Пайдаланған әдебиеттер тізімі
1 История всемирной литературы. В 9 т. М., 1988. Т. 5. С. 91.
2 История английской литературы. В 5 т. М., 1945. Т. 1. Вып. 2. С. 328-329.
3 Геттнер Г. История всеобщей литературы XVIII века. В 3 т. 1966. Т 1. С. 244.
4 Лансон Г. История французской литературы. Современная эпоха. М., 1999.
5 История печати: Антология. / Сост. Я.Н. Засурский, Е.Л. Вартанова. М. 2001. Т. 2.
6 Уперов В. В. Реклама – ее сущность, значение, историческое развитие и психологические основы. // Гермес. Торговля и реклама. Сборник. СПб, 1994.
Тақырыпты бекітетін сұрақтар
-
ХҮШ ғасырда Еуропа журналистикасына қандай жағдай әсер етті?
-
Даниэль Дефоның ХҮШ ғасыр журналистикасындағы орны туралы не білесің?
3. Аддисондық журналдар журнал дәстүрінің дамуына әсер етті ме?
4. Питер Юлиус Ройтер кім? Тарихтағы орнын қалай бағалайсың?
5. «Роман-фельетон» жанрының қалыптасуы кімнің шығармашылығымен байланысты болды?
6. Оноре де Бальзактың «Монография о Парижской прессе» туындысының мәні мен маңызы неде?
7. Күнделікті шығатын француздың «Pette Journal» («Кішкентай газет») газетінің атауы қайдан шыққан?
8. Германияда бірінші суретті газет қашан шықты?
1.3 ХХ ғасырдағы Еуропадағы баспасөз
Батыс Еуропада индустриалдық өнеркәсіпті тұтынуға байланысты жаппай сауатсыздықты жоятын алғашқы білім міндетті болып және машиналарды қолданатын еңбек шарттарына бейімделген жұмысшы күшін құру енгізілді. Осылайша Англияда 1870 жылы мектепте оқу туралы заң қабылданды. Жаппай сауатсыздықты жою бұрын баспасөз ықпалын сезбеген халыққа арналған көп таралымды басылымдардың шығарылу шарттарының құрылуына негіз болды. Сонымен қатар, сайлау нәтижесіне әсер ете алатын электорат құрылды. Ол жаңа электорат тобына ықпал ететін баспасөз арқылы саяси-экономикалық элитаның қызығушылығын жоғарылатты.
Осы ғасырдың межесінде ірі газеттер 100 мыңдық таралыммен шықты. Мысалы, Францияда күнделікті газет саны (1865ж.) 28-ден XX ғасырдың басына дейін 471-ге дейін жетті. Англияда (1846ж.) 14-тен 247-ге дейін көбейді. АҚШ-та жаңа ғасырдың басында 2000 мыңға жуық газет-журналдар шығып отырған, ал Германияда 7000 мыңға жуық әртүрлі мерзімді басылым басылған. 1910 жылы АҚШ-та 2600 күнделікті газет шығып, күнделікті газеттердің шығу саны жағынан өз шыңына жетті, кейіннен олардың саны бірте-бірте азайып отырған. Соңғы жиырма жылда мемлекет халқының саны 30 миллионға жетіп, ал орташа және ірі қалалар урбанизацияның нәтижесінде екі есе көбейеді. Алайда, сол кезеңдегі күнделікті газеттердің саны 1942-ге дейін азайды. Сонымен қатар, иллюстрациялық басылымдардың технологиясы дамыды. Францияның өзінде бір ғасыр ішінде 130-ға жуық иллюстрациялық басылымдар шыққан.
Технологиялық жаңалықтар иллюстрациялық газет-журналдарды революцияланып, олардың қатарына үлкен фотоиллюстрациялық массиві келді. Шамамен 1905-1906 жылдары газеттер оқиғалы фотографияларды саяси және қоғамдық шараларды, спорт жарыстарын, катастрофаларды, қылмыстық оқиғаларды жеткізу үшін кең қолданысқа енді. Фоторепортерлар суретшілерді алмастырды, репортаж сипаттындағы суреттерді дайындау үшін ірі басылымдар фотореперлерді оқиға болған жерге бағыттап отырды. 1910 жылдан кейін иллюстрациялық сипаттағы түрлі-түсті басылымдар технологиясы кең тарады.
«Сапалы» басылымдар. Элиталық баспасөз дәстүрін жалғастырушылары «сапалық» деп аталатын басылымдарды шығара бастады. «Сапалы» басылымдардың үлгісі ретінде мемлекеттік және саяси элитаға, бизнес өкілдеріне, жоғары білімді интелигенцияға арналған Лондондық «The times» газеті қалды. Алайда, нарықтық қатынастардың дамуы, экономиканы басқару жүйесі мен шаруашылық механизмі қиындықтарының жоғарылауына байланысты белгілі бір элиталық аудитория үшін, өз құрамына қаржылық орта өкілдері, өнеркәсіп қожаларын, банк саласы мен сақтандыру бизнесінің басқарушыларын енгізетін газеттерді шығару қажеттілігі туды. Дәл осындай оқырмандар категориясы үшін Лондонда «Financial times» газеті шығады. Келесі жылы Нью-Йоркте Ч.Доу және Э. Джонтың басшылығымен «Wall Street Journal» газетіне ұқсайтын газет басылып шығады. Ол американдық басқарушылар мен қаржыгерлер туралы ақпарат көзі болды.
XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында позитивизмнің дамуы, табиғи ғылымның жетістіктеріне баулитын діни-ғылыми білім журналистиканың объективті сипатта құрылуына мүмкіндік туғызды. Жеке жауапкершіліктен айырылған, үнемі дәлелді қажет ететін, репортаждың беллетристикалық әдемілігін жоғалтып алған америкалық «телеграфтық» стиль көптеген еуропалықтарға әдеби әріптес ретіндегі «баспасөз пікірі» жаңалық болды. Олар негізгі журналистік шығармашылықтың дәстүрлі үлгісін көрсетті. Заманауи Француз журналистикасы АҚШ-тың репортерлік журналистикасының біртіндеп жойылып бара жатқанын жазады. Онымен қоса, француз газеттерінде мұны «жорғалап жүріп ену репортерлігі» деп атады. Еуропада репортаждың дәстүрлі пішіні америкалық рухта кеңінен тарады. Соғыс кезінде репортаждың көркем-әдеби және публицистиканың айқын элементтері анықталды.
Сұхбат жанрының енуі. Ғасырдың соңында сұхбат жанры Еуропада тарала бастады. Заманауи британдық журналист 1900 жылдың соңында ағылшындар сұхбат жанрын қолдана бастайды. Белгілі британдық журналист У.Стид 1902 жылы сұхбатты америкалықтар ойлап тапты дейді. Ол Англияға бірінші рет америкалық баспасөзден үлгі алған сұхбатты жібереді. Неміс журналистикасының теоретигі Э. Довифат 1927 жылы АҚШ журналистикасы туралы кітап жазды. Онда сұхбат жанрын нақты америкалық жаңалық ретінде мойындайды.
Сұхбат жанрын қолдануда, яғни «сұрақ – жауап» үлгісімен жазылған, журналист пен кейіпкердің әңгімесінің сол күйінде берілуін газет оқырмандары өзгеше қабылдайды. Өйткені оқырмандардың сұхбат берушіге емес, сұхбаттасушының жеке өміріне назары ауады. Ертеректе оқырмандардың көңілін газетпен баураған жауапкершіліктен айырылған журналист, өзіндік қолтаңбасын енгізіп, қоғамдық пікірді білдірушіге айналды. Журналистің ирониясы, сарказмі, сұхбаттың драматургиясын құрастыра білуі, әңгімелесушіден ақпаратты ала білу шеберлігі сұхбат алушыға деген оқырмандардың ықыласын туғызды. Сұхбат алушы журналист атақты кейіпкерлерден алған сұхбаттары арқасында өзінің шеберлігін шыңдап, оқырмандарға жақындай бастайды.
Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде насихатқа қажеттілік тууы Еуропада сұхбат жанрының дамуына түрткі болды. Соғыстан кейінгі кезеңде еуропалық баспасөзде кеңінен таралған да осы сұхбат жанры болды. XX ғасырдың 30-шы жылдарында сұхбат газет журналистикасында дамыған жанрлар санатына қосылды және бұл кезеңде сұхбаттың түрлері де көбейді.
Еуропада қазіргі журналистік зерттеудің шебері саналатын неміс публицисі Понтер Вальрафф неміс қоғамының әлеуметтік теңсіздігі мен озбырлығын, ФРГ азаматтарының демократиялық құқықтарын қорғайтын көптеген материалдардың авторы ретінде аты тарихта қалады.
Журналистердің алғашқы кемелденген кодексі қоғамдық сынның басылымға деген көзқарасы негізінде пайда болды. Батыс Еуропада жиырмасыншы жылдары журналистің этика нормалары өз бағытын өзі анықтау процесін біршама белсенді жүргізді. Кәсіби журналистика әдебіндегі норманың формалды түрде бекітілуін реттеуші құжаттар, журналистика этикасының базалық принциптерін көптеген жылдар анықтады. Оның құрылуында кәсіподақ пен журналистика ассоциациясы, редакторлар мен баспагерлерді біріктіретін ұйымдар өз үлесін қосты. Ұлттық журналистерді біріктіретін кәсіподақтар Францияда 1918 жылы «Француз журналистерінің кәсіби міндеттерінің кодексін» өңдеді. Дәлелсіз айыптау, жасанды құжаттарды шығару, дәлелдерді бұрмалау мен ең маңызды қылмыс жайлы өтірік айту секілді өсекті жариялауға тыйым салды. Кодекс журналистерді коммерциялық және жарнамалық сипаты бар материалдарға қол қоймау кәсіби статусты жоғарылатады деді. Кодекс бойынша, журналистік қызмет кодекс бойынша журналистика қоғамда болған әрекетті, оқиғаны ғана ұсыну емес, қоғамның сыни көзқарасын және жұмыс әдісін ресми түрде қалыптастыруға үлес қосу деп есептеді. Этикалық кодексте журналистика мен жарнама қызметінің қатал бөлінісінің ұстанымы жарияланды. Коммерциялық алға өрлеуде баспасөз қызметкерлерінің қатысуын теріске шығарады. Ертеректегі бұқаралық баспасөз өндірісі жарияланымдарына жаңалық түріндегі жарнама материалдары енген еді. Журналистер XX ғасыр басында жарнама агенттіктері мен газеттерде жарнама берушілердің тапсырысымен жазылған мақтау материалдарын орналастырып жариялады. Коммерциялық екеніне нұсқау жасалмай, бұл жарияланымдар тапсырыспен жазылғаны айтылмады.
Еуропада ХХ ғасырдың алғашқы онжылдығында журналистік одақтар құрыла бастады. Францияда ВКТ журналистерінің Ұлттық синдикаты құрылды (ВКТ). 1920 жылдары Польшада Краков синдикаты (1912 ж.) үлгісімен ашылған журналистер одағының таралуы Польша журналистерінің синдикат ұйымын (1924, Варшава), сонымен қатар, басқа да аймақтық-территориялық кәсіподақ ұйымдарының пайда болуына алып келді. Бұл әрекеттер нәтижесінде 1932 жылы жалпы ұлттық польшалық журналистер синдикатының ұйымы пайда болды. Синдикаттар журналистердің құқығын қорғау, жұмыс істеп жатқан журналистердің қызметін ұйымдастыру мен реттеу, зейнетақы қорымен қамту сияқты жұмыстармен айналыса отырып, журналистердің кәсіби қызметін жақсартуға талпыныс жасайды [1,124-125-б].
Дүниежүзілік соғыс кезінде журналистика саласында қызмет атқарған журналистер ассоциациясының құрылуына жол ашылды. Мысалы, Польшада 1920-1930 жылдары польшалық спорт журналистері, музыка сыншылары, журналист-кинотанушылар, фоторепортерлер синдикаттарының ұйымдары ашылды. Қазіргі таңда ұлттық, халықаралық сипаттағы мамандандырылған журналистік ұйымдар бар. Мысалы, қазіргі макрейкерлер тәжірибесін алмасу мақсатында ашылған ұлттық кәсіби ассоциациялар мен орталықтар тығыз қарым-қатынаста болады (Британдық Зерттеуші Журналистердің Ассоциациясы; Мамандандырылған журнал шығаратын зерттеуші журналистердің Филиппиндік орталығы). Осы бағыттағы басқа да халықаралық ұйымдар пайда болды. Соның ішінде танымалысы – «Investigative Reporters and Editors»[2].
Осы жылдар халықаралық журналистік ұйымдарын тіркеу кезеңі болды. 1926 жылы құрылған Журналистердің Халықаралық Федерациясы (штаб-пәтері Парижде) журналистердің құқығы мен бостандығын, журналистік қызметпен айналысу кезіндегі кәсіби қызметін атқарудағы ар-ұжданы, капиталдың баспасөзге әсерін қадағалау сияқты мақсатта жұмыс істеді. Бұл Федерация ІІ дүниежүзілік соғыс басталғанда өз қызметін тоқтатты.
Италиядағы фашистік насихаттың құрылымы және әдісі. Насихат журналистиканың ажырамас бір бөлігі. Белгілі бір идеологияның дамып-өркендеуі үшін масс-медианың қызметі қажет. Себебі, қоғамдық пікірді басқарып, қажетті арнаға бұра білсе, одан асқан күш жоқ. Ал, 10 адамды басқарып үйренсеңіз, қорықпай-ақ миллиондаған халықты басқара аласыз, яғни саны маңызды емес. Саяси ақпарат кез-келген уақытта белгілі бір идеологияға насихат жүргізеді. Ал, насихат дегеніміз - адам белгілі бір мақаласын жазып, баспасөзде бастыра отырып, белгілі бір қызығушылықтарды көздейді. Насихат ақпарат беріп қана қоймай, адамның сезіміне, жан-дүниесіне әсер ете алуы керек. Насихаттың негізгі элементтері: субьект, обьект (насихат бағыттаған аудитория).
Насихаттың мазмұны, пішіні, әдісі, құралы субьектінің әлеуметтік қызығушылығымен анықталады. Насихаттың негізгі категориясының бірі психологиялық әсер. Психологияны насихатта пайдалану ХХ ғасырдан бастап қолға алынып, осы салада жетістікке жеткен мемлекеттер ретінде АҚШ, КСРО, Германия мемлекеттерін атай аламыз. Журналистік зерттеудің қарқынды даму кезеңі екінші дүниежүзілік соғыспен тұспа-тұс келеді. Кез-келген насихаттың мазмұны толық қарастырылып, сараптама жасалды. Ал, бұл кезеңдегі насихаттың басты мақсаты - қоғамға манипуляция жасау жолдарын ашу болды. Қазіргі демократиялық қоғамда көз жеткізгеніміз, тирания, монархия, диктатура кезінде халық басып-жаншылып, қоғамдық пікір ортақтастырылды.
Дәстүрлі коммерциялық жарнама мен насихатта ұқсастықтар өте көп. Мысалы, Геббельстің үстелінде бұқаралық байланыс туралы кітапша болған. Көбіне, насихат жарнама іспетті құрылымда түзіледі. Насихатта сонымен қатар, жаңалық элементтері, қоғамды іс-әрекетке шақыру кездеседі. Мұндай тактика, халқының көбі газет оқып, өздерін жаңалықтардың ортасында жүрміз деп есептейтін адамдары бар елдерге тиімді. Қоғамдағы әр топтың көкейінен шығып, барынша зор әсер ететін, сенім білдіретін өзіндік бұқаралық құралы бар. Осыған орай журналистер ішінде танымал шолушылар, жүргізушілер тобы қалыптасады.
