Пәннің міндеттері:
- білім беру сапасы мен педагогикалық өлшемдердің мәнін ұғыну;
білім беру сапасын басқару іс-әрекетінің әдістері мен алгоритмі жайлы білік алу; өлшемдік іс-әрекет дағдыларын игеру.
Курс бойынша оқытудың нәтижелері
Құзырет:
- Жалпы құзырет:
құралдық: білім беру сапасын басқару ерекшеліктері мен оның құқықтық-нормативті қамтамасыз етілуі туралы білік игеру мақсатында білім алу маршрутын өз бетінше құрастыру; білім беру спасын бағалау іс-әрекетін жоспарлау және өлшемдік материалдар дайындау саласындағы мәселелер бойынша әдебиетпен өз бетінше жұмыс жасау дағдыларын игеру;
тұлғааралық: білім берудегі өлшемдік-бағалушылық іс-әрекеттің нормалары мен ережелерін орындау үшін магистрантқа қажетті квалиметриялық дағдылардың жоғары деңгейде болуы; өзіндік тұлғалық ұстанымын белгілеуге және оқу-таным барысында туындайтын мәселелерді өз бетінше шешуге қажетті өзіндік білімдену біліктерін игеру;
жүйелік: білім берудегі іс-әрекеттің ұлттық білім беру жүйесінің модернизациялау сұрақтарымен ара байланысы жайлы түсінікті игеру; білім беру жүйелердін жемістілігінің көрсеткіштерін білу; өз бетінше зерттеу ізнес пен тәжірибелік жұмысты ұйымдастыру және жүргізу дағдаларын игеру;
Пәндік құзырет: білім берудегі өлшемдік-бағалушылық іс-әрекетті ұйымдастыру негіздерін білу; білім беру ұйымдарының даму стратегиясын жасау және инновациялық жобаларды енгізу барысында бағалау әдістерін құрастыруға икемдену; өлшемдік-бағалушылық әрекетті ұйымдастыру дағдыларының болуы. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті базасындағы Республикалық оқу-әдістемелік кеңес секциясының педагогикалық білім берудің мазмұнын жасауды ұйымдастыру тәжірибесі. Білімге негізделген экономиканың жаңа типіне көшу қазіргі ұлттық инновациялық жүйені қалыптастыруды талап етеді. Инновациялық экономика – бұл үздіксіз, үнемі әрбір он жыл сайын технологиялардың өзгеріп отыруын қамтитын жаңару үдерісі. Инновациялық экономикаға көшуде, әлемдегі алдыңғы қатарлы елдер тәжірибесі көрсеткендей, жетекші рөлді университеттер атқармақ, себебі бұларда табысқа жетудің негізгі құрамдас бөліктері шоғырланған: жоғары білікті мамандар; ғылыми-техникалық идеялар мен жасалымдар; пәнаралық мәселелерді шешу мүмкіндіктері.
Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында күтілетін нәтижелер қатарына нәтижеге бағдарланған толыққанды, сапалы, бәсекеге қабілетті білім беруді, ғылыми және инновациялық қызметті дамытуды жатқызады. Сондықтан да философтар мен педагогтар құндылықтар мен құзырлылық тұғырын, білім беру жүйесіне іске асыру тетіктерінен іздестіруде. Құзырлылыққа бағытталған білімнің дидактикалық үлгісі жасалуда. XXI ғасырдағы педагогикалық білім берудің мазмұнын анықтаудың тұжырымдамалары, парадигмалары, моделдері, құндылықтар туралы пайымдауларды ғалымдар мен практиктердің зерделеуі арқылы іске асады. Педагогика теориясы мен практикасында жеке тұлғаға бағытталған білім парадигмасы, нәтижеге бағдарланған білім жүйесінің заңдылықтары ой елегінен өткізіліп, педагогикалық білім берудің мазмұны мен технологиясын нақтылауға мүмкіндік туындауда.
Қазақстандағы педагогикалық білім берудің мазмұнының өз тарихы, жетілдіру қисыны бар. Еліміздегі ең алғашқы жоғары оқу орны 1928 жылы ашылған Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты еді. Бүгінгі күні 9 педагогикалық жоғары оқу орны, бір ұлттық университет, бір мемлекеттік университет, жеті педагогикалық институт мәртебесіне ие болып отыр. Жоғары білім саласындағы Классификаторға сәйкес «Білім беру» атты мамандықтар тобына сәйкес 22 мамандық бойынша педагог кадрлар даярлануда.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2005 жылдың 19 наурызындағы №185 бұйрығына сәйкес Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім берудің Республикалық оқу-әдістемелік кеңесі Секциясы жұмыс жасайды. Секция «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту», «Музыкалық білім» мамандықтары бойынша жалпыға міндетті мемлекеттік білім беру стандарттарын, типтік оқу бағдарламаларын және оқу-әдістемелік әдебиеттерді даярлауды ұйымдастыруға, сондай-ақ шағын жинақталған мектептер үшін педагог кадрлар дайындау мәселесі бойынша жүргізілетін оқу-әдістемелік жұмысқа басшылық етеді.
Республикалық оқу-әдістемелік кеңесі Секциясы құрамына университеттің түлектеріне жұмыс беруші және әлеуметтік қауымдастықтар өкілдерінен бастап, Қазақстан Республикасының алдыңғы қатарлы 20 жоғары оқу орны тартылды. Секцияның 5 оқу-әдістемелік комиссиясының құрамында ҚазҰУ және басқа да ЖОО-ның мамандары бар. Университетте педагогика және психология, музыкалық білім және мәдениет факультеттеріндегі оқу-әдістемелік комиссиялар өз жұмыстарын университеттің ғылыми кеңесінде бекітілген жоспар бойынша ұйымдастырады.
2008 жылдың 25 қарашасында Республикалық оқу-әдістемелік кеңес секциясының “Қазіргі кезеңдегі жоғары педагогикалық білім беру сапасын қамтамасыз ету мәселелері” тақырыбында кеңейтілген мәжілісі өткізіліп, ғылыми мақалалар жинағы шығарылды. Кеңейтілген мәжіліске РОӘК секциясының мүшелері және ЖОО-дарының профессор-оқытушылар құрамы қатысты.
Сондай-ақ, секция басқа ЖОО-дарымен «Дене шынықтыру және спорт», «Кітапханатану және библиография», «Хореография», «Педагогика және психология» мамандықтары бойынша университет оқытушыларының қатысуымен мемлекеттік білім стандарттарын жасауды үйлестіріп отырады.
Инновациялық бағыттағы мектепке дейінгі ұйым педагогының тьютор рөлін атқарып, дамып келе жатқан ортада өмір сүруге қабілетті, өзін-өзі дамытуға, өз ойын еркін айтатын, шығармашыл тұлғаны тәрбиелей алатын педагогикалық құзіреттілігі болуы шарт. Осы орайда мектепке дейінгі білім беру стандарты мен оған мамандар даярлау стандарты мазмұнының және оны жүзеге асырудың арасында сабақтастық сақтау қажеттілігі туындайды.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, Елбасының тапсырмасына сәйкес балабақшаларды қайтадан қалпына келтіру мақсатында 2010-2013 жылдар аралығында 800-ге тарта балабақшалар іске қосылады деп жоспарлануда, яғни педагог мамандарға деген сұраныс 22,4 мың адамды құрайды (бұның ішінде музыка пәнінің мұғалімі, тәрбиеші, тәрбиеленушінің көмекшісі, т.б.). Еліміздегі 106 гуманитарлық колледжде мектепке дейінгі бала мекемесінің тәрбиешісі, бастауыш мектеп мұғалімі, сондай-ақ, бастауыш мектептің информатика мұғалімі, бастауыш мектептің шетел тілі мұғалімі, т.б. мамандықтары бойынша даярлануда. 2009 жылы «Мектепке дейінгі тәрбие», «Мектепке дейінгі балалар мекемесінің» мамандықтары бойынша 750 адам бітірсе, ал 70%-ы жұмыспен қамтылған. Аталған мамандықтар бойынша жоғары педагогикалық білім беру стандарттарын шығармашылықпен қарастырған жөн болар еді.
Бүгінгі күні жастарды әлеуметтендіру, олардың өз жан дүниесін психологиялық тұрғыдан білуге үйрету мақсатында ЖОО-дарында «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» саласына маман даярлау міндеті қойылып отыр. Сонымен бірге, жоғары мектепте кредиттік оқыту жүйесінің ендірілуіне, нәтижеге және құзіреттілікті қалыптастыруға бағытталған білім берудің қажеттілігіне байланысты «Педагогикалық өлшемдер» мамандығы ашылды. Аталған сұранысқа орай Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігінің Республикалық оқу-әдістемелік кеңесі секциясы «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану», «Педагогикалық өлшемдер» мамандықтары бойынша жоғары педагогикалық білім мазмұнын анықтауды және оны оқу-әдістемелік қамтамасыз етуді жүзеге асыруға кірісті.
2009-2010 оқу жылында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне қарасты жалпы білім беретін 7573 мектептің 3811-і, яғни барлық мектептің 50,3 пайызы – қазақ тілінде, 1603 (21,2%) –орыс, 2081 (27,4%) – аралас, 62 (0,8%) - өзбек, 14(0,2%) – ұйғыр, 2 (0,02%) – тәжік тілдерінде білім береді. Осы мектептерге мұғалім даярлаудың, яғни педагогикалық білім берудің мазмұнын анықтаудың соншалықты жауапты екені бәрімізге түсінікті болар. Дегенмен бұл жұмысты үйлестірген кезде мектептердің білімдік-тәрбиелік кеңістігіндегі инновацияларды, замануи технологияларды, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында зерттеулер нәтижелерін, бейінді оқытуды, нәтижеге бағдарланған білім беру әдіснамасын, педагогикалық практиканы дұрыс ұйымдастыруды, стандарттар мазмұнының тәрбиелік әлеуетін ғылыми-теориялық және практикалық жоғары деңгейде жүзеге асыру – бүгінгі мәжілістің де күн тәртібі болуы заңды.
Жоғары оқу орнында кәсіби білім беру жүйесі – күрделі құрылымды, біртұтас педагогикалық жүйе. Болашақ мұғалімдерді кәсіби даярлаудың дәстүрлі жүйеден айырмашылығы: көздеген мақсатында, мәнінде, мазмұнында, студент пен оқытушының жеке тәжірибесін есепке алуында, жоғары оқу орнындағы оқытушының ролі мен атқаратын қызметінде, қолданылатын педагогикалық әдіс-тәсілдерінде, студенттің білім алу белсенділігінің түрінде, кәсіби білім мен біліктілікті ұштастыра дағдыландыру үдерісін ұйымдастыру түрлерінде, жалпы педагогикалық білім берудің стандартының инновациялық үлгісін даярлауда және т.б. Қазіргі мектепке шығармашылық ізденіс қабілеті дамыған, жаңа педагогикалық технологияларды жете меңгерген, кәсіби шеберлігі қалыптасқан мұғалімдер қажет. Ол бір уақытта педагог, психолог және оқу үдерісін ұйымдастырушы технолог бола білуі керек.
Қазақстандағы педагогикалық білім беру мәселелері XX ғасырдың 40-50 жылдарынан бері жан-жақты зерттелуде. Педагогикалық білім берудің теориялық негіздері, педагогикалық білім беру мазмұны, мұғалімдерді кәсіби әрекетке даярлаудың түрлі қырлары, педагогтардың шығармашылық, кәсіби, тәрбиелік әлеуетін қалыптастыру, мұғалімдерді даярлау тарихы (Т.Т.Тәжібаев, А.И.Сембаев, Р.Г.Лемберг, Г.А.Уманов, Н.Д.Хмель, Г.М.Храпченков, Қ.Б.Сейталиев, Г.К.Ахметова және т.б.), педагогтардың кәсіби дарындылығын дамыту (Л.М.Нәрікбаева және т.б.), этнопедагогикалық білім беру (С.А.Ұзақбаева, К.Ж.Қожахметова және т.б.), жоғары педагогикалық білім беру мазмұнының теориясының дамуы (А.Д.Қайдарова) мәселелері бойынша іргелі еңбектер жарық көрді. Осы ізденістер нәтижесінде Білім және ғылым министрлігігінің тікелей басшылығымен «Қазақстан Республикасындағы жоғары педагогикалық білім беру тұжырымдамасы», «Қазақстан Республикасындағы үздіксіз педагогикалық білім беру тұжырымдамасы», (2004ж), «Жаңа тұрпаттағы педагогті қалыптастыру тұжырымдамасы» (2006ж) даярланды. Аталмыш тұжырымдамалар жоғары педагогикалық білім беру мазмұнын жасаудың қалыптасқан тәжірибесін жинақтауға септігін тигізді. Қазіргі уақытта еліміздегі жалпы орта білім беру жүйесі 12 жылдық мектепке көшуге дайындық жұмысын жүргізуде. Сол себепті педагогикалық білім беру мазмұнында біріншіден, педагогикалық білім берудің нысанасы ретінде 12 жылдық мектептің мәні, орта білім мазмұнын нақтылау, арнайы қарастыру, екіншіден, білім мазмұнын іске асырудың мақсатын, шарттарын белгілеу; үшіншіден, білім мазмұнын игеру нәтижесінің тиімділігін бағалайтын өлшемді жасау, төртіншіден, отра білім мазмұнын педагогикалық білім берудің отандық және шетелдік тәжірибесімен сәйкестендіру қажет.
Білім беру мазмұны тұжырымдамасын даярлау педагогикалық білім берудің парадигмаларын саралауды талап етеді. Парадигма ғасырлар бойы мәдени-тарихи жағдайларға сай білімнің әлеуметтік құбылыс ретіндегі негізгі параметрлерінің (білімдік, мәдени-құндылық, технократтық, ізгілік, дәстүрлі т.б.) басым болуымен қалыптасады. Жоғары педагогикалық білім беру мазмұны тәлімгерлік, білімдік, техникалық, әдіснамалық парадигмалар деңгейінде зерттелуде. Белгілі парадигмалар ішінен білімге тұрақты қызмет атқарған екі парадигманы ашып айтуға болады, олар: ізгілік және классикалық парадигмалар.
Ізгілік парадигмасы «барлығы адам үшін», «адам байлығы үшін» ұстанымдарына негізделіп, адамның ойлау бейнесін өзгертуге бағытталған. Жаңа білім парадигмасы білім, білік, дағдымен шектелетін білім жүйесін тұлғаның өзін-өзі жүзеге асыру әлеуетімен қамтамасыз ету мақсатындағы құзырлылық тұғырына ауыстыруды талап етеді.
Жоғары педагогикалық білім берудің мазмұнының зерттеу тарихы, даму көздері, ғылыми аппараты, әдіснамалық тұғырлары мен ұстанымдары, кәсіби бағыттылығы, теориялары, дидактикалық нормативтері ғылымда зерделенген. Педагогикалық білім беру мазмұны тек қана психологиялық және педагогикалық бағыттағы пәндермен шектелмейді, болашақ мұғалімді тұтас педагогикалық үдерісті басқаруға толығымен даярлайтын стандарттарда көрсетілген міндетті пәндер және әрбір жоғары оқу орны анықтайтын таңдау пәндерінің мазмұны болып табылады.
Жоғары педагогикалық білім беру мазмұны ғылыми-практикалық конференцияларда, семинарларда талқылануда. Университет базасында өткелі отырған мәжіліс бір жағынан теориялық тұжырымдарды, екінші жағынан педагогикалық білім мазмұнын жақсартудың практикалық жолдарын қарастырмақ.
