және басқа да ғалымдардың еңбектерін атап өткен жөн. Жүсіп Баласағұн мұрасының идеялық мазмұнын зерттей отырып, оның әл-Фараби, Бируни, Ибн Синаның еңбектері туралы, олардың жалпы дүниетанымы, атап айтқанда философиялық көзқарастары туралы, сондай-ақ олардың еңбектері арқылы ежелгі грек философиясы өкілдерінің еңбектері туралы хабардар болғандығына көз жеткізуге болады.
«Құтты білік» дастаны - ерте түркітілдес әдебиеттің көрнекті туындысы. Жанр бойынша Жүсіп Баласағұнның еңбегі Шығыста кең таралған тәрбиелік-дидактикалық сипаттағы шығармаларға, этикалық және моральдық бағыттағы шығармаларға жатады. Онда тек әлеуметтік-этикалық ғана емес, сонымен бірге орта ғасыр ойшылдарының рухани ізденістеріне тән көптеген философиялық мәселелер көтеріледі. Осыған байланысты А.Н. Кононов дұрыс атап өтті: «Өзінің барлық моральдық бағыты үшін «Құтты білік» – бұл этикалық және дидактикалық нұсқаулар мен ілімдердің кітабы емес. Бұл адамның қоғамдағы мәні мен мағынасын талдайтын философиялық жұмыс». Ұқсас ойды А. Еркебаев: «Ежелгі поэтикалық мәтіндерінде әлемді мұсылмандық қабылдау ғана емес, сонымен бірге болмыстың терең, неғұрлым іргелі түсінігі де кездеседі, ол кейіннен Ж. Баласағұнның «Құтты білік» дастанының философиялық контекстіне жол ашады». Әрине, дін, атап айтқанда сопылық діни ағым ретінде Жүсіп Баласағұнның философиялық ойының қалыптасуында үлкен рөл атқарды. Сондықтан оның ғалам, мораль, адамның тағдыры туралы ойлары бірізділікпен ерекшеленбеді: олардағы нақты элементтер идеалистік, утопиялық элементтермен қиялмен байланысты болды. Алайда, «Құтты білік» дастанын нақты өмірден ажыратылған шығарма ретінде қарастыруға болмайды. Жүсіп Баласағұн негізінен мемлекеттік басқару, саясат, адам өмірінің мәні мәселелерін нақты тұрғыдан түсінуге, математика, астрономия мәселелеріне ғылыми тұрғыдан қарауға тырысты. Ойшыл өз поэмасында халық даналығын, түркі фольклорын, мақал-мәтелдерді, қанатты сөздерді кеңінен және ұтымды пайдаланған. Жүсіп өзінің этикасында көбінесе жердегі адамның моральын уағыздайды, оның тәжірибесін шынайы сипаттайды және бақытқа ұмтылуға шақырады. Жүсіп Баласағұнның философиялық ойларында білім мәселесі ерекше орын алады. Эпистемологиялық аспектіде «Құтты білік» дастанын талдау адамға адамгершілік қарым-қатынас, оны табиғатпен байланыстыру білім теориясының бастапқы нүктесі екенін көрсетеді. Ол шындықтың сансыз байлығы бар және адам игілігінің нақты, сенімді көзі болып табылады деп сендірді. Жүсіп Баласағұнның таным процесі туралы философиялық ойлары Шығыс перипатетиктерін тану теориясынан тікелей туындайды. Алайда, «Құтты білік» дастанының атауында Шығыс перипатетизмінің эпистемологиясының негізгі қағидасы - білім мен ізгіліктің сәйкестігі айтылған. Әрине, сопылық Жүсіп Баласағұнның білім теориясына айтарлықтай әсер етті. Алайда, ойшыл өзінің эпистемологиясында оның шеңберінен шықты. Бұл тұрғыда оның шындықты дұрыс, объективті түрде көрсету туралы пікірі ерекше маңызды. Мұнда ол танымдық процестің негізгі міндеттерінің бірін көрді. Жүсіп Баласағұн сонымен қатар қоршаған әлемді оның барлық алуан түрлілігінде білу мүмкіндігі мен қажеттілігі туралы идеяның жақтаушысы болып табылады. Ол өзінің философиялық көзқарастарында адамның ақыл-ойына, заттардың мәніне ену қабілетіне ешқандай шек қоймайды. Қоршаған әлемнің шындығын білу, оның пікірінше, таусылмайтын және шексіз процесс:
Сонымен бірге, Жүсіп Баласағұн танымның адам өміріндегі шешуші рөлі туралы идеяны алға тартты, объективті шындықты білу мүмкіндігі мен қажеттілігін жақтаушы болды. Оның орта ғасырларда адамның қоршаған әлемді өзінің барлық алуан түрлілігімен білу қабілеті туралы идеялары түбегейлі батыл болды. Әрине, «Құтты білік» дастаны - ең алдымен этикалық-дидактикалық шығарма. Сондықтан онда этикалық мәселелер барынша жан-жақты ашылған. Моральдың негізгі ұғымдары дастанның басты кейіпкерлерінің бейнелерінде бейнеленген. Шығармаға негіз болған төрт түрлі ұғымдар жайлы Жүсіп Баласағұн былай деген:
«Бірі оның – шындық жолы, Әділет,
Екіншісі – құт пен ырыс, Дәулет.