Ақпаратты тиімді берудің үздік жолдары айқындалады. Жалпы алғанда, насихат қара, сұр және ақ деп үшке бөлінеді. Ақ насихат кезінде оның қайнар көзі нақты, ондағы ақпарат шындыққа сай болады. Сұр насихат кезінде ақпараттың қайнар көзін анықтау қиын және оның растығына күмән көп болады. Ал, қара насихат толығымен адасушылыққа апаратын нақты қайнар көзі мүлде жоқ, шындыққа жанаспайтын ақпарат. Үгіт-насихат құралдары әрқашан шынайыдан шылқыған өтірікке дейін ауытқуы мүмкін, бірақ оның мақсаты қашанда насихатшының пайдасына негізделеді. Кез-келген жарнама қызметі мен үгіт-насихат заң актілері бойынша реттелетін бәсекеге құрылады. Психологиялық соғыс жағдайында насихаттың мақсаты мен міндеті жарнамадан бөлініп, қарсыласын жоюға бағытталған психологиялық қаруға айналады.
Үгіт-насихаттық акциялар адамға тікелей әсер етуге есептелген. Насихат тарихында қара насихат түріне жататын психологиялық соғысты жүргізу қағидалары қалыптасқан. Қазір баршамызға таныс «қара пиар» ұғымы туды. Насихат теориясының ерекше дамып, әдістерінің қалыптасуы итальяндық фашизм және немістік нацизм кезеңінде болды. «Фашизм» ұғымын естігенде алдымен 1933-1945 жылдардағы Германия көз алдымызға елестейді. Бұл, ертеден қалыптасып қалған Кеңес Одағының Муссолини мен Гитлер саясатын ортақ фашизмге балауынан пайда болған ұғым. Алайда, 1930 жылдары бұл режимдер арасындағы ұқсастық кеңестік және германдық режимдер арасындағы ұқсастыққа қарағанда аз болды дейді ғалымдар. Бір жағынан, итальяндық фашизм биліктегі партияның «жаңа типін», яғни неокоммунистік жаңа бағыт ретінде нацизмнің негізін салушы. Фашизм сөзінің түп-тамырын латын тіліндегі «fascii» - римнің лауазымды қызметкерлерінің қорғаушылары - ликторлар ұстаған, өрілген қамшыларға балта қыстырылған қару дегенді білдіреді. Алғашқыда ликторлар полиция қызметін атқарды, ал фасцимен қарсылық көрсеткен топтарды қуды. Кейініректе қолында фасций ұстаған ликторлар бейнесі билік пен құдіреттің символына айналды. 1919 жылы Италияның бірінші дүниежүзілік соғыста жеңіліс табуымен елді жайлаған дағдарыстың әсерінен парламенттік басқаруды қабылдамайтын – қаруға, тізгінсіз демогогияға және әскери тәртіпке сүйенген жаңа саяси күш пайда болды. Олар Фаши ди Комбаттименто – жауынгерлік топтары еді. Олар тұрғылықты халықтың аймақтық мәселелермен байланысын көрсету үшін жергілікті ұйымдар ретінде тіркеліп, өздері «дуче» - «ұлы» деп атаған Бенито Муссолинидің қоластына бірікті. Фашилердің басты қызметтері Италияның жауы ретінде қалыптасып кеткен социалистермен қарулы күреске халықты насихаттау болды. Осы орайда олар «ұжымдық үгіт – насихат құралы және ұйымдастырушысы ретінде» - «Пополо д'Италия» - «Италия халқы» газетін шығарды. Газеттің ақпараты жүйеленбеген, аса қатаң бағытта емес, қарапайым адамдарға арналды. Газет бетінде Италияның ұлылық идеясы сияқты үгіт-насихаттар, сонымен қатар, мағынасыз болса да халықты тарту мақсаты қойылып отырды. Соның бірі, Рим империясын қайта құрып, Жерорта теңізін «mare nostrum» - «біздің теңіз» деп атау болды. Сонымен қатар, фашистер оған қол жеткізу үшін алдымен бірінші дүниежүзілік соғыста Италияның жеңісіне бөгет болған Антантадағы одақтастарымен соғысу қажет деді. Греция, Албания, Хорваттар мен Словения, Серб корольдіктері – Антантаның қолшоқпары ретінде – дұшпан елдер болып танылды. «Шіріген» демократиялық жүйе жеркенішпен қабылданып, Италияда жойылуы қажет деп саналды. Тез уақытта фашистік партияға айналған фашилер «шіріген» демократиялық жүйенің парламент сайлауларына қатысудан жиіркенбеді. Фашистердің сайлау кезіндегі ресми талаптары: республика құру, құрылтайшылық жиналыстарға сайлау өткізу, өндірістік емес капиталды тәркілеу болды. Сонымен қатар, фашистер өздерінің қауіпті бәсекелестері ретінде көрген «қызылдарға» жек көрушіліктерін жасырмады, тіпті айқын көрсетіп отырды. Муссолини коммунизмге ұлттық альтернатива ретінде өзін ұсынды.
1921 жылы мемлекет елдегі жағдайды тыныштандыру үшін фашистер мен коммунистер басшыларына «тыныштық пактісіне» қол қойғызды. Әрине, пакт талаптары сақталмады. Елдегі экономикалық жағдайдың құлдырауымен демократиялық партиялар өз беделінен айырылып, халық фашистер жағына шыға бастады. 1922 жылдың 17 қазанында әскер қауіпсіздік қызметінің басшысы: «Муссолини өз жеңісіне сенімділігі соншалықты, ол елдегі жағдайдың қожайыны және мемлекет басындағылардың қадамын алдын-ала болжап отырды. Менің ойымша, ол 4-11 қараша аралығында елде төңкеріс жасамақшы», - деп жазады.
Офицер қателесті, елдегі төңкеріс болжанған уақытынан ерте 28 қарашада болды. Соның нәтижесінде, Луиджи Факта үкіметі биліктен кетіп, премьер – министр ретінде Бенито Муссолини тағайындалды. 1922 жылдың желтоқсанында үкіметтік биліктің көптеген қызметін өз мойнына алған Үлкен Фашист Кеңесі құрылды. Оған министр-фашистер және партия басшылығы кірді. Олар оның ауысымсыз тағайындалған төрағасы Бенито Муссолинимен тағайындалды. Саяси қайта құру кезеңінің тағы бір жаңалығы Ұлттық қауіпсіздіктің ерікті милициясын полициямен теңестірген император жарлығы болды. Осы жарлықпен Муссолини дуче үшін барлығына дайын жеке ресми гвардияға ие болды.
Италиядағы пайда болған фашизм әлемді жаулай бастады. Көптеген елдер фашизмнің жетегіне ерді. Германияда - Гитлер, Францияда ортақ партияға біріккен бірнеше фашистік ұйымдар – «Франсисты», «Женес Патриотик», «Огненный крест», Англияда фашизм екі ұйым – «Британдық фашистік одақ», «Британдық фашистік империялық лига» арқылы ықпал етуге тырысты. Фашистік ұйымдар Австрияда, Литва, Латвия, Эстония, Румыния, Польша, Ирландия, Швейцария, Оңтүстік Америкада құрылды. Ал, Испанияда - В. Франко, Португалияда - А.Салазар фашистік мемлекеттердің «жұмсақ» формасын құрды.
