СОНДА АТЕИЗМ, АГНОСТИЦИЗМ ЖӘНЕ ГУМАНИЗМ ТУРАЛЫ НЕ ДЕУГЕ БОЛАДЫ?
Енді сені түсініп келе жатқан сияқтымын. Дегенмен осының бәрі маған әлі аяғына дейін анық емес. Мысалы, атеистер, агностиктер және гуманистер туралы не ойлайсың?
Өзің де көз жеткізіп тұрсың, атеизм шындықтан алыс жатыр, өйткені әлемді жобалап Жаратқан Біреудің бар екенін жаңа ғана дәлелдедік. Ал атеистер «күллі ғаламда Құдай тәрізді ешнәрсе жоқ» дейді. Шындығында бұны тек бәрін білетін біреу ғана біле алады, ал бәрін Білуші — жалғыз Құдай ғана. Сондықтан егер атеист ұстанған ілімін ой елегінен өткізсе, өзін Құдайдың орнына қойғанын түсінер еді!
Агностицизммен де дәл осылай: оны ұстанушылар дүниені және оны Жаратушыны тану еш мүмкін емес деп айтуларымен өздерін толық білімге иеміз дейді.
Атеизм мен агностицизмнің қателігі осыдан-ақ көрініп тұр. Екеуіміз сияқты мәселелерді тәптіштеп талқылаған әркімге де бұл айдан анық. Сен Құдайдың бар екенін мойындадың, демек, енді өзіңді атеиспін дей алмайсың. Әйтпесе сен қазір ғана жасаған тұжырымдарыңнан бас тартар едің. Алайда бұл — ар-ұжданыңның алдында адал болмас еді.
Сонда мәселені біз сияқты талқыламағандарды қайтеміз? Олар агностик не атеист болса, несі жаман?
Ештеңесі де. Алайда Құдайдың бар екендігі туралы естігенде, олардың қалай әрекеттенгендері маңызды. Әңгіме солардың екі түрі барында: Құдайдың бар-жоқтығын білмейміз деушілер және білмейтін біз ғана емес, бүкіл дүниеде ешкім де біле алмайды деушілер. Осы екінші тобы басқа адамдардың ойларын білеміз деумен қатар нені білуге болатыны не болмайтыны бізге айқын дегенді де басым айтады. Өзінің осындай пікірін дәлелдей алатын адамды ешқашан кездестірген емеспін.
Ал агностиктердің алғашқы тобы өздерінің Құдайдың бар-жоғын білмейміз дегендеріне сәйкес басқа адамдардың Құдай бар деген дәлелдемелерін терең зерттеп, белгілі бір қорытындыға келуге тиіс. Себебі өзінің бір нәрсені білмейтінін мойындаган әркімнің білетін басқа кісілердің көзқарастарымен санасуы — нағыз парасаттылық.
Бұл ақылға сыйымды. Алайда гуманизмді қайтеміз?
Қайта өрлеу дәуірінде «гуманизм» деген ұгым адамның және оның шығармалары: әдебиет, ән-күй, сурет, сәулет өнері сияқты көркем өнерлер әрі барлық ғылымдар — зерттеуге тұрарлық салалар дегенді ұстанатын. Қазіргі заманда бұған ешкімнің күмәны жоқ, бірақ бір кезде көпшілік тек Құдай және Оның шығармалары, яғни діни пәндер ғана зерттеуге тұрарлық деген пікірде болды. Әуел баста «гуманизм» жұртшылыққа діннен басқа салаларды да зерттеген дұрыс дегенді ескертті. Бұган өте ризамыз.
Алайда адамдардың өздерін гуманиспіз деп атауларының басқа да мәнісі бар. Олар: «Адам баласы өзіне қажет нәрселермен өзін толықтай қамтамасыз етіп, барлық мәселелерін де Құдайсыз-ақ шеше алады» деп сенеді. Әлбетте, адам баласы көптеген мәселелерін өз бетімен шеше алатыны даусыз. Бірақ өзінің күнә жасауына және онысын Құдайдың жазалауына байланысты мәселелерін оның өз жеке басы шеше алмайды.