12 жылдық мектепке қажет жаңа тұрпаттағы мұғалім арнайы, коммуникативтік, интеллектуалдық, әлеуеттік, бейіндік, технологиялық және т.б. құзіреттілікті меңгерген маман. Мұғалімнің моделін жасауға үш деңгейлі маман даярлау мен оқытудың кредиттік технологиясы үлкен септігін тигізбек. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі педагогикалық мамандықтар бойынша стандарттардың құрылымы мен мазмұнын жетілдіру, стандартқа 12 жылдық мектеп мұғалімінің кәсіптік құзыреттерін ендіру, педагогтардың біліктілік сипаттамаларын нақтылау сияқты маңызды шараларды жасап жатыр. Бүгінгі күні 12 жылдық мектеп мұғалімінің жалпы білімдік, пәндік, кәсіби даярлығының құзіреттілік моделі білім стандарттарында нақтылануда. Ал жоғары педагогикалық оқу орындары осындай бастамаларды өз тәжірибесінде пайымдап, ғылыми-әдістемелік тұжырымдарды жасауға ат салысуы керек.
2010 жылдың 8-9 сәуірінде “Жоғары педагогикалық білім беру жүйесінде мамандар даярлауды оқу-әдістемелік, әдіснамалық және ақпараттық-технологиялық жағынан қамтамасыз ету мәселелері” тақырыбында университет базасындағы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің Республикалық оқу-әдістемелік кеңесі секциясының «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу», «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі», «Музыкалық білім», «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану», «Педагогикалық өлшемдер» салаларына және шағын жинақталған мектептерге педагог мамандарды даярлау мәселелері бойынша ұйымдастырылған кеңейтілген мәжілісте негізінен мына мәселелер қаралады:
– ЖОО-да бакалавриат, магистратура, докторантурадағы мамандықтар бойынша мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттар, типтік оқу жоспарлары, типтік оқу бағдарламалары, дәстүрлі және электронды оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдар даярлау;
– Маман даярлаудың құрылымын, пәндердің мазмұнын нақтылау, әдістемесі мен технологиясын жетілдіру;
– ЖОО-да болашақ мамандарды тәрбие жұмысын және ұлттық тәрбие жүйесін ұйымдастыруға даярлау;
– 12 жылдық білім беру жүйесіне және шағын жинақталған мектепке мамандар даярлау;
– ЖОО білім беру бағдарламалардың сапасының мәселелері және еңбек нарығының қазіргі заманғы талаптары, «Білім беру» тобы мамандықтарына сұраныс динамикасы;
– Жалпы орта білім беру және жоғары педагогикалық білім берудің мемлекеттік стандарттарын жасауды үйлестіру мәселелері;
– Жоғары педагогикалық білім беру үдерісінде базалық пәндерді шет тілінде оқыту мүмкіндіктері және тәжірибесі;
– Бағдарлы (бейінді) оқытудың теориясы мен технологиясы;
– Мемлекеттік стандарттар даярлау барысында «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жүргізілген зерттеулер нәтижелерін пайдалану;
– Инновациялық технологияны оқыту үдерісінде, педагогикалық практика барысында, дипломдық жобаларды, мемлекеттік аттестацияны оқу-әдістемелік қамтамасыз етуде көрмелерді ұйымдастыруда пайдалану;
– Болашақ мамандардың кәсіби-дидактикалық, кәсіби-әдістемелік, кәсіби-технологиялық құзырлылығын қалыптастыру, біліктіліктерін арттыру;
– Жоғары педагогикалық білім беру жүйесіндегі әдістемелік көрмелер және инновациялық форумдар ұйымдастыру;
– Оқу-әдістемелік жұмыстың ғылыми-зерттеулер нәтижелері мен отандық, шетелдік жоғары оқу орындары тәжірибелері негізінде жетілдірілуі.
Әрине, бұл өте күрделі және ауқымды мәселелер. Оларды үйлесімді шешуді біздің университеттің базасындағы Секция Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің басшылығымен жүзеге асырады. Секция мүшелері, яғни Сіздер, осы келелі жұмыстарды атқаруға белсенді қатысқандарыңыз жөн болар еді. Кеңестің қорытынды мәжілісінде аталған мәселелер бойынша қабылданатын шешімдер мамандықтар бойынша педагогикалық білім беру мазмұнын тереңдетуге, одан әрі жетілдіруге мұрындық болар деген сенім білдіремін.