Нацистік насихаттың құрылымы мен әдістері. Германиядағы ұлттық-социалистік жұмыскерлер партиясы (ҰСЖП) Италиядағы сияқты, соғыстан кейінгі жылдардағы дағдарыс кезінде құрылды. Бұл кездегі Германияның жағдайы салыстырмалы түрде Италияға қарағанда біршама жақсы болатын. Соғыстан кейінгі уақыттағы Кеңес идеологиясы «ұлттық-социализм» ұғымын өздерінің бағыттарына қарсылықпен салыстырып, оны «фашизм» ретінде қолданысқа енгізді. Негізінен Германиядағы және Кеңес Одағындағы саяси режимдер өзара өте ұқсас болып келді, тек олардың айырмашылығы Гитлер немістердің көсемі болса, Сталин жұмысшы табының көсемі болды. Алайда, 1930 жылдары Сталинді бұл жағдай ойландыра қоймады. 1920 жылы 24 ақпанда 25 бөлімнен тұратын, кейін «нәсілдік теория» атанған бағдарлама қабылданды. Нәсілдік теория – неміс нацизмінің негізгі тірегі болды. Оның мақсаты, «жоғары нәсілдің» төмендеуінен қорғайтын, «герман нәсілін генетикалық тұрғыдан жақсартып, оны нәсілдік араласудан қорғау» болды. Бұл бағдарламаның қабылдануы, еврейлерді қуғындау формасында жүзеге асырылды.
Нәсілдік теорияның негізіне табиғаттағы «темір қағида», яғни жануарлардың тек өз тұқымына жататын жануарлармен ұйығуы жатты. Тек қана, қамаудағы өмір кезінде ғана бұл заң бұзылып, нәсілдік араласуға әкелуі мүмкін деп тұжырымдалды. Егер бұлай болған жағдайда табиғат өз заңына қарсы келгендерді жазалай бастайды. Табиғи жаза ақыл-есі дұрыс емес, жарымес балалардың өмірге келуі деп түсіндірілді. Күнделікті өмір үшін күресте тек мықтылар ғана өмір сүру мүмкіндігіне ие. Ал, әлсіз, нашарлар табиғи сұрыптауда өледі. Бұл табиғаттың тек сапалы нәсілдер өмір сүреді деген қағидасына сай еді. Сондықтан табиғат қатал жағдайларды қалыптастыра отырып, тек мықтылардың өмір сүруіне жағдай жасайды. Әрі қарай, фашистер табиғаттың бұл заңын адамдарға қолдануды бастайды. Олар тарихи деректерге сүйеніп, арий қанының төмен нәсілдегі қанмен араласуы нәсіл деңгейінің төмендеуіне, сонымен қатар, рухани және физикалық регреске әкеледі деп қорытты. «Нәсілдің құлауының» белгілері осындай сипатта болды.
Гитлер, адамзатты мәдениеттің негізін қолдаушылар, мәдениетті тасымалдаушылар және мәдениетті бұзушылар деп бөледі. Арий нәсілін «адам туындыларының храмының қабырғаларын қалаған және негізін салған», мәдениеттің негізін қалаушы ретінде, Азия халықтары – жапон, қытайлықтар арий мәдениетін өздеріне алып, оған өзіндік түр ғана берді, сондықтан олар мәдениетті тасымалдаушылар деп есептелді. Сонымен қатар, еврей нәсілін мәдениетті бұзушылар қатарына жатқызады және төменгі нәсілдің болуы жоғары нәсілдің қалыптасуына әкеледі деп түйді. Адамзаттың бірінші мәдениеті төменгі нәсілдерді пайдалануға сүйенді. Ежелде жеңіліске ұшырағандарды арбаға жегіп, қажеттеріне жаратқан, яғни арийліктер де өздерінен төмен нәсілдерді өз қызметтеріне пайдаланды.
ҰСЖП-да қарулы күштерге сүйенген, әскери тәртіпке негізделіп құрылған Италиядағы партия жүйесіне ұқсас болды.
Төңкеріс жасамақ болған сәтсіз әрекетінен кейін Гитлер жазаға тартылады. Жаза болмашы болғанымен, бүкіл Германияның аузында Гитлер болып, ҰСЖП толық гитлерлік қозғалысқа айналады. Бостандыққа шыққаннан кейін Гитлер «Майн Кампф» («Менің күресім») атты кітап жазады.
1932 жылдың 31 шілдесінде ҰСЖП рейхстагта өткен сайлауда 230 орын иеленеді. 1933 жылы 30 қаңтарда рейхканцлер фон Шлейхерді орнынан түсіріп, Адольф Гитлер бастаған топ коалициялық үкімет құрады. Құрылған кабинетке Гитлерден өзге ішкі істер министрі – Вильгельм Фрик, портфельсіз министр – Герман Геринг кіреді.
Гитлердің тағайындалуымен рейхстаг таратылып, жаңа сайлау жарияланады. Сол уақыттан бастап ҰСЖП-дан басқа әскер мен шіркеудің ғана билігі болады, бірақ уақыт өте келе олардың ықпалы да азая бастайды. Фашист аппаратының негізін 1921 жылдың тамызында құрылған шабуылшылар отряды (СА) құрады. Олардың қатары жыл сайын арта түсті. 1921 жылдың тамызында ол аз ғана адамдардың тобы болса, 1935 жылдың 1 қаңтарында олардың саны 3 543 099 адамға жетеді. Уақыт сайын тазалаудан өтіп отырған СА құрамы азайып, фюрер үшін бәріне дайын СС-тің әсері арта түсті. СС 1934 жылдың 30 шілдедегі оқиғалары кезінде – шабуылдаушы отрядтардың басшыларын ұстап, олардың көбі өздері салған концлагерьлерге тастады. Еңбектері үшін Гитлер оларды өзінің 1934 жылғы 13 тамыздағы жарлығымен СС құрамынан бөлді. Сол уақыттан бастап СС Гитлердің негізгі тірегіне айналды.
Нацистердің ашық расистік, шовинистік, агрессивті көзқарастары ашық әлеуметтік демагогия, өтірік құрастырылды. Фашистер Макиавеллидің: «Басқару – сендіруге мәжбүрлеу» деген қағидасын ұстанды. Сондықтан, насихат жұмыстары зорлық-зомбылық, қоғамдарды идеологиялық тұрғыдан өңдеу, адамдарға рухани манипуляция жасау арқылы жүзеге асты. Насихатқа нақты мысал ретінде келесі деректерді келтіруге болады. Гитлер билігі кезінде екі мыңнан астам фильм, мыңдаған роман, жүздеген өлеңдер жазылып, ескерткіштер мен мүсіндер жасалды және оның барлығы фашизмді асқақтатты.
«Фашизм – бұзақылардың қолдан жасаған өтірігі». Э. Хемингуэйдің осы сөзі нацистік насихаттың мағынасы мен мәнін ашты. Фашистер адам қабылдауын ақылға емес, оның тікелей сезіміне әсер етуде қолданды. Адам, олардың ойынша, ақылын сезім билейтін биологиялық ағза. Фашистер бұқараны рухани байыту мақсатында халық көп жиналған жерлерде: шерулер, манифестер, жиындар, көрініс, ойындар ұйымдастырды. «Топтар табындарға, бұқара плебске айналды». Бұл «айналу сиқыры» физикалық террор мен идеологиялық террордың бірігуінің нәтижесінде нацистік рухта халықты жүйелік өңдеуден өткізуге қол жеткізілді. Өтірік пен алдау нацист басшыларының қолындағы басты қаруға айналды. Сол өтіріктерінің бірі, сайлаудағы дауыс берушілердің санын көп деп жариялауы болатын.
Халық көп жылдар бойы СС-тің басып-жаншуында болды. 1938 жылдың 27 қыркүйегінде барлық қарулы күшті біріктерген Империяның жоғары қауіпсіздік қызметі құрылды. Бұл «үшінші рейхтың» қауіпсіздік қызметі болды, террор бұрынғы кейпінше жалғасып, «халықтық сот» әрекет жасады.
Кейін 1938 жылы әлем Гитлердің соғысқа дайындығы жөнінде айта бастады, бірақ одақтасы кім екенін білмеді. 1939 жылы 23 тамызда Германия мен Кеңес Одағы арасында «Бейбіт жағдай жөніндегі» пактіге қол қойылды. Екі одақтас Польшаны бөлісіп, Бресте жеңімпаздардың фашистік - кеңестік шеруін өткізді. Екі ел іштерінен тынып, бір-біріне шабуыл жасауға дайындық жасады. Осының нәтижесінде Гитлер 1941 жылдың 22 маусымында Сталиннің алдына түсіп, КСРО-ның территориясына соғысты жарияламастан басып кірді. Кеңес Одағымен нацистік Германия арасындағы соғыс қатардағы көп соғыстың бірі болмады. Бұл соғыс – мемлекеттердің арасындағы соғыс қана емес, нацистік және фашистік идеологияның коммунистік және демократиялық идеологияға қарсы күресі болды.
Еуропаның көп елдерін басып алған гитлерліктер өздерінің құбыжық жоспарларын құруда «жаңа тәртіпті» орната бастады. Бұл «тәртіп» хайуандық террористік режимді құру арқылы басып алынған елдердегі демократиялық ұйымдар мен азаматтық құқықты жоюға бағытталды. Басып алынған елдер тонаушылыққа, халқы физикалық соққыларға жығылды. Гитлершілердің зұлымдық әрекеттерінің мысалы, шағын чехословакиялық ауыл Лидицеден көрініс тапты. 1942 жылдың 10 маусымында гитлершілер елді-мекенге басып кіріп, 16 жастан асқан ер азаматтың барлығын атып, әйелдер мен балаларды концлагерьлерге жібереді. Ал, он бес жастан кіші балалардың жартысынан көбін неміс отбасыларына асырауға, ал қалған 89% ұл-қыздарды газ камераларына аттандырды. Лидицеде осыдан кейін тірі жан қалмайды. Фашистер үйлерді алдымен тонап, кейіннен өртеп жіберді. Ал, жанбай қалған ғимараттарды жарып жіберді. Фашистер болған елді-мекендерде тек оның күлі ғана қалды. Ол жерлер қайта өңделіп, шегелі сымдармен қоршауға алынды. Басып алынған елдерінде Гитлерліктер концлагерьлер жүйесін құрды. Олар нағыз өлім фабрикаларына айналды, ішіндегі ең ірі Осевинец. Ол 1939 жылы эсэстердің басшысы Гиммлердің жарлығымен германиялық «И. Г. Фарбениндустри» химиялық концерні салынды. Лагерь өте үлкен территорияны қамтып, өз ішінде Моновице, Аушну, Биркенау, Лвишивку сияқты бірнеше лагерьлердің жүйесін қамтыды. Барлық лагерьлер қазылған орлармен және ток жүргізілген тікен сымдармен қоршалды. Осевинецке күн сайын ішінде 1500-нан бастап 3000-ға дейін адам болатын, 3-5 теміржол құрамдары тоқтап отырды. Осевинецте адамдарды тек қана ату жазасына ғана кесіп қоймай, оларға тәжірибе жүргізіп, қаншама адамды «Циклон - 5» деген улы газбен өлтірді. Адамдарды газ камераларына қамап, ішіне газ жіберіп, уландырды. Ал, өлім газбен тыныстағаннан кейін 3-5 минут арасында келіп, кейін адамдардың мәйітін крематорий пештерінде өртеп отырған. Ал, крематорий пештері адам мәйітінің көптігінен оларды жағып үлгермеді. Сондықтан адамдардың жартысын қазылған орларға тастап, үстерінен жанармай құйып, өртеп отырған. Кей күндері Осевинецте 10 мыңнан 12 мың адамға дейін ажал құшқан. Гитлерліктердің зұлымдығы соншалық, олар адамдардың жанбай қалған сүйектерін өздерінің одақтастарына суперфосфат өндіру үшін сатқан, тіпті балаларды да аямаған. Мыңдаған балалар фашист жауыздарының қолынан қаза тапты. Бұрын қамауда болған Янов Геррон сотта берген жауабында: «1943 жылы Биркенау лагерінде 164 ұл бала таңдалып алынып, ауруханаға жатқызылады. Ауруханада олардың жүректеріне карбон қышқылын жіберіп өлтірді», - дейді. Тағы да бір қамауда болған Бакаш Вельдраут деген адам: «Крематорий пештерінде кішкене балаларды лақтырып жатқанын өз көзіммен көрдім», - деп куә болады. Фашистердің жауыздығы өз заманындағы қатігездіктің ең озбыры болды. Освинецте неміс ғалымдары адамдарға түрлі тәжірибелер жүргізіп, химиялық препараттарды сынады. Тіпті, өлтірер алдында әйелдердің шаштарын қарып алған. Шұғыл комиссия лагерь аумағынан 7 мың киллограмм болатын 293 бумадағы әйел шаштарын тапқан. Люблиннің жанындағы Майденек деген жерде фашистер өлім лагерін құрады. Оны гитлерліктердің өздері де «фернихтунслагерь» «өлім лагері» деп атады. 144 барабанда Еуропа елдерінен мыңдаған адамдар қамауда отырды. Бұл лагерьдің қанды тарихы 1941 жылы қараша-желтоқсан айларында атылған Кеңес азаматтарынан басталады. Осы уақытта Майденекке жеткізілген 2000 әскери тұтқынның 80-і ғана тірі қалып, қалғандары өлтірілді немесе зорлық - зомбылық көрді. 1942 жылдың қысында эссерліктер 5000-ға тақау кеңес азаматтарын суға батырды. Ал, 1943 тұтқынға түскен 300 кеңес офицерін атып тастайды. Майденекте Освинецтегі сияқты тұтқындарды «Циклон - 5-пен» уландырды. Ал, 1942 жылы мәйіттерді жағу үшін тағы да 2 крематорий пеші салынды. Бірақ мәйіттердің көптігінен 1943 жылы гитлерліктер тағы да 5 қуатты крематорий пешін салады.
Тіпті арнайы осы пештерде жұмыс істейтін адамдарға арнайы курстар ұйымдастырылады. Әр пеште 12 адамнан жұмыс істеп, оларға сүйек сындыру машинасының қалай жұмыс жасайтынын, адамдардың күлін қалай жасырып, оның үстіне ағаш егу жөніндегі дәрістер оқылған. Мұндай курстар ұзақ уақыт бойы жұмыс жасап келген екен. Кеңес Одағына деген өшпендік оларды зондеркомандалар деп аталған арнайы, жауыз қанішерлерден құралған әскери – полиция бөлімін құруға итермеледі. Осының нәтижесінде, арнайы Мәскеуді алу кезінде мәскеуліктерді өлтіретін «Мәскеу» зондеркомандасы құрылды. Гитлерліктер орта есеппен күніне 500-ге тарта адам өлтіріп отырды. Ал, қолға түскен кеңес жауынгерлеріне жасалған жауыздықтың шегі болмады. Оған мысал, «Веребе» атты венгер елді-мекеніндегі оқиға. Гитлерліктер тұрғындарды ұстаханаға қамап, қинап, қабырғаларын сындырған, ұсталық құралдармен аяқ-қолдарын кескен, ең соңында балғамен бастарын жаншып өлтірген.
Жауыздығын сөзбен бітіре алмайтын неміс-фашистердің қылмыстарында басты орындардың бірін кеңес азаматтарын Германиядағы құлдық-крепостнойлық жұмысқа жұмсауы болып табылады. Фашистердің құлдық жүйені қайта енгізу туралы жоспары басып алынған елдердің аймағында қолданысқа енгізіле бастайды. Олар кеңес азаматтарын ауыр да азапты еңбекке салып, осы құлдық жүйені басқаратын аппаратқа дейін құрды. Олар жолдарында кездескен елді-мекендердің барлық халқын немесе еңбекке жарамды 15 жастан 60 жас аралығындағы азаматтарын жинап, Германияға құлдыққа жіберіп отырған. Кеңес азаматтарының жүйеленген фашис құлдығына түсуінен жүздеген елді-мекен, аймақтар бос қалады. Ал, Германияға айдап әкетілген жүз мыңдаған адамдарға фашистер каторгалық жұмыс жағдайын жасап, құлдықтың ең ауыр кезеңдерінен де асып түсті.
Адамдарды аттарымен атау жойылып, оларды нөмірлермен белгіледі. Ал шығыс халықтарын айыра білу үшін оларға арнайы танылатын белгілер берілді. Ал, кеңес азаматтары аштықта ұсталып, олардың сату – сатып алу процестерін ұйымдастырды. Сол кезде Германияда құл базарлары ашылып, 10-15 маркаға құл сатып алу мүмкіндігі берілді.
Өздерінің Кеңес Одағына деген жек көрушілігін халық пен мәдениетінен алған фашистер қаншама ғұмырды, мәдени мұраны, тарихтың жарқын үлгілерін құртып, жояды. Гитлерліктер Пушкин усадьбасын, Полотняный завод ауылындағы Пушкиннің музей-үйін тонап, жағып жіберген. Калугадағы атақты ғалым Циолковский өмір сүрген үйді басып алып, ғалым суретінен тир жасап, музейінің бір бөлмесін темекі тартатын орынға айналдырған. Гитлерліктер өздерінің жауыз әрекеттері негізінде жүріп өткен жерлеріндегі оқу орындарын, ғылыми-зерттеу орталықтарын, мұражайларды, мектептерді жермен жексен етіп отырады. Соның бірі Белоруссиядағы сирек кездесетін кітаптар мен құжаттар сақталған академия ғимараты еді.
Еуропа елдеріне толықтай «жаңа тәртіп» енгізбек болған Германия Италияның сенімді одақтасына айналды. Бұқаралық қамаулар, қинаулар, атулар - жеңіске ұмтылған фашистердің Еуропадағы шеруіне айналды. Жеңіліс тапқаннан кейін Германиядағы фашистер ұсталып, әскери трибуналға берілді. Әскери трибунал агрессивті бағытта жүргізілген соғысты қылмыстық акт ретінде танып, оны ұйымдастырушыларды қылмыстық жауапкершілікке тартты.
Национализм мен патриотизмге қарағанда, нацизм өзге ұлттарды жек көрушілігімен ерекшеленеді. Фашиз мен нацизм қаншалықты екі бөлек ұғым болғанымен, кеңес елдеріне деген өшпенділік оларды біріктірді. Соғыс кезінде, дәлірек айтсақ, 1941 жылы Тәуелсіз Елдердің Халықаралық Журналистер федерациясы құрылды. Ол баспасөз қызметкерлері фашизмге қарсы әрекет еткен демократтар қызметін біріктіруге бағытталды. Осы ұйым негізінде соғыстан кейінгі кезеңде журналистердің халықаралық демократиялық ұйым құру жоспарланды. Журналистердің халықаралық ұйымы (ЖХҰ) 1946 жылы 3-8 маусым аралығында өткен Копенгагендегі (Дания) журналистердің халықаралық конгресінде құрылды. Ол Журналистердің Халықаралық Федерациясы мен Тәуелсіз Мемлекеттердің Халықаралық Федерациясы дәстүрінің негізіндегі ұйым ретінде пайда болды.
ЖХҰ көп уақыт бойы ең үлкен халықаралық журналистік ұйым болды. 1970 жылы оның 150 мың мүшесі болды. Себебі, оның мүшелігіне 10 мыңнан астам КСРО-ның журналистер ұйымы қатысушылары, одақтық мемлекеттердің журналистер одағы мүшелері кірді. Ұйымның ООН мен ЭКОСОС және ЮНЕСКО-да кеңесшілік статусы болды. Сонымен қатар, 1983 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен «Журналистердің халықаралық кәсіби этикасының халықаралық ұстанымдарын» қабылдауға көп ықпал етті. ЖХҰ өзін демократиялық ұстанымдағы халықаралық ұйым деп жариялады. Сонымен қатар, саяси партияларға, мемлекетке тәуелсіз болып танылды. Іс жүзінде ол ақсүйектер қоғамы тарапынан қолдауға ие болды. 1989 жылға дейін баспасөз бостандығына байланысты, журналист құқығының бұзылуы сияқты мәселелердегі сыннан қашумен болды. ЖХҰ-ның беделінің артуына ұйымның құрылымы мен басқаруындағы демократияның болмауы кедергі болды. ЖХҰ-ның атқарушы комитетінің (Париж. 1990ж. қараша) шешімімен бұл жағдай «көп шешімге мүшелік ұйымдардың толық қатысуына кедергі болып, оның саясаты мен қызметіндегі деформацияға алып келді» [3,79-б]. 1990 жылдың басында КСРО-ның құлауына байланысты ЖХҰ-ның халықаралық журналистік ортадағы қызметі төмендей бастады. ЖХҰ-ның қызметінде журналистика саласында тарихи маңызы бар жұмыстар атқарылды. Азия, Африка, Латын Америкасындағы журналистер қызметін жақсарту, осы елдерге журналист кадрларын табумен айналысты [4,14-б].
ХХ ғасырдағы Еуропа баспасөзінің саяси-идеологиялық бағыты. Өткен ғасыр көп ірі саяси және қоғамдық өзгерістерге толы болды. Екінші дүниежүзілік соғыс өтті, тотолитарлық жүйе құлап, әлем картасында өзгерістер орын алды. Әсіресе ғасырдың алғашқы жартысында саяси және идеологиялық іс-әрекеттерге жол ашылды. Бұл оқиға саяси тенденциядағы журналистердің қызметін күшейтуге ықпал етті. Веймарлық республика қарсаңында Германиядағы көп газеттер белгілі бір саяси ұйым және партияның көзқарастарын қолдайтынын айтты. 1932 жылдан бастап шыққан 4700 газеттің 600-ден астамы Католиктер орталығының партиясын және Баварлық ұлттық партияны қолдаған. Өзінің баспа орталығы болғандықтан, ол 1931 жылы 174 газет пен ондаған журналдар шығарып отырды. Герман компартиясының басылымы көптігімен ерекшеленді. Күшті партиялық баспасөз Франция сияқты Еуропаның көп мемлекеттерінде орын алды.
Еуропалық баспасөз орталығы идеялық-саяси белгісі бойынша дифференцияланып, бірнеше топқа бөлінді.
1. Монархиялық баспасөз өзінің ұстанымын тек бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін ғана сақтады. Соның нәтижесінде монархиялық жүйелер республикалыққа ауысты.
2. Христиандық-клерикальды баспасөз қатарына «Osservatore Romano» («Римский обозреватель») ватикан газеті жатады.
3. Христиандық демократиялық баспасөз ақсүйектер партиясының тірегі. Олар христиандық демократияның идеологиялық ұстанымға негізделген. Қатарына «General Anzeiger» («Жалпылама хабаршы»), «Bayernkurier» («Баварский курьер») атты неміс газеттері және Итальяның «Popolo» («Халық») басылымы да кіреді.
4. Либералды басылым ХІХ ғасырдағы либералдардың саяси қозғалысы кезінде пайда болған. Мысалы, 1881 жылы негізі қаланған барселондық «La Vnguardia» («Авангард») газеті.
5. Социал-демократиялық басылымдар мүшелері социалистік интернационалдар партия органдары шығарған бұқаралық ақпарат құралдары.
6. Коммунистік басылым 1917 жылдан кейін құрылған компартиялар шығарған басылымдар. Социалистік және социал-демократиялық бағыттағы партия қанатынан тарап отырған.
7. Құқықтық-ұлттық мерзімді басылым шовинистік және соған жақын бағыттағы газет-журналдар. Мысалы, 1968 жылға дейін шығып отырған Франциядағы «Le Parisien Libere» газеті («Бостандық алған париждік»).
8. Фашистік және фашистік емес басылымдар – бұл бағыттағы басылымдарға ұлтшылдар билеген герман рейхтерінің мерзімді баспасөзі жақсы мысал бола алады.
9. «Экологиялық» партиялар мен қозғалыстар басылымдар бағыты шығып отырған мерзімді басылымдар жаңа ағымды құрайды. Себебі, қоршаған ортаны қорғауға байланысты партиялар мен ұйымдар тек 1970-1980 жылдары ғана пайда болған еді. Батыс Еуропа елдерінде «Экологиялық» ұйымдар парламент пен билікке таныстырылып отырды. Осындай қозғалыстардың ішіндегі ең ірісі германдықтардың «Жасылдар» ұйымы болып табылады. Өзінің аумағын арттыру үшін неміс экологтары 1979 жылы «Die grunen» («Жасылдар») атты газет шығаруды қолға алды. Алайда, дағдарыстың кесірінен Еуропа мемлекеттеріндегі «Жасылдар» басылымдарының таралымы көп болмады.
ХХ ғасырдың басында таблоидтарға анықтама беріле бастады. Оны көбі мерзімді басылымдарды оқуға уақыты жете бермейтін адамдарға арналған газет ретінде сипатталды. Алдымен баспагерлер газетті жазылу арқылы таратудан түбегейлі бас тартты. Олар көшедегі сатушылар арқылы таратуды мақсат етті. Көлемі кішкентай, жеңіл газетті трамвайда, метрода, барда оқу ыңғайлы болды. Таблоидтың көп бетті болғанына қарап оқырмандар газетке қарағанда көп ақпарат алуға болады деген қате пікірде жүрді. Газетте сонымен қатар, жарнама берушілерді қызықтырған хабарландыру жолдары да табылды. Таблоидтар қалың бұқараға бағытталған жарнама көзіне айналды. Алайда жарнама агенттіктері онда үлкен коммерциялық жарнама тарата алмады. Таблоидты шығару барысында дизайнерлер мен беттеушілер көп қиындықтарға тап болды. Себебі, оларға кішкентай көлемдегі парақтарды беттеуге тура келді. Нәтижесінде Англияға қайтып келген Хармсуорт таблоид форматындағы өзінің жаңа «London daily Mirror» атты газетін шығаруға кіріседі. Тағы бір танымал ағылшын тілді таблоидтық газет «Evening Graphic» болды. Нәтижесінде Англияға қайтып келген Хармсуорт таблоид форматындағы өзінің жаңа «London daily Mirror» атты газетін шығаруға кіріседі. Тағы бір танымал ағылшын тілді таблоидтық газет «Evening Graphic» болды.
Апталық жаңалықтар журналдары. Соғыстан кейінгі кезеңде Солтүстік Америка стиліндегі апталық иллюстрациялық жаңалықтар журналы Батыс Еуропа, Латын Америкасы және Азияда кең тарады. ФРГ-да 1947 жылы «Time» журналының үлгісімен «Der spiegel» («Айна») журналы қалыптасты. Ал келесі жылы Батыс Германиядағы журнал саласында «Guick» журналы шықты. Ол да америкалық журнал шығару жүйесіне негізделді. Италияда бұл әдіс журнал шығарушыларды шабыттандырып, олар «Expresso» және «Тempo» журналдарын шығара бастады.
Францияда «Time» және «Newsweek» журналдарының үлгісінде шығатын басылымдар көп кездесті. Апталық жаңалықтар журналының концепциясын алғаш болып «L Express» қабылдады. Ол журналды 1953 жылы Ж. Серван Шрейбер шығарған. Сонымен бірге «Le nouvel observauter» журналын шығарушы топты да осы бағытқа итермелеген жоғарыда аты аталған журнал еді. Бұл басылымды 1964 жылы Ж.Даниель шығарды. Ж.Даниель бұрын «L Express» журналында қызмет атқарған. 1970 жылдардың соңы мен 1980 жылдардың басында Испаниядағы демократиялық өзгерістер кезінде диктатор Франконың өлімінен кейін «Сambio» атты апталық журнал таныла бастады. Ол да Люсе мен Еуропалық зерттеушілер концепциясы негізінде шығарылған болатын. Еуропалық журналдардың Солтүстік Америкалық журналдармен типологиялық жағынан ұқсастығы ұлттық журналистика мектебінен шыққан журналистік қызметтер арқылы ғана ерекшеленді. Тарихи қалыптасқан Еуропалық журналистердің дәстүрі алдыңғы журналдарға тәуелді болудан сақтандырды.
Иллюстрациялық журналдар. 1970 жылға дейін журнал тарихы оқырман аудиториясын арттыру үшін күрес жүргізді. 1960 жылдың басында оның таралымы 6 миллион дана болды. 1946 жылдан бастап Парижде журналдың Еуропалық екі апталық шығарылымы тарады. Ал 1953 жылы «Life an Espanol» журналы шыға бастады. Ол латын-американдық оқырманға бағытталған шет тілінде шығатын алғашқы үлгісі болды.
Француз текстил фабриканты және баспагер Ж.Пруво 1938 жылы «Мatch» спорт апталығын сатып алады. Басылымның құрылымын қарап шыққан соң ол оны «Life» («Өмір») журналының үлгісімен апталық иллюстрациялық басылымға айналдырады. Соғысқа дейінгі кезеңде журнал таралымы 80 мыңнан 140 000 данаға дейін жетті. Ал соғыстан кейінгі кезеңде 1,5 миллионнан асып түсті. Ал 1960 жылы 1 800 000 данаға дейін ұлғайды. «Paris match» журналының беделі артып, АҚШ журналистерінің стилі мен жұмыс тәсілін пайдалануға әкелді.
Бұқаралық иллюстрациялық журналдардың дамуы фоторепортаж, фотоочерк сияқты жанрлардың дамуына cептігін тигізді. Олардың қатарында Р.Капа, М.Бурке-Уайт, А.Айзенштандт, Д.Д. Дункан (АҚШ), Ж.Картье-Брессон (Франция) болды. Бұқаралық журналдар тенденциясы жарнама бизнесімен тығыз байланысты болды. Жарнамалық технологиялардың дамуымен жарнама берушілер нақты бір ортаға бағытталған журналдарға көшті. Себебі, жалпы халыққа таратқаннан гөрі белгілі бір адамдар тобына арналған жарнама беру олар үшін тиімді болды. 1970 жылдардың басында бұқаралық иллюстрациялық журналдардың дағдарысы басталды. Осы кездері «Life» («Өмір») журналының аналогымен шығып отырған Еуропалық журналдар осындай қиыншылықтарға тап болды. Соның ішінде француздардың «Париж матч» журналы да бар. 1973 жылы таралымы 645 304 данаға дейін төмендеген. Үш жылдан кейін журнал қатты дағдарысқа ұшырап, Д.Филлиппачидің меншігіне айналады. Ол журналдың концепциясын өзгертіп, саяси ақпаратты таратуға баса назар аударады. Алайда «Париж матчтың» жақсы жағы да сақталадығ яғни, нөмірдің фоторепортажы үнемі шығып отырды. Журнал таралымын миллион данаға дейін көтеруге қол жеткізді.
Баспасөздегі жарнама. Германиялық көрсеткіш бойынша баспасөздегі жарнама 1/3-ке ие болған. 1990 жылдың екінші жартысында Еуропаның ірі қалалары газеттерді оқырманның көмегінсіз-ақ қаржыландырып отыратын жоғарғы көрсеткішке жетті. Бұл әңгіме барысы ақпараттық-жарнамалық газет болмысына байланысты. Метро, вокзал, поеъзд сынды халықтың көп көп жүретін орталықтарында ақпараттық-жарнамалық газеттер ақысыз таратылды. Аталмыш басылымдар дәстүрлі газеттер топтамасымен бәсекелесе түсті. Жарнамалық хабарландырулар легіне толы газет дүйім жұртты жарнамамен қамтамасыз етті. Ақысыз газет басқармасы бұл газеттің ақылы басылымдарға еш кері әсерін тигізбейтіндігі мен бәсекелестік қауіпінің жоқтығын алға тартты. 1995 жылы Стокгольмде «Metro» газеті тарала бастады, ол қалалық қоғамдық көліктердің жұмыс кестесін жариялап отырды. Күнделікті ақысыз таралатын газет қала тұрғындарының қоғамдық көлікте газет оқып үлгірулеріне қолайлы болды. Аз уақыт ішінде таныла түскен газет сондай-ақ қосалқы жарнамалық хабарландыру легінде ұсынды. «Metro» газеті Швецияның ірі қалаларында кеңінен таралды. Кейбір шет елдерде «Metro» атауымен емес, «20 минут» деген атпен де шығып отырды. Нью-Йорктің станциялары мен аялдамаларында «Express», Филадельфияда – «Metro» сынды ақысыз газет-журналдар елді қамтамасыз еткен. Ал Ұлыбританияда үлкен жетістікке жеткен коммерциялық ақысыз газет - «Metro», «Evening Standard». Германияда ақысыз газеттердің шығу тарихы 1998 жылдан бастау алған.
Мерзімді басылымдар дағдарысы мен мемлекеттің баспасөзді қолдауы. Электрондық БАҚ-тың бәсекелесуі коммерциялық журналистиканың кең ауқымға бет бұруы дағдарысқа соқтырды. Соғыстан кейін АҚШ пен Батыс Еуропа баспасөзінде дағдарыс етек алды. Дағдарыстан әсіресе опық жеген күнделікті газеттер топтамасы еді. 1960 жылы АҚШ-да күнделікті газеттер таралымы жарнаманың көп қаражат көзіне ие болуына қарамастан қысқартылды. Басылымның дәстүрлі ордасына айналған Еуропа мемлекеттерінің бірі Германия да дағдарысқа шалдықты. Ұлыбритания өзінің дәстүрлі газет жұмысымен белсенді болғанымен, соңғы он жыл ішінде газетке сұраныс төмендей бастады. Британдық жастардың көпшілігі газет оқуға әуес емес, бір сөзбен айтқанда оны қажет етпейді екен. Кейбір Оңтүстік Еуропа мемлекеттерінің жартыға жуық көрсеткіші яғни аға буын өкілдері тіптен газет оқудан бас тартқан көрінеді. Манилада 28 күнделікті газет, Варшавада 14, Лагоста 12 газет шығып, елге таралып отырған.
1930 жылы Англияның 500-ге жуық қалаларында бәсекеге қабілетті газеттер шығып отырса керек. Жарты ғасырдан соң аталмыш елде бір ғана газет қалды. Журнал нарығының өсуі бір жағынан салалық типтегі журнал санының күрт өсуіне әкелсе, екінші жағынан көп таралымды журнал редакциясының жабылуына, кей кезде таралым ауқымының қысқаруына соқтырды. Ерекше айта кететін жайт, саяси партиялардың сол кезеңде дағдарысқа ұшырауы еді. Сондай-ақ, саяси ой мен идеялар науқанын жүзеге асыру барысында коммерциялық БАҚ-пен бәсекелестік жайдайы туып жатты.
Еуропа елдерінің партиялық баспасөз орталығын дағдарыс жайлай түсті. Соғыстан кейінгі сәтте телеорталықтар мен коммерциялық БАҚ арасындағы бәсекелестік салдарынан, еуропалық баспа орталықтарының құлдырауы мен саяси партиялық органдардың жойылуына әкелді. Германияда 100-ге жуық көп таралымды партиялық газеттер жабылып, 1990 жылы тек күнделікті «News Deutshland» газетін Социалистік демократиялық партияның жетекшісі сақтап қалды. Таралымы бұрынғыға қарағанда әлдеқайда қысқарды. Өзге партиялар баспасөз орталықтары мен басылымдарын еш сақтай алмады. Социалистік демократиялық партия өткен дәуірінде ондаған күнделікті және апталық газеттерін 1960-1980 жылдары жабуға немесе сатуға мәжбүр болды. Алдыңғы қатарды иеленген аталмыш саяси партия негізгі баспа орталығы мен басты апталық «Vorwarts» («Вперед») газетін сақтап қала алмады. Газет 1989 жылы ақысыз айлық бюллетеньге айналып, Социалистік демократиялық партия мүшелеріне қызмет көрсетті. Ірі германдық христиандық-демократиялық партиясына арнап бюллетеньдер шығарып, аз таралыммен шықты. Германия Республикасы Үкіметінің тапсырысымен жасалған зерттеулер нәтижесіне сүйенсек, азаматтардың 60 пайызға жуығын саясат қызықтырмайтын көрінеді. Яғни олар саяси партия тұсында шығатын газет-журналдарды қарамайды. Саяси баспасөз орталығының жазған ақпарат көздері тек жас неміс буындарын қызықтырса керек. 40 жастан асқан жоғарғы буын өкілдерінің 50 пайызын саяси бағыттағы «Ресей мен Германияның БАҚ-тағы жаңа технологиялары және оның дамуы» («Новые технологии и развития СМИ в России и Германии») атты күнделікті газет қызықтыратын көрінеді [6,139-б].
1990 жылдары Батыс Еуропа жұртшылығын көбіне қоғамдық және саяси мәселелер толғандырған. Қазіргі оқырманның көп бөлігі нақты Еуропада коммерциялық баспа орталықтарынан шығатын басылымдарға әуес. Партиялық емес басылымдағы мәліметте шынайы болмысты кезіктіруге болады деп есептеп, соған сенім артады. Баспа орталықтарындағы саяси журналдар ғана емес, ХХ ғасыр аяғында көптеген газет-журналдар мен телеорталықтарға дағдарыс әсер етпей қоймады. Мәселен, жарнама базасынан айырылуы, коммерциялық емес немесе табыссыз басылымдар көп азаматтарды қоғамдық маңызды жаңалық көздерінен айырды, ішкі және сыртқы саясат, орталық және жергілікті билік органдарының жұмыс барысы жайлы жазатын басылымдардың ғұмыры ұзаққа бармады. Жалпы бұл кездегі саяси-қоғамдық өзгерістер ел азаматтарын қоғамдық-саяси ортадан алшақтата түсті. Саяси және өзге де табыссыз баспа орталықтарының жойылуы журналистиканың «төртінші билік» немесе «идея нарығы» атты демократиялық-қоғамдық бағадан таюына әкелді. 1978 жылы Еуропаның Парламенттік Кеңестер Ассамблеясының ұйғарымымен, мемлекет үшін газеттерді қолдау қажет деп тапты. Өзекті мәселенің шешім табуы, мемлекеттік саясат, баспасөз қызметі мен баспа, почта-телеграфтық қызмет, салық жүйесі сынды мәселелерді де қаржыландыру қажеттігін ескерді. Мәселен, Финляндия мемлекеті 1960 жылдан бері БАҚ-ты қаржыландыру ісін өз мойнына алуы, бүгінде шығатын басылымдарының көп таралымға ие болуы мен аудитория санының ұлғаюына қол жеткізді.
Еуропалық мемлекеттердің көпшілігі барлық күнделікті газеттерді өздері қаржыландыруда. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде Швеция екі бірдей ірі саяси газеттерін сақтап қалды. Олар: Социалистік-демократиялық бағыттағы «Arbetet» («Труд») газеті 1887 жылдан бері шығуда, екіншісі, «Svenska Pagbladet» («Шведтің күнделікті газеті») 1884 жылдан бастап елге қызмет етеді. Еуропаның кейбір мемлекеттерінде баспасөзге қатысты арнайы бағдарлама жобасы бар. Бұл бағдарлама қаржы тапшылығына шалдыққан немесе дағдарысқа ұшыраған басылымдарға жәрдем беріп, қамқорлығына алады. 1974 жылы Голландияда «Баспасөз қоры орталығы» құрылды, мақсаты қаржы тапшылығына ұшыраған газет-журналдар мен жаңадан шыға бастаған басылымдарға қолдау көрсетуді жүзеге асырады. Сондай-ақ, кейбір Еуропа мемлекеттерінде күнделікті газеттер үшін қаржылық жеңілдіктер қарастырылған. Мемлекеттік қаржылық көмек жалпы БАҚ-тың саяси бағыты мен тыңғылықты жаңа идеяларды ұсынып, соны жүзеге асыруына, редакциялардың еркіндігіне жол ашады екен.
Достарыңызбен бөлісу: |