Сенушілер гуманизмнің алғашқы түрін құшақ жая қабылдайды, ал екіншісін жоққа шығарады. Себебі бұл көзқарас ең ұлы Тұлғаны — Жаратушының Өзін мойындамай, адам баласының орнын жарамсыз дәрежеде жоғарылатады.
Ербол, бірақ бұл да әлі «Құдай шынымен бар» немесе «сенушілердің ілімі — ақиқат» дегенді білдірмейді ғой. Мүмкін, сен тек осыларыңның шындық екенін тілеп, солай деп есептеген шығарсың?
Жоқ, олай емес. Солай тілегенімнің өзі де оның не шынайы, не шынайы еместігін білдірмейді. Неге десең, сенің тілегенің кейде іске асады, солай емес пе? Пікіріміз шындық па, қате ме деген сұраққа тілектерімізді ескермей жауап беру керек.
ИСАҒА ДЕГЕН СЕНІМНІҢ ДӘЛЕЛДЕМЕЛЕРІ ҚАНДАЙ?
Солай екен дейік. Онда Исаға деген сенімнің шынайылығының дәлелдерін айтып берші. Олар қандай? Кейбіреулер тарихта Иса Мәсіх еш болған емес, Ол ойдан шығарылған бейне дегенді айтып жұр ғой.
Құтқарушы Исаның шынымен өмір сүргендігінің ең маңызды айғағы — жиырма жеті жазбадан тұратын, әрқайсысы Исаның өмірі мен ілімі және Ол бастаған қозғалыс туралы әңгімелейтін Інжіл шариф. Сол жазбалардың алғашқы төртеуі «Ізгі хабар» деп аталып, Исаның өмірі мен ілімі жайлы баяндайды. Бұлардың екеуін жазғандар — Исаны өз көзімен көріп, бірнеше жыл бойы Оның қасында жүргендер. Ал қалған екі «Ізгі хабар» бәрін көздерімен көрген куәлардың баяндап айтқандарынан жинақталып, құрастырылып жазылған. Осы құжаттар Исаның өмірі мен іс-әрекеттерінің бұлтартпас дәлелдері.
Дегенмен, Исаның өмірі жайлы бұлардан басқа да тарихи айғақтар бар; Исаның жолына түспеген яһуди тарихшысы Иосиф (Жүсіп) Флавий де «Яһудилердің көне тарихы» деген еңбегінде Иса туралы жазып қалдырған. Рим империясының Иса тұрған өлкесін билеген әмірші Понти Пилаттың дәуірін суреттей келіп, Иосиф Флавий (18 томының 3 тарауында) былай деп жазады:
«Ал сол кездің шамасында аса данышпан адам Иса өмір сүрді — егер оны адам деп атау орынды болса, себебі ол керемет істер жасап жүрді. Ол шындықты қуана қабылдағандардың Ұстазы болып, көптеген яһудилер мен гректерді өзіне тартып отырды. Ол — Мәсіх (Құтқарушы Патша) еді. Арамыздағы басты адамдардың ұсынысымен Пилат оны айқыш ағашқа керіп шегелеп тастауға үкім шығарғаннан кейін Исаны алғашқыда сүйгендер одан бас тартқан жоқ. Себебі ол үшінші күні қайта тіріліп, оларға көрінді. Құдайдың пайғамбарлары ол туралы мұны да, басқа да он мыңдаған ғажап оқиғаларды алдын ала айтып кеткен болатын. Күні бүгінге дейін өздерін соның атымен мәсіхшілер руы (қауымы) деп атап жүргендер бар».
Иосиф Флавий осы «Көне тарихын» біздің заманымыздың бірінші ғасырының аяғында жазып, Рим императоры Домицианның билік құруының 13-ші жылы (б.з. 93-94 ж.) аяқтады. Бұл шығарма — көне еврей тарихы туралы негізгі мәлімет көздерінің бірі.
Сонымен қатар, Неронның билік құруын сипаттаған, Римнің басқа бір тарихшысы — Корнелий Тацит те Иса және Римде тұратын мәсіхшілер туралы айтып өтеді. (Жылнамалар, XV, 44, шамамен б.з. 112 ж. жазылған). Римнің тағы бір тарихшысы — Светоний де б.з. 120 жыл- дары жазылған кітабында Иса және Оның жолымен жүретіндер туралы айта кетеді. (Клавдийдің өмірі, 25.4). Рим тарихшысы Кіші Плиний де Иса туралы б.з. 112 жылы жазған (Хаттар, X, 96).
Інжіл шарифтегі «Ізгі хабарлардың» бірін жазып қалдырған елші Лұқа болған оқиғаларды ерекше мұқият баяндаған тарихшы болған. Лұқа Иса Мәсіхтің өмірін сипаттап жазуда ерекше тәптіштеп зерттелген тарихи деректерге сүйенемін деп құрметті досын сендіріп, былай деп жаза бастайды:
«Қадірлі Теофил! Ізгі хабарды уағыздаушылар арамызда әбден белгілі болған оқиғаларды басынан бастап өз көздерімен көріп, бізге қалай айтып жеткізсе, дәл солай әңгімелеп беруге көп адамдар кірісіп кетті. Олар іспетті мен де өзіңіз үйренген осы ілімнің берік негізіне әбден көз жеткізуіңіз үшін бәрін басынан бастап ұқыпты зерттеп, рет-ретімен жазып берсем игі болар еді деп ұйғардым» (Лұқа 1:1-4).
Лұқа Исаның істерін сипаттай бастағанда, олардың қандай тарихи заманда болганын атап көрсетеді:
«Рим патшасы Тіберидің билік құрғанынан кейінгі он бесінші жылында, Яһудея аймағын Понти Пилат билеп, Ирод Антипас — Ғалилея аймағының әкімі, оның бауыры Філіп — Итурея мен Трахонит аймақтарының әкімі, Лүсани — Абілине аймағының әкімі, ал Ханна мен Қаяфа — басты діни қызметкерлер болып тұрды (Лұқа 3:1-2). (Осындағы Итурея, Трахонит және Абілене — бүгінгі Ливан мен Сирия елдеріндегі аймақтар.)
Исаның өмірі мен ілімі туралы «Ізгі хабар» деген өзге үш баяндамаларда да айқын тарихи сілтемелер бар. Оларды тарихи деректерді қадірлейтін кісілер жазған. Бұл жазушылардың екеуі — Матай мен Жохан Исаның жер бетіндегі қызметі кезінде Оның шәкірттері болған. Ал Марқа болса, Исаның басқа бір шәкірті — Петірдің жақын досы болатын. Інжіл шарифте Петірдің өзі жазған екі хаты да бар. Біз жоғарыда айтып кеткен Лұқа елші де Петірмен және Мәсіхтің бірнеше өзге шәкірттерімен бірталай уақыт өткізіп, олардың Исамен бірге жүргенде Одан көріп-естігендерін тәптіштеп жазып қалдырды. Лұқа, сондай-ақ, Иса Мәсіхтің өмірі мен ілімімен қатар, Оның ең жақын ізбасарлары мен солардың шәкірттерінің өмірі мен қызметі туралы Інжіл шариф- тегі «Елшілердің істері» деген баяндаманы да жазып қалдырды.
Сондықтан бізде Исаның шынымен өмір сүргендігі туралы бұлтартпас тарихи дәлелдер бар. Көне тарихтағы көптеген басқа кең танымал тұлғалармен салыстырғанда, Иса Мәсіхтің өмірі мен ілімі жайлы шынында да әлдеқайда көбірек білеміз.
Достарыңызбен бөлісу: |