Үшіншісі – Ақыл менен парасат,
Төртіншісі – ұстамдылық, Қанағат» [21, 31] Осылайша, Баласағұн маңызды этикалық категорияларды ажыратады, түбегейлі ізгіліктерді оларды басқа этикалық ұғымдармен байланыстыра отырып жүйелеуге тырысады.
Әділ билеушінің мәселесі «Құтты білік» дастанының авторы үшін басты мәселе екені белгілі. Сондықтан «әділеттілік» ұғымы Жүсіп Баласағұнның әлеуметтік-этикалық ілімінің абсолютті және объективті негізін құрайды. Қалған этикалық ұғымдар табиғатта салыстырмалы және субъективті болып табылады. Әділеттілік - қоғам дамуының қозғаушы күші. Әділеттілік қағидаттарына негізделген қоғам әрқашан өркендейді. Ол «әділеттілік» ұғымын негізінен әлеуметтік тұрғыдан қарастырады. Осыған байланысты әділеттілік мемлекет басшысының да, қоғам мүшелерінің де бір-бірінің алдындағы өз міндеттерін орындауын, әрқайсысының қоғамдық және саяси жағдайына сәйкес еңбек бөлінісіне негізделген өз борышын орындауын болжайды. Осыған байланысты Жүсіп Баласағұнның әділеттілік тақырыбындағы ойлары оның әділ басқару формасы туралы идеяларын ең көп бейнелегенін атап өткен жөн. Ол әділ билеушінің бейнесін жасауға тырысты, бірақ оның осы бағыттағы ізденістері оның идеалды әлеуметтік жүйе туралы ойларын, қоғамдық тәртіпті жақсарту туралы утопиялық ойларымен аяқталды. Жүсіп Баласағұнның этикалық көзқарастарындағы ең құндысы - оның адамдарды адамгершілік тәрбиелеу проблемалары туралы ойлары. Сонымен бірге ол жастарды тәрбиелеуге ерекше назар аударады. Ойшыл ақынның пікірінше, адамгершілікке жетілу - адам өмірінің негізі [22, 32]. Тәрбие мен білім беруде адамның ішкі және сыртқы жетілуі, оның физикалық және рухани сұлулығының бірлігі болуы керек. Жүсіп балалардың адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуы ата-аналар мен қоршаған ортаның әсерінен болады деп санайды. Осылайша, ол әмбебап детерминизм және табиғат құбылыстары, әлеуметтік құбылыстар мен процестер идеясын баса айтады. Жеке тұлғаны тәрбиелеу балалық шақта тиімдірек жүзеге асырылады.
Жүсіп Баласағұнның дүниетанымының шектеулі сипатына қарамастан, оның моральдық дидактикасы кең таралып қана қоймай, түркі және басқа да шығыс халықтарының кейінгі прогрессивті ойшылдарының дүниетанымына айтарлықтай әсер етті. А.А. Алтмышбаев былай деп жазды: «Жүсіп Баласағұн шығармашылық мұрасының жалпы реалистік мәдениеттің дамуына, түркітілдес халықтардың озық қоғамдық-саяси және философиялық ойларының дамуына әсері тигені анық». Шыныменде, оның гуманистік көзқарастары Орта Азия халықтарының фольклорында да, жазбаша әдебиетінде де көрініс тапты. Ол жалпы адамзаттық өркениеттің дамуына баға жетпес үлес қосты. Оның мұрасы түркітілдес халықтардың философиялық ойының дамуына үлкен әсер етті.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   18




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет