Бекіту сұрақтары:
-
Абай – ұлттық жазба әдебиетінің негізін салудағы басты мақсаты не?
-
Абай шығармашылығының нәр алған көздері?
Әдебиеттер тізімі:
1.Абай Құнанбаев: Библиографиялық көрсеткіш (екі тілде). - Алматы: ҚР-ның Ұлттық кітапханасы, 1995. - 302 б.
2. Байтұрсынов А. Қазақтың бас ақыны // Абай. - 1992. - №3. - 23 - 28 б.
Әуезов М. Абайдың лирикасы // Сөзстан. 7 - кітап - Алматы, 1996. - 39-58 б.
3. Әуезов М. О. Абайдың туысы мен өмірі // Абай. - 2003. - №3. – 28 - 34 б.
№ 4 дәріс Абай-қазақ поэзиясының реформаторы .Қазақ поэзиясына Абай әкелген жаңалықтар. Абай ойшыл, философ ақын
Сабақтың мақсаты: Абайдық қазақ поэзиясына әкелген жаңалықтарына тоқталу, ақын тыңнан енгізген өлеңіндегі жаңа түрлердің сыр-сипатын жете таныту. Абай философиясының дамуы мен қалыптасуына кеңінен тоқталу.
Тірек сөздер: поэзия, қара өлең, ұйқас, жан, құдай, алла, философия, жаратқан,адамзат.
Сабақтың жоспары:
-
Абай қазақ поэзиясының реформаторы
-
Абай әкелген жаңалықтар
-
Абай ойшыл, философ ақын.
Қазақ поэзиясының бар мазмұнымен, бар көркемдігімен қанағаттанбай, оның мазмұнын да, көркемдігін де қазақ әдебиетінде бұрын болмаған биік сатыға көтерген Абай қазақтың өзінен бұрынғы өлең өлшеуімен де қанағаттанбайды, жаңа түрлер, жаңа өлшеулер іздейді.
Абайға дейінгі қазақ поэзиясындағы әлгі үлгілерге өлеңнің метрикалық құрылысы жағынан болсын, Абайдың қосқан жаңалығы – үш, төрт, бес, алты, сегіз буынды жолдары бар өлең. Үйлес жөнінде қазақ поэзиясына Абайдың қосқан жаңалығы – жиырма.
Бұл жаңалықтарды тапқанда Абайға жәрдемші болған орыс поэзиясы. Бірақ орыс поэзиясының мазмұнынан алған үлгілері сияқты, түрінен алған үлгілерін де қазақ халқының ұғымына дәлдеп, қазақ тілінің заңына сүйене отырып алады. Қазақ поэзиясының төрт буыннан артық тапқан түрлерінің ешқайсысында бұзбайды, қазақ сөзінің әрбір буыны негзінде үш дыбыстан артық дыбысты көтермейтін, төрт дыбысты буын сирек кездесетін заңын да Абай қатты сақтайды. Абайдың қазақ поэзиясына қосқан жаңалығы – силлабикалық өлеңнің заңын бұзуында емес, өлең жоларының өлшеуі мен үйлестерін байытуда.
Енді Абайдың осы жаңа түрлерін талдап көрейік.
Бірінші. Әрбір шумағында төрт жол, әр жолында алты буын бар, үйлесі – а,б,а,б болып келетін өлең:
Қызарып, сұрланып, - а
Лүпілдеп жүрегі - - б
Өзгеден ұрланып, - а
Өзді-өзі керегі. – б
Екінші. Бірнеше өлеңін осы - әр шумағында төрт жол, әр жолында алты буын бар, үйлесі – а,б,а,б, боп шалыс келетін түрмен жазған Абай «Болды да партия» деген өлеңінде де төрт жолды шумақпен әр жолын алты буынмен, әр шумағын шалыс үйлеспен жазады. Бірақ бұл өлеңдегі жеті шумақтың екінші, төртінші, алтыншы, сегізінші, оныншы, он екінші, он төртінші жолдарының аяғы: «жарылды», «шарынды», «кәріңді», «барымды», «арымды», «тамырды», «сабырды», «тарыңды», «сарынды», «жарымды», «тарылды», «қарымды», «зарымды» деген он төрт үйлеспен бітеді. Буындарын сызықпен белгілегенде, бұл өлеңнің сызықтары мынадай:
Ххх ххх – а Ххх ххх – д
Ххх ххх – б Ххх ххх – б
Ххх ххх – а Ххх ххх – е
Ххх ххх – б Ххх ххх – б
Ххх ххх – г Ххх ххх – е
Ххх ххх – б Ххх ххх – б
Ххх ххх – г Ххх ххх – ж
Ххх ххх – б Ххх ххх – б
Ххх ххх – в Ххх ххх – ж
Ххх ххх – б Ххх ххх – б
Ххх ххх – в Ххх ххх – з
Ххх ххх – б Ххх ххх – б
Ххх ххх – д Ххх ххх – з
Ххх ххх – б Ххх ххх – б
Үшінші. Әрбір шумағында төрт жол бар, әр жолы жетібуыннан, үйлесі – а,а,б,а болып келетін өлең:
Айттым сәлем, қаламқас, - а
Саған құрбан мал мен бас – а
Сағынғанда сені ойлап, - б
Келер көзге ыстық. – а
Төртінші. Шумағы да, жолдарының буын саны да үшінші түрдей, бірақ үйлесі – а,б,а,б боп шалыс келетін өлең.
Сонда көңлім жоқтайды – а
Татуы мен асығын. – б
Көзі жетіп тоқтайды – а
Өткен күннің қашығын. – б
Бесінші. «Білімдідін шықққан сөз» деп басталатын өлең. Бұл өлеңнің бастапқы шумағы үшінші түр сияқты: төрт жолды, әр жолы жеті буынды, үйлесі – а,а,б,а боп келеді де, екіншісі шумақтан бастап, 8 шумақты, 32 жолды бұл өлең өзгереді.
-
Үйлесі – «сөз», «кез», «көз», «тез», «ез», «күйез», «мінез», «без», «жез», «бөз» боп, бірнші, екінші, төртінші, сегізінші, он екінші, он алтыншы, жиырманшы, жиырма төртінші, жиырма алтыншы, отызыншы жолдарда үйлесіп отырады; бастапқы шумақтағы а,а,б,а – ға қалған шумақтардың соңғы жолдары түп-түгел үйлеседі.
-
Бұл өлеңдегі сегіз шумақтың бәрі де төрт жолды, әр жолы жеті буыннан құралатын өлең болғанмен, екінші шумақтан бастап, үйлесі – в,в,в,б болады да, қалған шумақтарының бәрі осы ізбен кетеді.
Жүрегі –айна, көңілі ояу – в
Сөз тыңдамас ол баяу. – в
Өз өнерін тұр таяу, - в
Ұқпасын ба сөзді тез? – б
Әбілет басқан елер ме, -г
Сөзге жуық келер ме?- г
Түзу сөзге сенер ме, - г
Түзелмесін білген ез? – б
Алтыншы. Әрбір шумағында төрт жол бар, бастапқы жолы жеті буынды, соңғы үш жолы сегіз буынды, үйлесі – а,б,а,б боп келетін өлең.
Желсіз түнде жарық ай,- а
Сәулесі суда дірілдеп,- б
Ауылдың алды терең сай- а
Тасыған өзен дүрілдеп. – в.
Жетінші. Әр шумағында алты жол бар, әр жолында жеті буын бар, үйлесі – а,а,б,в,в,б боп отыратын өлең.
Өзін - өзі күндейді –а
Жақынып жаттай міндейді – а
Ол – арсыздық белгісі –в
Ұятсынбай, ойланбай – в
«Қой» дегенге тіл алмай – в
Іс қылмай ма ол кісі – б
сегізінші. Бір шумағында алты жол бар, 1,2,4,5 жолдары бес буыннан, 3,6 жолдары жеті буыннан, үйлесі – а,а,б,в,в,б болып келетін өлең.
Бай сейілді –а
Бір бейілді, - а
Елде жақсы қалмады. – б
Елдегі еркек, - в
Босқа селтек –в
Етіп елін қармады, -б
Абай – ойшыл, философ, ақын. Абайдың философиялық ой – пікірлері
Әлем халықтары әдебиетінің тарихында философиялық лириканың даму жолында, түп иені танып-білу талпынысында әрқилы дүниетанымдық көзқарастар көрініс беріп жатты. Әсіресе, бұл күрделі мәселеде классикалық сопылық поэзия авторлары басым түсіп жатқаны шындық еді. Қараханидтер билігі тұсында (ІХ-ХІІ ғасыр) сопылық поэзияның философиялық лирика жанрында дүниенің сырын танып-білу тақырыбының шеңбері кеңейіп, философиялық дүниетаным деңгейіндегі ой-толғаныстар тұғыры қол жетпестей биікке көтерілді.
Түрік халықтары әдебиеті классиктерінің бұл кезеңде философиялық, гуманистік мұрат-мақсатты ұстануы жөнінде әлем әдебиетінің биік тұғырына көтерілуі Жүсіп Хас хажиб Баласағұнның «Құтадғу білік» дастаны мен Ясауидің «Диуани Хикмет» туындыларынан көрінді.
Түрік халықтары әдебиеті тарихында қазақ поэзиясы ХҮ-ХҮІІІ ғасырдағы қазақ хандығы тұсындағы өзіндік қайталанбас ерекшелігі бар ауызша түрде жырланатын поэзия қалпына түсті. ХҮІІІ ғасырдағы қазақ поэзиясында қазақ халқының дүниетанымы поэзия тілінде жырланып, философиялық көзқарасы толғау, өлең жырларында біршама көрініс беріп отырды.
ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы өмір шындығы философиялық лирика жанрындағы Абай мен Шәкәрім шығармаларында тақырыбы жағынан айрықша дараланып, назар аударғаны түп иені теологиялық және ғылыми тұрғыдан танып-білуге шешуші түрде мән бере жырлануында жатыр. Философиялық лирикадағы бұл рухани соны ұмтылыс тамырсыз, төркіні беймағлұм дерексіз құбылыс емес еді. Бұл ой толғаныстар орта ғасырдағы Тұран жеріндегі түрік халықтары поэзиясынан ойып тұрып орын алған түп иені таныл білу жолындағы Жүсіп Баласағұнидің «Құтты білік», Ясауидің «Девони хикметі» мен Махмұт Қашқаридің «Девони ат-түрік» туындыларынан нәр тарып жатқан еді. Абай мен Шәкәрім солар салған ата дәстүрді өз заманы талабына қарай жаңғыртып дамытушы ойшыл ақындар болды.
Абай бастаған философиялық лирикада түп иені танып-білу жолында жантану іліміне айрықша назар аударуы байқалады. Қазіргі әдебиетте психология пәнін жантану ғылымы деп атап жүруі шындыққа жанаса бермейді. Өйткені, логика ойлаудың заңдары туралы ғылым болса, психология нерв жүйесіне байланысты адамдағы психикалық құбылыстардың заңдылығын зерттеп жүйелейтін ғылым саласы ғана. Сондықтан ол ғылымды ғарыштан келетін жанға байланысы рухани құбылыстан тыс болуы себепті де, оны жантану іліміне жатқыза алмаймыз. Жантану ілімі саласында Абай дәстүріне сүйене отырып, Шәкәрім бұл күрделі де терең мәселеге біржолата мән бере қарауы себепті, ұзақ жылдар бойы сарыла іздену жолына түсті.
Абай шығармаларында философиялық лирикаға бет бұру 1889 жылдардан басталды да, түп иені тану мен жантану іліміне тереңдеп, жан-жақты ой-толғаныстарына бату өмірінің соңына дейін жалғасты. Жантану іліміне Абайдың ақын шәкірттерінің арасынан Шәкәрім ғана жеке-дара Абай дәстүріне айналған философиялық лириканы дамыту, жаңарту жолына біржолата бет бұрды.
Шәкәрім 1898 жылдан бастап түп иені танып-білумен ол жолдағы пайда болған жантану іліміне терең бойлау бағытына біржолата бет бұрып, қорытқан ой байламдарын:
Қырықтан соңғы иманым,
Отыз жылдай жиғаным, –
деп, отыз жылдық іздену жолындағы қол жеткен ой желісінің негізін «Үш анық» деп аталатын философиялық қолжазбасында желілі жүйеге түсіріп, баяндап берді.
ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қазақ поэзиясында Абай мен Шәкәрімнің философиялық лирикасында түп иені танытудан туған жантану ілімі хақындағы философиялық ой-толғаныстарының танымдық деңгейіне сол кезеңдегі батыс пен шығыс поэзиясы жете алмағаны шындық.
Абайдың түп ие мен жантану іліміне ой жүгіртіп ізденуі 1889 жыл мен 1902 жыл аралығындағы бір мүшелге жуық уақыт алғанын көреміз. Бір мүшел ішінде осы тақырыпқа 13 өлеңі мен 6 қарасөзін арнады. Абайдың осы ой-танымдарынан нәр алып, ойшылдық дәстүрін жалғастырып дамытқан шәкірті Шәкәрім де түпиені танып-білу мен жантану іліміне өзіндік қайталанбас ой-пікірлері мен қорытынды ой-танымдарын ұсына отырып:
Кейінгі жандар қабылдар
Айтылған түзу жолымды, –
деп, келешек заман жастарына өз рухани мұрасын аманат етеді. Әрине, Шәкәрімнің түзу жолы – бүгінгі біздің арман қуған тәуелсіздік замандағы рухани жолымызбен үндестік табуымен бірге заман талабына да сай келіп тұр. Өйткені қазіргі үшінші мыңжылдықта ғылым адамгершілік пен діни бастаулардан желі тартып, дін ғылымиланған кезде өз мәнімізді яғни жанымызды Шәкәрім меңзеген жолмен ғана тани алмақпыз.
І
Түп иені танып, білуге ұмтылған ойшыл ақын Абай ой дариясына қадам басқанда:
Ақылдың жетпегені арман емес,
Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын, – деп,
хақлиққа мақұлық ақылы жете алмайтындықтан, «Ақылға сыймас ол Алла» деген қорытындыға келген еді.
«Алла деген сөз жеңіл» деген атақты өлеңінде түп иені танып білудің түп қазығы жүректе деген танымды ұстанады. Түп ие жайындағы философиялық деңгейдегі ой танымының негізі сопылық поэзия классиктерінің ұстанған танымдық жолы болатын-ды. Абай өзі де поэзиясында жүректің культін көтеріп жырлап өтуі жай құбылыс емес, күрделі дүниетанымға жетелейтін сенімді бағдар болатын. Міне, осы түп иені танып білудегі Абай әрекеті мен туындыларындағы ой-танымдарын дәстүр ретінде жалғастырған Шәкәрім таза ақылға сүйене отырып, өзінше танып, жаңғырта түсті.
Шәкәрім сопылық поэзияның символдық бейнелермен перделенген белгілерін өз поэзиясында көркемдік тәсіл тұрғысынан пайдаланады. Мысалы:
Менің Жарым қыз емес,
Хақиқаттың шын нұры, –
деп, сопылық поэзия классиктерінің бірінші сүю ұғымындағы Аллаға ғашықтықты сұлу жарға деген махаббаттық сезімінің орнына Шәкәрім «Хақиқаттың шын нұрына» балай суреттеуінен түп иені іздеп отырғаны айқын көрініп тұрады.
Түпиені іздеуге қозғау салған, өмірді жете танып білуге деген құштарлық пен талпынудан туған:
1. Неден бармын?
2. Не қылған жөн?
3. Жоғала ма жан өлген соң?
деген үш сұраққа Шәкәрім айрықша мән бере қараған.
Осы аса күрделі үш сұраққа жауап іздеу жолындағы Шәкәрім ізденістерінің бастау көзі Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы «Ақын аға» тарауында Абайдың әдеби мектебіндегі ақын-шәкірттері Дәрмен, Көкбай, Шұбар (Шәкәрім), Ақылбай, Мағауия, Кәкітай т.б. арасындағы хақиқат жайлы талас-пікірлерде жатыр. Осы пікір таласына сөзге төрелік айтатын Абай толғаныстарында берілетін «…Хақиқаттың шешуі: Жаратушы кім? Ғалам дегеніміз не? Жан не нәрсе және адамның хақиқатты білудегі дерегі не?» деген күрделі сұрақтарға берген жауап сөзінде зор танымдық ойлар төркіні жатыр. Заман қысымын көп көрген кеменгер жазушы М.Әуезов аталы ой танымын яғни Абай мен Шәкірімнің жантану ілімінен із тастап кетуді мақсат тұтқаны аңғарылып тұр.
Түп ие (Хақиқат) пен ғаламды танып білудегі Шәкәрім көзқарасында қос қабатты қатпарлы таным жігі жатқаны да аңғарылады.
Шәкәрім танымындағы төменгі қабат – күн жүйесіне байланысты туындаған. Шәкәрім күн – ата, жер – ана деп қарап, жер планетасындағы тіршіліктің пайда болу, даму жолын яғни, «неден бармын?» деген философиялық сұраққа жауап беруге ұмтылатыны «Тіршілік, жан туралы» өлеңіндегі ой-толғаныстарында тереңнен талдай отырып берілген.
Абайдың:
Күн – күйеу, жер – қалыңдық сағынышты,
Құмары екеуінің сондай күшті
дегені, Шәкәрімде «Күн – ата, жер – ана» ұғымында дамытылып жалғастырылған. Көк аспаннан күннің жазғытұры төнуі, жер ананың тотықұстай түрленіп толысуы – бәрі тіршілік атаулының шығу көзін меңзейді. Бұл құбылыстың нәтижесі Шәкәрімде былайша суреттеледі:
Жарықтан бізді бу қылған,
Құбылтып буды су қылған,
Суынан топырақ қатырып,
Топырақтан жасыл туғызған.
Ие кім сонда денеге?..
Сол жаннан талай жан өскен,
Жанына қарай тән өскен.
Өсімдік жаны нашар боп,
Олардан жәндік және өскен,
Жәндіктен адам таралған, –
деген тың таным желі тартады. Күн нұрының әсерімен жер ана бойында пайда болған: 1) өсімдік; 2) жәндік. 3) жәндіктен адам жаралады, яғни неден бармын деген сұраққа Шәкәрім арғы жағы күн нұрынан пайда болған жер ана бойындағы: 1) өсімдік (өсімдік жаны); 2) хайуанат (хайуанат жаны); 3) адамзат (адам жаны) әлемінің табиғи жолмен пайда болу процесін көз алдымызға алып келеді. Бұларды күн жүйесіндегі жер планетасында жаралған табиғи құбылыс ретінде танып-біледі.
Шәкәрім дүниетанымдық көзқарасындағы жоғарғы қабатында сөз болатын мәселе түпие мен соған балама ретінде қолданылатын жан сөзі жайында ой толғайтыны бар:
Жаралыс басы – қозғалыс,
Қозғауға керек қолқабыс.
Жан де мейлі бір Мән де,
Сол қуатпен бол таныс,
Әлемді сол Мән жаратқан, –
деп түп ие сөзінің синонимі немесе балама ұғымы ретінде «Жан» сөзі мен «Мән» сөзін тең дәрежедегі мағынасы жағынан бір ұғым ретінде қолданады. Бүкіл әлем немесе сол әлемнің ішіндегі жанды-жансыз нәрселердің бәрін де жаратушы қуат иесі – түп ие (арабша – Алла, парсыша – Құдай, қазақша –Тәңірі немесе Жаратушы). Ал «Жаралыс басы – қозғалыс» болса, сол қозғалысты «қозғаған қуат – жан дейміз» деп, басты себепкер күш ретінде жанды ерекше даралап, атап өтетіні бар. Ақын «қозғаған қуат – жан дейміз» деп, «Жаралыс басы – қозғалыста» қозғаушы қуат күші жан болып саналатынын алдымызға жайып салады.
Ақын ойын қорыта келгенде, қозғаушы күш – жан, мән, жанның егесі ретіндегі бас қозғалыс хақында айтылған ой-пікірлердің жемісі бір арнаға құйылады да, ол - түп ие деген ой-байламы шығады. Яғни, бұл ұғымды ақын сөзімен айтар болсақ, «Ең түпкі жаратушы – мінсіз ие» деген өзекті де желілі танымға тірелеміз.
ІІ
Шәкәрім өз ұстазы Абайдың толық адам іліміне терең мән бере отырып, шығармаларында ұждан мәселесіне ерекше тоқталып өтеді. Ол ХІ ғасырда жазылған Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу біліг» дастанымен жете танысып, ондағы жауәнмәртілік іліміне назар аударған, Ясауидің кемел адам туралы хал ілімін де білген. Абайдың толық адам ілімінің арғы түп төркіні осы аталып өткен шығармалардан желі тартып, өз заманы шындығына орай қазақ әдебиеті тарихында тың тақырып болып енген толық адам ілімін қалыптастырды. Осы ілімнен идеялық бағыт-бағдар алған Шәкәрім адамды рухани тазалық жолына түсіретін:
Ар түзейтін бір ғылым табылмаса,
Зұлымдықты ешқашан әділ жеңбес
деген қорытынды ойға келді. Өйткені білімді жұрт, өркениетті ел деген Европаның өзі (ар түзейтін ғылымы жоқ болғандықтан) хайуандықтан шыға алмай отырғанын атап өтеді, сонымен қатар:
ХХ ғасырдың адамынан
Анық, таза бір елді көрмей өттім, –
деп, ауыр да өткір сын айтады.
Философиялық лирикалары мен «Үш анық» трактатында Шәкәрім ұждан мәселесіне төтенше мән бере қарайтыны бар. Ынсап, әділет, мейірім үшеуі ұждан ұғымын құрайды. Өйткені «Ұждан – жанның тілегі. Неге десеңіз, жан – тіпті жоғалмайтын, бұзылмайтын нәрсе, барған сайын жоғарылай береді. Мәселен, таза дене, таза толық мінез, ой, істер керек қылады. Соның қатты бір керегі – совесть – Ұждан. Оны осы өмір үшін керек қылмайды, соңғы өмір үшін де керек қылады» (Үш анық. 30 б.). Яғни, Ұждан екі өмір үшін де қажет екен. Өлерін білген екі адамның біреуі жанның жоғалмайтынын, бұдан да таза болып жоғарылайтынына сенсе, үлкен үмітке қол артып, қуаныш сезіміне бөленеді. Ал, өлген соң жан жоғалады деген өкініште болып, үмітсіздік дариясының барсакелмес қайығына мінеді. Осындай нанымдағы пенделерге қарап Шәкәрім:
Жоқ, шырағым, жанымыз жоғалмайды,
Екі өмірдің азығы – осы Ұждан
Шын нану – ақылымен қабылдауы,
Қалады зұлымдықтан сөйткенде адам, ––
деп Ұжданның адам үшін екі өмірде де рухани азығы: ынсап, әділет, мейірім сияқты ақыл адами қасиетті әрбір саналы адам жастайынан бойына ұялату жолында болуын ескертеді. Өйткені «Ар түзер адамның адамдық санасын» деп, Ұждан ұғымына зор мән бере қарағандықтан:
Шын таза жан тазалықпен
Тәңірісіне барады ол.
Мейірім, ынсап, әділеттен
Ағызам деп нұр бұлақ! ––
деп, өзі қойған екінші сұрағына жауап береді.
Шәкәрімнің екінші сұрағының яғни «не қылған жөн?» деген мәселеге беретін жауабы – адамның уақытша өмір жолында құлшынып әрекет ететін мақсаты ар ғылымы жолында табанды түрде еңбектенуін айтады. Сондықтан үжданды пенденің мұрат-мақсаты қайда жатқанын, арман-мақсатының темірқазықтай адастырмас бағытын үлкен сеніммен бағыт-бағдар бере жөн сілтейтінін көреміз.
«Ар ғылымы оқылса», – деп армандаған ойлы ақынның келер ұрпаққа нұсқаған адамшылық жолы – әр адамның жан тілегіне айналған Ұжданды (әділет, ынсап, мейірім) тұла бойына ұялату болғандықтан: «…ұждан, совесть, жан екі өмірге бірдей керек таяныш екеніне нана алмаған кісінің жүрегін ешбір ғылым, өнер, ешбір жол, заң тазарта алмайды. Егер бір адам жанның өлген соңғы өмірі мен Ұждан соның азығы екеніне әбден нанса, оның жүрегін еш нәрсе қарайта алмайды. Адам атаулыны бір бауырдай қылып, екі өмірде де жақсылықпен өмір сүргізетін жалғыз жол – осы мұсылман жолы сияқты» (Үш анық, 34 бет), – деп осы жолды бүкіл өмір бойғы ізденісінен туған аса зор мән-мағынаға толы ой-қорытындысын ұсынады. Бұл – біздер үшін рухани шамшырақ!
ІІІ
Шәкәрім қойған үшінші сұрақ – «Жоғала ма жан өлген соң?»
Жантану ілімі Абай мен Шәкәрім мұрасындағы философиялық лирикалары мен қара сөздерінде желі тартады. Жантану ілімі жайында Жүсіп Баласағұн мен Ясауи шығармаларында теологиялық тұрғыдан тереңірек қарастырылса, ХҮ-ХҮІІІ ғасырдағы қазақтың ауызша жырланған поэзиясында да тікелей болмаса да, жанама түрде ой-пікірлер айтылып табиғи жалғастық тауып келген. Ал ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басында жантану ілімі Абай мен Шәкәрім мұрасының өзекті желісінің ғылыми рухани кілтіне айналып, өз заманының шырқау биігіне көтерілді. Абайдағы:
Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі,
«Мені» мен «менікінің» мағынасы – екі.
«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі, –
деп, «мен» яғни, жан өлмейді, ал тән өледі деген байлам жасайды. Жан туралы Абай танымы екі түрлі. Біріншісі – 27-ші қара сөзде жан өлмейді деген таным. Екіншісі –бес сезім мен жанның жибили қуаты арқылы жинақталған іштегі ой қазынасы өнердің бір түрі арқылы сыртқа шығып, ол ой қазынаның иесі (тәні) өлсе де, оның рухани ой қазынасы ретінде ақындық өнердің қуатымен сыртқа шығуы, яғни, мәңгілік рухани азық көзі болып қалуы. Осы себепті де Абай:
«Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», –
деп, рухани ой қазынасына айналған жанның не себепті өлмейтініне мән бере қараған. Ал, Шәкәрім болса, осы идеяны жаңа қырынан көрсетуге ұмтыла отырып:
Ғибрат қылар артына із қалдырсаң –
Шын бақыт, осыны ұқ,
Мәңгілік өлмейсің, –
деп өзіндік ой-байламын жасап отыр,
Адам жаны қайдан келді? – деген мәселеге Абай да, Шәкәрім де ерекше мән бере қараған. Абай 27- қара сөзінде осы мәселе төңірегінде ой жүгіртеді: «Жә, сен бұл ақылға қайдан ие болдың? Әрине, қайдан келсе де, жан деген нәрсе келді де, сонан соң ие болдың», – деп ақыл мен жанның ара қатысы жайлы пікір көтереді. Осы ойдың желісін Шәкәрім нақтылай дамытып, жан ұғымына тереңдей отырып, өзінің тынымсыз ізденуден туған жаңаша ой-танымын оқырман назарына ұсынғанда жан күннің нұрынан келген деген өзіндік жаңаша танымын ұсынады:
«Жанымыз күннен келген нұрдан,
Тәніміз топырақ пенен судан.
Күн – атам, анық жер – анам…
Кетеді жаным күнге таман,
Жазықсыз болса, барады аман,
Қиянат істі қылмаған,––
деп жанның көп қырлы сырын аша отырып, жанның мәңгі өлмейтіні жайлы ой-танымын бар болмысымен алдымызға жайып салады.
Жантану ілімінің осы күрделі рухани табиғаты туралы мұсылман әлеміндегі тұңғыш пікір Құраннан басталады. Бұл мәселенің сыры тереңде жатқанын, жай адами таныммен алынбайтынын Алла Тағала Мұхаммед пайғамбарға қарата айтылатын сөзінде (17 сүре, 85 аят):
«Олар сенен жан туралы сұрайды. Жан дүниесін Тәңірім ғана біледі. Сендерге берілген білімнің шегі аз ғана де», – деп арнайы мағлұмат тастауында түбі терең құпия сырлар әлемі қабаттасып жатқанын байқаймыз.
Шәкәрім күннің нұрынан келген адам жаны оның тән өлген соң, қиянатқа жол бермей, ізгілік жолында болса, келген жері күнге қарай, яғни мәңгілік тұрағына қарай қайтады деген соны да тың танымға келеді.
Күннің өзі жарық нұрдан, яғни түп иеден – мәннен жаралғаны себепті «Жарық нұрдан жаралған күн жоғалмас» деп, өз дүниетанымының төменгі қабатынан өрлеп, жоғары қабаттағы жанға, мәнге яғни түп иенің өзіне қарай тартады. Өйткені «жаралыс басы – қозғалыс» болса, «қозғаған қуат – жан дейміз» деп, түп иені жанға балауы айқын көрініп тұр. Түп иенің яғни жанның нұры күнге берілсе, адам жаны күннің нұрынан жаралады. Яғни адам жанының түп төркіні күн нұрынан ары өтіп, түпиенің (жанның) өз нұрынан келген болып шығады. Адамның түп төркіні түпиемен тікелей ғарыштық байланыста болуы себепті, бұл құбылысты ойшыл ақын:
«Жоғары ғарыштан затың
Анық шын бұл маған көңіл»
деген ой байламына келіп отыр. Шәкәрімнің бұл байламға келуінің негізі түп иенің нұрында жатуы себепті:
Нұрына күн нұры жетпес,
Жетекшім – себеп, тым күшті ол, ––
деп ой-толғауында бүкіл әлемнің қозғалысына бас себепші болған күш түп ие нұрына, тіпті, күннің нұры да жете алмайды. Өйткені оны шартты түрде айтқанда ол төменгі қабаттағы, яғни күн жүйесі шеңберіндегі құбылысқа жатады екен. Оның өзі түп иенің нұрынан жаралып, жер бетіндегі өсімдік, жан-жануар мен адамның дүниеге келуіне тәннің топырақ пен судан жаралып, пайда болуына тікелей себепкер болып отыр.
Жанның қайдан келгендігі жөнінде теология мен бүгінгі ғылымда әр түрлі талас пікірлер бар. Бірі жан жолдан қосылды десе, бірі жан өмірдегі өзіндік дамудан (саморазвитие) жанды табиғи құбылыс ретінде пайда болған шыңдық деп қарайды. Ал Шәкәрім болса, осы пікірлерді сынға ала отырып:
«Жан жолдан қосылды деп дін де, пән де
Ақылды байлап қойған соған мүлде, ––
дейді.
Бірақ адам өз жанын танымады,
Біледі бір өзінен басқаны адам, ––
деп адамның жаны ғарыштан, бас қозғаушы күште жатқанын меңзейді. Адам баласының өз жанын танып білмеуіне философ ғалым Конттың (1797-1857) жанның ғарыштық табиғатынан көз жазып қалуы себепті:
Ойменен тапқан бұлдыр деп,
Дене мен пәнге байлаған
Баяғы Конттың сөзі еді, ––
деп батыс философының пікір танымын қатты сынға алатыны бар. Өйткені Конт(1797-1857) сыртқы бес сезім арқылы танылатын нәрсені ғана шындық деп білгендіктен, жан сырын танып білуден сырт қалды. Осы себепті Конт жанның ғарыштан келу жайын терістесе, Шәкәрім жанның түп иеден келгендігін «Бас қозғалыс ғой – жанның атасы» (1.266 б.) деп жанның келетін түп төркіні қайда жатқанын дәл меңзеп көрсетіп отыр.
Шәкәрім жантану іліміне терең бойлап, Абай салған сара жолмен адамның өз жанын танып білуі қажет екенін ұғынады. Осы себепті 30 жыл бойы ізденіп, адамның жан сырын танып білуге түрткі болған адам қайтыс болғаннан кейін оның жаны өле ме, немесе мәңгі жасауы мүмкін бе деген сұрақтың соңына шырақ алып түседі, өмір бойы ізденеді.
Шынды білмек болсаң сен,
Алдыменен жанды біл, – (1.240 б.)
деп хақиқатты яғни түп иені танып білу үшін алдымен жанның сырын танып білуді шешуші орынға қоюында терең мән жатыр. Өйткені әлемдік қозғалыс жаралыс басы болса, Шәкәрім ол қуатты «жан, мән» деген екі сөзбен қосарлап беруінде үлкен мағына жатыр. Дүниені жаратқан ұлы қуат - жан мен мән болуы себепті, осы қуатпен таныс болуды шешуші орынға қоюында да айрықша мән-мағына жатыр емес пе?
Абай 43 - қара сөзінде жан қуаты деген бек көп қуат (куа), оның түрлері де көп деп ескертеді де, сол көп жан қуаттарының арасынан үш қуатқа арнайы тоқталып, талдай отырып танытатыны бар. Осы танымды ары қарай жалғастырған Шәкәрім «шығады жаннан көп қуат», – (1.286 б.) деп ой түйеді. Жан қуаты ғана тәндерді жаратады, осы себепті жан – қожа, тән – құлы болғандықтан оған билік етеді. Өйткені «Жан өсіріп тұр тәннің баршасын» (1.265 б.) яғни дүниедегі есепсіз денелердің жаралып өмір сүруі жанның арқасында болады екен. Шәкәрімнің:
Бас қозғалыс қой жанның атасы
Ол жаратады түрлеп (1.266 б.), –
деп, халық аузында айтылып жүрген «18 мың ғаламның жаратушысы жаппар хақ» деуімен де үйлесім тауып тұр.
Қозғаған қуат – жан дейміз
Жан өсті жаннан сан дейміз.
Достарыңызбен бөлісу: |