Жоғары оқу орындарында білім берудің ұтымды жолдары мен тиімді әдістері арқылы болашақ мамандарға ғылыми білім беріледі. Күнделікті ақпарат ағымының молдығы, жаңа технологиялардың білім беру жүйесіне енуі жоғары оқу орындарында оқып жүрген болашақ мамандардың тек белгілі ғылым салаларынан алатын білімдер жиынтығына ие болып, не сол бойынша біліктілікті меңгерумен шектелмей, олар алған білімдерін өздігінен қортындылап, жүйелеп, саналы меңгеруге, білімін тиімді пайдалануға, қоғам өміріне қажетті білікті маман болуға дайындалуы керек.
Жоғары білім жүйесі сапалы білім беруге негізделеді. Университеттің базасындағы РОӘК секциясы үнемі тәжірибе жинақтап, жұмысының бағытын нақтылауда. Секция жұмысының мазмұны білім беру жүйесін жетілдіру, Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының, типтік оқу жоспарлары мен бағдарламаларын әдістемелік жетілдіру, білім беру үдерісінің қолданыстағы инновациялық технологияларын, әдістерін, құралдары мен нысандарын әзірлеу және бақылау болып табылады. Университетте білім берудің жаңа моделін сынау табысты жүзеге асырылуда.
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің жаңа миссиясы – жоғары білікті педагог мамандарды даярлау және олардың бәсекеге қабілетті кәсіптік деңгейін қамтамасыз ету, университет түлектерінің азаматтық және адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру, университеттің әлемдік білімдік, ғылыми және ақпараттық қауымдастыққа енуіне жағдай жасау. Осы миссияны орындау бағытында инновациялық әрекет негізі болып табылатын білімдік және зерттеушілік үдерістер университетте жоғары деңгейде тиімді ұйымдастырылуда. Университет педагогикалық интеллигенцияны даярлап, ауыл мектебінің білімдік және ғылыми-әдістемелік орталығына айналып, мемлекеттік идеология мен ұлттық идеяны іске асыра отырып, үнемі дамып отыратын ғылыми-педагогикалық әлеуетті, қоғамның, өмірдің, педагогтардың кәсіби әлемінің жаңа бейнесін қалыптастыруда.
Қазақстандық университеттер «білім экономикасының» ұйытқысы, елдің инновациялық дамуының катализаторы болуы тиіс. Олай болса, қазіргі таңда жоғары білімді маман даярлау үдерісіне күрделі талаптар қойылып, қоғам сұранысының қажеттілігін қанағаттандыруы қажет. Ендеше, бүгінгі күні «Педагогикалық өлшемдер» бойынша мамандықтарды дайындау жоғары педагогикалық оқу орындарында өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Бұндай мамандарды даярлаудың басты мақсаты білім беру саласындағы педагогикалық құбылыстарды талдау, саралау, бағалау әрекетімен тығыз байланысты.
«Педагогикалық өлшемдердегі» негізгі бағыты – білім алушыларды педагогикалық құбылыстарды талдауға, сараптауға, бағалауға үйрету. Педагогикалық қызметте бұндай білім үнемі қажет болғанымен арнайы білімдер беру міндеті жоғары педогогикалық оқу орны жоспарларында қарастырылмаған. Ал, тәжірибе көрсетіп отырғандай, болашақ мұғалімдерді даярлауда педагогикалық өлшем туралы білім беру керек екені айқын болып тұр. Мысалы: студенттердің ғылыми-зерттеу жұмысты орындау әрекетін алайық. Студенттердің ғылыми-зерттеулерінің міндеті – деректер мен құбылыстарды түсіндіріп, ізденістің арқасында ғылыми жаңалыққа ұмтылуы. Мұндай жұмыстарда ғылыми жаңалық енгізуге жоғары талап қойылғанымен, студентке ғылыми талдау білігі, жалпылау, жүйелеу, т.б. міндеттер жүктеледі. Біз студенттердің ғылыми жұмысын бағалауға арналған өлшемдерді төменгі сызба арқылы көрсеттік (Кесте 1).
Достарыңызбен бөлісу: |